Амангелді Кеңшілікұлы. Мұхаңның мәрттігі
Бөлісу:
Жақсы адам жайында осы шақпен сөйлеу де қиын кейде. Әсіресе, өмірдің қиын белесі мен тайғанақ өткелінде көмек көрсетіп, қолын созған адамың мемлекеттік қызметте жүрген лауазымды шенеунік болса, ол жайында бір ауыз жылы лебіз білдіру де оңайға соқпайды. Оның ең басты себебі –кез-келген шенеунік жайындағы жылы сөзіңді бүгінгі жұрт жағымпаздық ретінде қабылдайды. Пікір еркіндігінің тұсауы ағытылғаннан бері шенділердің бәрін жаппай жамандау баспасөз еркіндігінің белгісіне айналғандай ма, қалай? Пұт жасап, қол-аяғын жерге тигізбей оларды аспандатып мақтай бергендерді мен де құптамаймын. Бірақ, мемлекеттік қызметте де арпа ішіндегі бір бидайдай болса да еліне, жеріне, туған халқына шарапатын тигізіп, ұлттық рухымыздың айбынын асқақтату үшін аянбай еңбек етіп жатқан азаматтар бар. Өз басым өмір сапары жолықтырып, талай жақсылығын көрген Мұхтар Абарарұлы Құл-Мұхаммедті сондай азаматтардың бірі санаймын...
Алланың сөзі жазылған діни кітапта «Менің саған жасайтын жақсылығым сол - жолыңда жақсы адамдарды жолықтырамын» делінген екен. Құдайдың топырақтан жаратқан сүйікті құлына көрсететін мейірімінің шексіз екенін білдіретін осы сөздерді мен жиі есіме алып тұрамын. Өткен өміріме көз жүгіртіп, ойша шолсам, қиналған кездерімде қолтығымнан демеген сондай азаматтарды Жаратушы маған жиі жолықтырыпты. Солардың бірі – Мұхтар Абрарұлы....
Өткен ғасырдың соңындағы экономикалық қиындықтар қандай отбасының шаңырағына да оңай соққы болған жоқ. Есімізге түссе бір қорқынышты түс көргендей шошып түсетін тоқсаныншы жылдар, әсіресе жоғарғы оқу орнын енді ғана тәмәмдап, оңды-солын әлі танып үлгермеген біз сияқты жастарға ауыр тиді. Бәрінен бұрын, еліміздің рухани саласы қатты зардап шекті. Жабайы нарық өз үстемдігін жүргізіп, кітапханалар жабылып сыраханаға айналды. Амалдың жоқтығынан, келешегін сөз өнерімен байланыстыруды мұрат еткен қаншама талантты жігіттер мен қыздар қаламын тастап, нәпақасын табу үшін сауда жасап, тиыннан теңге құрап базар жағалап кетті. Жүздеген мың данамен шығып, ұлтымыздың рухани сұранысын қанағаттандырған басылымдардың тиражы күрт құлдырап 10-15 мыңға бір-ақ түсті.
«Күлшелі бала – сүйкімдінің» жайылған алақанына қарайтын күн туып, атақты ақындарымыз айы оңынан туған кәсіпкерлерге кіріптар болып, қолында қаражаты бар бизнесмендердің бәрі де шетінен «мықты ақынға», «талантты жазушыға» айналып шыға келді. Әкімдерді жағалауды кейбір қаламгерлеріміз негізгі кәсібіне айналдырып, қала, облыс, аудан басқарған атқамінерлердің батыр аталарының ерлігін аузының суы құрып, жер-көкке сыйғызбай мадақтаған поэмалар, романдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлықтай қаптады. Әділін айтсақ, сол жылдары жомарттығымен атағы шығып, қалың қазаққа «меценат» болып танылғандардың көбісі, шындығында өз аталарын дәріптеп, атағын шығаруды көздеген бизнесмендер мен кәсіпкерлер ғана еді. Әкемнің кітабын шығару үшін солардың талайының алдына барып тауым шағылғандықтан, жұрт мақтап жүрген кәсіпкерлердің біразын жақсы білемін.
Қарнымның ашқаны емес, бәрінен бұрын 1989 жылы әкемнің өз қолымен өндіріске дайындап кеткен «Іңкәр дүние» атты таңдамалысынан кейін бірде-бір жібі түзу өлеңдер жинағының жарық көрмегені менің жаныма қатты батып жүрді. Қаражат тапшылығына байланысты мемлекеттік тапсырыспен ол жылдары ілеуде біреудің ғана кітабы баспалардан шығатын.
Көңілсіздіктің тұманы Алматының аспанын түнертіп тұрған сондай күндердің бірінде «Атамұра» баспасынан бір әйел үйге телефон шалды. Менімен өте жылы сөйлескен ол ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің мұрындық болуымен «Атамұра» кітапханасы сериясымен қазақтың талантты ақындары мен жазушыларының таңдамалы бір томдығын шығару ісінің қолға алынғанын айтып, әкемнің кітабын шығарып беру үшін рұқсатымызды сұрады. Көктен тілегеніміз жерден табылғанына үй-ішімізбен мәз-мәйрам болып, біз бұл өтінішке қуана-қуана келісімімізді бердік. Уақыт создырмай, әкемнің ең жауһар жырлары, балладалары мен поэмаларын іріктеп дайындаған қолжазбаны баспа қызметкерлеріне табыс еттім.
Бар-жоғы үш-төрт айдың ішінде сырты әдемі безендірілген «Менің мұңым – махаббат» атты таңдамалы жыр жинағы да қолымызға тиді. Отбасымыздың сол кездегі қуанышын сипаттап беруге тілімнің құдіреті жетпейді. Қайтыс болғаннан кейін он төрт жылдан соң жарық көрген әкемнің таңдамалысын қолына ұстағанда шешемнің көңілі толқып, көзіне жас келді. Екі-үш аптадан кейін «Атамұра» баспасынан телефон шалған әйел тағы да бізге хабарласты. Мен жаным қалмай, ол кісіге рахметімді жаудырып жатырмын. Ал, ол болса «Баспаға келіп, әкеңіздің қаламақсын алып кетіңіз» деп бізді одан бетер қуантып тастады.
Біз бұл жаңалыққа сенерімізді де, сенбесімізді де білмей абдырап қалдық. Өйткені, қаламақы дегенді жұрт ол жылдары біржолата ұмыта бастаған-тұғын. Ертеңіне шешем екеуміз баспаға барып, әжептәуір ақша алдық. Анам кітаптан түскен қаражатты маған бергісі келді. Бірақ мен: «Жоқ, одан да бұл ақшаға саған бір жақсы телевизор сатып алайық. Естелік болып қалсын» деп көнбей қойдым. «Электроника» дүкеніне барып, сол жылы сатып алған үлкен телевизор әлі күнге дейін үйіміздің төрінде тұр...
Мен Мұхаңның рухани салаға мол шарапатын тигізген меценат қана емес, мықты әдебиетші екенін де жақсы білетінмін. Баспасөзде жарқ ете қалған еңбектерінің бәрін де қадағалап оқып жүретінмін. Мұрын сіңбіруге де мұршаңды келтірмейтін қызметтерді атқара жүріп, осыншама мол білімді қалай тірнектеп жинағанын түсіне алмай, кейде қайран қалатынмын. Елбасының баспасөз хатшысы қызметін атқарып жүрген жылдары газет-журнал беттеріндегі әдебиет төңірегіндегі өрттей өршіп кеткен дау-дамайға қатысты «Әдебиет – ардың ісі» деп аталатын «Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұхбатын ризашылық сезіммен оқып шығып, білімінің тереңдігі мен парасатының биіктігіне сүйсінгенмін. Әдебиетіміздің мүйізі қарағайдай классиктерінің арасындағы туындаған теке-тірестердің себебін майдан қыл суырғандай етіп талдаған білгірлігі бәріміздің де аузымызды ашқызып, көзімізді жұмғызған. Сонау көне дәуірден бастап, Орта ғасырдағы Шығыс шайырлары, Қайта Өрлеу дәуіріндегі романдар, ХVІІІ –ХІХ ғасырдағы қанатын кеңге жайған реалистік әдебиет, ХХ ғасырдағы модернистік бағыттар, постмодернистік туындылардың дүниеге келуін қазақтың сөз өнерімен байланыстыра отырып, байыппен талдап берген ойларын оқып, өзім үшін талай жаңалық ашқанмын. Сол жылдары Қазақстанға іссапармен келген әлемдегі оқырманы ең көп бразилиялық қаламгер Пауло Коэльоның шығармашылық ерекшелігін латынамерикандық әдебиеттің тарихына тоқтала отырып талдаған байсалды тұжырымдарынан кейін менің ол жазушыға деген көзқарасымның біржола өзгеріп сала бергенін де жасыра алмаймын. Коэльо мен Борхестің бір-бірімен үндес жазушылар екеніне осы сұхбат көзімді жеткізген.
Бірақ Мұхтар Абрарұлымен сөйлеспек түгіл, бір жолығудың да реті келмей қойды. Оның үстіне ол ылғи да жоғары қызметтерде жүргендіктен, оған бір шаруамен жолыққысы келетін адамдардың көп болатынын да іштей сезетінмін. Жүздескім келгендегі ең негізгі шаруам - әкемнің екі томдығын шығарып беруге көмек сұрау болды.
Ел экономикасы еңсесін түзей бастаған жылдары дүниеден өткен біраз талантты ақындардың көп томдықтары мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. Әкемнің артында қалған әдеби мұрасын жинастырып көрсем бес томдай болып қалады екен. Солардың бәрін реттеп, іріктеп, көлемі 25 баспа табақтан асатын екі томдай өлеңдерін, балладаларын, поэмаларын, әңгімелерін, очерктері мен сын мақалаларын компьютерге теріп қойғанмын. Ендігі үлкен арманым, жарқ еткізіп, әкемнің қалың екі томдық таңдамаласын шығару. Міне, осы үлкен мәселемен Мұхаңа жолығудың сәті түспеді. Бірақ, Құдай сәтін салса, ойыңа алған шәруаң артығымен орындалады екен. Тап сол жылы тағдырдың өзі маған оны жолықтырды.
2006 жылы «Жас қазақ» газетінде жарық көрген «Гогольдің өлімі» атты әдеби эссем Мұхтар ағамен жақынырақ танысуыма себепкер болды. Жұрттың бәрі іздеп жүріп оқитын басылымда жарияланған бұл дүнием талай адамға ой салып, қатты әсер еткен еді. Анау-мынау емес, қазақ поэзиясының патриархы Фариза апамның өзі мақаланы оқып шыққаннан кейін, ақын Серік Тұрғынбековтан менің телефонымды сұрап алып, хабарласып, ризашылығын білдірген.
Эссемнің жақсы жазылғанын өзім де сезгенмін. Себебі, Гоголь туралы ойлар, сонау бала күнімнен бері менің жүрегіме ұялап, жаныма тыныштық бермей қойған-тын. Мектепте оқып жүргенімде орыс ақыны Андрей Вознесенскийдің «Выпусти птицу» атты жыр жинағынан «Похороны Гоголя Николая Василиевича» деген өлеңін оқығаннан бері ұлы жазушы жайындағы көзіме түскен деректердің бәрін жинай беру үйреншікті әдетіме айналған. Сондықтан да ұзақ жылғы ізденістен туған дүниемнің жаман емес екенін өзім де ішімнен сезіп, әдеби қауымның жылы лебіздерін қалыпты құбылыс ретінде қабылдадым.
Алайда, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметін атқарып жүрген Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің өзі маған телефон шалып, пікірін білдіреді деген ой үш ұйықтасам да менің түсіме кірген жоқ-тын.
«Жас қазақ» газетінде мақалам жарияланып жатқанда мен бір шаруалармен Астанаға келген едім. Кенеттен шырылдап қоя берген ұялы телефонымды көтерсем, үні биязы бір қыз ілтифатпен амандасып, менімен Мұхтар Абрарұлының сөйлескісі келетінін сыпайылап жеткізді. Сенерімді де, сенбесімді де білмей аң-таң қалдым.
Екеуміз телефон арқылы бір сағатқа жуық әңгімелестік. Өте қарапайым, мәдениетті, кісілігі мол азамат екенін сөйлеген сөздерінен аңғарып, ішім жылып қалды. Ол «Гогольдің өлімі» эссемді оқып шыққанын айтып, мақаламды ұнатқанын тілге тиек етті. Тіпті, ұлы жазушының шығармашылығы жайында мен білмейтін біраз деректерден хабардар еткенде таң қалдым. Әңгімеміздің соңында ертеңіне түстен кейін Ақ Ордада ол кісімен жүздесетін болып келістік.
Сәрсенбінің сәтінде Мұхаң мені Ақ Ордадағы бөлмесінде қабылдады. Шенеуніктер сияқты шіренбей, орнынан тұрып қарсы алып, екеуміз келген қонақтармен сөйлесуге арналған үстел басында, бір-бірімізге қарап отырып, сыралғы достардай әңгімелестік. Креслода отырған бастықтан гөрі, жаныңда отырған адаммен еркіндеу сөйлеседі екенсің. Мінезі биязы, парасатты азамат екен. Сөздері салмақты, әдебиет қана емес, өнер тақырыбындағы кез-келген әңгіменің жілігін шағып сөйлейді. Таяуда ғана Нобель сыйлығын алған түрік қаламгері Орхан Памукті сөз қылғанымызда оның бірнеше романына тоқталып, «Менің есімім Қырмызы» шығармасын жоғары бағалап, ислам мозаикасы мен суфизм жайлы әңгімелеп бергенде аузым аңқиып ашылып қалды. Әдеби қауым енді ғана тани бастаған түрік жазушының біраз шығармасын оқып тастапты. Мерзімді басылымдарда жарық көріп жатқан қазақ қаламгерлерінің кере қарыс романдарын да қалдырмай оқып жүреді екен. Қалай үлгіреді? Таң қаламын.
Сол жылы «Қазақстан» телеарнасында түрі ауыс-түйістер болып жатқан еді. Мұхаң күтпеген жерден маған «Қазақ» радиосының «Руханият» бөлімінің басшысы болып баруға ұсыныс жасады. Мен келістім. Негізгі келген шәруамды да бітіріп, Президент Әкімшілігінің атына әкемнің екі томдық таңдамалы жыр жинағын шығарып беруін сұрап, өтініш жазып кеттім.
Радиоға жаңадан басшы болып барған қазақтың талантты ақындары Жүрсін Ерман мен Ғалым Жайлыбай мені жұмысқа құшақ жая қарсы алды. Жүкең радиоға жұмыс сұрап келген бойында жылт ете қалған талантты бар азаматтардың ешқайсының көңілін қалдырған емес. Қолынан келгенше бәріне көмектесіп, жұмыс тауып беретін. Талантты жігіттердің еркелігіне кешіріммен қарайтын. Маған толық тәуелсіздік беріп, артық кеткен мінездерім болса да елемей, кеңшілік танытты, шығармашылық жұмыспен айналысуыма мол мүмкіндік туғызды.
Қазақ радиосында жұмыс істеген екі жылға жуық уақыт менің шығармашылық өмірімдегі ең жемісті кезең болды. Сыншы ретінде мені қалың оқырманға танытқан «Кафканың үйі», «Нобель сыйлығы кімге керек?», «Қазақты сүю», «Дала жырлары», «Сөз патшасы», «Адамзаттық аманат», «Талант табиғаты» сияқты зерттеулерім мен эсселерім радиода жұмыс істеп жүрген жылдары жазылды. Жазған дүниелерімнің бәрі де кейін кітап болып шықты. Егер тағдыр мені Мұхаңдай мәрт азаматқа жолықтырмағанда талай шығармаларым жазылмай қалып, әдеби қауым жылы қабылдаған «Сөз патшасы» кітабым жарық көрмес пе еді. Кім білсін?
Бөлісу: