Салтанат Қайырбек. Табиғатпенен жүрегім нағыз үйлесім.
Бөлісу:
1995 жылдың 4 тамызында, Алматы обл, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті филология факультетінің түлегі. Қазақ Технология және Бизнес университеті «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының магистрі. Өлеңдері қазақ ақындарының «Жыр маржаны» атты Х томдық антологиясына енген.
***
Кез болар жолыңда кім?
Сөзімді жұтамын көп.
Жол емес, қолыңдамын,
Сүйікті кітабың боп.
Келердей бақыт таяп,
Құлпырды ішің гүлдей.
Ешкімге оқытпай-ақ,
Ешкімге түсіндірмей.
Далаға ала шықпай,
Қалдырмай үстеліңде.
Көздегі қарашықтай-
Көзіңнен түспедім бе?
Дәтің бар кеңесуге,
Жүрегің құптаған көп.
Мені оқи бересің бе,
Өтірік ұқпаған боп.
2018ж
***
Көз жанары кірпігін ілмей талар,
Сағынса, сағат тілі жүрмей қалар.
Үшбу хаттар-ақ құстар, жазу-өрнек,
Басқан жері жазира гүлге айналар.
Оянғандай біртіндеп дала таңда,
Жүзі шуақ, жылу бар алақанда.
Тірлігінде қыран боп ұшқанымен,
Ғашық адам ұқсайды балапанға.
Сығалайды аңғалдық болжап бәрін,
Әлі білмей алда не жол жатқанын.
Және және білмейді бар құдірет,
Өзгеде емес, өзінде боп жатқанын.
Табиғаттан әсемдік үйіп берген,
Ақ бұлттардан, қалыспай киіктерден,
Ғашық адам тіл қатса тіпті әдемі-
Өзіне тым сенімді биіктерден.
***
Ол кезде жасым төртте ме, әлде үште ме,
Махаббат жайлы білуші едім кішкене.
Үйге кіремін сусабын аңқып жүрсем деп,
Тамақ ішуге келмесем дағы түсте де.
Даланың қызы, сыймайтын едім үйге шын.
Табиғатпенен жүрегім нағыз үйлесім.
Окопта ойнап былғаған киім ауысып,
Ән салу үшін ақ көйлегімді кигесін.
Алып теректер төбемнен төніп қараса,
Алма бақ аула, көк шалғын көркі тамаша.
Қара барқытқа алмаздар шашып алғандай,
Қою түндердің масалы болғанын қарашы ә?
Жақсы ғой жақсы, өмірді сүру дін аман.
Жұлдызға қарап, ұнады маған ұнаған.
Жұлдыздар сірә, іңкәр жандардың жасы ғой,
Аспанға тамып құлаған.
Әйнектен өтіп күншуақ мені тапқанда,
Құстардың әні сүйемел еді ақ таңға.
Құстарға, маған қошемет қылған жапырақ-
Ауаны тырнап сарғайып құлап жатқанда,
Жапырақтарсыз, құстарсыз қалмай еш ұғым,
Мен қалып қойдым.
Сұрақтың таптым шешімін:
Ұнатқаны үшін кішіреді екен адамдар,
Ұнаған үшін сұрап үйрендім кешірім.
ОПЕРА ЕЛЕСІ
1-бөлім «Эрик»
Дидарын қызыл өрт өпкеннен,
Үстемнің жазасын көп көрген.
Думанда сайқымазақ боп,
Өмірін өткерген.
От-жалын орап өртеген арман-тілегін,
Сезімнен тапты дерті мен жанның бір емін.
Тауқымет тағдар тартып алса да ажарын,
Тәркілей алмапты жүрегін.
Қып-қызыл жалын өртей алмапты дарынды,
Қып-қызыл жалын өртей алмапты дарынды.
Болса да өзі ұсқынсыз, өңі күдікті.
Бір мықты мұның сәулетші екенін біліпті.
Үлкен театрдың іргесін, тасын қалауда-
Ұлы құрылыстың басы мен көзі қылыпты.
Мойындай алмай ұжым жайттан қашқақтап,
Шырқаса елес, тұла бойлары асқақтап.
"Осы" деп дауыс, операның бір алыбы.
Өнердің бір құдіреті деп таныды.
Билік ауысып тұрса да сол бір тас қамал,
Құдіреті бар "опера елесі" басқарар.
Қойылым, доллар, дарын қалаған орынды
Дайындамаса ұжымның өзі жасқанар.
Тылсымды түгел елеске балай бастады ел.
"Елес" дегені - гений еді ғой, асқақ ер!
Үрей шақырып, тосыннан төніп састырған,
Шеберлік еді, жасайтын қасқа каскадер.
Өнерден қасиет көрмегендерді мазалап,
Ортаға түсіп, нотаға түспегендерді жазалап.
Сайраған бұлбұл, сандуғаштардың әуенін-
Қарғаның қырсық қарқылдарынан тазалап.
2-бөлім.«Кристина»
Күндердің күні ұнатып қалды сұлуды,
Тылсым боп ұйғарды тілдесіп қана жүруді.
Іңір түскенде жаңғырып әуен үйретті-
Қалағанымен өмірде бақытты қылуды.
Жетімдігінен назданып ару күрсінген,
Әкеге балап, тілдесті жаңғырық тылсыммен.
Музыка әлем, елес махаббат, құштарлық-
Өңінде көрген ертегі еді шыншыл да ең.
Құпия сезім, жұмбақ әлемнен жасқана,
Шәкірті болу "елестің" ұлы бастама!
Миын меңгеріп, ойын билеген құбыжық-
Жүзін жасырды маскаға.
Өрт тигеніменен айта алмас ешкім "күйік" деп.
Сұлу жаныңмен ару жүрегін сүйіп кет!
Тамылжығанда табаны жерден алыстап,
Кристина кетті ғарыштап!
Баспалдақ емес, ноталарменен биіктеп!
Опера елес, Ару жүрегін сүйіп кет!
Дауыл сезімге топырақ төзім шайқалмай,
Махаббат тұрды,
Махаббат тұрды байқалмай.
Ашылса әуен қобдиша тарту етті елес,
Бір ауыз сөз де айта алмай.
Шын ғашық адам "елес" боп өтсе бола ма?
Әсемпаз құстар құбыжық талға қона ма?
Сезімге сеніп маскасын ашты, ал ару,
Тартынды кері...
"Кешір" дегені өліара!
3-бөлім. «Тылсым»
Жүрек жарықтық өзіне өзі сенбесе,
Өз биіктігін аялау қолдан келмесе.
Іңкәр көңілі сүйгеніменен адамша,
Өмірді сүріп кетеді екен пендеше.
Жан сыңарының өмірде бар ма бағасы?
Өмір болған соң үйлену керек шамасы.
Ажарлы жігіт алақанына қондырды,
Кристина енді екі баланың анасы.
Төрт жылдан кейін көз жұмды бірақ, сол ару.
Құдірет сол ма, әлемде әлем жоғалу!
Елеске енді жоқ аспан, жоқ күн, жұлдыз да,
Тыңдарман үшін Кристинадай енді жоқ ару.
Әуен қобдиша тыңдаған ару балаша,
Ырғала билеп, шыт көйлегі де жараса.
Нөсерде жары бұйымды қойды мазарға,
Жүзігіменен болмасын ұғып араша.
Опера елес тілдесе ме екен арумен,
Әуен қобдиша сыңғырлап тұрды қараса.
Бөлісу: