Әбіл-Серік Әліәкбар. Қазақ әңгімесінің жаңа тұрпаты

Бөлісу:

31.05.2019 6075

(Асқар Алтайдың «Шаһид» әңгімесі бойынша)

Қаламгерлік дуализм қазақ әдебиетінде бұрыннан бар. Бірақ дәстүрлі түп негізден алшақтау бұрындары айқын сезіле бермейтін... 1920 жылдары Алаштық ұлттық негіз бен батыстық коммунистік негіз итжығысқа түссе, бүгінде оның орнын басқа әдеби текетірес аламаны басты. Көппікірлікке өз шығармашылығында орын бергендер әділ бағасын алып жүрген жоқ. Олардың бар кінәсі көз үйренген дүниеге, яғни, бұрынғы кейбір суреткерлік сипаттауға өздерінің ақыл-ойлық толықтыруларын жасағаны.

Дәстүрдегі еркіндік пен дәстүрге беріктіктің арасындағы әдеби күрес бұрынғы жұрт таныған кейбір классиктерді тарихтың күресініне шығарып тастауы да мүмкін; жаңа қырынан танылып, жұрт алдындағы беделін асқақтатуы да мүмкін. Тәкен Әлімқұловтың бұрынғы біртұтас суреттеулердің шеберін бұзған «Қараойы» оқырманға қаламгер ретінде мәңгілік даңққа қалай қол жеткізудің мәдени-тарихи өлшемі болып қала береді.

Бір нәрсе айқын – қазіргі қаламгерлердің көбісінің мәтіндері таңдаулы, сілекейің шұбырып оқисың, бұрынғы қаламгерлердің мәтіндерінің арасынан әдебиет тарихында қалатын таңдаулысын іздеп шарқ ұрасың. Мәтін таңдаулылығы жағынан қазіргі қаламгерлеріміз оқ бойы озық тұр.

Бұрынғы қаламгерлерімізде бірқұрылымдық басымдыққа ие болса, заманалық прозаиктерде көпқұрылымдық өмір салтына енген. Асқар Алтайдың «Шаһид» әңгімесі қазақ нарратологиясындағы архиактанттық мәртебеге ие субъект пен объектілерді жаңа көзқарас тұрғысынан қайта қарауды қажет етеді. Аталған туындыда оқиғаға қатысушы екеу бар. Олар – бас кейіпкер мен оның сыңары – жазушының логикалық қисындылықпен әңгімелеу әлеуетін мүлдем соны арнаға бұрып жіберіп отыр. Бас кейіпкер өзіне әлдебір саяси-әлеуметтік күштердің әсерін айқын аңғарып, өзіне қол жұмсамақ болады. Қаламгер басты назарды жақсылық пен жамандықтың өзара күресін пенделік пен періштеліктің күресіне арқау етеді. Жағдайды бірде жұмсартып, бірде қоюлатып отырады.

«...Қылпып тұрған қоңыр сапты ұстарамен бұғақты тамағын орып кеп жіберді. Қызыл-қошқыл қан неміс паркетті еденнің үстін жуа жөнелді. Бір сәт ышқына ауырсынса да, қайтіп тәнінің тұлдана қиналғанын сезінбеді. Санасы да самаладай сап-сау күйі. Буалдыр тұман, бытқыл ой басқан жоқ. Жанары да жарқылдаған қалпы жылымшылай жайылған қышқыл сұйыққа еш таңырқаусыз үңіледі.

Бойын белгісіз бір жеңілдік билеп барады. Ірі де төртбақ денесі дірілсіз. Шыбын жаны әзірге бойында, бірақ қуынған тәні ышқыныссыз. Селсоқ. Жуан басы піл сүйекті мысырлық төсектен төмен салбырап алған. Екі қолы да төсек ернеуінен асылып қалыпты. Жаны да сірі екен. Тәнін тастар емес.

Қолынан түсе қоймаған қанды жүз ұстарамен қыл тамақтан батыра, білектегі бар күшті сала орай тағы тартты. Сонда ғана тәні тітірей сілкініп, жаны шошына ышқынып, санасы суына сергіп сала берді... Тұла бойын суық тер жауып, ой-санасы оқыстан үрей аралас түйсікпен тіксініп, жаны жүрегінен тыпыршып, шығып кете алмай қиналды.

Өзін жетім лақтай бауыздап жіберсе де, қу жаны қуыс көкірегінен шықпай, санасы да шойын басынан бір сәтке болса да арыла алмай – өз жанын құрбандыққа қидым десе де, өле алмай жатқанын анық түсініп, булыға сезінді. Етпетінен жатқан күйі бауырына қос тізесін жинай алмай, жаны жаныға өксіді де, әлдебір қуат қу жамбас төсектен серпіп салды.

Сол бір шақ паркет еденге көтеріліп кеп, өз қанының үстіне малшына былш етті. Бір мезгіл жұма қалған көзін ашып қалса, әлгінің бәрі өңімен өлшенбес түсі екен.

– Бісмілла! – деген дауысы шығып кеті.

Піл сүйекті жалпақ та жуан, қашағалы да өрнек айналы төсек үстінен әлдебір құдіреттің күшімен ұшып, тақыр паркеттің үстіне түсіпті... Есеңгіреп қалғандай ел-сел күйде отыр. Әлгі бір көріністің бәрі бірақ ап-анық күйде есінде таңбалана қалыпты. Өң-түсі айырғысыз. Өзіне-өзі әлі де сеніңкіремей, паркет еденді сипалады. Лак жалатылған еден жып-жылмағай салқын. Алакөлеңкеде тамағын ұстады. Бұғағы аман. Әукесі салбыраңқы.

Ала көлеңке үй ішінде состиып орнынан тұрды. Ұйпа-тұйпа төсекке қарады. Сұп-суық тартады. Тіксініп қалды. Ұйқыдан мән кетті. Жеңіл киініп, жұқа шапан жамылып қонақ бөлмеге кірді. Жарықты жақты. Сағат төрт болыпты.

Абажадай үйде алпамсадай боп өзі ғана қалыпты...»

Бас кейіпкер емес, оның сыңары оқиғаның өрістеуіне бастамашы болып, қалай аяқ алып отыруына қадағалау жасайды. Асқар Алтайдағы Сыңар бейнесіндегі агент әрекетін тұлға фигурасымен еш шатыстыруға болмайды. Әңгімелеудің әдеттегі бас кейіпкер төңірегіне моноцентристік байлануының өзегін өзгеріске ұшырату және тылсымды кейіпкердің әңгімелеуге қатысушы басты тұлғаға ерікті және мәжбүрлі ыңғайда арағайындық жасауды баяндауы сюжеттік жағдайдың солғындануы мен толысуына бастап алып келеді.

«Қара күздің ұзақ түні. Алатау етегіне бозқырау бошалаған.

Креслоға шалқая отырып, көзін тарс жұмып, өз-өзін қамаулы күйде сезінеді. «Дүниені дүр елес кезіп жүр. Ол елес мысықтабандап бұған да жетіпті-ау!..» деген ой оралды.

Әне, түзге шықса соңынан сүмеңдей еретін елес үйіне де енді. Соңғы айларда қыр соңынан қалмайтынды шығарған. Содан бері бұл да көк бөрідей сіресті де қалды. Таудың ұлы емес пе... Елес те егесе түсті.

Елес сыңарына айналды. Жақын келіп, бетпе-бет жүз көрісуге, тіпті тұп-тура түс шайысуға дейін барып жүр. Бұл да елеспен “Ер болсаң – егеске шыда” деген шарт кесімге келген. Енді екеуінің қайсысы шыдарын, қайсысы тұрарын бір құдай біледі?! Оған уақыт пен қоғам, адам мен заман куә болмақ.

Өткенде тап осы “беймарал аймақта” ұшырасып, екеуі де бір-бірінен арыла айтысып тынған.

– Сенің көзіңе шел біткен. Иеңді ұмытып барасың, – деген дүр.

– Сол үшін келген екенсің ғой. Бірақ бұл сенің сөзің емес, оның оспадар сөзі... – деп бұл да мұқатқан. – Иеңмін де!.. – деп қойған тағы да.

– Иә, иеңмін! Піріңмін!

– Жоқ! Сен бар-жоғы елессің. Бүгін бар, ертең жоқ дүрісің... – деп бұл да қасарысты.

– Қайталап айтам: “Иең менмін!” – деп тепсінді.

– Көкте – құдай, жерде – патша... бар. Әйтеуір сен емессің сүмелек! Сен жәллап жалдапсың көшедегі... – деп мұның бойын ыза кернеді.

– Мүмкін, – деп елес күмілжіді. – Сайын бойындағы қыздардың арасынан келген шығармын.

– Дәл солай, – деп мұның да енді айызы қанды.

– Ал сен не істей аласың ол салдақыларға? Сенің саяси салдақыларыңнан «Сайын салдақылары» әлдеқайда таза, – деп елес сықылықтай, келекелей күлді”.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Мағжанды өлтіргендер

Қаламгер қазақы баяндау үлгісіне өзіндік жаңалықты – қосалқы кейіпкердің басты тұлғадан имандылық жағынан үстем түсуінің жағдаятын енгізіп отыр. Қазіргі қазақ қоғамы қаққа жарылып отыр. Өйткені, шенуінік болып баюды көздейтіндердің де бар екендігін, шенеуініктің іс-әрекетінен денесі түршігетіндердің жоқ еместігі бәрімізге белгілі жайт. Ар азабы мен пенделік перілік арасындағы күрестің мәңгілік майдан екендігін ұқтыратын туындыда бірде оның пайдасына – имандылыққа бет түзу, бірде оның қарақан басының қамына кесірі тиетін – құлқынына тұсау салу егіз бейнесі арқылы суреттеліп отырады. Жазушының көмекші құралы – архиактанттық мәртебеге ие бақ сыйлаушының оқиғаға араласуы:

“– Үндемейсің. Үндеуге шамаң жоқ, – деп дүр басына түсті. – Оларды сайтан азғырған. Олардың жазасын құдай береді. Ал сендерді адам азғырған. Жазаларыңды жұрт береді. Ха-ха-хи!

– Иә, бұл сөзіңнің жаны бар. Оны мойындаймын. Менің де күнәм мен кінәм жетеді... Соны мойындағандықтан да тәубама келіп, айды аспанға шығарып, арылмақ боп жатқан жоқпын ба?! Сол жолда белімді бекем буып, жалғыз өзім мына мұңсыз таудың бауырында жанталасып жатқан жоқпын ба?!

– Рас, ештен кеш жақсы... Бірақ бұйығып жатқан жұрт жалғыз ала қарғаны аластап тастамай ма? Сені жұрт “жынды” дейді. Соған шыдаймысың?

– Шыдаймын! – деді бұл сеніммен. – Халқым демей-ақ қояйын... ол сөзім өтірік болар, өзім үшін, арым алдында аянып қалмасқа алапестей бекідім.

– Міне, бұл сөзің ақиқатқа бір табан жақын, – деді елес. – Дегенмен ер екеніңді білейін, ендігі арындаған ісің мен арандаған сөзің сенен жан пида әрекетті талап етсе, басыңды беріп, шаһид кетер ме едің?!

– Кетер едім, – бұл да қасарған.

– Ендеше соған дайын бол! Сыналар сәтің таяу... – деп дүр елес доқ көрсетіп кеткен-ді.

...Көзін жұмған күйі көңілге ыстық қорғасындай ұйып қалған осы бір әңгіме сонарын есіне алды. Елес “иесі” болса, әлдебір бөлмелерді аралап, иен үйді арылта қарап, қонақ бөлмесіне жете алмай-ақ қойды. Тістенген күйі бұл да күтті. Шалқайған қалпы қамасқан кірпігін қақпады.

Ал елес өз үйінде жүргендей емін-еркін. Оның сұғанақ иттей тіміскілеген әрекетіне зығырданы қайнап-ақ отыр. Бірақ шыдаулы, сезімін сабырлы санаға жеңдіре күтулі”.

Асқардың жалған елесті бақты иеленуішісі, яғни, бенефициарий – шенеунік болса, оған шынайы опа әперетін бақты сыйлауға тырысушы, яғни посессор [лат. possessor еге]. Шынай бақты беруі үшін онымен айтысқа түседі. Бұл айтыс қоғамның бір қарын майды іске алғысыз қылып отырған ары, былғанышты шенеуініктерге халықтың айтар базынасы деп білуге болады.

Сыңар арқылы, яғни бірдің бойына жинақталған ұлттық ұят, халықтық дүниетаным негізінде милет құндылығын – имандылықты адресат-шенеуніктікке бағыттайды. Олардың оны қабылдау мен қабылдамауы өз еріктеріндегі дүние. Осы бір символикалық алыс-беріс қалай болды, оны жазушы аша алды ма, соған тоқталайық.

Асқар Алтай қаламгерлермен

Әңгіме ойын приципіне құрылған. Пенделік пен періштелік арасындағы халық пен жазушының өзіндік дүниетанымдары қабысады. Осы ойындық түзілім қосар агент пен контрагенті мәтін кеңістігіне атойлатады. Жазушының жасырын авторлық образы бізбен қосар агенттікте саналық жаңғырық жасаса, шенеуінік бейнесіндегі антиобраз котрагентке айналып шыға келеді. Қай туындыда болмасын, оның мәтіннің бойындағы түрлі бағыт пен мақсат ұстанған екі басты персонаж арасындағы конфликті әңгімеленіп баяндалған кезде протагонист пен антагонисттің ұстанымдары бір-біріне қайшы келіп, өзін ойын теориясы тұрғысынан қарастыруды қажет етеді. Ал оның бірінің жеңіске жетуі қайсысының іс-әрекетінің нәтижелі болуына байланысты. Немесе оқырман мен автордың түсіністіктегі бүйрегінің қайсысына бұруына да қатысты.

Міне, осы нәтижені кейіпкердің түрлі ауандағы көңіл күйін білдіру арқылы танытатын терминді экспериенцер деп атайды. Өйткені, адам баласы белгілі бір факторлардың әсер етуіне орай басынан түрліше хал кешеді. Осы психологиялық ахуал бірде оның көңілін жадыратса, енді бірде аза бойын қаза етеді. Осындай ахуалға бой алдыруына себеп болған жайтты «түрткі – әрекет» бинарлық блогы танытады. Әңгіме мәтінінде автор осыны былайша береді:

“Ары алдында адуын әрекетке алапестей бекінгені рас. Бірақ қара күздің құба таңы атар емес. Елес те мұның сабырын сарыққысы келгендей енер емес. Ел-сел күйде елегізеді.

Бұған жұмбақ елес ергелі қашан?! Билік атаулыға келмей тұрып, алғаш мәнсап дәметіп жүрген күннен бастап жабысты емес пе?! Содан бері екеуі ғашықтардай-ақ айырылыса, ажыраса алмай қойды”.

Қазіргі қазақ әңгімелері бойындағы жалғыз сөйлемнің өзі: біздің жағдайда “Бұған жұмбақ елес ергелі қашан?!” белгілі бір шағын драманың ұштығын аңғартып, оған қатысушылар мен орын алған оқиғаны танытады. Қазақ үшін өзіне-өзі қол жұмсау үлкен күнә. Тіпті ондай жандарды жеке жерлеу орын алатын жағдайлар да кездесіп тұрады. Міне, әңгімедегі осы мәселеге Шәкәрімнің ұлының өзіне қол жұмсауы арқылы берілген мәтіннен үзінді келтіре кетейік:

“Қанша есіне алмайын десе де, шырт ұйқысы мен түн тыныштығын қоса бұзған түс орала берді. Сол-ақ екен бойы мұздап сала берді. Құдай-ау, бұнысы несі?! Өз-өзіне қол салғаны қалай? Жо-жоқ! Мүмкін емес. Ондайға өліп кетсе де бармас. Бармайды! Оған еркі жібермес. Жігері де жетерлік. Ондай әлсіз емес екені – Аллаға да, адамға да аян!

Бірақ... бірақ... әлсіздік пе екен ол... Жо-о-оқ! Бәлкім, ерік пен жігердің шыңы шығар. Шыңға шыққан адам ғана нар тәуекелге бел байламаушы ма еді. Тағдырыңды таудай істе сына! Көп істейтін әлжуаз әрекеттің бірі емес – бірегейі. Бірегейі болмаса, атақты Шәкәрім қажының ұлы неге өзін-өзі өлімге қиды. Нағыз арлы өлім ғой. Тас түрмеде ет турайтын-ақ бәкімен өз-өзін орып-орып жіберген. Тап бір мал сойғандағыдай... Семейдің сыз абақтысында бауыздау тамағы астына легенді қойып тұрып, тізерлеген қалпы қорқырата тартқан, азамат! “Аллауакпарды” да өзі айтыпты, жарықтық!

Енді ше?! Құнанбайдай аталы тұқымның тұғыры... кімге көнбек? Кімді басындырмақ? Басын ақ өлімге байлаған. Ал алыстағы Шәкәрім кәрлі Шыңғыс таудың түлейінде жатып, “Шаһид!” деп құран бағыштаған. Басқа амалы қайсы әулие әкенің?! Иілмей кеткен ер ұлына сабаздықпен разы-қош та еді-ау!..

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Елестеді қым-қуыт.. қамалғандар

Шәкәрім перзентінің жанында бұл кім? Көп шенеуніктің бірі. Шенеуніктің өлімі кімге дәрі?! Ертең-ақ ұмыт болады... Тағдыр-талайына кім кепіл?! Қалай аяқталарын аянға бергісіз түсі білер. Әй, қайдам! Түсі де емес, Алматы түні де емес – адам білер... Адам!”

Жазушы бұл реминисценцияны уақытты, орынды және сипаттау амалын танытатын сирконстант арқылы іс-әрекетті өрбітуге қадам ұстанады. Осы ұстараны өмірден озудың амалы ретінде қолдану сюжеттің белсенді тұлғасының қосымша оқиғалық жағдайдың әрекеті сипатында беріліп отыр. Осындай жағдаятты локациялау арқылы автор іс-әрекеттің орны мен уақытын таныта білген.

Р. Барт уақыт пен кеңістік жағдаятты танытатын локациялануды информант деп атайды да, осы арқылы біз уақыт пен кеңістіктегі адамдар мен оқиғалардың мән-жайына қаныға аламыз деген ой айтады.

Осы орайда автор ұстараға үлкен жүк артып тұр. Ол күнделікті қолданыстағы зат санатынан оқиғаға қатысы бар жағдайды нақтылай түсетін іс-әрекет амалына айналып шыға келеді. Біз бас кейіпкердің ақ өліммен өлмейтін іштей сезіне түсеміз, бұған оны ары болған “Жұмбақ елес” жетелейді.

Осы әңгімедегі сыңар әрі басты образ, әрі бас кейіпкердің тағдырын айқындауға септігі тиетін қосымша образ да болып табылатындығын ұмытпағанымыз жөн. Және керісінше бас кейіпкер өз кезегінде көмекші образға айналып отырады. Бұның бәрі Асқар Алтайдың оқырманмен ойынға құрылған сюжеттік желіні жете меңгерген қаламгерлік шеберлігін танытатын жайт. К. Бремонша ой толғасақ, алдан кезіккен кедергіні жеңіп шығу үшін бенефициарийдің пайдасына қызмет ететін амал болып табылады.

“Елестің өстіп күтпеген бейуақта немесе тап өлі төсекте жатқан шақта жыландай сумаң етіп келе қалатыны бар. Қандай жыны бар екенін қайдам?! Оған күн де бір, түн де бір. Оның бұл қылығына мұның да бойы үйреніп алған.

Өткен жолы көкті тіле ұшқан ұшақ үстінде де ұшыраса кеткені. Қасындағы адамды тұрғызып жіберіп, жарбия келіп жалпая отырған. Келе жөткірініп алып, тиісе сөйлеген.

– Қашып барамысың? Құтыла алмайсың... құтқармаймыз, көгендеулі көксоққан!”

Туындыдағы бас кейіпкердің өмірін өзгертуге оның көлеңкесіндей болған бөлігі – егізі көмекші амал ретінде қолданылады. Бұл жағдайда оны бастмашыл іс-әрекет иесі деп тани алмаймыз. Оның бастамашыл іс-әрекетін бас кейіпкердің жауабы мен уәжі басып тастап отырады да, осы жауап пен уәж егіздің қолына тиген кезде керісінше, бас кейіпкер өзінің бастамашылық тізгінінен айрылып қалады. Міне, осы өз көзқарасына шық жуытпаушылық, яғни, фокализаторшылдық көрініс табады. Қазіргі әдеби-философиялық ғылымда фокализатор деп белгілі бір көзқарасты ұстанушыны айтады. Жазушы бізге қос көзқарасты ұстанушыны ұсынады. Осы ұсынуда автор және оның кейіпкерлері өз наррататорына (пікірін арнаушы оқырмандарына) түрлі рекрустағы нарраторлық ойларын сыртқа лықсытады.

“– Тыңдар едім... бірақ тыңдап та көргем. Орта жолда тоқтаймын деп не опа таптым... Сен енді безбүйрек билік пен басты тұзаққа тартқан менің арама жүрер арам без бола алмайсың.

– Сылып тастадым де.

– Сылуын сылдым.

– Мен бірақ қалыс қала алмаймын. Қызметім солай!

– Ой, түлкім-ай! Қой терісін жамылған қасқыр да бола қаласың... Дауасыз, – деді бұл.

– Мені қойшы, “хамелеон” десең де еркің... Сен Іленің қопа қамысын жайлаған қабансың. Доңыз секілді бір алған бетіңнен қайта алмайсың. Байқа, азуың сынады!

– Азуым сынса да айға білегенім абзал...

– Арыстан бола алмайсың, – деп кекетті анау, – арыстандық – патшаға ғана лайық. Қолында шексіз билік бар, қол астында құрық көтерер жұрты, бұт артар момын бұрты бар.

– “Бұрт” деп бұралқыланба! – деп бұл тарс кетті. – Аузың қисайып, желкең үзіліп кетпесін. Бұрт – сендер – шенді-шекпен шенеуніктер... өңшең жымысқы жағымпаздар. Биіктікті бақылап, билікті жағалап, маңайын торлап тастаған өрмекшілер... Арқауларың әлсіз бірақ, селдіреп тұрсыңдар, сорлылар! Мен оларды аяймын!..

– Желкем сенікіндей жуан болмаса да, – деп ол қолын желкесіне апарды, – оңайшылықпен үзіле қоймас. Мендей мұңсыз, мендей үнсіз, мендей ұлтсыз, мендей жұртсыз пенделердің үнемі жолы болғыш... Сен осыны түсінбейсің, тәкаппарым!”

Перформатив, яғни тілдік акті жүзеге асырылып, сөз сапталынған шақта Асқар Алтайдың нарраторлары қаққа жарылады да, автор оқиғадан тыс қалған әңгімешіге айналады. Барлық әңгімелену қос кейіпкердің өзара диспуттанған диалогында көрініс табады. Біз әңгімесін талдап отырған Асқар Алтай постмодернист қаламгер болғандықтан қалайық, қаламайық Ауктор ұғымымен бетпе-бет келміз. Біз бұны дәстүрлі және модернист прозаиктерге қолдана алмаймыз. Оларды біз тек қазақ әдеби процесінде өшпес із қалдырған белгілі бір туындының авторы ретінде танимыз.

Дерексіз автор түсінігіне жуықтау латынның auctor сөзі туындыгер, жасампаз, қаламгер деген ұғымды білдіріп, нарратологияда қолданылатын терминді 1955 жылы «аукториалды әңгімелену жағдаяты» және «аукториалды әңгімелену» түрінде австриялық әдебиеттанушы Ф. Л. Штанцель енгізіп, ары қарай Ю. Кристева, Ж. Женетт, Я. Линтвельттің еңбектерінде тереңдей қарастырылды.

Бұл салада біз сияқты сақалдылардың пікірлерін тас-талқан ететін ғылыми ізденістер жас ғалымдар тарапынан енді қолға алынып жатыр. “Шаһид” әңгімесінде ауктор суреттелетін көркем туынды әлемінің ұйымдастырушы болып табылып, өзіндік көзқарасы тұрғысынан баяндалатын оқиға мен жағдайларға қатысты оқырмандарға екі кейіпкердің “идеологиялық позициясы” тұрғысынан өз тәпсірлеуін ұсынады. Постмодернизмдік қазақ әңгімелерінде екі әңгімелеу типі бой көрсетіп келеді. Бірде, ол әңгімелетін тарихаттың қатысушы тұлғасы болып табылмайтын, өзі жазып отырған оқиғадан тысқары “таза” әңгімеші түрінде ұшырасса, енді бірде, әрі әңгімеші, әрі қатысушы тұлға болып қосарлы қызмет атқарады. Біз бұрынғыдай тілшілерден мұраға қалған 1 және 3 жақтан баяндауды тәрк етіп, ендігі жерде осы бір ұғымдарды әлдекімінің көзқарасын, бағалауын, пікір білдіріп, пайымдауына иелік ететін, барлық жерде өзінің бар екендігін танытып отыратын белгісіз әңгімешілік (гетеродиегетикалық аукторлық тип, баяғысынша айтсақ, үшінші жақтан әңгімелену) және персонаж-әңгімелеушімен (гомодиегетикалық аукториалдық тип, бұрынғы мәнерде бірінші жақтан әңгіме өрбітушімен) ауыстырамыз. Қалай десек те ауктор ең алдымен өзінің жұртқа айтпақ, санаға жеткізбек болған барша ойының назариятшы конструктышы (құрастырушысы) болғандықтан әр зерттеуші өзінің ұстанған бағытына байланысты оны әр түрлі ұғындырады.

“Отызға толмаған шағында шалғайынан алған көлеңке текті пендеге “елес” деп кіші әріппен іштей ат қойған. Осы бір елес-пенде – бұл ұмтылған биік лауазым мен билік атты атжалманның және бұған тән бұрқан болмысты адуын амбициясының арасында дәнекер болғаны шындық. Содан бері сынаптай толқымалы дәнекер пенде “үштағанның” арасында сарысу толған буынның ойнамалы асығындай күй кешіп келгені белгілі”.

Біз бұның барлығын неге тізбектеп отырмыз. Өйткені, оқырмандық тұрғыдан, эстетикалық ләззат алып, Асқар Алтайдың шығармашылығына бойлау бар да, ғылыми тұрғыдан оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесін ғылымилықпен дәлелдеуге талпыну бар. Міне, осы орайда бір зерттеуші біліп айтса, екінші зерттеуші мәселенің байыбына бармай кем-кетік ой айтып қалуы да кәдік. “Шаһид” әңгімесінде үш әңгіме өрбітуші бар. Ауктор, актор және бейтарап, яғни, кейіпкер әңгімелеуі. Біз жоғарыда ауктор мен кейіпкер әңгімелеуі туралы сөз етіп кеттік. Енді туындыдағы егіз персонажының әңгімелеуін біз неге жатқызамыз. Бұл әңгімедегі Егіз дегеніміз – Актор, яғни “әңгімедегі әңгіме” айтушы. Голланд зерттеушісі М. Баль, «акторлар өзгешелік нышанын авторлық бөлшектеу кезінде дербестікке ие болып, персонажға айналады» деген ойымен бізде келісеміз. Асқар Алтай адамның пенделігі мен періштелігін таныту үшін тазалықтың барша белгілі нышанын бөлшектеуге ұшырата отырып, тек ар алдындағы жауапкершілікке тоқтам жасайды. Осы тоқтам дерексізді деректендіріп, адами кейіпке енгізген. Әңгімедегі Егіз шенеуініктің адамиланған ары. Постмодерндік қазақ әңгімелерінде суреттелетін шындық-болмыстың қатысушы тұлғаға айналуы дағдылы үрдіске айналып отыр. Асқар Алтай бұл ыңғайда нарротор ретінде бақылау мен жағдайдың тетігін өз қолына жинақтаса, оның кейіпкері іс-әрекет үстінде оның осы туындыны жазарда алған қойған мақсатына жәрдемшінің рөлін атқарады.

“Бұл балпаң басып жертөле қабатқа амалсыз түсті. Бассейнге шомылып алсам, бәлкім қаннен-қаперсіз қатып ұйықтармын деп те ойлады. Бильярд құрулы демалыс залында шам жанып тұр. Ойланбастан солай бұрылды. Емен есік айқара ашық екен.

Елес адам жалғыз өзі бильярд ойнап тұр екен. Ту сыртын берген күйі кийінің басын ұштады. Иығы сопиып, бұған сылынып қалғандай көрінді. Кең жауырыны да жазылмай, бір-біріне жабыса түсіпті. Етжеңді адам еді еңгезердей, сырықтай болып ұзарып кетіпті.

– Түстің бе төменіңе?! – деді кекесінді зілмен.

– Түстік, – деді бұл жайбарақат.

– Жертөле жер бесіктей жайлы... Бірақ биікті кім жақсы көрмейді. Бәрі де биікке ұмтылады...

– Биікті ме, билікті ме?

– Өйтіп монтансыма! – деп елес мұны қайырып тастады. – Билікке жас басыңнан бас тіккеннің бірі сенсің.

– Жас болдым – мас болдым... Билік үшін құрбан болуға бар едім. Соның жазасын жер ортасынан асқанда, тау көшкініндей тасқанда тартып жатырмын.

– Иә, тәубаңа түсейін депсің, – деп дүр елес мырс етті.

– Жо-о-оқ, қателесесің! Биліктің бар шиқанын бетіне шығарып, талайсыз тағдырымның алдында арылайын деп отырмын.. Тек таң атсын! Хантәңіріден күн шықсын!”

Жазушының әңгімелерін оқыған кезде бір байқағанымыз: өздік, өзгелік және бейтарап әңгімелеу типтерін қолданудың сана алуандығына кезігеміз. Егер қаламгер өз әңгімесінде жалған дүниеге қатысты оқырман бағдар ұстануы үшін бір кейіпкерінің дүниетанымы арқылы өз пікірін таңып, өз түйіндеуі мен ескертпелерін жасауға бағыт ұстанса, өздік әңгімелеуді бізге ұсынғаны деп ұғамыз. Сонымен бірге постмодернист қаламгер көлгейленген авторлық тасада қалып, өз ойын, өз пікірін өзгенің (арнайы таңдап алынған персонажының) таным-түсінгі арқылы да оқырманына таңа алады. Егерде бұлардан керісінше, оқырманды өзімен өзін қалдырып, дербестендірілген ортақтандырудан (моноцентрліктен) алшақтауға бағыт ұстанса, бейтарап әңгімелену кеңістігіне аяқ басамыз. Әрқайсымыз автордың не айтпақ болғанын өзімізше пайымдаймыз.

“– Тәкаппарлығым – тектілігім. Мен хантәңірлік қыранның балапанымын, таңды жұрттан бұрын атырамын, күнді жұрттан кеш батырамын... Сендейлер оны тани да, түсіне де алмайды.

– Сол екен ғой, Еуропа деп емешегің үзіліп келе жатқаны... Ха-ха-хи! – деп күлкі соңы шиқылдай бітті.

– Мәскеуге мұрнын тестіріп, сіргелі өгіздей сөлпеңдеп жүргендерге неге ілеспейсің? Еуропаға мойын бұрған мені көріп қалдың ба?!

– Ә-ә, олардың өгіз аяңы, бопса байламы – белгілі. Орыс пысқырып та қарамайды. Зорлықшыл ел емес пе, оған зорлықшылдар керек. Зорлықшыл билік десе Ресейдің жаны кіреді, жоқтаған жоғы қорасына өзі келіп енгендей қуанады. Басқыншыл империя атаулы өзге елдегі бұла билікті демей уанады...

– Оған шүбәм жоқ, – деген бұл да. – Сондықтан Батыстың тамырын басамын, “прославутый демократиясын” елге бұрамын.

– Бас! Бас! Байқа бірақ... Әсіре батысшыл Шығысқа жүрмейді. Шығыс шылауы тым-тым қатпарлы, тым-тым терең. Күліп отырып түріп шықпаушы ма еді?!

– Ол заман өткен.

– Заман сен үшін өткен... Біздің заман бүгін туған. Біз биліктен өлсек те айырыла қоймаймыз! Бұл – Шығыс. Ал “шығыс демократиясы” майдан қылшық суырғандай, жібектен шапан тоқығандай, бауырым! – деп бұған көзін қысты. – Шындық – шымылдық... Шымылдық арты лас та ләззатты.

Бұл үнсіз қалды.

– ...Жарайды, деміңді ал! Күннің батысына қарай құспен жарысып ұшсақ та, барар бекетіміз қашық, – деп орнына кетіп тынған.

Сол самолеттегі кездесуден кейін қарасын көрсетпей қойып еді. Бүгін түн сайтан құсап сап ете түсті. Қардағы барыстай жымып басқан жүрісінен сезіп отыр.

Барыс текті дүр есігін бірақ қақпай-ақ қойды...”

Асқар Алтайдың осы әңгімесіндегі Егіз персонажының бойында актор мен әңгімелеуші рөлі жинақталған, оның сана ағымы диалогта тасқындаған сәтте біз нарраторды мүлдем жоғалтып аламыз.

« – Ей, сорлы! – деп елес тарс кетті. – Сен өзіңді емес, мына мені сорлаттың ғой... Құр сүлдерім қалғанын көрмей тұрмысың. Биіктік пен билік үшеуіңнің араңда ара ағайын болам деп өлдім ғой. Өлтірдіңдер ғой...

– Ара ағайын емес – жеңгетайсың. Жүгіріп жүріп зорығып өлетінің хақ. Тыртиып қапсың...

– Жо-о-оқ, жауыз! Мен емес, сен құрисың... Көзіңді жоям! – деп елес кийді үстел үстіне лақтырып жіберді.

Бұл өз-өзіне риза болды. Сабыр сақтағанына таң қалды. Бұрын елес былқ етпеуші еді. Былш етпестен мұның жанына тиетін. Қазір шыж-быж ететін күйге жетіпті. Бір тықыр таянған-ау, жоғары жақтан... Бәлкім, көктен... бәлкім керден!? Бүгін түн тіпті дызақтап тұр.

Кенет елес күреңіткен өңін билеп, құба жүз, сырдаң реңге ауыса қойды.

– Билік – биік шың, – деді сыздана. – Шың атаулы – көктайғақ қауіп.

Құзардың басы – қыран қана қонақтар, қыран ғана ұя салар, үрейлі сезім ғана бойды алар ақшаңқан мекен... Сен осыны түсінуге тиіссің.

– Баяғыда демей-ақ қояйын, бертінде көзім де, төзімім де жеткен сол билік пен биіктіктің бұлаңына... Бұлаң көңілге алаң тудырып отыратыны да анық. Ал алаң көңіл мен алдау-арбау сезім өз басым үшін екенін де аңғара алғанмын, – деді бұл ойлана.

– Міне, мойындауға көштің... Билікке ұмтылу, атаққа құмарту, мәнсапқа мастану – тек қарақан басың үшінгі алуан сезім, алпауыт әрекет.

– Ол – шындық. Бірақ атар таң куә... енді мен ерлік жасай алмасам да еркектікке бастым. Түннің серпілісін, таңның түрілісін күттім.

– Тоқтамайын депсің – тоқтама! – деді елес те ызғарлы үнмен.

– Бопсалама, – деді бұл да.

– “Еркек тоқты – құрбандық”... Жаназаң жақын...

– Мейлі, көріп алдым! – деді бұл бар қайратына, бар салмақтылығына жеңдіріп.

– Қош! – деді елес тұңғыш рет зәрлі қоштасып.

Бұрылған күйі шыға жөнелді. Бұл сілеусіндей сілейіп тұрды-тұрды да, оқшаулау тұрған кресло үстіне жалп етіп отыра кетті. Осы бір оқтай мінезі ғой оттай қарып, оңаша қалдыра беретін.

– У-у-ух! – деді көкірек шерін шығара. “Таң білінді ме екен?.. – деген ой келді. – Жер астындағы жертөле қабатқа күн нұры да жетпейді”.

Оқыс есік сықырлады. Іле-шала ауыр есік жеңіл қозғалып жабыла бастады да, емен есікпен бірге ішке қарай оққағары өтті. Бұл оның әбес әрекетіне аңтарыла қарады.

Ол есікті мұқият жабысымен бұған үн-түнсіз жақын келді. Артына қарай жасыра ұстаған сол қолын – әйгілі “солақай боксер” атандырған қолын шығарды. Қолында бұған сыйға берілген тапаншасы.

Шаһид тәйке түскен тағдырының тап қазір қалмақша күрмелерін түсінді... ,,

Бір біз ғана емес, ұлттық сын мен әдебиеттануда постмодернизмнің стильдік көпқырлығы мәдени құбылысқа жатқызылып жүр. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі полистилистикалық бағыттағы жаңашыл әңгімелердің ішкі түрткілері мен философиялық және эстетикалық уәждануын шығармашылықтың тар аясына қамап қоймай, оны қазақ қоғамымен бірлікте алған шақта ғана милет постмодернизмі көркем ғана емес, мәдениет түзуші феномен екендігін аңғарамыз. Өйткені, оның бойына қазақтың мәңгілік “зұлымдық пен жауыздық” антитезасы мен “дүр мен күл” ұғымы қонақтаған. Біз осы тұрғыдан Асқар Алтайдың “Шаһид” әңгімесінің тереңіне үңілдік.

Егіз бірінші өлді ме, әлде самайына тапанша тақаған шенеуінік бірінші өлді ме?! Мықты болсаң, оқырман санасымен қақпақыл ойнаған қаламгердің жұмбағын шешіп көр?... Тәйке сонымен бүк түсе ме, шік түсе оны әрқайсымыз өзімізше жоралдап, тамаша туындының мәтіндік кеңістігіне малтығып қаламыз. Бір сөзбен айтқанда, Асқар Алтай кейінгі буын прозаиктеріне үлгі-өнегелік әдеби бағдар болар дүниелерді табиғи тұмса күйінде өзге сөз зергелері білмеген жағыннан оқырманға ұсынудың хас шебері екендігі дау тудырмайды.

Міне, бұған куә біз талдаған әңгімесі.

Бөлісу:

Көп оқылғандар