Әлібек Асқаров. Қорық
Бөлісу:
Бесқарағай қорық болады деген әңгіменің ел ішін кезгеніне жылдан асып еді, ақыры сол шындыққа айналды.
Қыс ызғары сынып, көк мұздың көбесі сөгіле ауыл іргесіне бір қора балташы сау ете қалған. Содан айналасы бір айдың ішінде даңғарадай төрт үйді қалқайтты да, келген іздерімен тайып тұрысты.
Арада зымырап тағы да бір ай өте шықты. Қарағайдан қиылған қызыл үйлер ауылдың қызыл тіліне ілініп, бір ұшығы Бесқарағайдағы Байсұлтан шалдың да құлағына шалынған еді.
Мұндай жаңалық еліктірмей тұрсын ба, Байекең де әдейілеп ауылға келіп, сәңірейген төрт үйді төрт айналып шықты. Сосын ат басын әдетінше поштаға тіреген. Балаларынан хат-хабар тағы жоқ екен. Амал қанша, қорық туралы пошташы қыз айтқан екі ауыз мәліметті малданды да, жаман шабдарымен аяңдап үйіне қайтты.
– Бұл жер қорық болады екен, – деп, ауыл жаңалығын кемпіріне шай үстінде жеткізді.
– Онысы несі тағы? – деді Бижамал таңырқап.
«Қорық» дегені Байсұлтанның өзіне де ұғынықсыздау болатын. Пошташы қыз әлдене деп түсіндіріп еді, бар болғыры, құлағына кірмей-ақ қойғаны. Өзі де жөндеп білмеген соң кемпірінің сұрағын жауапсыз тастап, үнсіз қала берді. Қайталап сұрауға Бижамал да қызықпады, сөйтіп бұл әңгіме тағы біраз уақыт ұмытылған болатын.
* * *
Шуақты жаз молынан дендеп, сауын биенің желіні жаншылып, қытығы басылған кезде, ауыл сыртындағы жаңа үйлерді әлдебір бөтен адамдар қоныстана бастаған.
Артынша олардың біреуі сағағынан үзілген қаракерді жорғалатып, Бесқарағайдағы Байсұлтанның үйіне түсті. Қаракер мінген бұл жігіт – жаңадан ұйымдасқан қорықтың жас директоры екен.
Шабдар сәскеде келген директор қызыл іңірде бір-ақ қайтқан.
Қорық директоры келіп қайтқаннан кейін-ақ Байсұлтаннан маза кетті. Күндіз күлкісі, түнде ұйқысы бұзылды. Қарадай құты қашып, сары уайымға салына бастады.
Олай болатын жөні де бар еді. Бұрындары «қорық» дегенді әншейін құлақ ұшында ғана қабылдапты, сөйтсе мұнысы шатағы көп шаруа болып шықты.
Қысқасы, Байсұлтанға бұл арадан көшу керек екен... Көшкенде де уақыт оздырмай, тез арада кеткені жөн екен!
– Оу, жетпіске жетіп, жер таянған шағымда мен енді көшіп қайда барам? – деп бұл шынымен қиналған.
– Ақсақал, жағдайыңызды түсінеміз, бірақ қорықты жерде заң бойынша адам тұруға болмайды! – деп жас директор да басын шайқап тұрып алды.
– Сізді қорықшы ретінде қызметке алып, отырған орныңызда қалдырайық десек, жасыңыз келіп қалыпты, сондықтан заңға томпақ келе алмаймыз, – деп амалы жоқ жандай иығын қиқаңдатты.
– Қалқам-ау, бұл жерде баяғыда ақар-шақар ел болған, әгәрки қазір солар әлі отырғанда – оларды да көшірер ме едің? – деді бұл.
– Баяғыда болса болған шығар, бірақ дәл қазір ондай ел жоқ қой? – дейді директор ыржиып.
Екеуара осы әңгімеден мұның ұққаны – ата жұртын аттамай аруақтарды күзетіп, қарайып жалғыз отырған бұл Байсұлтан ел санатында жоқ екен.
Тегі, ауылдағы біреулерден сұрастырып білді ме, жас директор мұның ұрық-шарқына дейін тізбелеп түгендеп берген. Екі ұлының соғыста мерт болғанын, жалғыз қызының бір әскер жігітке тұрмысқа шығып, көптен бері Сібірде тұрып жатқанына дейін хабардар екен. «Өскемендегі кенже ұлдың қолына бармайсыз ба?» – деп сөз тастаған. Қарт кісінің кінәмшіл боларын жастар қайдан білсін, келіннің қолына қарап, кіріптар болудың кілтипәні пәруейлеріне де кірмейтін секілді. Әншейін «барыңыз» дейді. Айтқанға оңай-ау, алдымен өздері Байсұлтан құсап қартайып көрсе етті...
Өткен жазда әдейілеп қалаға барып, кіші ұлдың ау-жайын барлап еді, бүйткен ұлы бар болсын, көңілі жер болып қайтты. Енді қала жаққа аттап басса – Байсұлтан аты өшсін... Әттең, анау жаман боқташақты қимайды, көмейі бүлкілдеп, соларды сағынады. Арагідік өздері келіп, немерелерін маңдайынан иіскетіп тұрса жарар еді-ау. Жетесіздер, соған да өрелері жетпей, жылына алар жалғыз демалыстарында Қырым мен Кавказға қашып жүр. Жаман шалдың көңілінің ендігі қуанышы да, жұбанышы да сол немерелері емес пе, соны ұқса етті!
Ұлды қойшы, шіріген жұмыртқа болса да кіндігінен кіш еткен өз ұрпағың ғой, жамандыққа әсте қиярмысың. Өзінің қызметі де әжептәуір сияқты. Бірақ байғұс бала келіннің алдында осалдау ма деп қалды. Қазіргінің келіндері де қара таяқ қу емес пе, ата-енесінің алдында сыр білдірмей, құрақ ұшқан болысады. Қойнында қара тас жатса да әсте сездірмейді-ау, сездірмейді. Мұның келіні де сол қоңсыдан болып шықты.
Қала дегенді былайғы жұрт жатып кеп жамандап жатушы еді, ондай жамандығын бұл Байсұлтан байқай қоймады.
Аздап тынысты тарылтып, көңілді қамағаны болмаса, тұрамын деген кісі түбі үйреніп кететін мекен секілді. Киносына да, театрына да барды, араламаған жері жоқ, ұл-келіннің пейіліне дән риза еді. Әттең, қайтар кездегі келіннің сөзі құлағына түрпідей тигені болмаса. Түрпідей ғана тиіп қойған жоқ, іш-құрсағын қопарып, санасын төңкеріп кеткен. Құдай ақы, естиін деп естіген жоқ... Немерелерін ойнатып, алдыңғы үйде бейқам отырған. Құрғыры, сол кезде оқыс құлағына шалынды емес пе.
...Ұлы мен келіні төргі үйде сыбыр-күбір сөйлесіп жүрген. Сөз арасында «атам қашан қайтады, тездетіп қайтса екен өзі, үй сасып барады» деді келіні қылымси кейіп.
Ұлы тарапынан бұл сөзге қыңқ еткен жауап болмады.
Дәл осы тұста Байсұлтан сүтке тиген мысықтай бүрісіп, дәрменсіздігін сезініп қалды. Ұлынан демеу іздеп, алаңдап еді, қорғаусыз қала берді. Онысы үшін оған титтей де ренжіген жоқ, «қала тірлігі әбден жасытқан-ау өзін», деп бір түйді де, жолға жиналды. Келіні әдетінше құрақ ұшып, «келіп тұрыңыз, ата» деп, көзіне сығымдап жас алып, қолтығынан сүйеп автобусқа отырғызып жіберді.
Ортаншы баласы тау-кен инженері еді, әлдебір шет жаққа үш жылға жұмысқа кеткен. Бала-шағасы өзімен бірге көрінеді. Кеткелі бері тілдей жалғыз хат келгені бар, басқасынан әзір бейхабар. Соған қарағанда осылардың қай-қайсысы да аман-саулықтарын айтуды да ауырсынады-ау деген ой келеді.
Шүкіршілік, көштен қалмасыншы деп ұл-қызының бетінен қаққан жоқ, оқытты, жеткізді, жолдарынан қалдырмай қалаға жіберді. Осыным бекер ме деп те ойлайды кейде. Олай дейтіні, мінеки, бәрін тарыдай шашып алып, сопиып жалғыз қалды... Қалаға барғанның тастай батып, судай сіңіп кететіндеріне таңы бар. Бұ шіркіндер бүгінде туған жерін, ата жұртын менсінбеуді шығарыпты, түзден тоят іздейтін болыпты. Адамды қарадай қынжылтатын да осы мінездері ғой!
Шығасыға иесі басшы деген, балаларының қалаға кетуіне бір себептен Байсұлтан өзін де кінәлі санайтын... Түйенің табаны тиер бір қиырда қыңырайып жатып алды. Бесқарағайлықтар мектепті жағалап, дүкенді сағалап, «орталық» деп, Шұбарағаш пен Жалқарағайға жарыла көшіп жатқанда, мұның бүйрегі де бүлк еткен жоқ. Балаларын интернатқа тапсырды да, қайқайып қайтадан тауға тартты. Екі қолға бір жұмыс Бесқарағайдан да табылып, леспромхозға кіріп алды. Ел іргесіне жақында деген ақыл сөзді шаншудай шам көрді. Сонысы күпіршілік болды ма деп те ойлайды қазір. Жатбауыр боп интернатта өскен бала үйде тұрушы ма еді... Ендігісі, міне, қарасы суалып қаңғырып қалғандай күйде жүр. Ілгері басқанның иті оттайды, омалып Бесқарағайды күзеткеннен ұтқаны не сонда? Әне, кеше ғана ауылға кеткен Қалиасқар құрдасының бүгінде үзеңгі-бауы сегіз қабат, шекірейіп шекесінен қарап отыр.
Байсұлтанның бәйбішесі кіші баласы мектеп бітірген жылы дүние салған. Кіші ұлға риза, әкесін қауқитып иен үйге жалғыз тастамай, совхоздың бәкін-шүкін қара шаруасын күйттеп, қарайып бір жыл қасында жүрді. Қызы мен ортаншы ұлы қайтқан құстай жылына бір келгендері болмаса, ол кезде сайда саны, құмда ізі жоқ, түзде тентіреп жүрген-ді. Кіші ұлы да түбі бұл Бесқарағайға байласаң тоқтамасын, әншейін амалсыздың күнінен торға түскен торғайдай болып жүргенін Байсұлтан іштей сезетін. Жалғыздықтан жасқанса да, баласын бүйтіп тізгіндегісі келмеді. Бас құрауы әлі ерте екен, ендеше қатарынан қалмай, қалаға оқуға барғаны жөн деп шешті. Бәйбішесінің жылын өткізгеннен кейін, апайы мен ағасының көзінше кіші ұлға ақ батасын беріп, қалтасына қаражатын салып ұзын жолға қоя берді.
Сосынғысы ағайынға сөз айттырып жүріп, Бижамал атты өзіндей бір мұңлықты кезіктірген. Ағынан жарылса, «сынық жетім шал» деген былайғы қаңқу сөзден именді. Әйтпесе бұл Байсұлтан шырғасы берік боп, шыдамсыздықтан үйленген жоқ еді.
* * *
Қорық директоры содан кейін де Бесқарағайға бір рет келіп қайтқан. Байсұлтан бұл жолы әр нәрсені сылтау етіп, төрінен көрі жуық екенін, ендігі ойы – ата-баба зиратында қалғысы келетінін айтып қасарысып көрді. Ескі дәстүр, ежелгі салтқа дейін суыртпақтап көлденең тартты. Директор да көзі қарақты оқыған жас қой, бәріне де дәлел тауып, сынаптай сырғып, сөз құйрығын ұстатпай-ақ қойған.
«Жас бала емес пе, ыңғайын тауып, мұртын майлап жіберсем қайтеді», – деп те мұны сайтан түртті. Бірақ бұл ниетінен лезде айнып салды: есіл сөз мірге өтпей жатқанда, бүгінгі жас былайғы ымды қайдан ұқсын деп ойлады.
Сабыр суын қауғалап, әліптің артын бағып жатып алуға директор дес бермесі және белгілі еді. Бұл ойлап тапқан айла-шарғының ендігі қалғаны – беттің арын белбеуге түйіп, салып ұрып аудан бастығына бару болатын. Рас, Байсұлтан бұл жасына дейін біреуге сөз сатып, сөз бұлдатып көрмеген жан еді, амалың таусылса ондай кіріптарлыққа да баруға мәжбүр болады екенсің... Соғыс ардагері, екі бірдей арысын жауға берді, бөтеннің ала жібін аттамай, соңына сөз ергізбей адалынан еңбек етті. Бұның бәрін тізбелеп, қаламы бас білетін біреуге қағазға түсіртіп алса – үлкен бастықтың да жүрегі мұз емес қой, жібитін шығар!? Олар да көкірегі ояу, көзі ашық азаматтар ғой, ақ сақалын сыйласа да бір кесімді пікірін айта жатар... Сосынғысы құдайдың өзі құлым десе, пайғамбар үмбетім демесіне шамасы қайсы?!
Осы байламға тоқтаған Байсұлтан ертесінде жүгенді алып, жаман шабдарын іздеуге шығып еді, күннің жұма екені есіне түсіп, сүйретіліп қайтып оралды. Жүгенді орнына ілді де, үйге қайыра соқпай, қолын артына ұстаған күйі басы ауған жаққа тәйтіктеп жүріп кетті.
Әлдебір жотаның жалына жете бір-ақ дем алған. Тізе бүгіп, күлтеленген жылтыр күреңсенің үстіне жантая жығылды. Қонышынан шақшасын алып, бипаздап насыбай атты. Көңілі салыңқы еді, қара тастай басқан наз-нала еңсесін езіп жібергендей. Өзі де байқап жүр, соңғы кезде күрт әлсіреп, сүйегі сырқырап, белі сыздап дегендей қайдағы жоқ пәлекеттер бой көтеріп жатқан сияқты. Жүрек жазған да қажыды білем, оның да шанышқылауы жиілегені байқалады.
...Түстік қанаттағы орман ішінен ши қалпақ, шолақ көйлекті жирен сақал орыс жігіті көрінді. Әр шөптің басын бір шалып, көк шалғынды шиырлап, қағазға бірдеңені түрткілеп жазып жүр.
Соқталдай азаматтың ерсілеу қарекетіне таңырқап, Байсұлтан тыпыр етпей орнында жата берді. Анау болса шөпке шұқшиып, шыр айналып жүріп, алшысынан серейген мұның тура үстінен шыққан.
– Сіз неғып жатырсыз? – деді орысшалап. Тұтыға сөйледі, үріккен қойдай үдірейе қарады.
– Демалып жатырмын, – деп, Байсұлтан саусағымен мұртын сылап, есінеп қойды.
– Бұл қорықты жер ғой?!
– Болса қайтейін...
Жирен сақал көзілдірігін шешіп, көзін сығырайтып, бірер аттап жақындай түсті.
– Сіз браконьер емессіз бе?
Жирен сақалдың осыншалық күдігі Байсұлтанның шамына тиейін деді:
– Сен, жігітім, ондай оспақ сөзіңді қой, тегінде! – деп, сүйегін сықырлатып орнынан тұрып кетті.
– Браконьер емес екеніңізді көріп тұрмын, – деді жирен сақал көзілдірігін қайта киіп. – Сіз қорық территориясына бөтен кісінің кіруіне қатаң тыйым салынғанын естіген шығарсыз? Ендеше ақшалай айып тартқыңыз келмесе бұл арадан дереу тайып тұрыңыз!
– Ау, не деп тұрсың? Мен бұл жерге бөтен адам емеспін, мен осы жерде туғам, өмір сүрдім, еңбек еттім... ата-бабам бәрі осы араныкі, осы жерде жатыр... ұқтың ба! – деді Байсұлтан қапаланып.
«Осының есі дұрыс па» дегендей, жирен сақал көзілдірігін көтеріп, Байсұлтанды бастан-аяқ шолып өтті.
– Сіз ғылыми қызметкер де, қорықшы да емессіз, – деді сосын дауысын өктем шығарып. – Ендеше сіз бөтен адамсыз. Мен сізді ендігәрі бұл төңіректен қайтып көрмейтін болайын!
Жирен сақал осыны айтты да, «сөзім бітті» дегендей теріс айналып, шұқшиып шөбін теріп өз жөнімен кете барды. Нендей уәж айтарын білмей жер болып жүдеп Байсұлтан қала берді.
* * *
Сол күні ол қатты сырқаттанып, төсек тартып жатып қалды. Содан бесінші күн дегенде әзер басын көтеріп, қалқиып бой көрсеткен болды.
– Ауыл жақты шолулап қайтайын, балалардан хат-хабар бар шығар, – деп, әйеліне беті бері қарағанын сездірді.
Жаман шабдарын Байсұлтан сирек мінетін. Содан да болар, әсіресе, осы жазда кер табаны құйымшағынан майы шыға жылтырап, иесін жатырқап, осқырынуды шығарып жүр. Қазір де құйрығын сабалап, сырт айналып жүген салдырмай шалды біраз әурелеп алды. Атының осындай шәлкес мінезі Байсұлтанға кәдімгідей жағатын: «жалғызсырайды ғой жазған, иесіне еркелегені де» деп сүйсінетін іштей. Кезінде Байсұлтанның да бірер жылқысы бар еді, бүгін мал дейтін мал да қалған жоқ. Балаларын оқытты, қызын ұзатты, екі ұлын үйлендірді, бәйбішесінің төрт міндетін атқарды. Тізе берсе осының бәрі қып-қызыл шығын екен. Қазір қорада сілекей сүртерлік қана бірер қарайған қалды.
Ауылға кірген бойда Байсұлтан әдетінше төтелеп поштаға бет бұрды. Бұған деген хат-хабар тағы жоқ болған соң, пошташы қызға екі ұлы мен Сібірдегі қызының әдрісі жазылған тілдей парақты ұсынды. Былайғы сөзге балаларының елең етпесін сезді де: «Әкелерің әл үстінде жатыр, тез жетіңдер!» деп телеграмма соқтырды.
Әлдебір үлкен шаруаны тындырып тастағандай поштадан жадырап шықты. Табалдырық үстінде аз-кем аялдап, көзінің суын сүртіп, жан-жағын шолулады. Төңірек құлаққа ұрған танадай екен: құдды бір бұл ауылда тірі пенде жоқ сияқты. Әншейінде ат құйрығына ауыз салатын жабағы жүн жаман иттерге шейін аптаптан ығып, көлеңкені сағалап кетсе керек. Жаз шықса болды, бұл Шұбарағаштың тайлы-таяғына дейін шөпте жүретіні Байсұлтанға бұрыннан мәлім. Әйтсе де көше бойынан қыбыр еткен қарайғанның болмауы көңілді құлазытқандай екен.
Тау тұмсығын жиектей созылған мына бір шеткі көшенің көбісі анау Бесқарағайдан келіп қоныстанғандар еді. Бүгінде осы көше бойында Байсұлтан үшін бел жазып, сыр шертер замандас та қалмады. Бәрі де ілгерінді-кейінді сетінеп, бір-бір төмпешік боп қазір анау қыр басында жатыр. Қалқиып қара жер басып жүрген бесқарағайлық үлкендерден – Қалиасқар екеуі ғана... «Көңілден көңіл су ішер» деген, адам ұлғайған сайын тетелес досқа зәру болады екен.
Тырақы шалды шөпшілер қайтсін, борсып үйінде жатқан шығар деген оймен, Байсұлтан атына мініп, тастақ жолмен тағасын шақылдатып Қалиасқардікіне қарай тартты.
Қаншайым кемпір есік алдындағы көлеңкеде сығырайып ұршық иіріп отыр екен. Аман-саулықтан соң, шалының шыбыннан қашып, үйде жатқанын айтты.
Қалиасқар төр алдындағы сырмақ үстінде бір уыс болып бүрісіп қалыпты. Құрдасын көргенде Байсұлтанның арқасы қозып, есіктен айқайлай кірді:
– Әй, Қалиасқар, мұрныңа жылдың иісі келді ме, тал түстегі жатысың не, бәтіреке?
Қалиасқар орнынан үйелеп әзер тұрып, бүгежектеп келіп қолын алды.
Бұлар сыртқа шыққан кезде, Қаншайым ұршығын тастап, күйбеңдеп жерошақ басын жағалап кетіпті. Қалиасқар беті-қолын дымдап сүртінді де, аула сыртында басын шұлғып шыбындап тұрған Байсұлтанның атына қарай жүрді.
– Байсеке, мына жаманың жұнттай семіріп алыпты ғой? Арам ет болып жүрмесе жарар еді... Жақсылыққа көрінгей, тіфу!
– Суқаныңды үйіріп неден шошып тұрсың? Осы тобан аяқ қарабайырымды қайсыбір арғымағыңа айырбастамаймын тегінде.
– Әне, – деді Қалиасқар басын шайқап, – бұл жұрт қара жүнді қарғасын да мақтайды-ей?
– Мақтамай қайтейін, ат құтаймас қу тақым біреулер тілдеп жатса...
– Па, шіркін, пырақтың жел жетпесін ерттегендей бөсуін мұның!
Қалиасқар атты жетелеп, қораға апарып байлады. Байсұлтан көстеңдей басып қалқаға төселген киіз үстіне қонжия кетті. Жаны жадырап, жүрегі жылып салғандай.
Көшенің шаңын аспанға көтеріп, құйрығын шаншып тырағайлап бір ала сиыр өте шықты. «Ойпырмай, мына ыстыққа басу бар ма? Құс қанаты күйгендей ғой, бәтіреке. Тым құрыса көлеңкелік қысыр бұлттың да жоғын қарашы!» – деп, Байсұлтан көкке көз салып қойды.
– Қазан аузы жоғары деген, Байсекеңдік қарайғаның қалған шығар? – деді тізе түйістіре жайғасып жатқан Қалиасқар кемпіріне дауыстап.
– Пейілдеріңе рақмет, бәтіреке. Ағарғаның болса, қара азығың да жетер, Қаншайым. Асығыстау едім, – деп, Байсұлтан шын ризашылығын білдірді.
Дастарқан жайылғанша екі шал биылғы жаз туралы кеу-кеу сөз қозғап, асықпай насыбай атысты. Нәсіп қылса, бұл өңір бая қуған малшы байитын, тіпті қора түбіндегі ақсақ тоқтыға дейін қысыр қалмас берекелі жер екенін ұзақ әңгіме етісті.
Әлде сараңданғаны ма, әлде қыстан қалған жұқанасы осы ма, Қаншайым құстаңдайланған бірер тілім қазыны дөңгелетіп ортаға әкелді де, Байсұлтанның алдына қарай ысырып қойды.
– Тақым салмағалы біраз болып еді, қара етім жыртылып қапты, – деді Байсұлтан қозғалақтап.
– Иә, Байсеке, – деп, Қалиасқар да құрдасын түсінгендей басын шұлғыды.
– Екеуміз асарымызды асап, жасарымызды жасадық қой... Енді бұл тірліктің бізсіз де таңы атып, тауығы шақыра жатар.
Сораптап шай ұрттап отырған Қалиасқар күңкілдеп тағы да сөз қозғады.
– Жазымышқа қарсы тұратын қауқар қайсы... Кәрі қойдың жасындай ғұмыр қалды, «қашан» деп күн санап, біз де отырмыз мінеки. Дегенмен, Байсұлтан, сен күрт шөгіп кетіпсің... Балаларыңды бір шақыртып алсаң нетті?
– Жер құлағы жетеу емес пе, Бесқарағайдың қорық боларын олар да естіген шығар. Хабарсыз жатқандары қайткені жетесіздердің?
– Ауылға сирек келетін болдың, келсең де бұрылып соқпай кетесің? – деді Қаншайым.
– Үйірсек аттай емпеңдей берсең – ағайынға қадірің болмайды, – деп, Байсұлтан бір тілім қазыны таңдайына басты.
– Қадірлі болып жүргенің сол ма, Бесқарағайдан ит қосып қуалап жатыр деседі, – деп Қалиасқар құрдасына қабақ астынан көз салды.
– Естісеңдер, сол рас сөз.
– Рас болса, қандай байламға келдің?
Байсұлтан үндеген жоқ.
– Әлгі екі ұлыңның бірі ауылда болса ғой – баяғыда көрші болар едік, – деді Қаншайым.
– Тізе жылытам деп желігіп жас қатынға үйленді, өгей шеше әперіп, ұлын ойға, қызын қырға бездіріп жіберді. Бар бәле осы қарағымның өзінен, – деді Қалиасқар.
– Қылдан қиқым іздемей тыныш отыр! – деп Қаншайым шалының әзілін жақтырмай қалды.
Байсұлтан да құрдасының сөзін ауыр қабылдаған:
– Бәтіреке, тіліңді босқа беземей, осындайда білетін ақылыңды айтып, ара қалыс төреші болмайсың ба?
– Бәсе деймін, сөйтпеймісің?
Қалиасқар кесесін дастарқан шетіне ысырып тастап, үңірейіп Байсұлтанға бұрылды:
– Байсеке, көлденең әңгімені, шүкіршілік, біз де естіп жатырмыз. Көңіліңе келсе де айтайын, сенің тірлігің көжеге өкпелеген баланікі сияқты ма деймін. Алжиын дегенсің-ау, тегі, басыңа бақсы ойнағандай болғаның не соншалық? Со бір қара жұртқа жабысып қалғаныңа таңым бар. Біреу кіндігіңнен байлап кеткен жоқ қой сені...
– Қайтейін енді... Кәрілік келіп, табанның бүрі кете бастаған соң, ата жұрттың топырағы бұйырса деп тілеп едім... тегі, құдай тұзымды көтергісі келмеді білем.
– Батар күннің атар таңы бар, Байсеке. Бесқарағайдан көшеді екем деп босқа таусылма. Біз де бір қордалы ауылмыз, қоралы жұртпыз, далада қалмассың, тегі.
– Бәсе деймін-ау! – деп Қаншайым шалының сөзін қостап қойды.
Қалиасқар сөзін жалғай түсті:
– Біз де сол Бесқарағайдан келгенбіз, оны өзің де жақсы білесің. Шүкіршілік, аштан өліп, көштен қалғамыз жоқ... Қайта жаманымыз жақсарып, қысқамыз ұзарды, боғымыздан боталы түйе жасап байып алдық мінеки.
– Сөзіңнің жөні бар, – деді Байсұлтан мойындап.
– Әй, кемпір, шайың кесіліп қапты ғой, қызартарыңнан салсаңшы былай! – деп Қалиасқар Байсұлтанның кесесіне қол жалғады.
– Сөзіңнің жөні бар, бәтіреке, – деді Байсұлтан тағы да басын шұлғып. – Бірақ, ата жұртты қиып кету оңай емес екен... Жарықтық Бесқарағай ежелден қабырғалы қалың ел еді. Құдайдың құзырына түскендей қаңырап иесіз қалғанына жаның қиналады. Өзіңе айтайын дегенім – адам құрсағынан арымайды, құлағынан ариды дейтіні тегі рас екен. Осы бір қысыр әңгіме мешелге жөтел боп қосылып, мені әбден діңкелетіп бітті. Өзім де сезіп жүрмін, осы жаздан шығу-шықпасым екіталай сияқты... әйтпесе басым бапанға кетсе де көнбес едім.
Қаншайым шайын демдеп, қайыра кесе қыдыртты.
– Е, е... Байекесі-ай, ендігісі екеуміз де күлге шөккен кәрі бурамыз ғой, – деді Қалиасқар жеңіл күрсініп.
– Оны мойындамасқа шамаң қайсы? – деді Байсұлтан.
– Апырай, өмір дегенің атқан оқтай өте шығыпты-ау! – деп, Қалиасқар таңданғандай басын шайқады. – Баяғыда ойлаушы едім, көңілден ел көшкен соң-ақ, тегі, бұл тірліктің базары тарқайтын шығар деп. Бекер екен... Кеудеде шыбын жан барда бір күндік жарықты күйттеп, қауқиып отыра береді екенсің.
– Байсеке, шайды қанып ішсеңші? Ыстық шай қан пісіреді, – Қаншайым Байсұлтанның алдындағы бос кесеге қол созды.
– Шайыңа баға берсем – байтал биенің бал қымызы дер едім, – деді Байсұлтан әзілдеп.
– О не дегеніңіз, Байсеке! – Қаншайым шайдың қызылын қоюлата құйды.
– Па, шіркін! – деді Қалиасқар мырс етіп. – Мына кемпірге желік бітпесе неғылсын. Айғыр қараған биедей бұлқынуын қарай гөр енді қартайғанда.
– Байғұс-ау, тантымай тыныш отырсаң етті, – деп, Қаншайым шалына шап ете қалды. – Сені адам етіп, ел қатарына қосқан мен емеспін бе. Әйтпесе кім едің сен?.. Осы Байсекеңдер салбурынға шыққанда қызылшы боп еруге әзер жараған ынжық емес пе ең?!
– Әне, қазіргінің кемпірі қапталдан шауып килікпесе бастары ауырады.
– Өзің ғой... албаты тиісіп отырған.
– Менікі әншейін де... Есекке үкі таққандай Байсұлтанды мақтағаныңа күлкім келеді.
– Мақтасам, орнымен мақтап отырмын. Бозбаласында оғы жаза кетпеген жұпар кіндік еді ғой бұл кісі. Әттең, мына біз жаққа назарды салмай-ақ кетті! Әйтпесе сендей қазымыр қыршаңқыны қайтер едім...
Қаншайымның сөзіне екеуі де кеңкілдеп күліп алысты.
– Ендігісі, міне, екеуміз де қазан ұрған құрақтай семіп қалдық, – деді Байсұлтан.
«Салбурынды айтып, қай-қайдағыны еске салуын қарашы, – деп ойлады соңынан. – Қыз кезінде өжет еді, қазір де шалын беттетпей отырғанын көрдің бе. Рас айтады, осы Қалиасқар жас кезінде қолынан қой жығу келмейтін ынжық болатын, еті тіріліп ел болғаны кейін ғой».
– Шақшаңды бері тасташы? – деп, Қалиасқар жылжыңқырап отырды. Құрдасының аяқ астынан сопы бола қалғанына Байсұлтан мырс етіп күліп жіберді.
– Бәтіреке, кемпірің сені түкке жарамсыз етіп тастады-ау деймін, үнің басқа жақтан шыққандай ғой?
– Е, бұл кемпірдің сөзі кім, өзі кім. Естімей жүрген қырқылжың емес қой.
– Жақсы болсын, жаман болсын, сол дәуреннің бәрі де Бесқарағайда өтіпті-ау! – деді Байсұлтан шақшасын Қалиасқарға ұсынып жатып.
Сөз ашып, сыр сарқып әңгімелескеніне Байсұлтанның көңілі жадырап, бетіне бояу тепті. Насыбай атып отырып, алыстағы қызын есіне алды. Айтуларына қарағанда, Сібір дегені жердің қиыр шеті сияқты, атам қазақтың әлгі «ит жеккен» дейтіні тура сол болса керек, тегі. Бұл заманның темір қанат көлігіне тоқтау бар ма, «телеграмм» тисе арысы үш күнде сарт ете қалады. Әйтсе де соншалықты алысқа кеткендері несі екен? Туған жерін сағынбай қалай ғана шыдайды осылар? Әлде бұл немелер тек қана күлкі көйлеп, түйсігі басқаша болып өсті ме? Әскер ғой, күйеу баланы бері жібермейтін тәрізді. Өзге бір кезбе күйеу болса – сол «ит жеккеніне» тастатып, талақ қағазымен қоса қызын шақыртып алар еді...
Мұнысы тал қармаған жанның дәрменсіз қоқан-лоқысы, өзіне айтқан жұбатуы екенін өзі де іштей сезетін. Іргедегі Өскеменнен жаман ұлын жалынып жылына бір рет келтіре алмай отырғанда, тескен таудың ар жағындағы Сібірге Байсұлтанның қай зары жетсін.
– Балаларымды шақырттым, – деді Байсұлтан алақанындағы насыбайдың қалдығын қағып жатып. Мұны естігенде Қаншайымның қолындағы кесесі шайқалып кетті.
– Оның жөн болған екен, – деді Қалиасқар самарқау ғана. – Соқырдың тілегені екі көзі, қартайған жанға тыныштықтан басқа не керек... Ендігісін солар шешсін... Әкелерін тентіретпей, жиып алсын былай!
Қалиасқардың сөзі көңіліне тағы да қара бұлт ұялатты. «Тағдыр құрғырға дауа жоқ екен ғой, – деп ойлады ішінен. – Иен таудың арасында нейбетке жүрсе де нысанаға шаншылғанын қарашы! Сары сақал, сал бөксе болған шағында енді қайда барып табан тірейді, қай келіннің қолына қарап кіріптар болмақ? Қу сүйегі саудырап қай қиырда қалар екен!».
Байсұлтан ас қайырып, бетін сипады да, сүйретіліп орнынан тұрып кетті.
Жүрегі шаншып, бұл жолы шабдарына созалаңдап әзер мінді.
***
Алысы бар, жақыны бар, әр қияннан әкесіне асыққан үшеу аудан орталығында шұрқырасып табысып, Шұбарағаш ауылына күн ара қатынайтын жалғыз автобусқа бірге мінген.
Автобус ішінде қадау-қадау үрпиіскен осы үшеуден басқа жолаушы болмай шықты.
– Өзгелері қайда? – деп, оңқай асықтай домаланған қой мойынды өскемендік жігіт шоферға сұрақ қойды.
– Кімді айтасыз?
– Жолаушылар қайда деймін?..
– Жолаушылар шөп шауып жатыр...
Осымен әңгіме тынған. Ұзақ жыл көріспесе де көңілдері қабарып, жүдеп-жадап келе жатқан ағайынды үшеу ұзақ жолда жарылып сөйлесе де алмады.
Автобус ауданнан ертелетіп шыққанымен, бұралаңы көп тау жолында миды шайқап, ыңыранып күшеніп ұзақты күн жүріп алды. Содан асыққан ауылдарына әбден сарсылтып, кіші бесінде әзер жеткен.
– Боже мой! Жердің түбі екен ғой! – деді өкшесіне қаранған таспа бел қара торы әйел автобустан түсіп жатып.
– Біз барар жер әлі алда, – деп, шетелден келген қылаң мұртты, қырма сақал ұзын кісі бәтеңкесін асықпай көк шөпке сүртті.
– Әбден масқарамыз шықты-ау!.. Тым болмаса тілін тауып, мына автобусты жалдасаңдар етті, бізді зәйімкеге дейін апарып салсын!
– Бесқарағайға машина барғанын қашан естіп едің?
– Ужас какой...
– Бармайды, жаяу тартамыз.
– Да ну, к черту... сендердің бүйткен тірліктерің бар болсын!
Сүмбідей сәнді киінген сібірлік әйел амалы құрып, сылқ етіп шабаданның үстіне отыра кетті.
Ала көз қызыл сиырын тырқыратып тоғайға қуып салып, енді жайланып үйге қайтып келе жетқан Қалиасқар автобустың қасында ошарылған үшеуге көзі түсті. «Дәу де болса солар шығар» деп іші бүлк ете қалған. Аяңдап әлгі үшеуге жеткенше көк автобус көк түтінін бұрқ еткізіп, қалбағай ойнап келген жағына кете барды.
Келгендердің үшеуі де Қалиасқарды анадайдан тани кетті. Еркектер ақсақалдың алдынан шығып, қол беріп амандасты.
– Әкелерің өлетін емес, – деді шал жолаушылардың күпті көңілін басайын деген ниетпен. – Осыдан төрт күн бұрын келіп кеткен. Аман-сау, насыбайын атып шапқылап жүр.
– Бесқарағайға жетудің ретін таппай тұрмыз, ата? – деді өскемендік жігіт.
– Қазір ол жаққа бөтен адамды аттап бастырмайды. Қорық жасап тастаған... Анау үйге барып рұқсат қағаз алыңдар. Әйтпесе пәлеге ұрынасыңдар!
Қалиасқар ауыл сыртындағы оқшау үйлерді нұсқады.
Жолаушылар шалмен қош айтысты да, шабадандарын көтеріп шұбатылып қорық кеңсесіне тартты.
Қырсыққанда, қорық директоры орнында жоқ болып шықты.
Өзін «директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасарымын» деп таныстырған сары сақал арық жігіт рұқсат қағазды бере алмайтынын ескертті. Бұлар «анау жақта орман ішінде әл үстінде әкелері жатқанын» түсіндіріп, телеграмманы көрсетіп дәлел айтып жалынса да, сары сақал беттетпей қойды. «Директордың келісімінсіз ондай қылмысқа бара алмайтынын» айтып, сазарып отырып алды. Амал жоқ, кеше таңертең ауданға кеткен директорды күтуге мәжбүр болысты.
Әне келеді, міне келедімен директорды күте-күте қас қарайып, түн болған. Қонақ үй жоқ, сары сақалдың рұқсатымен үшеуі қорық кеңсесінде қалғып-шұлғып таңды атырды.
Таңертең келетін шығар деп күткен директор жолаушыларды тағы жарты күн сарғайтып, машинасын шаңға орап, түс ауа жеткен еді.
Жалғыз жапырақ рұқсат қағаз қолдарына аман-есен тиген соң қаладан келген үшеу каздай тізіліп, Бесқарағайға қарай бастаған таспа сүрлеуге түскен.
Жолдың қарағайлы орманға кірер тұсына сырық теректен шлагбаум құрып тастапты. Шлагбаумның қасындағы табақтай сұр тақтадағы «Стой! Территория заповедника!» деген жазу сонадайдан жарқырап қарсы алды.
Үшеуі жаяулатып шлагбаумге жеткен кезде, табан жолдың арғы ұшынан басына қара салған жалғыз әйел көрінді.
Бұл – кеше түнде науқас үстінде көз жұмған шалын оң жаққа жатқызып, ауылға хабар естіртуге келе жатқан Бижамал шешей болатын.
Бөлісу: