Арман Шеризат. Шыңғыстауға түскен нұр

Бөлісу:

31.05.2019 5094

Қасиетті Шыңғыстау топырағында туып өскен Абайлық ақын Төлеген Жанғалиев күллі қазақ еліне кесек туындыларымен танылған талант. Ақынның 10-нан артық жинағы баспадан шыққан, сол жыр жинақтарымен өлең көкжиегін кеңейтіп, ой мен сезімді қос бұрымдай қатар өрді. Әр жылдарғы кітаптардан сол кезеңдердегі уақыт тынысын, адам жаратылысындағы ой-сезімінің қалай құбылып отырғанын көреміз. Әрбір өлеңінде сезім шынайылығы мен жан дүниесінің терең қатпары еркін сезіледі. Алғашқы кітаптарынан-ақ поэзиямызға жаңаша бір таланттың келгенін байқатқан. Оның жасын жыры оқырман жүрегінен ойып орын алып, қуанышы мен қайғы-мұңын бөлісетін айнымас жан серігі болды. Өлеңдері шалқар шабыттан, қиындықтар мен шын қуаныштан, ыстық сағыныштан туған. Ақын туған жерге бас иіп, кең даласын, аңқылдаған адамдарын кеңінен суреттейді. Оның әр өлеңі өзінің терең мағынасымен, табиғи шынайылығымен, мөлдір тазалығымен оқырманын өзіне баурап алады және үлкен ой салады. Өткір тілмен өрнектелген өршіл өлеңдері бар қазақтың жүрегін жаулап алғандығымен құнды. Тума таланттың тұтас шығармашылығын жастана оқитын ұрпағы барда ақын жырлары мәңгі жасамақ. Әрбір өлеңін оқығанда қолтаңбасын жазбай танисың, ұлт ақыны екені айқын аңғарылады. Қай тақырыпқа барса да қоғамдағы қайшылықтарды астарлап жырлаудан жалыққан емес. Ақын шығармашылығының өзгеше бітім – болмысын, көркемдік қуатын, эстетикалық насанасын, шеберлік сырын тануға әкелетін көркем сөз бен сындарлы ойдың бірлігінен туындап жатады. Тақырып ауқымы әр алуан, бояу нақышы, бейнелеу тілі, поэтикалық ізденістері де басқа ақындар шығармасына ұқсамайды.

Шайырдың шұғылалы шумақтары тұтас алғанда, халқымыздың сан қилы тағдыры жазылған қымбат қазынасы. Оқырманмен бүкпесіз, ақжарқын көңілмен сырласып отырғандай әсерде қалдырады. Ол өзіне дейінгі өлең өру мен жыр жазудағы Абайдың ақындық мектебі мен дәстүрін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытты, тереңдетті, жаңа биікке көтерген таланттың біріне айналды. Ақын баллада жазудың шебері. «Ақ бантик», «Иіс су», «Ақ арба», «Апамның әңгімесі», «Намыс», «Көрші кемпір» балладалары әдеби ортада үлкен қызығушылықпен оқылып елдің көкейінде жатталып қалған туындылар. Шығармашылығының алтын қазығы іспетті. Шәкәрім қажыға арналған «Шыңғыстау шындығы» деген дастаны біз білмейтін көп сырды жайып салған өткір шығарма. Ақынның 1998 жылы жарыққа шыққан «Біз жұмаққа бармаймыз» атты кітабында қамтымаған тақырыбы, қозғамаған мәселесі кемде-кем.. Онда жер мен ел тағдыры жатыр. Әлемде жасалып жатқан іс те, қиянат пен қасірет те – бәрі де осы жинақтан орын алады.

1999 жылы «Атом мен ақын» атты жинағы полигон тақырыбына арналған. Ұзақ жылдар сынақ орталығы болған Семей ядролық полигонының зардабын көзбен көріп, жүрекпен сезінген ақын шындықтан басқаны жырлаған емес. Семей ядролық полигоны еліміздің басына қасірет болып жабысқан отаршылдық озбыр саясаттың аяусыз жасаған қылмысы. Ақырзаман аждаһасы атанған ядролық қаруды бір халықтың төбесіне әкеп жару, күллі тіршіліктің жоюмен тең.

Онда ақын үні азалы:

…Ағайындар, мен атоммен туыспын,

Ол туғанда мен өйткені туыппын.

Қырық жылдай «қыңқ» демеді ол-дағы,

Қырық жылдай мен де дертпен у іштім…

Енді бүгін ер көбейіп ерінді,

Мінбелерге мініп алып көрінді,

Атомды да аластаған солар боп,

Жебеуші де солар болы жерімді, – ащы шындықты айтады.

Абай ауданының Қарауыл мектеп гимназиясы жанындағы Мерғали Ибраев атындағы ақын Төлеген Жанғалиев жетекшілік ететін «Ақсұңқар» ақындық сыныбы бүгінді әдеби ортаға кеңінен танымал. Хәкім Абайдай ақындық пен ұстаздықты қатар ұстаған ақын сөз танитын ұрпақ тәрбиелеуді өзіне мұрат еткен. Жиырма жылдан астам уақытта қаншама тынымсыз күн өтті, анығын айтсақ арда жырмен Абай елінің ар мен ұятын күзетті. Еңбегім еленсін деп емес, ел алдындағы азаматтық, ұлылар алдындағы ақындық парызым деп білді. Еңбегі еш кеткен жоқ, шеберханасынан жүзден астам шәкірт түлетті. Тамырын тереңге бойлатқан мәуелі бәйтерекке айналды. Ұлылар бастаған көшті жалғастырып келе жатқан Төлеген Жанғалиев қазақ поэзиясында өзіндік үні бар, қолтаңбасы бар ақын.

Ақын – өз заманының жыршысы. Ол елінің ертең үшін алаңдап өмір сүреді. Әлденеге мұңайған шақта, біреудің қылығынан жүрегі мұздаған шақта, сатқындық көргенде жалғыз досы, сенері, мұңдасы - поэзия.

Орден атаққа қызықпады. Керсінше кешегі озбыр өкіметтің темірін кеудесіне іліп жүрген кей ағаларды сынап алды.

Таға берсін, керегі не құр темір,

Исіне ме оған енді ит-өмір.

Ау, замандас, әр қоғамда орден бар,

Оны аларда ойдың көзін сүрте жүр!..

Шындығында ақын үшін халық берген ат пен атақтан қымбат дүние жоқ.

data-cke-saved-src=/upload/55982/2019/05/31/7c60617f4322af16439c100b88a1da14.jpg

Мейлі бүгін кеуде кер,

Мен-меніңнен жел есер.

Жерде жүрген пенделер,

Көрде бірақ теңесер.

Пенденің бұл дүниеде аяғы жерде болса да көңілі көкті шарлап кететіні бар. Онысын өзі «пендеміз ғой» - деп ақтап та алады. Көңілінде тиянақ, жүрегінде иманы әлсіз пенденің өзімшілдігі мен менмендігі дүние жаралғаннан бері басылған емес. Әсілі пасық надандығыңды, асыл адамдығың жеңгенде ғана адамсың. Болмаса жоқ. Сол көңілі көкте жүрген пенденің теңесетін бірақ жері бар. Ол ажал араны - көр.

Хакім Абай «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылым деме өзгеден» деп пенделік пиғылдан тияды. Шындығында адам болудың, «толық адам» болудың үлгісін бізге осы Абай көрсеткен жоқ па?! Ақын осы бір қағидаттарды санасына әбден түйіп, берік ұстанғандығы анық байқалады.

Туған әке керексіз қылып жатса,

Туған жерге ешқашан бас ұрмас ұл!

Бүгінде ауылдан жаппай қалаға көшу етек алды. Бір жағынан тұрмыс, бір жағынан сәнге айналып бара жатқан сияқты. Ал туған жерін қарашығындай қастерлеп, Абай мен Шәкәрімнің рухани ізбасары, шырақшысына айналған ақын үшін Қарауыл мен Шыңғыстаудың арасы жұмыр жердің бетіндегі жұмақпен тең. Көшіп жатқан елін көріп кейде көңілі құлазып та қалады. Жер иесіз, ел киесіз болмайды. Елдің киесі - ақын. Ақынның құдіреті - сөз. Ендеше Абайдан қалған асыл сөзді арқалаған ақын туған жерден алыстаған ағайынға алыстан үлкен ой тастайды. Туған өлкені ештеңеге айырбастамайды. Ол заңдылық та.

Қостаудың қолтығында мен қаламын,

Кетсе де Тобықтының көшіп елі...

Ақынның сөз түйіні осы. Қалаға көшпейсің бе? - деп қыжыртқан жұртқа осылай кесіп айтады.

Қарауылдай қарт анасын қара өлеңіне арқау етіп, қалың қазаққа қасиетін ұқтыруды мәңгілік парызым деп біледі. Ақын туған жердің қасиетті топырағынан нәр алып, маңғаз тауларынан қырандай қанаттанып, өнердің туын биікке ұстап келеді.


Ақын жаны күрделі. Қашанда елдің сүйініші мен күйінішін жүрегі сүзгісінен өткізеді. Жырдан дауыл тұрғызар ақындардың бірі. Өз тағдырын өлеңмен өріп келеді. Ақынның адастырмас құбыласы Абай сөзі. Соны көкірегіне түйіп Абайша сүйіп, Абайша мұңаяды. Өзі де адамдықтың ар жолынан аттамай адал ғұмыр кешуді мақсат етеді. Керек болса сол жолдан жан аянып қалмақ емес. Туған жерге атылған оқ ақынның жүрегіне қадалады. Себебі ол бәрін сол алақандай жүрегіне сыйдырған. Ақын бар атағынан «Абайлық ақын» деген қасиетті атты артық көреді. Адам атыма лайық бола алдым ба деген әрбір есті адамда болар сауал, ақынның да жанын мазалайды.

Адал бола білдім бе,

«Адам» деген атыма.

Осы сұрақ бұл күнде,

Қанқұяды басыма.

Елдің үстінен күн көрген жемқорларды адамның қандаласына теңейді. Ол табиғаттың қан сорғыш қандаласынан да қорқынышты екенін ескертеді. Қандалаға айналған қандастардың қай қоғамда болмасын жүретіні мәлім. Оларды не ар, не Жар тоқтатады. Әйтпесе сөзің шығын, өзің қор боласың.

О бастан ақын деген адамзаттың ортақ баласы. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» өткен Абай жыры кемел ой мен биік парасатқа жетелейді. Ақындарда ру болмайды. Рушылға тән бөлініс, ақынға жат екенін жырына арқау еткен Төлеш ағаның да негізгі ұстанымы «атаның емес, адамның баласы болу».

Ақын кейде қайтпас намыс пен қайратқа мініп, құзар шыңда «бір өзі бір құдірет сияқтанған» құлжадай мынау дүниенің үстінен қарап тұратыны бар. Азусыз, қауқарсыз қарттықтан түңіледі. Құзда жүрер құлжаның мінезін аңсайды.

Кезінде ет комбинатына талай сәйгүліктің басы кеткенін естіп едік. Сол оқиғаны көз алдымызға келтірген ақынның «Қасапханадағы сәйгүлік» өлеңі. Ақын жүйріктің обалынан қорқады. Көз алдына қазақтың қамын жеп, қара жер жамылған арыстар елестейді. Өлеңнің құдіреті де осында. Абай айтқан: «бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды» деген осы.

Ақынның ұлы қасиеті жарыққа, жақсылыққа, Жаратқанның ақ нұрына ұмтылуы. Пешенесіне жазылған тағдырдан қашып құтылмасын білсе де, ырық бергісі, көңілі сенгісі келмейді. Мәңгілік ізгілік жолындағы күрескер болуы да сондықтан. Өз-өзін өлеңмен ширатып, өлеңмен жұбатады.

Омбы қарын ойлардың бұзып-жарып,

Көңілдерден келемін көктем іздеп...

Осы жолдарды оқығанда ақынның жаратылысын, азаматтық ұстанымын танығандай күй кешесіз… Көңілдерден көктем табарына сенеді. Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен дастандары сол сенімінің жемісі. Ақын адам жанының кұпиясын, арманын, махаббатын көп жазады.

Басынан небір зұлматтар өткерген халықтың дәуірлер алмасқанда дағдарып қалатыны жасырын емес. Кешегі қызыл өкіметтің қырғыны қазақтың зиялыларын баудай жапырып, қандарын судай төкті. Асылдарынан айырылған жұрт аңырап қала берді. Құдайсыз өкіметте кімге, неге сенерін білмей сенделді. Қызыл жалау, қызыл билетке құл етті. Партбилетті Аллаға айырбастап жатқан бүгінгі тәуелсіз қоғамда, осы бір сұрқай заманды басынан өткерген ақын «Айырбас» өлеңінде:

Қызыл жалау, қызыл билет, қызыл сөз,

Бұғалық боп бұқтыратын бұрын тез.

Қызыл қаннан қорқатұғын адамдай,

Қызыл көрсе «дір» етеді бүгін көз.

Адамдық бармен емес, армен өлшенер. «Ар –мұсылман болғанда, адам –кәпір» - дейді ақын. Келіспеске шараң жоқ. Ақынның мұндай тынан түрен салған ойлары қаншама. Сөзсіз үлкен зерттеу мен зерделеуді қажет етеді. Шын ақынның аузына сөзді Алла салады. Шабыт үстіндегі шығармашылық адамның хәлі жалғыз хаққа аян. Ол күйді тілмен суреттеп жеткізу мүмкін емес.

Қарасартов, Голощекин, Курчатов секілді адамзаттың қас дұшпандарын ұлы әкесінен сұрайды. Адам деуге ауызы бармай қиналған ақын ұлына:

Айтасың-ау, балашым, айтасың-ау,

Өмірде жауабы жоқ қанша сұрау.

Адамдарға адамның қаншасы –дос,

Адамдарға адамның соншасы жау! – міне өмірдің шындығы осы емес пе?!

Қазақта жезде мен балдыздың қалжыңы қалыпты болып саналады. Балдыздар жездесінің құлағынан тартып ойнаса да, ерсілігі жоқ. Дегенмен, қарым-қатынаста өзара сыйластықты жоғары қойған халқымыз әзіл-қалжыңды орнымен айтып, әдептен озбайды. Осы бір қазақы қалжыңды өлең тілімен өрнектеген ақынның «Балдыздарға базына» жыры тіптен бөлек.

Ақынның «Жайлаудағы таң» өлеңі тұла бойы тұнып тұрған тұмса табиғатты көз алдына елестетеді. Мұнда ақынның өзгеге ұқсамайтын өзіндік бояуын анық байқаймыз. Сурет пен теңеу көз алдыңа ғажап дала бейнесін келтіреді. Гүлдерге хат тасыған көбелектер көрінісі – ғажап! Таулардың арқасынан шыққан күн жайнап тұр. Бұл – әсем Шыңғыстаудың көз тоймас келбеті!

Бөлісу:

Көп оқылғандар