Дидар Амантай. «Қалың мал-3»
Бөлісу:
Расында, тіл тұрғысынан, түз өмірін бейнелеу тұрғысынан, сөз жоқ, “Қалың мал” – қазақ прозасына жөн сілтеген кешенді тұжырымдамалық даму бағдарламасы тәрізді. Өрісі кең өнегелі туынды. Қазақ өмірін шебер суреттеуден туған шығарма әсері романды қалай жазу қажеттігін алға тартқандай, ережені оқып отырғандай күйге бөлейді.
Тіпті, “Қалың мал”, роман атмосферасына назар аударсақ, “Абай жолының” алыстан қарауытқан сұлбасындай көрінеді.
“Қалың мал” – жиырмасыншы ғасырдағы бүкіл қазақ прозасына жарық түсіріп тұрған шығарма. Себебі – романда Абай тілінің сөйлеу мәдениеті бар.
Кезінде бұл сөзді Мұқтар Мағауиннен естіп едім. Бір дәрісі кезінде, ұлы Мұхаң – Мұқтар Әуезов: “Мен қазақ әдебиетіне Абайдың сөйлеу мәдениетін әкелдім”, – деген екен.
“Үлкен торы... қылауына қыл жуытпайтын, байдың бір қадірлі аты еді”, – деп жазады автор.
Немесе, Итбайдың, қызы Ғайшаны айттыра келгенде, түсетін пайда, келетін қалың мал туралы арманшыл ойын былай келтіреді: “Жазғы қызығының өзі қандай, үй сыртына ұзын желіні құрып, құлындарды шыңғыртып байлап жатқан қандай”.
Ұлы Мұқтар Әуезов қолданған лексика, сөз орамдары, әдеби талап дәрежесіне жеткізілген тұрақты сөз тіркестері, қыр суреттері, ауылдың тыныс-тіршілігі аталмыш көркем шығарманы оқып отырғанда, әлем әдебиетінің жауһары – “Абай жолы” роман-эпопеясын еске түсіреді.
“Аманжол, Қасендер қонақ үйге шам жағып, көрпе салып болмай-ақ, үсті-басы қырау-қырау, қасқыр ішікті, түлкі тымақты жуандар кіре бастады. Аманжол мен Қасен қонақтардың киімдерін шешіп, қағып іліп жатыр”.
“Байғазы қазақтың зор байларының бірі, жасынан би болған, анда-санда болыстыққа да таласып қоятын, өте парақор, қара бұқараға тізесі батқан жәбір иесі, шегір көзді, бұжыр, жуан, байдың жалғыз қызы Айтолқынды берген құдасы”.
Шығарма мазмұнын айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Бірақ, Спандияр Көбеевтің 1911-1913 жылдар аралығында еуропалық классикалық үлгідегі, жанр талаптарына сай, үздік роман сомдағанына еш күмәніміз жоқ.
Жазу мәнері – автордың қолтаңбасы кемел, әдеби сауаты жоғары, білімі терең әрі әлемдік озық үлгілермен етене таныс екендігін көрсетеді.
Бүгінде ұмытылған, естен шыға бастаған қазақ өмірінің күнделікті елеусіз сәттері романда кеңінен қамтылған. Қыр жайлаған қазақ тіршілігінің дәстүр-салты, рулық одақтардың қақтығыстары, көші-қон мәселесі, жер мен жесір дауы шығарманың өн бойында дәлдікпен сипатталып отырады.
“Бәйбіше қайтпай тұрып та, қайтқаннан кейін де, сол ауылдың үш-төрт ақсақалдары, кешке баймен әңгімелесіп отырып, ас ішіп, байды жатқызып қайтатын әдеттері бар еді. Сол қалыппен бүгінгі кеште Байсақал, Әлібек, Қараш Тұрлықұлдікінде еді. Бұлардың алдында Аманжол, Қасенді бай ұрсып:—тышқақ лағым құрлы бәсі жоқ иттер, мені аяп жүр ме едіңдер, тойғандарыңды көтере алмай жүрген шығарсыңдар, ерегіссем ақыларыңды бермей қоярмын.— деп жерлеп отырды”.
Осындай шағын детальдардан құралған сахналар, көзге түсе бермейтін ишарат-белгі, емеуріндер көп-ақ.
“Бітуана болса, соны айттырсаңыз қалай болар екен”.
Бұл бітуана сөзі бүгінде жаппай қолданыстан шығып қалған сөз. Келісімнің тиянақтылығын, шарттың беріктігін білдіреді. Қазір тек жазушылардың әдеби мәтіндерінде ғана кездеседі.
Десек те, кейін соцреализм француздардың рыцарлық немесе куртуаздық романдарынан алған жағымды/жағымсыз кейіпкерлер концепциясы “Қалың малдан” да бой беріп қалады. Сұңғыла автор өзі дұрыс, оң санаған құндылық-қасиеттер иесі – жағымды қаһарманына жақтасып отырады. Жалпы, дүниеде тұла бойы, жаратылысы тек жақсы қасиеттерден ғана тұратын адам болмайды. Тірі жан ретінде адам сан өзгереді. Тәртіп-ұстындары ғана емес, тіпті, көңіл күйі де әр кез – мінезіне, тәжірибесіне, өресіне, әлеуметтік жағдайларына байланысты – өзгеріске ұшырап отыратыны сөзсіз.
Бұл – соцреализмнің әлі күшіне ене қоймаған уақыты. Бірақ, 1934 жылғы басылымында, жаңа нұсқасында, ғазиз сыншымыз Рымғали Нұрғали жазбаларына сүйенсек, таптық көзқарас, жарқын мұрат идеялары үстем түскен сияқты. Автор ызғарлы заман талабына сай, кемел туындысын бұзып, шығарма табиғатына жат элементтерді енгізсе керек.
Десек те, кейінгі өзгертулер мен толықтырулар шығарма шырайын, әрін кетіре алмаған екен. Қалың мал романы сол құнарлы, бояуы қалың, уақиғалары тың күйінде қалғаны байқалады. Көзі қарақты жанашыр оқырман қауымның көңілі тоқ. Цензура еркін, бостан туындының көркем өнерлік құнын, ұлттық маңызын қанша тырысқанымен жоя алмағаны көрініп тұр.
“Бұл келген — сол Есіл бойындағы Қарасарт аулының жиені Жүсіп баласы Қожа.Қожаштың әкесі Жүсіптің әлдеқалай қайын жұртына көшіп келіп отырғанына бірсыпыра уақыттар болып еді.Қожаш — орта бойлы, талдырмаш, сабыр иесі, сұлу қара торы, бір сезді, уәдеден таймайтын жігіт. Замандастары сол мінезінен өте жақсы керуші еді. Қожаш бұрын да Итбайдікіне бірнеше рет келіп қонып, Ғайшаның сұлулығынан мін таба алмай, сыртынан ғашық болып жүрген жігіттің бірі еді. Ғайшаны айттырайын десе, Итбайдың бермейтініне көзі жетіп, қолдың Ғайша да бой жете бастағаннан бері қарай, Қожашты сыртынан жақсы жігітке есептеп жүруші еді. Бұл екі ғашық бір-біріне сыр ашыса алмай, құр бірін-бірі сүйіп жүретін”.
“Түтіндей булыққан іштегі шердің тиегін ағытып, көпке мұңын шаққандай үш-төрт ауыз өлең айтты”.
Бұл шығарма да сол кездегі басқа, жаңа жарық көріп жатқан алғашқы прозалық үлгілер тәрізді қазақ қызы, алаш аруының түзде, сақарада кең, еркін өмір сүргенін білдіреді. Көшпелі жұрттың парасат пен кісілік, ақыл-ойы мен адамгершілік қасиеттеріне негізделген, сүйенген табу немесе тыйымынан хабар береді.
“Қара көлеңке бола берген кезде, ауыздарын жақындастырып сүйісіп алды. Бұлардан басқа да қыз-бозбалалар сүйісіп жатыр, бірақ бұл екеуінің сүйісуі, жақындығында риясыз достық бар”.
“Шам қара көлеңке болған мезгілде, қыз-бозбалалар сүйісіп қояды”.
Романда алғаш рет ру тартысы көрініс табады. Кейін бұл тақырып “Абай жолы” эпопеясында кеңінен ашылады.
“Тұрлықұлдың жатса-тұрса ойынан шықпай, түйткілденіп, мазасын кетіріп жүрген — Медеудің өткен штатта соңына ермегені бір болса, екінші, жылқысын Тасөткелден суартпағаны. Оның, бір кегін Медеудің жесірін тартып алып қайтарып еді, оған місе тұтпай Кеңшалғын есінен шықпай мазалана беруші еді”.
“Жартастың қызыл сирақ кедейлері, Бірке, Әлкең Жүніс бас болып:- Е, Медеу дейтін ел, кедей болсақ та, біз де Атығайдың бір баласы емес пе едік; жазығымыз жоқ еді, бірақ бес-алты жылдан бері қарай Тұрлықұл бізге не көрсетпеді. Содан бері біз де жаумыз. Бастаған езі. Кедей ағайынын басына күн туғанда ғана тапты ма? Жесір намыс болатын болса, ана жылғы біздің жесірімізді қайтарсың жер намысы болатын болса, Кеңшалғынды қайтарсын. Нанса, бұл іске біздің қатысымыз жоқ, нанбаса, езі біледі”.
Романда характері толық ашылған ең үлкен кейіпкер – Итбайдың кемел образы.
“Ертеңіне бес-алты жігіт боп, Қожаш, Бекарыстан тойына баруға шықты. Той Тұрлықұл аулымен көршілес отырған Алтыбай аулында. Бұл екі ауылдың іргесі айрылып көрген жоқ. Жолшыбай Амантаймен екеуінің кеңесі Тұрлықұлдың байлығы, одан көрген сый-құрметі болды. Бірінің-бірі сөзін қостап, байды мақтап тауыса алмай келе жатыр. Амантайдың көзін ала беріп, ақшасын байқау үшін, қалтасына қолын да салып қояды. Бір ауылдың үстінен өте бергенде, божы ұстаған жігітке:– Бала, шауып өт! — деді.– Жарайды,— деп атшы жігіт, түрегеліп, қолындағы құнтын бұлғап, анда-санда айқайлап қойып, шаба жөнелді, суаттан ала шолақ сиырды айдап келе жатқан бір кемпірді басын кете жаздады”.
“Ертеңіне, таң атқаннан кешке дейін, Итбай мен Қарақұлдың жұмысы киітке мінген екі ат болды; үстін қырып, жалын тарап, сылап-сипап, келген кеткен кісіге мақтап, оттап жүрген жерінен айдап жүргізіп көрсетіп, жануарларға дамыл еді. Жатса, тұрса ойлайтұғыны — қалыңнан алған малы, астына мінген екі аты.Қызығы басылмаған аттардың, біресе бірін, біресе бірін мініп, күнде жылқысын аралап қояды. Жылқыға барған санын, буаз биелерін екі-үш қайтара санап қояды”
Тұжырым – бұл шығарманы қазақ кәсіби романының басы деп білеміз.
15.09.2019
Бөлісу: