Дидар Амантай. «Қамар сұлу» – үшінші роман
Бөлісу:
Өткен ғасырдың басында қалыптаса бастаған қазақ прозасы ұшқыр еді – жылдам дамыды. Төрт-бес жылдың ішінде үш роман жазылды. “Бақытсыз Жамал” (1910) – “Қалың мал” (1913) – “Қамар сұлу” (1914).
Үшеуінің де көтерген тақырыбы бір: әйел теңдігі. Бірақ, көлемі, сапасы жағынан үшеуі де үш түрлі.
Бірінші орында – “Қалың мал” тұр. Тілі шұрайлы, кейіптеген образдары – нанымды, шиеленісі қатты.
Сұлтанмахмұт романында өлеңмен жазылған хаттар, ойлар прозалық мәтіннен басымырақ. Бірақ, шығарманың қазақ романына қосқан өзіндік үлесі бар. Жас ақын қалың мал төлеп қыз алған түз дәстүрін аяусыз қатты сынға ұшыратады. Тұңғыш рет кәріге зорлықпен қосқан қазақ қызы айбатын жылап-сықтап емес, өткір өлеңмен көрсетіп, ашықтан-ашық қарсы тұрады. Ата-анасы, тіпті, әкесі Омар қыз жағында болады, кәрі шалға сұлу бойжеткенді күштеп қосып жүрген әулеттің үлкендері, бұл – өте маңызды штрих. Қалың мал мәселесі бір үйдің, бір мінездің қалауы емес, алаш әлеуметі жақтаған қоғамдық дерт, қара танымаған, сауат ашпаған, әлемдегі оқу-білім қол созып жатқан ізгі талпыныстардан хабарсыз надандық тұрғысында көтеріледі.
Сюжет желісі елдегі қарапайым оқиғалардан басталады: “Бұлар осындай дуылмен жазды алды. Күз жетіп август жұлдызының басында Омар Қасенді оқуға алып кетті. Оқитын Омскі шаһары екі жүз шақырым шамасында бұларға алыс еді. Олар жүрердің алдында он күн бұрын Қамардың ашылмаған сорына, оңалмаған жолына қарсы Жорға Нұрым деген өз болысының (правитель) бұрынғы хан тұқымынан алған қатыны өлді”.
Автор жағымсыз кейіпкерді мейлінше жағымсыз етіп көрсетеді.
“Жасында аттан жығылып, бір жақ аяғының ақауы болғанға құрдастары "Жорға Нұрым" деп, сонан елге де "Жорға Нұрым" атанып кетіп еді.Бұл өзі жеті атасынан бері уызы арылмаған, бағы таймаған, қолынан ұры кетпеген, бір жақсылық етпеген, басы сәждеге тимеген, жамандықтан басқаны сүймеген, бірді-бірге атыстырып, елін қан жылатумен шынжыр балақ, шұбар төс, қанды ауыз атанған бір жауыз еді”.
Омар ұрпағын орыс оқуына бергеніне ағайын-туысы наразы. Яғни, сәулелі өзгерістерге теріс қарайды, сақара өмірі осы қалпында қалғанына жақ. Қайран сөзі қор болған кемеңгер Абай шығармашылығының қаһармандары тәрізді.
“Шоқындырған Қасенді қайда шоқындырсаң, онда шоқындыр! Қамарды тағы орысша оқыған біреуге беріп, сүйегімізге таңба қыла алмаспыз. Қазаққа берсек, қазақта мұнан артық кім бар? Соған барып та обал болатын болса, қияметте мен арқалайын, куә болыңдар! Нұрымнан артық пайғамбарға береміз бе”?
Роман соңында Қамардың сырқатқа ұшыраған ауыр халі бейнеленеді. Ишан-молдалардың ем-домы надандықтың, қараңғылықтың белгісіндей көрсетіледі, жарыққа ұмтылудың орнына ақы, пайда іздеген шала сауатты дүмшелер қоғамның жауы ретінде суреттеледі.
“Онан соң үшкіру, түкіру деген нәрсе күнде нөпір. Қолында сандықтай құраны, әлхам мен құлхуалла білетіндердің аузында дамыл жоқ. Емдеуші мұндай көп болар ма, үйге сыймай лық - лық етеді. Көбіне тиын түспесе де, "Бір тойған шала байлық" деп, өңмендей беруші еді”...
Қамар қандай еді – қандай болды.
“Және бір нәрсені көңілдері ұнатып, мақтағысы келсе: "Уай шіркін! Мынау Қамардай екен!" десуші еді. Кей уақыт Қамардың көзіне жазатайым көздері түсіп кеткендері де әлдеқандай көтеріліп, қуанып қалушы еді”.
Романда әсем тіркестер баршылық.
“Қарашы, асын ішіп, текеметін тіліп жүргенін, жүріңдер бөлемді үйінен суырып алып тепкілейік”.
“Түказзибан (арабша) - түпсіз өтірік деген сөз, бірақ бұл жерде шексіз әңгіме деген ұғымда қолданылған”.
“Енді мені көрмессің, разы бол, Ғарасат майданының күні ашылмай.”
“Әкесін екі аршын шүберек кәде өлтірген қатындар да даладан күзгі ақша қардың аязы қысып, үйден Қамардың жылағаны қысып, не қыларын білмей, құр шыжбалаңдап, жүгірісіп кіріп шыға берді”.
“Бір бұрышқа бүркеніп, қырғи қуып түсірген торғайдай бір уыс қана доп - домалақ болып тығыла тықсырылып, қайтсем, жан қалады дегендей мүсәпірсіп жатқан форумы мұсылман адамның сай сүйегі сырқырайтын көріністе еді”.
Бұл романды жазғанда Сұлтанмахмұт небәрі – жиырма жаста еді. Алайда, данышпан ақын жастығына қарамай, ұлтқа қажет қасиет-құндылықтарды күн тәртібіне көтере білді. Жас талапты жаңа өмір үшін күресуге шақырды.
Сұлтанмахмұт – ұлы Қаныш Сәтбаевқа бата берген, ақ жол тілеген адам. Болашағын да дәл болжаған деседі.
Қамар сұлу кей жері жоғалса да маңыздылығын ешқашан жоғалтпайтын шығарма.
16.09.2019
Сурет авторы: А.Дүзелханов
Бөлісу: