Сұраған Рахметұлы. Топырақтан жұққан кие

Бөлісу:

06.06.2019 5715

Поэзия – ең биік элиттік өнер. Биікке жетуге үздіксіз қаракет ету бар немесе сол биікте әу баста туғандар бар. Поэзия адамзатқа тәңірден берілген ұлы таңдау екен. Өкініштісі сол таңдау – күллі пенденің пешенесіне бірдей жазыла бермейтіндігі.Биіктік туралы өлшемді ойлануға құлықымыз болмады. Соцреализм дәуірі тек поэзия үшін әр кезеңде әуелі алға қарыштап оң қадам басуды ұрандаса да, біз мүлдемге «теріс бағындық».Тіпті сол дәуірдің берген сыйы да басқа еді. Адастық, әрине. Алайда алдымызда ылғи сұрақ белгілері тұратын. Андыз-андыз келетін өлеңдер ішіндегі өз елесімізді байқадық. Бұл әредікте ғана көрініп, қайтып кетіп жүретін ұрын құбылыс болса керек. Бұны елесреализмі десек пе екен!? Көнегректік ұғым бойынша өз есім сойымызды тәңірден ұға бастаған кезіміз де болар мүмкін!? Ал, түземдік сана, көшпелі таным не болады?!

 

Қош! Поэзия әлеміне жан-жақтан атойлап кірген қазақ жастары үшін жартылай ғана көрінген Ай жарығына шомылған жалаңаш бел қайыңдар қалыбына, жылқы-дүниенің шоқтық жалына тұнған жауһар тамшыларға өз- өз тұмба жанарларымен сұқтана қарайтын халге жеткен! Сол сәтте түйенің ізімен жазу жазған, кигіз үйдің дөңгелек іргесімен тек мөрін басқан біздің бабалардың арқауы көрінген. Топырақ үстінде тұрып, оның нәрі астында жатқан ата өрнекті көретін көзі бар, бүкіл таптауырын қағидатты өзгеше сызғысы келетін бұла ақындар оянған. Қап-қара шашының астында қап-қара түнге боялатын Бауыржан Қарағыз – солардың бірі.

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ұлықбек Есдәулет. Кеңшіліктің үйіне бару

 

 

«... Алақаныма қараймын, Өткен күн қайтып келердей...». Мұндағы сәуеғайып сана-өрімі тарам-тарам таспадай өлең болып өрілген! Өлеңді қолдан жасаймыз деп әуреге түсіп, әдебиетке көлденең килігіп жүрер кейбір «данышпандарға» бұл өлең – «ештеңе» болуы мүмкін. Расында, өлеңнің ішкі үніне құмартасың. Сөз бен саз құрылымы миыңды құр алақан қалдырмайды. Шопанның шодыр шекелі шотымен шомның қырнасын, сағанақтың езуін босаға сынағасымен өбістірген қыр баласы – шоң Шопенгауэрдің сұйқыметі мен тін қиқымын көрмей тұрып қылықты сана зерлейді!?

 

«...Қарашы, мөлдір тамшылар ойға батады, жылайды сұлу құлайды. Топыраққа жанын аймал-а-тады... маған ұнайды...». Мен осы өлеңнің бәрін толық оқымадым. Бірақ шумаққа шырмалып, ырғаққа ілініп қалған тұсым осы еді. Бауыржан жазса, жазғанның назын жазады қазып. Жапырақтан жас ағызады, топырақтан қан тамызады... Ешкім ойламаған тұстан әуен сабақтап, ой кестелейді. ХХ ғасырды тең алқымдаған Гертруда Стайн деген әйгілі ақын шүйкебас әйелдің ғажайып жырларындай өңшең шеңберлерге сәйкес қойылмаған, теріс айланған тегершіктей төкпелі жолдар бұралаң кешеді. Сергек дәуірдегі күллі поэзия өз ғұмырын осылай жаңғырта беретін заңдылықтардың заңы секілді.

 

«Келешек» атты бір дат жыры бар. Ұлы Таң дәуіріндегі ақындардың ең ұзын өлеңіндей немесе жапондық Башёның хайкуіне ұқсастау тосын сарын. Сарын – біртүрлі сарын. Адамзаттық шырқаушылыққа тым жақын әулие сарын. Мінеки – «... Кезіңе жалғызсыраған, келемін өткен шақ болып...». Барлығын ішкі құдайына ғана аса хаһилы кейіппен айтады! Жылайды. Бірақ онысын ерінінен күлкі тамшылап күліп тұрып тұрып айтады!!! «... Жоқ шығар табиғи өзгеру, уытты, кекті көздері, Не деген қатігез еді, не деген қызыл сөздері...». Иә... Адамзаттың бүгінгі тұсамысы туралы осылай айтқаннан өзге не демек! Философия деген ақ ілімнің ақын өлеңіне сіңісіп кеткенін көресің! Құдырет!!! Соңғы кездері анау ақын Ықылас Ожай бауырым бір барқын кеңістік туралы жазатын еді ғой! Күңгіртті еркін жанның азаттығы туралы. Өркениеттің өңменіне қадалған көздің бәрін өз жанымен сезінген ақын-ай! Күрсінген ағаштар, уақытқа ілінген уақыттар. Адамның тілінде сөйлейтін ағаштар бүрленсе – сенің үнің де сондай әсерлі болады екен! Әнеу күні менің бір ақын туралы жазбамда түннің түсі жайлы айтып едім. Мына бейбақты Бауыржанның түні тағы да өзгеше көрінді. Ойына келген оймышты сүгіреттерді жәудіреткенде сонау жетпісінші жылдары бозмұнар бояуға ұрлатқан өзімді жолықтырғандай болам! «Түн. Мен.» өлеңін осылай бағалап, «Апатия» жырлары болса, келеңсіз сынауға болар еді? Бірақ, бұл жолы емес, кейін!? «Топырақ» жыры басқадан басқарақ қаралуы тиіс. Ол, кие еді!

 

***


Бауыржан Қарағыздың осындай араның жүзіндей қияпар жырларына жеңіл қарамау керектігін айтқым келген. Әу бастағы пікіріміз де содан бәз қалпынша қалады. Жанның жаңғыруын Баукем өліммен шектемейді. «...Өлім деген - сылдыраған сөз ғана...». Мүмкін! Сөз біткен күн – өлім! Демек, ақында сөз ғұмыр ғана бар.


Жапырақ шырайлы, жан иелі жыр жаза түседі. «Топырақ» атты өлеңінің шырқауына қарап тұрып құптайсың, әрі қазақ поэзиясының ауанын бажайлауға да ептеп оңды дауыс бергің келеді. Топырақтан үркесің!? Құмсағаттың сырғымасында ғұмырың өтіп бара жатады. Лықсыған шапағатты шағыңды, бос өткізген немесе өлген уақытыңды тыңдау үшін өзіңді іздейсің. Ақын өз өлеңінің арасында жатады. Басқалардікі күрделі! Ендеше, бірауық өлеңнің жұпар уысынан иіскеп тірінің ғұмырын сезінсек. Өлең оқиық!

 

Қара тәнім - қара топырақ кәдімгі,

Қаһарман қазақи Рухыма оранған...
...Ғаламның Раббысы - Рахымды Алланың,
«БОЛ!» деген жалғыз-ақ Сөзінен жаралған,
Ғарыштың...
Ғарыштың көзінде жұлдыздай нұрланып,
Көк Аспан мен саған Рухым мен беттедім.
Қара Жер төсінде қақ жарып жартасты
қарағайсияқтыкөктедім!
Топырақтан жаралдым,
топырақтан нәр алдым,
Топырақ - обалым,
Топырақ тылсымды тамырым,
Топырақ - о дүние демінде жылынар Тағдырым!

Қара тәнім - қара топырақ кәдімгі,
Қаһарман қазақи Рухыма оранған...
...Әлдилеп даламның дұғалы құшағы
Аңызға айналып бір күні,
топырақты сағынып құшамын,
содан соң,
толғатып қара жер құрсағын,
қайтадан ғарышқа ұшамын!

Туған жер топырағы – бабамның сүйегі,
Мен сені өзіңе айналып кетсем де сүйемін, Топырақ!
Бір уыс топырақ, бір уыс топырақ -
Жүрегім, жанарым, Намысым, Ожданым,
Отандай ардақты,
Елімдей киелім!

Бір уыс топырақ қадірін біле ме, бауырым,
Бір уыс топырақ қадірін ұға ма қарындас?!
Бір уыс топырағын саудалап байыған тексізге,
Жапырақ жаным - қас, қайнаған қаным - қас!

Бір уыс топырақ - киелі мекенің,
Сен соныұмытпа
баталы бауырым - жетелім.
Дүниеге тоймаған көздері топыраққа тояры,
Миына кіре ме көргенсіз «көкенің»?!

Оу, мынау жалғанда,
Әр елдің басына Азаттық оп-оңай қонған ба?!
Бір уыс топырақты қызғыштай қорғаштап,
Қаншама боздақтар қан кешті арманда.
Қан сіңген топырақ, жас сіңген топырақ -
Қазақтың топырағы -
тек қана қазақша сөйлейді,
Осыны түйсініп ұғатын жан бар ма?!

Қазақтың топырағы - Қазақтың Отаны,
Топырағымды ластады кіл шата жат әні!
Өз ұлтын сүймеген,
өз топырағын сүймеген немені,
Топырақтың киесі атады!

Мен оны білемін,
Құлагердей кісінеп, уа, мынау жүрегім!
Көкшетау көгінде көкірегімде күн жанып,
Бәріңе топырақтың Рухын тіледім!

Қара тәнім - қара топырақ әлемі,
Қаһарман қазақи Рухыма оранған...
«Бол!» деген жалғыз-ақ Хақ Алла Сәлемі,
Қара тәнім - қара топырақтан жаралған,
Расында,
Иітіп көзіңді иектің кемсеңі,
Ұғарсың ми болса шоқшиған басыңда,
Шындығы -
Өмірдің өлшемі - бір уыс топырақтың өлшемі,
Сондықтан,
Шарт бүгіп тіземді,
Иілтіп иілмес басымды сүйемін топырақ Мен сені!

https://www.youtube.com/embed/2TmFodCKXCs

 

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар