Сәкен Сейфуллиннің Ыбырай Алтынсарыұлы турасындағы жазбасы
Бөлісу:
Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Кітап мұражайында» тарих пен әдебиет, мәдениет пен өнер т.б. салаларға қатысты, өткен замандардан сыр шертер қолжазбалар мен сирек кітаптар мол жинақталған. Солардың бірі – Алтынсары ұлы Ыбырайдың «Өлеңдер жинағы». Жинақ 1935 жылы Алматыда, Қазақстан көркем әдебиет баспасынан шыққан. Латын графикасында берілген. Жинап баспаға дайындаған: Сәкен Сейфуллин. Жауапты редакторы Н. Нұрғожин, корректоры Ахметов. Жинаққа қолғабыс еткен адамдардың аты-жөні толық берілмеген. Заманында 5000 тиражбен шығып, қолдан-қолға өткен кітап, бізге құрастырушысы көк сиямен өшірілген күйде жеткен. Себебі сталиндік қуғын-сүргін кезінде кітабын сақтап қалу үшін автордың аты-жөнін сызып тастап отырған.
Мұнда Алтынсарин турасында толық және тың мәліметтер берілген. Және құрастырушы алғы сөзді 1934 жылдың көкек айында жазыпты. Мәтіні мынау:
«Ыбырай Алиынсарыұлы Қостанай маңында 1841 жылы туып 1889 жылы өлген.
Ыбырай бір жағынан ақын болса, екінші жағынан халық ағарту майданында қызмет қылған адам. Ең бірінші рет қазақтың ана тілінде оқу құралын жазған және сол ана тілінде қазақ баласын оқытқан ең алғашқы тұңғыш оқытушысы болған. Және ол қазақ әдебиетін Еуропа жолына өнер жолына бұрып, бастаған ең тұңғыш жаңашыл суретші ақын.
Ыбырайдың шығармаларының мәні, санасы – негізінде билер (феодалдар) табыныкі, сол замандағы орыс елінің, өнерге, өнер кәсіптеріне аяқ басу арқасындағы орыс оқығандарынан шыққан, жаңашылардың әсері мен және қазақ даласына сауда капиталының отаршылықтың мықтап шеңгел салуының әсері мен Ыбырай жастарды оқуға, өнерге шақырды. Елде одан басқа жолдың жоқ екенін біледі.
ҰҚСАС МАҚАЛА: Сәкен Сейфуллиннің Ақан сері туралы жазбасынан
Онсоң Ыбырай араб әліппесін қазақ еліне білім майданында тез игерілуіне бөгет болатынын Ыбырай сол заманда-ақ білген. Араб қарпіне қарсы болған. Сондықтан қазақтың ана тілінде жазған өзінің оқу құралын орыс қарпімен жазған. Бұл ретте Ыбырайды орыс миссионерлері пайдаланбақ болып, Ыбырай мен жақындасқан, Ыбырай олардан қашпай оларды өзі пайдаланып жүрген, сондықтан қазақ ескішілдері оны шоқынды деп шығарған талай өсектер таратқан.
Осы күнде кей біреулер Ыбырайдың істері мен таныс болмағандықтан сол бұрынғы ескішілерде таратқан өсектерінің қалдық сарыны мен Ыбырайдың заманында қазақ көпшілігіне қадырсыз болған еді»-деген сияқты теріс сөздерді қолданатын сияқты расында оқиға талпына бастаған қазақ жастарына Ыбырай айрықша қадірлі болған адам жас буынға арнап шығарған Ыбырайдың «Кел балалар, оқылық» жатқа білмеген оқушы болмаған. Ал, жас буын қадірлеген Ыбырайдың қазақ көпшілігіне қадірі жоқ еді» - деушілік тек қазақтың кешегі күнінен ештеме білмегендіктен туған сөз. Әдебиет тарихымызда керек болсын деп, әзірше Ыбырайдың осы сөздерін жинап жібердік.
Сәкен
20-ІV-1934 жыл. Алматы
ЕЙ, ДОСТАРЫМ
Ей достарым, жігіттерім,
Болмасқа болушы болма;
Қолыңнан келсе қыл қайыр,
Кісіден алушы болма,
Жақсының жүзі жендетті,
Бір көруің қымбатты;
Жаманның ісі міндетті,
Зәр берсе алушы болма
Жоғары қарап оқ атпа,
Өзіңнің түсер қасына!
Ақылсыз жанды досым деп,
Басыңды қосып сыр айтпа.
Күндердің күні болғанда,
Ол жаман айғақ болар басыңа!
Бар күшіңді сынаспай,
Балуандар мен күреспе.
Таң боларсың әлемге
Сөз боларсың көлемге,
Ақылсыз достан, ақылды дұспан артық,
Дұспаныңнан бір сақтан!
Сырты майда іші қан,
Ел ішінде жар-жора
Достарыңнан бір сақтанғанда,
Мың сақтаған!...
ӘЙ ЖІГІТТЕР!
Әй жігіттер үлгі алмаңыз,
Азғын елдің ішінен.
Алыс-алыс қашыңыздар,
Зияндасты кісіден.
Жақсыны көзден салмаңыздар,
Жақсыдан ғапыл қалмаңыздар,
Өзі болған ерлердің,
Аяғынан алмаңыздар.
Әр елге, әр жұртқа,
Алтын сақа табылмас!
Бас ауырса бақсыларды,
Алып келіп бақтырасың;
Жазықсыз жануарды сойып,
Өкпеменен қақтырасың
Жын – пәлекет қашады деп,
Тұмар алып тақтырасың.
Білмес надан еткен істен,
Еш бір қайыр табылмас.
Алған жарың жаман болса,
Бір тәңірге көп налырсың
Жарым сондай болса екен деп,
Көрінгенге көз саларсың:
Әзілде маңдайына нені
Жазса, соны аларсың,
Бәріңізге қара қасты
Қызыл жүзді табылмас!
Қатының өлсе қарсы ұрып қаларсың.
Оны-мұны қармалап,
Жаңа біреуді аларсың,
Бір кеткесін қамқор
Әке-шешең табылмас,
Азған елдің қандары
Тақ үстінде отырғандары,
Жарлыдан алып байларға,
Сайлап берсе керекті.
Азған елдің қожасы,
Қыдырып келер есікке;
«Бұл үйде кім бар» екен деп,
Көзін салар тесікке,
Балаларын бастырып,
Төрге қарай ұмтылып,
Тамақ үшін қылқынып,
Дуа қылса керекті,
Азған елдің молдасы,
Үлкен болар сәлдесі,
Аса бауыр қылмаңыз:
Оның ырас емес алдасы.
Көрмей, білмей біреуге ,
Куәлік берсе керекті!
Азған елдің билерінің,
Барар болсаң алдына;
Алым берсең тамағына,
Қарарма ол сенің әліңе.
Қорадағы малыңа
Төре берсе керекті.
Азған елдің байлары.
Ұлық тұтар басынай,
Қайда дәулетті адам болса.
Берер саған асынай,
Көзін сүзіп бір қарар,
Төгіп берсе жасын ай.
Бермек түгіл бейшараны,
Масқара қылса керекті...
Береке кеткен елдерде,
Күн қысқарса керекті.
Ала-таудай атаға
Ұлы қысқарса керекті,
Бала, бала-бала деп,
Түнде шошып оянған,
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған.
Аялы қолға талпынған
Қаймақты сүттей қалқытқан,
Айналасына ас қойып,
Айдынды көлдей шалқытқан.
Қолын қатты тигізбей,
Кірлі көйлек кигізбей
Иісін жұпар аңқытқан.
Сондай сорлы анаға,
Қыз ақырса керекті.
Азған елдің адамына,
Айтсаң тіліңді алмағай.
Кетсе шарлап жыя алмағай
Бір тәңірден ұялмағай,
Бүгін тоба қылайын,
Ертең тоба қылайын.
Қашан тоба қылғанымша,
Үзіп жұлқып алайын деп,
Өлшеп берген өмірін
Зая қылса керекті...
Мөлдір
БАЙМАХАНБЕТОВА,
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы
«Кітап» мұражайының меңгерушісі
Бөлісу: