Дидар Амантай. “Ақбілектің” жұмбақтары

Бөлісу:

31.08.2019 5610

Үш-төрт күн бұрын қалам тартқан, Жүсіпбек Аймауытовтың “Ақбілек” романы туралы, “Жандауа” атты шағын эссемізде, осы күрделі шығарманың қазақ үшін аса маңыздылығын атап айтқан едік.

Көзіқарақты бір оқырманымыз, аккаунты – Nakhyshbek2019, көтерген тақырыбымызға қатысты төмендегідей пікір жазып қалдырыпты: “Осы кітапты екі-үш мәрте оқып шыққан едім. Керемет шығарма. Дегенмен, мені толғандырғаны жазушы романның бас жағында Ақбілекті үйдің жалғызы, жалғыз деп жазып, ортасына келгенде екі бауыры бар (інісі мен сіңлісі) деп қосады. Сонда автордың қатесі ме, әлде басқа ма”…

Бұл қайшылықты мен де байқаған едім, оқырман мәселе көтеріп, алға тартқан соң, үйде жатқан романды қайыра ақтарып – әрі қопарып, бері қопарып – аударып-төңкеріп, ақырында қажет эпизодтарын санамда сайрап тұрғандықтан, еш қиындықсыз, оңай тауып алдым.

Бірінші бөлімнің Ақбілек тарауында мынадай жолдар бар:

“Мамырбайдың малайлары қора жамап, пешін қалап, үйін сылап болған еді. Мамырбайдың бәйбішесі маң-маң басып, малайларға киіз үйін қағып-сілкіп, жинатқызып жүрген еді. Мамырбайдың Ақбілегі, Ақбілегі – жас түлегі, айы-күні – сұлу қызы, алтын сырға, күміс шолпы сылдырлатып, былдырлатып, ақ көйлегін көлеңдетіп, қызыл-жасыл көрпелерін қағып үйге әкелген еді”.

Тура келтірмесе де, бір үйде жалғыз өзі емін-еркін, ерке өскен қыздың образынан белгі береді. Бір беттен соң, лаң басталады. Жүсіпбек оны былай суреттейді:

“Үш орыс қолдарына шырағдан алып, қораны, үйді, тезекті, шұқырды, жүкті, пішенді бірін қоймай найзаларымен піскілеп тінтіп жүр. Зым-зия, Ақбілек жоқ. “Орыстар келіп қалды” дегенде бәйбіше теріскейдегі кішкене есіктен ептеп шығып, жер бауырлап, бүкеңдеп, Ақбілегін жетелеп, бір апанға апарып: “Тырп етпей жат!” деп кеткен. Қыз табылмай, сандалып, долданып қайтқан үш орыс бәйбішені терезе алдына етпетінен басып отырып, жиырма бес қамшы соқты. Үні шықса, Ақбілегінің жаны қабат шығады ғой, құшырлана тістеніп, ышқына ыңқылдағаннан басқа дыбыс бермеді. Желге, күнге тигізбей, аялап өсірген жалғызын “кәпірге” қорлыққа қиғаннан өлгені артық емес пе?”

Апақ-сапақ бір қауым елді ту-талақай шапқан үш солдат жауға жол көрсеткен аяр тұлғаны жұрт қалай тез тауып, қайдан жылдам танып қойғандарын, талантты автор қалтқысыз бейнелейді.

“Сол күні кешке жақын Мұқаштың Қарашатқа қарай желе жортып бара жатқанын бір қойшы көреді. Бір деңіз. Мұқаштың қатыны бір абысынымен елеуіш бере қоймадың деп, шаңқылдасып қалғаңда, абысыны: “Осы елдің бар дүниесін үйіңе тығып отырғанынды көрермін! Желікпе, құтырма! Қарала сырмақтың иесін де білем, ақ киіздің, бәтес көйлектің қайдан шыққанын да білем...” депті. Соны есіткен соң Сүлеймендікі жансыз кісі жіберіп, Мұқаштікіндегі сырмағын танып келіпті, – екі деңіз. Бәтес көйлектің де, жасыл жеңсіздің де иесі шығыпты, – үш деңіз. Мұқаштың торы ала аты ертеңінде тер қатып жүргенін сыртқы ауылдағы Су Ыбырайым кәріпті. Су Ыбырайымның сөзінде пәтуа да болмаушы еді, сонда да... менімен – төрт деңіз. Түн баласында Мұқаштың үйінде тұрмайтынын бір сөздің ретінде Тезекбай молда да айтып қалыпты. Аңқылдаған аңқау адам ғой. Мұнымен – бес деңіз. Мамырбайдын баласы үстімнен материал жинап, болыс болайын деп тұрғанымда,қойғызбай жіберді деп Мұқаштың өкпелеп жүргені тағы мәлім. Мұқаш болмаған несі қалды? “Мұқаш, Мұқаш, содан басқаадам да емес” деп ел түгел ден қойды”.

Енді төрт бөлімнің үшінші бөліміндегі Қайғы тарауында әңгімеленетін жайтқа оралайық.

“Алғашқыдай емес, бата қылушылар сиреді. Ет пен шай кеміді. Онымен бірге ауылдың қатындары да қатынасын сиретуге айналды. Жалғыз-ақ жақсы көретін Ұрқия жеңгесі жанынан кетпеді. Бәйбіше өлгеннен кейін осы үйдің шаруасына араласқан сол екен. Әлі де бас-көз болып жүр. Балалардың үсті-басын да сол қарастырып жүр. Балалар дедің бе? Оларды айтпаппыз-ау, Ақбілектің 12 жасар Қажікен деген бауыры, 7 жасар Сара деген сіңлісі бар-ды. Ақбілек өзінен бетер сол екеуінің жетімдігіне кабырғасы қайысқан. Қажікен ойын баласы ғой, көбінесе балалармен ойнап, далада жүреді. Монтиған Саражан Акбілектің жанынан екі елі айрылмайды; шашы жалбырап жабысып отырғаны. Ей, байғұс-ай! Әйелдер дауыс қылып жатқанда Қажікен үйге келмейді. Сара Ақбілектің дауысы шықса, көзінің жасын көреді де, бірге жылайды. Қажікен апасының жоқтығын артық елемейді, Сара жүдеп кетті.”

Автор қайта шатасып отыр. Түзетемін деп бүлдіріп алғаны көрініп тұр. Бұл жерде қаламгер қаладағы Төлеген ағасын тағы ұмытып кетті.

Меніңше, автордың басында Ақбілекті бір үйдің жалғыз перзенті ретінде көрсеткісі келсе керек, кейін, жолдан Қажікен мен Сара қосылады. Төртінші бөлімде Төлеген пайда болады. Әуелі бұл шығарма шағын хикаят тұрғысында жазылып, соңыра роман жанрына айнала бастады ма, кім білсін, әлде, қызығына түскен соң, қаламның тынысы кеңейіп, уақиғалар мен уақыт кеңістігі артып, ұлғайып, персонаждар саны көбейіп кетті ме екен.

Себебі, сол кезде, жиырмасыншы жылдардың аяғына қарай алаш ардагерлері әңгіме жанрын толықтай игеріп алды. Мағжан “Шолпанның күнәсі” мен “Гүлсімді” жазды. Бейімбет (“Күлпаш”) пен Мұқтар Әуезов (“Қорғансыздың күні”) шағын көлемді негізгі шығармаларын дүниеге әкелді.

Жұмбаққа толы жиырмасыншы жылдар – қазақ жазба әдебиеті мен оның ішіндегі проза жанрының гүлдену дәуіріне айналды. Міржақып Дулатовтың “Бақытсыз Жамалынан” бастау алған біздің проза бір Ренессанс заманын бастан кешкендей еді. Бүкіл қазақ жерінде, прозашылардың бір қаладан екінші бір қалаға сырнайлатып-кернейлетіп көшкен салтанатты шерулері жүрді.

Жиырмасыншы жылдар жемісті де жеңісті жылдар болды.

Бұл бір алтын дәуір орнаған кез. Алаш прозасының іргетасы қаланған тұс. Меніңше, “Ақбілек” романының әрі тұтас, әрі ала-құла композициясы, кейде кемел, кейде шалағай көрінетін диалектикалық мәтін үлгісі, десек те, анық фабуласы, берік құрылымы, тосын финалы, тіпті, түрліше жазылу мәнері, қабат-қабат жасалу жолдары асқақ армандар жетелеген қазақ прозасының отызыншы жылдарға дейінгі жеткен жетістіктерінен, табысты кезеңдерінен хабар береді.

Майда әңгіме-хикаяттар ірілене бастады. Бірі романдар деңгейіне жетті. Қауіп те бірде сейіліп, бірде қара бұлттай қаптап, қоюланып алды.

Ел басына күн туды.

Жүсіпбектер іске жұмыла кірісті. Уақыт аз, тығыз, қарбалас еді. Әйтеуір, қазақтың бағы, алаштың бақытына қарай, дегдар тұлғалар алға қойған мақсаттарын орындап үлгерді. Қарсы алдарынан құбыжықтай қауқиып алапат аштық аузын ашып тақап келе жатты, қызыл террордың күш алғаны байқалды, тіпті, сталинизмнің ызғары бет қаратпай тұр еді.

30.08.2019

Көрнекі сурет: izans.ru

Бөлісу:

Көп оқылғандар