Ғабит Мүсірепов. Екінші Би-Аға

Бөлісу:

10.02.2019 7044

Дала жолы қатар жылжыған үш жыландай ирелеңдеп, екі жағына кезек ойысып отыратыны шоферімізге қатты ұнамай келеді. Кейде машинаның оң доңғалағын, кейде сол доңғалағын жол табанынан шығарып алады да:

- Осындай жарықшақ борбастың ортасымен жол салады екен! – деп әлдекімдерге ұрсып қояды. Осы жолды салған түйенің қаңқайған басын, аттың құлағын боқтап келеді. Өз ауданының жерімен келе жатқанымызда еріндері көп жыбырламайтын сияқты еді, көрші ауданның жеріне шыққалы үдетіп кетті. Сонымен бірге Дайырбек әдепті жігіт. Оның боқтау айтып келе жатқанын сөз аяғын ысылдатып тоқтағанынан ғана аңғарасың. Ара-тұра ол әдептілігін ұмытып та кетеді.

Боқтап жібереді де, қипалақтап, атақты аға жазушы Бейімбетке жалт етіп қалады.

Жеңіл машинаның брезент төбесін тесердей торсылдатып бұршақты жаңбыр құйып жіберді. Үлкендігі жидектей ірі бұршақтар жерге қыры сынбай келіп түсіп жатыр. Қалың қара бұлт төбемізден төніп бір алды да, жер бетін бұршағымен, найзағайымен атқылай бастады. Аспан жарылып кетердей гүрсілдейді.

- Мылтығыңды тығып қойшы, – деді маған Бейімбет. Қорқып отырғанын жасырғысы келіп, жұмсақ айтты.

- Мен мылтықты жаңа ғана жол-жөнекей атып алған екі дуадақтың астына тықтым.

- Тұмсығын өз жағыңа қаратып тық...

Би-ағаң бірдемеден қорыққанда қалжың айтуға болмай қалатын. Мен өз жағыма қаратып салған мылтықтың тұмсығын көрсеттім.

- Дуадақтың қанаттарымен қымтап таста... Машина дегеннің үсті-басы темір екенін мен Би-ағаңа бұл жерде айта алмай, кешке қалдырдым...

Осынша шексіз-шетсіз қазақ даласын жауып тұруға тым үлкен аспан керек. Біздің аспан керіле-керіле қарны жұқарып өнімді бұлт жинай алмайды. Сондықтан, әлдеқайдан адасып келген бұршақты жаңбыр тарсылдатып, гүрсілдетіп тез өтіп кетті. Әлде қай қабатында үйіріліп қалған дөңбек тастарын олай да бұлай дүмбірлетіп-домалатып жер бетіне құлатып жібергендей болып аспан да тынды. Бір бүйір ойыса берген қара бұлттың батыс жақ етегін шұрық-шұрық тесіп күн кірпіктері көріне бастады. Борбас даланың саз балшығы машина доңғалақтарына асыла жабысып, кесек-кесегімен былш-былш құлайды. Екі-үш күннен бері қырынбаған қара ауыз шофердің еріндері қатты жымырылып, тістерінің арасынан ысылдаған дыбыс шығады. Боқтап келеді. Бір олай, бір бұлай жұлқынған машинамен де алысып келеді.

Тегі Дайырбек шофер боқтампаз жігіт. Таңертең тап осы машинаның доңғалақтарын кезек-кезек тепкілеп боқтап жүргенін көргемін. Ол өзі машинаға ауысқалы да көп болмаса керек. Машинаны малша боқтайды: құлағынан бастап боқтап, «арам қатқырлап» қояды.

- Былтыр ғана бәрі жақсы атқа таласып жүруші еді, енді бәрі осы машинаға жармасады! – деп аудан басшыларының да сыбағасын беріп жүр екен. – Күзгі лайсаңға бір жетейік, содан кейін немді мінер екенсіздер...

Машинамыз борбасқа біресе алқымынан тіреліп, біресе тойтаңдап тулап, сазды қопарып, жолға көлденеңдеп тұрып қалады. Қақалып-шашалып, ырылдап-қырылдап қояды.

- Шаршадың-ау, жігіт! – деді Бейімбет.

Сол-ақ мұң екен, шоферіміз жарылып кетті:

- Алдыңғы күні күн бойы земотделмен жүрдім. Кеше райисполкоммен, бүгін міне, сіздермен. Түнде оралып ауданға жетіп, райкомды обкомға алып жөнелем. Пленум... Ауданымызда жалғыз жеңіл машина осы. Бәрі осыған мінгеседі. Мyның да ұлтаны қарамай тіккен қағаздай жып-жылтыр. Өзгесі емес-ау, үшеуінің үш помощнигі бар, солардың қылығы батады. Сен қалжырап қайтасың, олар сені шақырып алады да түстерін сазартып: – «Таңертеңгі алтыға!» – дейді, өңкей бір қу аяқ...

- Сонау көрінген бұлыңғыр белеске дейін бір боқтамасаң бір коробка «Сафо» темекісін сыйлаймын, – дедім шоферге.

- Ол белеске жетсек өзім де боқтамаймын. Арғы жағы құмайт, – деді ол.

Темекіні алып қасына қойды.

Жалпақтығы он бес шақырымдай борбастан екі сағатта әрең өттік. Ар жағы құмайт, бетегелі дала екен. Жаңбыр бұл тұсқа соқпай өтіпті. Машина жабысқан балшықты тез-тез лақтырып, зырылдап кетті.

Күн еңкейіп көкжиекке жақындай берді. Жайдары жатқан көк дала кешкі күнге кеудесін тосып еркелей керіледі. Боз торғайлар ұясының үстінде қалықтап, шексіз даланы толтыра тыныштық әнін салады. Бір-ақ ән, бір-ақ тілек, мөлдір таза сұлұ ән... Жайдары кештің, жайдары даланың әні.

Көлденең жатқан, бір саяңда кеудесіне дейін ғана қылтиған адам көрінді. Борбастан құтылған соy шофер машинаны орғытып-жүйткітіп қатты айдап келе жатқан. Саяңға тез келіп қалдық. Әлгі адам енді түгел көрінді: жеңіл машинаның иығына шығып алып, бензин құятын өңешіне шүмектетіп тұр екен. Біздің шофер қарқылдап күле бастады:

- Ойбай, мынау келе жатқан аудандарыңның райисполкомы!.. Бензині таусылып, сайдан шыға алмай қалыпты... Сол, сол!..

Райисполком қапыл-құпыл түймеленіп машинадан секіріп түсті. Күнге күйген қара торы жігіт ұялғаннан күреңқызылданып кетіпті. Бізге жақындап келіп Бейімбетке қолын созды да тез тартып алды.

- Сіздердің келе жатқандарыңызды естіп... асығып келе жатсам... бензині құрғырдың таусылып қалғаны...

Біз машинадан түсіп амандастық. Аты Бекіш екен. Біз одан келе жатқан ауданымыздың жайын сұраймыз, ол айналақтап өзінің жаңағы халіне орала береді:

- Аудан орталығына дейін отыз-ақ шақырым... бензині құрғырдың таусыла қалғаны ғой. Амал бар ма, әуелі шоферім, содан соң өзім...

- Дайырбек Бекіштің машинасына бензин ауысты да кейін қайтты. Біз Бекіштің машинасына ауыстық...

Шолақөзек ауданының орталығына іңір қараyғысында келдік. Орталық дегендері – өзен бойын өрлей орналасқан елу-алпыс үйлі ауыл сияқты. Бірінің сырты сары балшықпен сыланған, бірі сыланбаған қарақыртыс балшық үйлер бар салмағымен жерге батып бара жатқан сияқты. Машина жарығы үй төбелерінде үрпиіп өскен емен мен жусанды жұлып-жұлып өтеді. Әр үйдің қасында жатқан қой-ешкінің көздері көгере жарқырайды. Өзен толы ордалы көлбақа болса керек. Солардың у-шуынан түнгі ауыл бүлк-бүлк ететін сияқтанады.

Ауылдың орта тұсында екі ағаш үй – райком мен райисполком екені танылады. Осы екі үйдің арасында төрт-бес адам тұр екен. Бекіш машинадан тез түсіп, солармен аз күңкілдесті де бізге келіп:

- Кеттік... қонақ үй әзір екен... – деді. – Аудан болғалы әлі жылға толған жоқ.

Өз үйлеріміз әзір онша жайлы емес...

- Қонақ үйіңіз қайсы? – деп шофер күңк етіп қалды. Даусында дүдәмалы бар. Бекіштің тізесі шофердің тізесін қатты нұқып калды. Біздің тізелеріміз де түртісіп қалды. Бекіш оны бастырмалатып:

- Тарта бер, тарта бер... Қарағайдың аржағындағы қонақ үй... – деді. Бір салт атты жігіт алдымызға түсіп шоқыта жөнелді. Машина жарығы әр үйдің алдында іш дәрет алып отырған кемпір-шалдарды түгелдей кетіп барады.

Ауыл иттері бізге ерекше «құрмет» көрсетіп, едәуір жерге шығарып салды. Жіңішке жол бір сайдың бойын азғана қуалап барып, қарсы жақтағы қабаққа көтеріле берді. Машина жарығы найза сабағындай тіп-тік тығыз өскен күнбағысты сыдыра көрсетіп келеді. Сабақтары сояудай ұзын, қалпақтары жез түймедей ғана елестейді.

- Қарағай дегеніңіз мыналар емес пе? – деді Бейімбет.

- Е, естіп келеді екенсіздер ғой! Осы екені рас еді... Ант ұрғанды қоп-қою қылып-ақ егіп едік... сорайды да кетті... Көрші аудандар бізді қарағай егіпті деп мазақтайтын болды. Енді өзіміз де соған үйреніп кеттік, – деді Бекіш. – Тегі, келер жылы пыржымайт қылатын шығармыз...

Қонақ үй он метрдей ұзын коридорлы, есіктері коридорға шығатын екі бөлмелі, бір шоланды, тап-таза ағаш үй екен. Коридорда тек қағазбен жапқан ұзын стол... бауырсақ, май, қант, қызғылт-сарғылт мампасие... Жұқалап туралған бауыр, бауыр үстінде құйрық... Төр жақта қырық ру орындықтар, төменгі жақта тақтай скамейкалар. Стол астында жәшіктер. Столды айнала қатарланған аудан басшылары... Бәрі де әйелдерімен келіпті: күрең барқыт, көкшіл барқыт, қына сары барқыт, қызыл барқыт, қара барқыт. Семіз саусақтар, арық саусақтар... самауыр... Қыпша бел жас келіншектер.

- Ауданның орталығын осы қыраңға көшіретін болып, әуелі қонақ үй салудан бастадық, – деді Бекіш. – Өздеріңіздей қонақ келгенде қысылып қалатын болдық та сөйттік...

- Қазір тіпті жақсы болды. Ал енді, қонақтардың денсаулығына деп алып жіберейік.

Сүргіп қонақасы ұзаққа созылды... Қол алыстық та, қол жуыстық. Содан бері стол қасындамыз. Қырлы стақандар кемерінен келеді де тyрады. Осы кеште айтылған тілектердің оннан бірі орындалса, бұл аудан келер жылы-ақ, озықтардың озығы болмақ. Бейімбет – Толстой болмақ, мен – Горький...

Түн ортасы ауғаннан көп кейін ауытқи жүріп, бұлғалаңдай жүріп, тәлтіректеп келіп бөлмемізге кірдік. Жіңішке темір төсек біресе алыстап, біресе жақындап қояды. Көйлек түймелері біресе ағытылып, біресе қайта салынып қалады. Бөлме аздап ауытқып қоятын әдеті бар сияқты... Төсекке қалай құлағаным есімде жоқ, бір алыстап, бір жақындап жүргенде асыла кеткен болуым керек...

Біреу терезені қатты тақылдатып тұр, енді біреу сыртқы есікті зіркілдетеді. Манағы кезде сыртта зіркілдеген бірдеме бар еді, ол тоқтаған, шам сөнген. Үй іші қап-қараyғы.

- Өліп қалдыңдар ма? Ашыңдар! – дейді терезеден ашынған бір дауыс.

- Шырақтарым, ашпасаңдар болмай қалды... ашыңдар! – деп есіктегі дауыс қылқылдап тұр. Екеуі де мосқал адамның даусы. Терезе қаққан адамнан: «Кім керек? Не керек?» – деп сұрадым.

- Әлгі доғдыр қыз керек... Мына бір келін босанып қалайын деп отыр. Соны алып келдім.

- Бұл қонақ үй ғой, ақсақал. Әйелдер босанатын үйді анау орталықтан іздеңіз... – дедім.

- Шырағым, тәлкекті қой енді! Терезеңді биенің бір сауымы қағып тұрмын... Доғдыр қызбен жатқан болсаң, бір мезет босата тұр... кейін қайта жатарсыңдар! Қыздың өзін шақыршы бері, өзін!

Шалдың тілі удай екен... Ұйқы ашылып кетті. Мастық та бітті.

- Бұл не айтып тұр? Қайдағы қыз? – деп Бейімбет өз бөлмесінен шығып, менің қасыма келді. Байқаймын, Би-ағаңның дауысында да менің бөлмемде қыз бар-ау деген дүдәмал бар...

Есікті қағып тyрған адам:

- Шырақтарым, мен күзетшімін... Есікті ашыңдаршы, түсіндірейін, – деді. Мен есікті аштым. Күзетші ақсақал шал шоланды ашып, бірдеме алды да, – Сіріңке тұтатшы, шырағым, – деді.

Білтелі шамды тұтатып, ойран-ботқа болған ұзын столдың үстіне қойды да, күзетші бізге тура қарап: Шырақтарым, ұят та болса айтайын, бұл қонақ үй емес, әйелдер босанатын үй еді... Сіздер келе жатыр деген соң, бос онымызды қостамапты, – деді.

- Құдай абырой бермейін дегенде өстеді ғой. Үш күн бос тyрып ең, бүгін мына бір қатынның толғағы келе қалғанын қайтерсің!..

Терезе қаққан шал да үйге сөйлей кіріп келеді:

- Енді доғдыр қызымның да жұмысы бітті осымен! Шаң жұқтырмай жүруші еді, батпақтаған екен ғой белшесінен!.. - Шал былығып жатқан стол үстін көріп, тіпті құтырып кетті. - Пәле, құлама да сұлама болған екен ғой. Сен әлгі политоделіміз емес пе ең? – деп аяғында шал маған тап берді.

- Жетіседі екенбіз, доғдыр қыздан бастасаң!

Бір шалды бір шал әрең тоқтатып, шала-шарпы сеніскендей болдық.

- Е, мейілдерің... қызды мен қайтейін! Ана толғатып келген қатынды түсіріп алыңдар! – деді де шал шығып кетті.

Күзетші шалдың бір аяғында күпшектей ағаш... бір қолтығында балдақ...

- Мына бір кенеп теңге салып көтеріп әкеліңдер.

- Менде қайран жоқ, – деп күзетші бізге әлдеқайдан ағашқа керген кенеп көтерме тауып берді.

- Бірің арқасынан, бірің тақымынан көтеріңдер! – деп әдеттенген ақылын айтты. Ағаш күпшектің темір өкшесі баспалдақты бір-екі нұқып қалды да тынды.

Әйел әрі аяншақ, әрі ұялшақ екен. Арқасынан алсаң да ойбай салады, аяғынан алсаң да ойбай салады:

- Қолтығыма неге апарасың қолыңды? – дейді.

Бейімбет екеуміз әрең дегенде әйелді көтеріп, мен жатқан бөлмеге әкелдік... Төсекке жатқыза алмадық. Көнбеді. Матрацты еденге төсеп, ақ жайманы жайып, байғyс әйелді жатқыздық-ау, әйтеуір.

Бейімбет екі шалға барып:

- Ал, доктор әйелді қайсың шақырарсыңдар екен? – деді. Күзетші шал:

- Мен ауылға барып қайтқанша таң атып, күн батады. Доғдыр кыздың қайда тұратынын да білмеймін, – деді.

Толғатқан әйелді әкелген шал жайдақ тарантасқа жеккен өгізін бұра беріп:

- Мен бұл орталықтың өздеріңнен басқа бір итін де білмеймін, – деді де кете барды.– Әкелдім, тапсырдым. Райком алдында сендер жауапты!

- Жақынырақ жерде тұратын ешкімің жоқ па? – дейді Бейімбет күзетші шалға.

- Жоқ, шырағым... Нәнке қатын үш күнге босанып, бригадқа кетті...

- Онда енді доктор қыздарың келгенше әйелдің қасында сіз бола тұрарсыз.

- Жоқ, шырағым... Маңына жолаған жұмысым емес.

Екі жазушы, бір ақсақ шал далада жүрміз. Үйде ауыр толғатып әйел жатыр. Жазу-сызуымызда «Әйел – ана, бар құрметті анаға көрсетейік!» – деп шын жүректен жазатынбыз. Енді сол ананың қасына бара алмай тyрмыз. Әйел «Доғдыр, доғдыр!» – деп айқай салды. Даусы ышқынып шығады. Бейімбет маған, мен Бейімбетке қарап қалдық.

- Сен Горькийдің әңгімесін аударып едің ғой. Есіңде бірдеме қалған шығар, баршы! – деді Бейімбет.

Әйел тағы да бір айғайлап калғанда мен жүгіріп қасына бардым. Әйел шалқасынан жатыр. Басы жастықтан түсіп кеткен. Үсті-басын жұлмалап, әлденені тістелеп жатқандай.

- Жақын ба? – дедім әйелге.

- Басымды көтерші.

- Би-аға, шамды бері әкел!

- Әкелме, керегі жоқ.

- Жақын ба?

- Мен қайдан білейін.

Шамды қалқалай yстап жақындай берген Бейімбетке:

- Жылы су әзірлетіп қоярсың, – дедім. Ол стол үстінде тұрған самаурынға қарады.

- Қазір...

Әйел алас ұрады. Жұлынып жатыр. Meн әйелдің бас жағына келіп, арқамды қабырғаға тірей, аша бұттанып отырдым да, әйелді өзіме қарай тартып, арқасын кеудеме сүйедім. Қолдарын уқалап, кеудесін сипап, бет-аузын сүрттім. Әйел менің шынашағымды тістеп алды, мен оны жақтан тартып жібердім. Бір әңгімесінде Горький сөйткен сияқты еді.

- Құдай, құдай, кімнің ғана қолына түсірдің? Абыройымды кімге ашқызайын деп тұрсың, құдай! Ал, өйткенше, өзіy ал!

Әйелге бір-екі рет жылы сөз айттым. Ақылды сөз менің аузыма да түсе қойған жоқ, ақылды алар әйелде де жай жоқ. Бұл бір әйел біткеннің еркектен безінер сәті. Әйел оны тілімен айтып жеткізе алмайды. Үнімен, бар денесінің бұралып-үзіліп жатқан зарымен айтады екен.

Әйелді өзіме тарта түсіп, ішін аздап төмен қарай қысыңқырай түсіп қоямын.

Мен оған:

- Жақын ба? – деймін. Ол маған:

- Кет, жібер! – дейді. Бейімбет есікке жақындап келіп:

- Болды ма? – деді. Күзетші шал әйелдің жанталасын естігісі келмей, алысқа кетіп бірдемені ыңылдап отыр.

- Әйел шыңғырып жіберді де ышқынып қалды. Құшағымды керіп отырған әйелдің іші де босай берді.

- Бері кел, Бейімбет, кіндігін кес!..

Ақ жайманы жыртып жіберіп, баланың кіндігін байладық.

- Самауырында бір-ақ кесе су қалыпты, – деді Бейімбет.

- Қымыз қалды ма екен?

- Бір шелек толып тұр!

Горький жаңа туған баланы теңіздің тұзды суына шомылдырды ғой, біз қымызға шомылдырдық. Бала жаңа дүниеге келгенін сезініп баж етіп қалды. Сол екі арада қалғып кетіп, сyлық жатқан ана:

- Ойбай, баланы өзіме беріңдерші!–деді.

- Балаңды ешкім жемейді сенің! Әуелі өзің жуынып ал! – дедім. Манадан бері мен оны бір-екі рет ұрсып алғамын. Бұл жолы да зекіп айттым. – Үсті-басың тер... Жуынып, тазаланып алмай баланы емізуге болмайды!

- Манадан бері білмей жатсам, сіз доғдыр екенсіз ғой...

- Иә доғдырмын.

- Жаңадан келгенсіз ғой?..

- Иә, кеше келдім.

Таң алакөлеңке, құланиектеніп келеді. Бейімбет баланы орап-шымқап, көтеріп алып далада жүр. Бала бажылдап қояды. Мен үй тасасында әйелді қымызға шомылдырдым.

- Қымыз иісі келе ме, немене? – деді әйел. – Обал-ай...

- Үндеме шомыла бер... Қымызды әдейі қостым.

- Бригадта жүріп жалғыз көйлекпен келіп едім... – деді әйел сүртініп жатып.

- Үндеме, табылады.

- Мынауыңыз еркектің киімі ғой.

- Сөзді қой, киіп ал. Еркекке де жарайды, әйелге де жарайды. Пижама!

Орысша айтылған сөзге әйел қарсылық көрсете алмады. Киіне бастады. Енді әйелді Бейімбеттің төсегіне жатқызып, баласын қасына салып бердік.

- Атын кім қойсам екен? Доғдыр қойсам ба екен? – дейді әйел.

- Би-аға деп қой, – дедім мен.

Әрі би, әрі аға деген ат әйелге қатты ұнаса керек. «Айналайын, күнім, Биағам» деп, баласын бауырына қыса түсіп жатып, әйел қалғып кетті. Бар бейнеті ұмытылған. Жадыраған жүзіне ана сұлулығы, ана бақыты шыға келіпті... Мұндай мейірімді сұлұлық ана жүзіне ғана шыға алса керек... Жүзіне осындай мейірім шыға келгенде ғана ана сұлұлығы танылса керек...

Сөйтіп, екінші Би-аға дүниеге осылай келді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар