Өтен Ахмет. Тозбас үлгі, сарқылмас мектеп

Бөлісу:

03.04.2019 9727

(І.Жансүгіровтің драмалық шығармалары туралы)

ХХ ғасыр жалпы адамзат баласы үшін де, соның ішінде қазақ халқы үшін өте-мөте аса ауыр трагедиялы ғасыр болды ғой. Тарих сахнасынан қазақтың соңғы ұлы ханы Абылай кеткеннен кейін тәуелсіздігінен біржола айырылып, отаршылдық езгіге түсіп, бір жарым ғасыр ішінде күш-қайрат еңсесі басылып, рухани екпінін жоғалтып жасып-ақ қалғандай еді. Осылайша артым батпақ, алдым жар деп тұйыққа тіреліп тұрған шақта Ресейде Октябрь төңкерісі болып, оның басшылары кедей-кепшікті жарылқаймыз деумен бірге, барлық ұлттар мен ұлыстарды тең ұстаймыз, еркіндік береміз деп жарияға жар салды.

Елі мен жерінің болашақ тағдырын ойлайтын еті тірі азаматтар үшін бұл бір қажыр-қайраты мен ақыл-парасатын ұлттың шаруашылығы мен әлеумет салаларында өркен жайып дамуына бағыштайтын аңсарлы ұлы дүрмек еді. Дүниенің астан-кестеңін шығарған осы ұлы дүрмектің бел ортасына қазақ оқығандары да бас қойып еніп кетті. Бірақ теңдік, еркіндік, тәуелсіздік деген ұлы арманды нақты іс жүзіне асыруға келгенде бәрінің ойлағаны, әрине, бір жерден шыға қойған жоқ. Большевиктер ойлап тапқан тап тартысы деген адамзат баласының ақыл-парасат дамуының заңдылығына қайшы келетін қанқұйлы күрес пайда болды. Халық жік-жікке бөлінді. Есепсіз көп қан төгілді. Міне, осы қанқасаптың ішіне түскен қазақ жазушы қайраткерлерін мен шартты түрде үш топқа бөлер едім. Біріншісі, мәселен, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтар болса, олар большевиктердің сөзін де, ісін де құптаған жоқ. Екіншісі – Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановтар құлай сенді, сеніп қана қойған жоқ, білек сыбана белсеніп, большевиктік идеологияның жарапазаншылары болды. Үшіншісі – Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтер бер жақтарымен сенген, мойындаған сияқтанып, шынтуайтында большевиктік тәртіпке қарсы болып, жек көріп өтті. Мұны білу үшін аса сәуегейліктің қажеті жоқ. Әдебиетіміздің осы алыптарының артында қалған том-том әдеби шығармаларын байыппен асықпай оқып шықсаңыз жетіп жатыр, көзіңіз оған анық жетеді.

Мысалы, І.Жансүгіровтің «Күй», «Күйші», «Құлагер» атты өзінің ең басты шығармаларында қазақты ежелден бір құшаққа тұтастырып келген салт-дәстүрлер мен рухани ортақ өнер қазыналарына ден қоюы, дәріптеуі тегіннен тегін емес. Байыптап қарасаңыз, қай тұйыққа тіреп, тіршілігі жоқ қай жапан түзге апарып тастары белгісіз құр айқай жалаң ұранға далақтап ере бермей, қисапсыз бай рухани қазына жинаған іргелі халық болғаныңды ұмытпа, қасиетті ата тегіңнен қол үзіп қалма, адаспа, деп әдейі ескерту үшін жазылғандай әсерге бөлейді. Мағжан Жұмабаевтың қазақтың бұрынғы өткен елдік, ерлік жолын асқақтата бяндайтын «Батыр Баян» қаһармандық дастанының, басқа да атақты өлең-жырларының биік пафосымен тонның ішкі бауындай үндеседі. Сондықтан ұлтшыл Мұхтар Әуезов «түптің түбінде қазақ әдебиетінде бір адамның есімі қалса, ол Мағжан Жұмабаев» деп, «Дала», «Күйші», «Құлагер» – осы үш поэма тұсында қазақтың Абайдан кейінгі поэзиясы аса биік сапа табады» деп Ілияс Жансүгіров шығармашылығын өте жоғары бағалаған болатын.

Алыптар тобындағы І.Жансүгіровтің де күнделікті ағымдағы шаруа ісіне қатысты үгіт өлеңдерін жазғаны рас. Үгіттің аты үгіт, айтылды қалды. Олар ақынның шығармашылық қарымының көрсеткіші бола алмайды. Мәжбірліктен жазылған дүниелер. Оларды айтып мін қылудың жөні келмес. Алайда, қайсыбіреу драмалық шығармаларын қайда қоясыз, ол шығармалары тап тартысына арналған емес пе деп күмән айтуы мүмкін. Дұрыс-ақ. Ойлануға тура келеді. Себебі Ілиясты ірі ақын деп бағалаймыз да, драматургиясына келгенде сипай қамшылап өте шығамыз. Әдебиет оқулықтарын қарасаңыз, «Кек», «Түріксіб», «Исатай, Махамбет» қана азын-аулақ сөз болып, басқалары тіпті ауызға да алынбайды, Яғни Ілиястың драматургиясы осы күнге дейін жөнді зерттеу көрмеген десек болады. Өз басым осы тақырыпқа барарда Алматы облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханадан мектеп оқулықтарына енген шағын шолулардан басқа Ілияс Жансүгіровтің драмалық шығармаларына қатысты бір де бір зерттеу еңбек таппадым. Бәлкім, біреулер кандидаттық қорғаған шығар, докторлық жұмысына азық етуі де мүмкін. Бірақ ондай еңбектер бұйырмасынға көзімізге түспеді. Ал Ілиястың жаңағылардан басқа «Райхан» атты бес суретті үлкен драмасы, «Мін де шап», «Колхоз тойы», «Мектеп» атты бір перделі пьесалары және бар ғой. Иә, сан жағынан қомақты-ақ. Ал сапасы жағынан ше?

Оқулықтардағы шолуларда «Кек» драмасы туралы ауылдағы тап тартысына арналған, «Түріксіб» жайында жау элементтерін әшкерелейді, «Исатай, Махамбет» хақында «Қазақстанның өткеніне байланысты ғылыми обьективті пікірлердің анық тұжырымдалып бітпеген кезінде үлкен батылдықпен жазылған» деп жалпылама сөздермен бетінен сипап қана өтеді. Меніңше, І.Жансүгіров драматургиясының назардан тыс қалыңқырап келуінің себептері көркемдік тұрғыдан гөрі саяси тұрғыдан қарағанда басымырақ тұрған сияқты. Кешегі Кеңес заманы кезінде аталған пьесалардың әлеуметтік-көркемдік астарын ашып талдар болса, ондай қадам сөзсіз большевиктер жүргізген солақай саясатты әшкерелеуге алып келер еді.Сондықтан өздерінің зерттеу жұмыстарын марксизм-ленинизм деп, немесе партияның пәленбайыншы сьезінің шешімдеріне сәйкес деп бастайтын ғалымдарымыз бірдеңені бүлдіріп алармыз деп қорқып, олай қарай әдейі саналы түрде аяқ баспағанға да ұқсайды.

Автордың төрт перделі, сегіз суретті «Кек» пьесасының тақырыбы, шынында, ауылдағы тап шайқасына мегзейтіндей. Ауқымы өте кең. Осы күнгі бас-аяғы елу минөт, бір сағаттың ішінде шолтаң етіп өте шығатын қойылымдар ауқымымен салыстырсақ, ондай кемі үш спектакль шығатындай. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында тиыш отырған қазақ ауылдарының басына келген қанды дүрбелең, ойран-топан ауыр зобалаң көз алдыңнан өтеді. Сондықтан мен бұл шығарманы елге жасалған қиянат, қарапайым халықтың қасіретті тағдыры турал дер едім.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Оралхан Бөкей туындыларындағы кеңістік пен кейіпкер концепциясы

Пьесаның басталуының өзінде үлкен мән бар. Ел туған жерден безіп кеткен. Қалмақ арасында отыр. Бездірген – кәмпескенің лаңы, малымызды, жанымызды қайтсек сақтаймыз деп безіп жүр. Жат жұртта тамыр жайып өсіп-өнетіндей, қайта ұйып ел болатындай қайран жоқ. Қалмақтың жуандары ауық-ауық келіп, жылқыларының асылы мен жараулысын алып кетіп тұрады. Қарсыласқанды таяққа жығып, қанжоса қылып сабайды. Бірақ ел жақта да жағдай оңып тұрған жоқ. Большевиктер жекеменшік қожалықты біржола жойған. Кешегі Маман, Тұрысбектердің құтты қонысы болған Қараағаштың басында колхоз орнатқалы жатыр. Иә, қашан да дамымай, демократиялық үрдістерден кенже қалған қоғам үшін басты дау –меншік мәселесі. Аш адам бардың қолындағыға жармаспағанда қайтеді. Ал кім қолындағы өзі жейтін талшығын біреуге оп-оңай бере салады. Бай мен кедей арасын дамыған демократиялық қоғам ғана реттей алады. Ол ұзақ жол. Аштық қысқан «ақылманның» ондай күнді ұзақ күтіп отырар халі жоқ. Сондықтан «анау бай сенің еңбегіңді қанап отыр» деп кедейді желіктіруге тырысады. «Мал-мүлкін тартып алып ортаға саламыз да қылдай бөліп жеп, бәріміз де тең бақытты өмір сүреміз» деп желпіндіреді. «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар, кісінікі дегенде кішкентай ғана күшім бар» дейтін аталы өсиет сөзді ұмытады. Қош, сонымен, Қараағаштың ендігі иесі сақау түйеші Кәрібай, жылқышы Аятбай, қойшы Тастабан, қазаншы кемпір Үндемес болмақ. Пьесаның осы тұсы өте мәнді, терең мағыналы және ащы шындық. Пьесаны автор осындағы көрегендік ойларын кейінгіге айтып қалу үшін жазған секілді. Қазаншы кемпір Үндеместің ұлы Бейсенбайдың сүйегі Маман әулетіне қарасты топыраққа жерленетін болады. Сонда Сейдақмет: «Күндердің күнінде өлгенімнің сүйегі жатыр демексіңдер ғой. Доғар жұмысты. Тарал!» - деп ашу шақырады. Аятбайлар болса заман біздікі деп қыңбайды. Сол кезде Сейдақмет: «Біздің тұқым құрымай, заман сенікі бола алмайды» дейді. Айтқанының айнымай келгеніне куәміз. Алланың,Заңның алдында адамдар бір-бірімен тең болғанмен, қабілет-қарым, білім-өнер жағынан тең бола алмайды. Біреу байып, оған екінші біреудің қызмет істеуге мәжбүр болатыны сондықтан. Маман, Тұрысбектер өмірге қабілетті текті тұқымнан еді. Большевиктер тұсында қанша қуғын-сүргін, зорлық-зомбылық көрсе де Сейдақмет айтқандай құрып кеткен жоқ. Заман айналып өзінің табиғи қалыбына келгенде, ұрпақтары іскерлік қабілеттерімен өмір сахнасына жарқырап қайта көтерілді. Талдықорған төрінде асқақ тұрған «Қараағаш» әмбебеп сауда кешенін көргенде, еріксіз осындай ой келеді маған.

Сыртқы түр жағынан алғанда пьесадан М.Горькийдің «Ана» романына еліктеу сезіледі. Мұнда да шығарма финалында кешегі қазаншы Үндемес кемпірдің баласының қазасынан кейін тап күресі майданында белсене ұрандатып жатқанын көреміз. «Бейсембайым өлді, ұлым өлді. Большевигім өлген жоқ!» деп, адамның жаратылысына кереғар жансыз, нәрсіз сөздер айтады ол. Бірақ автордың шығармада шын мегзегені бұл емес, оның мегзегені большевиктердің ланкестігінен ел басына түскен ауыр тауқыметі еді. Бір мысал. Есенғұл қажы бишара жанның кейпіне түсіп қайыр сұрайды. Сонда айтатыны бар: «Қазақстан мені неге тойдырмайды? 67-демін. Мен жұмыс қыла алам ба? Бала жоқ, қалай күн көремін?» Пионер болса оған: «Бұл бізге намыс» деп кергиді. Есенғұлдың бұған да жауабы дайын. «Намыстансаң, мұндай күйге неге ұшыратасың?» дейді. Шығарма міне, осындай ащы шындықты айту үшін, тыныш жатқан елге большевизм әкелген лаңды көрсету үшін жазылған. Кейінгі ұрпақ шығарма мазмұнындағы осынау құнды негізгі шындықты ажырата білуге де, бағалай білуге де тиіс шығар.

Ауылдағы байларды тәркілеу, артынша кедей-кепшікті колхозға біріктіру саясатының бір көздегені – қаптатып салына бастаған өндірістерді арзан жұмысшы күшімен қамтамасыз ету болатын. Қарағанды, Балқаш, Риддер, тағы басқа өндіріс ошақтарының қара жұмысын ауылдан босқан қазақтар атқарғаны бізге тарихтан жақсы мәлім. Малынан айырылған қазақтар ауылда ғана емес, нормамен берілетін бір жапырақ қара нан қорек болмай өзегі талып, өндіріс алңдарында да өте көп қырылды. Қарағанды, Балқаш сынды қалалардың қазақ сүйегінің үстінде тұрғаны аян. Бұл шындықты кезінде большевиктер айтқызбады. Түріксіб құрылысының да талай ел қазағының түбіне жеткені хақ. І.Жансүгіровтің осы аттас пьесасында қамыспайлардың жол бойынан жұмыс іздеп босып жүруінің, аңғарғанға, осындай да нәзік астары бар. Әрине, Қазақстанда өндіріс ошақтарының ашылуы кешегі қыр қазағын ел болу жолында тірлік үшін аса қажетті ғылым-білімнен хабар алуға, техника тілін үйренуге бастағаны рас. Бірақ соның бәрі тым-тым қымбатқа түскен еді. Совет әдебиетінде бір қызық құбылыс болды. Патшалар, диктаторлар заманында өмір шындығын Эзоп, Крыловтар озбырларды арыстан, қасқыр, аюларға теңеп, момынды қойға, жағымпаз қуды түлкіге теңеп мысал тілімен жеткізсе, совет әдебиетінде ондай сөзді жағымсыз кейіпкерлердің аузымен айтқызатын еді. Өйткені олар шығарманың соңында жулық әрекеттері әшкереленіп жеңіліп қалып жатады ғой. «Түріксібтегі» сондай кейіпкердің бірі Сыдық. Ол бірде: «Қаптап кеткен орыс, іштен келген неше түрлі бұзық. Біреуді біреу бір тиын үшін өлтіріп кете береді» десе, тағы бірде: «Осында орыстар келіп арақ ішті... Орыстар мас болды... Мас орыс кемпірдің шелегіне шошқаның майын тастап жіберді. Осыдан жанжал көтеріліп кетті. Бұл жерде Сыдықтардың не қатысы бар?»,- деп болған жайға анық та қанық түсініктеме береді. Байқаусыз айтылған бір сөз үшін табанда бас кететін заманда тек шынайы шебер ғана шырылдаған шындықты тап осылай қапысыз жеткізе алса керек-ті. Ал адамның діни сенімін әжуалаудан асқан қорлық жоқ қой. Мұхамбет пайғамбардың бейнесін әжуалап мазақ сурет салдың деп, Европаға қарсы бүкіл мұсылман әлемі көтерілді емес пе. Ілекеңнің заманында тым болмаса ешкі сияқты бір бақ етуге жарайтын сыдықтардың болғаны қандай ғанибет! Біз ғой қазір бәріне көніп, өгіз сияқтанып өңкиіп жүре беретін... Немесе инженер Ахметшенің ішіне күйелеш темір пеш орнатылған, жабықтан мұржасы сорайған, іші-сыртын түтіннің қалың ысы басқан киіз үйді көргендегі айтқаны ше? «Ха-ха-ха! Сорлы киіз үй! Осынша реконстркцияға жолықтың-ау, бақытсық киіз үй, көрмегенді көрдің-ау! Көк шалғынға дүмбірлетіп тігіп тастап, күмбір-күмбір піскен қара сабадан бәйбішеге сапыртып қымыз ішіп төріңде отыратын киіз үй; сорлы, енді не күйде тұрсың?!» Яғни автор бұл пьесасында да жау элементтерін әшкерелеу деген саяси қитұрқыны желеу еткені болмаса, ауылдың ыдырауын, қыр қазағының жұмысшы кәсібіне келу жолын, соған байланысты сана мен мінез-құлықтағы өзгерістерді көрсетуді мақсат еткен. Және көздеген мақсатына жеткен де.

Ілекеңнің бұдан кейінгі драмалық шығармасы «Райхан» деп аталады. Мұнда ол ар-иман, адалдық-арамдық мәселесін көтерген. Яғни ешуақыт ескірмейтін мәңгі тақырып. Осындағы әйел теңдігі деген саяси науқанға қатысты таза үлгі-насихат тұстарын алып тастасаңыз, бүгінгі күнмен үндескен қызықты мелодрама болады да шығады. Райханның бай әкесі тәркіленіп, жер аударылады, шешесі қайғы құсасынан өледі. Бойжеткен Райхан барар жер, басар тауы жоқ, жалғыз қаңғалақтап жүріп қаладағы жамағайын әпкесі Күләйді паналайды. Әйелінің ауылға кеткенін пайдаланып, тәжірибесіз жас қызды жездесі азғырып, қармағына түсіреді. Біраз күн ермегі етеді. Райхан ауыр аяқ болып қалады. Осының бәрі заманына лайық мінез-құлықпен, іс-әрекетпен шебер өрнектелген. Тап бүгінгі күні де сахнаға ұялмай шығаруға болатын шымыр шығарма.

Совет әдебиетінің басты міндетінің бірі әртүрлі саяси науқандарға орай елге үгіт-насихат жүргізу болғаны мәлім. Одан ешбір жазушы бас тарта алған емес. Ілекеңнің де колхоз шаруасын бетімен жіберген басшыны сынайтын «Мін де шап», балаларды оқу-білімге шақырған «Мектеп», колхоз өмірін дәріптейтін «Колхоз тойы» атты бір перделі шағын пьесалары бар. Саяси тапсырыспен жазылған, көркемдік құндылығы жоқ дүниелер десек те, сол кездегі елдегі саяси ахуалдан хабар беретін танымдық мәнін жоққа шығаруға болмайды.

І.Жансүгіров қаламынан туған «Исатай, Махамбет» трагедиясы кең тынысты, көп қатпарлы кесек дүние, 1936 жылы жазылған. Қазақ оқығандарына қарсы бағытталған 1937 жылғы зұлматтың басталар қарсаңы ғой, өзінің көзі тірісінде театр төрінде қойылатындай жағдай болмады. Ілекең ақталған соң да мұндай отаршылдық саясат аяусыз әшкереленетін шығарманың сахнаға шыға қояры екіталайтын. Ал қазір көпшілік сахналарын былай қойғанда, кейіпкерлерінің өзі қырықтан асатын бұл пьесаны қолға алуға тәуекел ететін театр, режиссер, шығарманың түйдекті ойларға құрылған шұрайлы тілін ұлттық қалыбында құлақ құрышын қандырып айта алатын актерлер табыла қояр ма екен? «Иә» немесе «жоқ» деп айту қиын. Ал шығармада тарихи шындық керемет көркемдік шешім тапқан. Исатай, Махамбет, Жәңгір, билер, батырлар, қара халық өкілдері, отарлаушылар - әркім өзіне лайық орнымен, мінез-құлқымен көрінеді. Хан мен батырлар Қалдыбай, Исатай, Махамбет арасы, хан мен билер арасы, хан мен қара халық арасы қандай болды, неден кетісті, оған не себеп болды, елді шырғалаңнан шығарудың жолын қай топ қайдан іздеді, әр топтың көздеген мақсаты қандай еді – бәрі алуан адам тағдыры, бір-біріне ұқсамайтын бедерлі көркем бейнелер арқылы беріледі. Шығармада, әсіресе, Исатай бейнесі өте шебер жасалған. Ол ел іші бүлініп кетпеуін қатты ойлайды. Ел тыныштығын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. «Мен абырой алмайтын істің артын ойлаймын, дейді ол Махамбетке, қайтейін, ханмен бітімді қара басым үшін емес, қара қазан, сары баланың қамы үшін айттым». Тағы бірде Махамбетке: «Апырым, батыр, апырым. Азырақ барлай айта көр, асқынған сөздің ақырын», деп ескерту жасайды. Бірақ ол хан Жәңгірдің қолындағы көзсіз қолтоқпағы емес. Хан оған Махамбетті ұстап бер деп айтқаным қашан, жарлығымды неге орындамайсың деп зілденгенде, «Оның ханым жөн емес, оны ұтайтын мен емес! Ондай іске ел көнбес!»,- деп тайсалмай тура жауап береді. «Ұшқыннан өрт кетіріп, өшіре алмай жүрмеңіз, ханым!»,- деп ескерту жасайды. Исатай осылайша халықтың тыныштығын, берекесін ойлайтын үлкен ақыл-парасат иесі, мәмлегер ретінде көрінеді. Ханға ел атынан талаптар қояды. Бірақ хан оны түлкі бұлаң қулыққа салып орындамайды. Исатай оған тұтқында отырған қарт батыр Қалдыбайды босат дейді. Хан тағы да тыңдамайды. Қайта, өзіне тіл тигізеді. Исатай не біржола хан жағында қалатын, не ел жағына шығатын шешуші сәттің туғанын түсінеді. Ол, әрине, бұқара халық жағын таңдайды. Жәңгір қатты долданады: «... Ханыңа құлдық қылмастан бөлініпсің, зәнталақ! Ұлыңды сенің Ұрымға, қызыңды сенің Қырымға жібермесем кафир өтейін, зәнталақ!»,- деп ерегісті алдымен өзі бастайды. Исатайдың адамдық парасатының биіктігі сондай, осындай ат құйрығын кесіскен ашу үстінде де сабыр сақтайды. Махамбет ханның сұрқылтай итаршысы Бегжанның, Шомбал бидің бастарын шауып тастамақ болғанда, «Жоқ, батырларым, ұсынған басты қылыш кеспес болар», - деп ақылға тоқтатады.

Исатайды көтерілістің басшысы еткен де осындай кең ақылы, салмағы. Оған қарағанда Махамбет шыдамсыздау. Исатайды үнемі асықтырып жүреді. Ара-арасында сынап-мінеп те алады. Хан ордасын шауып алудың сәті түсіп тұрғанда неге тартындың деп өкпе-ренішін де жасырмайды. Тарихқа ревизия жүрмейді. Әйтсе де Махамбеттің айтқаны болып хан ордасы шабылды делік. Тіпті осы қақтығыста Жәңгірдің басы кесілсін-ақ. Содан кейін ше? Көтерілісшілер Исатайды басшы етіп Еділ мен Жайық арасында жеке тәуелсіз мемлекет құра ма? Тіпті болмайтын іс. Әрине, патша отаршылары ойланбастан ол маңайдағы бұқара халықтың ту-талақайын шығарады. Рахымы түссе, егер түгел қырылып қалмаса, төре тұқымынан біреуді әкеліп хан тағайындайды, рахымы түспесе, ол маңайдағы елдің қырғаннан қалғанын Арқаға ма, Сырға ма, жер аудара көшіріп жіберулері мүмкін. Исатайдың қарулы күреске бірден бел шешпей алды-артын ойлап асықпай жүруінің осындай да сыры бар еді. Шығармада автор соны көркемдік жолмен аша білген. Ал Махамбет елдік, ерлік рухтың жаршысы, көтерілістің дауылпазы. Автор оның осы болмыс-қасиетін де дәл басқан. «Енесін ұры алған құлындай, інін су алған суырдай бауырым балшық, үстім су... Үйірінен айырылған құлынмын, көлінен айырылған мен бір қу... Махамбетке енді не қалды? Тек қаңғыру... Қаңғыру...», деп күңіренеді Махамбет. Кейін ол жайында зерттеу жүргізген, сөз айтқандардың көбі, мейлі тарихшы, мейлі әдебиетші болсын, неге екені белгісіз, одан батыр жасағылары келеді де тұрады. Қол бастар батыр болса, неге қаңғырады, неге елді қайта ұйытпайды, елді соңынан ертіп жауға қайта шаппайды? Өзі де: «Исатай басшы, мен қосшы», демеуші ме еді. Осыны Ілияс та шығармасында Махамбеттің аузымен: «Сен – сұңқар құстың сойы едің, мен- жаныңда жағалтай!» деп тамаша келтірген ғой. Яғни халықтық кең ауқымды трагедияда, қайталап айтсақ, Исатай қол бастаған көсем, батыр, Махамбет халық рухының жаршысы, көтерілістің үні, ұраншысы ретінде әрқайсысы өз орнында, өз қалыбында сомдалған. Шығарма тап осынысымен құнды һәм құнарлы ғой деп ойлаймын.

Ойымызды тағы бір нақтылай түссек, Жәңгір хандығы қазақ даласының бір пұшпағындағы шағын ғана қуыршақ мемлекет болатын. Оның өзінде де шартты түрде айтсақ. Сөзіміздің дәлеліне пьеса кейіпкері, шекара комиссиясының бастығы Генстің мына бір пәрменін мысалға келтірсек те болар:

Жоғарғы өкім атынан,

Сіздерге бұйрық қыламын:

Күшейтсін күзет Жайықта,

Тексеріп өзім тұрамын.

Қашқандарды тез тапсыр,

Тамырын құрт олардың.

Хан советін сайлауға

Қағаз жазып шығардым.

Би, сұлтанның бәрінен

Алдарыңда ант алам;

Шақыртшы бәрін, хан, маған!

- Патша емес, оның үкіметі емес, министрі де емес, қатардағы шекара қызметшісі қазақ ханы Жәңгірді қолбаласындай жұмсайтын болса, кімнің кім екені осының өзінен-ақ анық көрініп тұрған жоқ па.

Ілекеңнің драматургиясымен егжей-тегжейлі танысу барысында, шыны керек, шығармада көтерілген, кейде тұспалдап, кейде астарлап айтылған көп жәйіттердің бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен тонның ішкі бауындай ұштасып жатқандығы мені қатты қайран қалдырды. Бірінші, қазақтың қазаққа мейірімсіздігі, ру-атаға бөлініп ап қырық пашақ алауыз болып жүретіні, қазаққа болсын демейтіні. «Кек» пьесасында қойшы Тастабан «Біздер өлгенде айтақтап өлеміз ғой», деп кедейдің бай алдындағы орнын әрі ауыр да адал еңбегін көрсететін бір керемет сөз айтады. Ал сол адал еңбегінің өтеуі бар ма? Жоқ. Өйткені «аузымен алты айға бір бесті, қолымен бір ешкі». Мұндайды қандасқа деген мейірімсіздік, туыс-бауырды қорлау демегенде не дейміз. «Түріксіб» драмасында Сыдық бай кәсіп іздеп темір жолға кетіп бара жатқан Қамыспайдың баласы Ержанның аяғындағы етігін шешіп алып қалады. Қамыспайлар жүдеп-жадап жол құрылысына жетіп, осындағы белсенділер Бәкір мен Майраға жолығады. Қандасымыз ғой жәрдемдесер деп қуанады. Майра болса, «Сені асханаға қойса, кіріңнен сорпа, битіңнен ботқа берер едің рабочийларға. Бұған біреу де позволить қылмас», деп әйел бала-шағасымен қамыспайларды адам деп менсінбей сөзбен қорлап жерге қаратады. Сыдық сияқтылар қит етсе өз руының ірілігін, қарсы жақтың әлдебір кемшінін айтып, өрекпіп шыға келеді. «Бізді найзаға шаншатын әкеңнің тоқал қатынының баласы емеспіз. Біз де рулы ел, ұялы терекпіз. Сен, Жалайыр, атаң қалмақтың дінсіздігін істеп тұрсың!» Ал осы бір келеңсіздікті бүгінгі күннің шындығымен салыстырып көрелікші. Малын бақтырып, ақысын төлемей кедей байғұсты жылататындар бар ма? Бар. Құрылысын салғызып, ақшасын төлемей қоятындар, сынақ мерзімге деп алып, екі-үш ай жұмысын тегін істетіп, сынақтан өтпедің деп шығарып тастайтындар бар ма? Бар. Көтеріліс басталғалы тұрған сын сағатта Махамбеттің әйелі Борықтың айтатыны бар:

Батырым, мен де тілекшің!

Әйтсе де қорқам артынан:

Хан – бір шөккен қара тау,

Халық – бір теңіз тулаған,

- деп бір ескертсе, «Атаның да аздығы еске түсе береді»,- деп тағы бір уайымның шетін шығарады. Демек, тап бүгінгі күннің өзінде ұлттық идея дегеннің не екенін түсінбей жүруіміздің себебі жоқ емес екен. «Жын ұрған жерде шайтан тұрмайды», деген мәтел бар. Қазақтар сен анаусың, сен мынаусың деп сыртқа шығарып айтпаса да, іштей Найманға, Жалайырға, Дулатқа, Керейге, тағы басқаға бөлініп жүре берер болса, ұлт болып ұйымаған күйі қала береріміз хақ. Ұлт болып ұйымаған соң, өз ауылының жабысын тұлпар дейді, тақпақшылын ұлы ақын дейді, басбұзар тентегін батыр дейді. Басқаны озып бара жатса, аяғынан шалады. Жақсы ісін көрсе де, көрмеген болады, әдейі елемейді. Махамбеттің де Исатайдан кейін жалғыз қалып, пана болар жер таппай қаңғып-пысып жүруінің бір сыры руының аздығынан, әлсіздігінен екен. Мұны да Махамбет трагедиясына байланысты бір шындық деп мойындап қойғанымыз дұрыс болар деп ойлаймын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Айдын Байыс: Тарқатамын білектей Түн бұрымын

«Түріксіб» драмасындағы Сыдықтың: «Қаптап кеткен орыс, іштен келген неше түрлі бұзық», деп шырылдауы жайдан-жай емес. Оның бұл сөздерінен ұлтшылдық іздеудің жөні жоқ. Өз жерімізге, өз елімізге өзіміз неге ие болмаймыз, сырттан келген біреулер неге баса-көктейді деген табиғи қарсылықтан шыққан реніш. Ал енді қараңыз: Қамыспай отбасымен шұбырып қаңғалақтап темір жол басына жетті. Қазақ қой деп жақын тұтып алғашқы жолыққандары Бәкір мен Майра еді. Майраның орысша араластырып сөйлейтінін жоғарыда келтірдім. Бәкірді тыңдайық. «Тасташы, дейді ол Майраға, әлгілер мешать етті. Бас істемейді. Өзім бір отырып жаңа баспен тезисін составить етермін». Жұмысшылар Галкин, Қаумен, Разбектің өзара әңгімесі тіпті қызық. Разбек қасына жолап кетсе Галкиннен темекі сұрап шегіп шылымқұмар бола бастаған. Сондай бір сәтте Галкин оған: «Сен маған қазақша үйретесің, жарайды?»,- деп өтініш айтқандай еді. Қаумен іліп әкетіп: «Тапты-ау малды. Онан да орайына орыс тілін үйретесің десейші»,- деуі мұң екен, Разбек бар көмейін ақтарады да салады. «Орыс тілін өзім де үйренемін, - дейді құлшынып, - бір баракта жатамыз. Төсекті мұнымен жарыстыра салдым. Ұра берсе Құдай да өледі, жата-жастана тойтырақтата берсем, орысыңның тілі өзі де құтылмас». Байқайсыздар ма, қазақша үйретші деп тұрған орысқа иә, үйретемін демейді, оның ойындағы жоқты айтып, мен сенің тіліңді үйренемін дейді. Осыдан кейін қазақ жаман үй болмағанда қайтеді. Жаман үй болған соң, оны қонағы билемегенде қайтеді. Егеменді ел болғанымызға да екінші онжылдықты еңсеріп қалдық. Жаңа бір ұрпақ алмасты. Ал бірақ орысша сөйлейтін қазақтардың (ана тілі ретінде) саны көбеймесе, кеміген жоқ. Мен өзім куәмін, қазақ ауылдарының өзінде орысша оқимын деген бір бала үшін де орысша сынып ашып беріп отырмыз. Бірте-бірте өстіп тілден айырылатынымызды өткен ғасырдың 30-шы жылдарында сырттан келген келімсектерге: «Келген екенсің, енді біздің тілімізді үйрен, салт-дәстүрлерімізді сыйла», деудің орнына, бірден өз ана тілінен безіп шыға бастаған қарапайым жұмысшылар Бәкір, Майра, Разбектердің мінез-құлқы арқылы Ілияс Жансүгіров қазақ қауымына ескерту жасағандай екен. Оны кезінде ешкім ұқпапты, мән бермепті. Қазір ұғып, мән берсек те жарар еді-ау, шіркін.

Әрине, Ілияс драматургиясының тілі арнайы зерттеуді керек ететін түпсіз терең кең шалқар. Ұмытыла бастаған қазақтың ғибраты мол көне мақал-мәтелдері, ғажайып ескі сөз маржандары өте мол кездеседі. «Құл құтырса, құдыққа қармақ салады», «Күңді қойсаң еркіне, қарамас ол бөркіңе», «Жер шайқалса, тиянақ – төбе, ел шайқалса, тиянақ – төре» - мұндай нақыл сөздер жиі ұшырайды. Ал «Исатай, Махамбет» трагедиясында Жәңгір хан тілі ше? Өзі қазақтың ханы бола тұрып қазақша сөйлемейді. Бұл, біріншіден, менсінбеушіліктің белгісі болса, екіншіден, әдейі түсінбесін дейтін де шығар, көне шағатай кітаби тілі ме, әйтеуір, не айтса да қойыртпақтап айтады. Мысалы, «Мұнда жоқ не лазіз, не лаяқат! Хан фарманына қазақ етсін итағат!» Немесе «Шаян Бегжан, мәжілісті хұзыр қыл, тантаналы тамашамыз біздің бұл. Ғиш-ғашырат, кәйіф-сафа айлалық, күйші, жырау қайда? Аларны қазір қыл!» сияқты болып келеді.

Бұл келтірілген мысалдардан біз Ілекеңнің классикалық әдебиетке қойылатын талаптарды, әдебиет теориясын жетік білгендігін көреміз. Қоғам қашан да көп қатпарлы, соған сәйкес әр адамның өз орны бар, атқарар ісі бар, демек, әркімнің өз ортасына тән сөз саптасы, түсінік-пайымы, ой жүйесі болады. Кейіпкер бойынан міне, осы қасиеттері айқын көрініп тұруы тиіс. Әр кейіпкерді өз орнына қарай даралау үшін, әрине, жазушының ел салтын, тұрмыс-тіршілігін жетік білуі шарт. Ілекең драматургиясынан осындай озық қасиеттері айқын аңғарылып тұрады. Басқаша айтсақ, ана тіліміздің жай-жапсырын сонша терең білуі өз алдына, әр аймақ тілінің өзіне тән кейбір жергілікті ерекшеліктеріне дейін дәл тауып, кейіпкер аузына сала біледі. Сүйтіп шығарманың көркемдігі мен шынайылығын арттыра түседі. Тіпті Жәңгір ханның сөйлеу мәнерінен көргеніміздей, әр топтың өзіне тән ойлау, сөйлеу ерекшеліктеріне дейін ескеріп отырады. Мысалы, Қарауылдың төлеңгіті Күшік:

Қасымнан кісі қашпайды,

Қасымнан шыбын ұшпайды,

- деп күпіне сөйлесе, жағымпаз би Шомбал:

Ханың – дағы сенікі,

Халық тағы сенікі,

- деп Исатайдың қаһарының алдында қу түлкіше бұлаңдайды.

Ілияс Жансүгіров драматургиясының тарихи-танымдық тұрғыдан мәнді дүниелер екенінде дау жоқ. Ал солары сахнадан бүгінгі көрерменді қызықтыра ала ма? Ойланбастан «иә» деп жауап береміз. Түсінік-білігі мол режиссері кедессе, әуезді де әрлі бай қазақ тілін өзінің табиғи қалпында көсілтіп айта алатын артистер табылып, іріктеліп алынса, «Кек», «Түріксіб», «Райхан», «Исатай, Махамбет» пьесаларының қай-қайсысы да қай театр болмасын тақиясына тар келмес еді. Иә, солай. Ілияс Жансүгіровтің драматургиясы әдебиет тарихын зерттеуші үшін де, репертуарымды түрлендіріп байытамын дейтін ізденімпаз режиссер үшін де, тіл байлығымды молайтамын, биік тұлғалы кейіпкерлер жасаймын, дейтін талантты актерлер үшін де әрқашан тозбас үлгі, сарқылмас мектеп болып қала берері хақ.

Бөлісу:

Көп оқылғандар