Хорхе Луис Борхес. Өлілердің әңгімесі
Бөлісу:
Елес 1877 жылы қыста таң қылаңынан Ұлыбританияның шығыс түстігінен жеткен. Қызыл шырайлы, дене бітіміне қарап оның ағылшын нәсілінен екенін жазбай тануға болатындай. Шын мәнінде ол Жон Буллиге аумай тартқан. Орта тұсы үңірейген қоқырайған бас киімі де күлкілі еді. Әуелгіде оны жұрт түгелдей таңырқап, қаумалап қарсы алған. Олардың көбісі қараңғыда бассыз құбыжық көргендей шошына қашатын. Сүріне-қабынып, алқынып тұрып сүреңсіз елес туралы тітіркене баяндайтын. Бірте-бірте бойы үйренгендер оған жақындай бастаған. Тап беретін, боқтайтын. Бірақ, белгісіз үрейден бе, әйтеуір қасына тақап барудан жүрексінетін-ді. Сондай күндердің бірінде тыс пошымы жендетке ұқсас төбе шашы білте-білте ұйысқан, ұсқынсыз бетінің тең жарымын түк басқан, қызыл көз шикіл сары біреу пайда болды. Тыртықтан денесінің сау тамтығы жоқ жаралы жолбарыстай алабажақ, сұсты. Озбырлана жалақтаған оны көрген әлгі елес зәресі кете селк етіп, сүріне келіп дірілдеген қолын ұсынды да безектеп шырылдай жөнелді.
- Айуандықтың құрбаны, ерліктің ерекше көрінісі сіздей ер жүрекпен қапыда жолығам деп ойламадым. Еске алсам төбе құйқам шымырлайды. Қаскөйлердің жазасын алып жеңіс алаңында түгел дарға асылғанын көрдіңіз бе!? Табаңыз бір қанды-ау деп ойлаймын.
- Егер сіз Сантос Перес бен оның інісі Рейнафэ туралы айтып тұрсаңыз, мен оларға бек разымын, - деді аузы-басы қан-жоса болған тірі кейіп. Үнінде зор мақтаныш бар. Кекесінмен мұқату үшін айтып тұр ма дегендей, таңырқау жүзін бұрған Кирога:
- Сен мені ешқашан түсінген емессің, Росас! Біз бір-бірімізден айрықша ғұмыр кештік. Саған, пешенеңе бүкіл Еуропаның ғажайыпқа толы, әлемге аты мәшһүр сұлу шаһарын басқару бақыты бұйырды. Маған алып Американың шалғай құрлығына кең тарқаған ең тұрпайы гаучолармен майданда болуды жазды. Менің барым – қанжарым, жан ұшырған жалынышты дауыстар, мылқау дала. Құдайдың көзінен де таса жасырын жер, ешкімнің ес, түсіне кірмейтін жеңістер. Ол туралы кім не білмек? Мен Барранка Яако деген жерде қанжар асынып, басынған салт аттылардан қаза болдым. Сондықтан болар, тірілердің әңгімелеріне жаным құмар. Өмірім енді мәңгілік жалғасатынын білем. Маған осындай жайлы ажал сыйлаған саған қарыздармын. Әрине, сенің осы сыйыңның қарымтасын қайтара алмаған сәтім болса кешу өтінем. Болашақ мұндай жақсылықты ұмыта аламайды. Әлгі қу тілді Сан-Хуанның шығармасын оқыдың ба?
Росас айылын тез жинап сабасына түсті. Қарсы алдында тұрған кісәпірге аса жиіркенішпен қарады да:
- Өзің есерсоқ бөспе екенсің. Заманыңның бағалауынан гөрі жарымжан болашақтың жалған мақтауына алданасың. Былшыл. Есебі көк тиынға тең бірдеңе. Кирога:
- Не айтқың келетінін сеземін. Тағдырың саған 1852 жылы құрық салды. Ер жігітке сирек кездесетін ақ өліммен өлер едің. Майданда ажалмен бетпе-бет ұшырастың. Өкініштісі сен мұндай сый-құрметке ие болу бақытынан айырылып қалдың. Қантөгіс шайқас арасынан қара басыңның қамын күйттеп қашып шықтың.
Расос:
- Сен мені қорқытқың келе ме? Күллі Шығысты ат бауырына тыққан мына мені ықтырмақсың ба?
Осыны айтқанда Кирога сәл жұмсарғандай сыңай танытты. Ол:
- Нөкерлерің сенің осы ерлігіңді аңыздай аңырататын-ды. Естігем. Өкінішке орай сол сәтте түгел Америка, түстіктегі Чакабуко, Хунин, Пальма Рэдона, Касэрос маңында мұндай ерліктің сан түрі кездесер еді.
Кирога сөзінің соңын қаріптеп барып бөліп-бөліп бітірді. Расос оның әңгімесін немқұрайлы тыңдады да:
- Мен үшін онда ерлік көрсету қажетсіз еді. Қан майданда маған болысқан ержүректер түгел жазым болды. Олардың өлімі менің өмірімді гүлдендіре түсті. Мысалы, өзіңнен жүз есе артық әлгі Сантос Пересті көрдіңіз бе!? Соғыста ерлік көрсету қайсарлыққа ғана тән. Мұндайда біреу жеңеді, біреу өледі. Ақыры бір батырдың алдында тізе бүгуге мәжбүрсің.
- Мүмкін. Мен өліп те тіріліп те көрдім. Қазірге дейін ештеңеден қорыққан емеспін. Тарих қатігездіктен жалықты. Енді біз су жаңа тағдырмен бетпе-бет келуге бара жатырмыз. Жаңа ғұмыр не береді? Білмеймін! Білетінім – өлімнен қорқу ұғымы мүлдемге сейілмек.
Росас:
- Бұрын кім болғанымды білемін. Оған бек разымын да. Енді ешкімнің кейіпіне енгім кемейді.
Кирога:
- Тас екеш тас та ғасырлар тоздырып, тозаңға айналғанша мәңгі тас қалпында қалады. Өлімге қарай беттегенімде мен де осы ойды бастан кештім. Көп үйрендім өмірден. Мінеки екеуіміз де ақыры өзгеріп кеттік.
Кироганың жауабы Росасты таңдандыра қоймады. Ол күжілдеген зор дауыспен:
- Мүмкін, мен өлі аруақ болу үшін жаралмаған да шығармын. Әйтпесе неліктен осы тұрған жеріміз және екеуіміздің бұл тәжікелесуіміз маған түс сияқты болып, түс болғанда да, менің де емес, әлі өмірге келіп үлгермеген жандардың көретін түсі сияқты болып елестейді?...
Олар бұдан әрі бір де бір сөз айтысып үлгермеді. Себебі, осы мезетте оларды әлдебір күш тасадан шақыра берді.
Қазақ тіліне тәржімалаған Сұраған Рақметұлы
Бөлісу: