Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Оралхан Бөкей туындыларындағы кеңістік пен кейіпкер концепциясы

02.04.2019 508

Оралхан Бөкей туындыларындағы кеңістік пен кейіпкер концепциясы

Қоғам мен адам, я болмаса кеңістік пен кейіпкер проблемасы қашан да қаламгердің дарын мен парасат-білігін салмақтайтын әдебиеттің рухани өзегі. Кейіпкерсіз көркем шығарманың, кеңістіксіз кейіпкердің көрінуі мүмкін болмағандықтан, осы екеуінің арасындағы жанды байланыстардың өзгермелі күйін суреткерлік құдіретпен бере білу — жазушы көркем туындысының шынайы сапалық өлшеуіші.

70-жылдардағы қазақ прозасында авторлық «Меннің» берілу амалдары күрделене түсті. Қаламгерлердің шығармашылық ізденістеріндегі стильдік процестер түрлі бағыттарда жүріп жатты. Адам тұлғасын, адамзаттың бүгінгі рухани құндылықтарын безбендеуге келгенде бейнелеудің дәстүрлі принциптерімен қоса, балама сарындардың да орын тебе бастағанын аңғару қиын емес.

Соңғы жылдарда кеңістік пен кейіпкер қатынасын көркем зерделеу нәтижесінде өніп шығып, әдеби тенденциялардың бірі ретінде көрініс берген қазақ прозасындағы экзистенционалды ой ағымы бүгінгі күні айрықша назар аударуға сұранып тұрған мәселелердің ішіне енеді. ХХ ғасырда пайда болған, өз идеялық бастауын Гуссерль, Кьеркегор еңбектерінен алатын әлемдік ой ағымындағы бұл бағытты Марсель, Ясперс, Бердяев, Шестов, Бубер, Сартр, Камю, Бовуар, Хайдеггер сияқты философтардың қолдағаны мәлім. Кезінде «өмір сүру философиясы» деп аталған мұндай бағытты тек буржуазиялық идеологияның, буржуазиялық философияның толғамдарының нәтижесінде дүниеге келген теріс көзқарастар бағыты деген түсініктердің басым болғаны да шындық.

Бір сөзбен айтқанда, экзистенциалистер концепциясы әлем және жалғыздық ұғымынан өрбиді. Әлемдік философиядағы бұл бағыттың ірі өкілдерін ортақтастырып тұратын басты белгі — адам болмысына «Мен» және «Басқалар» ұғымы тұрғысынан келуі. Олар үшін қоғамдық қатынастар сияқты қозғалыс түрлері абстракция, негізгі шындық — субъективтілік. Осындай ой-тұжырымдардың негізгі құяр арналарының бірі — адам өзінің әлемдік жалғыздығын түйсіну арқылы қоғамнан, сондағы қалыптасқан қатынастар мен нормалардан жатсынуы. Экзистенциалистік таным мен олардың ұстанған концепцияларын, теориялық қырларын қарастырған еңбектердің түгелі дерлік келіскен тоқтам бар. Ол — экзистенциализмнің мәдени құлдырау, рухани дағдарыс кезінде күш алатыны. Яғни, экзистенциалистік ой ағымы қоғамдық құрылыстағы және әлемдік деңгейдегі қайшылықтар тереңдегенде, санадағы қақтығыстар кезеңінде адам өзінің фәнидегі жалғыздығын барынша түсінеді деген пікірді ұстанады.

Өткен ғасырда Г.Марсельдің, Ж. П. Сартрдың қоршаған әлемді қатыгез, трагедия мен қарама- қайшылыққа толы екендігі жайлы пікірлері алдыңғы қатарға шықты. Мұндай ой тек қана француз ойшылдарында ғана емес, жалпы экзистенциализмнің теориялық базисі ретінде танылды. Хайдеггердің «Человек есть и он есть человек, поскольку он экзистирует. Он выступает в открытость бытия, какою яв- ляется само бытие, которое в качестве броска бросила сущего человека в «заботу». Брошенный таким образом человек стоит «в» открытости бытия. «Мир» есть просвет бытия, в который человек вступает своим брошенным существом» деген ойы Ж.П. Сартрды «дүние – бос» идеясымен тамырласып жатыр [1; 212]. Экзистенциалистер осы тығырықтан шығудың жолын адамның жеке болмысы, оның «Мені» арқылы шешуге тырысты.

Жазушы О. Бөкейдің әуелгі «Қамшыгер», «Үркер», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Мұзтау», «Ән салады шағылдар» кітаптарынан сыншылар мен зерттеушілердің аңғарғаны шығарма бойындағы терең философиялық түйін мен лирикалық желінің шебер үйлесе білуі және психологиялық талдау мен публицистикалық сарынның берік жымдасып келіп, авторлық «Меннің» баса көрсетілуі. Бүкіл шығармалары Өмір – Адам – Табиғат желісіне құрылып, айрықша концептуалдық мағына иеленеді.

О. Бөкейдің әлем мен жалғыздық арасындағы қарым-қатынасты көркем игеру барысындағы экзистенциалистік ой-пікірлері «Қар қызы» повесінен анығырақ көрінеді. Дүние тылсымын, адам- жұмбақтың сырын ашуға ұмтылатын қаламгер кеңістік ретінде Алтайдың қатал да, ешкімге сырын ашпас томырық табиғатын алады. Мұнда қазақ прозасына М.Әуезовпен келген, өзінің төл шығармасы «Қамшыгерде» танылған көркемдік амал — табиғатты адам трагедиясымен қабыстыра суреттеу жүзеге асады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 5

Повесте Алтайдың табиғаты тек географиялық ұғымды білдіре бермейді. Мұнда табиғат аясы — ғаламның кішірейтіліп алынған моделі. Қаламгер ойынша, олардың адамгершілік сапалары, ақыл-ой өрісі, рухани әлемі ішкі еркіндікті тұсаулаған, өзінің шектеулі заңдылықтары бар адамдар қауымының ортасында емес, алып кеңістікпен бетпе-бет, жеке келгенде ашылуы тиіс. Алып кеңістікте осы үшеуінің тағдыры сыналады, олар кеңістікке сол үшін, Хайдеггерше айтсақ, «тасталған». Нағыз өмір мен өлімнің шайқасы осы жерде басталады. Яғни адам өзінің тіршілігі үшін жан дәрмен. Э. Фромм айтқандай: «Человек — часть природы, он подчинен физическим законам и не способен изменить их; все же он выходит за пределы природы. Он отделен, будучи частью: он бездомен и все же прикован к дому, в котором живет вместе со всеми другими существами. Брошенный в этот мир в определенное место и время, он таким же случайным образом изгоняется из него. Осознавая себя, он понимает свою беспомощность и ограниченность собственного существования. Он предвидит конец– смерть» [2; 158].

Повесте бір-бірінің сырын жетік білетін боп көрінген үшеуі мынау жалпақ әлемде, шет-шегі көрінбестей суық дүниемен жалғыз қалғанда беймағлұм болып келген сырларын ашады. Ең бастысы, олардың кеңістікке деген қатынастарындағы өміртанымдық тайталастары басталады. Демек, экзистенциализмнің шындық, ақиқат өмір мен өлімнің тым жақындап келген аралық ситуацияда ашылатыны жөніндегі идеясы шығарма өзегіне айналған. Жазушы осы бір тартысты ситуацияға кейіпкерлерін әдейі салады да, өлім категориясының мағынасын төрешілік ұғымында қабылдайды.

«Ер-азамат не майданда, не жорықта сыналады деген осы. Ол — Бақытжан осынау қар шағылдардың арасынан достарын ғана емес, өзін де іздеп тауып алғандай еді. Ол ұлы жаңалық ашты — өзін ашты». Ал Нұржан «өте сенімді де, мықты жігіт» деп осы қиын сапарға ертіп шыққан Аманжанға енді басқаша қарауға мәжбүр. «Тәңірім-ау, Нұржанның осы екі жігіттен басқа кімі бар еді? «Аманжан, сен осындай ма едің?.. Пышақ жұмсағаны несі? Жо-жоқ, ауылға енді қайтып бармау керек екен. Не болса да осында қарелінде, адамдары аз кеңістікте өлу лазым екен».

«Қар қызы» повесінде заман ағысынан қалтарыста күн кешкен Қоңқай мен сиыршы шал Оралхан суреттеген кеңістіктің тартылыс күшін реттеп тұрған екі полюс секілді. Тіпті жапан даладағы Қоңқайдың жалғыз үйі — бір адамнан тұратын «мемлекет». «Қоңқай мемлекетінің» өзіндік заңдары мен философиясы бар. Ал сиыршы шал болса, осы Қоңқай үшін ен түзді мекен етеді. Яғни, Қоңқай болмаса тыныштық пен жақсылықтың күзетшісі — сиыршының да болуы мүмкін емес. Бұл — қаламгердің жаратылыс диалектикасы туралы концепциясы.

О. Бөкейдің «Қар қызындағы» кей тұжырымдар «Сайтан көпір» повесінде аңғарылмай қоймайды. Туындыдағы негізгі кейіпкерлердің бірі — Аспанның мына монологына назар аударайық:

«Адамнан өткен қаскөй не бар екен мына жалғанда: ендеше, табиғатқа біздерден өгей ешкім де жоқ, ештеңе де, тек екі аяқтылар ғана артық, сол керексіздігімізді жасқана жасырамыз, жанталаса қорғаймыз. Өгейлігімізді білдірмес үшін арпалысып, мұқым жер-жаһан, ұшқан құс, жүгірген аңға үстемдігімізді жүргіземіз. Әттең, Алтайдағы елік жабылып келіп сүзіп, тепкілеп өлтірсе де обал жоқ маған, обал жоқ. Бүкіл әлемдегі жан-жануарлар жабылып, адамзатқа шабуыл жасаса ғой. Мен сонда сол аң-құсқа қосылып, қарсы аттанар едім». Кейіпкердің осы толғанысы көркем туындының жүлгесіндегі философиялық ойдың тірегі ретінде алынады.

«Сайтан көпірде» адам рухының мәңгіліктілігі мен табиғат рухының арасы сабақтас алынғанын аңғарар едік. Адам зауал шақ — өліммен бетпе-бет келіп барып қана өз шынайы болмысын танытатыны жөніндегі экзистенциялық пікір осы шығармада да бар. Өйткені Аспанға да, Аманға да «Сайтан көпірден» өту шаруашылық мақсаттардан гөрі, ішкі рухын сынау үшін керек. «Әркімнің алдында түптің түбінде өтпей қоймайтын «Сайтан көпірі» бар. Тек қорықпағандар ғана арғы жағалауға шығып мақсатына жетпек». Сайтан көпірден өту дегеніміз — өлімге тым-тым жақын келу немесе өмірмен қоштасу. Бұл тұста А. Камюдің айтқанымен келісеміз. Атақты жазушы: «Дело в том, что у нас нет опыта смерти. Испытанным, в полном смысле слова, является лишь то, что пережито, осознанно. У нас есть опыт смерти других, но это всего лишь суррогат, он поверхностен и не слиш- ком нас убеждает», — деп жазғаны бар-тын [3; 231].

Аспан да «өліп-тірілуді» басынан кешіргеннен кейін өзгеріп сала бергендей, айнала дүниеге, адамдарға деген, өзіне деген көзқарасының көкжиегі кеңігендей. «Бәрібір, Алатай мен ауылды жалғайтын жалғыз дәнекерші – «Сайтан көпірдің» амандығын тілейді. Енді сол қасіретке толы жалғыз көпірден ол айырылды. Әне, быт-шыт болып, қармен қоймалжыңдаған Қаба өзенінің әр тұсында ағып барады. Тек қана сорайып-сорайып ағаш бағандары ғана қалған. Енді кісі өлімі бол- майды. Бетоннан құйып жаңасын салып алар дейсіз ғой. Ол – «Сайтан көпір» емес, бірде-бір адам қорықпай, қарқ-қарқ күліп өте шығады да, Алатай жайлауынан қадір-қасиет кетеді. Адамның бойы- нан қатерден сескену сезімі жоғалып, мүлдем құрып бітіп, есінетер ессіздік үстемдік алады». Оның ойынша, адамдар бойындағы қорқыныш, үрей сезімдері өлген сайын сұлулыққа, мейірімділікке, биік рухқа деген құштарлығы тұншыға береді.

Кеңістік пен уақыт, құбылыстар мен қозғалыстар сырын адамның субъективті болмысына сүйене отырып қарастыратын экзистенциалистік дүние қабылдау заңдылықтары О. Бөкейдің көркемдік-философиялық танымына әсер еткенін Аспан, Аман бейнелері дәлелдей түседі. Сонымен қатар, шығармадағы философиялық тұжырымдардың жасалуында, осы негізгі шарттарды айқындауда абстракциялы символ-бейнелердің де орны айрықша. Повестегі АНАУ, АЙҚАЙ, ЖАҢҒЫРЫҚ көркем образдық дәрежеге жеткен. Шығармадағы негізгі тартыс кейіпкерлердің жан әлемінде десек, осы тартыстардың катализаторы — символ бейнелер.

Символдың бірталай артықшылықтары да жоқ емес. Символды қолдана отырып, олар туралы тәптіштеп көрсету де керегі аз. Мәселен, Оралханның қолданған АНАУЫ ешқандай түсіндірмені тілемейді. Өйткені халық жадында АНАУларға қандай мінездер тән екені айдан анық. Жазушы осы бейнелерді тәсілдік қолданысқа алып, өзінің орталық кейіпкерлерін ашу үшін, философиялық ойдың бет-бағдарын көрсету үшін пайдаланады.

О.Бөкей үлкен философиялық проблема – жатсынуды да айналып өтпегенін аңғарамыз. Мұндай ой бізге оның тырнақалды туындыларына үңілгенде келеді. Соның бірі — қаламгердің үздік шығармаларынан саналатын «Қамшыгер» әңгімесі. Әңгіме экспозициясы М.Әуезовтің «Қорғансыздың күніне» ұқсас. Арқалық тауының сұсты табиғаты мен Ғазизаның тұрағы бейнеленуі сұрқай тіршіліктің, суық әлемнің суретін берсе, Садақбайдың мекені де елеусіз қалғандай, жалғыздық пен жетімдіктің күйін шертеді. «Түйе тастың құбыласын иектей жұпыны ғана қараша киіз үй тігілген-ді. Үй жалқы ғана. Көз көрімде ел жоқ: тек ұзын сонар қож-қож тастар, сойдақ-сойдақ қарағайлар, алапат таулар ғана қаумалай қоршап, күргейлеп тұрады. Қараша үйдің маңынан ербең еткен баланы да, өріп жүрген жетім лақ та көрмейсіз. Өне бойы өгейсіп, мынау жер-жаһанда аласталып, алыста қалғандай: үн-түнсіз ағараңдайтын шалғайдан».

Шығарманың сюжеті өрбуге тиісті кеңістікте көңілге суықтық ұялататын экспрессивтік суретпен беру бұл тұста автордың көркемдік мақсатымен орайлас алынады, характер ашудағы маңызды компонент ретінде қолданылады. Түйетас пен оның ығын тасалаған жалғыз үй, аңырап соққан аңызақтың бәрі Садақбайдың мазасыз, шексіз жалғызсыраған тірлігінің белгісіндей.

«Бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан нар кескен жылдарын есіне алғаны ма, екі ауылдың арасын қиқулатып, бұғалықсыз асауды құр-құрлатқан жиырма бесім қайдасың деді ме, тіршілікті мынау қолындағы қамшысының сабындай келте, сабындай жылпылдақтығын, әрі ермен шөптей ащылығын ойлады ма, құйрық-жалсыз жалғыздығын енді ғана сезді ме? Ол ішек-қарны ақтарыла, қатты, аса қысастықпен еңкілдеп жылап жіберді. Жылап тұр. Сыңар аяғына ғана сүйеніп еңіреп тұр». Бұл — Садақбайдың кешкен өмірінің ешкіммен жұғыса алмай жападан-жалғыз жортқан күйі өте барғанын ойлап күйзелгені-тұғын. Ол — өзінің адамдар ортасынан жатсынып кетуінің сырын ұға алмай дал болып, қамшыдан басқа сүйенері табылмай, тұңғиықтан келіп тұңғиыққа аттанған пенде. Әңгіме Садақбайдың қарысып қалған қолындағы қамшымен бірге жерленуі арқылы шешім табуы кейіпкер бойындағы шетін күйзелісті берудегі көркемдік амал.

Жатсыну мәселесінде жазушының позициясын толықтай әйгілеген алғашқы шығармаларының бірі — «Мұзтау» повесі. О.Бөкей мұнда өзінің айнымас тақырыбы — кеңістік пен жалғыздық мәселесін негізгі нысана етіп алады да, көркемдік құралдарды осы екі ұғымның аясында топтастырады.

Кеңістік пен индивид арасындағы қарым-қатынасқа үңілу барысында жазушының негізгі идеялық тұғыры — антропологиялық көзқарас, яғни адамның әуелгі табиғи болмысы, алғашқы негізі жайлы тұжырымы бой көтереді. Ақтан — адамдардың қауымдық тірлігінен, бірлескен өмір салтынан саналы түрде жатсынған кейіпкер. Оның пайымдауынша, нағыз ақиқат пен шексіз тазалық табиғатта ғана қалған «кей сәттерде Ақтан әлі табиғаттан толық бөлініп шықпаған әрекет иесі ретінде әсер қалдыратыны» сондықтан.

Жеке адамды жеке құндылық деп қарайтын жазушы адам, қандай да болмасын қоғамдық ортада өзінің осы субъективті қасиетін жоғалтады деген экзистенциалистік бағыт ұстайды. Яғни, адам қоғамдық ортада шексіз еркіндігінен айрылып, ассимиляцияланып кетуі мүмкін. Ақтанның ауылдан іргесін аулақ салуының мәнісі — қоғамдық ортаның әу бастан рухани теңсіздікте болатыны. «Кісі аяғы басып, қолы тимеген дүниенің бәрі киелі» деп санайтын Ақтанды ойға қалдыратыны, есеңгірететіні адамдардың мына өмірді өткінші деп қабылдамайтындығы, яғни абсурдтығын сезіне алмайтындығы. Ақтан өз тағдырын қоршаудан қашып шыққан бұғымен ұқсастыратын эпизод та автор идеясының детальмен меңзелгені. Ақтанның осы бір мінезінің төркінінде не жатыр? Қаламгер бұл сауалға жауапты Ақтанға мүлде қарама-қарсы алынған образ — Қанның аузына салады: «Білем, саған өлім де қорқынышты емес; байлық, мансап, атақ-даңқ та қызықтырмайды. Өткеніңе өкінбейсің, ертеңіңнен үміттенбейсің. Адам боп қуанған да, пенде боп жылаған да емессің-ау деймін. Иә, сен қола дәуірінің бүткіл психологиясын жиғансың. Сондықтан да әлемдегі еш нәрсе таңдандырмай, еліктірмей, бойындағы барлық адамдық қасиеттің қаймағы шетінемей, бүлінбеген таза және табиғаттың өзіндей өміршең. Бірақ ондай тым сезімтал, ақжүрек адамның қазіргі ғасырға керегі жоқ».

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ықылас Ожайұлы. «Інжу-маржан секілді...»

Автор образдың психологиялық құбылысын, ішкі тайталастарын беруде өзінше тәсіл таңдайды. Ол — осы тұлғаның жан әлемінде Ақтан мен Аңшы болып айтысады. О. Бөкей кейіпкеріндегі ішкі «Меннің» дағдарысы оның «өзін-өзі» таңдау процесінің аяқталып, тоқтамға келмегенін айғақтайды. Ақтанның бойындағы Ақтан — тұлғаның детерменделген қыры да, Аңшы — тұлғаның жатсынған қыры. «Ішкі» Ақтан: «Сенің қателігің сол — халық ғасырлар бойы ойлап тапқан өмір сүру тәсілінен шығындап шығып, өз бетіңше лағып кеткің келеді. Бойыңда барлық күш-қуат бола тұра, өзің де байыбына бара алмаған жалғыз пәлсапаның шылауында тентіреп жүрсің. Баяғыда-ақ орталыққа көшіп барып, адамдарға бұдан әлдеқайда пайдалы іспен шұғылдансаң.

Аңшы: Пайдалы іс деген не? Түсіндірші маған. Меніңше, дүниедегі ең пайдалы іс сол — дүниеге жалғыз-ақ рет келіп жан тапсыратын адамдарға қиянат жасамау. Егер орталыққа көшіп барсаң, сөз жоқ, өзімізге дұшпан табар едік».

Еріктің («Атау-кере») бойында Ақтандікінен («Мұзтау») бөлек Қоңқайлық («Қар қызы») жатсыну бар. Еріктің томырық мінезі, аса қатыгездігі мен будан аралар жағдайын салыстыра отырып, суреткер метафоралық параллельге барады. Жазушының қозғайтыны тағы да адамның табиғи тазалығы. Еріктің жанашырлықтан ада, селт етпес қаталдығына іштей мүжілетін Нүрке кемпір баласының африкалық аралармен әуестенуінен қатты тіксінеді. Демек, Нүрке кемпір Еріктің болмысындағы мейірімнің неден өшкенін сезеді. Өйткені будан арадан өсіп-өнген ұрпақ пен Еріктің әрекетінде дүбәра тіршілік түйсіктері бар. Ерік — адамдардың бір-біріне деген мейірімділігі болатынын мүлде жоққа шығаратын жан. Адами сезімдер оған жат, тіпті өзін Айнаға үйленуін өміріндегі шалыс басқан қадамы деп шешіп қойған. Жазушының Ерікке берген мінездемелерінің астарында Ара-символдың орны ұлғая түседі.

«Атау-кере» повесінің композициялық түзілісіндегі Таған мен адам көзінен таса тіршілік еткен Шал желісінің жазушы философиялық ойындағы өзекті айқындау үшін мән-маңызы үлкен. Шалдың өгей тұрмысы бүгінгі заман тірлігімен мүлде қабыспайтын үңгірдегі мекені, тіпті тұрмыс заттарының саналы адамзаттың алғашқы қауымында дүниеге келгендей әсер қалдыратыны жазушының түпкі байламынан сыр тартады. Бұрынғы дәуірдің жәдігеріндей көрінетін Шалдың мекені — үңгірге орналасқан үй, ондағы Қазақстанның екі қиырынан арнайы әкеліп бауырына басқан екі жетім — Қозы мен Баянның жайын О. Бөкей ерекше мән бере суреттейді.

«Адам — орманның ортасында жүріп күнәға батқанша, ағаш-орманның арасында таза өскенге не жетсін. Мен қазақтың атом апатынан да, бүлінген ауадан да, ішімдік пен аяқтан шалар ағайын алауыздығынан да ада, таза да тәкаппар ұрпағын тәрбиелеймін... Жоқ, шырағым, мен қара басымды сауғалап келгенім жоқ бұл қу мекен жерге; жалғанның үзірінен, анау екі қозымның амандығын ойлап, олардың дені сау, рухы таза өссін деп келдім бұл жерге; жарықтықтарымның жас жаны жараланбасыншы, ит тірліктің итаршысына айналып, аумалы-төкпелі заманның зәлімі болып кетпесінші деп келдім бұл жерге; бірін-бірі алқымынан алып шайнап тастар қаскөй бірлігінен не пайда, күндердің күні болғанда адамның өзін опық етер ілім-білімнен не пайда». Бұл — Шалдың адамдар ортасын жатсынған тіршілігі, одан табиғи жарастық таппауы — руханилық дағдарысты барынша сезініп, өз тарапынан жасаған таңдауы. Шал-Таған желісіндегі айтылар ой ауқымының шығарма тақырыбын ашудағы маңызды болатыны автордың көркемдік шешім қабылдауынан да көрінеді. Таған ақырында шалдың «мемлекетін» таңдауы да психологиялық дәйектемесі келіскен, шығарманың логикалық дамуына сай жасалған нанымды шешім болып қала береді.

«Атау-кере» повесіндегі Нүркенің өлім сәті алдындағы көрініске тоқталмай кетпеуге болмайды. Мұнда санаға бағына бермейтін, ақылға жеңдіре бермейтін фрейдизмге тән психологиялық өзгеріске көңіл қояды. Бұл мәселе әсіресе батыс модернистерінің ерекше назарында болған еді. Сол сияқты қаламгер қазақ арасына сіңіп Нюра Фадеевнадан Нүрке атанып кеткен, мұсылмандық сенімге біржола иланып-сенген, намазға жығылған адамның өмірінің соңғы сәтінде бейтаныс күштің ықпалымен мына өмірге өз дінінің шарттары бойынша бақұлдасып, шоқынуы ақылынан тыс жасаған қарекеті ретінде суреттеледі. Ол — өзінің ғұмыр бойы ұстанған сенімінен, өмір салтынан жатсынған адам. Осы уақытына дейін санасының түпкірінде өз дініне деген сағыныш ұялап жатқан. Көркем шығармадағы Айна енесінің сандығынан тапқан икона — Нүркенің өзін-өзі алдаған, өзінен-өзі жатсынған қарама- қайшылықты өмір сүргенінің куәсі. Икона — Нүркенің ақиқат болмысын ашуға қолданылған деталь. Өйткені «Ананың сүтімен рухына сіңген сенім түптің-түбінде бәрібір жеңіп шыққан еді».

Қазіргі адам мәселесін қарама-қайшылықты дүниетанымдар қақтығысында бейнелеу кейінгі уақыттағы прозаның даму процесін айқын етер маңызды тенденциялардың бірі болатын. Яғни, жеке тұлғаны зерттеу, оның арманы мен аңсарын, сезімі мен түйсігін зерделеу әдебиеттің диалектикалық қозғалысындағы тағы бір маңызды белес еді. Экзистенциалистік философияның негізін қалаушылар және таратушылар — Хайдеггер, Ясперс, Сартр, Камю, Марсель, Бердяев сынды ойшылдар мен суреткерлердің ХХ ғасырдағы дүниежүзілік көркем дамуға қатты ықпал еткендіктен, қазақ әдебиеті де одан тыс тұра алған жоқ.

Адамзаттың қазіргі дамуында жатсынудың, өзіндік жатсынудың бар екендігі бұл проблеманың абстрактылы теорияларға негізделген, ойдан құрастырылған проблема емес екендігін көрсетті. Өздеріне табиғат заңдарының үстемдік ететінін, өздерінің қоғамдық әрекеттері олардың абсолютті еркіндігіне шек қоятынын адамзаттың түйсінуі — жатсынуды дүниеге келтірді.

Әдебиеттер тізімі:

Хайдеггер М. Время и бытие: Статьи и выступления; пер. с нем. — М.: Республика, 1993. — 447 с.

Фромм Э. Психоанализ и религия // Сумерки богов / Сост. и общ. ред. А.А. Яковлева. — М.: Политиздат, —С. 143–221.

Камю А. Миф о Сизифе. Эссе об абсурде // Сумерки богов / Сост. и общ. ред. А.А. Яковлева. — М.: Политиздат, 1990. — С. 222–318.

Ж.Ж. Жарылғапов, Л. Кенешова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Оралхан Бөкей
(1)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар