Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Бағзад Нұртайқызы. Ақын болу үшін......

04.04.2019 5608

Бағзад Нұртайқызы. Ақын болу үшін...

Бағзад Нұртайқызы. Ақын болу үшін... - adebiportal.kz

Әрбір шынайы, қуатты шығарма оқырман жүрегіне ләззат нұрын құяды. Ал, ондай шығарманы дүниеге әкелетін дарын иесінің табиғаты, жалпы болмысы ерекше болары сөзсіз. Бойындағы жаратушы берген айрықша сезімталдық пен зерделілікті құнарландыра түсетін талғампаздық, көрегенділік, құштарлық сияқты көптеген қасиеттер арқылы ол өмір атты құбылыстың әрбір тынысын, адам жанының дірілін, сана саңлауындағы сан алуан сапырылыстарын қалт жібермей, өз жүрегінің лүпілінің тезінен өткізуі тиіс.

Өзінің журналистік ерекше қабілетімен дараланған салмақты сөз иесі, сыршыл жанды жас ақын Еламан Қабділәшімнің таяуда ғана «Өмірқос» атты жыр жинағы жарық көрді. Қарағандының «Болашақ-Баспа» баспаханасынан «Қасым.kz» сериясы бойынша жарық көрген алтыншы кітапқа Еламанның тырнақалды туындылары енгізілуі оқырмандарын зор қуанышқа бөледі. Кітаптың беташары ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қанидың «Айың оңынан тусын» деген баталы сөзімен ашылған екен.

Алдымен айтарымыз – кітап атының тосындығы, адам көңілін бірден қызықтырып баурап әкететіндігі. Ұзақ жылдар бойы көркем әдебиеттің тұрақты оқырманы ретінде, соның ішінде жастарға үлгі-өнеге болатын тақырыптарды жаныма жақын тұтқандықтан Еламанның тұңғыш кітабының ішкі мазмұнына барынша мән бердім.

Өмірге ғашық болмаған адамнан ақын шықпайды. Ақын болу үшін мына дүниені жан-тәніңмен құлай сүюің керек. «Өмірқос» жыр кітабын оқып отырып, Еламанның асыл ойлары мен сұлу сезімдерінің ақындық жүрегінде гүлдеп, бүршік атқанын жан жүрегіммен сезінгендей күй кештім. Дүниені құлай сүйген жас ақынға өмір құшағын жайып, тылсым тіршіліктің сыр-сандығының талай құпияларын ашады. Өмірді шексіз сүйген дала ұлының ыстық махаббаты арқылы жүрегінде өлең оты тұтанып, ұлы Жаратушымен сырласуға мүмкіндік алғандай.

Тұнығы лайланбаған, жастыққа тән қуатымен арнасына сыймай буырқанып, тасыған таза бұлақтай әсер қалдыратын Еламанның өлеңдері оқырманын бей-жәй қалдырмайды.

«...Өлеңмен жаям барымды,

Ішімде кетсін сел көшіп.

Талбесік, тербе жанымды,

Жырымды тербе, жербесік!...»,

немесе,

«...Өріліп өмір алмасады ерек,

Жанымды ажал жалмаса, кенет,

Алла мен арда Алашым барда,

Өлең-ғұмырым жалғаса беред(і)...»,

немесе,

«...Өміріме мәңгі серік дер едім,

Тәңірімнің сыйы – көрікті өлеңім.

Абайдың салған сара жолынан

Маржанын жырдың теріп келемін...».

Осынау отты жырлары арқылы Еламанның ақындық рухы мен мінезі көрініп қана қоймайды, бұл жолдар оның жаны өлеңмен бірге екенін мойындатады.

Ұйқасқанның бәрі өлең емес екенін кез келген оқырман біледі. Өлең адамды тебірентуі, ойландыруы, толғандырып-шаттандыруы қажет. Өлеңнің тақырыбы кез келген оқырманға ортақ болып көрініп, жырлап отырған мәселесі адамның көкейінен шығып, бейне-бір сол жырды оқып отырған адамның өзі жазғандай әсер беруі тиіс. Міне, сонда ғана ол туынды шынайы, талантты шығарма деп бағаланады. Мысалы, Еламан әкесіне арнаған «Шолақ-орда», «Анама хат», «Ауылым», «Біздің ауылдың хикаялары», «Сырласу» өлеңдері арқылы туған жер, отбасы, туған ауылына арнаған шексіз перзенттік махаббатын жайып салады. Ата-ана аманатына адал екендігін жан-жүрегімен жеткізуге талпынады. Еламанның бүкіл болмыс-бітімінде туған жерге деген құштарлық пен еркін рух бар.

«Ақжауын – ақ сезім», «Сағымжан», «Ессіз», «Саған» тағы басқа өлеңдері жүректің нәзік қылын шертетін, сезімге толы кіршіксіз махаббат тақырыбын жырлайды. Еламанның мына өлең жолдарына үңілейікші:

«...Серік етіп жан нұрды, сана мұңды,

Сезіміме жеңдірдім қалауымды.

Бала күнгі шаттығым – бақ тұғырым

Ең алғашқы жырымдай бала күнгі.

Тәңір жазған тағдырым болар ма айқын?!

Қуантатын азырақ, көп алдайтын.

Әппақ қыз бен тәтті-ақ кез – сағынышым

Тоналмайтын уақытқа.

Оралмайтын!»

Еламанның сырға толы тұнық судай тап-таза өлеңдерін оқып отырып, оның жүрегіндегі жан айқайын естігендей боласыз.

Ия, шынайы дарын өз деңгейін өзі біледі. Өрелі ой мен сезім қуаты жырларынан ұшқын шашқан «Өмірқос» атты тырнақалды кітабы арқылы Еламанның ұлағатты, отты жырлары әдебиет айдынында құлашын кең жазып, жүзе беретініне сенім мол. Еламан Қабділәшімнің әдебиет айдынына салған ақ кемесі өрге жүзіп, елі күткен биіктен туы желбіреп, жарқырап көрінетіні хақ. Еламанға айтарымыз: «Өлең өлкесінен өз өрісіңді тауып,жүрегіңнің нұрына қаламыңды малып, сезім қылын шертіп, мөлдіретіп жыр жазып оқырмандарыңды қуанта бер», - дегіміз келеді.

Сурет massaget.kz сайтынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар