Дидар Амантай. Көркем образдың күйреуі
Бөлісу:
Әсілі, әдебиет туралы әсіре-түсінік әлсіреді, енді екіленбей жазуға болады. Күшейіп жазу көне Грекия дәуіріне тән еді.
Кие туралы әңгіме де пафостың бір көрінісі. Әдебиеттің ешқандай киесі жоқ, әсері ғана бар.
Пафос, жеке тұлғаны жырлаған ода, асқақ үн салтанаты ежелгі эпостық шығармаларда үстемдік құрды.
Шалқар мақтанға шалқыған мадақ айтылды.
Антикалық заманда біртіндеп көркем образ шарттары қалыптаса бастады. Ең әуелі жағымды қаһарман жағымсыз кейіпкерді әңгіме желісі барысында, ойсырата жеңді. Туынды мазмұны рұм ипериясының жеңімпаз идеологиясына сай жазылды.
Бұл заманда шапқыншылық көп еді. Басқыншылық саясаты ұлт-азаттық күресін туғызып отырды. Жалпы халықтық қарсылық эпикалық жырлардан көрініс тапты. Сахна төріне ұлттық қаһармандар шықты. Еуропа темірден әр елдің батырлар образын құйды.
Отқа салса жанбайды, суға салса, батпайды. Асқақ метафора, үстем эпитет ауыз әдебиетінің қасиетіне айналды. Өзінен үлкен қауіпті сейілтіп, ел басына төнген қатерден құтқарған алыптар асқан теңеулерге ие болды. Салыстыра отырып бейнелеген образдар жырдың соңына қарай аса жағымды персонаж дәрежесіне жетті.
Кейін орта ғасырлық рыцарлық-куртуаздық романдардың сипатына айналды. Рыцарь жігіттің төресі еді. Оң қолымен шапса, сол қолымен найза түйреді. Сауыты оқтан қорғады, гүрсімен қамалдарды бұзды. Қайраты шынжыр үзді, жігері жаудың жүзін жасытты.
Әдебиетте жағымды/жағымсыз кейіпкер түсінігі орнықты. Жұрт оны бұзылмайтын қағида, бұлжымайтын заңдылық көрді.
Шекспир мен Сервантес пафосты азайтуға күш салды, алайда, ғасырлар бойы тұрақталған жағдай бірден өзгере қойған жоқ. Бірақ, екі автор қасаңдықты жойып, жаңа әдебиетті бастады. Жанр түрлері көбейді, тақырыптар байыды, композиция мен сюжет өзгерді. Ер тұлғалар орнына әлеуметтік шиеленістер келді. Туынды кейіпкерлері өмірдің өзінен алынды, қарапайым халық өкілдері патша сарайы тұрғындарымен қатар шығарма өзегіне айналды.
Ең бастысы, жазу мәнері өзгерді. Сервантес бір-біріне ұқсаған жүздеген кітаптардың күл-паршасын шығарды.
Он сегізінші ғасырда әдебиет жаңа сатыға көтерілді. Стиль ұғымы он тоғызыншы ғасырда пайда болды. Виктор Гюго, Оноре де Бальзактармен қатар Стендаль, Гюстав Флоберлер заманы туды. Біз сипаттаған кезең классикалық межені меңзейді. Ғасыр соңына қарай модернистік әдебиет белгілері байқала бастады. Ол ең әуелі сана ағысы құбылысы ашылуынан көрінді. “Сознание – это поток, река, в которой мысли, ощущения, воспоминания, внезапные ассоциации постоянно перебивают друг друга и причудливо, нелогично переплетаются,” – деп жазды Уильям Джеймс. Оның ойынша, адам бір кешкен сезімін, бір түйген ойын екінші мәрте көрмейді, ұмытады.
Психолог Уильям Джеймстің тапқаны жазушы Джеймс Джойстың іздегені еді. Әдебиетке сана ағысы келді. Алғашқы нышандары Лев Толстойдың “Анна Каренина” атты романының соңғы бөлімдерінен көрінген еді.
“Улисс” бұл теорияны орнықтырды. Тиянақтады. Модерн жолында жүрген Париждік қаламгерлер ортасы жаңа ағымның ықпалына түсті. Мәтіндер бұзылды, қайта құрастырылды. Шын өмірге жақындады, бірақ, өмір шындығын айтқан жоқ.
“Истина страстей, правдоподобие чувствований в предполагаемых обстоятельствах – вот чего требует наш ум от драматического писателя,” – деп жазды кезінде Александр Пушкин.
Кеңес Одағында әдебиет идеологиялық майдан қаруына айналып жатқанда, Батыста ол эстетикалық ізденістердің кеңістігіне өзгерді.
Кеңесте әлеуметтік (мазмұндық) мәселелер әдебиет мұраты болса, Еуропада әлеуметтік проблемалар эстетикалық (формалық) мақсаттың көрінетін шартты сахнасы ғана еді.
Әрі үзік-үзік, әрі біртұтас өзен тұрғысындағы сана ағысы сөйлемді ықшамдады, сюжетті талқандады, алдыңғы орынға форма шықты. Жаңа мән-мағынаны жаңа формалық ізденістер ғана паш ете алар еді.
Заман да сай болды. Дүние жүзілік соғыс адамға деген сенімді жойды, кісілік күмәнді, адамгершілік адасқақ еді. Майдан даласында бір-бірін найза ұшына ілген адамзат сырқат болатын. Мұндай қырғыннан соң, ешқандай кітап оқылмайтын еді. Ескі кітап орнына жаңа кітап келуі тиіс-тұғын.
Соғыстан қайтқан модернистердің жүзінде өлім ізі емес, ұзақ жолдың бұрқырап көтерілген шаңы жататын. Пафос, өстіп, кейін шегінді.
Соцреализм – ойдан шығарылған жасанды тұжырымдама. Шығарма ешқашан өмір шындығын айтпайды. Оның мұраты – шындыққа ұқсай білу. Социалистік эстетика – формасынан мазмұны бай жұпыны эстетика. Реализм – қашанда өмірдің өзі емес. Өмірді қаз-қалпында көрсету – орындалмайтын миссия. Ол – үнемі көшірме. Түпнұсқа емес, шектелген, фрагменттік аударма күйінен аспайды.
Экзистенциалистік дәуір, жаңа роман кезеңі, битниктер қозғалысы төл эстетикасын тудырды. Елуінші-алпысыншы-жетпісінші жылдары, қазақ прозасы модернистік құндылықтарды бойына, қаламына сіңіріп жатқанда, Еуропаға постмодернизм келді.
Енді қазір ол күн тәртібіндегі басты тақырып емес. Бірақ бүгінде руханияттың алтын мұрасына айналды.
Постмодерн дегеніміз полистилистика дәуірі. Өзі туғызған жазу мәнері жоқ. Бірақ, бір шығарма ішінде түрлі стильді қамти алатын жағдайы бар. Сондықтан, пәлсапашылар постмодерн туралы жазсаң, модерн болып шыға келеді деп айтады.
Бүгінде жеке тұлғалық және жалпы сипаттық көркем образ бейнесі алдыңғы орында тұрған жоқ, алға стиль тудыратын атмосфера шықты. Стиль образдан биік. Форма мазмұнға тәуелді емес.
Мен жазу мәнеріне ғана сүйенемін, деп жазады Ален Роб-Грийе. Әдіс-тәсіл көркем әдебиетті кез келген жерінен бастап оқуға мүмкіндік береді. Теңіз туралы шығармадан балықтың иісі шығуы керек.
Қош бол, көркем образ!
22.09.2019
Бөлісу: