Сағымбай Жұмағұл. Баянғали Әлімжановтың романы жайында

Бөлісу:

25.09.2019 4566

Жанкешті ұлт. Тағдыр-талайы хақындағы тағылымды туынды

Белгілі ақын, жазушы, руханият қайраткері Баянғали Әлімжановтың Ресей астанасы Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан «Сказ столетнего степняка» атты орыс тілінде жазылған романы жарық көрді. Кітап Ресей Жазушылар одағының хатшысы Г.Пряхиннің «Двуречие Баяна» деген алғы сөзімен басылды. Туындының кейіннен беделді роман-газета басылымында жариялануы да әдеби үрдістегі маңызын көрсетеді.

ХХ ғасырда халқымыз басынан өткерген қиямет-қайым оқиғалар арқау болған шығармада ұлт тарихындағы алмағайып кезеңдердің қайғысы мен қасіреті, зұлматы мен нәубеті, жеңісі мен жеңілісі туындының басты қаһарманы көнекөз қария Асанбай Аманжолұлы атынан баяндалады.

Романдағы шытырман тартысқа толы драматизм, трагизм қыр перзенті Асанбай Аманжолұлы Бектеміров басынан кешкен қилы тағдырын немере, шөберелеріне баяндау тәсілі арқылы өрістеп отырады. Туындының стильдік ерекшелігі – авторлық баяндаудың өмірдің өзінен туындап отырған қат қабат шынайы сюжеттік тартыстарға негізделуінде. «Бодан белого царя», «Аульная вольница», «Ярость народная», «Гражданская анархия», «Линия истребления», «тиранический огонь», «Когти агентуры», «Необходимое отступление», «Война», «Испытание человечности», «Америка и аул», «Лагерь», «Испытание», «Милость судьбы», «Железное благо», «Абсурд, возведенный в абсалют», «Независимость», «Вечность и миг» атты тараулар өзара сабақтас сюжеттік-композициялық тұтастықта берілген. Өмірдің небір қатал сынында кісілік қасиеттеріне кір шалдырмай өткен қайтпас қайсар мінезді Асанбай тағдыры тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-саяси өзгерістерге толы жылдардың қанды толқынына жұтылып кетпей, тіршілік тайталасында мерейі үстем болған халқымыздың жасампаздығына бас идіреді.

Шығарманың өн бойында Бектеміровтар әулетінің күрделі тағдыры ел өміріндегі дауылды жылдардың тыныс-тіршілігімен байланыста өрістейді. Асанбайдың өзіндік «менін» сақтаудағы жанкештілігі, табандылығы ұлт бірегейлігінің болат өзегі ұрпақтар сабақтастығымен үйлесім тауып жатады.

Туынды бастауындағы көркемдік деталь «Балбал тас» – бағзы мен бүгінгіні байланыстырып тұрған рәміздік белгі.

«Ата, ақыл-есіңіз тұнық, сау-саламат күйіңізде осы жасыңызға қалай аман-есен жеттіңіз? Қалайша тірі қалдыңыз?» – деген сана сорабына жетелер ұрпақтарының сұрағына жауап іздеген қаламгер қилы кезеңдер шындығына көркемдік таныммен тереңнен үңіліп, арда халқымызды азаттық пен еркіндік жолында алға жетелеген рух асқақтығының құдыретіне бойлатады.

Иә, ата тарихқа, тарлан тарихқа қарата «ХХ ғасырдағы небір қанды қасап қасіреттерді басынан өткерген қазақ деген ұлт жер бетінен таза жойылып кетпей, қандай құдыреттің желеп-жебеуімен аман қалды? Қарға тамырлы қазақ жасампаздығының тылсым сыры неде?» деген өмірлік сауалға өрелі ұрпақ әлі талай оралатын болады...

Бодандықтан арылып, бостандыққа аяқ басқан алмағайып кезеңдер куәгері болған текті әулет тумасы Асанбай уақыттың қатал тезінен өтуде жеке басының күйін күйттеген емес. «Арым жанымның садағасы» деген ата-бабалар аманатына адалдық танытудан бір сәт те айныған емес.

Әкесі Аманжолдың дін мен ділді сақтаудағықайтпас қайсарлығы, әжесі Алтынның тағылымды ертегі-аңыздары бала дүниетанымында өшпес ізін қалдырып, адамгершілік қасиеттерін ұштап отырды.

Бабасы Күреңтай батыр, әкесі Аманжол орыс отаршылдығына жан-тәндерімен қарсы жандар. Тамырында ата қаны өшпеген қыр перзенттеріне ұлттың өрлігі, елдің азаттығы, ұлыс бүтіндігі, ұрпақ жалғастығы бәрінен де қымбат.

Зұлымдық пен озбырлыққа мойымай, қиянат пен қиястықты жеңе білген Алаш баласы қашанда ізгілік пен мейірімді, әділдік пен кісілікті ту етіп ұстанды. Обал-сауап, ар-ұжданды қасиет тұтқан далалықтар адам баласының нәсілі мен діліне қарамастан татулық пен түсіністік жарасымында өмір сүруді бұлжымас заңдылық деп біледі. Аманжолдың қазақ жеріне қоныс аударылып келген орыс мұжығы Майдакинмен риясыз достығының түп өзегі де адамгершілік мұраттардан нәр алып жататын рухани қайнардың тұнықтығында. Өмірдің сын сағаттарында тек адамгершілік қасиеттер ғана адамның адам болып қалуында зұлымдықтың алдын алады, әділдіктің салтанат құруына септеседі. Аманжолдың 1916 жылғы патша жарлығынан туындаған дүрбелеңде ойрандалған орыс жатағындағы тамырын төніп келген ажалдан құтқарып қалуы да адами қасиеттерінің тереңдігін көрсетеді.

Романда 1914 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы патша жарлығына қарсы қырдағы дүрбелең барша қайшылығымен көрініс табады. Әкесі Аманжол, туған ағалары Әлімжан, Мейрамбай отаршылдар озбырлығына қарсы теңдік, азаттық туын көтерген көтерілісшілермен бірге атқа қонады.

Бейбіт елді ойрандап, қазақ даласын қанға бөктерген жазалаушы әскер жендеттерінің қолына түсіп, адам айтқысыз қорлық көрген Мейрамбай қыршыннан қиылады. Әкесі Аманжол 45 жасында жазалаушы әскерлермен болған қиян кескі ұрыста көз жұмады. Майданның қара жұмысына алынған Әлімжаннан ешбір хабар-ошар болмай, із-түссіз кетеді...

1917 жылғы Ақпан, Қазан төңкерісінен кейінгі ақтар мен қызылдар арасындағы текетірес, бір ұлттың екіге жарылуының катарсистік сипатта жан әлеміңді толқытуы да қаламгер шеберлігіне тәнті етеді. Көпті көрген көне көз Малай ақсақалдың «Мынадай бұлғақ кезеңде тірі қалғың келсе, сұмдар мен арамзалар алдында адал да арлы болуға міндетті емессің. Жауыңа қолданар әдіс-айлаңды сайлап ал. Бір Аллаға, ұлтыңа ғана адал бол!» деген толғанысы заман запыраны болып төгіледі.

Ұлт пен ұлт жауласып, әке мен бала қастасқан алмағайып уақытта аталас ағайындылардың бірі ақтар, бірі қызылдар әскерінің қатарынан табылады. Мұрат жолындағы майданда екі жаққа бөлініп өштескен Әкімжан ақтардың, Кәрімжан қызылдардың сойылын соғады. «Аға мен іні қастаспасын, қан төкпесін. Жаттың күштеп танған азаттығына алданып, құрдымға кетіп жүрмейік. Кірлесуді қойып, бірлесуді ойлайық, ел-жұрттың амандығын тілейік» деп нақақ қан төгіден сақтандырған Малай қарияны 1920 жылдары есерген орыс есауылы қылышпен шауып өлтіреді...

Парасат пайымынан адасып, жаға жыртысумен мынау опасыз жалғанға сыйыспай өткен Әкімжан, Кәрімжандарға Бұлақбасы ауылындағы әулеттік қорымнан топырақ бұйырыпты...

Әулет отын өшірмеуді діттеген Асанбай әке аманатымен отбасына бас-көз болып, ауылындағы ағайын-туысқандарына қорған болып қалады. Қазақты ұшпаққа жеткізбейтін ақтың да, қызылдың да түпкі мақсатын түсінген Сәлім Алаш идеясын қолдайды. Алаш атты әскерінің сапында сұр мергендігімен жауға қарсы атойлайды...

Дауылды жылдардағы қазақ ауылының қасіреті шығармада Асанбайдың бір туған қарындасы Халила бейнесі арқылы өрістей түседі. Ауыл үстінен ойқастай өткен ақтар офицерімен кетуге мәжбүр болған Халила өлімінің де астары терең. Жат жұрттықтардың шектен шыққан қиянатына қарсы шыққан Сәлім орыс офицерін жекпе жекте атып өлтіреді.

Аласапыран кезең ақиқатын көркемдік тұрғыдан жинақтаған қаламгер туындыдағы драматизмге толы сюжеттік желілерді табиғи қалпымен дамытып отырады. Аласапыранға толы жылдары Асанбайды ажалдан Майдайкиннің перзенті қызыл әскер командирі Тимофейдің құтқарып қалуы да уақыттың кірі шалмаған адамзаттық гуманизм мұраттарының өміршеңдігіне көз жеткізеді. Асанбайдың жаңа өмірге араласуына сарабдал ой салған Тимофойдің өзі қан құйлы 37 жылы тұтқындалып, сталиндік репрессия құрбаны болып кете береді.

«Жаңа билікке мұғалімдер керек. Оқы, тоқы, халқыңды ағарт. Еліңді өрге сүйре» деген Тимофей толғанысы да қазақ топырағында түлеген азаматтың ішкен суына, жеген нанын деген адалдығын танытады.

Асанбайдың көрмеген құқайы алда екен. Азамат соғысы жылдарындағы заңсыздықтар коммунист Голещекин бассыздығымен ушығады. Қазақ даласындағы аштық алапатын көзімен көрген Асанбай жаналғыш белсенділердің асыра сілтеулерінен туындап жатқан түрлі әлеуметтік қиянатты, «халық жауларымен» күрес науқанындағы қиястықтарды жан-тәнімен сезінеді. Қиямет қайымға тап болған туған халқымен бірге зұлмат жылдардың қасіретін басынан өткереді.

Өзі де саяси сенімсіздікпен тұтқындалып, түрмеге қамалады. Дүлей күш зорлығына иілмеген Жәкежан бидің өмір үшін күресе білуде, тіршілік жолында жанталасып бағуда намысын қамшылаған семсер сөзі рух береді.

Тіршілік тайталасындағы жанкештілік күресімен ажал аранына жұтылудан аман қалуда НКВД жаналғыштарының арандатуына, арбауына түспей, ақыл-қайратымен тығырықтан шығатын жол таба біледі. Сол арқылы бір Асанбай емес, тұтас қазақ халқының саяси жүйе илеуіне түсіп, заңын күштеп мойындағанымен, өзіндік «менін», рухын сақтай отырып, ертеңгі күнге деген имани сенімін жоғалтпастан ұлттық қасиеттеріне адал болып қалудағы табандылығы тұтас романның басты леймотиві тұрғысында көркемдік шешім табады. «Ең бастысы, рухы өшіп, жаны семгені жоқ!!! деген толғаныстың мән-мағынасы ерен!!!

Жанкештілігімен НКВД өлімінен аман қалған Асанбай өз еркімен Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. Сел болып аққан қан, қыршыннан қиылған боздақтар... Мән-мағынасыз қан төгуді тоқтатып, кісілік мейірімге, бейбіт өмір жарасымына шақырған жанайқайын «шалықтау» деп айыптаған ОСОБИСтер қысымына алынады. Қиян кескі ұрыста жараланып, госпитальға түседі. Қайтадан соғысқа жіберіліп, барлаушылар тобында болады...

Аласапыран жылдары көз жазып қалған бауыры Сәліммен майдан даласында оқыстан кездесуі де шығармадағы шытырман тартыс үйлесімінде бейнеленеді. Кеңес билігіне қарсы қолына қару алған Сәлім өз ұстанымына болаттай берік тұлға. Өз бетінен қайтпайтын қайсар мінезді Сәліммен Асанбай жолы екіге айрылады...

Сәлімнің күрделі тағдыры халқымыз басынан өткерген қилы кезең трагедиясын ұғынуымызға ой салады. Екіге жарылған ағайындылардың араға ұзақ жылдар салып туған жер топырағында қауышулары да қилы кезеңдер тезінен өткен әулеттің қайта бүтінделіп, жаңғыруының қандайлық күрделі асулардан өткенін аңғартады.

Асанбай тағдыр-талайындағы сұрапыл соғыс жылдары шындығының боямасыз көріністерін жазушы басты кейіпкердің түрлі сыннан өтудегі шым-шытырық оқиға желісінің шиеленісуімен үстей түседі. Асанбайдың неміс тұтқынына түсіп, Түркістан легионында, жау тұтқынында болуын «сатқындық» деп күстаналаған идеологиялық айыптаулармен лагердегі азапты жұмыстарға жегілген қапастағы жылдары да адамзаттық құндылықтарды, әділдікті белден басқан тоталитарлық жүйеге тән қылмыспен ұштастырыла беріледі.

1950 жылы бес жылғы сергелдеңге толы небір қиындықтарда адами қасиеттерін жоғалтпаған Асанбай лагерден қашып шығады. Тайгада аштық азабын тартуы, ГУЛАГ лагерлерінің бірінен қашып шыққан бейбақтармен ит байласа тұрғысыз Сібір орманында ұшырасуы, тіршілік үшін жанталасқан жансебіл пенденің жеңісі, қанды репрессия жылдары Сібірдің ну орманына жансауғалап қашқан орыс қызы Татьянамен кездесуі туындыда психологиялық тереңдікпен бейнеленеді. Тайгадағы үш жылғы сергелдеңнен соң еліне жол табу өткелдері де оңай болғаны жоқ. Бір жыл бойы ел кезіп, вокзал, станцияны жағалап өлместің күнін кешеді. Сталин өлімінен соң туған жеріне оралады...

Қан майданға қырық жасында аттанып, еліне елу төрт жасында оралған Асанбай «Мен өзі майдангермін бе әлде сатқынмын ба? Мен кіммін!!!» дейді Асанбай. Оны осындай мүсәпір күйге түсірген, мейірімсіз талқыдан өткізген озбыр жүйе қиянаты болатын. Небір қиындықтарға мойымаған ол соғыс мүгедегі ретінде қалпына келтіріліп, әскери марапатттарын қайтарып алады. Мүгедектігіне зейнетақы тағайындалады. 1955 жылы неміс тұтқынында болған әскерилерді ақтау туралы жарлықпен қаралаудан арылғандай болады...

Перзенттерінің амандығын тілеп еңіреген анасы жетпіс екі жасында өмірден өтіпті. Әулет отын өшірмеген ақ адал жары Халима балаларын бағып қағып жеткізген екен. Ұлдары өсіп, қыздары тұрмысқа шығады. Немере сүйеді.

ХХ ғасырдағы қазақ қасіретін тұтас адамзат баласы үшін үрей тудырып келген тоталитаризм қиянатын ашуда қаламгер тарихи шындықтан алшақтамай, туындының өн бойында уақыт пен кеңістік белгілерінің бірлікте көрінуіне күш салып отырады. Коммунистік идеология зардаптары қанды репрессиялармен тоқтап қалғаны жоқ. Сталиндік депортацияға ұшыраған ұлттар мен ұлыстардың шемен шерлері әлі де тарқап болғаны жоқ. Осынау зұлмат шығармада қазақ даласына күштеп көшірілген Поволжье немістерінің тағдыры арқылы суреттеледі. Бірнеше отбасы Асанбай ауылын паналайды. Олардың бас көтерер үлкендері «халық жаулары» деген желеумен КарЛАГқа тоғытылады. Бірлі жарым аман қалған қатын-қалаш, бала-шағаны қазақтар бауырына басады. Қиын қыстау күндері пана, қорған болады.

Асанбайдың үлкен ұлы Қабдош мұсылман дінін қабылдаған неміс қызы Полинаға үйленеді. Бұл жерде көркемдік қиялы ұшқыр жазушы өмір шындығын суреттеуде ұтқыр көркемдік штрих, көркемдік детальдарды шынайылықпен өргендіктен жасандылыққа ұрынбағанын бас көрсетеміз.

Тың игеру науқаны, қазақтардың өздерінің тарих атамекенінде азшылыққа ұшырауы, ассимиляциялық саясат үрдістерімен сабақтас қазақ тілінің мүшкіл халі, Степнякта қазақ мектептірін, қазақ сыныптарын ашу үшін күрестегі пәрменді іс-әрекеттер басты кейіпкер толғаныстары арқылы бедерленеді.

Кеңестер билігі киліккен Ауғанстандағы соғыс лаңы да Асанбайдың екі немересінің сол елде қызмет етіп, аман-есен оралуымен бейнеленеді. КСРО ыдырауы, еліміздің тәуелсіздік алуы сынды ХХ ғасыр соңындағы жоталы қоғамдық мәселелер туындының сюжеттік желісінде барша табиғилығымен өрістейді.

Тұтастай алғанда, қазақ халқының ХХ ғасырдағы қайғы-қасіретін, арман-аңсарын бір әулеттің тағдыр-талайы арқылы суреттеген роман қазіргі қазақ прозасына қосылған қомақты дүние. Бодандықтан бостандыққа, тәуелділіктен азаттыққа жетуіндегі шырғалаңдарында тарих толқынының асау иіріміне жұтылып кетпей, елдік қасиетін сақтап қалуда жанкештілік танытқан жасампаз ұлт қандай да болмасын құрметке ие. Тарихи формациялардың қауіп қатерге толы қанды тезінен өтуде феномен феникс сынды түлеп отырған қазақ халқы өзіндік «менінінен», ұлттық бірегейлігінен айрылмады. Өмір тайталасында, толассыз тіршілік жанталасындағы күресінде ұрпақтар сабақтастығының күретамырынан ажырап қалмады. Романның көркемдік қуаты да, тағылымдық мәні де осында.

Суреттер ашық интернет кеңістігінен алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар