Оноре де Бальзак. Құлан жарғақ

Бөлісу:

06.04.2019 7745

Қаламұшы қарғаның қауырсыны болған Оноре де Бальзакқа (1799-1850) алғаш табыс әкелген романы – «Шуандар» (шуан – французша жапалақ). Ол 49 жыл өмір сүріп, түнімен жазуды дағдыланған, үкі көзіндей дөңгеленіп, әдебиет демиургі тәрізді адамтануды мұқият меңгерген ұлы жазушы. Оның ұзақ жылдар доминикан жамылғысы түнгі жұмыс киімі болғанын ғұмырбаяншылары жазды.

Франция – католик елі, бас кейіпкері көбінесе аббат болып туатын француз прозасының өзінен үш ғасыр бұрын туған алыбы Франсуа Рабледен соң (1494- 1553) Оноре де Бальзак жаратылыстану ғылымын риясыз сүйді. Рабле әуелде францискандық монах болған. Доминикандар 13 ғ. инквизицияны басқарса, францискандықтар сол дәуірден бері Рим папасының тірегі болды, екеуі де қайыршыланған, кедейлікпен күнелткен католиктік монах ордендері. Былайша айтқанда, әлеуметтік институттың, діни көзқарастың екі тарауы.

Рабле мен Бальзак шынайы гуманизм, қарапайым адамсүйгіш қалыбымен ұлылыққа шет емес. Құдай сүйіп жаратқан жасампаздықты еншілеген жазушыларда жалған діндарлыққа ұрыну, аярлық ырымға жоқ. Жаратылыстану ғылымын үстірт, шалағай білсе бұлай болмас па еді. Сорбоннада Бальзактың зоолог – эволюционшы ғалым Сент Илердің дәрістерін сүйіп тыңдағаны мәлім. Сент Илердің жануарлар дүниесі организмдері, сүтқоректілердің құрылысы, негіздері бір, шығу тегі ортақ деген идеясын ол «Шегірен былғары» деп аталған романда (1831) шебер пайдаланды. Дуалы айуан терісі мен нақты адам өмірін ол біртұтас таңдайды. Шынында ол құлан жарғақ болатын.

І. Пантакль. Тері.

Қазақ поэтикалық образ қорында сұлу бір сөз бар: Құлан мініп, құс салдық. Мифология, символдық рух, баураған бақыт жұлдызындай елес нышан. Бақсының тілі, аруақ шақыру, күн жайлату, алтын сақа, эпостық бағзы бабалар жортуылынан аусашы.

Бойтұмар бұл былғарымен тысталған, Ала аршамен аласталып ысталған.

Талай адам тағып бұрын мойынға Киесіне құлай сенген тұс болған.

Ұлықбек Есдәулет өлеңінде тіл – көз, пәле – жаладан қазақы қорғану белгісін – пантакль, яғни бойтұмарды жырлайды. «Пантакль – белгілі бейне, жазу, нышандар т.б. жазылған дұрыс шеңбер. Пантакльдер жануарлар терісінен, фарфор, мыс сияқты металлдардан, кейде сазбалшықтан істелген. Ол бойтұмардан күшті әсер етеді. Олар бойына полярланған (жарық толқындарының бір арнадағы тербелісі) энергия сыйдырады. Пантакльдерге жазу үшін әдетте латын немесе көнееврей қарпі, құпия шрифттар қолданылады»,- делінген сиқыр әлемін терең зерттеген бір кітапта.

Романда антиквар дүкенінің иесі, жұмбақ саудагер шал өзіне - өзі қол жұмсауға даяр жас жігітке шегірен былғарыны сыйлайды. Шал сайтани санадан қаусаған, ал жас жігіттің түңілісі өлімге итеретін дерт. «Рафаэль өз креслосының үстінде қабырғаға ілінген шегіреннің пұшпағын тапты, көлемі түлкінің терісінен үлкен емес екен». Сөйтсе әлгі нәрсе батыс әлеміне беймағлұм бір аң – онагр терісі болып шықты.

Ұлы суреткер неліктен онагрды таңдап алды? Неге былғары доңыз, я жылқы, қой, ешкі терісі емес? Аргонавтардың алтын жабағыны іздеуі жырға айналды. Батыс мәдениетінде төрт түлік мал, жүгірген аң, ұшқан құс өзінің табиғи болмысын бейнелейді. Шошқа – сайтандық символ, француздың бір суретшісі салған картинада көзі байланған сұлу әйелді шошқа жетектеп бара жатса, оның астары әйел табиғатына телінеді. «Атаңды анаң азғырып, / Тұрғызбаған пейішке», Абай Лермонтовтан аударғаны христиандық ұғымға тән Адам ата мен Хауа ана қапасы, ең алғашқы күнә делінеді. Әйелден әзәзіл, құбылғыш, арбаушы пиғыл аңдау, еркектің соры санау ежелден қалыптасқан. Текені сайтани бейнеге қосады, қозы – періштелік белгі. Әдебиет шыншылдығымен, өмірді боямасыз көрсетудегі асқан тиянақтылығымен кейде ежелгі данышпан математик Пифагор қарияны елестетіп, өлшеп кесіп, пішіп көркем шығарманы тұтасымен құдіретті бір формулаға айналдырып жіберуге пейілді.

Шырағы өшпейтін даңқты кітап «Қазына аралы» атты романның авторы сэр Роберт Стивенсон былай деп сыр шертеді: «Мен алдымен карта сызып едім, романның желісін әлгі сызық өзі айқындап-ақ бергені». Осындай құпия сызық, былайғы біреулерге еріккеннің ермегі сезілетін тұңғиық, сиқырлы сызықты Оноре де Бальзак сызған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Бағзад Нұртайқызы. Ақын болу үшін...

«Noli turbare! – «Шеңберлеріме тиме!» Көнегректің ұлы физигі, математик Архимед (б.д.д. 287-212) Сиракузадағы үйіне римдік солдат баса – көктеп енгенде геометриялық фигураларды сызып отырған дейді. Ғалымның өзін өлтірген жауға айтқан ақтық сөзі: «Шеңберді бұзба!» Демек, шеңберді бұзу - өлім. Ғарыштағы күн жүйесі шеңберленген. Поэзия көкжиектен сілеусіннің жон арқасын аңдайды: «У склона воздушных небес / Протянута шкура гепарда». (Андрей Белый). Жаратылыстанушы ғалым А.Брем Бальзактың шегірен былғарысы бұдырмақталып, ерекше өңделген құлан терісінен басқа дәнеңе емес деп ғылыми түйін жасайды. Роман фабуласында адам өмірі теріге телінеді, тері көлемі тіршілікті бейнелеп, оны алмастырады. Жазушы оған түлкі терісін тараң қып шендестіруі көз алдау, арбау деген ойға жетелейді, бойтұмар түбі ешкімді оңдырмасын, мұны алған жұмырбасты пендені қарадай албасты басарын ыммен танытып тұр.

Тері – адам, мал, хайуанаттар денесінің сыртқы қабы. Халладж және әзірбайжан ақыны Насимидің терісін тірідей сыпырғанда, ұлы суфийлер аллашылдықтан танбауы жан тебірентеді. Тері сойылған мал не етінен сылынып алынған шикізат атауы.

Символдық мәнде теріні қалай сипаттайды? Ол сыртқы пішін, табиғи өңді өзгертіп, жүзді құбылтып, бөгде кескін жасайтын қабық. Бас терісі келіспеген дегенде ұсқынсыз сұмпайы жанды жақтыртпайды. Қой терісін жамылған қасқыр. Трансмутация (бөріге айналу, қорқаулық дерті), (бір заттың бөгде затқа құбылуы, адамның айуанға айналып кетуі) түгел сыйып кетеді. Реңкті өзге түрге ауыстыру арқылы, соның әсерімен туу және қайта туу идеясына ықпалын тигізеді. Тері символикасы адам аңға ұқсауына мүмкіндік беріп, себепші болады. Әу баста тотемдік санадан туған. Ежелгі грек мистерияларында Вакхтың қасиетті хайуаны – бұғы, дәстүр бойынша қатысушылар бұғы терісін жамылған. Жолбарыс терісін жамылған грузин батыры аң қасиеттерін сіңіруші, әрі шеріні жеңген, сол арқылы күш – қуатын иемденген. Терісі тар жандардан қысас, кесір көп. Ауызекі орыс тілінде бас қамын күйіттеу, өз жанын арашалау, пасықтық жасау ұғымы да тері сөзімен қосақталады: «дрожать за свою шкуру», «спасти свою шкуру».

Шерхан Мұртазаның бір әңгімесінде «шайтантері шалбары» деген теңеу бар. Ертеде жарғақ шалбар киген. Қазақ құлын жарғақ деп жас құлын терісінен тіккен, жүнін сыртына келтірген сырт киімді айтады. Қазақтың ұлттық қасиеті кең пейіл, ақ ниеттігін терісі кең халықпыз деп бағалауға құқымыз бар. Сандар мен геометриялық денелер, фигуралар (орта, айнала, өріс, шеңбер, квадрат, т.б.) математикаға тиесілі ұғым болып қалмайды, бұларда әлемдік үндестік заңы көрінеді. Орта ғасырларда шеңбер мінсіздік тұғыры болатын. Шеңбер символына адамның өзі туралы дүниетанымы қоса енетін. Шеңбер құдай мен әлем идеясы болғанын, космос Данте ақын мен теолог Фома Аквинскийге осылайша көрінгенін зерттеуші А.Я.Гуревич жазады. Бальзактың құлан жарғағы шеңбер, макрокосмның бір бөлшегі. Романда ол тағдыр, жазмыш. Адам тағдырға бағынышты.

ІІ. Құлан. Көшпелі стихия

Роман соңында онагрге ода зоолог Эмильдің аузымен айтылады: «Персияда есектің айрықша сирек тұқымы өмір сүреді, оның көне атауы онагр, equus asinus, татарлар оны құлан деп атайды. Шынында, бұл жануар ұзақ уақыт фантастикалық болып дүрілдеді. Ол Қасиетті Жазуда еске алынады, Моисей тыйым салуы... біздер, байғұс париждіктер, онагр туралы түк білмейміз! Біздің азып кеткен есек азат һәм асқақ бұған ұқсамайды. Бұл шығыста зоология патшасындай! Пегас, қанатты аттар туралы аңыздар бақташылар құздан құзға қарғыған құланды жиі көргенде туғанына күмән жоқ».

Француз 19 ғ. бұлай деуі заңды құбылыс. Құлан зоологияда Пржевальский жылқысы деп аталады. Тақ тұяқты жылқы тектес жануар. Орыс географы Н.М.Пржевальский (1839-1888) Жоңғар шөлдерінде жосылған құланды 1879 жылы ашқаны белгілі. Пржевальскийде Кукунора, жер аты, мұнда құландар жайылады.

Бальзактың құланды еуропалықтарға таңсық жануар ретінде жырдай қылып суреттеуі бек орынды. «Оның құланнан тумаған бір де бір қашыры жоқ» деп жазады көне Рим жазушысы Петроний «Сатирикон» атты романында, ол Рим қоғамының рухани азғындауын айқын көрсетті. Онагр жабайы есек Түркия, Иран, Тұранның таулы аймақтарын мекендейді. Қазақша кәдімгі құлан. Бальзактың «татарлар оны құлан дейді», - мағлұматты дөп беруінде қапы жоқ.

Құлан, шығыс шайырлары дастандарында жиі кездеседі. Фирдоусиде Рүстем ер Рахш атты тұлпарына мініп алып, үнемі құлан аулап саяттауды сүйген. Низамиде құлан сөзі зор мағынаға ие, кейіпкерінің біріне құлан атауын қосақтайды. Ол – Бехрам Гур. «Гур» сөзі парсыша құлан. Бехрам Гур құлан аулауды сүйген соң, оны жұрт сол құмарлығына сай солай атапты. Бахрам – Марс планетасының парсыша атауы, шығыс астрологтары ол адамдарға бақытсыздықты болжайды деп санаған. (Парсы прозасынан). «Гур», яғни онагр. Оның парсы тіліндегі тағы бір синонимі өлім, ажал екен. Осы тұс француз ұлы романшысының мистикалық көргендігі, әулиелігі, иррациональды зердесі шыңырау тереңдігі ашылар тұс. Бальзакта кездейсоқ деталь мүлде жоқ, орын таппай қиыспай қалар қылаудай сызат жоқ. Жазушы ірі мен ұсақты, үлкен мен кішіні тең бағалап, пропорциясын бұзбайды. Таңғажайып биологизм: құлан терісі өмірдің өзі, ол кішірейген сайын күндер кеміп, жан алқымға ажал таянады. Өмірдің соңы - өлім. Ал сиқырлы тері адам баласы өз тілегі мен ашкөз нәпсісін қанағаттырған сайын кеми бермекші, еш толас жоқ.

Бальзакты таза реалист жазушы атандырғандардың өзі, өнерде романтикасыз ештеңе өнбесін қалайша зерделей алмайтыны қайран қалдырарлық жайт. Құлан жарғақ туу мен өлудің символикалық шеңберінде қамаулы адам өмірін философиялық шермен ишаралайды. «Ақсақ құлан» аңызында құлан текті аң. Күй атасы Кетбұға (12-13 ғғ.) атанған Кетбұға – Найманның немересі, ұлы жыршы. Этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Күй өнері» атты іргелі еңбегінде

«Ақсақ құлан» күйінің үш нұсқасы берілген. Аңызда Ақсақ құлан, Жошы хан – тең персонаждар. Шыңғыс ханның құлы Домбауыл Тарбағатай тауынан Іле өзеніне дейін құлан өте алмайтын ор қазады. Құлан тұқымын тұздай құртқан Домбауыл аңшылардың типтік образындай көрінеді. Бетпақдалада өсетін баялышты құлан сүйіп жейді. Дала жусаны сүйікті асы. Құлан қыста сүйегі арсиып жүдейді. Күн батқан соң аз ғана дамылдайды. Құланның бір атасы – Кертағы. Бұл сөз Мәшһүр Жүсіпте бар екен. Құланға байланысты жер атауы қазақта мол. Құланөтпес өзені, Құлантүз, Құланды, Құланбел, Құланбасы, Құланкеткен, Құланойнақ, Құлантөбе, Құлан. Үш қиянның әр қиырындағы жер аттары. Қазақ көшпелі нәсіл болса, құлан ұлы түздің аңы. Цивилизация өңмеңдеп, қусырғанда құлан құрып кетуге шақ қалды. Құландар азайып, көшпеліліктің бағы тайғанының бір мезеті «Қамбар батыр» жырында айқын:

Далада жатқан жайылып Бұғы, киік құрыды.

Ордалы құлан обығып, Көбейіп кетті шығыны.

Есекқырғанды Шолпан деп адасқан атам заманнан бергі он тоғызыншы жүзжылдыққа дейін қазақ жері флора мен фаунаға аса бай еді. Шоқан Уәлиханов үлкен натуралист жазушы екенін айғақтайтын географиялық, жол сапар очерктерінде, Балхаш көлі – Көк теңізді суреттеуінде осыдан 150-200 жыл бұрын аң – құсы, құланның үйірі даламызда жыртылып айрылғанын нақты оқимыз.

Қазақтың өзі тұрлаусыз өскен құландай еркіндік сүйгіш халық. Соның үшін ол құлан таза деп кіршіксіз адалды айтады. Махамбет:

Құландай ащы дауыстым!

Қазақ құланды өзіне балайды. Құлан құдыққа жығылса, құрбақа құлағында ойнайды. Бұл этностық картина, қазақтың өз назасы. Құлан қайда семірсе, сол жерге түгін төгеді. Бұлт қайда төнсе, береке сонда шөгеді. Ел қайда қыстаса, күлін сонда төгеді. Бұл да көшпелі өмірді ардақ тұту. Құлан өз қағынан жерімес. Құланға ерген шиеге аунайды. Ордалы құлан ақсағын білдірмес. Қағынан жеріген құлан қаңғырып өлер. Құлан басына күн туса, қодығына қарамас. Алпыс құлан ат болмас. Жерлі құланды, терлі құнан аудырар. Құлан қырда, құндыз суда.

Мақалда құлан - ұлттың дүниетанымы өзегі, эпостық кейіпкер. Құландар тау-тас, құз-жартасқа өрмелеуі, құлдилап төмен түсерде сүрінбеуі де ширақ екенін жатжұрттықтар таң қалып көрген.

Ілияс ақын Құлагерді құлан жал, қаншыр мойын, құс топшы... күллі қас жүйріктерден асыра бейнелейді. Жаяудың жұлдызы болмас, қалың құлан жаусыз болмас деген нақылды Әлкей Марғұлан «Қорқыт айтты» деген тақпақ сөздер деп

«Ежелгі жыр аңыздар» кітабында келтіреді.

Мейірімнен құр қалғандар! Тым азбыз: Қу далада татыр жеген құланбыз.

Көзге түспей жүріп-жүріп бір күні, Қара адырға қайқаң етіп шығармыз. Қара жолдың үстіменен шұбармыз.

Есенқұл Жақыпбек метафорамен ұлттық болмысымызды жаңғыртады.

Поэзия құланға ынтызар.

Жетіп бір құлан қайырып, Желкеден алдым жеміт деп. Тағыдан олжа айырып, Тарпаңды міндім көлік деп.

Есенғали Раушанов. Отырықшы өмір бықсығынан жерінген сәтте туатын иррациональды сағыныш. Фәниден ерте озған жазушы Ақан Нұрманов

«Құланның ажалы» романында Қыпшақ ішінде Құлан руынан шыққан Кейкінің нышандық атауы – Құлан.

Құланды сақтап қалу үшін 1941 жылы Түркіменстанның оңтүстігінде Бадхыз қорығы құрылды. Күллі кіндік Азияда 150-дей бас қалған екен. Соғыс уағында қорық құру шын мәнінде рухты өлтірмеуге жасалған ізгі харекет еді. Мұндайды құдай қосты дейді.

Құлан жоқ.

Аты ғана – Құлан ойнақ.

Соңынан құландардың кетті ме екен, Құландай қырда жортқан сорлы баба.

Қайдасың нағыз құлан желіп жүрген? Бәледен есек текті жеріндім мен.

Ботадай боздап тұрған боздақ дала, Сұрайды жоғалғанның кегін кімнен?

Несіпбек Айтұлының «Құлан ойнақ» өлеңі қазақ көңіліндегі көп қаяуды қоздырады. Ол – Барсакелмес, Арал теңізі, Дегелең тауы... бүлінген жер мен су. Ақырзаман – жерді былғау, табиғатты құрту. Қазіргі дүниежүзілік қоғам жер шарында таза түпкір қалдырмауға бекінгендей. Еріксіз қазақтың бір мақалы ойға оралады: аңқау алдамайды, әңгі тыңдамайды. Аңқауы көшпелілер өмір салтын жоққа шығармас. Әңгісі – есектің айғыры, оғаш мінез, әумесер, есалаң, гермафродиттік белгілері жын атқан визуальды – гламурлы, рухтан жұрдай жаңа адамзат қоғамы. Не десе де енді дилеммадан құтылу жоқ.

ІІІ. Көк есекті құлағынан тану. Есекдәме.

Ертеде қорлық пен жазаны айыптыға қолданғанда қара есекке теріс мінгізген, бетіне қара күйе жаққан. Арыстанды тырнағынан, есекті құлағынан таниды. Қанатты латын сөзі. Алғашқы, бағзы христиандарды есектің басына табынды деп айыптаған. Есектің байлық символына біртабан жақындығы осыдан сезіліп қалады. «Алтын теңдеген есектің алдында ешбір қамал қарсы тұра алмайды» деп Александр Македонскийдің әкесі Филипп ІІ 2400 жыл бұрын айтқан деседі. Ал ұстаған заты алтынға айналып кете беретін алхимик Мидас патша ше? Мидастың есек құлағы деген ұғым бар. Бұл Аристофанда, Овидийде анық айтылған. Сонау бұлдырық атам заманнан адам алтынның маңызы мен бағасын білгені айқын. Алтын қазына ғана емес, мистикалық қасиеттері бар деп саналған. Көнерим жазушысы Апулей, б.д.д. 2 ғ. өмір сүрген, оның «Алтын есек» атты романы әлі күнге классикалық кітаптың бірегейі. Апулейдің тірі кезінде-ақ оны роман кейіпкеріне ұқсату болған, бұған жазушының сиқыр, магиямен айналысуы әсер еткен. Ал өлгеннен соң оның есек терісін жамылып жүретін сиқыршы атағы бекіген. Сиқыр заттардың табиғатын өзгертіп, мүмкін еместей нәрсеге сенуге мәжбүрлейді, мұны Овидий мен Апулей дәлелдеп берді.

Пұтқа табынатындар Апулейді Христқа қарама-қарсы қойып салыстырса, ал христиандар оны Антихрист, Ібіліс деп жариялаған. Апулей есекке айналды, сонан кейін адам кейпіне түсті; трансмутация мен метаморфозалар (өзге түрге құбылулар) әрдайым сиқырдың шынайы мәні болып табылады. Батыс шіркеуінің негізін салған, рухани әкелерінің бірі әулие Августин (354-430) Апулей шынымен-ақ есекке айналды ма, кейін адам кейпіне түсті ме деп ой толғаған. (С.А.Мирошниченко құрастырған магия энциклопедиясынан).

Есек сиқырдан тыс болмайды. Бальзак есекпен түбі туыс онагр – құланды не үшін таңдап алғаны ұғынықты болды. Қара есектің терісі дұшпанның қастығынан сеп болары жайлы мәлімет «Жұлдызнама» қазақ кітабында бар. Құлан даусы есектің ақырғанына ұқсас екенін натуралист жазушылардың бірі В.Песков суреттейді: «Алайда есек құланның қасында аласа, мәстек, жасық, жаншылған меңіреу, көнбіс көрінеді. Құланды адам қашаға қамап ұстаса да еңсесі биік. Құлан қодығына сиыр сүті жарамсыз. Ол тек есек сүтін емсе ғана аман қалады. (Міне, туыстық деген!)». Дж. Холл есектің батыс бейнелеу өнеріндегі образын ашады: «Ғадетте жүк артатын хайуан ретінде бейнеленді. Есек – кедейшілік хайуаны, соның үшін байлықпен кереғарлықты айқын білдіру үшін жиі бейнеленді. Есектің ақымақ жануар атағының түп тамыры, бәлкім, Батыс Еуропаның фольклорында жатса керек. Сайқымазақтың қалпағында есек құлақ салбырайтын еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Асқар Алтай. Прописка

Мысырға бассауғалап қашып бара жатқан сәтінде Мария ана Нәресте Иисусты алдына алып, есек мініп барады. Иосиф қасында ерген. Иерусалимге енерде Христос есек мініп кіреді. Ваалам есегінің алдында періште тұрады». Мидастың құлағындай. Бұл теңеу ақымақ, мылжың дегенді білдіреді.

«Намеряся писать Мидасов судь / Хотел с тебя списать я уши для Мидаса». И.Крылов мысалында қодықты осылай мазақ қылады. Есектің құлағы мен даусы аңызға арқау. «Үніңді бәсеңдет: дауыстың ең сүйкімсізі - әрине, есектер үні»,- делінген Лұқпанда, 31:19.

Айғайын салып келеді, Бақырауық неме еді,

Әңгі есектей аңқылдап.

«Қамбар батыр» жырында әңгі, әңгүдік бір мағынада. Егер есектің ақырғанын естісеңдер шайтанның азғыруынан Аллаһ тағаладан пана тілеңдер! Себебі ол шайтанды көрді. Ислам хадистерінен.

Есек неге теріс таңбалы символға айналды? Жуас көнбіс жануардың жазығы не?! Оны жыртқыштардан бетер тұқыртады.

Ескі мешітке көкек азаншы. Есі кеткен ауылға есек азаншы. Есектің миын жегенсің бе? Кер есек, көк есек. Қызда қырық есекке жүк болатын айла бар. Есектің еті арам, күші адал. Есек семірсе иесін тебер. Есекке үкі таққандай. Есекке күміс ер жаратпас. Есек өзін атқа балайды, «Әттең» деп құлағына қарайды. Есекдәме. Есек сөйтіп менмен, делқұлы, ақымақтық тұспалынан бір арылмай сорлайды. Бұрын Иранда кең таралған салмақ өлшемі – «харвар», сөзбе-сөз: «есектің жүгі». Есек теңі шамасы 300 кг. Көшпелі қазақ нәсілі үшін есек отырықшылық, шаһар көлігі болатын. Есек барға саналса да, малға саналмайды деп ашық айтқан. Естімеген елде көп. Есек мінген сартта көп. Қашыр мен есек қарызға қасынысады. Қазақ нені мегзейді? Этникалық жатырқау айдан анық, ақшаның, сауданың енгенінен секем алу, дағдарыс.

Төс сүйегін түк қалмай кеміріпті Құланның еті екен бақырға асқан.

Шәкір Әбенұлы дастанында айтылғандай, оқта-текте құлан аулауды ғана білген көшпелі жұртқа кенеттен кент тұрғыны, қожайыны түздің аңқау қазағын алдап – арбап жіберетін есек тұлғасы енді. Хиуа мен Қоқан хандығы Үш жүздің баласын қан қақсатып шауып кетіп, ер азаматты тегіс өлтіріп, қызды күңдікке, ұлды құлдыққа айдап әкете бергенін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы нақты айғақтайды.

Тауратта қара күш иесі Самсон жаңа өлген есектің жақ сүйегін тауып алып, сонымен мың адамды өлтірді дейді. Сервантес «Дон Кихоттың» 1 томында Санчо Пансаны көре сала әйелі есегің аман ба деп сұрайды. Сонда Санчо оған есек өз қожайынынан ғөрі қоңдырақ деп жауап қатады.

Абай есекті жаңа дәуірдің қарым-қатынасынан, еңбекқорлық ишарасынан бөліп жармайды, есекті ақтап сөйлейтін тәрізді.

Есек көтін жусаң да, мал тауып кел, Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас.

«Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей». Сергей Есениннің желді теңегені қызық: «Пляшет ветер по равнинам, / Рыжий ласковый осленок». Ақындардың есекті жан-жануар ретінде мейіріммен, сүйіспеншілікпен қарауы оң.

Мұхаммед пайғамбардың ақ қашыры Дүлдүл поэзия мәртебесін иеленді. Латын Америкасында қашырлар кең таралса, бұл-дағы будандасқан, матасқан әлем моделі. Мигель Астуриаста қашырдың аналығындай деп бедеу әйелді теңейді. Гибридтер ұрпақ бермейді, өмірге төзімсіз, шалағай екені рас.

Сонымен құлан мен есек, бірі көшпелі стихия, бірі - отырықшылыққа бейімделген; асқақ әлемнің мешеуленуі, азуы тәрізді ассоциацияға дөп. Есек мінген ат сұрамайды деген алаштың көкейінде бір наразылық, кейіс жоқ деме.

Жер жүзінде бір өзі әдебиет империясын жасаған алып жазушының бірі Бальзак екенін мынау күмәншіл дүние тегіс мойындаған. Оноре де Бальзактың әр шығармасында зат пен құбылыстың сырт пішіні, келбет – сұлбасы емес, оның мән-мәнісі айрықша қастерленеді. Ол материалдық дүниеден ғөрі рухани символдарды артық санайтыны анық. Ол француз әдебиеті арқылы роман елдері Батыстың Олимпін бағындыруға ниет қылғанда «Шегірен былғары», яғни құлан жарғақ тегін туған жоқ. Сол дәуір әдебиетінде эпигондық классицизм мектебі үстемдік құрып тұрған еді. Бірақ классицизмнің күні өтіп ескірген. Енді жаңа дәуірге жаңа әдеби ағым қажет еді. Кемеңгер жазушы сол әдеби ағымды өзі тудырды, оның атауы: реализм. Әйткенмен Гофманға тән әсем романтикадан да айнып кеткен жоқ. Құлан жарғақ Бальзактың сұңғыла қалыбын әбден ақтады! Бұл романға жұрт балық үлескендегі аш адамдардай таласа-тармаса, шөліркей бас қойды. Оның атасының есімі Бальса, атамекен Оверн провинциясы тілінде «тік жартас» деген ұғым беретін. Әдебиет өнері Ұлы Француз революциясынан кейін асқар таудай алып бір тұлғаға зәру болды. Қоғам өзгергенде оның мүддесі мен мұраты, бет-бейнесі мен мінезі де тосын бояу іздейді, өзі де құбылған соң ескілікті қомсынады. Реалист Бальзак романтик жазушыларды мәпелей сүйіп, романтизмнен бойын аулақ сала тұрып та, сол романтизмге етене жақындығын, оның жібек бауын шалт үзбей өзіне матастырып қоятын суреткерлік көрегендігін осы романы айғақтаса керек. Бальзак өз кейіпкерлері бір кітаптан екінші кітапқа көшу тәсілін романтик Фенимор Куперден үйренген дейді Андре Моруа. Рафаэль үндіс қаруын көрген сәтін ол «Ол иллинойк томагавкісін сүйініп көрді де, ирокез пышағы бас терісін сыпырып алғандай сезінді» деп мәлімдейді. Данышпан Бальзак балалық махаббатын, Джеймс Фенимор Куперді аса сүйіп оқып, нәр алғанын, қазір де өзі соған еліктеп тұрғанын еш жасырмайды. Жазушы қалың томдарды көп оқығандықтан кітаптарында сөнбейтін шырақтай интеллектуальды ой, идея үнемі маздап тұрады.

Бальзактың бір кейіпкері дәрігер Бьяншон «Біздің қоғамның діні – ақша» деп саралайды. Өсімқор Гобсек, қараулықтың Қарынбайы Гранде әкей, т.б. қылмыскерлер, банкирлер, жемірлер; жазушы сараңдықтың түп негізін шындап аңдайды. Өсімқорлықты ислам діні маңына жолатпайды, алапестей жиренеді. Мұның себебі, өсімқорлық кеселінен күнәнің жеті атасы жұт болып төнеді. Буржуазиялық қоғам суретшінің жан дүниесіне, творчествосына залалды әсерін тигізеді. Рафаэль де Валантеннің құлан жарғақты бағындырам дегені есекдәме, Қорқыттың көрі, үзілген үміт болып шыққанын ол философиялық қисынмен танытып берді. Цивилизация адамзат үшін есекдәмеге айналды.

ІV. Комета.

Бойтұмар құлан жарғаққа санскрит тілінде жазылған сөз формасы ұшбұрышталып келген, тек төңкерілген ұшбұрыш тәрізді. Соңғы жолдағы сөз жалғыз. Басы жуан, соңы жіңішке. Дүние басы сайран, соңы ойран. Ол ақыр, соңы, ғұмырың таусылды деген тұспал. Санскрит өлі тіл. Адамды азғыру соңы ажал қақпанына алдап, тұзақтап түсіру дегенді болжайды. Оның сұмдық сырын түйсінген сәтте құтылуға харекет қылып Рафаэль енді бәлекет теріні жаратылыс танушы ғалымға апарып көрсетуге мәжбүр. Сөйтіп, құлан ұғымына автор энциклопедиялық, ғылыми, экономикалық мағлұмат беруді әсте ұмытпайды. Бальзактан соң Герман Мелвилл (1819-1891) ерінбей – жалықпай киттің этимологиялық тек-тұқиянына шейін қазбалап суреттейді. Әдебиеттің ғылымға шексіз махаббаты.

Құлан жарғақтың иесі, оны Рафаэльге қарызға берген бейтаныс шал портреті романның шырайын ашқан күшті образ. Рафаэль оны көрген беттен селк ете түскені тегін болмады. Бальзак жас жігітті ақынжанды, ғалым, суретші болмысы үшін Рафаэль атағаны анық. Рафаэль Санти (1483-1520) итальяндық ұлы суретші. Бейкүнә нәресте Иисусты алдына алып бейнеленген оның мадонналары христиандықтың өзегіндей кең таралған.

Бальзак теріні кішкентай кометаға да ұқсас деуі неліктен? «Шығыс терісі, - дейді француз оны мейлінше қызықтап, - әр бүдірі жарық, шұғыла шашады». Комета? Жұлдыз болса, ол таңғы жұлдыз – Люцифер ғой, бір атауы Әзәзіл. Жарық шашу бұл да жұлдызға тән. Металл пластинкасындай теріні Рафаэль қолына алғанда биялайдай жұмсарып сала береді.

«Менің басым – қоймамнан да қазыналы, – дейді Рафаэльге осы 102 жастағы шал. – Мен ғаламды өз бақшамдай шарладым». Енді шалдың тегіне күдік қалмайды. Мынау жас Лермонтов «Печальный демон, дух изгнанья» деп жырлайтын адасқан, күнәһар періштенің тап өзі. Және өзі қалай өктем, маңғаз, паң сөйлейді. Адам баласы көп шырмалатын тілек тілеу мен істей алу (желать и мочь) адам өмірінің құпиясы деп атап, адамзаттың жаны не тілерін ұғып, біліп қойдым деп көсемсіп сөйлеген тылсым дүкеншінің дүние мүлкін суреттеп кеп жазушы былай деп үкім айтады: «Род человеческий являлся здесь во всей пышности своей нищеты, во всей славе своей гигантской мелочности».

Бальзак жер шарының қос полюсын доғадай иіп, қоса салардай жойқын дарын иесі. Ол ғасырлар шеруін бір сөйлемге сыйдыра салады: «Ол ақын болатын, оның жаны өзіне мол азық тапты: оған тірісінде–ақ жиырма әлемнің қаңқасын көру бұйырды».

Құлан жарғақты жас Рафаэльдің ғұмырына айырбастап алған жұмбақ шалдың көрмеген елі, білмеген нәсілі жоқ, данасынған, кекесінді, саяқ.

Гогольдың Хлестаковы «Я везде, везде» деп айтқаны оның бойындағы таза сайтани қасиет болатын.

Үнді брамині теріні әлгі Мефистофельден аумайтын қазымыр шалға беріпті. Тегі ақсүйек Рафаэль де Валантен теріні алғанда «Мен шектеусіз өмір сүргім келеді!» деп дауыстайды. Сиқырлы тері осы мезеттен бастап оның өмірінің өлшеміне айналады. Рафаэль өзіне-өзі үкім айтқандай сезіледі. Өлшем мен шаманы білмеу, шектен шығу адамды ақ жолдан тайдырады. Дін атаулы адамды қалыбыңнан шықпа, күпірлік қылма деп тегіннен текке уағыздамайды. Арыстан айға шауып мерт болуы мөлшерді бұзудан шығады. Бальзак Люцифердің қайта жаңғырып, бөгде кейіппен зұлымдық жасай бермектен еш тайынбасын прозасында шыр айналдырып айқындай берген жазушы. Жазушы Ібілістен жаралған антиквар шал портретін «Оның жасыл көзі жұлдыздай жарқырап тұр» деп асыра әспеттейді.

Галактика. Жұлдыздар айналасында планеталар айналады. Тұмандықтардан Күн жүйесіндегі өмір туды делінеді. Космоста үңірейген бос қуыс, қара тесік, жыртық тұс (черная дыра) бар екені аян. Жұлдыздар мәңгілік емес. Олар да адам сияқты туады, өмір сүріп, кәртаяды, өледі. Мұны «коллапс» - сондай «керісінше жарылыс» деп атайды. Әлем үлкен жарылыс нәтижесінде пайда болды. Астрономдар галактикадағы жұлдыздар бірінен соң бірі сөнуін, жарылып кетуін, ақыры ғаламда көрдей қараңғылық пен суық түсерін қисындайды. Бұл өзі Құрандағы қиямет қайым ахиретті суреттеген аяттармен дәл түсері ғажап. Ақырзаманды ғылым мен дін бір-біріне қайшы келмей, бірдей болжайды!

Бальзактың құлан жарғағы осы ретте ғаламшардың өз символы! Құлан жарғақ – адам өмірі де түбінде теріше тырысады. Адамның өзін-өзі тануы - әдебиеттің асыл парызы.

Құлан жарғақ несімен баурайды? Ол баршаның бойына шақ болуымен естен тандырады. Оноре де Бальзак ұлы туындыларының рухани күші адамшылық сезімінің шынайылығынан екені даусыз.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА

Бөлісу:

Көп оқылғандар