Есенгелді Сүйінов. Ақталған үміт

Бөлісу:

26.06.2019 4771

Журналистер күні қарсаңында қазақ журналистикасының ардагері, ұлттық «Алтын Жұлдыз» сыйлығының лауреаты, академик Мадрид Рысбеков туралы жазылған мақаланы ұсынып отырмыз.

Қазақ радиосының бас директоры Мадрид Рысбековтың кабинетінде отырмын. Жүзінен мейірімділік пен парасаттылық байқалатын ағамен алдында танысып, жағдайымды айтқанмын. Әке-шешем мектепте оқып жүргенде қайтыс болғанын, алты апамның тұрмыс құрғанын, отбасымызда ең кенжесі, әрі жалғыз ұл екенімді, әйелім Марфуғаның кемпір-шалдың бауырында өскенін, қаншама қиыншылық көрсек те екеуміз жұмыс істеп, ҚазМУ-дің журналистика факультетінде сырттай оқитынымызды, өлең жазатынымызды баяндағам. Қалымыздың онша емес екенін біліп, бізді аяды ғой деп ойлаймын қазір. Бас директор мені Қазақ радиосының Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі қызметіне шақырды. «Бұрын радиода істеп көргем жоқ, қалай болар екен? Газеттегі жұмысқа ғана ыңғайым бар, жазуға көндіккем» деп тартыншақтап көрдім.

- Есенгелді, жасың 25-те. Тепсе темір үзетін, нағыз қылшылдаған кезің. Аудандық газетте істеп жүре бересің бе? Мұндай қызметті басқалар армандап жүреді. Сен болсаң күмәнданып отырсың. Жассың, үйренесің, көмектесеміз. Ел көресің, жер көресің, ысыласың, - деп Мадрид Жүнісбекұлы ағынан жарылып, ақылын айтып, жігер берді. Өрекпіген көңілімді көтеріп, жаймашуақ мінезімен алға қадам басуыма әсер етті. Манадан бері жүрексініп, «Не істеуім керек?» деген сұрақ мазалаған бойымда сенімділік пайда болды.

- Жарайды, аға, сеніміңізді ақтауға тырысамын. Үй жағы қалай болады? Қай жерде отырып жұмыс істеймін? - деп сұрадым.

- Әуелі осында, Қазақ радиосында 10 шақты күндей стажировкадан өтіп, редакциялар мен бөлімдердің жұмысымен, сондағы қызмткерлермен танысып, радиожурналист кім екенін білуің қажет. Қалған мәселелерді барар алдында сөйлесерміз,-деді ол. Бұл 1983 жылдың 13 қыркүйегі еді.

Мадрид Рысбеков алдын ала Қазақ КСР Телевизия және радиохабарларын тарату жөніндегі Мемлекеттік Комитеттің төрағасы Хамит Хасеновпен келіскен болуы керек, сол күні мені Көкшетау облысындағы Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінің редакциясынан Еңбек заңына сәйкес ауыстыру арқылы Қазақ радиосының Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі қызметіне қабылдау туралы бұйрық шықты. Ертесіне өткен лездемеде өзімді ұжымға таныстырды. «Радиода істемеген жасты жұмысқа алып, бір облысқа қалай меншікті тілші қылып жібереді?» деген сұрақты жиналғандардың қабағынан байқаймын. Алдында кадрлар бөліміне кіргенімде бір апай: «Қазақстанда радиоға бейімделген жігіттер жетерлік. Аудандық газеттен келіпсің, жоғары білімің де жоқ. Шамасы жоғарыда қолдаушың күшті ғой» деп бетіме тура айтып салған. Оған сасқалақтап, жауап бере алмай қалдым. Менің жоғарыда тіреп тұрған ешкімім жоқтығын, Мадрид Жүнісбекұлының жай-күйімді ескеріп, болашағыма үміт артып, ықыласы ауған адамгершілігінің арқасында осы қызметке орналасып жатқанымды қайдан білсін. Бұл жайды бәріне қайтіп түсіндірерсің?

Танысуды «Соңғы жаңалықтар» редакциясынан бастадым. Бас редактордың орынбасары Руслана Құдайбергенова, бөлім меңгерушісі Үмітжан Балтаева жаңалық – шұғыл жанр екенін, оған кеше, бүгін деген оқиғалар арқау болатынын, ақпараттық себеп негізге алынатынын ұқтырды. «Ұшқын» жастар бағдарламасы, насихат, әдебиет, музыка редакияларында болып, Венгриялық «Репортер» маркалы магнитофонды қалай пайдалану, оған адамдарды еркін жазу, олардың сөздерін ажыратып, қағазға түсіру, таспаны монтаждау жайлы үйрендім. Қазақ радиосында Бірінші бағдарлама, «Шалқар», «Ауыл өмірі» радиостансалары бар. Музыкалық хабарлар редакциясын дарынды композитор Илья Жақанов, әдебиет хабарлары редакциясын танымал жазушы Төлепберген Тобағабылов басқарады. Ғажайып бұлбұл үнімен тыңдаушыларды баурап алатын әйгілі диктор Сауық Жақанова сөйлегенде жаныңа қуаныш сыйлайды. «Қазақстан» радиотеатры спектакльдер әзірлейді. Мемлекеттік Комитет құрамында үлкен оркестр. Ескендір Хасанғалиев, Лаки Кесоглу, Гульвира Разиева және басқа да атақты әншілер бар. Барлығы әдемі, сәнді киінеді. 1954 жылға дейін Қазақ радиосының хоры жұмыс істеген. Аудандық газеттен келген маған бәрі таңсық, бәрі қызықты түс секілді.

Басында анда-мұнда қонып, тұратын жерім болмаған соң Мадрид Жүнісбекұлы Мемлекеттік Комитеттің қаржы басқармасының басшыларына жайымды түсіндіріп, «Қазақстан» қонақүйіне жайғастырды. Бес-алты күндей сонда жатып, Қазақ радиосының жұмысына аз да болса қанығып, жаңа қызметіме кірісер алдында Бас директордың кабинетіне кірдім.

- Қостанай-еліміздегі астық өсірумен айналысатын үлкен облыс. Қазақтар аз, көбі орысша сөйлейді. Саған қиын болатын шығар. Бірақ қазақша білетін адамдар табылар. Облыстық партия комитетімен сенің кандидатураң жөнінде келістік. Басшылармен өзім сөйлесіп, саған пәтер жағынан көмектесу төңірегінде өтініш білдірдім. Оны шешуге уәде берді. Әуежайдан өздері қарсы алады. Әзірге бір жерге орналастырар. Облыстық телерадиокомитет басшыларымен де хабарластым. Сонда жұмыс кабинетін беріп, аппарат орнатуға тиіс. Барған соң маған жағдайыңды баяндарсың, - деп Мадрид Рысбеков қолымды алып, қызметіме табыс тіледі.

Қостанайда мені әуежай басында обком қызметкері күтіп алды. Облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Анатолий Васильевич Демин қабылдап, облыстың тыныс-тіршілігімен қысқаша таныстырды. Бірер күн қонақ үйде болып, облыстық телерадиокомитетте бөлінген кабинетке кіріп, қажетті құралдарды алып, жұмысқа кірістім. Жаңа мекен, жаңа орта, жаңа қызмет. «Мына жұмысқа үйреніп кетсем жақсы болар еді» деп ептеп қобалжимын. Иығыма зілдей ауыр магнитофонды асып алып, мүдірмей, еркін сөйлейтін қазақтарды іздеп жүргенім. Таза ана тілімізде сөйлейтін қандастарымызды кездестірсем жерден жеті қоян тапқандай қуанамын. Көбі тілі күрмеліп сөйлей алмайды. Ондайда амалсыз қағазға мәтін жазып, оқытып аламын. Оқи алмаса әр сөзін ежіктеп айтып, ауызша қайталатып магнитфонға жазамын.

Алғашқы хабарларым Қазақ радиосы арқылы беріле бастады. Бірер хабарым лездемеде жақсы жағынан аталып өтті. Мадрид Рысбековке телефон соққанда ол: «Қадамың сәтті басталды. Қостанай облысының жан-жақты өмірін көрсететін хабарларды көбірек жібер. Облыстық радио журналистерінің де материалдарын жолдауға болады. Әйтпесе бәріне үлгере алмайсың», - деп ақылын айтқан. Шынында да, солай болып шықты. Газетке мақаланы ақ қағазға жазып тастайсың ғой. Ал радиода олай емес. Магнитофонға жанды даусын жазу, оны таспаға түсіріп, сөздерін құлаққап киіп алып, ажыратып, монтаждау, оған өз сөзіңді қосып, тұтас материал әзірлеу қажет. Қара жұмысы жетерлік. Радиожурналист, әсіресе меншікті тілші болған әр адам бұл сырға қанық. Мехнаты көп осы мамандық иелеріне мен әрқашан жанашырлықпен қараймын. Радиожурналистердің өз қызметін шығармашылық тұрғыда атқаруы үшін оларды қосалқы жүктелетін жазба, монтаждау міндеттерінен босатқан жөн.

Мен Мадрид Жүнісбекұлының шынайы қамқорлығын алыста жүрсем де сезініп жүрдім. Үш ай бойы арзан бағамен алған жолдама бойынша екі кәсіпорынның сауықтыру орнында (профилакторий) болдым. Одан жанұялық жатақханадан ас бөлмесі, дәретханасы бар бір үлкен бөлме алып, Көкшетау облысының Зеренді ауданынан отбасымды көшіріп алдым. Сол кездегі заңға сәйкес көлікке Мемлекеттік Комитет есебінен ақы төленіп, отбасымызға көтерме жәрдем берілді. Күзге қарай Қостанай қаласындағы 9 қабатты үйдің үшінші қабатынан үш бөлмелі жайлы пәтер алып, қуанышқа кенелдік. Марфуға екеуміз ҚазМУ-дің журналистика факультетін сырттай оқып бітірдік. Әйелім кішкентай қызымызды үш жасқа толған соң бала бақшаға орналастырып, облыстық радиоға тілші ретінде жұмысқа алынды.

Қазақ радиосының Қостанай облысы бойынша орыс тілінде хабарлар дайындайтын меншікті тілшісі Иван Георгиевич Агапитов бірде: «Сен осында келер алдында Мадрид Рысбеков: «Бір жас жігітті меншікті тілші қылып жіберіп жатырмыз. Соған сіз әкесі секілді жанашырлық танытып, жәрдемдесуіңізді сұраймын», - деді. Бастық саған туыс па?», - деп сұрайды. «Жоқ», - деймін мен. Оған қоса облыстық телерадиокомитет төрағасы Қасым Әубәкірұлы Жұмабаевпен де тілдесіп, маған ағалық көз қырын салуды өтініпті.

Кей кездері Қазақ радиосында мен жайлы түрлі әңгіме бола қалса, Мадрид Жүнісбекұлы мені қызғыштай қорғап, шаң жуытпайды екен: «Жас қой, радиода бұрын істемеген, үйренеді. Аяқ алысы ширақ, тілі көркем, өзі ақын, болашағы бар», - деп сөз қылған жандарға тойтарыс беріпті. Осы жайды тілшілер бөлімінің қызметкерлері жеткізіп, «Бас директордың сенімін ақтаңыз, сізге үлкен үміт артады» деген.

Арада бірнеше айлар өткен соң хабарларыма шолу жасалып, қызметіме оң баға берілген «Меншікті тілшінің мінсіз қызметі» деген рецензия жазылды. Оқыған соң маған қанат бітіп, жұмысқа деген ынтам арта түсті. Марфуға бала күтімінде отырғанда жағдайымызды ескеріп, екі рет әдебиет редакциясынан бір топ өлеңдерін беріп, әжептәуір қаламақы алған. Сол кезде Қазақ радиосында авторларға көтеріңкі қаламақы қойылатын. Мадрид ағаның көмегімен Қостанайдағы бірнеше қаламгердің туындылары тыңдаушылар назарына ұсынылды. Соның ішінде белгілі жазушы Серік Шәкібаевтың Әліби Жангелдин туралы «Ленин мандатымен» атты әңгімесі жарты сағаттық әдебиет хабарында Бірінші бағдарламадан өтіп, қомақты қаламқы алып, риза болған сәті есімде.

Меншікті тілші ретінде Мемлекеттік Комитет тарапынан арнайы бөлінген қаражатқа такси жалдап, іссапарларға шығатынмын. Соңынан қызметтік көлік берілді.

Мадрид Рысбеков біраздан соң Телевизия және радиохабарларын тарату жөніндегі Мемлекеттік Комитет төрағасының орынбасары болды. Ол уақытпен санаспай, осы қызметті де жанын салып атқарды. Әріптестерім сөйлескенде: «Мадрид Жүнісбекұлы кешке дейін, тіпті сағат 21-ге, 22-ге дейін жүреді. Мұндай бастықты бірінші рет көріп отырмыз. Жұмысты бірінші орынға қояды, денсаулығын ойламайды. Басқа біреу болса, қарауындағы адамдарға тапсырма беріп, үйіне барып демалар еді. Бірнеше рет жүрегі қысылып, «Жедел жәрдем» шақырып, ауруханаға түсті», - дейді. Сол шақта Қазақ радиосына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті тарапынан айырықша көңіл бөлінетін. Онда қазақ тілімен қатар орыс, неміс, ұйғыр тілдерінде хабарлар, татар тілінде музыка берілетін. Орталық Комитетте радионы бақылайтын арнайы сектор бар еді. Радио республика бойынша жедел ақпарат құралы ретінде пайдаланылды. Шұғыл хабарлар, соңғы жаңалықтар әуелі радио арқылы таратылатын. Әр үйде радио нүктесі орнатылып, көшелерде радиоқондырғылар саңқылдап сөйлеп тұратын. Осындай жағдайда Мадрид аға Қазақ радиосы секілді үлкен ұжымды ойдағыдай басқарып, барлық қызметін мүлтіксіз үйлестіріп отырды. Ол сонымен бірге ҚазМУ-дің журналистика факультетінде ұстаздық етті, радио ісі, жанрлары бойынша дәріс оқып, студенттердің дипломдық жұмыстарын қорғауға жетекшілік жасады.

Қарымды қаламгер Брест қамалын қорғауға қатысқан қазақстандық жауынгерлер жайлы Серік Әбдірайымовпен бірлесіп сценарий жазып, фильм түсірді. Ұлы Отан соғысының басында неміс басқыншыларының күтпеген жойқын шабуылына тойтарыс беріп, кескілескен шайқаста ерлік көрсеткен жерлестеріміз жайлы мағлұматтар жинау үшін Брест қамалына, Варшаваға сапар шекті. Тарихымыздың беймәлім беттерін ашып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін фильмді әзірлегені үшін Мадрид Рысбековке ұлттық «Алтын Жұлдыз» сыйлығы берілді. Содан соң оған Д.А.Қонаев қорынан Димаш Ахметұлы хақында « Ғасырмен туған» атты 15 сериялық деректі бейнефильм түсіруге өтінім жасалды. Өмірінің соңғы жылдары қаламы жүйрік журналист, өз ісінің кәсіби шебері осы сериалды түсірумен айналысты.

Кейін Қазақстан Журналистер одағы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне ауысты. Одақтың қызметін жандандыру, беделін көтеру, журналистердің еңбегін ескеріп, оларды көтермелеу тұрғысында қажырлы еңбек етті. Зейнеткерлікке шықса да еңбектен қол үзген жоқ. Қазақстан Журналистер конгресінің жұмысына қатысып, республикалық Ұлттық кәсіподақ ұйымын құрып, соның президенті ретінде айтарлықтай істер атқарды. 10 жыл бойы ТМД журналистері Халықаралық конфедерациясының вице-президенті болды.

Осы қызметте жүргенде Қостанайда өткен БАҚ мәселелері жөніндегі республикалық семинарға қатысуға келді. Семинар біткесін Марфуға екеуміз оны қонаққа шақырдық.

- Мен екеуіңді уыздай жас кездеріңнен білемін. Жағдайларыңды біліп, қолымнан келгенше ағалық қамқорлық жасадым, сендерге үлкен үміт арттым. Сол үмітім ақталды. Есенгелді, сен облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы болдың. Марфуға, сен талантты ақын ретінде елге танылдың. Балаларың бар, достарың бар. Сендерге амандық, бақыт, дүниедегі бар жақсылықты тілеймін. Бір-бірімізді сыйлап, араласып жүре берейік. Өмірде өзара сыйласып өткенге не жетсін! - деп ардақты аға бізге игі тілегін білдірген еді.

Мадрид Рысбеков Қазақ радиосын 12 жыл бойы басқарды. Осы мерзім ішінде ол тек жақсы жағынан көріне білді. Жаратылысынан елгезек жан жалғыз маған ғана емес, басқаларға да жақсылық жасады. Мейірімді, қайырымды, парасатты, жоғары мәдениетті азамат «Мен бастықпын» деп шіренбей, кеуде көтермей, алдына барған кісілерге көмектесті. Сонау Қызылорда облысының Шиелі ауданында туып, арман қуып Алматыға келіп, өсіп-өніп, биікке көтерілді. Әріптестері, достары оны жақсы көріп, сыйлайтын, қадір тұтатын.

Мадрид Жүнісбекұлы Ұлттық журналистиканың дамуына, Қазақ радиосының мәртебесін көтеруге, журналист кадрларын даярлап, тәрбиелеуге сүбелі үлес қосты. 2021 жылы Қазақ радиосының 100 жылдығын атап өтуге әзірлік жүргізіліп жатқан кезде аталған ұйым, жалпы «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» АҚ басшылары барлық саналы ғұмырын мемлекеттік ақпарат саясатын жүзеге асыруға, радио ісінің елімізде кеңінен қанат жайып, өрістеуіне арнаған ҚР Журналистика академиясының академигі Мадрид Рысбековты еске алып, бұрын тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату, ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оның атындағы дәрісхана ашу, Алматы, Қызылорда қалаларының, Шиелі ауданының бір көшесіне, сондағы мектептердің біреуіне есімін беру ісіне ұйытқы болса деген тілек айтқымыз келеді. «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы құрылған күннен бастап бүгінгі күнге дейін болған басшылардың есімдерін жазып, суреттерін қабырғаға іліп қойыпты. Осы игі дәстрді Қазақ радиосында да қолдануға болады ғой.

Иә, уақыт дегенің зымырап өтіп жатыр. Өмірімде туған ағамдай болып, шынайы қамқорлық жасаған Мадрид Рысбеков 2009 жылы 73 жасында қайтыс болды. Содан бері 10 жыл өтті. Сыр бойында туған асыл азаматтың құшағы қазақ даласындай кең, көңілі мөлдір судай таза, досқа адал, ағайынға қайырымды, елге жанашыр еді. Оны күлімсіреп тұрған жарқын бейнесі жадымызда мәңгілік сақталып қалады. Ал ел алдындағы сіңірген ерен еңбегі, аяулы есімі ешқашан ұмытылмайды.

Есенгелді СҮЙІНОВ,

Қазақстан Журналистер одағы

сыйлығының лауреаты.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар