Нил Саймон. Әумесерлер
Бөлісу:
Қазақ тіліне тұңғыш рет аударылған аталмыш пьеса Қазақстан Республикасы Авторлар қоғамының қорғауында
Нил САЙМОН
«ӘУМЕСЕРЛЕР»
Қос бөлімнен құралған кісі сенгісіз уақиға
Ағылшын тілінен орысшаға аударған: © Сергей ТАСК
Орысшадан қазақшаға тәржімалаған: © Әлібек БАЙБОЛ
Жауапты редакторлары: Айнұр ТӨЛЕУ, Елдос ТОҚТАРБАЙ.
КЕЙІПКЕРЛЕР:
Леон Степанович ТОЛЧИНСКИЙ
СНЕЦКИЙ
СТАРОСТА
СЛОВИЧ
МЫШКИН
ЯНКА
Дәрігер ЗУБРИЦКИЙ
ЗУБРИЦКАЯ ханым
СОФЬЯ ЗУБРИЦКАЯ
Граф Юзекевич
Уақыты: Патша үкіметі кезі.
Орны: Ат жетпес алыстағы Куличовка атты украин деревнясы.
БІРІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Отыздағы Леон Степанович ТОЛЧИНСКИЙ көпірден өтіп,
алаңға шығады. Бір қолында – ескілеу шабадан, екіншісінде –
бір бума кітап. Ол жан-жағына рақаттана көз тастайды-
дағы, көрерменге көсемси сөйлейді.
ЛЕОН (жымиып). Куличовка... Несі жаман?! Көз алдыма дәл осылай елестеткен ем. Бұл – еңбек жолын енді ғана бастаған мұғалім үшін жанға жайлы мекен. Шынтуайтында, Мәскеудегі мектептің бастауыш сыныбында екі жыл еңбек еттім. Таяқшамен санау, әліппе дегендей... Бірақ, мұнда бәрі басқаша. Өз билігің – өзіңде. Куличовка... Қызықты қараңыз, дәрігер Зубрицкийдың газеттегі хабарламасын оқымайынша, осы деревняның бар екенін де білмеппін, рас. Алысы алыс қой, алайда қандай мүлт жібермес мүмкіндік десеңізші! Әлі де сенер емеспін. Маған... грек тілін, латын тілін, аспантануды, әдебиетті үйреткен ұнайды, білесіз бе?! Мұны айтуым мұң екен, өне бойымды қара тер басты, тура.
Айналасына қарап.
Ешкім жоқ. Ерте келіппін. Мендейлерге ас-ауқат бермей, тек сүйікті ісімен шұғылдануына жағдай жасаса жетіп жатыр... Турасын айтсам, бүгін өмірімдегі өзгеше... тарихи күн.
Сахна сыртынан *рожок үні естіледі.
Не, бұл? Ғапу етіңіз.
Ішке қолында рожогы мен таяғы бар СНЕЦКИЙ деген бақташы кіреді.
СНЕЦКИЙ. Дарья! Машка! Лизка! Дуська! Қайда кеткен, бәрі?
ЛЕОН. Атқан таңыңыз нәсіпті болғай!
СНЕЦКИЙ. Айтқаныңыз келсін! Жиырма қойды байқамадыңыз ба?
ЛЕОН. Жиырма?
СНЕЦКИЙ. Иә, да. Он төрт тал.
Жан-жағын бір шолып шығып.
ЛЕОН. Өкінішке қарай, көрмедік.
СНЕЦКИЙ. Егер, аңдасаңыз былай деңізші...
ЛЕОН. Қойларға ма?
СНЕЦКИЙ. Иә, да. Оларға: «Иең іздеп жүр...», – деп айтарсыз. Сау болыңыз!
Кетуге ыңғайланып.
ЛЕОН. Тоқтаңызшы. Кешіріңіз, атыңыз кім?
СНЕЦКИЙ (тоқтап қалып). Снецкий.
ЛЕОН. Ал, толық есім-сойыңыз қалай?
СНЕЦКИЙ (ойланып). Шұғыл ма?
ЛЕОН. Жоқ, жарайды.
СНЕЦКИЙ. Есімде жоқ.
ЛЕОН. Мен – Леон Степанович Толчинскиймын. Жаңадан келген мұғаліммін.
СНЕЦКИЙ. Рас па?
Бар күшімен Леонның қолын сілкілеп.
Қуаныштымын, Леон Степанович. Атым – Қалай-Еді-Өзі Снецкий... Біздің үйге тоқтаймысыз?
ЛЕОН. Түсінбедіңіз. Куличовкаға біржола келдім. Оқытушымын. Жұмыс істеймін. Арамызда қалсын, мықты маманмын, негізі.
СНЕЦКИЙ. Басында бәрі сөйтіп айтқан. Бірнеше мыңы келген. Алайда, бір күн ғана шыдады.
Рожокқа үрлеп.
Рожок – күрделі аспап. Қойлар қалай үрлейді екен?!
ЛЕОН. Бұ жерге қанша ұстаз келіп еді?
СНЕЦКИЙ. Көп... Жүз мың! Бізді оқыту бекер. Е-е-е, Куличовкада кілең әумесер-әулекілер тұрады. Мұндай ауылды бүкіл Польшаны араласаң да таппассың.
ЛЕОН. Ресей шығар?
СНЕЦКИЙ. Еш айырма жоқ. Елдің ет-жүрегі елжірегенімен, бәрі – тегіс ессіз.
Рожокқа епсіздеу үрлеп.
Дыбысы қалай, ә? Не дедіңіз?
ЛЕОН. Демек, еркегі де, қатыны да, баласы да...
СНЕЦКИЙ. Делқұлы. Басымның сақинасы бар. Менімен он минөт сөйлессеңіз, соған көзіңіз анық жетеді.
ЛЕОН (естімегенсіп). Дәрігер Зубрицкий қызын оқытуға шақырған.
СНЕЦКИЙ (күлкіден жарыла жаздап). Қызын оқытуға дейді? Міне, керемет. Оны айтасыз, он тоғызға толып... жөнді отыруды күні кеше үйренді емес пе?!. Сиыр мен үйректі ажырата алмайды. Бірақ, түсінемін, жағдай қиын, бала.
ЛЕОН (залға). Бір гәп бар-ау, осы.
Қалтасынан газетті суырып.
Әуелі, хабарламадағы әр сөзде грамматикалық қате өріп жүргеніне таңғалғаныммен, аса мән бермеппін. Бопты, барлық жайтты дәрігер баяндап берер.
Снецкийге бұрылып.
Қадірлі Снецкий! Қарсы алғаныңызға рақмет. Әйбат әңгімелестік.
СНЕЦКИЙ. Белгілі дүние ғой.
Залға.
Өз қамын сен ғана емес, мен де ойлай аламын. Не дерімді де білмей тұрғанымды қарашы... маған кету керек. Қош бол, ұстаз.
ЛЕОН. Жолығатын шығармыз, әлі?
СНЕЦКИЙ. Әлбетте. Әлгілерге атымды айтарсыз. Қалай-Еді-Өзі. Бәрі таниды.
Кетеді. Қоңырауын соғып СТАРОСТА көрінеді. ЛЕОН назарын аудартқысы келеді, алайда ол байқар емес.
СТАРОСТА. Сағат тоғыз болды, жағдай қалыпты... Куличовкада сағат тоғыз болды, жағдай қалыпты...
Кетеді.
ЛЕОН (залға). Бәлки, бұл үшін жағдай қалыпты шығар, алайда күмәнім бар.
Кетеді. Ет дүкенінен қолына швабра ұстаған СЛОВИЧ шығады. Ол көшедегі қоқысты бір орынға жиып, дүкен ішіне қарай сыпырады. Ішке пошташы МЫШКИН кіреді.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
СЛОВИЧ. Қайырлы таң, пошташы!
МЫШКИН. Қайырлы таң, қасапшы!
СЛОВИЧ. Күнді қара, қандай, ә?
МЫШКИН. Әлі көрмедім.
Көкті шолып шығып.
Расында да. Сөз жоқ, ғажап.
СЛОВИЧ. Маған не бересің?
МЫШКИН. Ештеңе. Пошташы екенімді білесіз. Сондықтан, бүкіл хат бізге кеп түседі.
СЛОВИЧ. Одессадағы әпкем сырқаттанып қалыпты. Хал-ахуалы қалай екенін естимін бе деп дәмеленсем.
МЫШКИН. Одесса алыста, естімейсің. Ал, хат-хабар жазып қалуы мүмкін. Қазір, көрейік.
Сөмкесін арлы-берлі ақтарады. Сахна сыртынан Янканың: «Балық! Балық!» – деп айғайлағаны естілді, кейін өзі де келді.
ЯНКА. Балық! Жас балық! Сутіл мен камбала! Тұшымды тұқылар!
СЛОВИЧ. Қайырлы таң, Янка!
ЯНКА. Нәлімге қалайсыз? Майлы екен.
СЛОВИЧ. Нәлім? Бұл – гүл ғой.
ЯНКА. Балық қармаққа ілінбеді, енді. Оған мен кінәлі емес шығармын?! Тұқыны алыңыз. Исін-ай, шіркін! Иіскеп көріңізші.
МЫШКИН. Әпкеңізден хабар жоқ, Слович. Сенбесеңіз, міне, жиенінің етікшіге жазған хаты.
СЛОВИЧ. Ара-тұра ауырмай ма? Әйтпесе, жағымсыз жаңалықты жаным сүймейді.
МЫШКИН. Жоқ, жоқ. Дімкәс емес. Алыңыз, алыңыз.
ЯНКА. Міне, бір жылдан асты... қызымнан дерек жоқ.
МЫШКИН. Бір үйде тұрмаймысыз?
ЯНКА. Құдайға шүкір. Әйтпесе, одан мүлде хабарсыз болар ем.
ЛЕОН келеді.
ЛЕОН. Қайырлы таң! Есімім – Леон Степанович Толчинский. Жаңадан келген ұстазбын.
МЫШКИН (иіліп сәлем береді). Мышкин... пошташымын.
СЛОВИЧ (иіліп сәлем береді). Слович... қасапшымын.
ЯНКА (отыра сәлем салады). Янка... саудагермін.
ЛЕОН. Танысқаныма қуаныштымын. Бүгін ғана бақташы Снецкиймен сөйлестім.
МЫШКИН. Естуім бар. Оның толық аты-жөні – Қалай-Еді-Өзі Снецкий.
ЛЕОН. Жақсы адам ұқсайды. Мені дұрыс түсініңіздер, сәл-пәл ақылынан адасқан-ау, шамасы.
ЯНКА. Снецкийде неңіз бар?
Басын төмпештеп.
Оны ат тепкен.
ЛЕОН. Не дейді, Құдай сақтасын! Қайғылы жағдай. Қашан?
ЯНКА. Сейсенбі, сәрсенбі, бір жұмада екі рет, тағы сенбі күні таңнан кешке шейін.
ЛЕОН. Тауардан хош иіс аңқып тұр ғой, ханым...
ЯНКА. Таңдап ап, уха жасаңыз.
ЛЕОН (тыңдап). Бастыққа біреуін алайын. Мынау қаншадан?
ЯНКА. Сутіл екі тиын тұрады. Камбала үш.
ЛЕОН. Қалай?
ЯНКА (ақгүлді ұсынып). Қымбатсынсаңыз, ақбалықты алыңыз. Жарты тиын.
«Балықты» газетке орайды. ЛЕОН пұл төлейді.
ЛЕОН (залға). Бұл ел ерекше диалектте сөйлесе керек.
Жанындағыларға қарап.
Ертерек қызметке кіріскім кеп тұр. Дәрігер Зубрицкийдің үйіне қалай барсам болады?
Үшеуі үш жақты нұсқайды.
Бәрі. Былай, былай қарай!
ЛЕОН. Рақмет. Меніңше, нұсқалмаған жаққа жүргенім жөн. Танысқаныма шын жүректен ризамын.
СНЕЦКИЙ келеді.
О, қалыңыз қалай?! Қойларды таптыңыз ба?
СНЕЦКИЙ. Жоқ, әлі.
ЛЕОН кетеді.
Кім?
МЫШКИН. Ойда жоқта келген оқытушы.
СНЕЦКИЙ. Тағы ма? Жақында, біреуін кездестірдім. Соған қарағанда, бәрі құрылтайға жиналған-ау.
ЯНКА. Граф Юзекевич ашуланатын болды.
СЛОВИЧ. Айтпа. Жаңа мұғалім десе жыны бар.
СНЕЦКИЙ. Неге екен?
МЫШКИН. Дуаны шешеді деп қорқады.
СНЕЦКИЙ. Қандай дуа?
СЛОВИЧ. Соның әсерінен әмбеміз әңгүдік боп тудық қой.
СНЕЦКИЙ. А, иә, иә...
МЫШКИН. Есерсоққа айналғаныма елу бір жыл өтіпті. Сіз ше, Снецкий?
СНЕЦКИЙ. Қырық үш жыл...
МЫШКИН. Сізге ше, Слович?
СЛОВИЧ. Қырық бір. Янка?
ЯНКА. Ес жия алмай жүргеніме жиырма алты жыл, міне.
СЛОВИЧ. Неліктен солай екен, ә?
Бәрі тарайды.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Дәрігер Зубрицкий өз үйінде ауыл Старостасының көзін кесте арқылы тексеріп жатыр.
СТАРОСТА (бір көзін жұмып). К... Е... 5... Л... А... Р... В... Дұрыс па?
ДӘРІГЕР. Білмеймін. Бірақ, тәуір секілді.
Жүрек соғысын тыңдап.
Қызық.
СТАРОСТА. Демек, дені-қарным сау ғой?
ДӘРІГЕР. Сау болғанда қандай. Денсаулық дегенді қойсаңшы. Сексенге шейін өмір сүретініңізге сенім мол.
СТАРОСТА. Жетпіс тоғыздамын.
ДӘРІГЕР. Көрдіңіз ғой, бақандай бір жыл бар.
СТАРОСТА (киініп). Ал, жақсы. Старостаға күш-қуат қажет. Қаншама заң шықты.
ДӘРІГЕР. Дәрі-дәрмек жазып берейін бе?
СТАРОСТА. Не үшін?
ДӘРІГЕР. Білмеймін ғой, енді... Біреулер сөйткенімді қалайды. Мынаны алыңыз-дағы, дәріханаға тартыңыз. Керегін таңдап ап, күніне үш рет сумен ішіңіз. Шипа дарысын!
СТАРОСТА. Қызметіңіз үшін қанша аласыз, дәрігер?
ДӘРІГЕР. Қажет емес. Құдай сәтін сап, медицина факультетіне оқуға түссем, сонда қайтарарсыз, қарызды.
СТАРОСТА. Рақмет. Сау болыңыз!
Кетеді. ЗУБРИЦКАЯ ханым келеді. Жүзінен қуанышпен қатарласқан қобалжу байқалады.
ЕЛЕНА. Николай! Николай! Ол осында. Келіпті! Екі минөт бұрын. Жастығына қарамастан сондай батыл. Біз күткен кісі сол шығар, Николай! Нағыз құтқарушы...
ДӘРІГЕР. Сабыр етші, Елена. Кім келді? Құтқарушысы кім, тағы?
ЕЛЕНА. Сужаңа... әлгі... сужаңа... қалай еді? Келіп, одан кейін кететін ше... Тіл ұшында тұр... білесің ғой, туй. Бізде де болды емес пе?! Кейін із-түссіз жоғалған.
ДӘРІГЕР. О, Құдай... Енді ұқтым.
ЕЛЕНА. Олардың сен әрдайым бас сұғатын орны бар...
ДӘРІГЕР. Иә, иә, саған көрсетіп, содан соң сұрақ қоюшы еді... жаңағылар...
ЕЛЕНА. Шамаң келмесе, әлгілер: «Мұныңыз қалай? Келесіде міндетті түрде бар ғой... анандай», – дейтін.
ДӘРІГЕР. Ол сыртта күтіп тұр ма?
ЕЛЕНА. Келе жатыр.
ДӘРІГЕР. Кірсін, Елена. Тезірек. Жаратушыға сыйын, тұтас деревняны делқұлылардан тазартатын таңғажайып адам боп шықсын... қалай еді, өзі? Анау ше?.. жаңағы... О, Тәңірім! Куличовка төбесінен төніп тұрғанның атауы қалай еді?
ЕЛЕНА. Білемін. Қазір айтамын. «Ұстаздық»-ау, сірә...
ДӘРІГЕР. Ұстаздық...
ЕЛЕНА. Әлде, ұрықтандыру ма?
ДӘРІГЕР. Ұрықтандыру...
ЕЛЕНА. Солай-ау, жобасы.
ДӘРІГЕР. Иә, солай.
Біреу есікті қағады.
Біреу есікті қақты ғой деймін, естідің бе?
ЕЛЕНА. Қаққан нәрсе төбеден төнуі мүмкін бе?
ДӘРІГЕР. Иә, есікті аш.
ЕЛЕНА есікке жақындап, оны итере бастайды.
Өзіңе қарай тарт, өзіңе.
ЕЛЕНА есікті ашады. Босағада ЛЕОН тұр.
ЕЛЕНА. Қош келдің, келісті жігіт.
ЛЕОН. Дәрігер Зубрицкий? Зубрицкая ханым? Куличовканы дәл тапқаныма дән ризамын! Толық аты-жөнім – Леон Степанович Толчинский.
ДӘРІГЕР. Демек, сіз жаңа... жаңа...
ЛЕОН. Дұрыс, сол адам мен боламын.
ДӘРІГЕР. Тыңдашы, Елена! Дәл өзі! Жаңа... сужаңа...
ЕЛЕНА. Қалай еді... әлгі... іске жараймысыз, жастау көрінесіз...
ЛЕОН. Алаңдамаңыз. Бәрі уақыттың уысындағы нәрсе, әлі-ақ ең мықты маман екенімді дәлелдеймін. Бірақ, тым қарапайым боп та көрінгім келмейді.
ДӘРІГЕР. Жо-жоқ, ерік – өзіңізде. Кісі сәні – кісімсу.
ЕЛЕНА. Дандайсыған сайын, сайқал қауымға жаға түсесіз, жарқыным. Жастың ішіндегі ең зорысыз... ал, ары қарай? Ары қарай, не?
ЛЕОН. Ресей ұстаздары арасындағы арындысымын.
ДӘРІГЕР (күш алып). ҰСТАЗДАРДЫҢ?! Ей, мынауың оқытушы екен ғой! Жаңа оқытушы келді!
ЕЛЕНА. Жаратушыға шүкір! Жаңа ұстаз!
ЛЕОН. Рақмет, рақмет! Өстіп қарсы алғандарыңызға ризамын!
ДӘРІГЕР. Жадағайды шешіп, жайғасыңыз! Оқытушыға шай алып кел, Елена. Отырыңыз!
ЕЛЕНА. Шай ішесіз бе? Әлде, бірден жұмысқа кірісесіз бе?
ЛЕОН. Тезірек болса жақсы еді. Мынау сізге, Зубрицкая ханым.
«Гүл» сыйлайды.
ЕЛЕНА. Ғажап ақбалық екен! Бүгін ғана сатып тұрғанын көріп ем. Рақмет, мырза!
Елена «гүл шоғын» алады. ЛЕОН сасқанынан көрерменге бұрылады.
ДӘРІГЕР. Айтар тілек бар ма?
ЛЕОН. Қалай десем екен... Бірнеше сұрақ қойсам...
ДӘРІГЕР. Сұрақ! Бұлар не сұрарын біледі. Саған көрсетсе, оның не екенін таппай қаласың. Мына жігіт біледі. Байқаймын, мықты мұғалім екен.
ЕЛЕНА. Толчинский мырза, егер қиын болмаса, бізге сауал жолдаңызшы... жолдаңызшы, енді. Кез келген.
ДӘРІГЕР. Бұл біз үшін қандай құрмет екенін білсеңіз ғой. «Оқу бағдарламасының» сұрақтарына жауап бермегелі көп болды. Өтінем, сізден.
Бәрі орны-орнына отыра қалады.
ЛЕОН. Әрқилы сауал бар. Қайсысын қалайсыз, математиканы ма, әлде жаратылыстану ғылымдарын ба, бәлкім философиялық?
ДӘРІГЕР. Біріншісі... Біріншісі дұрыс. Философиялық!
ЛЕОН. Қалауыңыз білсін... Олай болса, Өмірдің мәні неде?
ДӘРІГЕР. Сұрақ деп осыны айт... Бұрын-соңды осы тәріздес дүниені естіп пе ең, Елена?
ЕЛЕНА. Сөз жоқ... Керемет!
ЛЕОН. Жауап жоқ па?
ДӘРІГЕР. Бүгін емес. Мұндай мәңгілік сауал санама сыймас... арман. Дұрыс жауабын тыңдасақ бола ма?
ЛЕОН. Әрине, білім – бәріне ортақ құндылық қой.
ДӘРІГЕР. Бірақ, Куличовкада туғандар үшін емес.
ЛЕОН. Түсінбедім.
ЕЛЕНА. Дәріс оқығанда түсінесіз, мырзам.
ЛЕОН. Қандай дәріс?
ДӘРІГЕР. Дәріс емес, жүктілік.
ЛЕОН. Жүктілік?
ЕЛЕНА. Жүргізу деп айтайын деген.
ЛЕОН. Нені жүргізу?
ДӘРІГЕР. Кәдімгі жүктілік... Құдай сол арқылы алыстағы ауылдың үмітсіз тұрғындарына бар қаһарын төкті.
ЛЕОН. Әңгіме дуалау жөнінде шығар?
ДӘРІГЕР. ДУАЛАУ!! Дәл таптыңыз! Мен де соны меңзегем.
ЕЛЕНА. Жаңағының жауабын табуға аз қалдық. Аз ғана...
ЛЕОН. Қандай дуалауды айтып тұрсыз, дәрігер?
ДӘРІГЕР. Есікті жап, Елена. «Үй сыртында кісі бар» деген, қарашы, қане.
ЕЛЕНА. Адамның бар-жоғын ғана тексере аламын.
ДӘРІГЕР. Маңызды емес. Ақырын сөйлесең болар еді.
ЕЛЕНА (отырып). Қаншалықты?
ДӘРІГЕР. Осылай. Сөредегі кітапты ала кел.
ЕЛЕНА аяғын жартылай бүккен қалпы кетеді.
Ал, мырзам, «Куличовка сиқыры» туралы естімеген екенсіз ғой?
ЛЕОН. Естімедім.
ДӘРІГЕР. Қызық екен. Бұ жөнінде Елена да айтып берер еді.
ЕЛЕНА (сөренің жанында тұрып). «Куличовка сиқыры».
ЛЕОН. Оның мәні қандай?
ДӘРІГЕР. Осыдан екі жүз жыл бұрын... ол деревняның бүкіл тұрғынына пәле боп жабысты. Еркек, әйел, бала, жан-жануар дейсің бе, үрім-бұтағына шейін. Сенесіз бе, содан бері елде ес жоқ.
ЛЕОН. Жадылауға қарсымын. Бұл – әжемнің әдемі ертегісі секілді қиял.
ДӘРІГЕР. Ауылымызды Ночкамен шатастырып алдыңыз. Асылында, Ночкада барлық кемпір-сампыр ертек айтуға мәжбүр. Ал, біздегі дуа басқаша.
ЛЕОН. Ол қайдан шықты? Және, мұндай сұмдық ойды қай сұмпайы ойлап тапты екен?
ЕЛЕНА кітапты алып келеді.
ДӘРІГЕР. Кім деймісіз? Осыны «Дуалар кітабынан» оқи аламыз.
Дәрігер кітап тысына қонған шаңды Леонның бетіне үрлейді де, әйеліне бұрылады.
Шаңды сүрттім дегенің қайда?!
ЕЛЕНА. Кеше бәрін соның үстіне жидым ғой.
ДӘРІГЕР (Леонға). Оқыңыз. Бетін белгілеп қойғам.
ЛЕОН (кітапты ашып, жабысқан беттерін әзер икемге келтіріп). Парақтары жабысып қалыпты ғой.
ДӘРІГЕР. Иә, қажетті жеріне таңқурай шәрбатын тамыздық. Ел еститіндей етіп оқыңыз.
ЛЕОН (оқып). «1961 жылдың он бірінші көкегінде... таңертең... Куличовканың екі жасы бір-біріне ессіз ғашық болады».
ЕЛЕНА. Біліп ем. Жастар махаббатқа масайса, жадыландым дей бер.
ЛЕОН. Бұрнағыда бұндайды естімеп пе едіңіз?
ДӘРІГЕР. Ешқашан. Бірақ, түк ұқпадым. Шамасы, ойлы адам ойлап тапқан-ау.
ЕЛЕНА. Ары қарай не болар екен?
ЛЕОН. «Казимир Юзекевич атты бозбала өңді, алайда сауатсыз шаруа еді. Ал, оның ғашығы – айнала-маңға аты шыққан ілімді жан – Михаил Зубрицкийдың қызы-тұғын».
ЕЛЕНА. Зубрицкий? Бір жерден естіген секілдімін.
ДӘРІГЕР. Мен де! Өз көзіммен көрдім! Есік сыртында жазулы тұрған. Деревняда.
ЛЕОН. Ол сіздің есігіңіз емес пе?! Зубрицкий деген сіз ғой.
ДӘРІГЕР (үрейленіп). Тоқтаңыз! Сиқырланған баланың біздің есікке... қатысы болуы мүмкін бе?
Ерлі-зайыптылар есікті ашып, қарай бастайды.
ЛЕОН (залға). Жергілікті зиялылары осы ма?!
Кітапты ары қарай оқиды.
«Бойжеткен Софья Зубрицкая».
Дәрігерге сөйлеп.
Кешіріңіз, қызыңыздың ныспысы кім?
ДӘРІГЕР. Софья.
ЛЕОН. Софья? Софья Зубрицкая? О, тоба! Екі жүз жыл өтсе де аты өзгермепті да!
ДӘРІГЕР. Ғажап. Яғни, ол өз жасын жасырып келген ғой?
Әйел мен еркек бөлмесіне оралып, орындық артында тұрады.
ЛЕОН (оқып). «Қос ғашықтың қосыла алмайтыны баяғыда-ақ белгілі еді. Софьяның әкесі Казимирдың қараңғы екенін білген соң қарсы шығып, жүздесуіне рұқсат етпеді. Алты ай өткенде Софья тағы бір талапкермен көңіл қосып... үйленеді. Тауы шағылып, тауаны қайтқан Казимир жерге тірідей кіру арқылы өзді-өзіне қол жұмсайды. Ұлының қаза тапқанын естіген әкесі – Владимир Юзекевич...».
ЗУБРИЦКИЙЛЕР (орындықты қозғалтып). Қор-қын-ышшш-тыы.
ЛЕОН. «...Владимир Юзекевич...».
ЗУБРИЦКИЙЛЕР. Қор-қын-ышшш-тыы.
ЛЕОН. «...атын естісе болды, жалпақ жұрт қорқатын жағдайға жетті...».
ЕЛЕНА. Атай көрме, атай көрме.
ЛЕОН. «...Казимирдың әкесі – Вла...».
ЗУБРИЦКИЙЛЕР. Қорқын...
ЛЕОН. «...және басқалар... Сайтанға жанын сатқаны үшін Сиқыршы атанған ол, бар зәр-заһарын Куличовкаға шашты...».
ДӘРІГЕР. Осы! Осы тұс!
ЛЕОН. «... жадылау үшін. «Уа, Тәңірім! Михаил Зубрицкийдың қызы әліпті таяқ деп білмес сауатсызға айналсын», – деп айғай салды! Ұлымның ойда жоқта опат болуына себепкер атың өшкір сауатсыздық. Ақылың – аталаға, басың – надандық ордасына, ал жадың – түбі тесік шараға ұлассын, атаңа нәлет. Қап-қара қарғыс отбасы, әулет-зәузатыңа шейін жетсін! Бұдан бастап куличовкалықтар әумесер боп туып, әумесер боп өмірден өтеді. Әумин! Кегімді алмайынша бірде-бір адам ауылдан шықпайды!».
ЕЛЕНА. Бәсе, деревняға пойыз тоқтамайды, осы.
ЛЕОН (залға). Бірінші ойым – қашу болды. Шынымды айтсам, екіншім де сол. Оқыту бір басқа да, ал дуаны шешу...
ДӘРІГЕР. Сізге не болды, Толчинский мырза?
ЛЕОН. Жай, әншейін. Бәрі жақсы. Ой... жүгірткен ем.
ДӘРІГЕР. Елена, естимісің? Ой жүгіртіпті.
ЕЛЕНА. Ол ойлана алады екен!
ДӘРІГЕР (Леонға). Со нәрсе қалай жүзеге асатыны аса қызық боп тұр.
ЛЕОН. Адамның қалай ойланатынын білмейсіздер ме?
ДӘРІГЕР. Мен білмеймін, әйелім тіптен хабарсыз.
ЛЕОН. Бұндайда жан біткен қиялға беріліп, соның әсерінен белгілі бір шешімге келеді.
ДӘРІГЕР. Шешім? О-о-о, осы жағынан осалмыз, енді.
ЛЕОН. Не қаларын ұқпаймысыз?
ЕЛЕНА. Бұ пәледен қашан құтылады екенбіз, Құдай-ай! Біз Өмірдің қанбазарынан қайтып барамыз, Софьяны аман алып қалу керек.
ЛЕОН. Қазір не айтқаныңызды естідіңіз бе?
ЕЛЕНА. Жо-жоқ. Не деппін?!. Сөйлегенде өз сөзімді естімейтін әдетім.
ЛЕОН. Шешім деген – осы. Қызды құтқарғыңыз кеп тұр. Ендеше, ойлана аласыз.
ЕЛЕНА. Қателесесіз, бұл – сәйкестік.
ЛЕОН. Бүгін байқамай айттыңыз, бара-бара ойлана жауап бересіз, ал күні ертең күллі халыққа мәшһүр оқымысты боп шыға келесіз!
ДӘРІГЕР. Консерві қалбырын ашуды үйренемін бе? Сондайда қатты қиналамын...
ЛЕОН (өзімен-өзі). «Сабыр түрі – сары алтын» деген, сабыр ет, Леон!
Дәрігерге сөйлеп.
Саспаңыз, сиқыр-байлауды шешеміз. Оқимыз, оқимыз, оқимыз... Сондықтан, созбақтай бермейік. Софья қайда?
ДӘРІГЕР. Софья?
ЛЕОН. Иә. Бәрі осы есімнен басталды ғой. Және, осымен аяқталатын да шығар, а? Көруге рұқсат па?
ЕЛЕНА. Бұ жерден көре алмайсыз. Ол жоғарғы бөлмеде. Артынан бару керек.
ДӘРІГЕР. Ұстаз сөзін екі етпе, бар.
ЕЛЕНА. Ол ән сабағында болса керек.
ЛЕОН. Ән сабағы? Кім үйретіп жүр?
ЕЛЕНА. **Кенор. Сол баптағалы нәтиже мол, табыс көп. Келе-келе өз ішінде де керемет кенор ашылды.
ДӘРІГЕР. Бір таңғалғаным, сөздері естілер-естілмес қана. Тек мелодия.
ЛЕОН. Түсіндім. Зубрицкая ханым, қызыңызды алып келіңізші.
ДӘРІГЕР (Еленаға). Тепкішекпен көтеріліп, солға бұрылатыныңды ұмытпа, қымбаттым.
ЕЛЕНА кетеді.
Қызым – адам қызығарлықтай ақылды. Деревнядағылар секілді селқос емес. Еңбектенуден еш жалығар емес, бос уақыты жоқ.
ЛЕОН. Не істейді, сонда?
ДӘРІГЕР. О-о-о! Оданда не істемейді деп сұраңыз... Мысалы, қағаз, ағаш, темірден жасалған бұйымдарды... ұстап көргенді ұнатады. Тағы, су ішкенді жақсы көреді.
ЕЛЕНА келеді.
ЕЛЕНА. Таныстыруға рұқсат еткейсіз, мырза...
Оның аты жазылған шпаргалкаға бір қарап алады.
Софья Зубрицкая!
СОФЬЯ келеді.
Бұл – жаңа ұстаз... Леон Степанович Толчинский.
ЛЕОН. Ханым...
Өзімен-өзі сөйлесіп. Сасқалақтап.
Таңдайым кепті! Кеудем қысылып, дем жетпей барады. Сезім селінің астында қалдым. Есіңді жи, Леон, есіңді жи! Ол – сенің оқушың.
Үшеуіне қарай бұрылып.
Айыпқа бұйырмаңыздар!
ДӘРІГЕР. Софья, қазір оның не істегенін білесің бе? Ойға батты! Тамаша ғой, иә?
СОФЬЯ. Иә, анажан.
ДӘРІГЕР. Әкеңмін. Әне, анаң.
ЛЕОН. Отырыңыз, ханым.
СОФЬЯ асықпай-аптықпай отыра бастайды. ДӘРІГЕР: «Көрдің бе? Көрдің бе?» – деп әйелін құшағына алады да, Леонға қарайды.
ДӘРІГЕР. Отырғандағы сәті қалай екен, а?
ЛЕОН. Ғаламат.
Софьяға.
Ханым... сізді Софья десем бола ма?
СОФЬЯ. Софья?
ДӘРІГЕР. Азан шақырып қойған атың сондай, алтыным.
ЕЛЕНА. «Иә!» – деші ботам. «Иә, мені Софья деуге болады», – де.
ЛЕОН. Зубрицкая ханым, көмектесудің қажет жоқ. Өзі жауап берсін.
Софьяға.
Мен – досыңызбын. Сізді Софья деуге келісім беріңізші.
СОФЬЯ ой түбіне түсіп.
ДӘРІГЕР. Бұл қызым үшін үлкен емтихан боп тұр.
ЛЕОН. Меніңше, бір нәрсе айтқысы келеді...
СОФЬЯ. Мені... мені Софья деп атағанның еш ағаттығы жоқ, қайта жарасымды.
ДӘРІГЕР. Жарайсың, жарығым!
ЕЛЕНА. Жарайсың, сәулем!
ЛЕОН. Кедергі келтірмеңіздер! Сізге жәрдемдесу үшін ұзақ жол жүріп келдім. Бірақ, ынта-ықылас болу керек. Солай ма?
СОФЬЯ. Иә, мені Софья деп атағанның еш ағаттығы жоқ.
ДӘРІГЕР. Ақылдым, менің! Сөзін қайталай түсті.
ЛЕОН (өзімен-өзі сөйлесіп). О, Жаратқан, маған күш-қуат бере гөр.
Софьяға.
Әуелі, бірнеше оп-оңай сұрақ қояйын. Қиын емес. Сүйкімді сүдініңізге реніштің болмашы бояуын жаққым жоқ... Қысқасы, сүйікті түсіңіз қандай?
СОФЬЯ. Сүйікті түсім?
ЛЕОН. Иә. Қызыл? Көк? Жасыл? Күлгін? Қайсысы?
ДӘРІГЕР. Осыны бір жерден естіген секілдімін.
ЛЕОН. Мұқият тыңдаңыз, Софья. Сүйікті түсіңіз қандай?
ЕЛЕНА. Мұраты не, сонда? Бұл университет емес қой.
СОФЬЯ. Менің сүйікті түсім...
ЛЕОН. Иә-иә...
СОФЬЯ. ...сары.
ЛЕОН. Сары! Сары түсті ұнатады екен. Неге сары?
СОФЬЯ. Өйткені, саусаққа жабыспайды.
ЕЛЕНА (күйеуіне). Жауабы – жартымсыз. Саусаққа жұқпайтын түс – көк.
ЛЕОН. Қызық. Бірақ, қисынды. Оның түпкі мәнін түсінбесем де... Бір өтінішім бар, Софья. Арзу-арманыңыз туралы айтып беріңізші. Арман дегеніміз не?
СОФЬЯ. Білемін. Бұл – ойға алғаның орындалмайтын сәт.
ЛЕОН. Егер орындалса, не жөнінде армандар едіңіз?
СОФЬЯ. Не жөнінде деймісіз?
ЛЕОН. Иә.
СОФЬЯ. Құс боп... желмен жарысып, ағаш, үй, тау-тас, өзен-көл мен орман-тоғайдың үстімен ұшар ем... әрқилы адаммен кезігіп, әлемді аралап... бәрін оқып-біліп, көрер ем. Өкінішке қарай... мұндай мүмкіндік жоқ. Себебі, осы жерде тұрақтауға тиіспін.
ЛЕОН. Бұрын-соңды естімеген ғажап арман екен, Софья.
Зубрицкийлерге.
Енді, ұқтыңыздар ма? Құс боп ұшу – надандық шынжырын үзу деген сөз. Ол – оқуға құштар жан... Кітапханаммен ант етейін... Мен – Леон Степанович Толчинский Софья Зубрицкаяның арманына қанат бітіремін.
СОФЬЯ. Қалай алғыс айтарымды да білмей тұрмын, ұстаз.
ЛЕОН. Ғажап жаратылыс иесі! Софья – жаны таза, көкірегінде оты бар, жүрегі елжіреген адам. Уақытты текке жібермейік. Ертең... таңғы сағат сегізде алғашқы сабақ өтеді. Неден бастаймыз, Софья?
СОФЬЯ. Тіл үйренуден шығар...
ЛЕОН. Әрине, тілден! Еске де түспепті... Қайсын үйренгіңіз келеді?
СОФЬЯ (ойланып). Сиыр тілін.
ЛЕОН. Сиыр?!
ДӘРІГЕР. Қолданыс аясы тар әрі сирек кездесетін тілді бекер таңдадың ғой, қызым-ау. Оны біліп, қатар алып жүретіндерден ешкім қалған жоқ.
ЕЛЕНА. Алып жүрудің не қажеты бар? Отырып-ақ сөйлеспей ме?!
СОФЬЯ. Бөлмеме баруға рұқсат па?
ЛЕОН. Әлбетте.
ЕЛЕНА. Орнынан қалай тұрғанын көрдіңіз бе, жоқ па? Тағы бір рет қайталашы, қалқам.
ЛЕОН. Қажеті жоқ. Ол одан да ауқымды іске қауқарлы.
ДӘРІГЕР. Өйтіп айтпаңыз. Қазіргі жастарың...
СОФЬЯ. Сау болыңыз, мұғалім.
ЛЕОН. Өмірде ертеңгі күнді бүйтіп күтпеген ем, шіркін-ай.
СОФЬЯ. Ұстаз ішіндегі ең ұнамдысыз. Куличовкада қалсын деп... жалбарынамын, Жаратқанға.
Кетеді.
ЕЛЕНА. Есікті өзі тауып барды! Өзі!
ДӘРІГЕР. Софьяның қуанғанын бірінші рет көруім... Не туралы ойлағанымды білесің бе, қымбаттым?
ЕЛЕНА. Жоқ, кейде өзімнің не ойлағанымды білмеймін.
ДӘРІГЕР. Қыз ғашық боп қалған секілді.
ЛЕОН. Олай болса... қарсы алдыңызда бақырбастының ең бақыттысы тұр. Осыған шейін құлағына сырға салған адамы бар ма еді?
ДӘРІГЕР. Құлағына?
ЛЕОН. Бір жігітпен атастырылып па еді дегенім ғой?
ДӘРІГЕР. Бұндай нәрсе салтымызда жоқ.
ЛЕОН. Қалай, сонда?
ДӘРІГЕР. Жігіт-мігітті қабылдамаймыз, әңгіме тәмам. Оны да.
ЛЕОН. Оны?
ЕЛЕНА. Күйеуім ОҒАН ешбір ескертпе жасаған емес.
ЛЕОН. Демек, біреуі бар! Кім ол? Білуім керек. Маңызды.
ДӘРІГЕР. Ешкімге айтпайсыз ғой?
ЛЕОН. Жоқ.
ДӘРІГЕР. Куличовкадан шыққан... граф Григорий Михайлович туралы естуіңіз бар ма?
ЛЕОН. Естідім деп айта алмаймын.
ДӘРІГЕР. Неге? Қиын емес қой. Елена да айта алады.
ЕЛЕНА. Граф Григорий...
ЛЕОН (ашуланып). Айта аламын! Кім ол?
ЕЛЕНА. Көбеюімізге негіз болғанның бірі...
ЛЕОН. Юзекевич?
ДӘРІГЕР. Солардың соңғы тұяғы.
ЛЕОН. Бұның Софьяға қандай қатысы болуы мүмкін?
ДӘРІГЕР. Әлгі еркек күніне екі рет: «Үйленейік!» – деп ұсыныс жасайды.
ЛЕОН. Екі рет?
ДӘРІГЕР. Иә. Таңғы сағат алтыдан он бес кеткенде және кешкі сегіз жарымда.
ЛЕОН. Ессіз сүйе ме, сонша?
ДӘРІГЕР. Монша?
ЛЕОН. Ессіз сүйе ме деймін?
ДӘРІГЕР. Е-е-е, жоға, әулет арасындағы кек қой. Әгәрәки, Зубрицкая Юзекевичқа үйленсе, онда оқу да, сабақ та тоқтамақ.
ЛЕОН. Софья не дейді?
ДӘРІГЕР. Қызым көп жылдан бері графтың ұсынысын қабыл алмай жүр. Бұлайша жалғасуы мүмкін емес. Шаршады... Ол да ел қатарлы ерте ұйықтағысы келеді ғой.
ЛЕОН. Қандай адам, өзі?
ДӘРІГЕР. Біз секілді.
ЛЕОН. Онда, граф та сау емес екен ғой...
ДӘРІГЕР. Саяхаттағанды жаны сүйеді. Алайда, оған Куличовкадан асуға болмайды.
ЛЕОН. Түсінікті-і-і. Егесетін ер, аққаптал қарсылас анықталды. Жарайды, бұл да жөн шығар. Көрейік, әуселесін. А-а-а, ұмытып барамын. Үй-жай жағы қалай, мұнда?
ДӘРІГЕР. Алаңдамаңыз. Біз осында-ақ қона саламыз.
ЛЕОН. А-а-а... иә-иә, ұқтым. Көріскенше күн жақсы...
ЕЛЕНА. Толчинский мырза! Тағы да сұраңызшы. Өтінемін. Өзімді сондай білімдар сезініп жүрмін.
ЛЕОН. Иә, әрине. Өмірдің мәні неде?
ЕЛЕНА. Ах, қайта қобалжып кеттім... Тамаша жансыз.
ДӘРІГЕР. Мен... мен білетін секілдімін.
ЕЛЕНА. Білсең айт.
ДӘРІГЕР. Ал, қазір мен... ой... шынында да жауап берсем қалай болар екен, а? Алғашында миға қонбаған.
ЛЕОН (ерекше қызығып). Айтсаңызшы енді, Зубрицкий мырза! Тезірек!
ДӘРІГЕР. Меніңше, ОН ЕКІ!
ЛЕОН. Қалай-қалай?
ДӘРІГЕР. Бұрыс па? Сондай екенін түріңізден-ақ байқап тұрмын. ОН ТӨРТ?
ЛЕОН. Әттең, әттең...
ДӘРІГЕР. Әйтеуір, жүзден төмен. Басқа-басқа, бірақ бұған ақылым жетеді. Сексен үш? Қырық алты?
ЛЕОН (есікке бет алып). Осыны философиямен айналысқанда талқылаймыз. Әзірге, тынығып алыңыз. Қайырлы түн!
Көшеге шығып, айғай салады.
ОН ЕКІ!
ЕЛЕНА. Сен де, тегі... «өзім білем»-ге салынып. Керемет сауалдың сиқын кетірдің, әне.
ЛЕОН (көшеде). ОН ЕКІ!
ДӘРІГЕР. Дәл тапқанымда дұрыс жауапты сатып, қазына-байлыққа қарық болар ек.
Ерлі-зайыптылар кеткенде, артынша-ақ тығылып тұрған ЛЕОН ішке кіреді.
ЛЕОН (залға). Софьямен қоштасуға келдім. Негізі, осында қап, қарғыс атқыр қара сиқырды шешпек ойда едім... бірақ ол: «Он екі!» – дегенде... еһ, ғашығымды ұмытуға тиіспін.
Балконнан әйелзатының көлеңкесі көрінеді.
СОФЬЯ. Мұғалім!
ЛЕОН. Софья?
СОФЬЯ. Мен мұндамын.
ЛЕОН. Шәліңіз қайда? Тұмауратып қаласыз ғой.
СОФЬЯ. Оның не екенін білмеймін да. Әлі үйренбедім.
ЛЕОН. Бәрін үйренудің қажеті жоқ.
СОФЬЯ. Ах, қандай болғым келгенін көрсеңіз ғой...
ЛЕОН. О кезде арманыңызға жету жолында көмектесер едім... себебі...
Өзіне-өзі.
Қап! Ары қарай жалғасса, жарымес болар түрім бар.
СОФЬЯ. Сізге қиялдап, бірақ мақсатына жете алмаған қыз ұнар ма еді?
ЛЕОН. Жете алмаған... сіз сияқты ма... А-а. Иә, әрине. Ұнайды. Ұнар еді. Ұнатамын. Жетемін. Әлі.
СОФЬЯ. Сиыр тілі деген осы ма? Бәрін ұқтым дей алмаймын.
ЛЕОН. Сандырақтасам, оған кінәлі – мына сіз, Софья. Сөз жүректен шықса, тіл еркіне бағынбас...
СОФЬЯ. Жоғарыда тұрғаным қандай жақсы болған. Қош болыңыз. Ертең бәрі шешіледі.
ЛЕОН. Ертең бе... жыл өткен соң ба... айырма қандай? Мәңгі күтуге әзірмін.
СОФЬЯ. Ертең белгілі болмақ. Сәті түспесе, ешқашан кезікпейміз.
ЛЕОН. Кезікпейміз?
СОФЬЯ. Мұның қандай мағынаға ие екенін білмеймін. Сөз ерніме жанаса кетсе, тарыша жан-жаққа шашырап жатыр.
ЛЕОН. Сол ерінге саусақты бір тигізсем ғой, шіркін.
СОФЬЯ. Мені өбкіңіз келе ме?
ЛЕОН. Жан-тәніммен.
СОФЬЯ. Ерінмен деп ойласам...
ЛЕОН. Ойыңыз – орынды.
СОФЬЯ. Енді, не тұрыс?
ЛЕОН (жоғары өрмелеп). Міне. Қыранша ұшып барамын.
Леон балконға шығады, бірақ Софья орнында жоқ.
Қайдасыз?
СОФЬЯ (төменгі жақтан шығып). Сіз қиналмасын деп төменге түстім.
Леон (залға). Ажарсыз болса, баяғыда-ақ Мәскеуге тартып кетер ем.
Софьяға.
Сол жерде тұрыңыз. Міне, түсіп барам.
СОФЬЯ. Жақсы.
Қыз кетіп қалады, ал ЛЕОН орнынан қозғалмайды.
ЛЕОН. Қашанға шейін қашып жүрер екен?!
СОФЬЯ (балконда тұрады). Келдім.
ЛЕОН. Уәдеден таймайтын шығарсыз?
Екеуі сүйіседі.
СОФЬЯ. Жүрегім өрекпіп қатты соққанын байқадым.
ЛЕОН. Мен де.
СОФЬЯ. Сездіңіз бе? Неткен ұқсастық. Тек, шашыңыз қысқарақ... кетуім керек. Әйтпесе, осында ұйықтап, төсек бос қалар.
Кетеді.
ЛЕОН. Пәк жанмен өмірім жаннаттық ләззатқа толы болмақ. Сондықтан, бос әңгімеге уақыт жоқ.
Жасын ойнайды.
Үй іздестірейін.
Балконнан түседі. Жасын ойнайды.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
СНЕЦКИЙ (сахнаға жүгіріп шығып). Сіз бе?
ЛЕОН. Не дедіңіз?
СНЕЦКИЙ. Үрейлі дыбыс шығарған сіз бе деймін?
ЛЕОН. Жоқ. Найзағай ғой. Табиғатқа тән мінез.
СНЕЦКИЙ. Бұны кім істесе де, графтың ашуланатыны анық.
ЛЕОН. Граф Юзекевич?
СНЕЦКИЙ. Қор-қынн-ышш-тыыы... Иә. Анау жардағы жалғыз үйде тұрады. Осы дыбыс естілгенде, Юзекевич үстімізге су құяды.
ЛЕОН. Оның не шаруасы бар, Снецкий? Жай ғана жаңбыр ғой. Кәдімгі жаңбыр!
ЯНКА келеді.
ЯНКА. Қолшатыр! Қолшатыр сатамын! Дәл қазір су шашады...
ЛЕОН. Олай емес, Янка. Жауын ғой. Конденсация.
ЯНКА. Ертекті мына есерсоқтарға айтыңыз, кезінде мектепте еден жуушы болғанмын... Қолшатыр! Қолшатыр сатамын!
ЛЕОН. Қай жерде түнеп шықсам екен, а?
СЛОВИЧ пен МЫШКИН кіреді.
СЛОВИЧ. Не жағдай?
МЫШКИН. Графтың су шашатынын ішім сезіп еді. Білгендей кір киімді сыртқа іліп қойыппын ғой.
ЛЕОН. Мышкин, сіз...
Қамалдағы қоңыраулата соққан сағат дыбысы естіледі.
СЛОВИЧ. Мінеки... Граф Юзекевичтың ғашығына үйлену туралы ұсыныс жасайтын мезгілі.
МЫШКИН. Келіссе, кещеліктен құлан-таза айығамыз.
ЛЕОН. Софьяның сонымен тұрмыс шеккенін қалаймысыз?
СНЕЦКИЙ. Е-е-е, әлбетте, ес жиып, есімімді жадыда жаңғыртсам жақсы болар еді.
ЛЕОН. Қызды құрбан қылсақ іс біте ме, сонда?
ЯНКА. Құрбандық? Жардан су шашу... макаронды еріккен кезде жеу... мұрынды тіс ұнтағымен опалау...
ЛЕОН. Ал, сүймесе ше?
СНЕЦКИЙ. Не дедіңіз?
ЛЕОН. Софья Юзекевичты сүймесе ше?
СЛОВИЧ. Бізде ондай жоқ.
ЛЕОН. Не жоқ?
СЛОВИЧ. Махаббат-сахабат. Шарт сондай.
ЛЕОН. Түсінсем бұйырмасын.
МЫШКИН. Келе жатыр. Қашыңыз, ұстаз. Ол бөтенді көрсе, бөрі тиген қойдай қылады.
СЛОВИЧ, МЫШКИН мен СНЕЦКИЙ кетеді.
ЛЕОН. Куличовкалықтар махаббаттың не екенін ұмытқаны шын ба, Янка?
ЯНКА. Қайдан білейін?! Қара жамылғаныма он төрт жыл болды.
ЛЕОН. Кешіріңіз!
ЯНКА. Өлшеулі күні бітті, өлді, хош... алайда, сол он төрт жыл ішінде бір рет келсе болар еді ғой.
Кетеді.
ЛЕОН. Арқамды ақпанның аязы қарып өтті. Қымбаттымнан көз жазып қалмасам жарар еді, Жаратқан... Тауаны тар графты тасада жатып бақылайын.
Ағаш далдасына тығылады.
ГРАФ (сахна сыртынан). Софья!
***Балалайкасын шертіп Юзекевич келеді.
Көрінші, көзіме. Ай десе аузы, Күн десе көзі бар Софьям, менің! Ұсынысымды тыңда... Қалың ұйқы құшағында екені сөзсіз. Еріккен.
Жерден тас алып, Зубрицкаяның терезесіне лақтырады. Тырс еткен дыбыс естіледі. Балконға дәрігер ЗУБРИЦКИЙ шығады. Үстінде – үйде киетін жадағай жеңіл киім, қолында – балауыз шам.
ДӘРІГЕР. Кім-ей, бұл?
ГРАФ. Мен ғой... граф Юзекевич!
ДӘРІГЕР. Қайырлы кеш, граф!
Иіліп амандасқаны соншалық, маңдайын ұрып алады.
ГРАФ. Сізге ұсыныс айтуға келген бетім.
ДӘРІГЕР. Кешіктіңіз, үйленгеніме жиырма алты жыл...
ГРАФ. Қажеті жоқ. Қызға келдім...
ЕЛЕНА (сахна сыртынан). Николай! Николай!
ДӘРІГЕР. Мұндамын! Не болды?
ЕЛЕНА (жанына жақындап). Дәке берші. Табанымды тіліп алдым... Кіммен сөйлесіп тұрсың?
ГРАФ. Сәлеметсіз бе, Зубрицкая ханым. Бұл мен ғой, граф Юзекевич. Қызыңызды әйелдікке алсам деймін.
ЕЛЕНА. Бос емес. Ол өртке оранған пердені өшіруде.
ДӘРІГЕР. Немене?
ЕЛЕНА. Енді, шам жоқ, бір нәрсе жағуым керек қой.
Софья көрінді.
СОФЬЯ. Не боп жатыр, әке?
ДӘРІГЕР. Сені оятып жібердік пе, қалқам?
СОФЬЯ. Жоқ. От-алау аясында кітап оқып отырғам.
ГРАФ. Осы ойсыздардан құралған отбасымен құдандалы болғалы жүрген мен де оңбаймын.
ДӘРІГЕР. Софьяжан, саған сырға салсам деп келіпті. Қай құлағынан бастайсыз, граф?
ГРАФ. Екеуміз ғана қалсақ бола ма?
ДӘРІГЕР. Жо-жоқ, қызым да тыңдасын.
ГРАФ. Жарайды. Әйелім болшы, Софья.
ЕЛЕНА. Не деген романтика, Құдай-ау! Мен де керексіз кезде табанымды тіліп ап...
СОФЬЯ. Өкінішті-ақ. Үйлену оңай, үй болу қиын, мырза. Ал, мен бәрін ақыл таразысына саларлық жағдайда емеспін, ессізбін. Қайырлы түн, граф. Қайырлы түн, әке.
ЕЛЕНА. Жайлы жатып, жақсы тұр. Сен де балам. Кітап оқып болған соң, өртті өшіруді ұмытпа.
ГРАФ. Оңайлықпен беріле салар жан мен емес. Таңертең қайта келемін.
ДӘРІГЕР. Сау болыңыз, Юзекевич мырза.
ЕЛЕНА. Сау болыңыз, граф.
Екеуі де иіледі.
ДӘРІГЕР. Айналып кетейін, абайлашы. Сақалымды күйдірдің ғой.
ГРАФ (өзімен-өзі). Екі есерсоқпен туыс болсам, сиқыр-байлаудың көкесін басыма жияр түрім бар-ау, шамасы.
ЛЕОН. Құдай сақтасын!
ГРАФ. Кім, бұл? Шық бері?
ЛЕОН. Кешіріңіз, мырзам. Өтіп бара жатқанмын... Танысып қоялық. Мен, граф...
ГРАФ. Білемін. Жаңа оқытушысыз. Жадыланғандарды жазу туралы баянсыз бастамадан шаршамадыңыз ба, әлі?
ЛЕОН. Софьяға келе беруден... сіз де болдырмаған секілдісіз.
ГРАФ. Табан астындағы тапқырлығыңызға тәнтімін. Қарғыстың қара бұлтын сейілту үшін Софьяға білім беру керек. Оған шамаңыз жетпес. Әлде, маған үйленуі қажет...
ЛЕОН. ...армандапсыз. Көріскенше...
ГРАФ. Сапар сәтті болсын!
ЛЕОН. Сапар?
ГРАФ. Иә, егер бір күнде сауатын арттырмасаңыз, деревнядан қуыласыз. Бір секундқа кешіксеңіз, дуаның құрбанына айналасыз.
Залға.
Бітті деген – осы.
ЛЕОН. Мүмкін емес. Ақ жолдан адастырмаңыз, граф. Ешқайда кетпеймін. Біле-білсеңіз, Софьяны өлердей жақсы көрем.
ГРАФ. Рас па? Куличовкада махаббатқа орын жоқ. Қарғыста бұл да қарастырылған.
ЛЕОН. Софья мені сүйе алмайды демекпісіз?
ГРАФ. Екеуміздің еншімізде бір күн бар. Жиырма бес сағат.
ЛЕОН. Жиырма төрт.
ГРАФ. Қалайша?
ЛЕОН. Бір тәулікте жиырма төрт сағат бар.
ГРАФ. Дұрыс. Ақпанда. Қайырлы түн.
Кетеді.
ЛЕОН. Уағдаласқан уақытта үлгермесем сүйіктім менен жерініп кететіні шын ба екен?
Балконнан Софья көрінеді.
СОФЬЯ. Леон!
ЛЕОН. Не жағдай, Софья?
СОФЬЯ. Екеуара әңгімені естідім. Жоғары көтеріліңіз, қане.
Леон балконға өрмелеп шығады.
Леон... мені оқыту бекер. Қашыңыз, Куличовкадан.
ЛЕОН. Сізбен ғана.
СОФЬЯ. Онда бірге қашайық. Жеделдетіп.
ЛЕОН. Қарғыс...
СОФЬЯ. Бұ жағынан дәрменсізбіз. Ештеңе етпес, орманда орын теуіп, тамыр қазып жейміз. Қартайып, өңсіз боп, махаббаттың маңызын ұғынбастан алжи бастаймын. Көңілге демеу болары – бірге тұратынымыз.
ЛЕОН. Сол себепті, қалам деп шештім.
СОФЬЯ. Онда, тұқымымызды тұздай құртады.
ЛЕОН. Сабыр, сабыр. Білім жиясыз. Сонда, дуа да күшін жоймақ. Көзіңіз анық жетеді, Софья. Ертең-ақ.
СОФЬЯ. Ах, Леон, сізге ынтық болсам арман жоқ.
ЛЕОН. Бәрі сәтімен. Ертең. Ант етемін.
СОФЬЯ. Онда, көріскенше...
Софья үйге кіреді. Леон төмен қарай түседі.
ЛЕОН (қолымен желпіп). Асүйге қонбағаны өкінішті-ақ. Қанша дегенмен бірінші қабат қой.
СОФЬЯ қайта келеді.
СОФЬЯ. Леон! Келіңіз! Тезірек... тез-тез!
Ол қайтадан балконға көтеріледі.
ЛЕОН. Не болды, тағы?
СОФЬЯ. Ұйқым келмей жатыр. Қорқынышты.
ЛЕОН. Қорқудың қажеті жоқ.
СОФЬЯ. Сізді бір күн шын сүю үшін, қарғыстың мың жылына төзуге әзірмін.
Кетеді.
ЛЕОН (залға). Байқайсыз ба, қызға оны біреу сүйе ме, сүймей ме, о жағы қызықсыз ұқсайды. Софьяға ғашық болу маңыздырақ... иә-ә-ә, тағдыр мені қызық жерге топ еткізгенін қарашы. Янка, Снецкий мен Мышкин, графқа да бауыр басып үлгердім. Ал, манағылар маған назар аударғысы жоқ. Сиқырдан құтылып әрі осы балконнан аман түсуге нәсіп ет, Тәңірім.
Түсіп барады.
Осы жөнінде мына сіз де ойлана отырыңыз. Үрейлендіргім келмейді, әрине. Алайда, дәп Куличовканың аумағындамыз. Сондықтан, бір-бірімізге тілектестік білдірейік.
Кетуге ыңғайланады.
СОФЬЯ (балконға жүгіріп шығады). Леон! Ұмытып барады екенмін...
ЛЕОН (діңкелеп). Ертең Софья, ертең-ң-ң. Мына қос қабаттық ақпар санама салмақ болды, сілем қатты.
Құр сүлдесін сүйретіп кетіп барады.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ САХНА
Алаң. Таң атқан кез. Шақырған әтеш дауысы. СНЕЦКИЙ келеді-дағы, есінейді. Ет дүкенінен СЛОВИЧ шығады.
СНЕЦКИЙ. Жаңалық бар ма, Слович?
СЛОВИЧ. Сізге не қызық?
СНЕЦКИЙ. Дуаның жайы не боп жатыр? Қаупы төніп тұр ма екен, әлі?
СЛОВИЧ (басын Көкке көтеріп). Көрінбейді.
СНЕЦКИЙ. Газеттен іздеу керек шығар?
СЛОВИЧ. Табылған ақыл...
Дүкеннен газетті алып келеді.
Түнде жауын жауды.
СНЕЦКИЙ. Қайдан білесіз? Оқып үлгермедік қой?
СЛОВИЧ. Ұстап көрдім. Қағаз дымқыл...
СНЕЦКИЙ. Оның себебін итіңізден сұраңыз.
СЛОВИЧ. Қайдам, ол әріп танымайды.
ЯНКА келеді. Қолында – тобатай.
ЯНКА. Кілегей аламыз, кілегей!
СЛОВИЧ. Беріңіз.
ЯНКА. Алдымен, бір іліп алу керек. Қайта соғарсыз.
ЯНКА кетеді. Сахна ауысады. Зубрицкийлердің үйі. Ерлі-зайыптылар келе жатыр. Қолында – балауыз шам. Төсекке жақындайды да, тізені жартылай бүккен қалпы отыра кетеді.
ДӘРІГЕР. Ал, бастайық. Уа, құдіреті күшті Құдайым! Куличовка Сенің рақымыңнан үмітті.
ЕЛЕНА. Қарапайымбыз. Тәңірім...
ДӘРІГЕР. Бірақ, соншалықты қарабайыр емеспіз.
ЕЛЕНА. Барлық күнәмізді кешіргейсің!
ДӘРІГЕР. Не бүлдіргенімізді білмейміз, себебі білмей бүлдіреміз.
ЕКЕУІ. Жолымызды аша гөр, Жаратқан Жалғыз Ием. Біздің де, қыздың да, ұстаздың да және өзіңнің де... егер құп көрсең, әрине... Әумин.
Біреу есікті қағады.
ДӘРІГЕР. Біздікі ме? Ішінен қақты ма?
ЕЛЕНА. Жоқ, сыртынан.
ДӘРІГЕР. Аш, онда. Мұғалім болар.
Айғайлап.
Софья! Аз-маз ұйықтап алғын. Ал, әзірге төменге түс.
Есікті ебедейсіз итеріп тұрған әйеліне сөйлеп.
Өзіңе қарай тарт, өзіңе!
Ішке асығып-аптығып ЛЕОН енеді.
ЛЕОН. Сағат қанша болды?
ДӘРІГЕР. Алтыға он минөт қалған шығар?
ЕЛЕНА. Сегізден он бес кеткен-ау...
ДӘРІГЕР. Тоғызға он бес минөт қалды!
ЕЛЕНА. Сағат жоқ, бізде.
ДӘРІГЕР. Тисе терекке, тимесе бұтаққа. Төрт он екі?.. Жеті қырық?.. Сізге қанша болғаны ыңғайлы?
ЛЕОН. Тыңдаңыздаршы! Граф маған: «Дуаны бір тәулік ішінде шешуің керек», – деп талап қойды. Кеше Куличовкаға... таңғы тоғызда келдім. Қазір сегіз. Еншімде бір-ақ сағат бар. Жо-жоқ, одан да аз. Бақандай бір минөтым еш кетті... Жәрдемдесші, естіші, мені... О, Тәңірім.
ДӘРІГЕР. Өкінішті-ақ, онымен жаңа ғана тілдескен ек.
ЛЕОН. Софья қайда? Мен үшін әр сәт қымбат. Қызыңызды шақырыңыз!
Келе жатқан адам аяғының дыбысы естіледі.
ДӘРІГЕР. Бұл мен ойлағандай кісі болса, Софьяны шақыруға жұмсаймын. Тез келеді.
СОФЬЯ (жүгіре). Қайырлы таң, анашым! Қайырлы таң, әке! Қайырлы таң, ұстаз!
ДӘРІГЕР. Үшеуін де жақсы айттың! Оң жағынан тұрыпты!
ЛЕОН. Күндей күлімдеуін қарашы.
ЕЛЕНА. Қай жерге жайғассақ екен.
ЛЕОН. Софьямен жеке сөйлессем деймін.
ДӘРІГЕР. Жарайды. Кедергі келтірмейік. Кеттік, қамбаттым.
Ерлі-зайыптылар есікке бет алып.
Оқытушыңды тыңда, қарағым.
ЕЛЕНА. Сен үшін дұға етеміз.
ДӘРІГЕР. (Леонға) Бәрі сәтті өтсе, терезені қағарсыз. Үш ұзақ, екі қысқа соққы...
ЕЛЕНА. ...және алты ұзақ...
ДӘРІГЕР. Ойдағыдай шықпаса, жеделдетіп жеті рет ұр...
ЕЛЕНА. ...және... баяулатып үш рет...
ДӘРІГЕР. Егер қарын ашса...
ЛЕОН. Тіфу! Кетесіздер ме, жоқ па?
Есікке қарай итеріп.
ЕКЕУІ. Кетеміз! Кетеміз!
Есік сыртында тұрып.
ЕЛЕНА. Арты жақсы болмасын жүрегім сезеді.
ДӘРІГЕР. Жай сөйле, естіп қоймасын.
ЕЛЕНА (отырып). Ана жүрегі бәрін сезеді ғой. Соңғы кезде өсіпсің.
Екеуі кетеді.
ЛЕОН. Софья... Алғашында, алдымда асу бермес асқар тұрғандай сезілген-тұғын. Куличовкадан кетсем деп те ойладым... маған дейінгілер ұқсап. Алайда, көзіңе қарап, бүгін бәрі оң шешілетініне сенім мол. Бізді таңғажайып уақиға ғана құтқармақ. Сол «таңғажайыптың» жүзеге асуы үшін барды салайық.
СОФЬЯ. Таңғажайып деген не?
ЛЕОН. Бұл – Құдайдың құдіреті. Бұл – сен... уақытты үнемдейік.
Қолына кітап алады.
Арифметика бойынша тапсырмалар жинағы. Бірінші сынып.
СОФЬЯ. Жеңілінен бастасақ қалай?
ЛЕОН. Одан оңайын таппайсың. Міне, қара...
Алғашқы бетін ашады.
Мынау – бір. Яғни, бір пән. Бір Софья, бір Леон, бір кітап...
СОФЬЯ. Әкемнің үстелі үстінде екіншісі жатыр.
ЛЕОН. Дұрыс. Бірге бірді қоссақ екі... Қайтала.
СОФЬЯ. Немене?
ЛЕОН. Бір...
СОФЬЯ. Бір.
ЛЕОН. Бірге бірді қоссақ...
СОФЬЯ. Бірге бірді қоссақ...
ЛЕОН. Екі шығады!
СОФЬЯ. Екі шығады!
ЛЕОН. Ғажап! Ақылдым, менің. Өсу бар. Жарайсың, Софья. Жалғастырамыз ба?
СОФЬЯ. Иә. Енді, тауарих...
ЛЕОН. Арифметиканы аяқтамадық, әлі. Ары қарай кеттік. Бірге екіні қоссақ үш болады.
СОФЬЯ. Сонда, бірге бірді қосудың қажеті жоқ па?
ЛЕОН. Жоқ. Бәрін жадыңа тоқы.
СОФЬЯ. Ойбуй, о кезде білетінмін. Қайталау керек пе?
ЛЕОН. Не сөз, бұл? Әркез есте сақта.
СОФЬЯ. Енді, сен бірге бірді қосқанда қанша шығатынын сұрап тұрамысың?
ЛЕОН. Жоқ! Егер мұны ұмытсаң, онда бірге екіні қосқанда қанша шығатынын айтудың еш мәні қалмайды.
СОФЬЯ. Бірге бірді қоссақ неше болатынын білесің бе?
ЛЕОН. Әлбетте.
СОФЬЯ. Онда мұның не қажеті бар? Мені шын сүйсең, сұрағанымда айтып бересің ғой.
ЛЕОН. Жаныңнан табылмасам ше?
СОФЬЯ. Бізде мұндай сауал қойылмайды. Одан бұрын, дәл жауапты ешкім білмейді.
ЛЕОН. Өйткені, сауатсыздық жайлаған! Сендерді оятқым келеді!
СОФЬЯ. Ұрыспашы, маған. Салты сондай ма? Бұрындары сұрақ қоймайтынсың. Есесіне, еркелететінсің. Ақылдының бәрі ашушаң ба?
ЛЕОН. Жоқ, Софья, жоқ. Ашу мен сабырсыздыққа бой алдырдым. Кешірші. Басынан бастайық. Бірге бірді қоссақ екі болады. Қайтала.
СОФЬЯ. Бірге бірді қоссақ екі болады. Қайтала.
ЛЕОН. «Қайтала» деудің қажеті жоқ. Тек, соған дейінгіні ғана. Бірге бірді қоссақ екі болады. Қайтала.
СОФЬЯ. Бала кезіңде қандай ең?
ЛЕОН (ашуланып). Оның арифметикаға не қатысы бар, айтшы?
СОФЬЯ. Тағы да, ұрыстың.
ЛЕОН (байыппен сөйлеп). Зерек. Сергек. Білімге құштар. «Қайдан келдік және қайда барамыз, өмірдің мәні неде?» – деп көп ойланатынмын.
СОФЬЯ (ойға батып). Өмірдің мәні неде...
ЛЕОН. АҚЫЛ-ЕСТЕН АЙЫРЫЛАР СИҚЫМ БАР, СОФЬЯ! Сұрақ қоймашы, өтінемін. Уақыт жоқ.
СОФЬЯ. Ілімді қалай жиямын?
ЛЕОН. Мен сұраймын, сен жауап бересің.
СОФЬЯ. Әлгіндей жағдайда сен қызығатын дүниені ғана білемін ғой. Басқа нәрсемен шұғылдансам ше?
ЛЕОН. Осы айтқаныңның еш елеп-ескерер ерекшелігі жоқ.
СОФЬЯ. «Бала кезде қандай ең?» – деген сұрақта мән жоқ па, сонда?
ЛЕОН. Зәредей де.
СОФЬЯ. Бірақ, бұл бірге бірді қосқаннан қызықты.
ЛЕОН. Келесіде сұрарсың, қазір оқу керек.
СОФЬЯ. Түсініп тұрмын. Ілімге деген қызығушылық жоқ, ал сені тануға келгенде бар. Мұнда мән-мағына болуы мүмкін.
ЛЕОН. Ессіздің қисынымен ештеңе теңесе алмас. Тағы да қайталайық.
Көшеден Зубрицкийлер көрінеді. ЕЛЕНА терезеге желімденіп қалғандай.
ДӘРІГЕР. Қызым сиыр тілін үйреніп алыпты.
СЛОВИЧ (дүкеннен шығып). Бүгін жолым болмады, өзі. Бірде-бір сардина сатпадым.
МЫШКИН (бұрыштан шығып). Қайырлы таң, дәрігер!
ДӘРІГЕР (әйеліне). Қалай?
ЛЕОН дәрменсіздіктен басын жерге ұрады.
ЕЛЕНА. Екеуі гимнастикаға көшті.
МЫШКИН. Дәрігер, Толчинский мырзаға хат әкелдім.
ДӘРІГЕР. Тыныш. Мектеп аумағында жүрсіз.
ЯНКА мен СНЕЦКИЙ келеді.
МЫШКИН. «Шұғыл» деген белгі соғылған. Соны ойлап екі күн ұйықтамадым.
ДӘРІГЕР. Ол бос емес. Кейін келіңіз.
ЕЛЕНА (терезеге телміріп). Көңіл – алаң, көңіл – алаң.
ДӘРІГЕР. Құдайға бет бұрайық, ауылдастар. Құлдық құрсауын бұзуға күш берсін.
СЛОВИЧ дүкеннен кісенді ала келіп, оны балталай бастайды. Қалғаны – дұға-тілек тілеуде. Үйден ЛЕОН шығады.
Тыныш! Ұстаз келді.
ЛЕОН. Мұны жаңылтпаш түрінде айтуға тиіспін. Себебі, бірнеше минөттан соң бұ сөзді қайталауға қайрат жетпес. Дәрігер Зубрицкий! Софьясыз өмір мәнсіз. Шаңырақ көтергім келеді. Осы тұрысымда... әлі де ғашықпын. Үш минөттан кейін айтылғанның бәрі ақылдан ағып түседі. Қамалдағы сағат тоғызды соққанға шейін оң батаңызды беріңіз!
Үйге кіріп кетеді.
ДӘРІГЕР. Жақсы жігіт, жүзі – жылы. Мінезді, өзі. Иә, Елена?
ЕЛЕНА. Дуаны шеше алмаған еркек... бұрышты қайтпек?
МЫШКИН. «Қор-қыннн-ышш-ты» туралы да ұмытпаңыз.
ДӘРІГЕР. А-а-а?
МЫШКИН. Қор-қыннн-ышш-ты. Анау... жардағы жалғыз үй. Бізге су шашатын...
СНЕЦКИЙ. Мышкин дұрыс айтады. Сол жадылаған. Ол тойды болдырмас.
МЫШКИН. Таптым! Тығырықтан шығар жол бар! Куличовкаға келген келімсек қалыңдығын алып кете алады... егер есті болса, әрине.
ЯНКА. Оқытушы екі минөттан соң есерге айналады.
СЛОВИЧ. Қызды көрмейсіз, есесіне оған күн санап емес, сағат санап ес кіреді.
СНЕЦКИЙ. Батаңызды беріңіз, дәрігер!
ЯНКА. Софьяға болмаса, маған қиыңыз.
ДӘРІГЕР. Қап, қайтсем екен? Шешім қабылдауға қабылетсізбін. Бәрі – Құдайдың құзырында. СОЛ шешсін.
Бәрі тізерлей кетіп Жаратушыға жалбарына бастайды. Сахна ауысады. Үй.
СОФЬЯ. Не істеп жатырсың, Леон?
ЛЕОН (аса көңілсіз). Ойланып отырмын. Есті кездің соңғы сәтінен ләззат ап...
СОФЬЯ. Дұрыс айтыппын. «Арман деген – ойға алғаның орындалмайтын кез» деп.
ЛЕОН. Тау-тас, өзен-көлдің үстімен ұшуға көмектесе алмадым... кешір. Алайда, сені жалғыз қалдырман, Софья. Ессіздік түрмесінің тұтқыны боп, ақырғы демім таусылғанша... деревняда қалам. Махаббатымның өтеуі сол болсын.
СОФЬЯ. Бұндай құрбандыққа қарсымын...
Қамалдағы сағаттың соққаны естіледі.
Қаш, Леон! Әлі де кеш емес. Есірік төмен етекті әр ауылда бар.
ЛЕОН. Мынаны есте тұт. Дәл сендей ешкімді сүйген жоқпын.
Сол дыбыс қайталанады.
СОФЬЯ. Естідің бе?
ЛЕОН. Осы сөзді ешқашан қайталай алман.
Сол дыбыс қайталанады.
СЛОВИЧ. Уағдаласқан уақыт та таяды!
ЯНКА. Мұндай мүмкіндік енді тумас, Құдай-ай!
Сол дыбыс қайталанады.
ЕЛЕНА. Николай! Не қарап тұрсың?
ЛЕОН. Мәңгілікке ұласар махаббат, сәуле ұқсап сан алуан сәтке шашырады.
Сол дыбыс қайталанады.
ДӘРІГЕР. Жақсы! Берейін, батамды. Алдымен сағатқа бір қарап алайық.
ЛЕОН. Қош бол, сүйіктім. Мен саған... Куличовкада жүріп, ессіз ғашық...
Қамалдағы сағат дыбысы. ЛЕОН жындысүрей қалпында қатып қалады.
СТАРОСТА (балконда тұрып). Сағат тоғыз... жағдай қалыпты!
Бүкіл адам үйге қарай жүгіреді.
ДӘРІГЕР. Бәрі дұрыс па, Толчинский мырза! Естідіңіз бе?
СОФЬЯ. Анашым! Әкешім! Ауылдастар! Ұстаздың айтары бар екен... Ал, бәріміз тыңдайық... Леон?!
ЛЕОН (еш ойланбастан). Иә-иә. Бірақ, БӘРІМІЗ тыңдайық демеп пе ең?!
СТАРОСТА келеді.
ЯНКА. Дайынмын, қарғам.
СНЕЦКИЙ. Адамға бір түрлі қарайды екен.
СЛОВИЧ. Тұп-тура сіз секілді.
СОФЬЯ (Леонға). Жалпақ жұртқа жар салар жаңалығыңды естиік, қане.
ЛЕОН. А-а-а, иә-иә... Әрине... Не айтайын?
СНЕЦКИЙ. Жаңа әумесер... Әумесерлердің көсемі.
ДӘРІГЕР. Софьяны әлі де әйелдікке алғыңыз келе ме, жігітім?
ЛЕОН. Ойбуй, о не дегеніңіз мырза. Бұл – мендей пақыр үшін абырой ғой.
ЯНКА. Ақбалықты сатып аларда-ақ сау емес екенін сезгем.
СТАРОСТА. Жә, жетер. Жындыны бірінші рет көрдіңдер ме? Үйлеріңе тараңдар.
ЯНКА, СНЕЦКИЙ, СЛОВИЧ пен СТАРОСТА кетеді.
МЫШКИН. Мұғалім! Егер, «шұғыл» деген белгісі бар хатты қажетсінсеңіз... Бірақ, енді сіз үшін ештеңе шұғыл болмас.
Хатты сөмкеге тығады да, кетеді.
ЕЛЕНА. Баққа барып он самсар ек, қызым. Кешкі асқа үлгеріп кел.
Кетеді.
ДӘРІГЕР. Енді немен айналыспақсыз?
ЛЕОН. Білмеймін. Ойсыздыққа бой үйрету керек боп тұр.
ДӘРІГЕР. Ақылдан адасқанда саясатқа араласу керек.
ЛЕОН. О, жоқ, дәл бұл кейпіммен жолатпас.
ДӘРІГЕР. М-иә. Ұл ұрықтандырумен қызықса, іс насырға шапты дей дер. Мұны елге мәлім дәрігер есебінде ерекше ескертем.
Софьяға.
Кенорды алып келсең қайтеді, а?!
Шығып кетеді.
ЛЕОН. Сағат тоғызды соққанда не туралы әңгімелестік?
СОФЬЯ. Мені ессіз сүйетініңді айттың. Осы сөзді есте тұтуымды өтіндің. Әлі де ғашықпысың, Леон?
ЛЕОН. Ғашықтық? Ол не?.. Мені сүйсең... Сүйгің келе ме?
СОФЬЯ. Жан-жүрегіммен...
ЛЕОН. Ал, мен...
СОФЬЯ. Білемін.
Екеуі бір-бірін сүйеді.
Еһ, Леон, ойсыз болған сайын, жақсы сүйеді екенсің!
ЛЕОН. Сүйе түс, себебі жаным жадырап, айығып келем! Маған қарашы, қымбаттым!
Төсекке қарғып мінеді.
Көрдің бе? Көрдің бе?
СОФЬЯ. Иә. Алдымда науқасқа арналған төсекке шығып, қызға сөз айтып, шаң бәтіңкемен билеген адам тұр.
ЛЕОН. Жоқ, Софья. Махаббатқа мас болған ерді көрдің. Таңғалма, ақыл-естен айырылған жоқпын. Елді есерсоқ екеніме сендірдім.
СОФЬЯ. Есерсоқ екеніме сендірдім?..
ЛЕОН. Дәл, өзі.
СОФЬЯ. Бұл есті кісінің қылығы емес, Леон!
ЛЕОН. Шешім қабылдауға асықпа.
СОФЬЯ. Қарғыс ше?
ЛЕОН. Алғашында қатты алаңдадым. Алайда, әсер етпеді. Бір кезде мынандай ой келгені. Егер ел күреспесе, онда әумесерге айналады. Куличовкалықтардың есерсоқ болуына өздері кінәлі. Иә-иә, кінәмшілдік пен тираниядан қорқу себебінен адамдар ақылдан алжасқан. Бәрін ұқтың ба?
СОФЬЯ. Бәрін. Тек түсінгенім аз.
ЛЕОН. Бала кезден: «Сенен түк шықпайды!» – деп құлағына құя берсе, расында да бос боп өседі. Ал, сендерге қаршадайдан: «Қараңғысыңдар!» – деп үйреткен. Енді, ұқтың ба?
СОФЬЯ. Бағанағыдан гөрі жақсы...
ЛЕОН. Сөзден іске көшелік. Сені сиқырдан емдеп, Юзекевичтан құтқарудың амалын білем.
СОФЬЯ. Рас па?
ЛЕОН. Юзекевичқа үйленуің керек.
СОФЬЯ. Есің дұрыс па?
ЛЕОН. Дұрыс, дұрыс. Айтпағым граф емес.
СОФЬЯ. Бәсе, шошыттың ғой.
ЛЕОН. Маған үйленесің. Юзекевич боп ойнаймын. Түсіндің бе?
СОФЬЯ. Бір сөзді бес қайталадың ғой. Басқа нәрсе айтшы.
ЛЕОН. Ертең тойымыз өтеді. Көресің. Сөйтіп, ес жиясың. Ертең шынында да ғашық боласың, Софья.
СОФЬЯ. Қобалжып кеттім, Леон. Түнімен жаман ойдан арылып, білімге қарай бет бұрам. ****Фокстерьерді жаңартқанды ұнатамын, негізі.
Кетеді.
ЛЕОН (залға). Жоспар жүзеге аса ма екен, көрелік. Әуелі, граф Юзекевичты іздеп табу керек.
ЛЕОН кетіп, ЮЗЕКЕВИЧ келеді-дағы, көрерменге сөйлейді.
ГРАФ. Қателеспесем, ол атымды атады ғой деймін, а? Оны қолдап, мені сөгіп жатқан шығарсыздар, иә? Ұнамды кейіпкер болу үшін бар дәулетімді қиюға дайынмын. Әйтпесе, біреуге қол соғып, ал біреуге... Сөзге құлақ тосқан ешкім жоқ! Қос жүрек қашан қосылар екен деп күткен ел, әйтеуір... Сіздерге шын жүректен жаңбыр жаусын деп тілеймін. Әсіресе, қолшатыры жоқтарға...
Ол кетуге ыңғайланғанда ЛЕОН келеді.
ЛЕОН. Осында екенсіз ғой, граф! Қайырлы күн. Есіңізге түстім бе?
ГРАФ. Не жағдай?
ЛЕОН. Даусыңыз жарқын-жарқын шығып жатыр екен. Естідім де, келдім. Былай ғой, ақылдан адасқан жоқпын...
ГРАФ. Толықтай...
ЛЕОН. ...толықтай... бірақ, кей сезімдерді бағындыра алдым. Сізді елдің жақтырмайтыны менің де жаныма батады.
ГРАФ. Жалған. Мені жаратпайсыз.
ЛЕОН. Сіз жөнінде жаман ойламаймын.
ГРАФ. Бірақ, жақын тартасыз ба?
ЛЕОН. Жо-жоқ, аса емес.
ГРАФ. Көрдіңіз ғой!
ЛЕОН. Өйткені, жақсылыққа өшсіз. Неге?
ГРАФ. Қайдан білейін?! Үйдегілер бала кезден сөйтіп үйреткен. Жер хабарын бермесін... Әкем: «Биліктен айырылғың келмесе, адамның басынан сипама. Сені көруге зар болсын!» – деуші еді.
ЛЕОН. Әкеңізді құрметтедіңіз бе?
ГРАФ. Ол ешкімнен кем емес.
ЛЕОН. Құрметтедіңіз бе деймін?
ГРАФ. Сыртқа сыр шашпайсыз ғой, иә? Тоғыз айлық кезімде еңбектеп, үйден кеткім келген.
ЛЕОН. Міне, мәселе қайда! Сый-құрметке лайық болғыңыз келсе, сауапты іс істеген жөн. Ауылыңыз үшін аянып қалмайтын шығарсыз?
ГРАФ. Шошқаны тұтастай отқа қақтап берейін бе?
ЛЕОН. Жаман емес. Алайда, одан да маңызды дүние бар. Мәселен, дуаны неге шешпеске?
ГРАФ. Ол үшін Софья екеуміз отасуымыз керек.
ЛЕОН. Немесе басқа Юзекевичпен...
ГРАФ. Басқасы жоқ. Әулеттегі ең соңғысы – менмін.
ЛЕОН. Ұлыңыз...
ГРАФ. Бойдақпын. Зұлыммын, алайда қыз-қырқынмен қыдырған емен. Сондықтан да, бақытсыз шығармын.
ЛЕОН. Үйленудің қажеті жоқ. Біреуді асырап алсаңыз жетер.
ГРАФ. Асырап? Кімді?
ЛЕОН. Мені!
ГРАФ. Сізді?
ЛЕОН. Жетіммін және асыранды атанудан қорықпаймын. Одан бұрын жаныңыздамын. Жұрттан асқан білімдар емеспін... мұны әлгі сиқырдың әсері деп біліңіз.
ГРАФ. Осыны өмір бойы армандап ем ғой. Балық аулауға бірге баратын балам болса дейтінмін.
ЛЕОН. «Жетім қозы – тасбауыр...»...
ГРАФ. Леон, балам, сені бұзып алсам қайтемін?
ЛЕОН. Ештеңе етпес, әкей, оның да реті келер.
ГРАФ. Сонда, халыққа сыйлы болам ба?
ЛЕОН. Иә, басы басталды, әне!
Залды нұсқап.
Қарашы, бәрі дән риза.
ГРАФ (рақаттанып). Рас-ей! Мәссаған! Жаратқан жар болсын, тілеген тілектеріңіз қабыл болсын, қалайық! Бұның қандай ғажап сәт екенін білсеңіздер ғой, ех-х-х.
ЛЕОН. Бағып алу турасындағы актты рәсімдейік, әке. Содан соң барып Софьяның ата-анасына ескертелік. Кеттік!
ГРАФ. Тоқта. Риясыз күлген жұрттың жүзіне тағы бір рет қарап алайын.
Көрермендерге.
Рақмет. Рақмет. Келесі аптада бірге таңғы ас ішуге қалай қарайсыз? Әзірге, бәріңді ұлымның... Леонымның үйлену тойына шақырамын!
Леонға.
Алдымен, бәтіңкеңді алтынмен аптап, күміспен күптеп, жылтыратып берейінші, осы! Жүр!
Екеуі кетеді. Көңілді музыка ойнап, сахнаға тұс-тұстан *****серпантин ұшады. Тойдағыша киінген СНЕЦКИЙ, СЛОВИЧ, МЫШКИН мен ЯНКА билейді. Екі жақтан ГРАФ пен ЕЛЕНА шығады. Салтанатты әуен әуелейді.
ЕКІНШІ САХНА
МЫШКИН. Зубрицкая ханымға қараңызшы. Жақсы кісі, иә?
ЯНКА. Ең бастысы, сізді байқап қалмасын, Мышкин. Той қарсаңында қалыңдықтың анасы пошташыны көрмеуі қажет. Жаман ырым.
МЫШКИН ЯНКАНЫҢ артына жасырынады.
СНЕЦКИЙ. Сонымен, Слович! Қазір екі жүз жылдық қарғысты қайтарамыз.
СЛОВИЧ. Арам ой келді.
СНЕЦКИЙ. Қандай?
СЛОВИЧ. Сиқырдан айыққаныммен, расында да әумесер боп шықсам қайтем?
ЕЛЕНА. Келе жатыр! Келе жатыр! Тыныш, мырзалар! Пештегі бәліштің піскенін естімей қалып жүрмейін.
ЛЕОН келеді.
ЛЕОН (залға). Жындысүрей боп көрінуім мүмкін. Бірақ, бұл – ойын. Жоспар сондай.
ЕЛЕНА (графқа). Балаңызбен мақтанатын шығарсыз?!
ГРАФ. Әрине, ол бірде-бір рет көңілімді қалдырған емес. Ұлым болғанына бақандай он минөт өтті.
Ішке ДӘРІГЕР мен той көйлегін киген СОФЬЯ кіреді.
ЯНКА. Әсілі, әлгі бойжеткеннің орнында мен тұруым керек-тұғын.
МЫШКИН. Ол жаңа мекен-жайын айтуын ұмытып кетпесе жарар еді.
СТАРОСТА келеді.
СТАРОСТА. Құрметті ханымдар мен мырзалар! Бүгін біз екі жастың отау құрған сәтіне куә боламыз. Жақсылыққа жаны құмар Граф өз жолын берді.
БӘРІ. Жүз жасасын! Жүз жасасын!
СТАРОСТА. Бермен кел күйеу бала.
ГРАФ. Әлі жас қой.
ЛЕОН бір аттап.
СТАРОСТА. Енді, қалыңдық.
СОФЬЯ алға жүргісі келеді, бірақ ЕЛЕНА оны тоқтатады.
ЕЛЕНА. Қайда барасың? Мүмкін ол басқа біреуді шақырған шығар?
ДӘРІГЕР (Еленаға). Ақымақ-ау, өзгелермен шатастырмас үшін де ақ көйлек киді ғой.
Қызын Леонның жанына жақындатады.
СОФЬЯ. Жобаң – керемет, Леон.
ЛЕОН. Рақмет, Софья.
СТАРОСТА. Қалыңдықтың әкесі қайсы?
ДӘРІГЕР. Мен.
СТАРОСТА. Неге үйлендірмекшісіз?
ДӘРІГЕР. Жігіт ниетті екенін айтты. Мен үндемедім. Сонымен, алып кетті.
СТАРОСТА. Граф Григорий Михайлович Юзекевичтың ұлы – Леон, жауап беріңіз...
БӘРІ (қарда қалғандай қалшылдап). Қор-қынн-ыш-ты, қор-қынн-ыш-ты...
ГРАФ. Жо-жоқ, тек бүгін емес! Той құрметіне орай, қорықпай-ақ қоюға рұқсат.
БӘРІ. Жаратқан жар болсын, сізге... Ізгі жансыз...
СТАРОСТА. Софьяны әйелдікке алып, мәңгі қол ұстасып өтуге дайынбысың? Жауап бер, Леон.
ЛЕОН. Жауап бердім.
СТАРОСТА. Олай емес. Әйелдікке аламын де.
ЛЕОН. СІЗ аласыз ба?
СТАРОСТА. СЕН аласың.
ДӘРІГЕР. Ол алады. Ол қалады. Жалғастырыңыз!
ЛЕОН. «Ол алады, ол қалады»... Деді.
ДӘРІГЕР. Менің емес, ана кісінің сөзін қайталаңыз.
ЛЕОН. Қай сөзді?
ГРАФ. «Аламын». «Аламын», – де.
ЛЕОН. Әкем сізге «алатынымды» жеткізді.
ГРАФ. Құдаймен ант етейін, мына аты өшкір қарғысты жек көре бастадым!
СТАРОСТА. Ал, сен Софья Леонмен отасып, ақ пен қара алмасқан осынау өмірді бірге сүруге әзірмісің?
СОФЬЯ. Әзірмін.
ЕЛЕНА. Осы парасатты қалпында еркек біткенді шертіп жүріп, губернаторға да үйленсе болар еді...
СТАРОСТА. Сақинаны күйеу балаға беріңіз.
ГРАФ. Мінеки! Мынау бұдан екі жүз жыл бұрын Казимир Юзекевич Софьяның саусағына таққысы келген сақинаның нақ, өзі.
Леонға үлкен сақинаны ұсынады.
ЯНКА. Құрсау-обруч деп осыны айт!
ЕЛЕНА. Тойдікі ғой, енді.
СТАРОСТА. Тақ.
Леон оны таға алмай қиналады.
ЕЛЕНА. Мұндай епсіз еркектен садаға кетсін.
СТАРОСТА. «Осыдан бастап отау тіктік», – деп қайталаңыз.
БӘРІ. Осыдан бастап отау тіктік.
СТАРОСТА. Жарайсыңдар! Енді, ерлі-зайыптылар...
ЛЕОН мен СОФЬЯ. Осыдан бастап отау тіктік!
СТАРОСТА. Неке қимас бұрын мынаны сұрауға рұқсат етіңіздер. Леон мен Софьяның үйленуіне қарсы адам бар ма?
Үнсіздік.
Олай болса, Куличовканың Старостасы есебінде екі жастың...
ГРАФ (алға озып). Мен...
СТАРОСТА. Қарсысыз ба?
ГРАФ. Әрине! Мына бала менің ұлым емес... Мына ұл менің балам емес.
ЛЕОН. Не деп тұрсың, әке?
ГРАФ. Ақылды қыздан бас тартардай алжи қойған жоқпыз, әлі!
ЛЕОН. Асырап алу жөніндегі акт...
ГРАФ. Жалған құжат. Сен оны оқыған да жоқсың. Міне! Қара! Екеуміз ажырастық! Ұлым екенің қай жерінде жазылған? Мұнда екеуміз ерлі-зайыпты емеспіз делінген!
ЕЛЕНА. Құдай сақтасын! Сәл болғанда, Софья байдан шыққан адамға үйленер еді.
Талып құлағанда, оны дәрігер ұстап қалады.
СОФЬЯ. Осы ма жоспарың?
ЛЕОН. Жоқ-жоқ, кешірші.
ГРАФ. Алаңдамаңдар! Жыланның аяғын көрген қу болсам да, мереке шырқын бұзбаймын. Той жалғасады!
ДӘРІГЕР. Қызым жалған атты жамылған жарымеске тұрмысқа шықпайды!
ГРАФ. Құптайм! Ол нағыз Юзекевичке үйленеді! Демек, Заң мені қолдайды.
СТАРОСТА. Мәссаған! Заңды жазғанымда, мені қолдаған еді...
ДӘРІГЕР. Өкінішті-ақ! Айтарға сөз жоқ.
СОФЬЯ. Сен не дейсің, Леон?
ЛЕОН. Қолдан не келеді, Софья?
СТАРОСТА. Кеңес кешке шейін созылар түрі бар. Бастайық!
ГРАФ. Құдайшылығыңызды айтыңыз-дағы, сонымен соңғы нүктесін қояйық. Ер мен әйелге арналған қонақүйдің бос тұрғанына екі жүз жыл болды, міне.
ДӘРІГЕР. Кешірші, қызым. Басқа амал жоқ.
Софьяны Графтың жанына қолтықтап алып барады.
ЕЛЕНА. Есесіне, енді үстіңе су шашпайды.
СТАРОСТА. Қадырменді қонақтар, бүгін жинал...
ГРАФ. Келісемін. Қыздан сұраңыз.
СТАРОСТА. Софья, граф Григорий Михайлович Юзекевичке үйленуге дайынсыз ба?
ЕЛЕНА. Мақұлда. Ақылды әрі дәулетті боласың. Бұл бақыттан да артық.
СОФЬЯ. Қош бол, Леон. Мәңгілікке қош бол... Бердім, келісімді.
СТАРОСТА. Олай болса, Куличовканың Старостасы есебінде екеуінің некесін қию...
ЛЕОН. Кіріспесін айтпадыңыз.
СТАРОСТА. Қай кіріспе, тағы?
ЛЕОН. «Қарсы жоқ па, қалыс жоқ па?» – деп сұрамадыңыз ғой. Мен қарсымын!
ГРАФ. Қалайша?
СТАРОСТА. Оған нендей негіз бар?
ЛЕОН. Шұғыл хат қолға тимеді.
ГРАФ. Оның қандай қатысы болуы мүмкін?
МЫШКИН. Қандай емес, кімге... Ол менде ғой. Толчинский мырзаға берілген хат.
ЛЕОН. «Ішінде не жазылды екен» деп әлі ойланып жүрмін.
ГРАФ. Ол ойланғанша, ертерек жиынды аяқтайық.
СТАРОСТА. Болмайды. Заңға томпақ...
ДӘРІГЕР. Бұныңыз жөн екен. Науқастардың сөзіне мен де құлақ түрем.
ЛЕОН Мышкиннан хатты алып, оқу үшін отыра кетеді. Графтан басқасының бәрі оның жанына жақындай түседі.
ЛЕОН (бір шолып шығып). Жайсыз хабар! Петербордағы ағам дүние салыпты. Жаныма жақын тұтар жалғымыз еді ғой, жатқан жері жайлы болғыр. Бүкіл қарызын мұра ғып қалдырыпты.
СНЕЦКИЙ. «Жығылғанға – жұдырық» деген – осы.
ЛЕОН. Өлер алдында артынан қалмаған бишара туыстарын айыптапты. Аты-жөнін ауыстырса да, жаңағы жалмауыздар қыр соңынан қалмағанға ұқсайды.
ДӘРІГЕР. Толчинский болғанға дейінгі тегі қандай екен?
ЛЕОН (оқып). Юзекевич.
ЯНКА. Міне, керек болса!
ГРАФ. Көзіңе көк шыбын үймелетеміз, әлі.
СОФЬЯ. Леон! Бұның не екенін білесің бе?
ЛЕОН. Жоқ.
ДӘРІГЕР. Қазір түсінеді. Софьяның жанына тұра қалыңыз, ұстаз.
ЛЕОН (залға). Конвертте не болғанын айтайын ба? Гимназиядағы соңғы жартыжылдық пансионның есеп-қисабы.
СОФЬЯ. Не тұрыс, Леон?
ЛЕОН (залға). Бәріне бомбы дайындадым. Жарылғанын күтейік.
Ол Софьямен қатарласады.
СТАРОСТА. Орындарыңа тұрыңдар! Жүкті болар уақыт өтті, ал сендер әлі үйлене алмай жүрсіңдер... Дайынсыңдар ма?
БӘРІ. Дайынбыз!
СТАРОСТА. Леон, келісе...
ЛЕОН. Келісемін.
СТАРОСТА. Ал, сен Софья...
СОФЬЯ. Келісемін.
СТАРОСТА. Қарсы жоқ па, қалыс...
БӘРІ. Жоқ!
СТАРОСТА. Үшке шейін санаймын. Бір... екі... үш... Болды! Отау құтты болсын!
Найзағай ойнайды. Сахна қараңғыланып, қайта жарық болады. Леоннан өзгесі етпетінен жата кетеді. Ол бәріне таңғала қарап тұр.
СНЕЦКИЙ. Гүрс ете қалды!
СЛОВИЧ. Басым қарбызша қақ жарылды ма деп ойлап қалдым.
СНЕЦКИЙ. Сонымен?
СЛОВИЧ. «Ойлап қалдым», – дедім ғой.
Бір-біріне сынай қарап.
Қорқамын...
СНЕЦКИЙ. Қорықпаңыз.
СЛОВИЧ. Жүзеге аспаса ше?
СНЕЦКИЙ. Саспаңыз... Ал! Қане!
СЛОВИЧ (ежіктеп). ЖАЛ-ЖАЯ. Жал-жая.
СНЕЦКИЙ (ежіктеп). ЖАЙЛАУ-ЖАЙЫЛЫМ. Жайлау-жайылым.
СЛОВИЧ. Таңғажайып уақиға!
СНЕЦКИЙ (ежіктеп). ТАҢҒАЖАЙЫП! Таңғажайып!
МЫШКИН. Беске үшті қосса қанша, Янка?
ЯНКА. Сегіз.
МЫШКИН. Біреуін алсақ?
ЯНКА. Жеті.
МЫШКИН. Екі жердегі екім?
ЯНКА. Төрт. Әлемнің ірі бес астанасын ата?
МЫШКИН. Афина, Бухарест, Каир, Лондон...
Қипақтап, қиналып.
ЛЕОН. Қобалжымаңыз, таба аласыз.
МЫШКИН. Петербор!
Бәрі қуанып.
СТАРОСТА (орнынан тұрып). Құдайсыз қурай да сынбас. Уақыты жеткенде, Жер-Көктен ырыс-құтты үйіп-төгіп береді.
СЛОВИЧ пен СНЕЦКИЙ де орнынан тұрып.
СЛОВИЧ. Әдемі айтылған сөз. Өзіңіз ойлап таптыңыз ба?
СТАРОСТА. Солай-ау, шамасы. Осы күнге шейін мұндай оймақтай ойды еш жерден естімеппін.
ЕЛЕНА. Николай... Маған не болды? Аяғымда әл жоқ. Басым да айналып тұр.
ДӘРІГЕР (орнынан тұруға көмектесіп). Ештеңе етпес, қымбаттым. Уайымнан ғой. Ағзадағы адреналин мөлшерден тыс бөлінуі әсерінен мидағы қанайналым да күшейген.
ЕЛЕНА. Мен... мен медицина турасындағы терең танымыңды енді ғана таныдым.
ДӘРІГЕР. Аса терең емес, Елена. Мазасызданып тұрмын... өйткені сені сүйем, қымбаттым.
ЕЛЕНА. Мен де... сені сүйем. Алайда, соны айта алмай жүрдім.
СОФЬЯ. Леон... бойымнан мәңгі көргің келген сезімді жоғалтып алмаппын ба?
ЛЕОН. Жоғалту? Мүмкін емес.
СОФЬЯ. Мен сені сүйем.
ЛЕОН. Мен сені одан да қатты сүйем, Софья.
ГРАФ. Шаттыққа толы финал ма? Сиқыр әсер етпей ме, қалай?
ДӘРІГЕР. Е-е-е, граф.
ЯНКА. Жер! Ақшаның бәріне жер сатып алу керек. Сонда, табыс мол болмақ.
СНЕЦКИЙ мен СЛОВИЧ кетеді.
МЫШКИН. Саяси ахуалға байланысты. Патша үкіметі жер реформасын өз пайдасына шешпесе, қанеки?!
ЯНКА мен МЫШКИН кетеді.
ГРАФ. «Реформа»... Таныс сөз. Осымен өз өкілеттілігімді тоқтаттым!
ДӘРІГЕР. Билік көзі ашық, көкірегі ояу елдің алдында дәрменсіз. Енді, Григорий Михайлович, хан да, қара да, бәрі – тең.
ЕЛЕНА. Бәлкім, барлық ЕРКЕК тең дегің келген шығар? Сендер қатынды қарғысқа шейін-ақ бағынышты еткенсіңдер.
ДӘРІГЕР. Елена, саған ғашық екенімді білесің. Дегенмен, радикалды платформа...
ДӘРІГЕР мен ЕЛЕНА да кетеді.
СОФЬЯ. Сенім мен сергектігің сауатсыздықты күл-талқан етті, Леон.
ЛЕОН. Жоқ, Софья, бұл махаббаттың күші. Сені кезіктірмесем осы жетістікке жетер ме едім, кім білсін?
СОФЬЯ. Ұстанымды қолдамаймысың?
ЛЕОН. Қолдаймын, бірақ мен үшін шындық қымбат.
СОФЬЯ. Жарайды, әңгімені үйде жалғастырайық.
Кетеді.
ГРАФ. Дегеніңізге жеттіңіз, ұстаз.
ЛЕОН. Иә... Сіз ше, граф? Ақыл-парасатыңызды қайда бағыттайсыз?
ГРАФ. Еңбек етемін. Бұдан былай, шарапатыңыздың арқасында нан табудың қамын ойластыруға мәжбүрмін. Жарайды, құттықтауымды қабыл алыңыз. Ұзақ ғұмыр тілеймін және көтерген шақырақ шаттыққа толсын, құрметті жиен.
ЛЕОН. Рақмет, ағажан. Көп жасаңыз, деніңіз сау болғай!
ГРАФ. Хм... Бұрнағыда, жауыз болғандықтан да, бәрі дерт басуын тілеген-ау, осы? Жиі-жиі ауру айналдырды ғой, түге.
Кетеді.
ЛЕОН (залға). Ойлап қарасаңыз, соншалықты таңғажайып уақиға да емес, бұл. Шындығында... Куличовкадан шыққан әрбір ауыл әулекісімен арғы атадан барып қосылмауыңыз мүмкін емес. Бәлки, әпкеңіз... әйтпесе көршіңіз... әлде басшыңыз дегендей... Делқұлыны емдеп, дертті қашыруым мұң екен... Куличовка мына фәнидегі мыңдап саналар қатардағы деревняға айналып шыға келгені. Өсу мен өшуге өзек болған Өмір өзінің баяғы ыңылдаған ырғағына көшті...
Ол кейіпкердің атын атағанда, әлгілер кезек-кезек сахнаға шығады.
Мәселен, Староста...
СТАРОСТА келеді.
Жең ұшынан жалғасқан жемқорлығы үшін ұсталып, екі жылға сотталды. Түрмеде жүріп «Парасыз өткен 50 лет» атты мемуар жазып, байып кетті, аяқ астынан.
МЫШКИН келеді.
Мышкин пошташылық қызметін тастап, әдебиетпен әуестенді. «Куличовка сиқыры» туралы алты жүз беттік кітап жазып, қолжазбасын баспагерге жолдаған. Өкінішке қарай, әлгі қолжазба пошташылардың көтерілісі кезінде жоғалып кетіпті.
ЯНКА келеді.
Янка, тапқырлық танытып, бар қаржысын жер теліміне салыпты. Қазір ол – он жеті үй мен графтық жекежайдың иесі.
СЛОВИЧ келеді.
Слович төрт ет дүкенін ашты, тағы. Задында, Куличовкаға біреуі де жетер еді. Нәтижесінде, банкротқа ұшырап, оның ми қызметіне дуаның теріс я оң ықпал етпегені жөніндегі өз қорқынышы толық расталды.
Керемет киініп алған СНЕЦКИЙ келеді.
Ақылмен қаруланған Снецкий қойларын тауып ап, таудай қып жүн қырқып, байып, демеушілікпен айналысты.
Сопы киімін киген ГРАФ келеді.
Граф Юзекевич елге сыйлы азамат боп, дінтануға ден қойды-дағы, жергілікті дін қызметкері атанды. Қуаңшылық кезінде тауға көтеріліп, Көктен жаңбыр тілейді.
Көйлек киген ЕЛЕНА келеді.
Аса қадірлі енем – Зубрицкая ханым Куличовкадағы билікті қолға алған тұңғыш әйел атанды. Кейін губернатор боп тағайындалды. Қайын атам оны көру үшін қабылдауына жазылады екен.
ДӘРІГЕР келеді.
Дәрігер Зубрицкий есімі елге мәлім тұлғаға айналды. Лейб-дәрігер дәрежесіне шейін өсіп, жуырда Ғылым Академиясының мүшелігіне қабылданды. Ол кісі қазірге шейін консерв қалбырын ашарда қиналатын ұқсайды.
Бала көтеріп СОФЬЯ келеді.
Софьяға қатысты не айтсам екен. Ол – шексіз шебер Тәңірдің ғажап туындысы. Ара-тұра ренжіскенмен, ақылды әйел деген – үйдің берекесі ғой. Айтпақшы, бүгінде одан сабақ алып тұрам. Ал, мен... мен әліге шейін мұғаліммін. Анда-санда инспекциямен бірге бүкіл губерняны аралаймыз. Арамызда қалсын, қараңғы адам көп екен. Бұ жағдай тек Куличовкада ғана десеңіздер қатты қателесесіздер.
Шымылдық
*Рожок – орыстың үрмелі аспабы.
**Кенор – ән салатын үй құсы.
***Балалайка – орыс халқының үш ішекті музыкалық аспабы.
****Фокстерьер – иттің түрі.
*****Серпантин – ұзын, жіңішке әрі түрлі-түсті қағаз таспалары.
Көрнекі сурет: teatr-uz.ru
Бөлісу: