Жанболат Аупбаев. Еуропадағы қыпшақ
Бөлісу:
Иштван Мандоки Қоңыр
Онымен күтпеген жерден кездесуге тура келді. Оған себеп болған Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына қоңырау шалуымыз еді. Телефон трубкасын көтерген əріптес жігіт қажетті мəліметтерге жауап беріп болды да: “Сендер оны білуші ме едіңдер?” дегендей қызық бір хабардың ұшын қылтитты.
– Біздің Тіл білімі институтына Венгрия ғылым академиясынан бір ғалым келді, – деді сөзінің аяғында ол. – Аты-жөні Мандоки Конур Иштван. Мамандығы – түрколог. Өзі қазақ тіліне ағып түр.
– Қойшы?
– Шын. Сенбесең...
Əріптес жігіттің одан кейінгі сөзінен ұққанымыз – венгр ғалымының бұл Алматыға осымен үшінші рет келуі екен. Сапарының негізгі мақсаты – Венгрия ғылым академиясының жанындағы тунгус-монғол тілдерін зерттейтін алтаистика институты мен Қазақ ССР Ғылым академиясыиың Тіл білімі институты, М. О. Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институты, Ш. Уəлиханов атындағы Тарих, археология жəне этнография институтымен өзара достық, ғылыми байланыс орнату. Мұның үстіне ол Будапештегі Етвеш Лоранд атындағы университетте оқытушылық кызмет атқара жүріп, Венгриядағы ежелгі қыпшақ мəдениетін зерттеумен де айналысатын болып шықты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Жанболат Аупбаев. Есенберлиннің інісі
– Қызық екен, – дедік біз мына хабарды естіген соң. Халқымызда “бір күн дəмдес болғанға мың күн сəлем” деген нақыл бар. Ендеше біздің республикамыздың ғылым ордаларымен байланыс орнатуға жанашыр болып жүрген ғалыммен неге жолықпасқа? Сөйттік те Тіл білімі институтындағы жауапты адамдардан алған адрес бойынша “Жетісу” қонақ үйіне хабарластық.
Қоңыр еуропалық қыпшақтардың дәстүрлі киімінде
– Мен венгр жерінен сіздердің елдеріңізге келген алғашқы да, соңғы да адам емеспін. Тарихи деректерге жүгінер болсақ, ежелгі байланыс іздері тым тереңде жатыр ғой.
Қонақ жігіт осы бір сөздерді айтты да, бір сəтке үнсіз қалды. Байқаймын, екеуміздің арамыздағы əңгіме желісін ол əріден бастамақ ойы бар.
– Сіздің айтайын деп отырғаныңыз Вамбери, Мате Залка өміріне қатысты жайлар ғой.
– Ол да бар. Сонан соң...
Осы сəтте оның сөзін оқыста шыр ете қалған телефон үні бұзып кетті. Бұл үзілістің біразға созыларын байқаған мен өз ойымды енді қонақ жігіт айтқан жаңағы əңгімеге қарай бұрдым. “Иə,– деймін іштей. – Азия, Европа мəдени байланысы дамуының тарихында саяхатшы ғалымдардың, интернационалист ақын-жазушылардың айтарлықтай роль атқарғанын бұл күндері кім білмейді. Солардың бірі өз өмірлерін азды-көпті болса да қазақ жерімен байланыстырған саяхатшы ғалым Армений Вамбери мен революционер жазушы Мате Залка емес пе?
Қоңырдың әкесі Мандоки Шандор
...1863-1864 жылдардағы Орта Азия сапары туралы ағылшын тілінде шыққан кітабынан кейін Венгрия ғылым академиясының мүшесі Армений Вамбериді европалықтар ерекше таныды. Өйткені беймəлім елді біліп қайтуға аттанған батыл ағылшындар – Конноли мен Стоддардтың қайғылы қазасы туралы хабардың əсері əлі суып болмаған шақта қауіпке, қиындыққа толы сапардан аман қайтқан, əрі өзінің кітабымен шығыстану ғылымына үлес қосқан Вамбери кезінде “Орта Азияны аралап шыққан жалғыз ғана европалық адам” аталып та жүрді. Вамберидің кітабынан қазақ жұртының көшпелі тұрмысын, меймандостығын, этнографиялық өзгешеліктерін сипаттайтын суреттемелермен қатар: “Біз олардың музыка мен поэзияға бейімділігін көрсек, екінші жағынан аңсүйектік тəкаппарлығына ғажап таңғалдық”, – деген пікірді кездестіреміз.
Ал Венгрияның ұлттық батыры, жазушы, интернационалист Мате Залка есімі ше? Біздер қазақстандықтар оны ерекше құрметтейміз. Жетісуда коллективтендіру жылдарының күрделі оқиғаларының дəл ортасында жүріп, жаңа оянған қазақ елі туралы Мате Залка “Правда”, “Советская степь” газеттері мен “Огонек” журналына бірнеше мақала, очерк , əңгімелер жариялады жəне “Тұман сыртындағы елді мекен” атты тамаша реалистік повесть жазды. Міне, мұның бəрі венгр-қазақ мəдени байланысының ежелден бері бар екенін айқын аңғартады.
Қоңыр жас кезінде
– Бұл бертінгі тарих, – деді телефон арқылы əлдекімдермен сөйлесіп болған Иштван: – Ал одан арғы дерек-терге жүгінер болсақ, сіздер мен біздер бір жағынан туысқан да болып келеміз.
– Сонда қалай?
Венгр ғалымының сөзіне қарағанда, Еділ, Жайық бойларын ерте замандарда мекен еткен Дешті Қыпшақ мемлекеті болған. Ондағы көшпелі халықтың бір тобы Карпат тауларының қойнауындағы Мажар (мадьяр) даласына қоныстанады. Бұл тайпа сол заманнан бері өзінің қыпшақ деген атауын сақтап қалғандығы мажар елінің тарихнамасынан белгілі. Бүгінгі Венгриядағы олардың ұрпақтары өздерін ақ қыпшақтар, кумандар деп атайды.
Біздің ата-бабаларымыздың Европаға қоныс аударуының себебі неде еді?
1217–1218 жылдары басталған моңғол шапқыншылығы Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген түркі тайпаларының Жетісу мен Сыр бойындағы Тараз, Талас, Сайрам, Отырар секілді шаһарларын жермен-жексен етіп қиратып, халықты аяусыз қырды. Халық басына қайғы бұлтын үйіріп, үлкен бақытсыздық əкелді. Осындай алапаттан ежелгі қазақ сахарасын мекендеген қыпшақ тайпалары да құтыла алған жоқ. Қыпшақтар жат жерлік басқыншылармен аянбай батыл соғысты. Тарихшы Рашид ад-Дин өз шежіресінде осы жəйтке байланысты былай деп жазды:
Қоңыр Мандоки келіншегі Оңайша Мақсұмқызымен
“Моңғолдар алан өлкесіне келген кезде, ол жердің халқы қисапсыз көп еді, аландар қыпшақтармен қоян-қолтық бірігіп, моңғол əскерлерімен шайқасты. Екі жақ та жеңіске жете алмады. Сонда моңғолдар қыпшақтарға: “Біз жəне сіздер бір тайпадан тараймыз. Бір халықпыз. Алаңдар болса бізге жат, біз сіздермен келісімге келіп, өзара тиіспеу туралы шарт жасайық, қалауларыңызша алтын мен киім-кешек береміз”, деп көп дүние жіберді. Қыпшақтар майдан даласын тастап, өз мекендеріне қайтқан соң, монғолдар аландарды тізе бүктірді. Қырды, жойды. Моңғолдар енді күтпеген жерден бейбіт шартқа сеніп тып-тыныш өз өлкелеріне қайта оралған қыпшақтарға жойқын шабуыл жасады. Қолға түскендердің бəрін өлтірді. Өздері бергеннен екі есе дүние, мал-мүлікті жинап алды. Тірі қалған кейбір қыпшақ ауылдары орыс еліне ауа көшті”.
Шежіредегі айтылған “орыс еліне ауа көшкендердің” бірі – жазушы В.Янның “Шыңғысхан” романында суреттелген қыпшақ ханы Қотан болатын. Артына 40 мың түтін ерткен ол жəне сол сияқты басқа ауылдар содан Закавказье, Қара теңіз, Кіші Азияға дейін қоныс аударды. Венгрия жеріне жетті. Суздаль князі арқылы Венгрия короліне жолдаған хатында Батый хан оларға былай деп қоқанлоқы көрсеткен ғой:
“Құлдарым кумандарды (куман деп отырғаны – қыпшақтар) қанатыңның астына алып қорғаштағаныңды да білдім, егер мені өзіңе қарсы қойғың келмесе, келешекте оларды маңыңа жуытпауды бұйырамын. Өйткені тұрағы жоқ көшіп-қонбалы кумандарға қашып кету оп-оңай, ал сен болсаң баспанаң, жерің мен қалаң бар, қалай менен құтылмақсың?” (С. А. Аннинский, Известия венгерских миссионеров XІІІ–XVІ в.в. о татарах Восточной Европе, 1940, том ІІІ, 88–89 стр.)
Қоңыр Мандоки мен ақын Жүрсін Ерман
– Батысқа, Мажарстанға (Венгрияға) орын тепкен біздің бабаларымыз одан кейінгі жеті жүз жыл бойына сол кездегі тілін, əдет-ғұрпын, салт-санасын сақтап келді, – деді Иштван сəл үнсіздіктен соң. – Əйтсе де көптеген тарихи-əлеуметтік, экономикалық өзгерістер негізінде жергілікті халықпен етене араласып кеткендіктен, бұл тіл XІX ғасырдан бері бұрынғыдай қызмет атқармайды. Бірақ қыпшақ тілінде оның ауыз əдебиетінде көптеген ескерткіш мұралар сақтаулы. Менің зерттеп жүргенім, міне, негізінен осы жайлар.
– Атап айтқанда?
– Қазір мұндағы қыпшақтар мажарша сөйлегенімен, олардың тілінде мажар тілінен біршама айырмашылық, ерекшелік бар. Өйткені қыпшақтардың мал шаруашылығына, ауыл шаруашылық кəсібіне, аңшылыққа, үй тұрмысына байланысты атаулардың басым көпшілігі көне қыпшақ тілінде айтылады. Венгриядағы Қарсақ қаласында тұратын қыпшақтар мажардың ауызекі сөзінде қазіргі тіл қатынасында жоқ көне қыпшақ тілінің көптеген сөздерін қолданады.
Осы сəтте менің ойыма жазушы В. Янның “Шыңғыс хан” дилогиясының екінші кітабындағы Қотан хан есімі оралды. Еділ, Жайық бойынан өзінің соңына 40 мың түтін ерткен қыпшақ ақсақалы сол кезде өз туыстарының одан арғы тағдыры не болатынын ойлады ма екен. Бұған қазір нақты жауап беру қиын. Бірақ бір нəрсе айқын. Ол сол кездегі қазақ сөзінің баламасы “қыпшақ” деген атауды иеленген елдің шағын бір бөлігінің мадьяр жұртымен бірге қилы-қилы ғасырларды, қилы-қилы тағдырларды артқа тастап барып бүгінгі бақытты заманға жетуі.
– Кешіріңіз, – деді венгр ғалымы бір мезетте маған қарай бұрыла түсіп: – Мына мысалдарға назар аударып көріңізші, бұл түркі тілдес халықтардың мəдени ескерткішіндегі ұқсастықтарды зерттеу үшін өзіммен бірге ала келген венгр қыпшақтарының ауыз əдебиеті нұсқалары.
Қараймын, мұндағы кейбір сөздер бізге тым жақын секілді. Оның үстіне оқып отырған жаңылтпаш жұмбақтар өзіміз бала кезімізде ойнайтын тақия тастамақ, жасырынбақ, санамақ сияқты ойын ережелеріндегі тақпақтарды қайыра еске түсіргендей. Тек мүндағы өзгешеліктер – жоғарыдағы сөздердің фонетикалың заңдылықтарында ғана бар сияқты. Мəселен, біздің ауыз əдебиетіміздегі “бір дегенің – білеу, екі дегенің – егеу, үш дегенің – үзік, төрт дегенің – төсек”, деген жаңылтпаш-санамақ мажар қыпшақтарында: “Бірім – білеу, екім – егеу, үчім – үзік, төртім – төшек”, деп келеді екен. Байыптап қараған жанға осы мысалдардағы кейбір сөз əріптерінің (“Ш”-ның орнына “Ч”, “С”-ның орнына “Ш”) қазақ тілі фонетикасымен ептеп қайшы келетіні көрінеді. Осындай ерекшелік ондағы батырлар жырында да, дастандарда да, мақал-мəтелдерде де кездеседі. Осы арада бізге бұл ескерткіштердің кейбіреулерін түркі халықтарының тілімен салыстырсақ, көп сөздің мағынасын, мəн-жайын, төркінін шешуге болады екен-ау деген ой келеді. Өйткені өзіміз əңгімелесіп отырған ғалымның пікіріне қарағанда, бұған дейінгі зерттеулер бойынша түркі тектес халықтар тілдерінің арасынан Мажарстандағы қыпшақтар ауыз əдебиеті ескерткіштерінің тілі қазіргі қазақ тіліне тіптен жақын болып келеді екен.
– Қазақ ССР ылым академиясы мен Венгрия ылым академиясы арасындағы өзара достық байланысын сіздер қай тұрғыдан сабақтастырып келесіздер? – дедім мен келесі бір əңгіме барысында.
– Түркология саласы бойынша, – деп жауап берді бұл сұраққа Иштван Конур. – Бұл ғылымның біздегі көп жетістіктері профессор Немат еңбектеріне байланысты. Өйткені ол Венгрия ылым академиясында түркі тектес халықтар тілін зерттеуге алғаш рет негіз салған ғалымдардың бірі. Біздер, оның шəкірттері қазіргі таңда бұл жұмысты одан əрі жалғастыруды өзіміздің басты борышымыз деп білеміз. Венгрия ылым академиясының алтаистика ғылыми-зерттеу институты мен Будапештегі Етвеш Лоранд атындағы мемлекеттік университеті филология факультетінің түркология бөлімі мамандарының соңғы кездері Қазақ ССР ылым академиясының Тіл білімі институтымен тыңғылықты байланыс орнатуы да біз үшін қуанышты нəрсе. Ал венгр-қазақ мəдени байланысына келетін болсақ, бұл салада да жақсы жұмыс нышандары бар. Мəселен, Алматыдағы А. Жұбанов атындағы музыка мектебі, 12 қазақ орта мектебі оқушылары мен біздің Будапешт қаласындағы мектеп оқушылары, ҚазГУ-дің филология факультеті мен Будапешт мемлекеттік университетінің студенттері үзбей хат алысып, араласып тұрады.
– Туысқан венгр жазушыларының біздің тілге аударылған шығармаларын көрген боларсыз. Əдеби байланыс – достық елшісі емес пе? Бұл тұрғыдан алғанда сіздерде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Осыдан 23 жыл бұрын жыр алыбы Жамбыл өлеңдерін венгр аудармашысы Имре Тренчени Вальдапфель венгр оқырмандарына алғаш рет таныстырған еді. Содан бері қазақ совет жазушылары М. Əуезовтің, Ғ. Мүсіреповтің шығармалары жарық көрді. Біздің қазіргі ойымыз қазақ жазушыларын венгр тіліне түпнұсқадан тікелей аудару. Бұл бағытта табыссыз да емеспіз. Өткен жылы Будапештегі ең үлкен басылым “Европа” баспасынан қазақ жазушылары Д. Досжанов, Ə. Кекілбаев, С. Мұратбеков бастаған 19 қаламгердің əңгімелері жарық көрді. Алдағы уақытта біздер Ə. Əлімжановтың, Д.Исабековтің шығармаларын аударуды жоспарлап отырмыз.
...Қамшының сабындай қыстың қысқа күні көк ала аяздан көзін аша алмай тұрған көкжиекке көрінбей батып барады. Астана көшелеріндегі неон шамдар буалдыр тұманнан бозарып көрінеді. Қонақ үйден кештетіп шыққан менің ойымнан венгр ғалымы Иштван Конурдың: “Сіз бен біз туысқанбыз”, – деген сөзі кетер емес.
1979 жыл
Алматыда Қоңыр Мандокимен қоштасу сәтінен
Авторлық анықтама. Ескертіп айта кететін бір нəрсе, бұл түрколог Иштван Мандоки Қоңыр туралы қазақ баспасөзі бетінде шыққан тұңғыш мақала еді. Өйткені, Венгриядан Қазақстанға ол алғаш рет ат басын тіреген 1976-1979 жылдары біздегі көп адам оған онша мəн бермеді. Келген сапарына, зерттеп жүрген тақырыбына күдікпен қарады. Кейін, 1989 жылы ғой, оған деген көзқарастың өзгеріп, жанашырлардың көбейгені. Ал автор – біз бен кейіпкер – оның сол 1979 жылдан кейінгі қарым-қатынасына келсек, мəселе былай.
1981 жылы Иштван Қоңырдан маған Будапеште өзінің «Мажарстандағы құман тілінің ескерткіштері» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғағаны туралы хат келді. 1983 жылы ол Алматыға қайыра соғып, Ғылым академиясындағы жұмысының ара-арасында мені көп іздепті. Іссапарда едім, таба алмаған. Қолөнер шебері Дəркенбай Шоқпарұлының айтуынша, сол жолы Иштван қазақтың Айша атты бойжеткенімен көңіл жарастырып, оны өзімен бірге Венгрияға алып қайтқан. 1989 жылы ол халық ақындарының Алматыдағы В.И.Ленин атындағы Сарайда өткізіліп, Қазақ телевизиясына түсірілген «Айтыс» хабарына келіп қатысқанда осы жолдардың авторын тағы да іздепті. Таба алмаған. Өйткені, мен ол жолы да іссапарда жүр едім. Ал, 1994 жылы... иə, сол жылы Будапештен Махачкаладағы түркологтар форумына қатысуға келген Иштван Қоңыр жүрек талмасынан кенеттен қайтыс болыпты деген суық хабарды естідік. Марқұмның аузынан шыққан ең соңғы сөз: «Мені Қазақ елі – ұлы далаға апарып жерлеңіздер», – болыпты. Ол кезде Дағыстанның халық ақыны, атақты Расул Ғамзатов тірі еді. Нарық қысып, жағдай қанша қиын боп тұрса да міне, сол кісінің көмегімен жəне біздің республикамыздағы ер көңілді біраз намысқой азаматтардың күш-жігерімен Еуропадағы ежелгі қыпшақтардың бір тұқымы – Иштван Мандоки Қоңырдың денесі ұшақпен Кавказдан Қазақстанға алып келінді де Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.
Бөлісу: