Серік Қирабаев. Алматы
Бөлісу:
Алматыға менің алғашқы келгенім мамыр айының іші еді. Қала түгелдей көкке оранып тұр екен. Маған қалаға күн түспейтін сияқты көрінді. Көшенің екі жағындағы биік ағаштар күн көзінен тасалап, көшені де, тротуарды да көлеңкелеп тұр. Əсіресе, ҚазПИ-дің алдындағы Совет (қазіргі Қазыбек би көшесі) көшесінің екі жағалаудағы биік ағаштары бастарын тиістіріп, көше бойын туннельге айналдырған. Далаға, кең жазыққа үйренген менің көзім жоғары қарасам, аспанды тұтас көре алмай, жан-жаққа қарасам, көкжиекке жете алмай, ағаштарға тіреліп қалатындай сезілетін. Көше бойы сылдырап суы ағып жатқан арық. Арық бойы, ағаш етектері бүгінгідей жалаңаш емес, үлбіреген көк шөп. Көшелері оқтай түзу. Мен сияқты сырттан келген адамдарға іздеген мекенжайыңды тауып алу тіпті оңай. Көшені тауып, жағалай берсең болғаны. Оңтүстікте Алатауы сырт көзге сұсты көрінгенмен, басындағы ала қалпағымен, бауырындағы қалың қарағайлы орманымен қалаға салтанат енгізіп тұр. Сол кезде-ақ Алматыны біз əлемнің ең ағашты, көгі мол қалаларының бірі деп еститінбіз. Кейін əбден туысып, осы қаланың тұрғыны бола жүріп, оған көзіміз жетті. Талай сұлу қалаларды көрдік, соның бірде-бірі біздің қаламызға тең келе алмайды. Мен оқу іздеп келіп, өмірімді осы қалаға табынудан, бастадым.
Қыркүйектің бірі күні аудиторияға кірдік. Осы сөзді де мен сабақ басталар алдында естідім. Мектепте оны класс дейтін. «Класқа кіріңдер» деуші еді мұғалімдер. «Аудитория» деген сөздің мағынасы одан əлдеқайда кең сияқты көрінді. Аудиториямыз – үлкен бөлме, зал. Оған институт корпусының биіктігі (ескі Верный гимназиясының үйі – кейін бұзылып, ҚазПИ-дің Қазыбек би көшесінде 8 қабат үйі салынды) де салтанат береді. Біз дəріс тыңдайтын 11-аудитория бүкіл Алматының үлкен залдарының бірі саналады екен. Онда қаладағы кездесулер, жиналыстар, Жазушылар одағының пленумдары өтеді. Институттың ішкі жиналыстарының бəрі де осы залда ұйымдастырылады.
Студенттер құрамы да біркелкі емес, ала-құла. Олардың ішінде əскери киіммен жүрген, майданнан келген солдаттар да, біз сияқты елде жұмыс істеп есейіп келгендері де, жаңа ғана мектеп бітірген сарыауыздары да бар. Бойлары да əрқилы. Майдангер Бақи Əбдіқадыров деген жігіт староста болды. Ең кішіміз жəне бойы да аласасы – Нұрдəулет Байсеркеев пен Рафхат Хасенов деген балалар еді. Қалғандарымыз жасымыз əрқилы болғанымен, бойымыз, дене бітіміміз біркелкі. Тек Əйтім Əбдрахманов қана бөлектеу, өзі еңгезердей, денелі болғанмен, арық. Арық, ұзын адам еңкіш көрінеді ғой. Аздап еңкейіп жүретін болғандықтан, оның ұзындығы да байқала бермейтін.
Бізде алғашқы сабақ болмады да, оның орнына факультет деканы Дəулет Əлімжанов келіп, əңгіме өткізді. Ағып тұрған сөз екен.
Біреулері артынан мақтап жатты. Бірақ мазмұнсыздау, қызылсөзге құмарлау адам сияқты көрінді. Студенттердің міндеті, сабақ режимі, тұрмысының кездесетін қиыншылықтары жайын түсіндіру орнына, отырған балалардың əрқайсысын бір тұрғызып, ақыл айтқан болып кетті. Нұрдəулетті тұрғызып, «Сенің бойың аласа екен. Мəлік Ғабдуллин де сендей болатын. Сен қайтесің? Мəліктей боласың ба?» – деп ежіктегені есімде. Оқуға жаңа түскен жас бала не айтады? Қадалып, тілмарсып сөйлейді екен, сонысы ұнамады. Екінші сабақта 11-аудиторияға жиналып, басқа факультеттердің студенттері қосылып, «Марксизм-ленинизм негіздері» деген курстан дəріс тыңдадық. Дəріскеріміз – Орал Тоқмұрзин деген кісі. Ол кісі өзі оқитын пəннің бағдарламасымен қысқаша таныстырып барып, дəрісін бастады.
Мектеп сабағын ғана білетін балаларға дəріске ілесіп жазып отыру оңай емес екен. Дегенмен, алғашқы сабақтан бастап, мен барлық пəннен дəрісті ұқыпты жазып отырдым. Өйткені оқулық жоқ. Сол дəрістерім əлі бар. Кейбіреулерін сақтап, ұстаздарымның мерейтойларында өздеріне сыйладым. Ахмеди Ысқақов оқыған «Қазіргі қазақ тілі (морфология)», Садуақас Бакшилов оқыған «Жалпы тарих» сияқты дəптерлерім осы жолмен авторларына қайтарылды. Үшінші сабаққа («Əдебиеттануға кіріспе») Қажым Жұмалиев келді. Қажекең аты бұрыннан таныс, мектепте оқулықтарын оқығанбыз. Оның үстіне Ленинградта докторлық диссертация қорғап, былтыр ашылған Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланғанын газет хабарларынан білем. Сабаққа келген бетте ол кейбір балаларды тұрғызып, қысқа ғана танысты да, дəрісін бастап кетті. Дəріс үстінде қозғалғанды, сөйлегенді ұнатпайды екен. Тым-тырыс тыңдадық. Бір кезде арт жақта отырған бір-екі баланың тыңдамай отырғанын байқап қалып, сөзін үзді де:
– Əне бір бала, атың кім? Тұршы орныңнан, – деді. Бір бала орнынан көтерілді. Атын айтты.
– Мен не айттым, қайталашы, – деді Қажекең.
Əлгі бала үндей алмады. Тыңдамаған бала не айтып, нені қайталасын.
Қажекең екінші балаға қарай бұрылды да:
– Көршісі, – деді.
Көрші бала да тұрды. Ол да ештеңе айта алмады. Осыдан кейін жұрт тым-тырыс дəріс тыңдауға кірісті. Осылай біртіндеп төселіп, институттағы сабаққа бойымыз үйрене бастады. Күн сайын жаңа сабақ, жаңа мұғалім. «Қазақ фольклоры» (Мəлік Ғабдуллин), «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ əдебиеті» (Қажым Жұмалиев), «Қазақ тілінің практикалық курсы» (Төлеубай Қордабаев), «Орыс тілі» (О.И.Ларина), «Неміс тілі» (Мырзабекова), «Психология» (А.Асылбеков), «Жаңа тарих» (С.Бакшилов), «Тіл біліміне кіріспе» (Т.Қордабаев), «КСРО тарихы» (О.Сексенбаев), тағы басқа пəндер өте бастадық. Əр мұғалім – бір-бір мектеп. Сабақты өзінше жүргізеді.
Мəлік Ғабдуллин есімі де маған белгілі еді. Соғыс кезінде батырлығымен даңқы шыққан адам əскерден келген соң кандидаттық диссертация қорғап, Ғылым академиясында істейді дегенді газеттен оқығаным бар. Ол бізге «Қазақ фольклоры» курсын оқуға келді. Бұрын бұл курсты Мұхтар Əуезов жүргізіпті. 1947 жылдың басында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ КСР Ғылым академиясының тіл жəне əдебиет институты жұмысындағы саяси-өрескел қателер туралы» қаулысынан кейін ол кісі сынға ұшырап, ҚазПИ-ден босатылыпты. Тек университетте ғана қалыпты. Мəкең биязы, жұмсақ, қазақ ауыз əдебиетінің материалдарын жақсы білетін, арасында əзіл-қалжың айтып қойып, балаларды жалықтырмайтын жайлы кісі екен. Оның дəрісін қиналмай жаздық. Əңгімеге айналдыра сөйлейді екен.
Төлеубай Қордабаевтың да сабақ үйрету əдісі жағымды еді. Ол тіл білімінің негізгі курстарын оқыр алдында жүргізілетін қазақ тілінің практикумын өткізді. Сөз талдау, сөйлем талдау жолдарын үйреніп, грамматика категорияларын жақсы біліп шығуымызға Төкең үлкен еңбек сіңірді. Білімді, сөзі аз, ойы мен талғамы нақты ғалым болатын.
Ауылдан келген, орыс тіліне шорқақ балалардың орыс тілін үйренуіне Ольга Иванова Ларина деген ұстазымыз жанын салып бақты. Ол бізге оқу жоспары бойынша жүретін екі жылдық курсты түгелдей өзі жүргізді. Тіл үйрету, лексикалық қорымызды байыту, мəтін оқып, мазмұнын айтып беру, грамматиканы игеру бағытындағы оның жұмыстары нəтижесіз кеткен жоқ. Ренжімейтін, күліп отырып дегенін істететін тəжірибелі ұстаз еді. Жаңа үйленген күйеуі əскерге кетіп, салт қалған əдемі келіншекті жағалайтын жігіттерді де байқайтынбыз. Бірақ Ольга Иванова жұрт өсегіне ілінген емес. Кейін, көп жылдан соң, зейнетке шығар алдында тұрмысқа шықты деп естідік. Содан кейін ол көзге түспеді.
«Жалпы тарихтан» сабақ берген Садуақас Бакшиловтың да дəріскерлік əдісі үлгілі еді. Ол тарихи мəліметтерді қызықты ғып əңгімелеп, кейбір жерлерін қайталап, сөзді үстемелеп сөйлейтін («Оливер Кромвельдің өлімі буржуазияның қабырғасын қайыстырды, жүрісінен жаңылдырды, тəубасын есіне түсірді» деген сияқты). Жүзі жылы, көзі күлімдеп тұратын осы ағаммен мен кейін ұзақ жыл қызметтес болдым. Өте сыпайы, күліп жүретін, елгезек, бауырмал кісі еді. Тарих-филология факультеті болып, екі мамандық бірігіп жұмыс істеген жылдарымызда студенттердің педагогикалық практикасына бірге барып жүрдік, карта ойнадық. Отбасымыз араласып, сыйластық. Əлияның ағасы Бейсенов Сейілбекпен бірге оқыған, онымен достығын сақтаған Сəкең Əлияны өз қарындасындай көруші еді.
Сабақ оқу мен ұстаздарым жайлы алғашқы əсерім алыс ауылдан, ұзақ жылдар күтіп, білім іздеп келген менің көңіл күйімді көтеретін жағдайда еді. Алайда, институттың сыртында тұрмыс деген екінші тіршілік күтіп тұрды. Ол – соғыстан қирап шыққан шаруашылық əсерімен қалыптасқан күнкөріс қамы. Киім-кешек жоқ, үйден келген жұпыны киімдерімізбен жүреміз. Тек ойлайтынымыз – тамақ асырау. Карточкамен алатын 500 грамм нан. Басқа тағам түрлері жоқ. Сол аз нанның өзі де кезекке ұзақ тұрып алуды тілейді. Бір тəуірі – нан дүкені ҚазПИ қорасының ішінде. Сол кезде физика-математика факультеті орналасқан, қазіргі сурет-графика факультеті отырған үйдің төменгі қабатында. Сырттан адам аз келеді. Негізінен, студенттердің өздеріне ғана қызмет етеді. Ауылдан тамақ əкелудің ретін де білмейміз. Əуелде өзімізбен бірге азғана май, талқан əкелгенбіз. «Талқан шыдамды болады, май салып, соны былғап жесең, өлмейсің», – деген білетіндер. «Ет шыдамайды, оны сақтай алмайсыңдар», – деп бермеген. Институттың қорасында кішкене асхана бар, одан тамақ ішу мүмкін емес, қымбат əрі дəмсіз дайындайды. Оның үстіне институтқа жаңа корпус саламыз деп біз бірінші курсты бітіретін кезде оны да бұзып тастады. Қазіргі заң факультеті отырған корпус сол кезде жоспарланып, 4 жылдай салынды. Оны да мектеп үйі деп салып, біткен соң институтқа берді. Əйтпесе, соғыстан жүдеп шыққан елдің оқу орнын салуға мүмкіндігі де жоқ-ты.
Осындай қиын жағдайда əкемнен хат алдым. Ішіне жолаушылар карточкасын қоса салыпты. Ол кезде іссапарға шығатын адам өзінің карточкасын жолаушы карточкасына айырбастай алатын. Əкей өзінің жеп отырған 500 грамм нанының айлық карточкасын айырбастап, маған жіберіпті. Фурманов пен Мəметова көшелерінің қиылысында, қазіргі 18 мектептің қарсы қатарында осындай карточкаға тамақ беретін дүкен бар екен. Соны тауып алдым. Бір айға он шақты бөлке нан, қосымша лапша, май, тағы басқа тағамдар алдық. Нанның бəрін жеу мүмкін емес, қатып қалады, не көгеріп кетеді. Сондықтан өзімізге керегін алып қалып, қалғанын Хамит пен Құдыкен (осындай бір жетім бала Хамитпен жолдас болып, мені паналап күн көрді) базарға апарып сатады. Байыдық та қалдық. Əкей осы жақсылығын келесі айда да қайталады. Қайран, Ақкем-ай, маған деген көңілің бөлек еді-ау! Менен үлкен үміт күтетініңді сезетін едім. Еңбегіңді сатпай, жақсылығыңды осылай, айғайсыз, елеусіз жасағаныңды қалай ұмытармын!
Біздің басымызда бар хал елдің бəріне де ортақ. Таныс үйлерге бара қалсаң, бəрінің де жүдеу күйін танисың. Елдің үміті карточка тəртібін жоюда болды. 1947 жылдың аяғына таман карточка жойылады екен деген əңгіме тарады. Шынында да, желтоқсанның 16 күні карточканы жою жəне ақша реформасын жүргізу туралы қаулы шықты. Ақша тым көбейіп, бұрқырап кетіп еді, оны он есеге қысқартып айырбастады. Карточка жойылды. Бірақ жағдай жақсарып кете қойған жоқ. Өйткені дүкенде тамақ жоқ, түсе қалса кезегі үлкен, қолың жетпейді.
1948 жылдың көктемінде адам жей алмайтын, іші сағызданып тұратын қара нан түсті дүкендерге. Оның өзіне деген кезекте есеп жоқ еді. Менің жасымнан үйренген дағдым – ерте тұрам, сонсоң институт қорасына кіріп, дүкеннің алдынан кезек алам. Сөйтіп, кітап оқып отырып күтем. Өзіммен бірге жататын таныс балалар дүкен ашыларда ғана келіп, менің алдымнан кіреді. Тиісті нандарымызды алып тараймыз. Қосып жейтін бірдемең (май, т.б.) болмаса, нан өңешіңнен өтпейді де. Жатақханада тұратын балалар ішінде неше түрлі оқиғалар болып жатады ғой. Осындай күндердің бірінде маған бірге оқитын жігіт Əйтім Əбдрахманов келіп, отырып алып жылады. Не болғанын сұраймын. «Мен құрыдым ғой» дейді. Басқа ештеңе айта алмайды. Кəдімгідей солқылдап тұрып жылайды. Мен жұбатып əлек. Ақыры жылауын басып, əңгімесін айтты. Əйтім оқуға түскенде бір көзі жабық, соқыр болатын. Соған жазда операция жасатамын, сонда қорек болар деп сақтап жүрген бір қарын майы бар екен, өзі ақырын шетінен қасықтың ұшымен алып жеп, кілттеулі чемоданға тығып сақтапты. Əлгіндей тамақтан жүрмейтін нанды жылжыту үшін өзімен бірге жатқан балалар соны ұрлапты. Кейін ұрылар табылды. Совет көшесіндегі жатақхананың 27-бөлмесінде жататын балаларды ұйымдастырған Бердібек Соқпақбаев болып шықты. 7-8 бала жататын. Солардың үшеуін сырт қалдырып, қалғанын қосып алып, мəдениет жəне демалыс паркіне майды, нанды алып кетіп, күн ұзын жатып жепті. Сырт қалғандардың ішінде Əмеди Хасенов (оны қорқақ, айтып қояды деп алмапты), Мұқаш Сəрсекеев (тым ақжүрек деп), Кəрібай Шəменов (Əйтімге туыс, жаны ашиды деп) үшеуі бар. Бердібек осындай жоспарын айтқанда, балалардың бірі чемоданды бұзуға болмайды, ол – менің чемоданым деп зыр ете қалыпты. Чемодан дейтін чемодан да емес, үйеңкіден жасалған ағаш жəшік. Бердібек одан:
– Сенде кілт бар ма? – деп сұрайды.
– Бар.
– Онда чемоданды аш. Жəшіктің артындағы топсаның шегесін түзетіп қойып, қайта жабамыз. Сонсоң топсаны суырып аламыз. Жəшігің бұзылмайды, – дейді. Ақыры солай істейді.
Студенттік өмірдің қиыншылығы мен оны өзінше жеңуге тырысқан жастар арасындағы мұндай күлкілі жайлар аз кездеспейді. Талайын көрдік те. Сөйте жүріп сол ортадан қиыспас достар таптық.
Біз оқыған кездегі студенттердің ішінде əскерден келгендері, біз сияқты жұмыс істеп есейіп оқығандары, мектепті жаңа бітірген жастары да барын айттым ғой. Ол тек біздің курста ғана емес еді. Бізден бұрын оқып, 2-3-4 курстарда жүрген балалар ішінде де сондайлар көп-ті. Солардың ең үлкені – Иманбек Ұйықбаев болатын. Кейін үйленген жолдасы Фатима Мұсабекова – барлығы 4 курста оқиды. Салт кезінде жатақханада Əмеди Хасенов, Асқат Əбілқаевтармен бірге тұрды. Əмедиге барып жүріп танысып, сыйласып кеттік. Кейін үйленген кезде де, одан кейінгі өмірімізде де сыйластығымыз үзілген жоқ. Өте жақсы оқыған, Сталин атындағы шəкіртақы алған, екі тілге бірдей жүйрік, пиғылы, ниеті таза Имекең бəріміздің үлкен ағамыз сияқты еді.
Əмеди Хасеновпен мені жерлесім, тарих факультетінің студенті Мəдіхан Əбсаматов таныстырды. Бұрын Мəдіханды өзі іздеп келіп танысыпты. Негізі жаңарқалық екенін айтыпты. Мен олардың аталарын біліп шықтым. Сайдалы ішінде Мінəсіп, Тұтқыш деген бай адамдар болған. Ақтауды мекендеген. Байларды тəркілеу кезінде балалары қуғынға ұшыраған. Содан əкесі Хасен Жамбыл облысы, Мерке ауданына қоныс аударып, сонда қалып қойған. Əмеди елді көрмеген, сол жақтан оқуға келген. Жаңарқа дегенді естуімен іш тартып, Мəдіханды өзі іздеп келіпті. Аталарының жөнін мен біліп айтқаннан кейін бе, Əмеди мені тіпті жақын тартып, дос боп кеттік. Ол үшінші курста оқитын. Жас мөлшеріміз шамалас. Содан арамыз үзілген жоқ. Студент кезімізде екеуміз бірдей киініп, бірге қыдыратынбыз. Қатар үйлендік, бала-шағамыз араласты. Əмеди оқу бітірген кезде əке-шешесі елге көшті. Қазыкен деген ағасы да елге барып, сол жақта үйленіп, балалы-шағалы болды.
Студенттік достарымның бірі – Мұқаш Сəрсекеев еді. Ол да Əмедимен бірге оқыды. Онымен жəне Бердібекпен мен əдебиет үйірмесінде таныстым. Мұқаш та сталиндік шəкіртақы алып оқыған, үздік студенттің бірі болды. Институттан кейін аспирантурада оқыды. Əдеби сынға көп араласты. Елуінші жылдардың бас кезінде партияның идеология саласындағы режимі тұсындағы сыншылардың ішінде оның есімі бөлек тұратын. Екі тілде бірдей əпербақандау сынға едəуір үлес қосты. Ол үшін мен Мұқашты кінəламаймын. Ақжүрек, партия ісіне, сөзіне қалтқысыз сенген азамат өзінің қалай осы жолға түсіп кеткенін байқамады. Байқаған кезде кеш болды. «Шапқанда байдың ұлы, тоқтағанда еске түседінің» кері еді. Сенімін жоғалтты. Содан диссертация да қорғамады, жазуды да қойып кетті. Өмірінің бəрін журналистік қызметте өткізді. Қандай күйде жүрсе де, студенттік достыққа адал қарап өткен жан еді.
Бердібек жөнінде мен арнайы естелік жазғам. Онымен достығымды, бірге өткізген, əзіл-қалжыңға толы жастығымызды əрқашан еске алам.
Бұлардан бір жыл кейін оқыған студенттер ішінде Айқын Нұрқатовтың, Нығмет Ғабдуллиннің, Əнуар Дербісалиннің есімдері мен үшін айрықша қымбат. Бұлармен ылғи жатақханада бірге жаттым, қара нанды бөліп жедік. Осылардың əрқайсысы жөнінде жазып та жүрмін. Əсіресе, Айқын екеуіміз əдебиеттің бір жанрында (сында) бірге жұмыс істеп, институттан кейінгі қызметімізді «Əдебиет жəне искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында бірге бастап, алғашқы оқулықтарымызды бірге жазып, əбден туысып кетіп едік. Талантты жігіт еді. Тағдыр оған ұзақ өмір бермеді. Докторлық диссертациясын аяқтап, монографиясын басуға дайындап қойған жерінде кенет апатқа ұшырады.
Нығмет пен Əнуар да жақсы жазушы, жақсы ғалым болып шықты. Осылардың қатарында əдебиет майданындағы қызметімізді бірге бастаған Баламер Сахариев, Мыңбай Рашев сияқты жігіттер де болды.
Менің өзіммен бірге оқыған студенттер ішінен де кейін үлкен ғалымдар шықты. Əйтім Əбдрахманов, Телқожа Жанұзақов, Есет Жұбанов, Оқас Нақысбековтер қазақ тіл білімі ғылымын ілгерілетуге үлкен үлес қосқан ғылым докторлары болды.
Тарихшы, жерлес Мəдіхан Əбсаматовпен де студенттік күндерімізді, бозбалалық өмірімізді де бірге өткіздік. Əлия мен Дəлеш бірге оқыған достар еді. Солармен жарасқан жұбымыз өмірімізге азық болды. Мəдіхан оқуын менен бір жыл бұрын бітіріп, Дəлешті алып елге кеткенше, арамыз үзілген жоқ.
Жаңарқалық жерлестер ішінен Тау-кен институтында оқыған Серік Қорабаев пен Рамазан Сəлімбаевтың достық көңілдерін де зор бағалаймын. Олармен де сырлас, адал дос болдық. Ойын-тойлардағы бас қосуымыз да бірге болатын.
Тұрмыстың қиыншылықтарына қарамай, бізді алға сүйреген, рухани тіршілігімізге азық болған осы достардың ықылас-пейілі мен Алматының рухани өмірі еді. Қаламен таныса бастадық. Театрларға жиі барамыз. Мен жас кезімде театр құмар едім. Қарағанды театрының спектакльдерінен қалмайтынмын. Елден əлдеқалай қалаға келе қалсам, кешке міндетті түрде театрға баратынмын. Соның арқасында Қарағанды театрының көп артистерін таныдым. Онда соғыстың соңғы жылдары Айтуған Салықов деген жолдасым істеді. Соған да еріп баратынмын. Алматы театрының, əсіресе, драма театрының спектакльдерін түгелге жуық көрдім. Оның кейбірін Қарағанды театрында көргендеріммен салыстырам. М.Əуезовті, С.Мұқановты, Ғ.Мұстафинді опера театрында бірінші рет кездестірдім. 1947 жылы күзде жас жазушылардың республикалық бірінші кеңесі өтті. Балалар мен жасөспірімдер театрында өткен осы бір жиынға ересек студенттерге еріп барып тыңдадым. Жаңа жазып, көзге түсе бастаған біраз жастарды көрдім. ҚазМУ-да өткен Мұхтар Əуезовпен, ҚазПИ-де өткен Сəбит Мұқановпен кездесулерге қатыстым (олар жайлы бұрынғы естеліктерімде жазғам).
1948 жылы күзде КазПИ-дің ашылғанына 20 жыл толуына арналған Қазақстанның ақын-жазушыларымен үлкен кездесу өтті. Оған сол кездегі Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Сəбит Мұқанов бастаған ақын-жазушылардың үлкен тобы қатынасты. Оны ұйымдастырушылардың ішінде өзім де болдым. Шақыру билеттерін жазушылардың үйлеріне апарып таратқанбыз. ҚазПИ-де оқыған ақын-жазушылардың жинағын шығарамыз деп, олардан шығармалар алғанбыз. Бұл жинақ, бірақ, шықпай қалды. Біз, студенттер, жинап, үстінен қарап, алғы сөз жазуға Қажым Жұмалиевке бергенбіз. Сірə, сол кісінің архивінде қалған болар деп ойлаймын. Осылар мені рухтандырды, білім жолына қанаттандырды.
Студенттерді ғылым, білім жолына баулитын шаралар да институтта көп ұйымдастырылатын. Онда əдебиет, ғылым, ойын-сауық үйірмелері жұмыс істейтін. Барлығын да белгілі қайраткерлер басқарып, жастарды көптеп тартатын. Əдебиет үйірмесін Қайнекей Жармағанбетов басқарды. Ол əуелде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы, кейін Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, «Əдебиет жəне искусство» журналының редакторы болып істеді. Сол жылдардың барлығында да институтта сабақ беріп жүрді. Қайнекей үйірмеде əдебиетпен шұғылданатын студенттердің шығармаларын оқытып талқылаумен бірге, ақын-жазушылардың жаңа шыққан кітаптарына пікір ұйымдастыратын. Əрқайсымыз оқыған кітаптарымыз жайлы айтып, кейін үйірмеде баяндама жасайтынбыз. Тəуір баяндамалар баспасөзге ұсынылатын. Менің алғашқы мақалам 1948 жылы «Социалистік Қазақстанда» жарияланды. Ол кезде мен небəрі екінші курстың студенті едім. КазПИ-дің сол кездегі əдебиетші студентерімен танысып, араласа бастадым. Жоғары айтылған ақын-жазушылармен кездесуді де осы үйірме мүшелері ұйымдастырды.
Тіл үйірмесі де студенттерге ғылыми тақырып беріп, баяндамалар жасатты. Мен оған да қатыстым. Соның арқасында студент кезімде М.Балақаевтың «Емле сөздігі» жөнінде («Ленишіл жас»), мектеп грамматикасы оқулықтарындағы қайшылықты пікірлер туралы («Социалистік Қазақстан») мақалалар шығардым.
Ойын-сауық саласында драма, домбыра үйірмелері жемісті жұмыс істеді. Белгілі театр қайраткері, режиссер Асқар Тоқпанов бізге «Мəнерлеп оқу» деген сабақ жүргізді. Сонымен бірге ол драма үйірмесін ұйымдастырып, М.Əуезовтің «Абай» пьесасы сияқты кесек туындыны студенттер сахнасына шығарды. Домбыра үйірмесін ұйымдастырған Құрманғазы оркестрінің қызметкері Елемесов те жастарды өнердің осы түріне баулуда едəуір еңбек жасады. Осылардың бəрі студенттердің рухани өсуіне жəрдем ететін шаралар еді. Соны біз толығынан пайдалануға тырыстық. Соғыс кезінде білімнен қол үзіп қалған біздің ұрпақта «білсем», «көрсем» деген талап күшті болатын.
Менің есейіңкіреп қалғанымды медеу тұтты ма, білмеймін, факультет басшылығы мені бірден қоғамдық жұмысқа тартты. Старостамыз Бақи денсаулығы болмай, сырттай оқуға келісіп, оқуды тастап кетті. Старостылықты маған ұсынып еді, мен келіспеген соң Əйтімді қойды. Оның есесіне маған факультеттің студенттік кəсіподақ бюросын басқаруды ұсынды. Алғашқы жылым ғой, сабағыма зияны тиер деп қашқақтап едім, Əмеди: «бол, болға» салып көндірді. Оның да себебі бар екен. Студенттерге берілетін жəрдем, киім-кешекке, қосымша тамаққа берілетін карточка кəсіподақ арқылы бөлінеді екен. Əмедидің мені зорлап көндіріп жүргенінің себебі осында болып шықты. Бірақ та карточка жүйесі тарап, біз оны пайдалана алмадық.
Кəсіподақ студенттердің демалуына жолдама да береді екен. Бір-екі рет соны пайдаланудың сəті түсті . Қысқы демалыста (1948 жылдың ақпан айы) Əйтім екеуміз тəуір оқитын студенттер қатарында Қарғалы демалыс үйіне бардық. 12 күндей болдық. Карточка жүйесі жойылған кез. Дегенмен тамақ өлшеулі. Барған күннің ертеңіне Əйтім: «Серік, мен қайтам-ау деймін. Мынаның тамағына тоймай жүрмін. Одан үйде тоя жеген наным жақсы сияқты», – деді. Əйтімнің тамақ ішу салтымен мен таныспын. Ол таңертең екі литр сүт сатып алады да, оны пісіріп, ішіне бір бөлке нанды турап, тойып алады. Басқа тамақ та шамалы. Сонымен күні бойы жүреді. Мен:
– Шыда, ертең түскі тамақ кезінде қосымша тамақ сұрап көрейік, – дедім.
Өзі сұрауға ұялады. Түскі тамақ кезінде тамақ тасушы қыздан:
– Сіздерден қосымша тамақ сұрауға бола ма? – деп сұрадым.
– Болады. Екінші жоқ, біріншіні қанша ішсеңіз де еркіңізде.
– Ой, рахмет! Бізге сол да жарайды.
Осыдан кейін даяшы қыз біріншіні толтырып бөлек ыдысқа құйып əкеп қоятын болды. Əйтекең 2-3 тарелкасын соғып алады, сонсоң барып екіншісін жейді. 12 күннің ішінде 4 кг қосты. Жардай боп семірді.
– Бұл дене менің сорым ғой, тамақ талап еткенде, оны қанағаттандыра алмай қор болам, – дейтін еді жарықтық.
Демалыс үйінде біздің институттың басқа факультеттерінен, университеттен, қыздар институтынан, консерваториядан студенттер болды. Олармен таныстық.
Екінші курста мен факультеттің комсомол бюросының хатшысы болдым. Үшінші курста факультеттің партия бюросына мүше етіп сайлады (партия мүшелігіне кандидат болып, 1946 жылдың аяқ кезінде елде өтіп едім, стажым бір жылға толмай оқуға кетіп қалдым да, мүшелікке өту уақытын созып алдым. Елден кепілдемелер алдырып, 1948 жылдың басында ғана мүшелікке өткем). Мұндай белсенді қоғам жұмысынан төртінші курста ғана босадым. Соңғы курста институт бітіретін студенттерді қоғам жұмысынан босату дəстүрі бар екен. Соны ескеріп, мені факультеттің қабырға газетіне редактор етіп қана тағайындады.
Сөйтіп, қоғам жұмыстарына белсене қатысуым əрі өте жақсы оқуым, ара-арасында газет-журналдарда жариялана бастаған мақалаларым менің беделімді көтерді. Студенттер ғана емес, мұғалімдердің өзі мені тең ұстап, санасатынды шығарды. Үшінші курстың басында факультет басшылығы мені сталиндік шəкіртақыға ұсынды. Бұл кездегі деканымыз Орал Тоқмұрзин менің қоғамдық қызметімді бағалап, өзіне көмекші санайтын. Оны-мұныға ылғи мені жұмсайтын. Менің кандидатурамды талқылаған ғылыми кеңесте Оралдың ұсынысын басқа мұғалімдер де қолдапты. Тіпті тарихшы Халел Əділгереев менің жақсы оқитынымды, қоғамдық белсенділігімді, мақалаларымды оқығанын айтып сөйлепті. Маған сабақ берген кісі емес еді, басқа факультеттің мұғалімі. Мұны маған деканым айтып, «Сені, бүкіл институттың мұғалімдері біледі» деп көтермелеп қойды. Шынында да, сол кездегі институт ұстаздары ішінде факультет мұғалімдерінен басқа математик О.Жəутіков, М.Сатбаев, физик Б.Оразбаев, тарихшы Х.Əділгереев, С.Бакшилов, географ М.Өтемағанбетов, П.Д.Устименко, педагог Қ.Біржанов пен Р.Г.Лемберг, қоғамдық ғылымдардың өкілдері Ү.Балқашев, Н.Үшаяқов, С.Толыбеков сияқты үлкен тұлғалар болды. Институттың шағын кезі. Партия жиналыстарын-да солармен қатар отырып, сөз сөйлеп қалып жүретінмін. Солардың бəрі сыйлап, бауырына тартты. Кейін солардың көбімен қызметтес болдым.
Сөйтіп, үшінші курстан бастап мен арнаулы сталиндік шəкіртақы алып оқи бастадым. Шəкіртақы – 600 сом. 80 сомнан бағасының қымбаттығына қосылады. Сөйтіп, айына 680 сом ақша алам. Жай студенттің шəкіртақысы 220 сом. Тұрмыстық жағдайым онсыз да жаман емес еді, əкем көмектесіп тұрады. Оның үстіне қосылған шəкіртақы мені едəуір көтеріп тастады. Жəне ұсынылған уақыт пен бекіген кездің арасындағы мерзімді есептеп, 3-4 айдың шəкіртақысын бір-ақ берді. Байып қалдым. Өз достарымды жинап, оны атап өттік. Студенттер мұндай мүмкіндікті бос жібермейді. Бірден-ақ қоршап, құттықтап, ұйымдастырып жібереді. Кейін тарих ғылымының докторы болған, белгілі этнограф Халел Арғынбаев менімен қатар тарих факультетінде оқып еді. Ол да үздік оқыды. Менімен бірге сталиндік шəкіртақы алды. Бірақ осы атап өту кезінде төбелес болып, аяғы шуға айналды. Халелді шəкіртақыдан алып тастады. Келесі жылы оқу бітірерде аспирантураға қалдырмай, еліне жіберді. Халел содан біраз жылдар салып барып, Алматыға кеш оралып, аспирантураға, ғылым жолына түсті. Тарихшылардың шəкіртақы жууы Халелге осындай қиыншылыққа түскен еді. Біз одан аман өттік.
Жоғарғы курстарға өткен сайын жаңа сабақтар қосылады, жаңа ұстазбен танысасың. Екінші курстан бастап орыс əдебиеті жүре бастады. Ол кезде орыс əдебиеті бөлек-бөлек курс болып өтетін. Орыс фольклорын бізге Н.С.Смирнова, көне дəуірдегі орыс əдебиетін Митряева, ХІХ ғасыр əдебиетін М.С.Сильченко, ХХ ғасырдың бас кезін жəне сын тарихын Л.П.Малинковский, кеңес дəуірін М.Н.Ритман-Фетисов, шетел əдебиетінен Н.Макарова оқыды. Орыс бөлімдерінен гөрі материалды шағындап берсе де, осы ұстаздардың алдын көріп, солар түсіндірген орыс жəне шетел əдебиеті тарихынан едəуір мəлімет алдық. Н.С.Смирнова дəрісті түрегеп тұрып оқитын. Ойын нақты айтатын, мүмкіндігінше орыс фольклорының материалдарын қазақ фольклорымен салыстыра отырып жеткізуге тырысатын, ғылыми ой тұжырымы кең ғалым еді. М.С.Сильченко отырып алып, ХІХ ғасырдағы орыс əдебиетінің алтын ғасыры жайлы қызықты əңгіме айтатын, түсіндіретін. Таза киініп, сыпайы жүретін (мысықтың жүрісіндей жеңіл, аяғын дыбысын білдірмей басатын) кісі əңгіме айтып отырып, костюмына жұққан қылқыбырды тазалап, жан-жағына қарап қойып сөйлейтін. Л.П.Малинковский деген өте бір білімді адам еді. Бірнеше жерде – Партия мектебінде, ҚазМУ-да, бізде дəріс оқитын. Кейде бізге шаршап келіп отырғанын байқайтын едік. Қазақ əдебиетімен таныс болды, мақалаларды көп жазды. Қырқыншы жылдардың аяқ кезінен орыс тіліне аударылып, басыла бастаған қазақ романдары жайлы талай мақалалары Алматы, Мəскеудегі қалың журналдарда басылып жүрді. Ақыры космополитизм науқаны кезінде қуғындалып, Алматыдан кетіп қалды. Кейін көп жылдардан соң Смоленскіде кездестік. Полтава пединститутында кафедра басқарады екен. Əдебиет кафедралары меңгерушілерінің бүкілодақтық семинарында мен бірден танып, қасымдағы жолдастарыма (З.Ахметов, Қарағандыдан Жұмабаева, т.б.) айттым да, үзіліс кезінде бəріміз барып амандастық. Қуанып қалды. ҚазМУ-да, ҚазПИ-де сабақ берген кездерін еске алды. М.Н.Ритман-Фетисов, ол кезде осындай тіркес фамилиямен жүретін, ол да қазіргі қазақ əдебиетінің орысша шыққан үлгілерімен таныс болатын. Жамбыл жөнінде орыс тілінде алғашқы монография жазған адам. Қазақстанда ол бұдан басқа да «Первые русские повести на казахские темы», «История казахской публицистики» деген зерттеулер жазып бастырды. Ол да космополитизммен айыпталып, Қазақстаннан Мəскеуге кетті. Онда барған соң Ритман деген қосымшасын алып тастап, Фетисов болып басылып жүрді. «Литературная связь Казахстана с Россией» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады, монография жариялады.
Жалпы институттық пəндерден Ярмұхамедова (педагогика), Қ.Біржанов (педагогика тарихы), Ə.Тұрсынбаев, Б.Аспандияров (логика), Ш.Юсупов (марксизм-ленинизм негіздері), Н.Үшаяқов, Ж.Теміралин, С.Толыбеков (саяси экономия), Ү.Балқашев, Н.Əбішев (философия), т.б. лекция оқыды. Белгілі тарихшы Əбді Тұрсынбаев бізге «логика» курсын оқуды бастаған еді. 1948 жылдан басталған Қазақстан тарихына байланысты айтыс-тартыстарда біздің директорымыз С.Толыбековпен келісе алмай, дəрісін үзіп, тастап кетті. Содан кейін Б.Аспандияров деген тарихшы оқыды. Бұл да қудалау астында көп болған, сол кезде де сыннан босамаған адам болатын. Жер қорқақ, жасқаншақ болып қалғаны əрбір сөйлеген сөзін өлшеп-пішіп, сақтанып айтатынынан байқалатын.
Осындай қорқақ адамның бірі Үміт Балқашев болатын. Философияның «тарихи материализм» бөлігін оқыған ол тек қана философиялық категорияларға сүйеніп, жаттанды терминдермен сөйлейтін. Ойын еркін түсіндіруге бармайтын. Егер өзіңше түсінгеніңді айта бастасаң, «Ғылымның қалыптасқан терминдік ұғымдары бар, одан шықсаң қателесіп кетесің» деп қайырып алып келетін. Заман көп адамды қалтыратып ұстады ғой.
Бізге капитализм экономикасын оқыған Н.Үшаяқов деген кісі жауапты партия жұмысынан ауысып келді. Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы болып істепті. Дəріскерлік шеберлігі де, білімі де терең, екі тілге бірдей жүйрік адамның бар кінəсі – арақ құмарлығы еді. Партиялық жұмыстан да сол үшін босаған. ҚазМУ-да, ҚазПИ-де, партия мектебінде – бəрінде қатар дəріс оқыды. Сонымен бірге партия тарихы институтында марксизм-ленинизм классиктерін аударуға қатысты. Жұрт екі аяқты адам дəрісті бұлай оқи алмайды, үш аяқ болған соң сондай болған деп аңыз қылатын. Егер мас болмай, аздап ішіп келсе, көңілденіп дəрісті тіпті əдемі оқитын. Марксті, «Капиталды» жақсы білетіні, оның ұзын-ұзын үзінділерін жатқа айтқаны тыңдаушыларын риза ететін. Бірақ көп кешікпей барлық жерден де жұмыстан босап қалды. Никольск базарында халыққа қарап: «Вы находитесь на рынке, а что такой рынок, не знаете?», – деп рынок тақырыбына дəріс оқығанын талай ел көрген. Біздің жатақхананың алдында ағашқа сүйеніп сөйлеп тұрғанын көрген Қайнекей Жармағанбетов бізге хабарлап, бəріміз үйіне апарып салғанымыз есімде (ҚазПИ-дың қасында, бұрынғы көпшілік кітапханасының қорасында тұрады екен). Мас адамды алакөзімен атып, сызданып қарсы алған əйеліне риза болмай кеттік.
Үшаяқов кеткен соң, қыс ортасында оның дəрісін жалғастыруға Жақсыбек Теміралин деген кісі келді. КазПИ-дің алғашқы түлектерінің бірі екен. Сол кезде Қыздар институтында директордың орынбасары болып істеді. Күліп тұратын, мінезді, жайдары адам еді. Бірақ дəрісті сылбыр, түсініксіздеу оқитын, сөзінің логикалық жүйесі əлсіздеу болатын. Сөйлемінің аяғында етістік болмайтын. Сөзінің бəрін «не етіп, не қылып» деп бітіретін. Үшаяқовтан кейін аудитория оны қабылдай қоймады. Дəріс үстінде бір бала сөзін бөліп: «Ағай, сізді бұл институттан көрген жоқ едік. Бір жақтан келдіңіз бе?», – деп сұрады.
– Мен Қыздар институтында не қылушы едім, сендерге не етейін деп келдім, – деді Жақаң.
Жұрт ду күлді. Өзі де қоса күлді. Кейін Жақаңмен мен талай кездестім. Бірге демалған кездеріміз де болды. Көпті көрген, əңгімешіл, қазақы адам еді.
Социализм экономикасын бізге С.Толыбеков оқыды. Əрі орысша оқыды. Ылғи басшы қызметте жүріп, ресми тілде сөйлеуге үйренген адам саяси экономиканың терминдерін қазақшалауға мойынұсына қоймаған болар (Бірақ Үшаяқов қазақша оқыды ғой). Қазақша лекция дайындауға уақыты да жоқ шығар деп ұқтық. Ол кезде Толыбеков директор болатын. Қызуқанды адам ғой, дəрісті жақсы оқыды. Арасында қазақша əңгіме айтып қойып, қарқылдап күліп алатын, əйтпесе жалпы түсі суық адам еді.
С.Толыбеков ҚазПИ-ге үш рет директор болып келіп, жалпы саны 20 жылдай істеді.Соңғы келгенінде (1963) мен ҚазПИ-де қызмет істейтінмін. Он жылдан астам бірге еңбек еттік. Оның тұсында мен докторлық диссертация қорғадым. Филология факультетіне декан болдым. Қажым өлген соң кафедраға меңгеруші боп сайландым. Көп жыл парткомда мүше болдым. Осының бəрінде С.Толыбеков қолдауын сезіндім. Өз ісіне берік, табиғаты адал, шындықты бетке айтатын, жағыну, жағымпаздану, көлгірсу сияқты қылықты мейлінше жек көретін жəне ондайларға шыдай алмай шарт сынатын мінезі бар-ды. Өзім деген, сенген адамына адал көңілмен қарайтын. Қазақтың халық əдебиетін, ел əңгімелерін көп білетін, шешен кісі болды. 1974 жылы зейнетке шыққанда дəріс оқыған ұстазым екенін айтып, өзімде сақталған сынақ кітапшамдағы өз қолымен қойған «отлично» деген баға мен қолын көрсеткенім бар. Риза болып бетімнен сүйді. Өмірге құштар, белсенді, еңбекқор адам əлі де қартайып тұрған жоқ еді, машина қағып, мезгілсіз арамыздан кетті.
Тілші Сəрсен Аманжолов пен Ахмеди Ысқақовты, əдебиетші Темірғали Нұртазинді, тілші-əдіскер Шамғали Сарыбаевты терең білімді, бізге бергені, үйреткені көп ұстаздар есебінде ерекше бағалаймын.
С.Аманжолов бізге екінші жылы «Қазақ тілінің тарихы жəне диалектологиясы» деген курс оқыды. Бұл – оның соның алдында ғана қорғап келген (1948) докторлық диссертациясының материалдары негізінде дайындалған курс болатын. Əрі бұл тақырыптағы тұңғыш еңбек. Сондықтан мен оны толық конспектілеп алдым. Баяу, сылбыр сөйлейтін, бірақ мазмұнды, ойлы дəрісімен Сəрсекең үлкен ғалым ретінде есімде қалды. Оның дəрісінің мен жасаған конспектісі кейін көп адамның пайдасына жарады. Оны студенттер ғана емес, аспиранттар, ізденушілер сұрап пайдаланды. Кейін Əмеди Оралдан келген бір аспирантты ертіп келіп, кандидаттық минимум тапсырған соң əкеп береді деп сұрап алды да, сол жігіт сіңіріп кетті. Сəрсекеңнің еңбегі толық күйінде өзі өлгеннен кейін (1959) басылып шықты. Бұрыннан мектеп оқулықтарынан атын білетін, институтқа келгеннен кейін «Қазақ тілінің ғылыми синтаксисі» кітабын оқыған маған Сəрсекең қазақ тіл білімінің үлкен еңбекқор қайраткері болып көрінетін еді. Мен оның басшылығымен курстық жұмыстар жаздым. Тіл мəселелері жөнінде жазған мақалаларымды көрсетіп алып жүрдім. Ондай жағдайларда көбінесе үйіне шақыратын. ҚазПИ-дің қорасында ескі екі қабат үйдің жоғарғы қабатындағы үш бөлмелі пəтерде тұрды. Мінезі жұмсақ, үнемі күліп тұратын кісі еді. Мен тілші ғалымдардың сол тұстағы айтыс-тартыстарын да тыңдаған адаммын. Сонда басқалары ашуланып, қатты сөйлеп, айғайлап жатқанда, Сəрсекең күліп тұрып жауап беретін. Мен оны ашулана білмейтін адам көретінмін. Сөйтсем, іштей күйініп, күйіп жүреді екен ғой. 1958 жылы кенет жүрек талмасынан жүріп кетті.
Ахмеди Ысқақов «Қазақ тілінің морфологиясы» деген курс оқу үшін бізге үшінші курста келді. Бірақ онымен одан бұрын таныстым. Бір күні Əмеди Хасенов Ақаң жөнінде айтып, сол кісі морфологиядан докторлық диссертация жазуды жоспарлап жүр. Соған қазақ жазушылары шығармаларынан мысалдар теріп беретін адам іздеп отыр. Басқа да көмекшілері бар сияқты. Мен оған сені ұсындым. Еңбекақыңды төлейді деді. «Қарсы болмаса, ертіп кел», – депті. Мен келісіп, Ақаң үйіне бардық. ҚазПИ-дің қасында Дəулет Əлімжанов, Қайнекей Жармағанбетов – бəрі бір үйде тұрады екен. Біз түскі тамағының үстінен түстік. Жатырқамай, үстелге шақырып, шай ішіп отырып əңгімелестік. Мен ақы дəметпейтінімді айтып, жұмысына көмектесуге уəде бердім. Бір жылдай сол уəдемді орындап, Ақаңа бірталай материал жинап бердім. Кейін сол еңбегі жарық көргенде, Ақаң жұмысын жазуға көмектескен адамдар ішінде менің де атымды атапты. Ақаң дəрісі де тың зерттеуден тұратын еді. Ол жазып жүрген докторлық еңбегінің негізінде оқыды. Сондықтан онда ескі сүрлеу емес, морфологияға деген жаңа көзқарас, тұжырым молтын. Осыны ескеріп, мен бұл дəрісті де толық жаздым. Сол дəптерімді Ақаң 80-ге келген жиналыста сөйлеп, өзіне тарту еттім. Ақаңмен де ағалы-інілі болып, сыйласып өттік.
Мінезі қызық, тəлімді ұстаздың бірі Шамғали Сарыбаев болатын. Ол кісі «Қазақ тілін оқыту əдістемесін» жүргізді. Шынында да үлкен əдіскер ұстаз еді. Материалды түсіндіру, оны есте сақтау жолдарын салыстырмалы əдістермен ұқтыратын. Сол кезде Қытай революциясы болып, Мао-цзе-дуннің аты шыға бастаған. Оның атын ұмыта беретін Шəкең «май тізеден» деген сөз арқылы ғана сақтауға болады деп үйреткен. Жиі тапсырмалар беріп, рефераттар жаздыратын. Жазғанының қателерін қызыл қарындашпен белгілеп, өзіңе көрсетіп, оны дұрыс жазудың жолын ерінбей түсіндіретін. Егер бір сөздің жазылуына күдігің болып, жазып қойғаныңды үстінен жөндесең, бəрібір оны қатеге санайтын. «Оның қалай жазылуын білмейсің, білсең басында дұрыс жазбайсың ба?» – дейтін. Кейбір жаттап алғыш студенттердің ережені жаттағанмен, оның негізін нашар түсінетінін тез ұстап алатын. Емтихан кезінде артқы партаға отырып алып, конспект ақтарып отырған бір қызға: «Қарай бер, көшіріп алсаң да, білмейтініңді бəрібір тауып алам», – деп көзілдірігінің үстінен қарағаны есімде. Жақсы оқитын балаларды іш тартып, маңына ұстауға тырысатын. Кейін институтта біріміз мұғалім, біріміз аспирант болып қалған бір тобымыздың бас қосуымызға қатысқан Шəкең: «Міне, жақсы оқитын, адам болатын балалар бірін-бірі иіскеп табады», – деп мəз болып сөйлегені де бар.
Шəкең ерте қартайды. Жас мөлшері онша үлкен емес сияқты еді, алпысқа жетер-жетпесте жүрісі ауырлап, таяққа сүйеніп, көзі де дұрыс көрмей қалды. Өзі іш тартып жүрген балалардың бірі көзіне түсіп қалса, үйіне апарып сал деп ертіп кететін. Мен де талай рет үйіне апарғам. Əуелде институттың қасында тұрды да, кейін Комсомол мен Талғар көшелерінің бұрышында, трамвай жолының бітетін жеріне таяу үйге көшті. Оған да талай апарып салып, шайын ішкенбіз. Кейде апарып салудан қашып, көзге түспей кетуге тырысатынбыз.
Институт бітіріп, басқа жақта қызмет істеп жүрген кезім болатын. Қасымда 4-5 жасар балам бар, Фурманов көшесімен келе жатыр едім, Шəкең қарсы кездесті. Амандастық.
– Балаң ба? – деді.
– Иə, балам.
Шəкең оң қолын ұсынды. Бала қолын берді. Енді сол қолын ұсынды. Бала да сол қолын берді. Екі қол қиғаштап айқасты. Бұдан кейін Шəкең баланың оң аяғын өзіне таятты да, оны тұмсығынан басып, екінші аяғын да солай етіп қиғаштап айқастырды. Сөйтті де «Көп жаса, азамат бол» деп батасын берді. Мұның не ырым екенін мен түсіне алмадым, сұрау ойыма келмепті. Содан кейін Шəкеңді көре алмадым. О кісі қайтыс болғанда мен Алматыда жоқ едім, қайтып келген соң естіп барсам, Шора қағаздарын ақтарып отыр екен. Талай студенттік дəптерлерді тауыпты (оның ішінде менің де дəптерлерім барын көрсетті). Біз оқып жүрген кезде Шəкең жатақхананың ішінде тұрды да, Шора ҚазМУ-да оқығанмен, сабақтан тыс уақытын бізбен бірге өткізетін. Оның ҚазПИ студенттерімен таныстығы, жақындығы сол кезден басталған.
Темірғали Нұртазинді мен сыншы негізінде институттан бұрын білетінмін. Мақалаларын көп оқығам. Əсіресе, соғыстан кейінгі алғашқы жылдарда ол көп жазды. Бір «Əдебиет жəне искусство» журналының өзінде Ж.Саин, Қ.Əбіқадыров, Ə.Тəжібаев, Ғ.Сланов, тағы басқа жазушылар шығармалары жайында үлкен-үлкен мақалалары басылды. Əбділда Тəжібаевты символистік шығармалары үшін қатты сынады. Ойлы, білімді, көркем əдебиетті талдауға шебер сыншы есебінде есімде қалған. Сол Темкең ҚазПИ-де істейді екен. Ол бізге үшінші курста «ХХ ғасырдың басындағы қазақ əдебиеті», төртінші курста «Əдебиет теориясы» сабақтарын жүргізді. Тағы «Сын тарихынан арнаулы курс» (Сын тарихының негізгі курсын бұрын Л.П.Малинковский оқыған) оқыды. Білімділігі өз алдына, адамды ойлауға үйрететін, көркем шығарманы талдауға жəне оны түсінуге жетелейтін ерекше қабілеті бар ғалым еді. Оны ол кейін зерттеу еңбектерімен дəлелдеді.
1950 жылдардың бас кезіндегі ұлтшылдықты əшкерелеу науқаны Темкеңді де айналып өтпеді. Бұрын ұсталып, барып келген оның еңбектері сынға ұшырай бастады. 1951 жылы орыс тілінде шыққан «О творчестве Сабита Муканова» деген монографиясы Жазушылар одағында талқыланып, одан ұлтшылдық, саяси қателер ізделді. Оның бұрын «халық жауы» ретінде ұсталғаны бетіне басылды. Алдында ғана Темірғалидан қатты сын естіген Əбділда Тəжібаевтың сол жиналыста: «Біз əдебиетті жаулардың қолына беріп қоймауымыз керек», – деп сөйлегені есімде. Ол ҚазПИ-дегі қызметінен босады. Əдебиет – идеологиялық пəн. Оны саяси сенімсіз адамдар оқымауы керек деп шешті. Алайда білімді Темірғали таза жұмыссыз отырып қалған жоқ. Орыс тілі кафедрасына ауысып, институттағы қазақ балаларына орыс тілін үйретті. 1954 жылы Жазушылар одағының П.К.Пономаренко қатысқан бір пленумында Қазақстандағы адамды жазықсыз қудалап, жұмыссыз қалдыру зардаптары жайлы Темекең ащы бір сөз сөйледі. Сонда ол: «Қазақ, орыс тілдерін жетік білетінім өз алдына, мен ағылшынша, немісше, түрікше, парсыша, тағы басқа тілдерді білем», – деп 6-7 тілді атады. Пономаренко да жалт қарады, бəріміз де көңіл аудардық.
Үшінші, төртінші курстарда кеңес əдебиетінен бізге Қайнекей Жармағанбетов сабақ бере бастады. Менің сыншылық қабілетімнің қалыптасуына, кейін ғылымға келіп, əдебиет зерттеушісі болуыма осы ұстазымның еңбегі көп сіңген еді. Менің əдебиет құмарлығым, кітапты көп оқып, соған сын көзімен қарауға тырысушылығым, екінші курстан бастап мақалаларым баспасөзде жариялана бастағаны бұрын жазылған естеліктерде (М.Иманжанов, Қ.Жармағанбетов, Б.Соқпақбаев туралы естеліктерді қараңыз) жазылған. Жас адамның ақыл-кеңес сұрар, жазғанын көрсетіп алар ұстазы болғанға не жетсін! Қайнекей маған осындай ұстаз болды. Мен бірдеңе жазсам, Қайнекейге көрсететін едім. Ол: «Кешке үйге кел», – дейтін. Үйі ҚазПИ-дің жатақханасының қасында (қазіргі Қонаев пен Қазыбек би көшелерінің қиылысында, жатақхананың бұрышында ескі еңселі үй əлі де тұр). Екі бөлмелі кең үйдің қора жағынан жалғастырып бір шағын бөлме қылып салған кабинеті бар. Мен соған кіріп, жазғанымды оқимын. Ол ерінбей тыңдап, ақылын айтады. Мен жөндеп баспаға ұсынамын. Сол жылдары ол Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы əрі «Əдебиет жəне искусство» журналының редакторы. Мақалаларымды кейде алып кетіп журналына бастырады. Кейде: «Сейтжанға апарып бер», – дейді. Сейтжан Омаров – редакцияның жауапты хатшысы, елгезек, бастықтың айтқанын екі етпейтін жəне жастарға ықыласпен қарайтын адам. Қайнекей арқылы мен Жазушылар одағына кірдім. Онда талай баяндамалар жасадым. Ол жайында Əбу Сəрсенбаев жайлы естеліктерде айтылған. Ұстаздарыма қарыздармын.
1950 жылы төртінші курста оқып жүріп үйлендім. Əлиямен 1948 жылы танысқам. Өзіміздің елдің қызы. Жаңарқа ауданының оңтүстік батыс бетінде ертеде Батыс Қазақстаннан бөлініп кеткен кіші жүз рулары (Алшын, Жағалбайлы, Тама) тұрады. Олар К.Маркс жəне Жеңіс совхоздарына (əуелде колхоз болған) біріккен. 1929 жылы қазіргі «Жеңіс» шаруашылығы тұрған Түгіскен деген жерде Сарысу ауданы болып құрылыпты. Жазда Арқаны жайлап, қыста Бетпақдалаға кететін көшпелі ел отырықшылыққа көнбей, ауданды киіз үйде ұйымдастырған. Содан 1932 жылы аштық кезінде бір түнде бүкіл ауданымен көшіп кеткен. Қазіргі Жамбыл облысындағы Сарысу ауданы солай келген. Азын-аулақ бөлегі Созақ жаққа бұрылып, Шолаққорғанда қалып қойған. Қазір осы екі ауданда да Əлияның туыстары бар. Əлияның үлкен əкесі Қойшыбай елге беделді, ауызы дуалы болған екен. Бірге туысқан інісі Торжан болыс болыпты. «Қойшыбай–Торжан» атанған. Туған ағасы Сəрсен Бейсенов (Бейсен Қойшыбайдан туады) жас кезінде Сəкенмен бірге Ақмолада оқыған. «Жас қазақ» ұйымына қатысқан. Сəкеннің «Бақыт жолында» пьесасын ойнаушылардың бірі. Ол жөнінде «Тар жол, тайғақ кешуде» бар. Бұрынғы болыс, би болған тұқымдарды қудалаудың болатынын ерте сезіп, Сəрсен əке-шешесін көшіріп алып кеткен. Əуелгі жылдары елден шығып, бірақ тым алысқа кете алмай, Кеңгір өзенінің Сарысуға құятын жерінде («Құйылыс» деп аталады) қыстау салып, біраз жыл тұрыпты. «Бейсен қыстауы» деген мекен атауы көп жылдарға шейін сақталыпты. Жас кезінде өлең шығарып ел аралап жүрген Иманжан ақын (Мұқан Иманжановтың əкесі) сол ауылға келіп, ойын-сауыққа қатысқан. Кейін Мұқанмен араласып жүргенде апам (Əлияның шешесі) марқұм екеуі бірін-бірі танып, жас кездерін естеріне түсіргені бар. Содан соң Сəрсен əке-шешесін Шолаққорғанға орналастырып, өзі қашқылықты-қуғылықты болып Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Талдықорған жақтарын түгел кезген. Соның арқасында қуғындаудан да, 1937 жылдың лаңынан да аман қалған. 1937 жылы Қызылордада ұстауға кісі келетінін біліп, түн ішінде қашып кетіпті. Соғыс кезінде əскерге кеткен. Соғыстан соң Талдықорғанда тұрып қайтыс болды. Үлкен ұлы Бəрімбек Əлиямен бірге əжесінің қолында тəрбиеленген. Ол да əскерге барып, қайтып келген соң, Заң институтын бітіріп, тергеу орындарында қызмет істеді. Кейін аспирантураға түсіп, кандидаттық қорғап, Қазақ университетінде проректор, Ішкі істер министрлігінің Қарағандыдағы жоғарғы мектебінде бастық болды. Сол мектепті ұйымдастырып, 16 жыл басқарды, генерал-майор шенінде зейнетке шықты. Қазір Қарағанды заң университетіне айналған мектеп генерал Бəрімбек Бейсеновтің атында.
Екінші ағасы (Сəрсеннен кіші) Сейілбек – Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын алғаш бітірушілердің бірі. Ə.Сембаев, С.Толыбековтермен бірге оқыған. Институттан кейін Семейге қызметке жіберіліп, сондағы коммунистік жоғарғы оқу орнында (Комвуз) директор болып тұрып, 1937 жылы ұсталған. 5-6 жылдай отырып келген. Көп жыл Қызылордада тұрып, сондағы пединститутта сабақ берді. Өмірінің соңғы шағында Алматыға ауысып, осында қайтыс болды.
Екі ағасынан кейінгі апасы Дəмеш те ҚазПИ-ді бітірген. Соғыс кезінде партия қызметінде Талдықорған, Алматы облыстарында істеп, партияның жолдамасымен сауда қызметіне ауысқан. Көп жыл Сауда министрінің орынбасары болып істеді. Соғыс кезінде құрылған Талдықорған облысына əскердегі Сəрсеннің отбасын алып барған да Дəмеш. Сəрсен əскерден келген соң бала-шағасын қолына тапсырып, Шолаққорғаннан шешесі мен сіңілісін (əкесі сол жақта өлген) көшіріп алған. Апам да ел адамдарын көп білетін, қонақжай, көпшіл адам еді. Жаңарқадан келгендер соны пайдаланып, бұл үйге көп келген. Ақмағамбет пен біздің əкей де 1947 жылы келгенде осы үйде қона жатыпты.
Жаңарқадан келіп оқуға түскен біздің аталас туысымыз Бəдер деген қыз туған күнін осы үйде ұйымдастырды. Сол арқылы осы үйге мен де бірінші рет бас сұқтым. Дəмеш күндіз-түні қызметте. Ол кезде түнгі қызмет бар ғой. Апам жастардың сауығына араласпай, екінші бөлмеде жатты. Осы кеште мен Əлияны тұңғыш көрдім. 12 мектептің тоғызыншы класында оқиды екен. Бір көргеннен-ақ ішіме шоқ түсіп, кейін мектептен қайтатын кезде жолын тосып, киноға шақырып, біртіндеп бой үйрете бастадым. Айырылыса алмай, түннің бір уағына шейін қыдыратынбыз. Театр, киноға барамыз. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл» демекші, іштей түсінісіп, дос болып жүрдік. Екі жылдан астам сыпайылықтың шегінен аспай, сыйластық. Бір жылдан кейін отбасы жағдайымен бе, əлде денсаулығын сылтау етті ме, білмеймін, Қызылордадағы ағасына кетіп, сондағы педучилищені бітірді. Екеуміздің бір-бірімізге үйренісіп қалғанымызды айрылысқан кезде байқадық. Оған жазысқан хаттарымыз куə. Телефонмен де жиі сөйлесетінбіз. 1950 жылдың жаңа жыл қарсаңында ол Алматыға келді. Кездестік. Жаңа жылды студенттік достарымның ортасында бірге қарсы алдық. Шығарып салғанда бұрынғы əдептің бəрін аттап, бірінші рет құшақтап сүйдім.
Жазда оқуын бітіріп келіп, ол медициналық институтқа түсті. Бірақ онда көп оқи алмады. Өлі денелердің анатомиясын зерттеу үстінде шошынып, ауырып қалды. Дəрігерлер бір жылдық академиялық демалыс алуға кеңес берді. Бір жыл бойы бос жүрем бе деп болмай, ҚазПИ-дің география факультетіне ауысты. Енді жиі көрісіп тұратын болдық. Ақыры құмар көңіл біртіндеп үгіттеп, бірінші курстың студентін, уыздай 18 жастағы қызды үйленуге көндірді.
Уəделескеннен кейін ол ендігі жұмысты ағасымен таныстырудан бастады. Уəделі жерге Бəрімбекті ертіп келді. Ол да өзімдей студент екен. Заң институтында. Үшеуміз «Алатау» мейрамханасына (Горький Красин көшелерінің қиылысында) бардық. Тамақ ішіп отырып, əңгімелестік, таныстық. Бəрімбек əкесіне (Сəрсенге) айтпақ болды. Əлия əкесі өлген соң осы кісінің қолында тəрбиеленген. Оны «папа» дейтін. Əрі шешуші сөзді де сол айтады деп шештік. Шынында, Сəрсекең қызының беті бұрылғанын білген соң шешесін де, қарындасын да көндіріп берді. Дегенмен, ер адам сияқты, өз ықтияры болмаса, оны-мұныға көне бермейтін Дəмеш біраз тулап барып басылды. Онымен сөйлесуге мен 2-3 студент жолдастарыммен (Əмеди Хасенов, Мұқаш Сəрсекеев, Нығмет Ғабдуллин) келдім. Елге хабар айтқаным жоқ. Əкей зейнеткер, ұлғайып, жүріс-тұрысы ауырлап қалған. Өзі ауру. Оларды əуре еткім келмеді.
Дəмештің мінезін білетін Бəрімбек Жаролла Сағынтаев пен Фазила Гумарова деген отбасылық достарын дайындапты. Дəмештің соғыстың алдына бірге оқып, тұрмысқа шығамын деп жүрген жігіті болған екен. Ол əскерге алыныпты. Кетерінде апасына (Фазила Гумарова): «Сол қызды тауып ал, маңыңда ұста», – деп кетіпті. Содан Фазила Дəмешті тауып алып, сіңлісіндей қамқор болған. Күйеуі Жаролла – 1944 жылы Талдықорған облыс болып құрылғанда, облыстық атқару комитетінің төрағасы болған адам. Дəмеш обкомда істеп, Талдықорғанда бəрі бірге тұрған. Əбден кірісіп, сыйласып кеткен адамдар. Алайда, дəм үстінде Дəмеш не «олай» деп, не «бұлай» деп ештеңе айтпай, кешкі жұмысқа кетті де қалды. Біз бəріміз ол қайтқанша, түнгі үшке дейін тостық. Ол келгеннен кейін Жаролла марқұм қаһарына мініп, күштеп, Дəмештің келісімін алып берді. Енді екі жағымыз да тойға дайындалдық.
Үйленетініме көзім жеткен соң мен жаңа ұйымдасқан Қазақтың мемлекеттік көркем əдебиет баспасына қызметке тұрғам. Студенттік соңғы сабақтар мен мемлекеттік емтиханға уақыт қалдыра отырып, баспа ісіне үйрендім. Жаңа ашылған баспа қызметке журналистік қабілеті барларды іріктеп, əртүрлі сынақтан өткізіп жатыр екен. Баспаның директоры Ғалым Ахметов те, бас редакторы Ғали Орманов та менің мақалаларыммен таныс адамдар болып шықты. «Айналайын, Серікжан, сені білеміз ғой, қаламың жүйрік баласың» деп Ғали ағам мені бірден қызметке алды. Мен проза редакциясына редактор болып жұмысқа кірістім. Аударуға бір кітап алып (В.Кавериннің «Ерлік мектебі» деген жинағы), оған алдын ала төлейтін қаламақы алуға келістім. Жиған-тергенім бар, күнделікті шəкіртақым да əжептəуір, азын-аулақ қаражаттың басын құрадым. Қалғанын қарыз алдым. Ол кезде бүгінгідей мейрамханалатып тойлау дəстүрі жоқ, Дəмеш өз үйіне жора-жолдастарын шақырды, біз баяғы төртеуміз (Əмеди, Нығымет, Мұқаш, мен) келдік. Ертеңіне 15-линияда 15-үйде, мен алдын ала жалдап алып қойған пəтерде тойладық. Ыдыс-аяқ, киім-кешек, төсек-орын дегендерді жатақханадан алдық. Карпенко деген комендантымыз болушы еді, бір жарты əперіп қойып, айтқанымызға көндіре беретінбіз.
Той болған жерде артық-кем ішіс болады. Біреулер ерте кетеді. Келісіп, ақшасын төлеп, 2-3 таксиді байлап қойдық. Кейін қарыздарымды төлеп жүргенде, апам марқұм: «Осы балам ақылды, қарызданып қатын ал, қатының қалар жаныңда деген», – деп күлетін. Сөйтіп, 1950 жылдың 15 қазанында біздің некелік өміріміз басталды.
Сəрсекең біздің əкейді біледі екен. Жас кездерінде бір елде қатар өскен құрбылар ғой. Ол бір жағынан. Екінші жағынан, Əлияны əкесінің кенжесі деп сыйлап, өзі тəрбиелеп өсіргені тағы бар, бізге қамқор болды. Тектілік деген жақсы ғой. Бірін-бірі түсініп сыйласа білу де – сол тектіліктің белгісі. Бір жолы Сəрсекең Талдықорғаннан келіп, біздің үйде қонып жатыр еді, екі қарт адам есік қағып, менің атымды атап, кіріп келді. Таныдым. Жоғарыда айтқан, Жайма байдың тəркіленген балалары, немерелері Ақтөбе жағына жер ауып, содан тіршілік тауқыметімен сырғып, Фрунзеге келіп қоныстанғанын естігем. Студент кезімде Мүкейдің Құсайынын (Жаймадан Мүкей, Əубəкір, Қасым, Рақымжан туады) елге барып жүрген жерінен көргем. Біздің үйде болған. Сол, қасында Əубəкірдің Хамзе деген баласы бар – екеуі Алматыға келіп, содан мені іздеп соғыпты. Үстел басына отыра бергені сол еді, Хамзе төрде отырған Сəрсекеңе үңіле бір қарады да:
– Апыр-ай, сен Сəрсен емессің бе? Бар екенсің ғой, мен сені жоқ шығар деп ойлаушы ем. «Өрттен де бір түп ши аман қалады» деуші еді, – деп бас салып құшақтасып көрісті. Бұлар да солай жас кезінде бірге өскен ғой. Заман айырып жіберген. 30 жылдан асқанда бірін-бірі танып жатқаны. Үшеуі қатар төсек салдырып, түнімен əңгіме соқты.
Біз линиядағы жалдап алған бөлмеде үш айдай тұрдық. Сол тұста Дəмеш күйеуге шығып, күйеуімен бірге басқа үйге көшті. Апамның қолына біз келіп кірдік. Біздің 7 жыл тұрған, үш баламыздың, өзіміздің құтты мекеніміз болған үйіміз К.Маркс көшесіндегі 63 үй (кейін қайта нөмерлеп 75 үй болған) кейін Арасан моншасының астында қалды. Апам сол кезде алпыстың шамасында екен, бірақ қуатты. Үйге, негізінен, өзі ие болды. Жарықтық, бір өзгеше адам еді. Бізбен 36 жыл бірге тұрып, 1986 жылы 96 жасында қайтыс болды. Соңғы бірер ай ғана төсек тартып қалғаны болмаса, көп салмағын салған жоқ. Арманы да сол еді. Əлияға: «Саған бейнет болмасам, жарар еді», – деп отыратын. Сол ұзақ жылдарда өз анамдай болып кетті. Қамқорым болды. Əлиядан бұрын аузына мені алып отыратын. Араласып тұратын көрші кемпірлер бірде: «Балаң ба?» десе, – «иə», – депті. Екінші біреуі: «Əлия келінің екен ғой», – депті. Соны естіген Əлия: «Сен немене мені келінім дейсің, қызың болуға тақияңа тар келіп отырмын ба?» – деп дауласатын. Үндемей қоя салатын. 36 жыл бірге тұрғанда əйел болып ренжіген, сөйлеген, шаңқылдап даусы шыққан кезін естіген де, көрген де емеспін. Бірдеңеге ренжісе, көзін жыпылықтатып, шайын ыстық-ыстық ұрттап отыратын. «Мына кісінің көзі жыпылықтап қалыпты. Біреу бірдеңе деді ме?», – деп сұраймын. Ешкім мойындамайды. «Осы кісі ренжітетін кісі емес. Біздің тілеуқорымыз ғой, ешкім сөйлемесін», – деймін тағы да. Сөйтіп, күттік. Тəубешіл, тағдырына риза адам бойында үлкен бəйбішелік мінез басым болатын. Бізбен араласқан елдің бəрінің ол кісіге деген құрметі де бөлек еді. Өзі де көпке ана бола білді. Сəлем бергендерді бетінен, қолынан сүйіп, елгезек қабылдайтын. Көпті көрген, елге дəм берген адам ғой, Əлияны да дастархан дайындауға үйретті. Өмір бойы етті туратып бергізген емес, жас кезінде Арқада үйренген əдеті бойынша етті мүше-мүшесімен тұтастай үлкен табақпен тартатын. Осы дəстүр біздің үйде сақталып қалды. Дүкеннің етін жемейтін, мүмкіндігінше базардан болса да, тұтас алып, өзі бұзып жайғайтын. Əлияны ет бұзуға, қазы айналдыруға, ішек-қарын тазалауға үйретті. Сол кісінің ыңғайымен қыста соғым союды да ерте əдетке айналдырдық. Бізге тамаққа ие боп, үй күзетіп отырғанының өзі қуат еді, қайтқанда жетімсіреп қалдық. Үйдің қалған шаруасы Əлияның өз мойнына ілінді. Ол да бір үйдің кенже, ерке қызы болғанмен, қайратты, өмірге құштар, өз тіршілігін өзі жасауға епті адам боп шықты. Оқуынан да қалған жоқ, география мамандығын үйренетін студенттердің əрқилы тəжірибелік жұмыстарын атқаруға да үлгерді. Өте жақсы оқыды. Оқуынан келе сала, киімін ауыстырып жіберіп, үй шаруасына араласады. Біреу келіп көмектеседі деп тұрмайды, қажет болса үй де ағартады, кілем-төсеніштерін де қағады. Оларды біртіндеп жаңартуды да мойнына өзі алады. 1951 жылдың желтоқсанында үлкен ұлымыз Нұр туды. Оны да бағуға уақыт табады.
1951 жылы мен институт бітірдім. Əлия бірінші курсты аяқтады. Екеуміз елге бардық. Əкей Сарысудың жағасында киіз үйде отыр екен. Біздің барғанымызға, менің үйленіп, оның ішінде Əлияны алып келгеніме қатты қуанды. Сезімін сыртқа шығара бермейтін адам еді, соған қарамастан келген-кеткен қонақпен əңгімесінде, жалпы көңіл күйінде бір көтеріңкі сезімде болғанын байқадым. 1947 жылы барғанда үйлерінде болған. Əлия екі шалды опера театрына ертіп барыпты. Бірақ өзі шалдардан бөлек отырып, спектакль біткенде қастарына барып, үйге алып қайтыпты. Сонда қызығып кеткен əдемі, сүйкімді қыз бүгін келіні болып, үйіне түскені əкемнің көңіл күйін көтеріп жібергендей еді. Оның үстіне Əлияның ата тегін біледі, құданың белгілі тұқымнан болғаны да қазақ үшін мақтаныш қой.
Біз келген соң келімді-кетімді кісі көп болды. Смайылдың баласы келіншек əкеліпті деп даурығып келетін қазақтар да аз емес. Сондай жиынның бірінде бір ақсақал (кім екені есімде жоқ):
– Смайыл, құдаң кім? – деп сұрады.
– Қойшыбай-Торжан, – деді қысқа ғана əкей. Даусынан мақтаныш сезілді.
Қойшыбай–Торжан аты о жақта қосымша түсінік беруді қажет етпейді.
– Ой, есіктегі басың төрге шыққан екен ғой, – деді ақсақал.
Біздің аталарымыз кедейден шыққан. Бірақ кісі есігінде жүрмей, өз шаруаларын өзі күйіттеген. Əкелерім кеңес заманында ауыл, аудан көлемінде қызметтер атқарды. Шалдың тегің кедей еді, енді атақты тұқымнан қыз алдың деп нұсқап отырғаны айтпаса да түсінікті еді. Əкем үндемеді.
Біз алдымен ауданға түскенбіз. Бəкен апамыз кіші қызы Ұлбикенің қолында, Мейіржан деген күйеуі бар – ауданда тұратын. Солар бізді қарсы алған. Апатайым да Əлияны бетінен сүйіп, кетерінде үйіңе барғанда басыңа орамал салып бар, атаң бар, үлкен əжең бар деп үйретіп жіберген. Əлия сол кісінің айтуымен үйге түскенде басына орамал байлаған. Ақкем өз қолымен орамалын алып тастады да, «Орамалың не, қарағым-ау, осы үйдің қыздары қалай жүрсе, солай жүре бер», – деді. Орамал байлап келгенін ұнатып қалған əжем бірдеңе дейін деп еді, оған ұрсып тастады. Кейін Ақкем шығып кеткенде, оңаша əжем марқұм: «Əлия-ау, сырттан келген кісі өсек қып кетеді, олар келгенде орамалыңды байлап отыр, кеткен соң алып тастарсың», – деп сыбырлап қояды. Тұңғыш келіні болған соң Ақкем Əлияны еркелетіп ұстады, онымен тең сөйлесетін, шаруасы, тапсырмасы болса, маған емес, өзіне айтатын.
– Кісі үлкен келінімен тең сөйлеседі. Кейінгі балалармен олай сөйлесе алмайсың, – деп отыратын жарықтық.
Əлия да атасының алдын кесіп өтпей, еңбегін ақтады. Күзде мен аспирантураға түстім. Бірақ аспирантураның жағдайы мен келешегі күмəнді болып қалған кез еді. Қазақстанда ұлтшылдық деген айыппен қуғындау басталған. Қажым Жұмалиевті Қарағандыға жер аударып, сондағы пединститутта сабақ беруге жібергенін мен емтихан тапсыруға келгенде естідім. Кафедраны Мəлік Ғабдуллин басқарып қалыпты. Ол маған «Қазақстанның Ресейге қосылуы тұсындағы əдебиет» деген тақырып ұсынды. Саясаттан туған тақырып екенін түсіндім. Амал жоқ, келісіп, біраз материал да жинадым. Бірақ жаза қойғам жоқ. Сол кезде жинаған материалым əлі бір папка болып, архивімде жатыр. Кейін Мəлікпен келісе отырып, оны мен «Спандияр Көбеевтің əдеби қызметі» атты тақырыпқа айырбастадым. ХХ ғасырдың басындағы ағартушылық əдебиетте елеулі орны бар, алғашқы қазақ прозасын қалыптастырушылардың бірі, педагог-жазушы Спандияр шығармашылығы жайлы бұрын мектеп оқулығындағы кішкене тараудан басқа ештеңе жазылмаған екен. Мəкең ықыласпен келісті.
Аспирантураға түскен соң Қайнекеймен келісіп, баспадан «Əдебиет жəне искусство» журналына ауыстым. Баспаға қарағанда, журнал жұмысы жеңілдеу жəне ұжымы да шағын. Өзім қатарлы жастар. Бұл кезде редакцияға жауапты хатшы болып Жаппар Өмірбеков келген. Бөлім меңгерушілері: Аманжол Шəмкенов (поэзия), Айқын Нұрқатов (сын) жəне мен (проза). Ойнап-күліп бəріміз бірге қызмет істедік. Бұл кезде журнал өміріндегі үлкен жаңалық – Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» (журналда «Қарағанды» болып басылған) романының жарық көруі. Оның мəн-жайын мен Ғабит туралы естелігімде жазғам. Оның басылуы журнал үшін абырой болып қалды. Қалғаны ағымдағы материалмен толықтырылатын.
Журналда істей жүріп мен одақпен, баспамен (бұрын істеген) байланыстарымды ұлғайттым, көп ағаларыммен, замандастарыммен таныстым.
1952 жылы Айқын марқұм екеуміз Жазушылар одағына мүшелікке өттік. Сол жылдары жазылған сын мақалаларымызбен танылып қалған бізге ықылас жақсы болды. Қолдаушылардың ішінде Мұхтар Əуезов болғанын бұрынырақ жарық көрген о кісі жөніндегі естелігімде айтқам.
Суреттер автордың кітабынан жәнен ғаламтордан алынды.
Бөлісу: