Дидар Амантай. Аула мен ауыл

Бөлісу:

28.08.2019 6731

(Мирас Мұқаштың бес әңгімесі төңірегінде)

Көше мен дала

Ілгері ұмтылған өркениет ілкі мәдениеттен озып, қол созған мұратына жетеді – құрылыс пен техника өндіріс ошақтарына жол ашады. Енді бүгін үдеріске технологиялық жетістіктер қосылды.

Қала тарихында эстетикалық мақсаттан қалыптасқан шаһар жоқ, бүкіл елді мекен экономикалық мүдде мен әлеуметтік талап-тілектен туады.

Өндірістің шоғырлануы өз кезегінде төл мәдениетін дүниеге әкеледі. Төрт жақтан тұрғызылып, төрткілденіп бас құраған көп қабатты үйлерден квартал, кварталдан аула, ауладан – подъезд шығады.

Үй пәтерге айналады, зәулім үйлер – ғимаратқа, ауыл халқы – қала тұрғынына. Халық – қоңыс тірегі, мәңгілік мекен иесі, тұрғындар – келімді/кетімді кісілер. Тұрақсыз. Ауысып, арпалысып, алмасып жатады.

Ауыл баласы мен аула баласы – өркениеттер қақтығысы: бірі далада, тереңге тамыр тартқан, бірі көшеде, асфальт бетіндегі қылтанақ. Тәртіп пен еркіндік қайшылығы. Тегінде, ауылды жерде жұрт бір қабат киім, бір мезгіл тамақ үшін еңбектенеді, қалалықтар сәнді киімін таңертеңгілік кофе, түскі ас кезінде елге көрсету үшін, жалпы, көзге түсу үшін қызметке барады. Себеп, қалада жаңа киім жаңалық емес, жаңа сән үлгісі – жаңалық.

Елде жаңа болса, ескі таза болса – кие береді. Ауыл – ел немесе қыр, қала – жатақ. Қалалықтар қала ішінде өмір сүреді, қырдағы қазақ далада жүреді, кеңістігі – бетпақ түз. Сондықтан, масштаб үлкен: демек, үлкен масштаб сөзге, тіл қорына әсер етеді, өзіне тән, масштабына сай тұрақты сөз тіркестері қалыптасады, Әулиешоқы басынан немесе Үшқарадан екі-үш қара көрінді немесе төмен құлады, дейді, жүз қаралы жылқы, он тұсақ қой, күн арқан бойы көтерілді, атшаптырым немесе қозы көш жер, сүт пісірім уақыт, тас қараңғы, отбасы, әулет, шаңырақ, түтін, киіз туырлықты қазақ, піл сауырлы жер, айта берсе – көп. Көшпелі өмір бейнелі тіл қалыптастырды, күрделі, метафораға толы, эпитетке бай, ең қызығы – ірі көлемдегі физика ұғым-түсініктеріне ұқсас, ғарыштық гравитациялық зерттеулер үдерістерін бейнелеуге өте қолайлы тіл. Аспан денелері де көшпелі, ой да, білім де көшпелі, космос та, бетпақ дала да шет-қиыры жоқ теңіздей, ғалым мен номадтың бірігетін тұсы. Нүкте. Кезінде әуелі сөз нүкте болды деп жазып едік. Қала нүктеден жаралады. Іргетасы кескіндерден туады, қабырғасы тастан қаланады. Шаһар құм-топырақтан құйылады.

Техника философиясы

Бірақ, түз өзгерді. Далаға техника келді. Алып техника тауды қопарды, жазықты тегістеді, сүрлеуді көміп, жол салды. Ол сөйлегенде, құстардың үні өшті. Техника – ауылдың жауы. Пәлсапалық тұрғыдан қарағанда, техника ауылды – елді мекен ретінде жойып, оны МТС-қа айналдырады, техникалық қызмет орталығы – ауыл емес, бекет. Уақытша аялдама немесе тұрақ. Жөнделген соң жүре береді.

Ауыл – космос. Қалалар галактика.

Қазақ өткен ғасырда, үстіміздегі жүзжылдықта, ауылдардан қалаларға жаппай дүркірей көшкенде, көшпелі өмірді өзімен бірге ала келді, ол санасында тұрды.

Осы жерден қайшылық басталды. Кафеде отырып, күн арқан бойы көтерілді деп жаза алмайсыз немесе көше қиылысынан бір қара бермен қарай құлады деп те суреттей алмайсыз. Автомобильдер көпір үстіне шоқытып шыға келді деп кейіптеуге тағы ыңғайсыз.

Техника – қаланың құдыреті. Комфорт жасаушы құрал. Ол тек қалада жасалады, өндіріледі, сосын, ауылды жаулауға, бағындыруға, ақыр аяғында – қиратуға жұмсалады.

Қалаға ауыл керек емес, бірақ ауыл қалаға тәуелді.

Қаланың асы да – техникалық ас. Мәдениеті техникаға байланған. Өнері де, өлеңі де – техникалық шеберліктің перзенті. Ауылда әр өлең-жырдың артында хикаят тұр, нақты уақиға, деректі тәмсіл бар. Шабыттан тумайды, әсерден жаралады.

Автор мен оқырман

Мирас Мұқаш шығармаларында, біз атаған қала сипатын, қала табиғатын, қала образын дәл тапқан. Қала ауылдан басталады. “Аула” деген әңгімесі – цивилизациялық жарылысты немесе дүмпуді білдіреді. Автор, әдетте, ауыл мен қала тақырыбын қатар алып жүреді. Екі жақты тең көрген, екі арада тел өскен баланың сана-сезімі, таным-түйсігі аса әсершіл, байқампаз, екі жұрттың айырмашылықтарын жіті қарап, бақылап, аңғарып отырады.

Бала кейіпкердің сергек көңілі, таразы көзі арқылы автор қазақ тағдырын, кешігіп келген урбанизциялық процестерді, қаладағы жатақ қазақтардың тұрмысын туралап айтпай, екінші, үшінші қатардағы елеусіз көріністердей, емеурінмен білдіріп кетеді.

Бір ерекшелігі, Мирас Мұқаш қаланы құбыжыққа айналдырмайды. Бойы үйренген, жанын түсінетін қала баласы тұрғысында суреттейді.

Түбінде ақындық прозаға келетін автор. Кестелеген сөздері, әсем қолданған теңеулері баршылық. Үмітімізге – негіз. Ақындық проза өлеңдей жазылады. Метафора басым, салыстыру көп. Оны Мирас оңай меңгереді деп ойлаймыз.

Әңгімелер – шұрайлы. Образдары – қанық. Қаланың да, қырдың да тілін білетіні, ізденгені, үйренгені көрініп тұр.

“Жетім шал”:Қайда барсаң да қайыршылар қаптап жүр”.

“Меруерт”: “Биік шоқылардың басына шығып, со-на-ау көкжиекте ойнаған сағыммен бірге бұлдырап, маңып бара жататын киіктерді көру немесе көкорай шалғында мидай араласып, жайылып жатқан табын мен қой-ешкіні тамашалау да бір ғанибет екен. Әсіресе, мен үшін сусамыры мен итсигегі, сарышатыры мен сұлыбасы сыңсыған осы көрікті алқапта жан-жағына маңғаз қарап, маң-маң басқан біздің үйдің ала сиырын кездестіру керемет көрініс болды!”

Немесе “Сәтсіздік атаулыны жек көрем. Тіпті, жейдемнің түймесі түсіп қалса да, біразға дейін мазам кетіп, тұнжырап жүретін мінезім бар”.

“Жер мен көк”: “Бірақ кішкентай баланы жатырқаған үркек құнан біраз жерге дейін алып қашып құлатып кетті”.

“Ащы алма”: “Кісі есігінде жүргені жанына бататын болу керек, тіршіліктің өзге де мұңы көп, көбінесе албар терезенің түбіндегі ескілеу креслода темекісін тартып, қоңырайып қағаз қарап отырар еді.”

Немесе “Қаршадай баламен үлкен кісіше сөйлесетіні қызық”.

“Аула”:Е, баяғыда бүкіл Алматыда иісі мұрын жарып, алма мен алқоры сыңсып, жайқалып тұрмаушы ма еді, шіркін!”

Ескеретін жайттар

Кемшіліктері, менің түсінігімше, кейбір эпизодтардың қайталанатыны немесе ұқсастығы, кейіпкерлерінің іс-әрекетін жақтап, себебін түсіндіруге тырысатыны, арагідік бейтарап позициясынан айрылып қалатыны.

Сөзді әлі де болса, нығыздай түсудің қажеттігі.

Жалпы, аталған әңгімелер осы күйінде де баспа жүзін көруге даяр. Сыршыл, тілі жатық, ойы анық шығармалар.

Жас қаламгер Мирас Мұқаштың болашағынан үміт күтеміз. Жасампаз қалам бізді алдамауы тиіс.

28.08.2019

Сурет massaget.kz сайтынан алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар