Аян Мейраш: Сені тағы сағынамын...
Бөлісу:
Перизат
Күйінетін кездері бар ардың да,
(Мен тағы да кешіктім бе, қалдым ба?)
Жауабы жоқ сұрақтарың түк емес,
Сұрағы жоқ жауаптардың алдында...
Иланатын неміз қалды, ескеріп...
Бақыт бұрын, түсініктер кеш келіп.
Сені тағы сағынамын түн ұзақ,
Мені тағы жұбатады естелік.
Сөздердің де қалмағандай түк құны,
Көздердің де тарқамай тұр күп мұңы...
Ақында адам, шешімінің құрбаны,
Адамда ақын, ойларының тұтқыны...
Ақын үшін өлең осы жол таным,
Ақың үшін жоғы жаман қолқаның...
Ақыл, сана, жүрек бәрін қойғанда,
Арманы жоқ адамдардан қорқамын....
Өтінемін көз жасыңды төкпеші,
(өтінемін көз жасымды сөкпеші)
Құдайға айтар өкпе назым көп менің,
Құдайдың да маған бар-ау өкпесі...
Шешім деген шорт кесілген бір кесім,
Торлайды түн біздің үйдің іргесін...
Аспан жақтан жұлдыз ақты көрдің бе,
Тілегіміз қайшы келіп жүрмесін.
Қол
(Кәріпбекке)
Қандай кие қалды жердің төсінде,
Мұңың қалса, жасыр айтпа өсірме...
Қандай мейрім береді деп күтесің,
Біреуінен біреуі өткен көшірме.
Ана қырда сезем басқа жол барын,
Сірә мені сілкілейді сол дарын.
айналғанда қиналамын ақиқат
Байланғандай мына менің қолдарым.
Боямасыз не айтайын асырып,
Сірә біреу жүрген болар жасырып.
Көну деген екі бөлек әңгіме,
Бәрі жақсы дей салуда асылық.
Бастаманың солы- көк мұз, оңы-от,
"Қайтем" - дейді, дәрменсіздік долы боп.
О Кәріпбек, сенің барғой алдыңьда,
Қол қусырып отырғанның қолы жоқ.
Пой, пой дейді балап сені ғажапқа,
Алдыңа кеп алдағансу азапты ә.
Бір керемет ұлтқа айналып кетер ек,
Өр руxыңды бөліп берсе қазаққа.
Кейде осы өртенемін күйіктен,
Мен өмірді өзіңдей боп сүйіппе ем.
Талақ қылып күйбең дейтін жалғанды,
Дара шығып қарап тұрсың биіктен.
Сүмең қаққан сорлы адамдар сорым боп,
Мен бақыттың аңдып жүрем жолын көп.
Адамзаттың өзгертер ем түйсігін,
Әттең менің қолым жоқ.
***
Бір күш керек...
Үлкен күш...
Алапат күш...
Босау үшін торынан сары-ала құс.
Сары-ала құс не дейді түсінбедім,
Шалалаумыз...
Маңдай тердің салмағы жоқ артында,
Жасырмаңыз...
Әуеспіз көп алтынға.
Махаббаттан құн кетті дейтіндердің,
Бәрі құнсыз, МАХАББАТ со қалпында.
Даналығың жетсе егер түсінер ме ең?
(бұл қағида баяғыда-ақ күшіне енген)
Ақылы асқан арсыздан қорқу керек,
Түңілгенше ессіздеу кісілерден...
Кімдер қазір жүр дейсің сорыңды елеп,
Бәз біреулер созады қолын кенет...
Апыл-ғұпыл өзгерсе алған бағыт,
Демек бәрі дәл солай болу керек...
Не болды екен тағдырдың қиын сыны,
Бәріне алаң көр соқыр тиын құны...
Көңілдің бұзылғаны болмаса егер,
Өмірдің жоқ ешқандай қиындығы.
Бір күш керек,
Үлкен күш,
Алапат күш,
Ол күш қайдан келеді махаббатсыз...
Тор сыртынан үңілген тұтқындарға,
Аянышпен қарайды сары-ала құс.
***
Көңіл ғой мына толқитын құзда,
Күрсініп әр-бір елеңге...
Абайды сүйіп оқитын қызға,
Аянның жыры деген не?
Тәйірі мұнша ұнатар ма едім,
Дір ете қалып жүрегім.
Тағдырдан сені сұратар едім,
Қалса егер соңғы тілегім.
Татып үлгерген тәтті удың бәрін,
Ең нәзік сырды еле сен.
Шайтанкөлдегі аққудың әнін,
Көшіріп алдың демесең...
Сезімнің бердің сен маған гүлін,
Онсыз көктемің солғын деп.
Абайдан асып не жазам, Күнім,
Абайсыз ғашық болдым деп.
***
Жеті
түн бұл,
Жесір сезім,
Және Мен.
Ешқандайда жабырқаулы ән емен.
Жалғыз дауыс, кеудем тұстың дүрсілі,
Жалғыз сырлас жел шайқаған кәрі емен.
Қырау
қатқан қылыштың ақ сағағы,
Көшкен қарға көмілгендей жанағы.
Көпті көрген қария ағаш кей кейде,
Жұбатқан боп тереземді қағады.
Түсінеді ол.
Ол да күткен кезінде,
Ол да тұтқын болған шығар сезімге.
кәрінің де дәурені дүр шағы бар,
Енді ол жағын сезесің ғой өзіңде.
Ол да сірә,
Осы күйді өткерген,
Қазір менің кеудем іші көктен кең.
Қараңғыда қыз аңдыған қос жолдас,
Хабар күтіп отырмыз-ау көктемнен.
Мына жел ше?
Жағаласты кімге кеп,
азулы екен отырғандай түн демеп.
Мұны бірақ жақтырмай тұр кәрі емен,
Бұл сумақай,
Артық айтып жүрме деп...
Ымдау шығар,
Жаным бірақ жаңа ұқты,
Күрсінісіп мұңға орайды тамұқты.
Жеті түн ол патшалғын қызғанып,
Бөлмемдегі кеміреді жарықты.
Перизатым,
Сағынышым
Ақ маңдай...
Сезім үшін керек өзі тақ қандай?
Жүректегі оттың өзін мына түн,
Қорқытады жұтып бара жатқандай.
Жаңа жыл
(элегия)
Бәрі қызық,
Бұл күнде айтылатын әніміз құт.
Шыршаны көп айналған шіркін тентек,
Әлі бұзық...
Кеңдік ерген,
Жалықтым жексенбілер, сенбілерден...
Бұла жыл сол көктемге оралса ғой,
Әкеміз отты отызға енді келген...
Елең етпе,
Сенен күнә арылса, менен өкпе.
Анамның үкілеген үш кәмпиті,
Сендіріп қоюшы еді кереметке.
Ерек шынар,
Бөлек арман бейнесі, бөлек сыңар...
Жалғанда жасытпайтын жігеріңді,
Жалғыз ақ нүктелі күн керек шығар...
Жүректің таусылмаса жанармайы,
(Несіне шығарамыз ән арнайы).
Есейіп ес жиғанда әрең білдім,
Жаңа жылда ештеңке жаңармайды.
Сайқал бетті,
Дүние-ай қайрат берші шайқар көкті...
Жетім бала хат жазып, жалғыз тілек,
"Аяз ата, анамды қайтар",- депті.
Арманның күші неде?
Жетпейді қарап тұрсаң кісіге не.
Ендігі жыл ақсақал шана тепкен,
Енбейді сол баланың түсіне де...
Анашым-әкемменен,
Жасайды осы күні пәтерде елең...
Сыйқырды қолдан жасап, сый берерміз,
Ешқандай Аяз ата әкелмеген..
***
Уақытқа үлгерсеңдер...
Аптыққан көңіл қалар бүркенсе бел,
Шеңберді бұзып шықсаң қарсы алады,
Оданда үлкен шеңбер.
Әлсізге күш беретін,
Ақшамның соңғы шамын тістеле түн.
Еркектер шыныменде ақымақ па?
Бір іске беті қайтпай үш келетін?
Сағындым- сағынышты,
Көгершін бір xабарын алып ұшты...
Маңайда жаман үні керемет ән,
Алайда сол ғана құс ары күшті.
Несіне бұлқынамын,
Кермеден жалықты ма жылқы жаным.
Көктемде ақ жауыннан көруші едім,
Бір тамшы жас екен ғой шылқығаным.
Ұлиды аспан жаққа үркек селдер,
құнарлы болады екен гүл шөккен жер...
Шеңберді бұзып шықсаң қарсы алады,
Оданда үлкен шеңбер.
Үнсіздік
Ақын тағдырың демеші,
Ақтала берем қашанғы.
Өмір көңілдің елесі,
Тағдырдың бәрі жасанды.
Үндемейікші күнде шу,
Үнсіздік ғажап түсінсек.
Көз деген нағыз тілдесу,
Сөз деген жазу үшін тек.
Бүр жара алмайды бедеу күз,
Ақылдың тілін кім алар.
Үндемейікші екеуміз,
Садаға кетсін күнәлар.
Әнге салады жүрегім,
Көңілім күз боп елестеп.
Сөз деген кие білемін,
Сөз деген сөйлеу емес тек.
Санасы таяз кексірдің,
Қылығын көрсең күндеме.
Пейілің жетсе кешіргін,
Ақылың жетсе үндеме...
***
О, тәңірі қырсық қылған ісің бе,
Өмір осы түсін мейлі түсінбе...
Көп қиялдың ішінде қап өлесің,
Не қиялдар өледі екен ішіңде...
Терезеге көп қараймын үңіліп,
әнеу тұстан оралардай бір үміт.
Ақ ұлпалар армандарға ұқсайды,
Аспан жақтан құлап түскен, сүрініп.
Кәрі ағаштар қырық найза бұтасын,
ақ боранға шүйіреді бұрқасын.
көгершіннің үні ғана естілед,
Бұл түн жайлы сол ақ жалғыз шырқасын.
Жұлдыздар ғой, тұру керек төбеде,
Олар қайда, жеті түнде сөнеме?
жетім аспан жаутаңдайды жұтаған,
Жаутаңдаған мені солар көре ме?
Аязда анау - xат тасыған жүгірмек,
Сәл сабырлы сияқты ма бүгін тек.
Тереземе сол сағыныш бейнесін,
Салатындай көрінеді дірілдеп.
Өлі неткен тышытық,
Қырау бейне, саусақ ізі, күміс шық.
Терезеге қарады ма ол бүгін,
Кірпікткрін қадады ма қылыш қып?
***
Сенің үнің -
Аққу құстың гәккуі,
Сенің сырың-
Тағдырымның тәтті уы.
Сенің барың-
Маxаббатың айғағы,
Сенің арың-
Адалдықтың ақ туы.
Сенің күлкің-
Періштенің күлгені,
Сенің жұртың-
Әз көктемнің гүлдері.
Сенің көзің-
қара түннің қарасы,
Сенің сөзің-
Ең ақылды үнбе еді...
Сенің атың-
Тура қойған Арайлы,
Сенің xатың-
Жұлдыз болып тарайды...
Сенің ұлың xан болады түбінде,
Сенің түрің -
Құлатады талайды.
Сенің қолың-
Жалғыз кісен қолыма,
Сенің жолың-
Түйісер ме жолыма...
Сенің нұрың-
Пейіліңнің арайы,
Сенің мұңың-
Адамзаттың соры ма?
Шаршадың ба,
қалай өзі xәл күйің,
Менің де жүр
ағыл тегіл ар, миым.
Ерте келші жарығы алыс көктемім,
Еркелеші осы менің әлдиім...
***
Дүние түкте өзгермейді екен,
Уақытта осал мұғалім.
Түйсіктеосал, көзкөрмейбөтен,
Таңырқап үнсіз тұрамын.
КімтүнгеқадаржаңаданАйды,
Сен мені түсін, түсінбе.
Ештеңе қазір бағаланбайды,
Бағасы тұрғаны үшін бе?
Қиялдан құрап кереметтерді,
(Солғанабірақжұбаныш)
Көңілімнегеелеңетпеді,
Көңілімкөңілсұрағыш.
Сезінубәріналғашелейді,
Білгісізбірақсебебі.
Белгісіздікқойалғадемейді,
Белгілі нені береді?
"Түңілмеңізші", - ол солай деген,
Маған ба күлкі жарасқан?
тағдырдың дәмін мен жолай көрем,
Ертерек көрем әрі ассам.
Таң қалмас еді бала жүрегім,
Батыстан атса таңым үш...
Жұбаныш емес дала білемін,
Сен қайда апарасың
Сағыныш...
***
Қай тұстан кеп
Жүрегіме қадалды оқ,
Саған әлі ара алыс, қадам көп.
боянады әлем реңі таң атаса,
Оянамыз мүлде басқа адам боп.
Жұбата ма келер көктем біздерді,
Табанымыз жібітер ме сыз жерді,
Ал әзірге ақ бөрілер ұлыған,
Жасырып жүр біздің басқан іздерді.
Енді қайтып тізгіндейін төзімді,
Көріп қойдым,
Көп жасырған көзіңді...
Басың қайда дегендейін ұғындым,
Бас киімің қайда деген сөзіңді.
Сол ертегі, қайталанған бұрынғы,
Тентек ақын,
Текті бір қыз бұрымды...
Сен жағамды жөндегенде, асылым,
Менің жалғыз жүрек тұсым жылынды.
Сеніңғанаақдидарыңәдемі,
(гүлсезімніңкөктемғанаәнемі)
Қашық та емес, қасымда екен, қарашы,
Анау тұрған ғашықтардың әлемі.
***
Басы бардың соңы бар...
Оңай бәрі...
Сәттер-сәттер,
Бақыттың орайлары...
Мына бізге өмірді мойындаудан,
Жалған ғой деп құтылу қолайлы әлі...
Ақ бар жерде қара бар,
Қаралайтын,
Түйсік жеткен жерге шек саралайсың...
Үміт кейде үкілі ару сынды,
Қанша сүйіп тұрсаң да қарамайтын...
Адал барда арам бар,
Есеппенен...
(Күйінбесең жазар ма ең көшетте өлең)
Кейде өзімді керемет Абай көрем,
Кейде абайсыз жазылған, өсек көрем...
Дос бар жерде дұшпан бар,
Қорқынышты,
Сөнбей сәл-сәл шыдашы, отым ішкі...
Түсінгі жоқтармен жоқ әңгіме,
Тек түсініп қойғаным өкінішті...
Тыныштықтың артынан дауыл келер,
(Соған осы шыдай ма сау іргелер?)
Жауыр болған шимай бар ақ қағазда,
Оның жөні болды ғой тәуірленер...
Кейде жақсы, дүние, кейде жаман...
Көйлекте аман бұл күнде,
түйме де аман...
Сүйген адам белгілі бір күйері,
Қайта сүйе ала ма күйген адам?..
Бөлісу: