Биылғы жылдың басты дүбірлі тойы деуге әбден болатын ұлы Абайдың 180 жылдығы тарихқа айналып үлгерді.
Тойдың өту барысы, тойға деген халықтың пікір-қорытындысы, сыни ойлары т.б. ақпараттар ауанын ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден аңдауға болады.

«Тойдың болдысынан боладысы қызық» дейді, атам қазақ. «Ұлы Абайдың алда келе жатқан 180 жылдығы қалай атап өтілер екен? Туған елі мен жерінде той бола ма жоқ па?» деген ойлар өткен жылдың жүзінде көптің көңілін күпті еткені рас. Бұл сұрақтардың жауабы ескі жыл мен жаңа жылдың тоғысында табылған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтау сөзінде: «Біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өтеміз. Ата Заңымыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде өткіземіз. Сондай-ақ, ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек», - деген болатын.

Міне содан бергі жеті ай көлемінде атқарылған жұмыстың нәтижесі – көпшіліктің көз алдында. Уақыт шіркін бір орнында тұрған ба? «Туған ай – туралған етпен тең» дегендей, тамылжыған тамыз айы да орталап, қыр мен ойдың қалың жұрты «қыстың қамын жаз ойла» дегенді анық ұстанып, шаруаға алаңсыз кіріскен шақта топырағына табанымыз тиіп, тамашасына куә болған Абай тойы туралы аз-кем еске алу жазып қоюды жөн көрдік.

Ас пен той – халқымыздың есте жоқ ескі заманнан келе жатқан салтанатты жиыны. Тойдың мақсатын халқымыз ежелден тек алыс-жуықты жинап алып ырғындата ішіп-жеп қарын тойдыруға, ас ішіп, аяқ босатып, бойдағы өнерді көрсетіп күш-құдірет салыстыруға ғана тіреп қоймаған. Қазақ ұғымындағы той – белгілі бір межелі уақиға, жағымды жағдайға байланысты қуанышты дастарқан басында ортақ қуану, өткенге есеп беру, барды бағалау, болашаққа ой тастау болып келген.

Осыған орай той күндерінің таусылмас, ұмытылмас қызық-думаны өз алдына. «Қазақ осы – көргенінен танбайтын, Той-думансыз оты түзу жанбайтын», - деп Қадыр Мырза-Әлі жырлағанындай, әлемдегі той-думаншыл халықтардың қатарында екеніміз де рас. Бұл бір қасиетімізді осы тойдың себепкері Абай хакімнің өзі де сын садағына іліп өткені де рас.

Уақыт алға жылжып, дәуірден дәуірге озған сайын көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа анық бет алған халқымыздың той тойлау дәстүрі де өзгеріп, жаңара түскені де рас. Бұған кейінгі өткізіліп жүрген тойлар куә. Орнымен, артық ысырапсыз тойланған тойлардың мән-мағынасы бүгін-ертең жойыла қоймайды. Сондықтан да кейде: «Осы тойдың қажеті қанша?» дейтін әсіре ойларға да жауап табылады.

Семейде, Семейде ғана емес, еліміздің бүкіл өңірлерінде сан түрлі, алуан мазмұн мен пішіндегі іс-шаралардың шарықтау шегі, қойылған қою да жарқын бояулы нүктесі іспетті Қарауылдағы Абай тойы тамаша өтті деуге болады. «Елу жылда ел жаңа» деген ескі меженің өзі жаңа дәуірдің ырғағында өзгергені соншама, 150 жылдықпен салыстырғанда атап өтудің деңгейі мен мазмұны, формасы тұрғысында үлкен өзгешелік бары да рас. Біздің еліміз де той-мерекені өткізуде әлемдік үрдіске және техникалық, ақпараттық технологиялық мүмкіндіктердің артуына сай көрнектілік пен минимализмді, ұтымдылықты молынан игергендігі аңғарылады.

Қарауылтөбенің теріскей бөктеріндегі алып той сахнасы мен киіз үйлер қалашығы, өзге де қызмет-даяшылық нысандары осыған мысал. Той орнындағы асфальт, тартылған электр желісі, кәріз жүйесі, ыңғайлы оқшауланған көліктер мен қоғамдық даяшылық нүктелері, арнайы ретпен тігілген киіз үйлердің өз-өздеріне бөлінген қонақтарды қабылдап күтудегі, концерттік номерлерді, театрландырылған қойылымдардағы ұсынудағы дәлдік пен жүйелілік, өрт, төтенше жағдайлар мен санитариялық талаптардың сақталуы т.б. жағдайлардағы реттілік, жинақылықты атап өткен жөн болмақ және бұл дегеніңіз қаншама адамның қаншама күндер-түндер бойы жасаған тынымсыз атқарған еңбегінің жемісі ғой.

Сондықтан да «келгенше қонақ, келген соң үй иесі ұялады» демекші, ұйымдастырушыларға сырттан келген барша қонақтар рақметімізді айтқанымыз дұрыс болар және де абайлықтар ұялатындай ешқандай жағдай да болмағанына осы тойға жиналған қырық мыңдай адам куә деп білеміз.

Қазақ даласының түкпір-түкпірінен, бауырлас елдерден жүйрігін жаратып, балуанын баптап, айтыскерін алқалап, желаяғына дем бере жеткен тойшыл қауым үшін мұндағы жарыстар мен сайыстар да әділ өтіп, әр тараптан келген әр жүйрік әліне қарай шауып, лайықты бәйгесіне, жүлдесін иеленіп, разы-хош болып тарасқаны да ғұмырында әділетті ту етіп өткен ұлы Абай тойының сәнін арттырған жосын болғаны анық. Қалай десек те бұл Абайдың өз қолданысындағыдай «асау той, тентек жиын, опыр-топыр» емес, тағылымды, ретті, ұлан-асыр той болды.

«Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында.» Салтанатты құттықтауда оқылған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзіндегі осы бір жолдар да той ауқымындағы іс-шаралардың мән маңызын аша түседі.

Қонақ шақыру, той жасаудың ұмтылыс аясында үйдің іші-сыртын жинастырып, қора-қопсыны реттеп алатын қазақтың байырғы салты емес пе? «Шай-қант пен тоғыз нарға тоқаш артып, Көтібар – өзі шекті батыр келді» демекші, тойға қазақ ежелден жөн-жобасымен тарту-таралғымен келген. Осы бір игі дәстүр Абай тойында да жалғасын тапты. Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай Мемлекет басшысының қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы жарияланған болатын. Осы акция ауқымында еліміздің өңірлері Абай облысына бір-бір нысан тарту етпек. Атап айтқанда Астана қаласы жайлы мектеп, Қарағанды қаласы үлкен мешіт салып бермек екен. Сондай-ақ Шымкент қаласы шығармашылық орталығын, Түркістан облысы көрме орталығын, Астана қаласы келешек мектебін, Ақтөбе облысы жекпе жек орталығын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын салуды, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыруды жоспарлап отыр екен. Абай тойының тоғызыншы күні осы акция бойынша салынатын нысанның бірінің құрылысы да басталып кетті. Қарт Каспийдің жағасындағы мұнайлы өңірдің Семей қаласына салып беретін нысаны Достық үйінің іргетасын қалау рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбаев бастаған делегация қатысты.
Абай облысының әкімі Берік Уәли мырзаның мереке ауқымында сөйлеген сөзінде әлі де бірлесіп атқарар істердің көп екендігін айт келе, алдағы кезеңде Абай жері қарқынды құрылыс алаңына айналатын айтқан болатын.
Осы ретте Абай облысының бүгінгі басшысының атқарып жатқан ілкімді істеріне деген ел-жұрттың көңіл ауаны, пікіріне де тоқтала кеткен дұрыс болмақ.
Негізі тұтас бір мемлекет немесе оның ірілі-ұсақты әкімшілік аумағының гүлденіп жетістіктерге жетуі оны басқарған адамға көп жағдайда тікелей қатысты болатынына мысал көп. Кезінде көршілес Ресейдің көмірлі өңірі Кузбассты қандасымыз Амангелді Төлеевтің қалай дамытқаны елдің есінде. «Үш жүздің баласының, атының басын бір кезеңге тіредің», - деп Бұқарекең айтпақшы, Абай елінің атының басын бір кезеңге тіреп, қарқынды дамудың жаңа биігіне шығару – Берік Уәли мырзаның парызы, елдің үміті болып отыр екен. Бұған осы қалада болған бірнеше күнде халықпен әңгімелескенде көзіміз анық жетті. Сонау тоқсаныншы жылдар басында оқып білім алған қалам Семейдің кешегісі мен бүгініне аз да болса ой жүгіртіп салыстыруға мүмкіндігіміз бар еді. Осыған саятын болсақ, Астананың қарқынымен салыстыруға болмас сол отыз қанша жылдың ішінде, , өзге көптеген өңірлерге қарағанда кенжелеп дамығаны анық көзге ұрып тұрғандай. Семейде болған бірнеше күн ішінде мұны айқын сезіндік. Түрлі деңгейдегі басшы-қосшы, жұмысшы-малшы дегендей, қыр мен ойдағы көптеген адамдармен тілдесіп, ой-пікірлерін білгенімізде соңғы жарты жыл жүзіндегі суалған тамырға қан жүгіріп, құрысқан дене жазыла бастағандай күйге ризашылығын білдірісіп, әрқайсысы осы бір оң өзгерістердің ұзағынан жалғасын таба берсе деген үмітін айтып жатты. Көне Семей, кейінгі жылдары сәл көнерген Семей қазіргі күні түлеу алдында тұрғандай. Бұл атмосфераны күрделі жөндеу үстіндегі теміржол вокзалынан-ақ аңғарасыз.
Облыс әкімі өз сөзінде Абайдың 180 жылдығы ауқымында жүзден аса іс-шаралар ұйымдастырылғанын айтып өткен болатын. Бұл іс-шаралардың біразына Семейде, Қарауылда өзіміз де куә болдық. Бәрі де танымдық, тағылымды болды.
Той өтті, белгі болып не қалды? Қалған дүние көп, әрине. «Абайға құрмет» аясында салынатын ғимараттар Семейдің рухани-мәдени, әлеуметтік-экономикалық тамырына қан жүгіртіп, әлеуетін, сәулетін арттыра түсетін болады. «Нағашыма да барайын, тайымды да үйретіп алайын» дегендей, тойға дайындық барысында облыс, қаланың, ауданның халқы ғана емес, күллі Қазақстан Абай рухымен қайта бір молынан тыныстап қалды. Абай тойына арнап қаншама мәдени, әдеби игіліктер қолға келді. Атап айтқанда «Абай академиясы» энциклопедиялық порталы ашылды. Абай облысы әкімдігінің тапсырысымен жарық көрген «Абай жолы» танымдық энциклопедиясы, «Абай Құнанбайұлы кім?» атты балаларға арналған кітап және қазақ, ағылшын, орыс, қытай тілдеріндегі Абайдың академиялық жинағы, «Абай» баспасынан жарық көрген эксклюзивті бес кітап, сондай-ақ көрнекті халық жазушысы, абайтанушы-мұхтартанушы Кәмен Оразалиннің «Абайдан соңғы арыстар» атты үш томдық кітабы, жазушы, зерттеуші Алмахан Мұхаметқалиқызының «Абай жолы» кейіпкерлері және Абай» және «Абай. Стихи и поэмы» кітаптары, ҚР ҰҒА Әдебиет және өнер институты әзірлеген Абай шығармаларының 3 томдық академиялық жинағы, танымал әнші, өнер зерттеуші Еркін Шүкіманның «Абайдың музыкалық мұрасы» кітабы және басқа да еңбектер – ұлы ақынның 180 жылдығы ауқымында оқырмандарға жол тартты.

Өнер ұжымдарының да ерекше сыйларына да куә болдық. Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы ауқымында 2025 жылдың 5 тамызында Семей қаласындағы Абай атындағы театрда Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және III дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, профессор Шахмардан Әбіловтің «Ой толғау – Хәкім Абай» атты монооперасы сахналануы да ерекше рухани тарту болды. Абай музейіндегі ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған, сурет өнерінің алуан жанрында орындалған туындылар көрмесі де айрықша.

Осы ретте 180 жылдық ауқымында өткен мәдени іс-шаралардың бірі, «Адамзаттың Абайы» атты республикалық айтысты да атап өткен жөн. Өз басымыз, кезінде құдды футбол фанатындай көрермені болған айтысты қызықтаудан кейінгі онжылдық жүзінде алыстап кеткен жағдайымыз бар еді. Бір мен ғана емес, сан мыңдаған көрермен үшін оның да өзіндік мінәйі себебі бар ғой.
Дегенмен бұл жолғы айтыстың жөні бөлек болғанын аламанға қатысушылардың шабыт өресі мен көрермендердің ынта-ықыласы растайды. «Заготовкасы» қай тұста, суырыпсалмалығы қайсысы дегенді аңғарлай алатын көрермен мұнымызбен келісер. Он екі жүйріктің ішінен Мақсат Ақанов, Рүстем Қайыртайұлы, Мейірхан Сұлтанхан, Айбек Қалиевтердің сөз саптаудағы, Абайдың адами, ақындық тұлғасын ашу, оны бүгінгі күннің өзекті мәселесімен байланыстыра жырлауда шоқтығы биік болғанын атап өткен ләзім. «Фольклордың бүгінгіге жеткен эндемигі іспетті айтыстың ХХІ ғасырда қажеті жоқ. Өле берсе де болады» дейтін, классик жазушыларымыздан қатардағы қаламгерге дейінгі бір шоғырдың айтып жүргені әлі де болса асылық-ау деген ой келеді, осындайда.

Онкүндіктің тоғызыншы күнінде Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада отандық, шетелдік ақындардың қатысуымен өткен «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» атты халықаралық поэзия фестивалін де ұлы ақынның мерейтойы аясындағы лайықты іс-шара болды деп есептейміз. Ақын тойында ақындар көсіле жырлап, арқырап өлең оқымаса не сән?

Қысқасы «Абай тойына барған да арманда, бармаған да арманда» десек, әсірелеу немесе түрлі жағдаймен қатысу реті келмеген ағайынның көңіліне келмес деп білеміз. Той ғибратты, үлгілі өтті. «Қазаққа толық ес кірсе де, Абай ескірмейді» деп тойда сөйлеген шешендердің бірі айтпақшы, Абай рухы мәңгі халқымен, барша адамзатпен бірге жасай бермек. «Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық. Ұлы Абайдың аманатына адал болайық!» Түйін – осы.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.