Сәлкен Балаубаевтан қалған жалғыз аударма
Бөлісу:
1928-1941 жылдары латын графикалы жазу үлгісін қолданғанымызды білесіздер. Және сол жылдары қазақ ғылымы мен әдебиеті шарықтап, даму үрдісі үдей түскен. Көптеген ауыз әдебиеті үлгілері жер-жерлерден жиналып, кітап болып оқырманға жол тартып жатты. Бұл салада шет ел әдебиеті де қазақша сөйлеуден кенде қалмады. Әсіресе Еуропадан келген балалар әдебиеті тікелей қазақ тіліне аударылып отырды. Солардың қатарында Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкен оқиғалары», Виктор Гюгоның «Гаврошы», Распенің «Мюнхаузеннің басынан кешкен қалдері» тағысын-тағы еңбектер балалар әдебиетіндегі баға жетпес туындылар ретінде қолымызға тиді.
Осы орайда баса мән беретін бір нәрсе – сол замандағы тәржімандар әлгіндей туындыларды ағылшын, француз немесе неміс тілінен тікелей қазақшаға аударған еді.
Сондай еңбектердің бірі – Эрих Рудольф Распенің «Мюнхаузеннің басынан кешкен қалдері». Кітап 1935 жылы Алматыдағы Қазақстан көркем әдебиет басыпасынан шыққан. Және балаларға ыңғайлап қайта жазылған нұсқасы. Осынау қиял-ғажайып туындыны қазақ тілінде сөйлеткен адам Сәлкен Балаубаев. Кітаптың көркем суреттері Густав Дорэнікі. Бірақ аудармашы жайлы кітапта Салкен деген ғана ақпарат бар, сойы Балаубаев екендігі турасында бірде-бір мәлімет берілмеген. Өйткені аудармашы сол жылдары «халық жауы» деген жаламен айдауда жүрген болатын. Ал еңбектерін жойып жіберген. Ал ғайыптан тайып аман қалған «Мюнхаузеннің басынан кешкен қалдері» біз үшін Сәлкен Балаубаевтан қалған теңдессіз мұра.
Сәлкен Балаубаев – қазақтың әйгілі ғалымы, Орта Азия мемлекеттік университетінің түлегі. Ұлттық педагогика мен психологияны дамытуға үлкен үлес қосқан, латын әліпбиіне негізделген қазақ грамматикасын дамытуға қатысқан адам. Қазақ тілінде психология және педагогика бойынша оқулықтар жазған. Сондай-ақ, аудармамен айналысып, өлең жазған.
Салкен Балаубаевтың тағдыры өте ауыр. 1937 жылдың қараша айында Оның ғылыми-педагогикалық қызметі күтпеген жерден күрт үзіледі. Өйткені «Алаш» партиясының мүшесі деген айыппен 20 жылға сотталып кете барады.
Сәлкен Балаубаевтың артында қалған жалғыз аудармасы қазір Ұлттық академиялық кітапхана қорында сақтаулы.
Мөлдір БАЙМАХАНБЕТОВА
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы
«Кітап» мұражайының жетекшісі
Бөлісу: