Қос ақынның үш кездесуі

Бөлісу:

18.03.2019 11591

БІРІНШІ ЛИРИКАЛЫҚ ШЕГІНІС

Мен Алматыға «Қазақстан пионері» газетіне редактор болып келдім. Келгім келмеді: бұрын газет-журнал редакциясында басшы қызметте болмағасын, жүрексіндім, әрі ауыл-ел шалғай - Гурьев қайда, Алматы қайда?! - анам болса, жасы келген адам, Айбар кішкентай, әйтеуір не керек, жалғыз өзім шіріген жұмыртқадай сезініп, астанаға келдім. Бар танитыным - «Лениншіл жас» газетінің ұжымы. Ең алдымен өзім меншікті тілшісі болып істейтін «Лениншіл жастың» жаңадан келген редакторы, яғни өзімнің бастығым Сейдахмет ағаға (Бердіқұлов) сәлем бердім. «Сені Қазақстан пионеріне» редактор болса деген ұсыныс бар», - деп, ағай өзі бұрын басшылық еткен пионер газетінің қызметкерлерімен сырттай таныстырды. «Алматыдан адам табылмағандай, түу Гурьевтен әкелулеріне қарағанда, республика басшыларының біреуінің бірдеңесі болды ғой шамасы», - деп, тосырқағандар да кездесті. Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков пен идеологиялық хатшы Кеңес Аухадиев - екеуі де өте жылы ниетпен қарсы алды.

- Сенің «Лениншіл жастың» батыс облыстардағы меншікті тілшісі қызметінде жүріп жазған мақала, очерктерің, көтерген мәселелерің бізді де ойландырды. Республиканың пионер, комсомол баспасөзінде басшы қыздар жоқ, сондықтан өзіңді ұсынып отырмыз, - десті.

Сонымен, астанадағы өмір басталды. Жаңа ортаның психологиялық салмағы жеңіл емес екен. «Лениншіл жастың» тілшісі бола жүріп, біраз өлеңдер жазғам, олар республикалық «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында басылды. «Мазасыз шақ» деген өлеңдер жинағымды «Жазушы» баспасына тапсырдым. Бір күні Ақұштап (Бақтыгереева) келіп:

- Сенің кітабыңның редакциялық талқылауы болатын көрінеді, соған келсін деп жатыр, - деді. Екеуміз бардық. Баспаның поэзия бөлімінің меңгерушісі Қадыр Мырзалиев те, менің кітабымның редакторы Сағи Жиенбаев екен.

Менің редакциялық кеңес, талқылау дегеннің не екенінен хабарым жоқ. Ол кезде «Жазушы» баспасы Коммунистік проспектісінің бойында, Қазақстан Жазушылар одағы үйінің бірінші қабатында болатын. Менің кітабымды талқылау басталды. Марқұм Шәміл Мұқамеджанов, Ғафу ағамыз келді. Бір кезде есікті айқара ашып, еңгезердей, қызыл шырайлы жігіт кіріп келді. Бұған дейін көрген емеспін, бірақ тани қойдым - Мұқағали Мақатаев. «Жұлдыз» журналында қызмет істейді деп Ақұштаптан естігем. «Қарлығашым, келдің бе?» кітабы арқылы сырттай жақсы көретінмін. Отырды. Жұрт сөйлеп жатыр. Сағи ағамыз:

- Фаризаның өлеңдері тым анайы, ой, сезімін тым ашық айтады, ал бұл шығыс әйеліне жат қылық. Мысалы:

«Адам деген бақыттан тұншығады, ә –

шырын сәтте бойында қан тасыған.

Біздер жаққа қарауға қымсына ма –

Ай жатыр шалқасынан», -

дейді. Яғни, Айдың қымсынуына қарағанда, лирикалық екі кейіпкер кісі қызығарлық іс істеп отырмаған болу керек, - деп, тағы көп-көп мысал келтірді.

Бір кезде Мұқағали орнынан атып тұрып:

- Әй, Қадыр! Сағи! Мына қыз (бұрышта адамдардың арасына түскен тағы мысықтай бүрісіп отырған мені сұқ саусағымен шұқшия нұсқады) күні ертең сендерді ұрып кетеді (шамасы, «жер соқтырады» деп тұрғаны-ау деп ұқтым). Бетің құрсын, кәпір! - дегені! Сүйтті де: - Әуелі осы қыздай өлең жазып алыңдар! - деп есікті тарс жауып шығып кетті. Не жыларымды, не күлерімді білмей, бетің құрсын дегені несі деп аласапыран ойлармен мен отырмын.

Ақұштап:

- Сен көңіліңе алма - оның жақсы көргені солай, «сүйген құлын шұнағым дейдінің» кері ғой, - деп сыбырлады.

Менің Мұқағали ақынмен алғашқы кездесуім еді бұл.

ЕКІНШІ ЛИРИКАЛЫҚ ШЕГІНІС

Бірде түске қарай «Жұлдыздың» редакциясына Ақұштапқа келдім. Бөлмелеріне кірмей, есік алдындағы ұзын коридорда тұр едім, іштен Мұқағали шығып келе жатыр екен. Жаныма келіп, қол беріп амандасты. Өткендегідей емес, ұялшақ баладай именіп сөйлейді.

- «Жалындағы» өлеңдерің керемет! - деді әрі-беріден соң. - Жазу керек, жазу керек, бізге басқа амал жоқ.

Соның алдында ғана екі айда бір шығатын «Жалын» альманағына бас редактор болып барған Шерхан ағай бір топ жаңа өлеңдеріңді әкел деп сұратып, бірден кезекті санына басып шығарған еді. Мұқағали соны оқыған екен.

АУДИОМАТЕРИАЛ: Фариза Оңғарсынова - "Әкеме"

Тахауи ағамыздың 50 жасқа толған тойы жақсы өтті. 1973 жыл болатын. Қазақтың М.Әуезов атындағы драма театры (Коммунистік проспектісі мен Мәметова көшесінің бұрышындағы қазіргі Балалар мен жасөспірімдер театрының үйінде) Алматының игі жақсыларына лық толды. Шыңғыс Айтматов келді. Мұндай зиялы орта, салтанатты той көрмеген мен үшін бәрі таңсық. «Ойпырым-ай, біз де елуге келер ме екенбіз, келген күнде халқымыз осылай қошемет жасар ма» деген үміт жылт-жылт етіп жүрегіңді қытықтайды. Келесі күні «Алматы» қонақ үйінің ресторанында той иесі дастарқан жайды. Әдебиетшілердің аузы дуалы ақсақалдарынан бастап, пәлендей ауыз тұшытарлық ештеңе жазбаған мен де шақырылыппын. Жұмекен, Асқар, Алтыншаш, Әбіштер отырған шеткері столдың жанынан маған да орын тиді. Салқын тамақ желініп, енді ыстық асқа кірісіп, жұрт кезек-кезек сөз алып, Тахауи ағамызға деген жүрекжарды тілектерін айтып жатыр. Дастарқан тізгінін ұстаған ағамыз қазақтың қара сөзін әндей әрлендіріп, тойдың сән-салтанатын онан сайын арттыра түседі. Біздікі - сөз тыңдау, «жақсы ас қалғанша, жаман құрсақ жарылсын» деп ішіп-жеу.

Бір кезде ресторанның ас бөлмесі жаққа жұрт жапырлай жалт қарады. Менің желке тұсым еді, бұрылсам, Мұқағали келе жатыр екен. Сырт киімсіз, костюмшең, жалаңбас. Біздің столды бетке алып келеді. Мен әлденеден сескенгендей ме, әйтеуір, бір мазасыз күйде қолымдағы ас айырмен тәрелкемді шұқылай бергенім есімде. Тура менің желке тұсыма келіп тоқтады да, иығымнан ұстап:

- Тұр! - деді.

Менің де мінезімнің оңып тұрғаны шамалы. Біреудің қатқыл даусы түгілі, көлденең көзқарасын көңіліме алатынымды білетін жолдас жігіттер қипақтасып, «енді не болар екен, тегі бұл екеуі жанжалдасып тынады-ау» дегендей, әліптің артын бағысып, үнсіз қалды. Бірақ Мұқағалиды отырғызып не көңілін аулап сөйлесуге, нысана болып отырған менен оның жанарын тайдырып әкетуге біреуі әрекет жасамады. «Тұр» деген сөзді естігенде, мен ішкі бір әуенге құлақ салдым да, ұшып тұра келдім. Жұрт әлі үнсіз. Сонан соң:

- Жүр! - деді, айдаладай алақанын иығыма салып. Мен алпамсадай ағаның қолтығында кетіп бара жаттым. Бағыты - бағана өзі келген, ас дайындайтын бөлме жағы. Тамақ тасыған даяшылар ерсілі-қарсылы қызыл танау болып жүр. Үлкен залды ас бөлмеден бөліп тұрған шымылдық тәрізді бөгет-қабырғаның арғы жағына барғанда, тұра қалды. Сөйтті де:

- Шеңберден шығу керек, шеңберден шығу керек, Фариза!- деді.

- Айтайын дегеніңіз осы ма? - дедім, албырап тұрған жүзіне таңдана қараған күйімде.

Үндеген жоқ. Бағанағыдай иығыма алақанын салған күйі орныма әкеліп отырғызды да:

- Мен кеттім, - деді.

Зал оған тіл қатпады. Рюмкалар сыңғырлап, әдемі сөздер төгіліп жатты.

Енді бірде Жазушылар одағы үйінің бір бөлмесіндегі «Жалын» альманағының редакциясында істейтін Төлен Әбдіков пен Дулат Исабековке бардым. Көп ешкіммен араласпаймын, анда-санда әңгімелескің келіп, ойыңды жалтаңдамай айтатын түсінікті жолдас-жора іздейтін кездерің болады. Сондай кезде Төлен мен Дулатқа барып әңгімелесіп кететін әдетім. «Жалынның» есігіне таяп қалғанымда бір күректей алақан екі иығымнан қаусыра құшақтай алды да, мен ауға түскен балықтай тыпырлап, қуатты құрсаудан бұрылып қарауға да шамам келмей қалды. Сонсын әлгі қарулы қолдың иесі шашымнан иіскеді де:

- Әй, бала, мен ғой! - деп, иығымнан өзіне қарай бұрып алды. Мұқағали екен. Аздап ішкендігі көрініп тұр. Ұрттамай жүргендегі ұяңдық жоқ, бірақ ешқандай ерсі қылық көрсетпейді.

- Бала, мен мына қырттармен алысып жүріп, ақыры таңдамалымды өткізетін болдым, атын «Өмір - дастан» деп қойдым! Ал маған ақша керек, көп емес - бір сом болса жетіп жатыр, - деді.

Қалтамда бар болғаны бес сом екен, ұстата беріп ем, бетіме ойлана қарап қалды.

ҮШІНШІ ЛИРИКАЛЫҚ ШЕГІНІС

Адам баласы көзі тірісінде бір-бірін қадірлей алмаудан өмір бойы опық жесе де, қорытынды шығармайды. Бір-біріне деген енжарлықтың зардабы жанашырлық пен мейірімнің нәрін сорып азайтуға қалды. Бірақ жан дүниесі тар, көңіл кеңдігі жоқ деп ешкім жазғырылмайды. Мұқағали ақынның айдалада жүріп жақын тұтқан, бауырына тартқан сезімі мен сенімін сезе тұрып, телефон соғып, не жай-күйін білуге іздеп барған емеспін. Ылғи кездейсоқ кездесіп қалудан тұратын таныстығымыз, бауырластығымыз мәңгілік үзілместей көргеніме өкінем.

«Қазақстан пионері» газетінің редакциясы бұрынғы Коммунистік проспекті мен Гоголь көшесінің бұрышындағы үйден М. Горький мен Пролетар көшесінің бұрышындағы 9 қабатты жаңа салынған үйге көшті. Сағат 14-00-де Орталық комсомол комитетінің секретариатына баруым керек болып, түскі үзіліске ертерек шықтым. Көктем еді. Күн ашық, жылы. Есік алдында тұрған редакция машинасына отыра беріп ем, қай жағымнан келіп қалғанын білмеймін - Мұқағали жетіп келді. Мұқағалиды көріп кері түстім де, машинаның артқы есігін ашып:

- Отырыңыз! - дедім. Тағы да ішкенге ұқсайды. Соңынан екі-үш адам жүгіріп келе жатты. Мен машина есіктерін жауып, сыртынан ашылмасын деп, ішкі жағындағы тетіктерді басып қойдым. Ойым - ана кісілерден бөліп алып, үйіне апарып салу. Әлгі жанындағылар мені көріп, машинаға жармасуға батылдары жетпей, аңтарылып қала барды.

- Аға, үйіңіз қай жерде? - дедім машина қозғала бергенде. - Апарып салайын...

- Үйге апаратын болсаң, әуелі бір шыны қызыл арақ ал, - деді. Жанымда бір тиын жоқ: ертемен кешегіден басқа бешпетімді киіп шығып ем, тиын-тебеннің бәрі үйде қалыпты. Машинаны жүргізуші Валентин адамның көңілін айтпай ұғатын аса сезімтал адам еді. Жалғыз-ақ айыбы - ішкенді жақсы көретін. Бірақ керемет жақсы адам.

Сыбырладым. Бір жерге тоқта да, машинадан шық - айтатын сөзім бар дедім. Түсіне қойды.

- Қазір мен үйге барып, ақша алып шығуым керек, сен бір дүкенге кіріп, екі шыны қызыл арақ ал, сосын мына кісіні үйіне апарып саламын, қазақтың ұлы ақыны, - дедім. - Бірақ біздің үйдің жанына барғанда, біздің үй екенін айтпа - үйге кіріп шықпай жүруі мүмкін, ал мен сағат 14-00-де жиналысқа баруым керек.

Сонымен екі шыны қызыл арақты екі қолыма алып, Мұқаң айтқан адреске келіп тоқтадық. Есіктің қоңырауын қақты. Арғы жағынан есік ашылды да:

- Тағы ішіп келдің бе? - деген әйел адамның ренішті үні естілді. Мен екі қолымда екі шыны арақ ұстаған күйім Мұқағалидың артында тұрмын. Ол үйдегі жеңгемізді бұрын көрген емеспін.

- Әй, айқайлама, біздің үйге кім келгенін білесің бе? - деді, есік ашқан тұлғалы әйелге қарап.

- Жоқ, білмеймін.

Әйелдің даусында ренішті үн, көңілі қалғандай, ығыр болған кейіп менің төбемнен суық суды құйып жібергендей әсер етті.

- Фариза келді! - деді Мұқағали дәл аспаннан түскен адамды таныстырып тұрғандай.

Менің атымды естігесін жеңгейдің жүзіне жылу жүгірді. Шамасы, Мұқаң үйде айтып отыратын болса керек. Әйтпесе, талай ер-азамат ақынның талай әйелінің, күйеуінен кем емес өлең жазып жүрсем де, маған бір қылмыскерді көргендей алая қараған шанышқы жанарларын өңменімнен өткізгем.

Ас бөлмеге кірдік.

- Мынау екі шыныны Фариза алды маған, өзі ішпейді. Біреуін ашып, маған құйып қой, Лашын! Ал, үйде нең бар - құрт бар ма, көже бар ма - бәрін әкел дастарқанға! - деді де, өзі төргі бөлмеге кетті. Оқушының екі көк дәптерін алып, ас бөлмеге енді. Мен отырмын. Жеңгей үйдегі барды дастарқанға қойып жатыр. Мен Мұқағали шығып кеткенде, Лашын жеңгейге қалай кездескенімді, өзімнің асығыс екенімді айтып үлгердім.

- Міне, көрдің бе - мынаның бәрі жаңа өлең, Фаризажан! - деп Мұқаң дәптерді менің алдыма қойды да, екі қолымен иығымнан қапсыра құшақтады. Біраз тұрды. Бағанағы қызу күйінен белгі де қалмағандай.

- Сен асықпа, түстікті жеңгеңнен іш! Мен саған өлең оқып берем! - деді. Мен көмек сұрағандай жүзбен жеңгейге қарадым.

- Ау, жарқыным, өзі әлжуаз көрінеді, иығынан алсаңшы қолыңды! - деп, Лашын жеңгей менің күйімді бірден ұға кетті.

- Жиналысы бар көрінеді, баяндама жасайды екен, бір-екі өлең оқы да, Фаризаға рұқсат бер!

Мұқағали өкпелеген баладай отырып қалды.

Келер жылы көктем шықты. Редакцияда отыр ем, телефон соғылды. Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов екен.

- «Балалар кітабының әлемдік апталығы» Бакуде өткізіледі. Соған сен барып қайтсаң, дұрыс болар еді, - деді.

Жолға дайындала бастадым. Билет алып, редакциядағы шаруаларды жігіттерге тапсырдым, ертеңіне жүруім керек еді. Редакция хат бөлімінің қызметкері Айнаш Шынықұлова бес-алты хат әкеліп берді.

- Сізге арнап жазылған хаттар, - деді.

Арасында біреуі тым қалыңдау екен. Балалардың, ата-аналардың әдеттегі хаттарына ұқсамайды, сыртына адресті қазақша жазыпты. Ол кезде конверттің сыртына қазақша жазуға болмайды, тек орыс тілінде жазылады. Соңғы жағында адрес көрсетілмеген - шиырып қол қойылыпты. Ашып қарасам, колмен жазылған өлең.

«Фариза, Фариза ақын, Фариза қыз!» - деп басталатын ағыл-тегіл шумақтар. «Бұны кім жазуы мүмкін?» - деген оймен бірінші парақты оқи сала, шыдамай алты бет өлең-хаттың соңына көз жүгірттім. Мұқағалидың өлең-хатын алып, алқымыма тығылған жұдырықтай кесекті жұта алмай, көзімнен шығардым. Сол түні Бакуге ұшуым керек еді. Үйге келіп, жолға жинақталып жатсам, кешкі сегіз жарымның шамасында біреу телефон соғады. Лашын жеңгей екен.

- Ағаң саған хат жазып жіберіп еді, соны алды ма, алмады ма деп қайта-қайта маған айтып, мазасызданып жатыр. Ауырыңқырап тұр ағаң, ауруханада... - деп, жеңешем сөзінің соңын жұтып, бәсең сөйледі.

Мен хатты бүгін ғана алғанымды, өзім Жазушылар одағының тапсырмасымен түнде жолға жүріп бара жатқанымды айттым.

- Көп сәлем айтыңыз, келген бойда өзім барамын, - деп хош айтыстым.

Адамның онсыз да қысқа ғұмыры тек өкініш пен қоштасудан тұратындай көрінеді кейде маған. Егер мен со жолы Мұқағали ақынның аласұрып, дүниеден бір жылылық көріп кетуді армандап жатқанын ұққан болсам, Баку сапарын ысырып тастап, жанына барып, маңдайына тигізген алақаным арқылы жанымның бар жылуын тұла бойына таратпас па едім.

Мен өзімнің ойсыздығымнан өмірімде осымен екінші рет өкініш азабын тарттым.

Ең алғаш, институт бітіргеннен кейін, мені жақсы көрген Нұрат деген жігіттің қыршынынан қиылар алдындағы көңіліне медеу бола алмағаным. Ауруханада жатыр екен. Мен бір жаққа кетіп ем, үйге келіп ауру екенін ести сала, бардым. Екі беті албырап, жанарымен ішіп-жеп, әңгімелескісі келіп, төсегінен басын көтерді. Мен оның парасатын, адамдығын сыйлағанмен, жақсы көрмейтінмін.

- Тезірек жазылып кет, - деп кетуге ыңғайлана беріп ем, жігіт алқынып:

- Фари, отыра тұршы, он минут отыршы, - деп жалынды.

Мен өтінішіне мән бермей, қазір дәрігерлер келетінін айтып, тағы да келіп тұруға уәде беріп, шығып кеттім. Содан үш сағат өткенде, аурухана төсегінде қайтыс болып еді. Сол жолы бір өкінгенім әлі есімде болатын. Енді, міне, Мұқағалидың хатына, жеңгеміздің хабарына мән бермей, желкілдеп кете бардым.

Бакуде бір жұмадай болдым. Көп ұлтты совет әдебиетінің балаларға жазатын өкілдері, шет ел әдебиетшілері Каспий жағалауындағы қалаға жиылып, өлең оқып, бүлдіршін оқырмандармен жүздесіп, ырду-дырдумен уақыт өтіп жатты. Үйге, балаларға, амандық білуге хабарластым. Наурыздың 28-і күні ғой деймін.

- Кеше Мұқағали ағай қайтыс болыпты, - деді үйдегілер. Мен аласұрдым да қалдым. Алматыға ұшуға билет жоқ. Сөйтіп, ұлы ақынның соңғы дидарын көре алмай, соңғы сапарына аттандырып сала алмай, сандалақтап Алматыға оралдым.

Мұқағали ақынның маған арнаған өлең-хаты халық арасында көп аңыздар туғызып, түрлі хикаяларға желі болып келеді. Мұнда менің ешқандай «еңбегім» жоқ - бұл - халықтың өзінің ұлы перзентіне деген махаббатынан туған аңыз-әңгімелер.

Ал Мұқағали мен менің арамда болған сыйластық, қимастық, түсініктің бар емірбаяны - жоғарыдағы.

Тағы бір әңгіме - Мұқағали екеуміздің 1984 жылы Қазақ ССР-нің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығына қатар ұсынылуымыз хақында.

Мені Мемлекеттік сыйлыққа бұған дейін де бірнеше рет әр түрлі ұйымдар ұсынған, бірақ бір де-біреуі сыйлық жөніндегі комиссияның тізіміне іліккен жоқ еді. 1972 жылы, «Мазасыз шақ» деген кітабым шыққанда, Талдықорған облыстық комсомол ұйымы республика комсомолының сыйлығына ұсынды. Одан кейін комсомол сыйлығына «Асау толқын» жинағым ұсынылды, ол да хабарсыз кетті. «Шілде» деген кітабымды Жамбыл педагогикалық институтының коллективі Қазақ ССР-інің Мемлекеттік сыйлығына ұсыныпты деп естідім. Мұнда да тізімге ілінбедім. Екі жыл өткесін (мемлекеттік сыйлық та, комсомол сыйлығы да екі жылда бір беріледі) қазақтың қыздар педагогикалық институты «Сенің махаббатың» атты кітабымды тағы да Абай атындағы сыйлыққа ұсынды. Бұл жолы да үнсіз қалды.

Сөйтіп жүргенде, Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің редакция ұжымы (журналистік творчествомды бір кезде сонда бастағам) газет-журналға шыққан «Революция және мен», «Маңғыстау монологтары», «Үйім — менің Отаным» топтама өлеңдерімді 1984 жылғы республика мемлекеттік сыйлығына ұсынған екен. Сол жылы марқұм Мұқағали Мақатаевтың «Шолпан» жинағы да сыйлыққа ұсынылды. Мен бұрын сыйлыққа ұсынылыпсың дегенді естігенде, жастық па, қайдам, алғанымды тәуір көріп, іштей дәмеленіп, кейін қайта-қайта ләм-мимсіз қала бергесін, көңілім тоқтап, дәметуді мүлде қойғам. Бұл жолы да селт етпедім. Қуаныш дегеннің өзі де өзінің кезінде келсе ғана қуаныш болады екен. Әбден көңіліңді қалдырып, жерге қаратып алғасын соңынан алтын берсе де рақатқа кенелмейді екенсің. Мұқағали алады деген берік сенімде жүрдім. Сол жолы «Лениншіл жас» газетіне алғы сөзіммен қоса «Мақатаев туралы жыр» атты өлеңімді бастырып, ақын творчествосы Мемлекеттік сыйлық алса деген ақ ниетімді білдіруді жөн көріп едім. Менің өзім де сол сыйлыққа Мақатаевпен қатарласа ұсынылып отырғаныммен, «өзім алсам екен» дегендей үнсіз қалу мен үшін қылмыстай көрінді.

Мақатаев творчествосы сыйлық алмайды деген ой ешбір жөні түзу қазақтың ойына келген емес. Басқамыз алмасақ та, Мұқағали творчествосының сыйлыққа бірден бір лайық екеніне берік сенімде жүрдік. Мұзафар Әлімбаев, Мұхтар Мағауин және басқалар да сол жылы «жарысқа» қатар түсті.

Бір күні «қайтыс болған адамдарға сыйлық берілмейді деген шартпен Мұқағалиды алып тастапты» дегенді естідім. Бұл – желтоқсан айының бас кезі. Мұны естіп, отыра алмай, «Жалын» баспасында бас редактор болып істейтін, Мұқағали творчествосының жанашыры Бексұлтанға (Нұржекеев) жетіп бардым. Жиналыс болып жатыр екен. Күттім. Жаным шығардай жанталас күйде отырмын.

- Бір әрекет істеуіміз керек, бәріміз бірдей қол қусырып отырып, Мұқағалиға сыйлық берілмейтін болса, елдің алдында өлгеніміз және бізді, тірілерді аруақ атады, - дедім естіген хабарымды жеткізіп.

Екеуміз енді не істейміз деп іштей сенделіп біраз отырдық.

- Мен Назарбаев жолдастың (Қазақ ССР Министрлер Советінің председателі) қабылдауына барайын, - дедім Бексұлтанға.

- Бірақ аузы дуалы деген қазақтарға айтып, хат жаздырып, бәріміз қол қояйық, сол хатпен барған дұрыс шығар.

Хаттың сұлбасын қағазға түсірдік. Мұса Жәлел, Николай Островский секілді ақын-жазушыларға барлық сыйлық қайтыс болғаннан кейін берілген. Сыйлыққа ұсынылғандарды алып тастаңдар демейміз, Мұқағали үшін үкімет тарапынан қосымша сыйлық бөлінсін, әйтпесе бәйгеге салып тұрып берілмесе, үкімет пен партияға да, сыйлық жөніндегі комитеттің беделді мүшелеріне де үлкен сын деген ойларды жазып алып, екеуміз үй-үйді аралауға шықтық. Әуелі Әбділда ағамыздан бастап, Нұрғиса, Қадыр, Шерхан және Бексұлтан екеуміз қол қойып, мен Министрлер Советі председателінің көмекшісіне келдім. Қабылдау бөлмесі толған адам. Сол жылы қыс қатты болып, республика көлемінде ғана емес, Алматының өзінде де жылыту жүйелері жарылып, ызы-қызы болып жатқан. Көмекші жігіт Нұртай Әбіхаев әбден тыңдап алды да:

- Сізді председательге кіргізе алмаймын, - министрлермен, орынбасарларымен, басқа да шаруашылық басшыларымен мынау жағдайға байланысты жиналыс өткізіп жатыр және бүгін түнде Душанбеге ұшуы керек. Бірақ мына хатыңызды табыс етемін және өзіңіздің ауызша айтқандарыңызды жеткіземін, - деп шығарып салды.

Ақыры сыйлық Мүқағалиға берілмей, Жазушылар одағы жанынан жыл сайын талантты жастарға берілетін М.Мақатаев атындағы жаңа сыйлық белгіленіпті.

Бұл жайға халық қатты назаланды, тіпті Қызылорда, Шымкент, Гурьевтен маған әдейі келіп, анық-қанығын сұраған жанашырлар да болды. Бұл да - Мақатаев творчествосының қарапайым оқырмандар тынысына сіңіп кеткендігін, яғни шын мәніндегі халықтығын көрсететін ақиқат. Әрине, сыйлыққа ие болған менің және басқалардың аяқ астынан таланты артып, немесе керісінше, сыйлық тимеген Мұқағали творчествосының ұлылығы аласарып қалған жоқ. Бірақ бұл мені ыңғайсыз жағдайда қалдырған оқиға болды. Мұқағалидың ең бірінші жанашыры мен деп ұғатын халық алдында, әншейінде Мұқағали деп жан ұшырып жүгіріп, сыйлық бөлісуге келгенде, үн-түнсіз өзім иеленіп кеткен арсыздай көріндім-ау деген ой жегідей жеді. Әрине, түсінетін адамдар түсіндіріп жатпай-ақ бар жағдайды үнсіз ұғысты.

Фариза Оңғарсынова,

Қазақстанның халық жазушысы

Бөлісу:

Көп оқылғандар