Қуандық Шамахайұлы. Бөтен адам
Бөлісу:
(әңгіме)
Қаланың ең ірі ауданындағы сотта судья болып қызмет атқаратын Әселдің әдеттегі жұмыс күні басталды. Кезекті отырысты ашуға, істі жүргізуге аттай бір сағат уақыт бар. Хатшысының әкелген қылмыстық іске тіркелген талап арыздармен жіті танысып шығып, әрбірінің қаралатын күндері мен уақыттарын белгілеуге қызу кірісті.
-Салтанат, мына істі келесі аптаның дүйсенбісіне, сағат 11-ге қой! – деп бастап, әрбір құжаттың ай, күні мен сағаттарын нақты белгілеп, бірінен соң бірін топырлатып, хатшысына ұстатып жатты.
Елгезек хатшысы қолындағы үшкірлеп ұшталған қарындашпен құжаттардың мұқабасына айтылған мерзімін мұқият түртіп алып, белгілеп отыр еді.
Әсел ең соңғы бір құжатты бас алмай ұзақ оқыды да:
-Не?! Данияр?! – деп, қатты дауыстап жіберді. Сөйтті де, таңдана қарап қалған хатшы қызға:
-Мына істі кеңсеге кері қайтар! Мұны менің қарауыма болмайды! Өзге судьяға бергендері жөн, тек мен емес – деп, өңі бозарып кетті.
-Мына жауапкер сіздің жақыныңыз ба?
-Бөтен адам!
-Ендеше, неге ала бермейсіз? Талап арызды оқып шыққанмын. Хикаясы керемет енді, қызық болар еді, бізде қаралса...
-Салтанат, саған қызық, маған шыжық боп тұр ғой.
-Қойыңызшы, Әсел ханым!
Хатшы қыз Әселдің жүзіне жалт қарады да, тіпті, қайран қалды. Оншақты жыл бірге қызмет еткенде жасы отыздан асқан осы бір байыпты да байсалды әрі ақылына көркі сай сұлу судьяның әр нәрсеге салқынқандылықпен ғана қарайтын мінезіне әбден көзі үйренген Салтанат сасып қалды. Әсел кәдімгідей шөпжелке бойжеткендей-ақ сора-сорасы ағып, өксіп тұрып, ағыл-тегіл жылап отыр. Жалмажан кері бұрылып, стаканға су құйып әкеліп ұсынды. Суды бір деммен тартып жіберген соң:
-Дәрі әкеліп берші, тезірек! – деді.
***
Әсел әр таңды жалғыз қарсы алуға да бой үйретіп келе жатқандай. Бір шаңырақтың артында қалған жалғыз тұяқ. Әке-шешесі өмірден өткен соң атшаптырым кең бөлмелері бар дағарадай зәулім үйде ұзақ тұрақтай алмады. Зейнетке баяғыда шықса да, әкесі мен шешесі бейне бір тығыз шаруаларынан қалып бара жатқандай-ақ таң сәріде тұрып алып, ас үйде дабырлап, шай ішіп отыратындары. Кейде анасының теледидар қосып алып, арналарды алма-кезек ауыстырып, әлде нені іздейтіні. Әкесінің диванға жайланып отырып алып, сыртылдатып газет беттерін парақтайтыны.
Әселдің орнынан тұрғанын көре сала «қызымызға ұйқы бермей қойдық па?», «асықпай тамақтанып ал, қарның ашып қалмасын» деп, екеуінің қатарласа үн қосып өбектейтіні. Бәрі-бәрі көзге елестеп, бөлмеден бөлмеге кіріп-шыққан сұлбалары көрінгендей, дауыстары құлаққа келгендей бола беретін.
«Жер бетіндегі жалғыз перзенті болдым. Оларға не қызық көрсеттім? Оқу үздігі, мықты маман, көрген жанның көзі тоярлық көрікті қызы болған-ақ шығармын. Одан не пайда? Бірақ, олар тым құрығанда, жалғыз қызын ұзатып қызық-қуаныш көрмеді, құда-құдандалы болысып, өз қатарластарымен төс қағыстырмады, жалғыз қызынан жиен көріп, мейірлене иіскей де алмады-ау!» - деп, сол сәттерде солқылдап тұрып, жылайтын.
Көздері тірі тұрғанда әкесі мен анасының оңашада отырып алып, қызының келешегінен күтетін жақсылығын әңгімелеп, өзара сыр шертісіп отырғандарын көріп те, риясыз сөздерін құлағы шалып та қалатын. Қызмет бабы, күнделікті күйкі тірлік оған мұрша берді ме? Күйеуге тигеннің жөні осы екен деп кім көрінгеннің етегінен ұстап кете бере алмас та еді ғой. Ақыры, өткен өмірдің өкінішін жиі еске сала берген соң Әсел сол үйді сатып, жұрт жаңғыртқан түрі осы еді.
Оянған соң бірден атып тұрмай сүт пісірім уақыттай тырп етпей жатты. Бір бөлмелі шағын ғана ошағындағы бар зат отырыңқырап қалған салт басты қыздың өзіне ғана өлшеп, шақталғандай орналастырылған. Өз басы ғана емес, үйіндегі бар дүние-мүлкі де жалғыздықтан жетімсіреп тұрғандай көрінгенде, көңілін мұң торлап, терең бір күрсініп алды.
Әсел студент кезінде-ақ тұрмысқа шығып кеткен болар еді. Ондай мүмкіндік те бір емес, бірнеше мәрте болған. Бірақ, сөз салған жігіт атаулының бәріне оның көңілі толмады. Ол бала кезінен пысық, өжет ұлдарды ұнататын. Өзіне көңіл білдірген жігіттердің көбін ол ынжық санады. Ал, өзі іштей ұнатқан бірлі-жарым жігіт Әселмен қарым-қатынысы жақсы, бір кісідей-ақ сыйласқанымен, неге екенін қайдам, көңіл білдірмеді. Өздері ыңғай танытпаған соң олардың алдында бәзбіреулерше көзін аударып-төңкеріп, көпе-көрінеу айналдырып әкетуге қыз намысы жібермеді. Сөйтіп жүргенде жүрдек уақыт сырғып өтіп, міне, бүгінге жетті.
Өзіне ғана лайықтап алған осы бір жайлы пәтерінде жылдың төрт мезгілін алмастырып келеді. Әр маусымды жападан жалғыз қарсы алып келе жатқанына да бақандай бес жыл. Терезенің сыртында қарлы боран ысқыра гуілдеген қыстың ұзақ талай түндер өтті. Күн күркіреп, найзағай жарқылдап, нөсер жаңбыр шелектеп төккен жаздың қысқа әрі тас қараңғы түндерінің де куәсі болды. Соның бәрін осы үйінде жалғыздықпен қоңылтақсып, тым көңілсіз жабырқау өткізді.
Сондай түндерде ер азаматтың ыстық құшағы мен мейір шапағатын аңсап, талай рет еңіреп те, егіліп те жылаған-ды. Әке-шешесінің жырақта қалған жастық шағын, өзінің алаңсыз еркелеп өскен балалық балғын күндерін сағына сарғайып жоқтады. Сөйтіп тағы да көз жасына ерік беретін. Сан рет бастан кешірген осындай жылап-сықтаудан кейін тынысы кеңейіп, көкірегі ашылғандай болатын да, терең де тәтті ұйқыға рақатана батып кететін.
Көктем маусымының күн шуақты таңы. Ол орнынан тұрмай жата бергісі келді. Егер жүзінен нұр төгілген ер азаматы болғанда ғой. Төсегінен баяғыда атып тұрып, жарына ас әзірлеп, шай құйып, шүйіркелесіп бірге отырар еді. Балаларын бақшаға, мектепке сүйреп бара жататын көрші келіншектерге қызыға да, қызғана да қарамас еді. Өзі де солармен қатарласа, жанталасып, балабақша мен мектеп арасында жүгіріп жүрсе не арман.
Амал нешік, балдай тәтті қиял әлемінен еріксіз алыстап, мына бір діні қатал шынайы дүниеге қайта оралмасқа лажы бар ма? Жұмыстан қалмау үшін асықпасқа еш амалы жоқ.
Әдеттегісінше, терезесін ашып, сыртқа көз салды. Биік үйдің ең үстіңгі қабатынан жерден гөрі аспан жақын секілді көрінеді. Аулада үйлерінен шыққан адамдар жерге жабысып қалғандай тым аласарып көрінгенімен, жыбырлаған жәндіктер құсап, жан-жаққа тарап, кетіп жатқаны өте анық аңғарылады. Азанда осылай қаланың әр тарабына бәрі бытырап кетеді де, ақшамда абыр-сабыр жиналып, қайта оралып жатқаны. Қаланың күнделікті тірлігі осылайша бір-бірінен айнымай, ешбір өзгеріссіз жалғасып жататыны кейде жалықтырып жібереді.
Қарсы тұрған үйдің балконында баяғы сол жігіт. Темекісін құшырлана сорып, өзінше рақаттанып тұрғандай. Әселді көре сала оң қолын кеудесіне басып, сәлем берудің ишарасын жасап қояды. Әсел де қолын сәл көтеріп, бұлғай салды. Сәлем алудың нышанын көрсеткен түрі. Күнде осылай. Екеуі бір бірімен жүздеспеген жандар, таныс-біліс те емес. Әйтеуір, көрші ретінде күнделікті осылай сәлемдесіп, өзара сый-құрмет танытысқан болады.
Күн райының қандай екенін біліп, не киіп, не қоятынын шешкен соң Әсел терезесін жапты. Көршісі де шылымын тартып бітірген болса керек, кері бұрылды.
Таңғы шайдан соң бет-аузына жеңіл-желпі опадалап жаққан болып, дәлізге шықты да, лифтімен астыңғы паркингке түсті. Қызғылт түсті «Кашкайы» да сол баяғы орнында «жетімсіреп» тұр. Қасында тұрған көліктердің көбі баяғыда шығып кеткен. Сопиып жалғыз қалған машинасын ба, әлде, осы жасқа дейін қасында қолтықтасып жүретін не күйеуі, қолынан ұстап жетелейтін баласы да жоқ өзін бе, дәл қайсы екенін нақты айыра алмаса да белгісіз бір аяныш сезім ұялағандай, кеудесіне өксік тығылғандай болды. Соңғы кезде осылай жабырқап, жабығуы тым жиілеп кеткендей.
Паркингтен жайлап шығып, кең даңғылға қарай беттеп, үйдің бұрышын айнала бергені сол еді, аяқ астынан көлігінің моторы өшті де қалды. Кілтін бірнеше рет бұрап көрді, оталмады. Машинасынан шығып, жан-жағын бір шолып, қарады. Тым құрығанда, онысының капотын қалай ашуды да біле қоймайды. Оны ашқан күннің өзінде не істей алмақ? Шарасы таусылып, көлігін жол жиегіне сол тұрған күйі қалдырмаққа бекінді. Есігін жауып, бекітті де аялдамаға қарай беттеген еді, анандайтын жерде тұрған біреу:
-Көрші қарындас! Көлігіңіз оталмады ма? Мен қарап жіберейінші! – деп, күлімсіреп келе жатыр екен. Бұрылып қараса, әлгі балконда тұрып темекі шегетін сымбатты жігіт екен.
-А, қайырлы таң, көрші! Не болғанын білмеймін... аяқ астынан...
-Күн берекелі болсын! Қанеки, кілтіңізді беріңіз! – деді де, ол дереу машинаның капотын ашты. Бірдемелерді суырып, қайта салып дегендей біраз шұқылап сәл ғана бөгелді де:
-Қане, қарындас! Отырыңыз! Көлігіңізді мен біраз жерге дейін жүргізіп, тексерейін. Сосын, ештеңе етпесе ары қарай өзіңіз айдап кете бересіз – деді.
Көрші жігіт тізгінге отырып, Әсел қасына жайғасты. Көлігі кілтті бір бұрағанда оталып, бұрынғысынша зулай жөнелді.
-«Жүздің түсін танығанша, бірдің атын біл» - деген сөз бар, көрші! Танысып қоялық, менің атым Данияр!
-Әсел!
-Танысқаныма қуаныштымын!
-Рақмет! Мен де. Әсіресе, сөніп қалған жерінен қайта жан бітірген көлігім үшін сізге Алла разы болсын!
-Болмашы, бірдеңе ғой. Егер көлігіңізден ақау шығып жатса, айтып тұрыңыз, жедел жәрдем көрсетуге жарап қалармын. Авто мехникадан алған базалық аз-мұз білімім бар ғой. Айтпақшы, жұмыс орныңыз қай тұста еді?
-Аудандық сот қой. Қабанбай батыр даңғылымен жүре беріңіз.
-Жолымыз бір екен. Мен соның ар жағындағы бизнес орталығына барамын.
-Әсел, сіз адвокатсыз ба, әлде, медиаторсыз ба?
-Екеуі де емес. Судьямын. Сіз ше?
-А, жөн екен. Менікі жеке бизнес. Таяуда ғана осы жақтан офис жалға алғанмын. Көлігімді вампирін ауыстыруға жөндеуге берген едім. Автобус күтіп тұрып сізді көріп қалдым. Біріміз балконнан, екіншіміз терезеден сәлем берісіп тұрушы едік. Бүгін танысудың сәті түсті. Уақытыңыз болса, кешке мейрамханада бірге ас-су іше отырып, әңгіме-дүкен құрсақ...
-Жеңгеміз ренжіп қалмай ма? Оқтауын қолына алып, менің есігімді тоқпақтап тұрмасын. Көршілер алыстан сыйласып, тату жүргенге не жетсін... Бүгінгі жасаған жақсылығыңыз да жеткілікті ғой.
-О, не дегеніңіз қарындас-ау. Салт бас, сабау қамшы мені аңдитын тірі жан болса, тек қуанатын едім.
-Онда, ойланып көруге болады.
-Нөміріңізді айта салыңыз, жаттап алайын!
Әсел визиткасын ұсынды. Осы сәтте олар Әселдің қызмет орнының қасына жетіп те қойған болатын.
-Рақмет, Әсел! Мен ары қарай жаяу кете беремін. Жұмыстың соңын ала хабарласамын. Мейрамханада кездесейік!
-Көрші ағай! Мен кешкі шақыруыңызды әлі қабылдаған жоқпын. Ойланып көремін деп қана айттым ғой.
-Мен міндетті түрде хабарласамын. Уақыт бар ғой, күні бойы ойланып бір шешімге келерсіз.
-Сізге тағы да рақмет! Аман болыңыз! Ойланайын, көре жатармыз.
Шын мәнінде, ойланатын да ештеңесі жоқ еді. Данияр оған бірден ұнап қалды. Жасы қырыққа таяп қалған жігіттің осыған дейін салт жүргені сәл түсініксіздеу демесең, былайша тал бойында бір мін жоқ секілді. Әсел жұмыс күнінің аяқталуын тағатсыздана күтумен болды. Қырсық қылғанда түстен кейінгі уақыт тоқтап қалғандай тым баяу өтті. Сот отырыстары түске дейін бітті де, жұмысы сәл жеңілдеп қалғандай болған. Қабылданған қаулы-қарарларға, атқару парақтарына қол қоюмен бірер сағатты артқа тастады.
Жұмыс күнінің аяқталуына әлі бақандай екі сағат уақыт бар екен. Хатшысы Салтанат ауылдан келетін әкесін күтіп алу үшін сұранып вокзалға кеткен. Алдын ала қабылдауға жазылған бірер азаматтармен жүздесті. Қауіпсіздік комитетінен екі жігіт келіп, алда болатын сот отырысына қатысты мәселелер бойынша ұзақ әңгімелесті.
Әсел үстелінің үстіне шығарып қойған телефонына көз тастаумен болды. Даниярдың қоңырауын соншалықты асыға-аптыға күткеніне өзі де таңғалды. Өмірінде бүйтіп толқыған, бүгін ғана жүздесіп, тілдескен бөтен адамнан сарыла хабар күткен кезі жоқ шығар.
Жұмыс уақыты аяқталуға онбес минут қалғанда Әселдің телефонына қоңырау түсті. Телефон кітапшасында жоқ, атсыз нөмір. «Бұл Данияр ғой» деп жалғыз отырып айғай сала жаздап қуанып кеткен Әсел қоңырауды қабылдап жатып, тартпасынан кішкентай айна шығарып, өз жүзіне барлай көз салды. Онсыз да дұп-дұрыс тұрған шашын сипап қойды, дәл сол телефоннан Данияр оны көріп тұрғандай. Немесе бейне қоңырау соғылғандай-ақ. Бұл қылығы өзіне де ерсі көрінгенде еріксіз езу тартты.
Бірақ, ол Данияр емес, министрліктен хабарласып тұрған біреу болып шықты. Келесі аптада өтетін дөңгелек үстелдің уақыты өзгергенін құлаққағыс етпекші болған екен. Сөйткенше болған жоқ, жұмыс күні де өте шықты. «Осыған дейін хабарласпаған соң енді, жоқ шығар. Бәлкім, бір шаруалары шығып қалған болар. Хабарласып жөнін айта жатар» деп ойлап, кетуге жинала бастағанда телефоны безілдеп қоя берді.
-Алло!
-Бұл Данияр ғой. Ойланып-толғанып, шақыруымды қабыл алған боларсыз.
-Жұмыс-шаруадан бас көтермедім, ойлануға үлгермей қалдым.
-Үкім шығарғанда ойланарсыз. Ал, кешкі асқа еш ойланбастан дәл қазір-ақ шешім қабылдай салыңыз...
-Көршімнің талабы тым қатал екен.
-«Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген бар ғой.
-Мақалды тауып айттыңыз. Сол үшін сізбен бірге тамақтануға келістім!
-Ой, рақмет Әселжан! Сіздің жұмыстан әудем жердегі ғана «La Mansarde» мейрамханасының алдында дәл қазір екі көзім төрт болып күтіп тұрмын.
-Ендеше, төрт көзіңіз алтау болмай тұрғанда мен жетейін!
-Көзім ағып түсіп қалмай тұрғанда тезірек жетіңіз, ендеше!
Екеуі де күлісіп алды. Әсел көлік тізгінін Сығанақ көшесіне қарай бұрды.
Данияр бір құшақ қызыл гүлмен Әселді қарсы алды. Кездесудің романтикаға толы өткенін айтып жатудың өзі артық. Әселдің ажарлы келбеті, бітім-болмысы жігітті есінен тандырғаны айдай анық еді. Ал, Даниярдың ширақ қимылы, ер азаматқа тән батылдығы мен өжеттілігі әр әңгіменің басын шалып, дидарласып отырғанда аңғарылып тұрды. Түр-тұлғасы да ер азаматқа сай ірілігімен өзінше тартымды.
Екеуі мейрамханадан кештетіп шықты. Көлікті Данияр жүргізіп келіп, Әсел тұратын үйдің астындағы паркингтегі орнына қойды. Екеуі лифтімен бірге жоғарыға көтерілді. Бірақ, Әсел оны бірден бас салып, үйіне енгізуді әу баста жөнсіз санаған болатын. Есігінің алдына келген соң:
-Ал, Дәке! Көңілді кеш сыйлаған сізге мың да бір алғыс! Ары қарай жалғыз өзім «кете» аламын. Осы жерден қоштаса тұрайық! – деді.
-Жақсы, Әселжан! Саған да рақмет! Түн тыныштығын тілеймін, кездескенше, аман болайық! – деп, жігіт терең бір дем алып, бұрылды да кете берді.
Дегенмен, мұндай сыпайгершілік алғашқы кездесуде ғана еді. Одан кейін қаншама кештерде екеуінің жұптары жазылмай бірге жүріп, түн қата оралған сәттердің бірінде Әсел оны алғаш рет өз пәтерінің босағасынан аттауына қарсылық білдірмеді. Содан бастап Данияр Әселдің басыбайлы күйеуі секілді болып кетті.
Онымен бірге түнеген алғашқы таңдағы Әселдің ұялшақтығы бірте-бірте ұмытылып, махаббат буына мас болып, қос жанары шоқтай жанып шыға келгенін қайтерсің. Әр таңда тойған қозыдай монтиып, көңілі жайланып, сергек тұратын болды. Әлгі ұйқысыз өткізген ұзақ түндер әлдеқашан ұмытыла бастады. Бұрын ешқашан түн баласында жалғызсырап, көз жасын төкпегендей, өзіне сүйеу болар бір азаматты армандап, әр таңды мұңлы жүзбен қарсы алмағандай көкірегінде жеңіс маршы сырнайлатып-кернейлетіп жүретін болды. Бақыттан басы айналып жүргенін біреулерге айғайлап тұрып айтқысы да келеді.
Бұл жігітке осыншама тез беріліп, оп-оңай құлай кеткеніне Әселдің өзі де кейде аң-таң қалып жүрді.
Данияр түзде іскер, үйде көңілді жігіт ретінде Әселді әбден баурап алды. Екеуі кәдімгі ерлі-зайыптыларша бірге тұрып жатса да, некеге тұру жайында бір біріне тіс жарып та көрмепті. Неге екені белгісіз, Әсел үшін ол қысқа ғана мерзімде емес, баяғыдан бері бірге тұратын жан жарындай болып кетті. Қарама-қарсы үйде жалдап тұрған пәтерін Данияр иесіне өткізіп беріп, Әселмен бірге тұрды. Кейде іс сапарларға шығады. Берісі Қарағандыға, арысы Ақтөбеге, Шымкентке, Қызылордаға дейсің бе, бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ.
Өзінің айтуына қарағанда, әр сапардан олжалы оралып, бизнесіне мол қаржы құйып жатқан көрінеді. Әсел оның жұмысында ісі жоқ. Бірер аптаға жол жүріп кетсе, сағынады. Оралса, қуанады. Үйде болған сәттерінде оның асқан шебер шаруақорлығына сүйсінеді. Әселдің машинасының әрбір ақауын дереу тауып, тап-тұйнақтай етіп, ретке келтіріп қояды. Үйіндегі жиһаздардың да қисық-қыңыр жерлерін түзеп, электр бұйымдардың бәрін тексеріп, ақтарып жөндеп бір тыным таппайды. Мінезі де жібектей-ақ, шіркін. Ашық-жарқын әрі әзілқойлығын айтсаңшы. «Ерің қайсы десең, мынау» дейтіндей-ақ алғыр жігіт.
-Бүгінге дейін неге үйленбей жүрдің? – деп, сұрап еді, бірде Әсел.
-Сені күтіп жүрген екенмін ғой.
-Қылжыңға сүйемей шыныңды айтшы!
-Әу баста үйленіп едім, жолым болмады...
-Сосын...
-Бұл өзі ұзақ әңгіме. Кейін жата жастанып айта жатармын.
-Қазір айтшы!
-Қысқасы, опасыз әйелдерден кек алмақшы едім..
-Қой-ей, сонда сен маған да өшігіп жүрсің бе?
-Жоқ. Керісінше, сен мені өзгертіп, алған бетімнен қайтардың. Саған дейін мен тек кек алушы едім. Енді, басқаша өмір сүре бастадым. Себебі, өмірімде сені ғана шын сүйіп қалдым. Бұрынғы жүріп өткен жолым тек ақымақтықтан өзге ештеңе емес екенін ұқтым. Жарайды, жаным! Мен жолға шығайын. Екі аптадан кейін келген соң саған бәрін түгел айтып беремін. Кездескенше күн жарық болсын!
-Әмин, жолың болсын! Хабарласып тұр. Аман жүр!
-Ал, жақсы.
***
Данияр көлігін автотұраққа қойып, вокзалға кірген еді. Анандайтын жерде тұрған екі полицей келіп амандасты да, құжат сұрады. Куәлігін шығарып қолына ұстатып еді:
-Бөлімшеге жүріңіз! Сізбен оңаша сөйлесетін шаруа бар – деді.
-Мен жол жүріп барамын. Сіздерге не керек?
-Көп уақытыңызды алмаймыз. Жүріңіз!
Полиция бөлімшесінде оны қарсы алған капитан:
-Сіздің үстіңізден түскен арыздар бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаймыз. Екі апта бұрын сізге іздеу жарияланған. Барлық құжаттармен танысуыңызға, адвокат шақыруыңызға болады. Сіз тұтқындалдыңыз! – деп, тым байсалды түрде баяндап шықты.
Сәл сәтте есіктен кірген екі сақшы Даниярдың қолына кісен салды да, арнайы көлікке отырғызып қала орталығына қарай алып кетті.
***
Салтанат бірінші қабаттағы дәріханадан оралғанда Әсел әлі де өксігін баса алмай отыр екен.
-Әсел ханым, отырыстарды басқа күнге ауыстырайық. Дәрігерге қаралыңыз! Сізді емделуге кетті деп, төрағаға айтайын.
-Жоға, Салтанат! Отырыстан бұрын дұрысталып жөнге келемін – деп Әсел көнбеді.
Сәлден соң Әсел бетін жуып келді де, тыныштандыру дәрісін ішті. Кабинеттегі диванға жантайды. Салтанат одан бірдеме сұрауға батпады. Сырттан ешкімді кіргізбей қабылдау бөлмесінде күтіп отырды. Сәлден соң мантиясын киіп, Әсел кабинетінен шықты. Оның бұрынғыдай салқынқанды әрі сабырлы қалыпқа келгенін байқаған Салтанат сот отырысы өтетін залға қарай асығыс адымдай жөнелді...
Кешкісін үйіне келген соң Әсел ұзақ ойланды. «Ана жолғы «ұзақ әңгімесі» осы болды ма, сонда? Бұл не үшін ондай қадамға барып жүр? Былай жібі түзу адам секілді көрініп еді ғой. Адам танудан қателескен жерім жоқ. Бұл жолы маған не болды? Істі өзім қарай беруім де керек пе еді? Жо-жоқ, болмайды. Істі мен қарасам, оған қарай бұра тартуым анық. Себебі, оны тым жақсы көремін. Тіпті, Даниярсыз тұра алмайтын сияқтымын. Бірақ, жеке басым үшін күдіктіні ақтап алып, арызданып отырған бақандай бес келіншектің обалына қалғаным жөн бола ма? Қой, өйтіп ақ адал кәсібіме опасыздық жасамайын, құрысын. Істің ашық отырыста өтетіні белгілі. Тым құрығанда, жарыс сөз кезінде барып, барлық сырына қанық болайын».
Ана жолы екі аптадан кейін ораламын деген Данияр бір жарым ай бойы көлге лақтырған тастай жоғалып кетті. Телефоны үнемі сөндірулі. Әдетте бір жаққа кетсе, әрдайым өзі хабарласатын. Сұрастырайын десе, тым құрығанда фамилиясын да білмейді екен. Жайшылықта сауысқаннан да сақ Әсел Даниярға осыншама сенім артып келгеніне өзі де қайран қалды. Сөйтіп жүргенде, ішкі істер басқармасы тергеген қылмыстық іс дәл өзінің алдына келіп топ ете қалғанын айтсаңшы. Айналасы оншақты жылдың ішінде бақандай бес қызбен жұптасқан, олардың әрбірі Даниярдан бала сүйген. Бәрі де оқыған-тоқыған, жауапты қызмет атқаратын, қоғамнан өз орындарын ойып тұрып алған салмақты-салиқалы жандар екен. Олардың бәрімен танысқанда өзінің есімін «Темірхан» деп айтқан. Шын атын алтыншы «жәбірленушісі» жалғыз Әселге ғана айтыпты.
Ең қызығы, әлгі бесеуі де дәл Әсел құсап, оның ата-тегін тектеп-тексеріп жатпаған. Сөйте тұра оған құдайдай сенгендері соншалық, өз аттарынан банктен несие алып беріп, «Темірханның» бизнесіне көмектескен. Бәрі бір қалада тұрса да әлгі бесеуі бір-бірлерін танымайды. Бірақ, өткен қыстан бастап, оның із-түссіз жоғалып кеткені, күдік тудырса керек. Іздеу салып, ішкі істер басқармасына шағымданған. Бес бірдей арыздағы күдіктінің әрекеті мен есімі бірдей болған соң тергеуші олардан фотосын сұратқан. Екеуінен ғана әлгі «Темірханның» фотосы табылыпты. Ешбірімен некелеспегендіктен, бәрі одан тапқан балаларына өз фамилиялары бойынша куәлік ала салған. Енді, олардың соттан талап етіп отырғаны, өз аттарындағы банк несиесін жауып берсе, болды екен. Бұдан өзге Даниярдан алимент те сұрамайды, жаза жүктетуге де ниеттері жоқ көрінеді. «Ар-намысым тапталды», «алданып қалдық», «көңілімізге қаяу түсірді» деп шағымданған біреуі жоқ. Сонда, бұлар кімнен болса да, әйтеуір, бір бала тауып алуды ғана көздеген жандар ма?!
Даниярдың дәл мұндай қадамға барғанына Әсел тіпті де сене алар емес. Олардың бәрімен «Темірхан» болып танысып, тек Әселдің өзіне ғана шын есімін айтқаны тағы да таңданарлықтай-ақ жағдай. Ештеңенің байыбына бара алмай түннің бір уағына дейін ұйқысы қашқан Әсел таңға жақын ғана кірпік айқастырды...
Жарыссөз басталар тұста Әсел сот залына кіріп, жиналысқа қатысушылардың арасына келіп отырды. Судья, прокурор және адвокаттар мен жәбірленушілердің ешбірі Әселдің келіп кіргеніне назар аударған да жоқ. Тек Данияр ғана таңданып қалғандай көрінді. Залға кірген Әселге көзі түскенде ол сәл күлімсіреп, қабағы ашылғандай көрінді. Дәл бір өзінің осы әлемдегі ең жақын адамын көргендей, сонысын көңілге медеу тұтқандай кейіп аңғарылғандай болды. Тесіле қараған сәтінде Әсел баяғы сол терезеден сәлемдесетіні секілді қолын сәл көтеріп, амандасудың ишарасын жасап қойды.
Әселдің келгеніне ме, әлде, сәлемдесу нышанын танытқанына разы болды ма, Даниярдың қос жанары жайнап кеткендей көрінді. Оның аяқ астынан көңілдене қалғанын байқаған прокурордың жүзінен таңданыс аңғарылды. Әлде, Әселге солай сезілді ме, ол жағы белгісіз. Даниярдың асқан сабырлы кейпі отырғандарды таңғалдырғаны анық еді.
Сонымен, Данияр асықпай ғана сөзін бастап кетті:
-Жәбірленуші бесеудің арызында жазылған жайларды жоққа шығарудан аулақпын және бәрін мойындаймын. Оны сот алдына келген соң ғана айтып тұрған жоқпын. Теріс қадам жасап жүргенімді сол кезде де білдім. Оның себебін түсіндіру үшін мен бәрін тым арыдан бастауым керек.
Оқу бітірген соң екі жылдан кейін әке-шешем бала кезде айттырып қойған, жергілікті университетте оқытушы болып істейтін қызбен жұптасып, екеуіміз отау құрдық. Әйелім ғылыми еңбек қорғағалы жүрген болашақ ғалым әрі обалы нешік, сұлулығында да еш мін жоқ жан еді. Екеуіміз тату жақсы өмір сүріп жаттық. Балалы-шағалы да болдық. Тіршілігіміз де жаман емес, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей. Бірақ, аяқ астынан күтпеген оқиға болды.
Бір күні алыс сапардан түн ортасында оралдым. Үйге келсем, сыртқы есік бекітілмеген. Тұтқасын төмен басып қалып едім, ашыла кетті. Әйелім ғылыми еңбек жазумен миы ашып жүріп ұмытып кеткен болар деп топшыладым. Балаларды оятып алмайын деп еш сыбдыр шығармай сырт киімімді шешіп жатсам, жатын бөлмеден бір тосын дыбыс етілгендей болды. Мысық па дейін десем, оған да ұқсамайды. Тағы бір мәрте құлақ түрсем, әйелімнің даусы секілді. Ұйқысырап жатыр ма, әлде, ауырып қалды ма деген ой келді. Жылаған секілді бола ма, бірдеме. Жүрегім су ете түсті. Әлде бір жамандықты сезгендей болдым. Дереу есікті ашып, шамды жақсам...
Әйелім қасқа бас біреумен жан берісіп, жан алысқандай-ақ ләззатқа батып жатыр екен. Тура үстінен түстім. Екеуін де аямадым, бас-көзсіз пергілеп, тепкінің астына алдым. Әлгі қасқа басы – әйелімнің «ағай, ағай» деп аузынан тастамайтын ғылыми жетекшісі шал екен. Әйелімнің ара түскеніне қарамастан, екі-үш рет қылғындырып, есінен тандырып, әбден сілікпесін шығардым. Еңіреп тұрып жылап, аяғыма жығылды. Қысқасы, ит терісін басына қаптап, қоя бердім.
Сонымен не керек, әйеліммен заңды түрде ажырастым. Оның тауып берген екі баласына да күмәндана бастадым. Себепсіз де емес тұғын. Жалпы, жалғыз маған ғана ләм-им деп ауыз ашпағандары болмаса, жақын жұрағаттарымның көбі ол екеуінің «жазып жүрген романын» бұрыннан біледі екен. Маған қосылған күннен бастап, көзіме шөп салған оңбаған екен. Сырттай «ана баласы қасқа бас шалдан айнымайды ғой», «мына баласының Даниярға тартқан бір жері жоқ, керісінше, ана қатынның жетекші «ағайына» қатты ұқсап кетіпті» деген өсек-аяң желдей есіп жүргенін, мен қайдан білейін. Бірақ, маған айтуға ешбірінің жүрегі дауаламаса керек. Мұның бәрін кейін естігенде, қорланып өліп қала жаздадым. «Қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіреді» деген сөздің растығына көзім жетті. Тіпті, асылып өлгім де келді.
Сөйтіп, ақыры жерлестеріммен қоштасып Астанаға келдім. Ата-ананың бала кезде айттырып қойған серттерін бұзбайын деп қосылған жұбайымның жасаған опасыздығына әбден күйінген басым қыз-қырқын атаулының бәріне әбден өшігіп алған едім. Бір жағынан әйел затына деген сенгіштігіме, ақ көңіл аңғалдығыма қатты налыдым. Сенімге селкеу түсірген сол әйелде қысқада кеткен кегімді, ұзында кеткен өшімді осындағы қыз-қырқыннан алуға көштім...
-Оңбаған! Алатын өшіңді менен емес, сол қатыныңнан алмайсың ба? – деп, отырғандардың арасынан қара пиджак киген аққұба әйел айғай салып орнынан атып тұрып еді. Оған сот төрағасы:
-Тыныштық сақтаңыз, сотталушының сөзін бөлмеңіз! Енді тағы қайталайтын болсаңыз, сот залынан қуыласыз! – деп, ескерту жасады.
-Бұл ісімнің ақтымақтық екенін білсем де, әйел затының бәрін жаппай кінәлаумен, жазғырумен болдым. Ажырасқан әйелімде кеткен кегімді, есемді қайтарудың одан қолайлы жолын таппадым – деп, Данияр сөзін одан ары жалғастырды:
-Әрине, мұнымның қате екенін алғашқы кезде пайымдап жатпадым. Кейін жалдамалы пәтеріме қарсы тұратын бір көрші қызбен танысқан соң өзіме де, жалпы, өмірге деген көзқарасым мүлде өзгерді. Мені өзгерткен ұлы да құдіретті күш – махаббат еді. Жасым қырыққа келгенде ғана алғашқы махаббатымды кездестірдім десем, біреулер күлер. Бірақ, өзім үшін шындық осы. Арамыздағы жас айырмашылығымыз бес-алты жас қана. Бірақ, оның да осыған дейін ешкімді сүймегенін, маған деген пәк сезімінің адал екендігіне көзім жетті. Дәл сол арудың ғана маған ешқашан опасыздық жасамайтынын іштей сездім. Адам баласында түйсік деген болады. Иә, мен оны тереңнен танып, білдім десем, артық кетпейтін шығармын.
Сол қызбен танысқан сәттен бастап, бүкіл болмысыммен өзгердім. Себебі, өмір бойы армандаған, зарыға күткен шын адал махаббатымды сол бір ару маған сыйлады. Осы үшін тағдырыма разымын.
Әу баста, бүгін арызданып отырған бесеуден алған ақшаны жеке басыма пайдаланып кетейін, оларды тақырға отырғызайын деген ой болған жоқ. Өзім де банктен қарыз алғанмын. Оларға да несие алдырдым. Оның бәрін бостан босқа рәсуа еткен де жерім жоқ. Қаржының бәрін жеке бизнесіме құйдым. Қазір жұмысым сәтімен жүріп жатыр. Біршама пайда таптым, құралақан емеспін, Құдайға шүкір! Бәрінен алған ақшаны бүгін қайтара салуға да шамам жетеді. Негізі, осыларға алған несиелерін түгелдей жауып беріп, бесеуінен кешірім сұрауды өзім де ойластырып жүрген едім. Күтпеген жерден өздері арызданыпты. Әрбірі алимент өндіріп аламыз десе де мен көнуге дайынмын. Себебі, қолыммен істегенімді мойныммен көтере алатын ер азаматпын ғой.
Құрметті сот! Мені алаяқтық жасады дейсіз бе, ар-ұяттан безген азғын деп жазғырасыз ба, ол жағын өзіңіз білесіз – деп, Данияр сөзін аяқтады.
Судья орнынан тұрып, ақылдасу бөлмесіне кететінін мәлімдеді. Залда тыныштық орнады. Әркім өз ойымен әлек.
Даниярдың көзі Әселге түскенде оның күлімсіреп, ерекше мейрім толы қос жанары оттай жанып тұрғанын көрді. Екеуі де бір біріне сәл ғана бас изесіп, әлде бір сырды іштей ұғысқандай болды.
Жиырма минуттай уақыт өткенде, хатшы қыздың:
-Сот келе жатыр. Орындарыңыздан тұрыңыздар! – деген даусы саңқ етіп өте анық естілді...
2019.
Сурет ғаламтордан алынды
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қуандық Шамахайұлы. Мұқанның көршісі
Бөлісу: