Арман Шеризат. Эссе ішіндегі есіл өмірлер
Бөлісу:
Айтқанда әңгіменің майын тамызып, жазғанда жүрегіңді елжіретіп әр кейіпкерінің жанында жүргендей әсерге бөлейтін қаламгер – Ұларбек Нұрғалымұлы. Әңгіме Ұларбектің «Дайағашшысы» жайлы. Ондағы қазақы бояуға қанық эсселер оқырманын баурап алады. Байырғы қазақтың таза болмысы, даладай дархан мінезі, жомарт жүрегі, аңқылдақтығы мен аңқаулығы бәрі-бәрі осы кітапта көрініс тапқан. Эссе дегеннің өзі ағынан жарылу, ақтарылу болса керек. Оқи отырып жазушы шеберлігіне, алғаусыз ақ жүрегіне тәнті боласың. Қаламгер шығармаларының бәрінде дерлік ұлттық болмысты дәріптейді. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылды сағындырады. Далалық жылқы болмысыңды аңсайсың. Ұмытылып бара жатқан жоғыңды іздейсің, барыңды түгендейсің. Ұларбектің кітабы бүгінгі қоғамда өте құнды, бағалы кітап дер едім. Басқаның қаңсығына басы айналып, өзінің ұлттық болмысынан ажырап, ана тілінде сөйлеуден қалып бара жатқан ұрпақ үшін бұл өте маңызды. Қоғамдағы осы түйткілді мәселелерді қаламгердің жанымен сезініп, қолына қалам алғаны байқалады. Қазақы дүниетанымның соншалықты тереңдігіне, соншалықты кеңдігіне сүйінесің. Өзіңнің қазақ болғаныңа мақтанасың. Қаныңдағы ұйықтап жақтан қазақылығыңды біреу қамшының сабымен түртіп оятқандай болады. Демек, жазушының о бастағы мақсатының өзі осы болған. Әлбетте, мұндай жауһар дүние жазу үшін әркімге қазақты шексіз сүйетін жүрек керек. Ол жүрек қаламгер шығармаларында лүпілдеп соғып тұр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР: Ұларбек Нұрғалымұлы. Дайағашшы
Жазушылық шеберліктің сан қырлы сындарынан өтіп, шыңына шықпай-ақ, құдіретті Алтайда туып, қазақы иіс бұрқыраған ауылда өсіп, шежіре қариялардың әңгімесін тыңдап, қадіріне жете білген қаламгерге еріксіз сүйінесің. Эссе ішінде жатқан есіл өмірлер, жып-жылы естеліктер, үздіккен сағыныштар Алтайдан есіп тұрған ерке самалдай.
Ұларбектің эсселерінде ең ғажабы қазақтың құнарлы, көркем тілі төгіліп тұр. Көкейінде сайрап тұрған көркем дүниені көңіліндегідей хатқа түсіре білген. Көшпенділердің культі болған жылқы, жазушы шығармаларының да шыңы деуге болады. Сол тақырыптағы мына екі эссенің орыны тіптен бөлек. «Қар суымен кеткен жылқы», «Дайағашшы»! Артық-кемі жоқ, тұтастай құйылып түскені көрініп-ақ тұр.
Енді эсселердегі өзіміз тәнті болған оймақтай ойлардан үзінді келтірсек.
«Өмірі осы. Жылқы да, бала да өзінікі емес, бірақ осылай. Ауылдағы бүкіл жүйрік осы кісінікі сияқты. Күйінеді де жүреді». Бұл дайағашшы Зейнелқабденнің болмысы. Жүйрік көрсе аялап, баптап, жанашырлықпен қарап тұратын қасиет қазақтың қанында бар. Талантқа сүйсіну де танымнан болса керек. Әркім қара басын күйттеп, жаратушы сыйлаған ұлы қасиеттердің қадіріне жете алмай жатқан бүгінгі қоғамға осы бір дархан мінез ауадай қажет сынды.
«Көпке бөлінбеген қуаныш көңіл шіркінді көтеріп жарытқан ба?.. Дайағашшы деген кішкентай ғана бір дәстүрінің ұмытылуымен қанша қазақтың бір-біріне беруге тиіс қақысы, көтеруге тиіс беделі, сыйы жоғалды екен?». Міне, дәстүріңді ұмыту, ұлтыңды жоғалтумен тең. Қазақтың бір ғана дәстүрінің астында қанша мән-мағына, қанша сый-құрмет жатыр. Осы бір дәстүрді дәріптеп, қайтадан жаңғыруына себепкер болып отырған жазушыға еріксіз сүйінесің.
«Біздің ауылда бәйге туралы сөз шыға қалса Зейнелқабден ақсақал жайында айтылмай қалмаушы еді. Әсіресе, аты жете алмаған кісінің жарым көңілін аулап, жүйріктің құрметіне деп жалғыз атан түйесін берген оқиғасы шалдардың көңілін босатып, сағыныштарын қоздатушы еді». Әлемдегі теңдесіз жомарттық қазақ халқының бойында бар. Баладай таза көңілімен қонағына барын беріп отыратын дархандығы ешкімді бей-жай қалдырған емес. Зейнелқабден соның бір ғажап үлгісі. Жазушының осындай жомарт кейіпкеріне деген махаббатының өзі шығарманың өне-бойынан анық аңғарылады. Өз сағынышымен оқырманын да ғашық етеді. Бауырында күн кешіп жатқан болмысы бөлек жандарға, ұлы Алтайға ғашық етеді.
Бөлісу: