Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Сәкен Сейфуллиннің Ақан сері туралы жазбасынан...

06.02.2019 10387

Сәкен Сейфуллиннің Ақан сері туралы жазбасынан

Сәкен Сейфуллиннің Ақан сері туралы жазбасынан - adebiportal.kz

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың «Кітап мұражайында» тарих, әдебиет, мәдениет, өнер т.б. қатысты өткен замандардан сыр шертетін қолжазбалар мен сирек кітаптар өте көп. Сондай сирек туындылармен таныстыру мақсатында әлі де зерттеуді талап ететін кітаптар қатарындағы «Әдебиет мұраларынан» атты сериямен шыққан «Ақан Сері таңдамалы өлеңдері» атты кітапты ұсынамыз.

Кітап – 1935 жылы Алматы, Қазақстан көркем әдебиет баспасынан шыққан. Латын графикасында берілген. Жинап баспаға дайындаған Сәкен Сейфуллин, жауапты редакторы Фатима Ғабитова, техникалық редакторы Н. Нурғожин, корректоры Ш. Ахметов пен Мамырбаева. Жинақ сол кезде 5150 тиражбен шыққан.

Мұнда Ақан Сері турасында толық және тың ақпараттар мен мәліметтер беріліп, құрастырушы алғы сөзінде кітап қолжазба арқылы жиналып, 1934 жылдың көкек айында дайындалғанын айтады. Ақанның өлеңдері Бурабайдың бір қазағының аузынан жазып алынған екен.

«...Ақын Ақанның туған жылы 1843 жыл, өлген жылы 1913. Туып өскен жері Көкше-тау. 13 жасқа келгенше Бұқарадан оқып келген Көнтев деген молдадан оқып, ұстазына көнбей, оқуын тастап, «Жігіттікке» беріліп, «Сері» атанады. Ескі әдет бойынша атастырумен алған әйелі 10 жылдан соң өліп, одан бір ұл екі қыз қалады. Ұлы тілсіз болады. Әйелінің қазасынан соң серілікті үдетіп, сұлулықты жырлайды. Көкшетаудың жақсы жерлерін патша үкіметі жымқырып, ала бастаған соң, кедейленеді. Ақанның қасіреті көбейеді, оның табының қасіреті дүние пәнилығы өз табының ішкі сырларынан туған зат еді. Бәрінен айырылып, сопылыққа бет бұрып, өзін бәрінен аулақ ұстауға тырысқан. Жаздың күні көл басында оңаша жалғыз үй сарнайтын болған. Сондықтан бұған түсінбеген жұрт Ақаңды перінің қызымен тұрады деп, шығарған. «Перінің қызы адамзаттың сұлу үніне құмар болады екен. Сондықтан Ақанның әдемі сұлу әніне оңашада перінің сұлу қызы келіп, Ақанға қосылған екен. Ақанның көл басында оңаша қалып, ән шырқайтыны сол» - деген сөздерді шығарған.

...«Ақанның өлеңінің жұмбақ болатыны сол перінің қызына жұмбақтап арнағандығынан» - деп шығарған.

Ақанның көп өлеңдері қолға түспегендігі және өлеңдерін жинап-теріп жібергендігі, өлеңдері оның билер (Феодал) табының ақыны екені билер табының санасы мен жырлаған ақын екендігі оның өлеңдерінен айқын көрінеді. Оның ірі дархан ақын екендігі де өлеңдерінен байқалады. Ақаң ақындығының үстіне ән шығарғыш, композиторлық қырының бар екендігі «Сырымбет», «Ақкөйлек», «Үш тоты құс», «Құла-кер», «Қара торғай» деген әндері қазақ әндеріндегі сұлу әндер».

Сәкен Сейфуллин жинаққа сын жазылмағандығын айтады. Және «тек әдебиет тарихында дерек бола берсін», - дей келіп, алғы сөзінде кейін Ақан шығармалырына толық сын жазылар деп топшылаған.

Жинаққа Ақан сері Қорамсаұлының 38 өлеңі енген:

  1. Ғашыққа
  2. Біздің көңіл қайда жатыр
  3. Ақиық пен ақ түлкі
  4. Құлагер
  5. Ақ көйлек
  6. Гәуһар жақұт
  7. Үш тоты
  8. Ақ көйлек
  9. Ақ көйлек
  10. Торыны таңға байлап мінген қандай
  11. Сұлу қызға
  12. Жүсіп төреге
  13. Сұлу қызға
  14. Ақ көйлектің бір үзіндісі
  15. Ғашықлық туралы
  16. Ақанның Орынбай ақынға айтқаны
  17. Сонда Орынбайдың Ақанға айтқаны
  18. Ақанның дін туралы айтқаны
  19. Пәле патшаның жоғарғы үкіметінде екенін Ақан көпке шейін білмейді
  20. Пәленің басы патшаның өзінде екен
  21. Патша отаршылығы туралы
  22. Ақанның соңғы бір сөзі
  23. Заманға қарап айтқан сөзі
  24. Асыл мен жасық
  25. Дүние
  26. Жаман жақсы болмайды
  27. Жақсы мен жаман
  28. Біржан мен Ақан сері туралы табылған бір өлең
  29. Ақан серінің Сүйіндік Қаржас Мәшүр-Жүсіп пен айтысқаны
  30. Ақан сері мен Сүйіндік Қаржас Нұрғожа деген ақынның айтысқаны
  31. Ғашық дарға
  32. Тағырыпың
  33. Жігіттер
  34. Жаман қатын
  35. Жақсы қатын
  36. Мылтық пен мергеншілік
  37. Ж-ға
  38. Заман адамы

«Ақан серінің Сүйіндік Қаржас Мәшүр Жүсіп бен айтысқаны айтыстары қағаз жүзінде болыпты. Айтысқандарының тақырыбы Көкшетаудағы Абылай ханның ұрпақтарын және, Сүйіндік-Қаржас Шорман ұрпағын мақтау болған. Айтысқан заманы 1888-1896-жылдар дейді. Бұл өлеңді, Махмет Құрманқұл ұлы деген кісі 1912-жылы Ақанның өз аузынан жазып алып едім дейді. Бірақ ол жазбам жоғалып қалып, мынау өлеңдер тек жадымда қалғандары ғана дейді. Бір азы ұмтылған дейді.

Машүр Жүсіп:

Ғыззатлу, уа құрматлу, жаздым сөзді.

Бек артық көрдім сіздің атыңызды.

Өзімнің қадары қал білгенімше

Сөйлейін бек мадықлап, енді сөзді.

Өзгеден затың абзал, сәруәр-гүлім,-

Асылды сізді көріп менің тілім.

Сөйлейін енді кімге сізден артық

Бар болса тіл мен жаққа сөйлер жерім.

Төрелеу, тегін асқан басқа жаннан,

Асылың маұжуд болған Жошы қаннан.

Сайасат салтанатын болған теңдес,

Кем емес Үндістанда Шамшыйт қаннан.

Құдайым тауып қосқан жарыңызды,

Түзеткен бұл жалғанда барыңызды.

Атаң қан, анаң қаным, өзің сұлтан,

Дегдарым осындайда таны бізді.

....................................................

....................................................

Жолдасың қасыңдағы лайық екен

Ішінде даннат алма уа быйғайны жүр.

Ақанның сөзі:

Төрелер тегін асқан бәршә жаннан,

Асыл боп бір шыққан ер мұсылманнан,

Шежіреде арғы затың тарайды екен

Сағымнан пайда болған Шыңғыс қаннан.

Төреге мейман болдық сәлем беріп,

Мүбәрак шаттанамыз жүзін көріп,

Алланың артық берген дәрәжәсін

Азырақ мадықлайын қатқа теріп.

Мамхмет, Қозыеке мен Қоқыс, жәке,

Біріңе қанзадалар бірің серік.

Бірің құрыш, айриң болат, бірің балға,

Бірің шекер, бірің бал, бірің алма,

Бірің тұйғын, бірің сұңқар, бірің лашын,-

Не қылып теңгересің жалпы жанға!..

Мал бағың тәңірі берген бәрі тегіс,

Не берсін бұдан артық бір адамға?

Жұртына екі патша қатын жүріп жүріп,

Шүршіт тарту беріпті Вәли қанға.

Патшаға дұбараның берген сыйын.

Қазақ бен қатын шыққан мұсылманға.

Қаржастың ақындары жеткізбепті,

Үш жүзге әмір шашқан Абылай қанға.

Қоқыс-ау, тәңірі берсе қонар бағың,

Баласы шаһ-шада арғымағым!

Туасың қай тегіннен жаман болып,

Болаттай тастан қайтпас екі жағың!

Әуелде, ақыры да Шыңғыс болып,

Үзілмей келе жатыр алтын тағың.

Көріп ем нағашы атаң, салтанатын,

Көп нөкер қасына ерген шамқатын.

Қасында інісі мен балалары, -

Құдай артық жаратқан қол-қанатын.

Сағынай қажы асына барған шақта,

Жұртқа асып сөйлеп едім қыйкайатын.

Керейге Құла-кер мен барған кезім,

Бақтына Мұса мырза түскен көзім.

Жиылған алты дұнан ұрулары

Көтерген бастарына айтқан сөзін».

Кітапта қою қара түспен берілген сөздерді өзгеріссіз ұсындық және бұл аталған кітаптың кирилл нұсқасын «Сәкен Сейфуллинің 2008 жылы шыққан көп томдық шығармалар жинағының 8-ші томынан» оқи аласыздар. Құрастырушылар: Т. Кәкішұлы және К. Ахмет.

Мөлдір БАЙМАХАНБЕТОВА,

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы

«Кітап» мұражайының меңгерушісі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар