Көкбөрі Мүбарак. Кафканың жазу құпиясы
Бөлісу:
1. Бүкіл шығармалары сахналық қойылымның өзегіне орналасқан. Бірақ бұларды драма ретінде емес, проза ретінде қалдырды. Оның шығармалары түгел драмалық рухпен суарылып, драмалық қасиеттердің прозаға әкелер айтулы жетістігін дәлелдеп көрді. Адамдар шынымен драманың жай ғана сахналық қойылым емес екенін, сахнасыз да поэзия тектес бөгде әлем екенін білді.
2. Бүкіл шығарма – Кафканың күңгірт, ала-құла және қым-қиғаш, ю-қиу жан түкпіріндегі мәңгілік реттеусіз тасада қалған сынықтардың бұл әлемге деген шықырлағы, айқайы. Кез келген оқиғаны баяндап отырып оны кейіпкерлер үшін емес, өз жанындағы қараңғы да жағымды түкпірді, сынық, жарақаттық жан жазуларын сол кейіпкерлерге құйып бедерлеп, көзден таса суық қалған жан әлемін көзелердің бетіне өрнек салып ойнаған жан құмары ыстық баладай қашап шыққан. Қарапайым ғана бәрі ...
3. Қарапайым демекші, ол арқау еткен кейіпкерлер бекзат емес, аса сұлу да емес. Бірақ қоғамның сөзсіз қажет немесе ешкім қажет етпесе де пайда болатын кейіпкерлер. Ол кейіпкерлерін әсемдеуде, оқырманға тиянақты жеткізу жолында кейіпкердің ешбір ұлттық мәнге жатпайтын, адам баласында туа пайда болып, әр жас мезгілінде дәстүрлі түрде айшықталып тұратын табиғи іс-қимылдарды бөгенайлап көрсетеді. Ол талдаған сұлу қарапайым болса да, ол жанға ғашық жүрекпен тесіле-телміріп оқырман сезінбеген сүйікті дүниесін байыптап әкеліп оқырманға сүйдіріп өтеді. Өйткені Кафка дүниеде ең ерекше сұлудың еш уақытта болмағанын, қас сұлулардың өзі ғана білетін толымсыз, қарапайымдығын ойлайды да, ендеше деп кері фокус жасап тұлғасы қарапайым, қарапайым тұлғасына жарасымды болған ішкі сұлулық өртін жымию, еркелеу, ентелеу, жеңіле салу, өзін себепсіз арнау, өкпелемеу... қатарлы көзге көбінде рақымды, ыстық болып табылатын бейнелеуіштер арқылы ашуға құмар. Әрі еш уақытта жалғыз кейіпкердің бөгенайына бола қаламның бар күшін сарқа жұмсағаннан көрі, бірнеше кейіпкерді үнемі қатар алып олардың парықты іс-қимылдарын қатарынан қойып тамашалатады. Сондықтан әр шығармасын сергек аяқтатады. Алыс аралықтардан, қиысуы әлсіз қисындардан жерініп, аралығы жақын бірнеше дүниені көңіл қойып бақылау – сезімталдық пен сергектіктің қайнары. Ол әр шығармасынан соң, келесі шығармасын жазуға еш қалжыраусыз кіріскен. Кафка ерекше оқиғаларға емес, бірнеше кейіпкердің бейнесін көз алдына қатар орналастырып көз суаруға және олар жайлы көзқарастарын үнемі қосып айтып отыруға тартынбайтын жан. Оның қадағалау, тамашалау кеңістігінің кеңдігі сонша, көз алдына алатын кейіпкері ең аз болғанда үш адам ... әрі қарай көп.
4. Дағдару. Шығарманың оты қай шамдалда жанарын білмей жеңіл ұшқын болып ұшып жүреді... аздап үрейдің оты... Десе де, ешкімге залалсыз... Кафканың жан дүниесінен шықпай қойған бір үрей бар. Әрі ол үрейге қарсы қарап отырып үнемі адам ретінде қойып сөйлесе алады. Тартынған емес. Үрей сол кезде тынышталады... Бірақ жойылмақ емес және Кафкаға анық тимейді. Бұл тектік дүние Қорқыттың өлімнен қашуы, бірақ тимей жақындап барып қорқытып кері қайтып отыруы... Қорқытпен ажалдың ойнауы секілді дүние. Қорқыт өлімге қарсы тұра алмайды, бірақ қарсы тұрдым деп есептеп, оны тоқырататын күй тартады. Кафка үрейді тоқырататынына сенбейді, бірақ адам ретінде қарсы уәжін, көзқарастарын шығармаларына сыйдырады... Әйтеуір «ол үрей оты болмаса, мен де болмас едім, осы дағдарған сұлу жаным жаралмас еді» деп сезінеді. Қорқыт олай сезінген жоқ, бірақ Қорқыттың бойындағы көшпенділердің қаны «менен қорқуы тиіс» деген пайым айтады. Қорқыт пен Кафканың жан өзегін байланыстырып жақсы дүние жасауға болады. Екеуі де сұлу дағдарысқа тірелген екі дәуірдегі екі жүректің бейнесі. Қарапайым ғана.
5. Қарапайым. Өзі өмір сүрген ортаның үнемі қарапайым екенін жиі айтады. Бұл өз өмір сүрген ортасынан ақсүйектік пен бекзаттықты, салтанатты іздеуге құмар болған қазақтың жан әлеміне келе бермейді. Бірақ Кафканың шығармасындағы ақсүйектік салтанаттан тысқары қалса да – қоғам өзгергенде адамдар түрлі философия арқылы қоғамды шабытты күймен жасап алып, жалғасты реттеуге дағдарыс тапқанда бір періштелік көзқараспен әркім жан тыныштығын табуы, өз дағдарысын бөлшектеп, қиыршықталған ойларды ләззатты көзқарасқа жақындата білсе, осы қоғамдық дағдарыстан әсемдікпен құтылар ма едік деген ой айтады. Кафканың философиясы осы. Өте қарапайым ортаны жиі өрнектеп отырып, бала көзқарасының алғаш жетіліп аздаған дүниені бақылап жаны мен көзіне қуат алатынындай Кафка да қарапайымдылық ішінен қуат табуға үйретеді, адамдардың қарапайымдылық ішінен қуат іздемей, сыртқы жарқырауық әлемді іздеу арқылы келеңсіздікке жиі ұшырап жататынын, жарқырауық бұлттарда ғана сол көбік аңсардың шынайы болатынын меңзеген. Мұның өзі жарқырауық аңсар мен түске байланып қиырдан күннің қызын, өзіне лайықты қаланың тақтарын іздеп жолға шығатын көшпенді серілердің образымен қым-қиғаш, жат. Оның жаны ғасырлар бойы орман ішінде от тұтатып, ұрпақ жалғап орман ішінен бөгенайы ерек, қанағатшыл жан әлемін тауып сыртқа шықпауға бекінген аңшы немесе орманшы бір әулеттің отбасылық жан дүние шежіресінің томдығы сияқты.
6. Күңгірт отырстар, кеңес-нараду, талқы, айыптама... осы жиындардың бәрінде ерекше сөздер айтып оқырманын шаршатқысы келмейді. Күллі жазушылар демесек те, жазушы біткеннің көбі осындай отырыс кезіндегі сөздерді әрлеуге әуес. Кафка болса бұдан оқырманнан көрі алдымен мен жалығармын деп, әр әңгіме орынына іліп, не жапсырып көркемөнерлік танымы бөлек бір зат қояды. Ол мүмкін – авторы белгісіз, бірақ ойы сиқырлы картина... Ғажайып бір өрнекті, бедерлі сағат... Үрей тұнған бұтағы сұрқай ағаш... Ескі бір оқиғаны еске салатын ұқсас көлеңке, тосын көзге шалынған телефон... Егер келесі бір абзацтар мен тарауларға мұның бірін де қойғысы келмесе, ол арадағы бір адамға оғаш немесе көңіліңе келе бермейтін бір сезімге ие жанды әңгімеге тікелей емес, жанамалай араластырып қояды, тіпті еш қатыстырмай құр ермекке кірісітіріп қояды.
7. Біз өмірге келгендегі дайын оқулықтар, даяр идеялогиялар бізді шаршатып жіберді. Бір-бірімізден тез ала-құлаланып, айқын түрде емес, ішкі түкпірімізден қырқысып қалдық. Алла адамды махаббатпен жаратқандықтан, адам табиғаты бір-бірінен бөгенайы бөлек болуға тиіс әрі ортақ үйлесімді сүйікті ырғақпен тұтаса алады. Мұның сәбилік жан дүниенің шалқар кеңістігінен бастау алатындығында. Кафкада әр адам осы қатарға лайықты жан дүниесін өзі оқып-білген дүние танымнан оқшау, қосылмаған түрде тосын кезіктіруі үшін рухани сапар шегуін, айналаға көптеп қыдырып, әр бедерге көз тоқтатуын тілейді. Идеялогиясыз өмір сүруді тапсырады. Өйткені әлемді жалмап тұрғандар жеке қандықолдар емес, санаулы 4-5 үлкен саяси ағымдар мен қоғамдық көзқарас.
8. Кафканың бір романы – елеусіз, шағын, анық мәні жоқ бір көрген түсін тарқатып ұзын шұбыр етіп өріп, тарқата білуімен жасалады. Кафка мұның шындығын көбінде ашық айта бермейді. Бірақ үңілген жанға Кафканың әр романы өзінің адамдар толық түс ретінде елеп-ескеріп жатпайтын, сәл оқшау ой мен тыныштыққа болымсыз бөлейтін, кейде үрей жаншыған түстерді шығарма өзегіне жасырып қоюында. Әр шығармасын оқып болған жан оның бұл дүниені неден бастау алып жазғанын, сол арқылы Кафканың сол кезеңдегі ішкі жан құпияларын зерттеп шығарма жазуға болатынын білсек еді. Біз сол кезеңдегі Чехияны, өзінің әулет жайын шығармадағы тұтас көлемнен емес, жаңағыдай жасалу себебінен қарастырып тауып аламыз.
9. Кафканың романтикасы. Кафка адамдардың бір-бірін қуандыруында қымбат сый-сияпаттың маңызды емес екенін, көп дүние қолмен, жүрекпен, сөзбен ең шынайы түрде бейнеленуі керек екенін емеурінмен ғана білдіреді. Кафканы оқушылардың басында ұдайы кезігіп отыратын синдоюром – қарапайымнан әсемдік жону, көңілдендіру қолыңда деген сипат. Ол оқушылар осы шығармалардан кейде Кафка оларға еш романтика үйретпесе де, олар бір-біріне жапырақтан тәж өріп немесе орман ішіндегі жапырақтарға аяулысының атын жазып қойып аяулысын соның үстіне ертіп әкелу сияқты істерді жасай бастаған. Кафка өзі де толық аңғармаған, романтикалық әрекеттің өзін емес, оны дайындайтын ішкі күшті қалыптастыруға басқа амал-тәсілдері арқылы негіз қалағанын білмеген де сияқты. Өмір де, өзі де адамдарды осындай шағын, тәтті тәсілдер арқылы қуантушы адам ғой деп ойлаймын .
Бөлісу: