Құлбек Ергөбек. Жұмабай Шаштайұлына хат
Бөлісу:
Қадірлі Жұмабай!
Жылдарға жоспарланған ауыр еңбектің беташар сөзінен кейінгі алғашқы парақтарын өзіңмен сырласуға арнадым. Қате ойлап қалма, құрдасым. Бұл – ауылыңның астанаға жақындығынан емес. Ауылыңның алыс-жақындығын есептеп жатқан көрбілте жан сен емес. Ең бір аяулы кітабымды есепке құрар пендең мен емес. Тәніміздей жанымызға жақын тұтас бір буын арасында соншалықты дара тұрғандығыңнан да емес. Шығармашылығың өз буыныңның бірінен ілгері, бірімен қатар, бәлкім, кейбірінен кейіндеу. Бірақ…
Бар гәп осы «бірақта». Сен – біздің буындағы белі бесіктен шықпай жатып, оңбастай қатты сыналған, ең бастысы, әділетсіз сыналған қалам иесісің. Тоқырау заманының түсінігі шарғы пендесінің көрсетуімен сынампаз тізімге кіріп, өзі оқымай, өзгені көзілдірік қылған, жандайшап өзгенің жазып бергенін оқумен шектелетін тізімшіл тоғышар жандардың кесірінен сенің «Қызыл қар» («Жалын» баспасы, 1984 ж.) аталатын алғашқы прозалық кітабың алдымен облыс деңгейінде, содан соң республика көлемінде, ақыр аяғында бүкілодақ шеңберінде сынға ұшырады. «Түп» десе түкірігі жерге түспейтін ағаларымыз ұялмай-қызармай қарғадай сенің тырнақалды балапан кітабыңды баяндамаларына қосып сынап берді. Сонда не деп сынайды? Социалистік қоғам жетістігін бұрмалаған, қойшылар өмірін көлеңкелі жағынан көрсеткен деп сынады. Сол сынды барлық республикалық газет жамырай жариялап жатты. Ақыр аяғы «Правда» газетінің бетінен барып бір-ақ шықтың.
Жұрт сабылып кітап дүкендерінен «Правда» сынаған сенің «Қызыл қар» аталатын кітабыңды іздеді. Тапқаны – тапты. Таппағаны – бір аға жазушының «Қызыл су» аталатын кітабын пышақ үстінен үлестіріп сатып алып кетті. Сондағы жұрттың мақсаты – «мықтылар» сынағын кітапты оқу. Дақпырт. Бақсақ, жазушы ағайындар бірінің кітабын бірі оқи бермейді екен. Әсіресе, аға буын өзінен кейінгі жастарды көзге іле бермейтініне сол жолы куә болдым. Шынтуайтында қорықса да, үміттенсе де кейінгі буынды қадағалауы керек емес пе ағалардың? Мені қинаған бір жай осы болды. Ал, мені қинаған екінші жай – кітапты оқып көріп, ішінен жалған сөз, жалған-жалалы көрініс таппаған соң, сынның әділетсіздігін айтып ағалардың саған ара түсе алмағаны…
Әдебиетке үмітпен келген темірқанат балапанды оққа байлап, үндемей үйде шәй ішіп тыныш отырғанымыз қалай? Елдігіміз қайда, қаламгерлік парасат қайда? Қаламгер қауымын халық қашанда рухани көшбасшы тұтады, пана көреді. Қаламгер қауымы өз қатарындағы қарғадай балаға – пана бола алмағаны қалай?
Иіріп әкеліп иілдіріп қоя берер сұрақ сондай көп. Бірақ жауабы жоқ! Екеуміз бұл мәселе жөнінде көп сырластық қой уақытында. Жауабын таба алмаған едік алайда. Енді жауабын уақыт тапты. Бұл – өздері оқымай, зерттемей, көзілдірік болған өзгенің сөзіне сене беретін партократия, бұл – біздің қоғамда кемшілік болмауға тиісті деп түсінетін социализм догматиктерінің әрекеті екен. Қайтесің, түсінік солай! «Социализм зәулімі» де күйреді, социализм теоретиктері, идеологтары басқаша сайрап, жөндеріне кетті. Бұл күнде сенің сының дұрыстыққа шықты. Қоғам бойындағы індетті, қойшыны қинаған бейнетті сен дұрыс көрсеткен екенсің шығармаңда.
Сенің «Қызыл қар» аталатын кітабыңа енген «Қызыл қар» повесі мен «Есбай тігі», «Күре тамыр» аталатын қос әңгімені жақында қайталап оқып шығып, әлі де сынай түсу керек еді, шығарма сонда шыншылдана, шырайлана түсетін екен-ау деген ойға келдім. Әрине, бұл қазір айтуға оңай болғанымен кезінде қаламгер ретінде жүзеге асыру соншалық қиын шаруа еді ғой. Сен сондай ауыр міндетке бардың. Біз саған сол үшін мерейленеміз.
Қалай болғанда да, сенің жүрегіңе жара түсті, жаныңда дақ қалды. Сен әрісі Мережковский, Набоков, Ахматова, Зощенко, Байтұрсынов, Дулатов, Жұмабаев, Аймауытов дегендей әдебиеттегі ақтаңдақтың ең кенже өкіліне айналдың. Уақыт қайта түлемегенде сен қолыңа қалам ұстамай шығармашылық ісінен безініп кетуің де әбден мүмкін еді-ау. Ендеше, кеш те болса сенің жаныңдағы жараңа шипа болсын, ақтаңдақтан арылтуымыз керек. Алдымыздағы абырой-атағы асқан ағалардың уақытында атқармаған ісін кеш те болса өзіміз атқаруымыз жөн. Батырлық үшін емес, жақсы атану үшін де емес, әділет үшін… Міне, алғашқы хаттың, қадірлі Жұмеке, өзіңе арналып отырғанында осындай сыр бар.
Қашанда, қандай да бір халықтың ханы қаламгерінен ақылдымын, қалың бұқара – халықтан биікпін демесе екен өзін. Хан – тарих жасайды. Оның иесі – халық. Тарих шежіресін жазушы жазады. Мұны естен шығармалық деген ойлармен өткенге салауат айтып, енді сенің шығармашылық ісің жайында бір-екі ауыз пікір білдіруді жөн көремін.
Қадірлі Жұмабай, сенің соқыр сынға ілінген алғашқы проза кітабың 1984 жылы жарық көрген екен. Араға алты жыл салып «Жала мен нала» аталатын кітабың «Жалын» баспасынан 1990 жылы жарық көрді. Арадағы уақытты аз-кем деп қайтейін, мен үшін сенің кезіндегі әділетсіз сынға күйреп кетпей, бойыңды тіктеп, ойыңды орнына түсіріп шығармашылық іске қайта оралуың үлкен қуаныш! Бір шығарма ұзақ жазылады, бір шығарма қысқа уақытта туады. Мәселе онда емес. Мәселе – дүниеге қаламгердің қандай шығарма әкелуінде.
Ойланып қараған кісіге сенің алғашқы кітабың тоқырау жылдарының, кейінгі кітабың – жаңа уақыттың жемісіндей көрінеді. «Қызыл қар» – алғашқы кітаптың, жалалы жинақтың аты. Көрген зәбір-жапа, жабылған жала, көңіліңдегі нала итермелеп, күйсіз көңілді ишараладың ба, әйтеуір, екінші кітабыңның атын – «Жала мен нала» деп белгіледің. Шынтуайтында қалай өзі?
Шынтуайтында, жазушылық тақырыптан басталады. Көп дарын тақырыбын таппай сорлайды. Жазушылық – қоғамға, өмірге көңілі толмаудан сабақталады. Көп дарын өз уақытына көңілі толады, толмағаны болса жасырады. Ішкі қайшылықты жасырып, жан-дүниесіндегі сұрапылды қолдан өшіреді. Сөйтіп жүріп, тұтас уақыт, өмір деген ұлы ұғымдарды аласартып, өзі өмір сүрген кезеңнің құлына айналғанын білмей қалады. Өкінішті. Ал сен ше?
Сенің жазушылығың тосын тақырыбыңнан танылып тұр. Жарқыным-ау, қар қызыл бола ма? «Қызыл қар» дегенің қай сасқаның? Асылы, сенің саясатқа шатылып, сынға ұшырап, бәлеге қалып жүргенің де осы әппақ қарды қызыл деуіңнен! Алайда, ақты - ақ, қараны - қара, қызылды - қызыл деп, жанарында жарық бар әркім-ақ айтады. Ал ақтан қараны көру, қарадан ақты тану – талант ісі. Табиғат тылсымына бойлап, құбылыс құйылыстарын сезіп, өмірдің бүгіліс-түгілістерін ажырата білу - жәй көзге емес, көкірек көзіне көбірек байланысты. Әппақ ұлпа қарды адамдар тағдыры арқылы «Қызыл қарға» айналдыру айып па? Жоқ. Бұл – сенің өзіндік көре білу ерекшелігің!
Асылы Жұмабай, сен тақырыбыңмен жазушысың. Аяусыз сынға ұшыраған «Қызыл қар» повесі, бертінгі «Шал мен жылқы», «Құралайдың салқыны», «Аспанқора», «Ұябұзар» повестерінің қай-қайсысы да қойшылық, саяткерлік, қазақы тіршілік хақында. Сен сыналсаң да тақырыбыңнан айнып көрген жоқсың. Расында тақырыпқа тұрақсыздық – табиғатыңа опасыздық болуы мүмкін еді. Әңгімелерің де осы тақырыпта. Демек, төрт түлік мал мен малшы жайында. Қазақ өмірі, қазақы тірлік хақында деген сөз ғой бұл. Менің білуімде қойшы бар да шопан бар. Қойшы-қолаң деген әңгімені шопанға қосақтамайды есі дұрыс қазақ. Шопан сөзі Шопан атадан тарайды. Төрт түліктің өз иесі, өз киесі бар. Қазақ кие тұтқан осы ұғымның бәрін жетпіс жыл беделінде әбден аяқасты еттік. Ұғымдағы атүстілік өмірдегі аяқастылықтан келіп туындады. Өз шығармаларыңмен осындай аяқастылыққа қарсы тұра білдің сен!
Аты-шулы «Қызыл қар» повесінің кейіпкері Жайлау: «Менің әкеме ұқсайтыным бесенеден белгілі. Бірақ тағдырда бір әділетсіздік бар сияқты. Шалдың көріп келген бейнеті менің де үлесіме тиюі керек пе?» (39-бет) – деп толғанатын. Бұл сәтте сенің кейіпкерің – Жайлау дұрыс ойдың адамы.
«Шал мен жылқы» повесің осы ойды екінші бір қырынан қаузайды. «Ұры Ғайыпбекке» ілескен бала жайылымда жүрген жылқыны жығып алуға әкесін жеңіл мәшинемен әкеле тұра, өріске кеткен шалды күтпей тайды сойып алып тайып тұрады. Жалғызсыраған Қосшыбай шал жылқышының үйінде отырып: «Қайран нәрсенің ішегі жуан екен», (140-бет) – деумен тынады. Бұл – сенің кейіпкеріңнің рухани өлімі. Оны «өлтірген» – урбанизацияға ұшыраған өз ұрпағы. Қалғып кеткен Қосшыбай қарияның түсіне әруақ анасының кіруі – осы ойды бекіте түсетін рәсімдік, этнографиялық деталь.
Жұмабай, сен өмірді біліп, материалды бойыңа әбден сіңіріп барып жазасың. Концепциялық шығармалардың шартты, өмірді біліп жазған шығармалардың шынайы шығатын себебі де осыдан болса керек. Екеуінің басын қосып егізқатар пайдалану ілуде біреудің қолынан келеді. Сен көркем суреттен кенеулі ойға қарай өсіп келесің.
Сенің араға жыл салып барып жарық көрген кітабыңа енген повестер мен әңгімелерді қайталай оқып шыққанда мынадай қаламгерлік қасиет, ерекшеліктерді аңғардым:
Бірінші – кейіпкерлерің үлкен тағдыр иесі. Үлкендік олардың қызмет-мансабында емес. Кейіпкерлерің – қарапайым адамдар. Сен сол қарапайым адамдардың жан-дүниесін ашуға әрекет етесің. Айталық, «Қызыл қардағы» Сансызбай, Шандоз, «Аспан-қорадағы» Атан, Қасым жомарт, «Шал мен жылқыдағы» Қосшыбай, «Ұябұзардағы» Бөкенбай, Күлхан, Жайнақ, «Құралайдың салқынындағы» Демеу қадірсіз. Аталмыш жандардың қай-қайсысы да сенің бейнелеуіңде үлкен тағдыр иесі болып көрінеді. Бұл адамдар мінез-құлқы, ой-толғанысы, бастан кешулері қазақ халқы басып өткен саяси аумалы-төкпелі кезеңдердің бірсыпырасын қамтиды. Кіндік қаны тамған жерден түн қатып өзге ел, жат жерге өту, 1932-33 жылдардың ашаршылығы, урбанизацияға ұшыраған ұрпақ, қазақтың қасиет тұтқан түлігі – жылқы, қойшы қасіреті, кетер ұрпақ пен келер ұрпақ арасындағы үйлесімсіздік… Егер осы аталған жайларды сенің туындыларыңда қамтылған мәселелер десек сенің дарын қабілетің недәуір айқындалады. Алайда, бұлар сен ғана жазып жүрген тақырып па? Жоқ. Саған дейін де жазылған, сенен кейін де жазылатын тақырыптар бұлар. Бірақ, сенің жазуың, тақырыпты ашуың бір бөлек. Бөлектеп тұрған не қасиет? Ол сараланып айтылар келесі ерекшеліктер еншісі.
Екіншіден – суреткерсің. Қолыңа қалам алып жазу жазып отырғандай емес, керілген кенепке қылқаламмен табиғат көрінісін шегіп жатқандай әсерге бөлейді сенің прозаң. Әсіресе табиғат суретін, қылқұйрық, текті жануар – жылқы сынын беруде мейлінше шеберсің. Қаламыңнан шыққан сурет кейіпкеріңнің көңіл күйімен астастырыла берілгенде әмсе қызығып отырдым. Әңгімеге тұздық боларлық аз-кем мысал келтірейін.
«Ағарып таң атқанда көрдей түннің үлкен аумағы қойнау-қойнауға бекінген тұманға айналып, одан бөлініп-жарылып қалған жұрнақтарының басы бірікпей, беті ауған жаққа жер бауырлай тентіреп барады». (159-бет).
«Бір кезде күншығыс жақтан кемпірқосақ үлкен аумаққа доғадай иіліп түсті. Бұлттардың сетінеген жиектері алтын жалатқандай жалтылдап, арғы қабатындағы ақшарбы ұлпасы кіршіксіз аппақ боп көрінді». (165-бет).
«Толық айдың жарқыраған қозы сөніп, ақ қаңылтырдай ақшылтым түске еніпті». (177-бет).
Сенің суреткерлігіңді дәлелдеуге осы үш мысал толығымен жетер деп ойлаймын.
Әрине, мұндай ажарлы, айшықты суреткерлікті сенің қай шығармаңнан да көптеп кездестіруге болады. Әсіресе «Құралайдың салқыны» повесінің бастауында шығарманың бүкіл қантамырына тыныс бергендей әдемі сурет бар-ау шіркін. Сондай-ақ, енесі мен күйеуі қосыла төбелеп, келін емес, келсапқа айналдырып қадірін кетірген Қадірсіздің бауырына баласын қысып алып төркініне кетіп бара жатқанда күн күркіреп, найзағай ойнап жер-дүние қақ айырылғандай күйге түсетін сәтті үрей аралас романтикаға бөлеп әдемі суреттеп бергенсің. Өз басым жазуыңнан шынайы суреткерлік көріп әмсе дән риза болған кезімнің бірі, міне, осы сәт!
Журналистік ысқаяқтық араласып, суреткерлік прозаның жолын әр жер-әр жерде кесіп кетіп жүр емес пе?! Міне, осындай жағдайда сенің бойыңдағы суреткерлік, тынысты баяндау, кейіпкерлерін көзге елестетерліктей жанды кейіпте тұлғалап алып шығуың бізді әрқалай қуантады. Қаламыңның бұл мінезін өткеннің есесі деп қана емес, келешектің ырысты берекесіне балаймын.
Үшінші ерекшелік – адамның сырт келбетінен бастап жан құбылыстарына дейін динамикалық жандылықпен диалектикалық өсу сипатында жан-жақты жеткізесің. Тағы да бір-екі мысал келтірейін.
«Мейірімді Күлжамал әрбір кесеге өзінің ыстық ықыласын құйып беріп жатқандай бейілді» (Қызыл қар, 34-бет).
«Торға түскен кекіліктей кісіге жаутаңдап қарайтын келіншек дереу іргеге қарай шегініп, бұған жол берді» (Жала мен нала), 80-бет».
«Тырсия керіліп тұратын кимешегінің жақтары сөлпілдеп бос қалыпты» (92-бет)
«Басқа ауылдың көп төбетінің арасына түсіп қалып, содан әзер құтылғандай Қасым жомарт сидаң барады» (182-бет).
«Назарын Қасым жомартқа тіктегенде Атанның жанарының ұясынан ұйықтап жатқан жылан бас көтеріп алғандай кісі баласы сескенетін сұс сезілді» (183-бет).
Келтірілген үзіндінің қайсысынан болсын кейіпкерін қимыл-қаракет үстінде көре білетін, бақылай білетін жазушыны танимыз.
Санамалай берсек әлі де бірсыпыра жетістіктеріңді дәттей айтуға болады. Әзірге жарар. Әлі аяқталмаған, орта жолда келе жатқан жазушы шығармашылығы жайында таусылып сөйлеу жараспас. Одан да саған, сенің шығармаларыңа не жетпейді? – деген мәселеге көшейік.
Жұмабай, менің пайымдауымда, саған айтар ойдың жаңалығы, сонылығы жетпейді. Тосын тағдырлы жандарды табиғи, талдай жаза отырып, шығармаңды аяқтағанда қазақ әдебиетінде бұрын айтылған ой сілемдерін қайталап қойғаныңды байқамайсың. «Құралайдың салқыны» повесіндегі өмір көріністері әр басқа бола тұра айтарың Д.Исабековтың «Гауһартас» повесін бір қырынан қайталағандай көрінді маған. Бұл – бір!
Бұрын сенде созбақтай суреттеу, тіпті баяндау басым жататын. Шығармаңа көп адам қатысқанымен оның бәрі мінезделе бермейтін. Оқиғасында шымырлықтан гөрі шашыраңқылық байқалатын. Әсіресе, соңғы кездері жазған шығармаларыңда осы кемшіліктерден арылғансың. Әйтсе де көне «сырқаттың» салқыны «Жала мен нала» повесіңде бар. Әке мен баланың бірінің жанына бірі үңіле алмай, әлдекім айтқан қауесетті ертеден қара кешке дейін қаузай беру – кейіпкеріңді ірілету орнына майдалатып кеткен. Ұлы Отан соғысын тарих жаңаша екшей бағалағанда сенің бұл шығармаңа қайсыбір толықтыру енгізу қажеттігі өзі-ақ көрініп қалатын болды.
Бір сұхбатта «Естай тігі» әңгімеңе іштартатыныңды аңғарғанмын. Көңіліңе келмесін, әңгімең маған тіпті ұнаған жоқ. Өз ұрпағынан қайыр күтпеген қазақы қарияның соңына даңқ қалдыру шарасы соншалық дәрменсіз, соншалық сенімсіз.
Ендігі бір кемшілік – тіліңде.
«Ана қойлары» жол бойы толып жүр» (55-бет) деген сөйлем бар «Қызыл қар» повесінде. «Толып жүрден» гөрі «өріп жүр» тиімдірек-ау тұяқты малға.
«Басында жеңілтек (?) киіне салған еді» (55-бет) деп жазасың. «Жеңілтек» – мінезге тән сөз. Асылы айтпағың – «жеңіл киіну» шығар.
«Қосанжарласқан» сөзін әр жерде-ақ «қосанжарласқан», «қиқарды» – «қитар», «далбасаны» – «далба», «сықпытты» – «сықпыт» деп қолданасың.
Бірде «Жайлаудың қаны қатты (?) қарайды» (56-бет) – депсің.
«Қаны қараюдың» өзі жеткілікті, «қатты» орынсыз, міндетсіз тұр.
Бір сәтке назар аударғым келеді.
«Сақал-шашы өскен бейтаныс біреудің сопаң етіп шыға келгені-нен әуелі Күлхан шошынып:
– Ойбай, мына сұмдығың кім? – деді.
Бұйығы тыныштыққа енген тау жаратылысының тылсым ауасын Күлханның жіңіщке даусы бұзып-жарып, сүйкімді нәзік ызың әудем уақыт тербеліп тұрды». (216-бет).
Осы тексті әдейі алдым. Қарасөз қапы жібермес дәлдікті тілейді. Қарасөз иірім-ырғағы ішінде жатуы керек. Біз айтып отырған ішкі ырғақ бар ма осы сөйлемде? Түр-әлпеті келіспеген кісіден шошынған әйелдің үрей билеген қорқынышты, ышқынды айқайы «нәзік ызың» болып шыға қояр ма? Алда-жалда әйел үні өте нәзік екен делік, онда ол «тау жаратылысының тылсым ауасын бұзып жараң ала ма?
Меніңше, бұл – суреткер қаламның қапы қимылы, суреткер адамның механикалық қалыпта ойлап міндетсіз мәтін жасауы.
Ендігі бір айтар жай – ежіктей суреттеу, езіп жазушылыққа айналмауы керек. Шегініс тұстарында композициялық тұтастықтан көз жазып қалуға болмайды.
Қадірлі Жұмабай, міне сенің шығармаларыңнан мен байқаған жайсаң жетістік пен кейбір кемшіліктер осындай. Бәлкім, байқағаным – жазып отырғаннан көп те болар, оқырманға байқатқым келгені – осылар.
Жазушылықтан жақсылық, қаламгерліктен қайыр көрмей өткен ұлы Ф.М.Достоевский «кім жайында жазсаң да бәрібір. Тек кейіпкеріңді тағдыр тұт» деген ойды тәлім еткен. Суреткерлік дарынына адал болу мақсатымен шет елге кетіп, сүйегі сырттат қалған И.А.Бунин осы ойды басқа бір қырынан қайталап, кейіпкерін тағдыр тұтпаған жерде шын қаламгерлік, шынайы суреткерлік болмайтынын айтады. Бұдан шығатын қорытынды мойынға дорба іліп, қайыр тілеп кетсек те, шын тағдыр жайында шынайы тепсінетін жерде тұрмыз-ау қазір. Неге? Ұлы М.О.Әуезов феодалдық ескі дүниені де, социалистік жаңа дүниені де көргенін айтар еді ғой. Ал, біз сол қос қоғамның бірін түйсініп, бірін бастан өткізіп, енді үшінші бір қиянға тартып барамыз емес пе? Ендеше, кісілік-сапарымыз шалғай, қаламгерлік тағдырымыз баянды болғай, Жұмабай дос! Басыңнан қандай қиындық өтсе де сені әрдайым қаламгерлік саптан ғана емес, суреткерлік санаттан көргім келеді.
Құрметпен Құлбек Ергөбек
1992 ж. Наурыз.
Мақаланың төл тақырыбы: "Суреткерлік санаттан көргім келеді"
Бөлісу: