Біржан Ахмер. «Айғыркісі» әңгімесі туралы

Бөлісу:

02.04.2019 8112

Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние шіркіннің даңғазасы мен дақпырты бір сәтке де басылған емес. Ақ пен қарасы, бақ пен наласы, күйініші мен сүйініші қатар келіп отырған тұрлаусыз тіршілікке қандай дауа бар? Табиғат-ананың киесі мен қасиеті адам баласына қонды делік мәңгілікке. Бірақ соны адамзат біліп, құрметтеп, қастерлеп жүр ме?

Бұл – Несіпбек Дәутайұлының «Айғыркісі» әңгімесін оқығаннан кейін туған ой еді. Өмірдің көлеңкелі тұстарын ойша шолып, бір мезет өзімнің «кісілігімді» жоғалтып алған жоқпын ба деген сауалға шырмалдым. Ойландым, толғандым, әйтеуір санамның өзгергенін байқадым.

Құдай. Табиғат. Адам. Осы үштіктің байланысын, тілдесуін, үйлесуін таныған жағдайда өмірдің сан түрлі бояуы ашыла түседі. Жазушының мақсат-мүддесі де осы пікірмен сабақтасып тұрғандай. Содан болса керек, қаламгер пәтуәсіз пенденің қатып, семіп, сіресіп қалған мінезін сәулелі шығармасымен жылытуға тырысып бағады. Арагідік қоғамға налыған кейіппен «Өзіңнің өзің болып қала алмайтыныңнан асқан не сұмдық бар» деп күрсінеді.

Н.Дәутайұлының стилі – өзі. Өзі дейтініміз қаламгер стиль қалыптастыруға, ерекшеленуге асықпайтын сыңайлы. Шығарманың біртұтас идеясы жазушының айтар ойымен шебер өріліп, стильді қажет етпейтін деңгейге жеткен. Осылайша ол жалған сөз, қажетсіз бояу, артық теңеу қосудың орнына шынайы жазуға мейілінше жақындай түскен. Тағы бір жәйт. Автор – өткен шақтың емес, бүгінгі таңның жыршысы екенін өз шығармалары арқылы дәлелдеп келеді. Қазіргі қоғамды прозалық шығармаға енгізу үрдісі тым бәсең екенін ескерсек, бұл тұрғыда Н.Дәутайұлының салмағы басым.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Таласбек Әсемқұлов. Ар мен ожданның өрті

«Айғыркісі» – тілі жатық, қарапайым, еш қиындықсыз бір деммен оқып шығатын әңгіме. Дегенмен, оның әр сөзіне, әр сөйлеміне мән беріп, астарлы ойын көңілге тоқып, ынта-ықыласпен оқыған абзал. Бұл шағын туындыда айғырдан адамгершілік, ал адамнан айуандық мінез шығатыны басты назарға алынған. Басты кейіпкерлер: әулеттің үлкені Есқұл, Есқұлдың немере інісі Бұлди және бала Жалғас. Міне, осы үш кейіпкердің арасындағы тартыс әңгіменің көркемдік тұстарын аша түседі. Әсіресе, жылқы десе жаны елжіреп тұратын Жалғастың таланға түскен тағдыры оқырманды бірден еліктіріп әкететіні анық. Бұлдидың жалғыз баласы Жалғастың жапанда тауып алған құлыны өсіп, жетіліп, қаратөбелге айналады. Ауыл-аймақтағы түрлі оқиғалар қаратөбелдің кісілік қасиеттерін танытып қана қоймай, көрген адамды қайран қалдырады. Сөйтіп, қаратөбел ел арасында «Айғыркісі» атанып кеткен.

Әу баста жылқыға қырын қарап жүрген Бұлди енді бәйгеде бас жүлдені бермей жүрген Айғыркісіні қырғыздарға сатып, олжалы болғысы келеді. Бірақ бұған көнбеген Жалғас болған іске күйініп, Айғыркісіні алып қалғысы келгенмен, бәрі де кеш еді. Арада бұлжымас келісім бар. Ақшаның буына мастанған Бұлдиды тоқтатпақ болып Есқұл қарт ақыл айтады.

– Бұлди-ау, мұның не?

– Нем?

– «Айғыркісіні» сатпақпысың?

– Сөйтемін, көке. Қаладағы орталық базарды сатып алуға тиын жетпей жатыр.

– «Айғыркісіні» сатуға болмайды, Бұлди.

– Қазір, адамды сатып жіберуге бола береді, көке, қайтесіз!

Екі кейіпкердің диалогынан тұла-бойың түршігіп, қазіргі заманның қайырымсыз бейнесін елестетеміз. Екі ауыз сөзге тұтас әңгіменің идеясын сыйдырған жазушының ішкі толқынысын, гуманистік дүниетанымын білу қиын емес. Бұлди – типтік бейне. Ол Жалғастың көз жасына қарамай, алдамшы дүние үшін барын сатқан қағылез адам. Тіпті, ақырында Бұлдидың осы әрекеті Жалғастың өліміне де себеп болады.

Әдебиетте жағымсыз кейіпкер әңгіменің басынан аяғына дейін жағымсыз бейнеде көріну керек деген заңдылық жоқ. Зұлым заманның арынды ағынына төтеп беру үшін жағымдыдан жағымсыз кейіпкерге айналуы да бек мүмкін. Міне, Бұлди сондай кейіпкерлердің қатарында. Марғау қоғамның әрекетсіз келбеті, қарыз алып қарны тойған, бірақ қайран болашаққа қаперсіз күйде көшіп бара жатқан жалқау да жағымпаз көш, көк базардағы қазақтың көз жасы, бәрі-бәрі көрінеді осы тұста.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қанат Әбілқайыр. Үй

Дүние! Бұлдидың жүрегін тілгілеген бір дерт болса, ол – осы дүниенің кесірі. Жалғастың сөзін тыңдамаған Бұлдидің қателігі арқылы жазушы оқырманға ой салады. Жақынынан қиянат көрсе, адам баласы ең қымбат балалығын жоғалтып алатынын да ескертіп кеткендей.

Бұлди Айғыркісіні сатып жібергеннен кейін Жалғас күйзеліске түсіп, іштей күйініп кетеді. Жылқыны іздейді, күтеді, сағынады. Бір күні Таластың ар жағындағы Айғыркісіні көрмек болып жолға шығады. Жолда апатқа ұшырап, Жалғас көз жұмады. Жылқының да ішкі толқынысын айшықты бояулармен жеткізген жазушы әңгімені одан да трагедиялық оқиғамен сабақтай түседі. Жалғасты іздеп келген жылқы бейіт шарбағына жарақаттанып, жас топырақтың үстінде көз жұмады. Бұл да әңгіменің әсерлі тұстарының бірі. Осы орайда тағы бір детальді назардан тыс қалдырмау керек. Аталған оқиғадан кейін Есқұл отағасының түсіне Жалғас кіріп: «Әкем, мені қалаға алдап жіберіп, қаратөбелімді сатқанда, сіз оны тоқтата алмадыңыз. Сіздер біреуді біреу өлтіріп жатса да, ара-тұрып аман алып қалуға бел шешіп, білек сыбанып кіріспейсіздер. Тек құры сөз. Әрекет жоқ», – дейді. Адам философиясының сан қатпарлы құпияларын әшкерелеп, жарыққа шығаруға талпынған автор кейіпкер аузына осындай ащы сөзді салып беріп отыр. Естір құлақ, есті сана болса мұндай запыранға толы зарлы сөзді аңғармай кету мүмкін емес.

Әдебиетімізде осындай оқиғалар там-тұмдап кездесетін бірнеше туынды бар. Мәселен, Ж.Жақыпбаевтың «Кенежиренді Шора сатып жібергенде» өлеңі, Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» және Қ.Жұмаділовтің «Сәйгүліктер» повесінде жылқының тектілігі мен кісілігі айырықша іңкәрлікпен бейнеленгенін білеміз. Асылы, сәйгүліктің көз жасын сөз ете отырып, сұрқия саясаттың, сабырсыз қоғамның уытты санасын сілкіп өткен жазушының орны бөлек, әуселесі биік.

Әңгіменің мазмұны мен құрылымдық ерекшеліктеріне зер салсақ, қазіргі қазақ ұлтының қандай күйге түскенін байқаймыз. Әңгүдік адамның әрекетсіз қылығы – түбінде ақырзаманға апарары анық. Ал ақырзаман – қаламгердің қиялынан туған миф емес, керісінше шындыққа негізделген философиялық көзқарас. Автордың ішкі ойын зерделей отырып, кие мен қасиет, мүдде мен мақсат, кісілік пен кішіліктің мәнін терең сезінген ләзім.

Сурет kartinki24.ru сайтынан алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар