Алтино М.До Тожал. Майшабақ және Ай

Бөлісу:

15.06.2019 4232

Әңгіме

(Сардинки и Луна)

Современный португальский рассказ,1983

Бала бидай өңді, көздерінде ерекше жарқылы бар-тын.

Күнделікті нан-пұл табу үшін анасы базарға майшабақ сатуға кеткенде ол табалдырықта қозғалмай отыратын, сырт көзге қолын тізесіне қойып қақшиып отырған ежелгі перғауындарды елестетеді.

Бұл кезде аула іші азан-қазан, кердең басып тауықтар, одан қалды қаңғыбас аш иттер кезіп, шатырда жалқау мысық ұйықтап жатады. Көршілес әйелдер ашық тоғанда кір жуады. Ал жаңбырлы күні жаурауға қорыққан тіршілік тығылып, аула тыныштығын төбеден сарылдап аққан жаңбыр суы бөліп, табиғат құшағында жүні сапсиып сабалақ ит пен табалдырықта отырған бала ғана көзге ілігер еді. Тас көпір құлдилап аққан жаңбыр суынан кейін жылтырап, оның бойымен аққан ағынды сумен бірге жердегі барша қоқыс атаулы шайылып жатады. Жаңбыр суымен жерді кірлеткен дүние шайылады, бірақ...

Қас қарайа анасы үйіне оралады, қолында таңертең ала кеткен балық толы астауы бос.

- Алтыным, мен барлығын саттым ғой! Сенесің бе? Бәрі өтіп кетті. Тек саған әдейі бір-екеуін алып қалдым -деп ұлын емірене иіскейді.

Бала күні бойы қимылсыз қалған кейпінен сол кезде ғана оянып,анасының соңынан ілесе үйге кіреді.

- Қазір саған балығыңды қуырып беремін!-деп анасы сөйлеп жүріп пешке от жағады. - Қарның қатты ашқан шығар, жарығым!

Бейтаныс еркектер ешқашан кешікпейді.Бала оны жақсы біледі. Сол себепті есікке жаутаңдап қарай береді. Түнерген қабақтарында әлемнің қайғысы жатқандай. Бұл кезде анасы табаны отқа қойып үлгереді.

- Қарның ашты ма, Алтыным!

Бала қиялына анасының қара белдемшесіне жабысқан балық қабыршақтары жұлдызға толы қою қара аспанды елестетіп, көзіне ұйқы тығылады. Сол кезде ол анасына қыңқылдай бастайды:

- Анашым, ұйықтайықшы...

Бірақ бейтаныс еркектер межелі уақытта есік алдына топталып үлгереді.

- Бәрі дайын, менің Алтыным!-дейді анасы шанышқымен майшабақты түйреп жатып. - Нан қосып жеп ал! Байқа, күйіп қалып жүрме.

Қабақтары қатулы еркектер үйге кіре бастайды. Сол кезде бала жүгері нанының үстіне қойылған кішкене майшабақты еппен ұстап:

- Тамағымды табалдырықта отырып жейінші?-дейді анасына. Бұл кезде үйдің іші ауада сандалған көк түтіннен көрінбей кетеді.

- Әрине, бара ғой Алтыным! Тек аяғыңды біреу басып кетпесін! Анасы оны күндегі әдетінше бетінен сүйіп жатып құлағына сыбырлайды:

- Бүгін олар ерте кетеді, сөз берем!

- Жарайды анашым!

Есікке ақырын аяңдап үйреншікті орнына жайғаса бере оның жанына мияулап мысық жетіп келеді.

- Марғауым менің!-дейді бала оған күлімдеп, одан соң қолындағы балығынан біраз сындырып мысыққа береді.

Құйрығын бұлғаңдатып ит те жетеді.

- Менің сырттаным!- дейді бала оған да мейірлене, және еш қиналмастан оған да балығынан біраз бөліп береді.

Қара аспанды нұрға бөлеп толған ай көрінеді.

- Армысың Жарық Ай!- дейді ол.

Бала енді қалған балықты алақанына аялап ұстап қолын аспанға созып, оны айға тосады. Сол кезде ай оған мейірімді жүзімен қарап тұрып: «Өзің жей ғой!» дейтіндей көрінеді. Бала мәз болып балықты өз аузына салып, сүйегін рақаттана сорып, артынша нан жейді. Нанын бірден жеп қоймай оның жұпарын танауымен иіскеп, бойына қуат алғандай болады. Ай оның ең сенімді әрі жақын досы. Бүгінде Ай оның сырласы, мұңын шағар жалғыз жолдасы. Ай жалқау мысыққа да, сабалақ итке де тіпті өзіне де ұқсамайтын. Толған айдың өзі де, көңілі де тоқ көрінеді. Оған балық қажет емес, мүмкін балыққа тойған шығар.

Қара түннің суығында табалдырықта отырып ықылық атып, ерні көгеріп тоңған кезде бала ежелгі перғауынның мүсініне қатты ұқсайтын.

Бейтаныс еркектердің тобыры үйден шыққанда бір орында қамсыз отырған баланың жалаң аяғын олар аяусыз оңдырмай мыжып кететін. Жаны көзіне көрінген бала шырылдап жылайды. Солқылдап ауырған аяғына жалғыз білер дауасы сілекейін жағып оны діріл қаққан қолдарымен сипай беретін. Жан дауысы шыққан баланы ақсақ ит түсінгендей. Ол келіп аяушылық танытқандай баланың аяғын, одан соң жас жуған жүзін жалай кететін. Бала әдетінше қолымен итті сыйпай отырып, есік жаққа қарап қояды. Бірақ үй іші әлі де бейтаныс еркектерге толы болады. Содан ол жүзін Айға беріп, оған үнсіз шағымданатын. Осылай үйден ең ақырғы еркек шыққанша жалғасады. Содан соң есіктен шашы ұйпа-тұйпа, кеудешесінің ағытылып қалған түймелері арасынан аппақ денесі жарқырап анасы көрінеді.

- Жүре ғой, ұйықтайық. Көрдің ғой бүгін олар тез кетті.

Бала әлгінде көрген қорлығын лезде ұмытып, орнынан қуана түрегеліп төсегіне асығады. Көзі әбден ұйқыға кетпейінше ол басын анасының иығына қойып, оны қатты құшақтап жатып Айға ақырғы рет бір қарайды. Оның жанарында кеудесін торлаған мақтаныш сезімі шарпып тұрады. Ол бейтаныс еркектерден кішкентай болса да анасының жанында олардан әлде қайда ұзағырақ жатады. Иә, ол ұзақ түнді ана құшағында өткізеді.

Түн ортасы ауа тағы да жаңбыр жауды. Көшенің лайын, қоқсығын тазартты. Оның күйі соған ғана келеді.

Орысшадан аударған:

Айкерім ҚИЫҚБАЙ

Бөлісу:

Көп оқылғандар