Сәбит Жәмбек: Қазақ поэзиясына бірдеңе жетіспей тұр

Бөлісу:

06.01.2017 5033

Әдебиеттанушы ғалым, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы Сәбит Жәмбек – жан-жақты білімді азамат. Қазақ, жалпы әлем әдебиетінің тарихы, теориясы мен сыны жөнінде ұшан-теңіз мағлұматқа ие. Бір басына әдебиетшілік, күйшілік, ғалымдық, ұстаздықты тоғыстырған Сәбеңнің өмірден көрген-түйгендерін ақ қағазға түсіретін қаламгерлік қыры да бар. Қаламынан туған хикаяттары мен әңгіме, эсселерінен жазушылық қарымды айқын аңғарылғанымен, әдебиеттің үлкен айдынына өзін танытуды мақсат етпеген сабырлы қалыптағы Сәбеңнің әдебиет жайлы ой орамдарынан үзінді жариялап отырмыз.


1e1c889e7b4bca5a89a2b1dce687fc25.jpg


Кейде әлем әдебиетіндегі сюжеттердің мотивтеріндегі ортақ сипат, ұқсас жайттарды көріп, таңғалып жататыным бар. Мысалға басты кейіпкерлердің отан алдындағы парызы, ұлттық мүддені қатаң ұстануы көптеген шығармаларға өзек болып тартылыпты. Көбіне Отан алдындағы парызын ұмытып кетіп жататын ұлдарына үкімді әкелері шығарыпты. Былай қарасаң, қатал да әділ үкім! Отан алдындағы, ұлт алдындағы саяси, идеологиялық мүдде алдындағы адалдықты, көздің қарашығындай көбіне әкелер қорғапты. Вольтердің 1730 жылы жазылған «Брут» трагедиясының басты кейіпкері – республикашыл Брут. Ол деспот – патша Тарквинияны құлатуға белсенді араласады. Әке жолымен жүрген Тит те қолбасшы ретінде отан мүддесін қорғайды. Брут пен Титтің патриоттық сезімдері үлкен сынға түседі. Тит Тарквинияның қызы Тулийге ғашық боп қап, сезімге бой алдырады. Құлай сүйіп, сүйіспеншілік өртіне шалынады. «Табиғилық» «қоғамдықтан» үстем болып, салтанат құрып, ол сатқын атанады. Сенат шешімімен ұлына деген жазалау шешімін Брут өзі атқарады.


b6cfb6228a589badfd80594bb6ede34a.jpg


Француз жазушысы Проспер Мерименің 1829 жылы жазылған «Матео Фальконе» деген классикалық новелласы бар. Новелланың басты кейіпкері – классикалық шаруа – Матео Фальконе. Матео Фальконенің үйіне полициядан қашып жүрген бір бандит келіп тығылады. Корсикалықтардың әдет-ғұрпы бойынша жау ма, бандит пе, кім болса ол болсын, қонақ болып есептеледі. Корсикалықтардың меймандос, қонақжайлық ғұрпы осындай. Осы ғұрыпты Матеоның он жасар ұлы Фортунато бұзады. Полиция сержанты Теодоро Гамбаның он экю тұратын күміс сағатына қызығып, өзі үюлі мая шөпке жасырған Джанетто Саньперо деген бандитті солдаттарға (вольтижер отрядына) ұстап береді. Баласының сатқындығын естіп, ыза қысқан, назаланған Матео Фальконе өзі үкім шығарып, баласын атып өлтіреді. Қатаң үкім, қатал жаза! Амал не?! Бірақ Фальконеге баласының өмірінен гөрі, әдет-ғұрып, намыс, ар қымбат. Сондықтан да ол балалықпен дүниеге қызыққан ғой деп, өзін алдарқатпай қатаң жаза кеседі. Әйелі Джузеппаның еміреніп, елжіреп, жанашырлықпен көмек, кешірім сұрағанына қарамайды. Қаталдық! Қаталдық болса да тағылымды өнеге!

Тағы бір оқиға – орыстың ұлы жазушысы Гогольдің «Тарас Бульба» повесінің басты кейіпкері Тарас Бульбаның басында болған оқиға. Оның Остап және Андрий деген екі ұлы болды. Остап үлкені, Андрий кішісі. Екеуі де Киевтегі училищеде (Бурсада) оқитын шәкірттер болатын. Олар әкесі Тарастың жорықтарына қатысты. Поляктың Лубна қаласында Андрий жаудың қызына ғашық болып, құлай сүйеді. Поляк аруының келбетіне арбалып, жау жағына шығады. Казактарға қарсы гусарлар полкын бастап шығады. Ақыры Тарас полкының сарбаздары оны қолға түсіреді. Баласының үкімін өзі шығарып, Тарас өз қолымен Андрийді атып өлтіреді. Артында: «Өзім жараттым, енді өз қолыммен өлтіремін!», - деген әйгілі сөзі қалды. Отан алдындағы парызды терең түсінген әке қатал үкімді жүрегі қалт етпей орындады. Жазушы: «Андрий өлгенде де әдемі, сұлу қалпында, қасы қиылып жатты», - деп суреттейді.


de187ece2a1e69a0bdf98df661c425a7.jpg


Жазушы М.Шолоховтың «Әке» әңгімесінде ақ әскерінің солдаты болған әке, қолға түскен қызыл әскер ұлын қашырып жібермей өз қолымен атып, үкімді орындайды. Тағы да ар, намыс, парыз.

Қазақ ақыны М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасында қалмақ қызына ғашық боп, сонымен бірге жау жағына қашып бара жатқан інісі Ноянды ағасы Баян қуып жетіп, садақпен атып өлтіреді. Жүрегі қан жылағанымен, қатал үкімді өз қолымен атқарады. Туған бауырының өмірінен гөрі, Отан, ел, ұят алдындағы парыз үстем шықса керек. Мағжан шығармасында әкенің орнына үкімді ағасы орындайды. Айырмашылық сонда ғана. Бірақ бұдан ештеңе өзгеріп тұрған жоқ. Әкесі бола ма, ағасы бола ма, інісі бола ма, баласы бола ма, бәрібір. Отан, ел алдындағы парыз үшін туғандарын қатал үкімге кесіп, жазалайды.


37e2f87c8114bdf8eed233a7246dde74.jpg



Әлемдік сюжеттердегі осындай ұқсас мотивтер терең ойға жетелейді. Ауыр сезімдерге бой алдырып, қалың ой тұңғиығына батырады.

***

-2-

«Кім өткенді уысында ұстаса, сол болашақты да уысынан шығармайды», - деген Джордж Оруэллдің сөзінің салмағы басым. Біз әлі де болса өткенімізді дұрыс бағамдай алмай жатқан сияқтымыз. Күлбілте, жалтақтығымыз көп. Біздің ағайынға айқындық, туралық, батылдық қажет!

***

-6-

Мені соңғы кездері әлем әдебиеті сюжеттеріндегі ұқсас мотивтер мәселелері қызықтыратын болып жүр. Мысалға, Гогольдің «Тарас Бульбасы» мен қазақ әдебиетіндегі ортақ мәселелерге тоқталсақ.

Гогольдің «Тарас Бульбасында» жаудан қашып келе жатып, жолдан түсіріп алған темекі трубкасына серіктерімен қайта оралатын сәті бар ғой. Осы жерде қайран ер ажал құшады. Қазақ әдебиеті мысалында жауынгер жырау Доспамбет жауды жеңіп келе жатып, артта түсіріп алған қамшысына қайта бұрылатыны бар. Осы жерде аңдып отырған күші басым дұшпан жалғыз қалған жырауға тап беріп, қапияда қаза табады. Бұл жайлы жырау:

Қарағайлы көдік бойында

Қамшым қалды ойында

Шырмауығы – алтын, сабы –жез

Бүлдіргесі бұлан терісі

Өрімі құнан пілдің қайысы –

деп, сипаттайтыны бар.

Жырау басындағы осы қайғылы жайды Қырым ноғайлары арасынан академик, түрколог В.В.Радлов жазып алады.

Салыстырсақ: Тарас Бульба түсіріп алған трубкасы үшін кері оралып, жау қолына түседі, ал Доспамбет те түсіп қалған қамшысына оралғанда, аңдып тұрған дұшпандардың торына тұтылады.

Екінші ұқсастық: біреуінің ұлы жау қызына ғашық болып, солардың жағына шығып кетеді. Екіншісінің де інісі жау қызын сүйіп қалып, солардың жағына шығады. Айырмашылығы: бірінде баласы, екіншісінде інісі. Бірақ, бұл елеусіз ғана айырмашылық. Ұлы бола ма, інісі бола ма екеуі де жақын адамдар. Тарас Бульба да, Батыр Баян да туғандарын отан, ел, ұлт алдындағы парыздарын жоғары қойғандықтан қатал үкімге барып, өз қолдарымен өлтіреді. Қатал да болса, әділ жаза! Олар пенделік сезімге берілмейді. Үлкен парыз алдында адамдық биік қалыптарын сақтайды. Арларына дақ түсірмейді. Намысты жоғары қояды. Ал, осы біздердің арларымызға кіршік түскен жоқ па?! Біздер не істеп жүрміз осы?!

***

-14-

Алып жазушы Лев Толстойдың: «От пятилетнего ребенка до меня – только шаг. А от новорожденного до пятилетнего – страшное расстояние. От зародыша до новорожденного – пучина. А от несуществования до зародыша определяет уже не пучина, а непостежимость» - деген пікірін оқып ойға қалдым. Данышпан суреткердің философиялық ойларының тереңдігіне таңқалмасқа шараң жоқ!

***

-16-

«Горе от ума» - деді Грибоедов.

«Қайғы шығар ілімнен,

 Ыза шығар білімнен.

 Қайғы мен ыза қысқан соң

 Жас шығады көзімнен» - деді Абай.

Дәл осындай ой-пікір бұдан 4 мың жыл бұрын жазылған, Ниппурде табылған шумер эпосы «Гильгамеште» де бар.

«Ойлы адамға қызық жоқ, бұл жалғанда» - деді хакім Абай.

«Сұм өмір абақты ғой, саналыға» - деді Мағжан.

***

-41-

«Кір жуып жатқан әйелді Ремарк сонша айқын көрсеткендіктен мұрныма жуып жатқан кірдің иісі келді!» - деп жазыпты Ғабаң, сөз зергері Ғабит Мүсірепов. Және жазушы болам дегендерге мынадай кеңес білдіріпті: «Жазушыға үш кеңес:

1.  Қызыға жаз, қыза жаз, қыздыра жаз, қызықтыра жаз!

2.  Ойланып жаз, ойлы жаз, ой сала жаз, ойландыра жаз!

3.  Ызамен жаз, кекпен жаз, кектендіре жаз!

Осы үшеуінсіз шығармаға жан кірмейді».

***

-44-

Қазігі таңда әдеби сынның тоқырап тұрғаны рас. Көптен бері терең аналитикалық, биік әдеби-эстетикалық деңгейдегі сындар көрінбей кетті.

Поэзиямыз керемет дамып кетті деп жатыр біреулер. Бір қарасаң расында да солай сияқты. Өлеңдердің поэтикалық ырғағы да, ұйқастары да мығым. Өлең техникасы да қатып тұр! Кез-келген өлеңдерінде аллитерация мен ассонансты, әріп, дыбыс әуезділігін, үйлесімін қырық құбылтып, құйқылжытып, сан ойнатып, ерттеп мініп алғандары қаншама! Постмодерндік реңдегі өлеңдер жетіп артылады. Алайда бірдеңе жетіспей тұрған сияқты. Не жетіспейді...

Қазіргі өлеңдердің тақырыптық диапазоны кең де, сан алуан. Ежелден келе жатқан сүйіспеншілік, көңіл-күй лирикаларын былай қойғанда, ежелден ауызға қақпақ болған, бұғаулы тақырыптар: ұлт мүддесі, оның өткені, болашағы, қазіргісі, ежелгі түркілік дәуір, түркілік сана, діни сана сияқты тақырыптардың тығыны ағытылды. Ешкім бөгет болмайды. Қанша жырласаң да өзің біл! Баяғы «қызыл тіл, қолым емес кісендеулі» дейтіндей Мағжанның заманы жоқ. Ойда өлең, қырда өлең! Әйтеуір Герольд Бельгер айтатындай «әкімі мен ақыны көп елге» айналып кетпесек болғаны. Сонымен айтарымыз: көркем әдебиетті әдебиет қылып тұрған поэзияның көркемдік қуаты, образдық болмысы солғындап, әлсіреген сияқты. Ой мен сезім тоғысқан өлеңдер азшылық! Қалайда поэзия көркемдік қуатын табуға тиіс!

Жастар прозасы әлсіреп кетті! Оған қосыламыз. Алайда тәуелсіздіктің алдында, тәуелсіздік жылдарында проза жанрында іргелі, сүбелі дүниелердің де туғандығын айтуымыз қажет. Мысалға Бекежан Тілегеновтың «Қара жел», «Сексен алтыншы жыл» романдары, Рафаэль Ниязбековтің «Тас құдайлар» романы, Мұхтар Мағауиннің «Жармақ», «Сары қазақ» романдары, « Қыпшақ аруы» хикаяты, «Талайсыздар», «Тамыздан соңғы әңгімелер» әңгіме-циклдары, Қабдеш Жұмаділовтың «Дала Прометейі», «Таңғажайып дүние» романдары, Тұрысбек Сәукетай, Тұрсынжан Шапай, Роза Мұқанова, Асылбек Ықсан, Асқар Алтай, Әлібек Асқаров, Айгүл Кемелбаевалар прозасы шын мәніндегі талантты туындылар!

Осыларды, барымызды айта отырып, кейінгі буын прозасының жай-күйі туралы шындап, салмақты ойлануға тура келеді!

***


Сәбит Жәмбек 
ф.ғ.к., Ш.Уәлиханов атындағы КМУ профессоры

Бөлісу:

Көп оқылғандар