Абылай Мауданов. Әбдіғапар

Бөлісу:

30.09.2019 5309

(Тарихи драма)

Әбдіғапар – 1916 жылғы көтеріліс көсемі

Тынышбала – Әбдіғапардың жұбайы

Амангелді – халық батыры, сардар

Жағыпар – Әбдіғапардың інісі, 22 жаста.

Ояз – дуан басшысы

Губернатор – Торғай облысының генерал-губернаторы М.М.Эверсман

Ахмет Байтұрсынов – зиялы қауым өкілі

Әбдірахманқажы - болыс

Смағұл Токин –халық өкілі

Досайқажы – ел ақсақалы

Досан би – ел ағасы

Қосымша Әліби Жангелдин, Кейкі, Дауылбай, Қазима, патша әскерлері, ауыл адамдары, ұрылар.

1 көрініс

Жазық дала. Авансценада ойға батқан Әбдіғапар. Байлаулы жандай дәрменсіз күйде. Сахнада түрлі оқиғалар тізбегі өтіп жатады.

Қойшыбай: Бәйбіше, әй, бәйбіше. Ал, қазаныңды қамда! Бүгін қақпаныма бір теке түсіпті. Өзі де мүйізі қамшы саптай ірі киік екен.

Қазима: Тіпа, тіпа. Бала-шағаның несібесі ғой, әбден қызылсырап отыр едік.

Қойшыбай: Жинап жүрген терілерің қайда әлгі, дуанға жәрмеңкеге апарып, қант-шай алып келейін.

Қазима: Жалғыз атыңды салыққа бердің. Байғұс-ау, жаяу қалай бармақсың?

Қойшыбай: Құдай берген екі аяқ, екі қолым аман болсын. «Ат жоқ» деп аш отырамыз ба? Мына тұрған жер ғой, дәнеңе етпес...

Қазима: Өзің біл онда, жолай Теңдорба қайнағаның үйіне соғып, бір шәй ішіп аларсың. Мә, біраз жиналып қалыпты ғой. Құдайым жолыңды оңғарсын.

Қазима Қойшыбайдың мойнына қоржынын іліп, жолға шығарып салады.

Қойшыбай: Бұйырса осы қоржынды толтырып оралармын. Қоржын, өзің айтпақшы Теңдорба қайнағаңа да сәлем беріп қайтайын. Жәрмеңкенің қызығы тарқай қоймаған шығар.

Шаруасына күйбеңдеп кері айналған Қазима. Ысқырып әндетіп бара жатқан Қойшыбай. Алдынан қарулы солдат шыға келеді.

Солдат (қолында қаруы, масаң күйде): Ах,ты, киргиз! Стоят! Тоқта! Руки вверх! Қолыңды көтер деймін мен саған.

Қойшыбай. Тақсыр-ау, нәшіндік...

Солдат: Жап, аузыңды. Не істеп жүрсің мұнда? Айт жаныңның барында.

Қойшыбай (қолын көтеріп жалынып): Мен мынау Ақмырзаданмын. Жәрмеңкеге бара жатырмын. Жаяу болғасын төте салған едім.

Солдат: Соқ, өтірікті. Қауын ұрлауға келдің ғой, ә? Көрсетем мен саған бақшаға түскенді. Баран...

Солдат оны тепкілей жөнеледі. «Ағайындар-ау, құтқар!» деп жан даусы шыға шырылдаған Қойшыбай. Амангелді, Смағұл бастаған бір топ адам атып шығады.

Смағұл: Әй, солдат, бас-көзге қарамай неге ұрасың жазықсыз адамды?

Солдат: Кет былай жолымнан, қауын жегісі келген екен, «жегізем» мен сендерге...

Амангелді (жолын бөгеп): Ей, нақұрыс, көзіңе қара. Бір түйнек үшін кісі өлтірейін деп пе едің?

«Ұрлаған жоқпын, батыреке, бұйырмасын. Бақшасына тисем Құдай ұрсын. Құтқара көр мына тажалдан» деп безіреген Қойшыбай.

Солдат (Амангелдіге өшіге қарап, мылтығының шүріппесін қайырып кезей бастайды): Не дедің? Қайталашы...

Амангелді: Есің барда елің тап, бозакеш. Өтің жарылып кетсе де айтарым осы.

Солдат кекетіп: Ах, ты киргиз, солай ма?!

Солдат мылтығын Қойшыбайға қарай ұсына береді. Атып тұрып ұңғыға кеудесін тосқан Әбдіғапар. Оны ешкім көрмегендей. Солдат мылтығын атып қалады. Ұзынынан сұлаған Қойшыбай. Қаптап кеткен мылтықты солдаттар. «Қорықпаңдар, ағайын. Құдай өзі берген жанын өзі алады. Тәуекел! Бұлай басындырып қояға болмайды!» деп айғай салған Амангелді. Әр жерден «Әруақ!», «Ойбас!», «Ақжол!», «Аманжол!», «Шақшақ!», «Сандыбай!», «Барлыбай!», «Жанқожа!» деп ұрандаған халық. Дүркін-дүркін аспанға атылған мылтық. Тып-тыныш қара түнек. Жоқтау айтқан Қазима. Жанына келіп сүлесоқ күйде жүрелеп отыра кеткен Әбдіғапар.

Қазима: Басымнан ұшты сайраным,

Қазаға бар ма қайраным.

Ақырың күйгір ақ патша,

Таусылар қашан ойраның?

Біз бір ғәріп зарланған,

Қараңғыны қарманған.

Басыма түсті-ау зор нәубет,

Кең дүниені тар қылған.

Көзімнен ақты-ау қанды жас,

Қасірет батты-ау жаныма,

Тұрманды тұлпар алдырған.

Айдынды шалқар көл қайда,

Жазира, жасыл бел қайда?

Бел таянып сүйенер,

Үкіметілі ел қайда?

Елін жатқа талатпас,

Арыстан туған ер қайда?

Қамшысын үйіріп, зекірген Дауылбай старшын Қазиманы «әй, қатын, сұңқылдама. Елде байы өлген сен ғана ма, үкіметке қарсы шыққан өзінен көрсін. Болыс-екең сұратып жатыр, салығыңды төле» деп желкелеп алып кетеді. Оған ара түспек болған Әбдіғапарды елемейді. Жер таянып, қасіретке батып, еңсесі езіле түскен Әбдіғапардың үстіне Амангелді, Кейкілерді ерткен Әліби Жангелдин жақындайды.

Әліби: Шынжыр балақ, шұбар төс, жеті атасынан билік үзілмеген сен бүйтіп қиналғанда, қалған қараша қайтіп төзіп жүр екен? Жер бетін жаяу аралағанда түйгенім, құлдыққа түскен халыққа Құдай да қолын созбайды...

Селк еткен Әбдіғапар. Дірілдеп басын көтеріп, қолын көкке созады.

Әліби: Көктен көмек келмейді. Құмды жиып тас қылу, құлды жиып бас қылу біздің қолымызда. Тұйықтан қашып, ұйыққа тап болған елді қайтсек тығырықтан шығарамыз?

Аманкелді, Кейкілер мылтығын суырып, сұстана қарап тұрып, Әлібиге еріп шығып кетеді. Оларды сүлесоқ күйде көзімен шығарып салып, басын сығымдаған Әбдіғапар. Баяу басып, оған таяу келген Тынышбала.

Тынышбала: Халық - Құдайдың бір аты. Ендеше, қауымның аманаты - Құдайдың аманаты! Лаухыл мақпузда пешенеңе жазылған тағдырдан қашып құтыла алмайсың. Алдыңда екі жол бар. Тек таңдаудан қателеспе, сұлтаным...

Тынышбала ақырын жылыстап, сартылдатып сойыл сілтескен қазақтар пайда болады.

Дүкенбай: Әй, қаңғыма ит, қайыр анау жылқыңды. Жеріме неге түсесің?

Қайырбек: Тарт тіліңді. Аяқты малды арқандап бағам ба, енді қайт дейсің маған?

Дүкенбай: Қаңғып, еліңнен үдере көш деген мен емес.

Қайырбек: «Арқа тыныш болса, арқар ауып несі бар». Жерімді жетіскеннен тастағам жоқ. Іргеме өрт тигесін көштім. Түп атамыз бір туған бауыр емес пе едік?

Дүкенбай: Өй, құлағыңның ішін, тап түп атаңның сол...

Олар керілдескен қалпы алыстап, Жағыпардың тұлғасы көрінеді. Қолына ұстаған сырығы бар.

Жағыпар: Ассалаумағалейкум, Қапар көке...

Әбдіғапар үнсіз.

Жағыпар (иығынан тартқылап): Қапар, көке. Көке деймін...

Әбдіғапар: Ә, Жағыпармысың? Ат-көлігің аман ба?

Жағыпар: Әйтеуір, тілге келдің бе? Балбал тастай безеріп, түсің қашып кетіпті ғой.

Әбдіғапар: Е... қабырға сайын қайғым бар, омыртқа сайын уайым бар. Құлағымнан қалың елдің зары кетер емес. Жә, мені қойшы. Өзің неге кідірдің?

Жағыпар: Алдымен дуанда поштаның келуін күттім. Айтқандай, мінекейіңіз...

Қойнынан бір бума газет алып береді. Әбдіғапар газетті шолып қарай бастайды.

Жағыпар: Содан екі жүріс қылмайын деп жолай Қайыңдыға соқтым. О, Құдай, тоба, қалың тоғайдың ішінен өзің айтқан сынға толар сырық табу қиынға түскені... Екі күн шарлап, әйтеуір тапқандай болдым.

Әбдіғапар: Иен тоғайдан екі күн іздесең, бекер ағаш емес шығар. Бері әкел, көрейік...

Әбдіғапар газетті қонышына тығып, сырықты қолына алып, салмақтап көреді.

Әбдіғапар: Пай, пай, Құдайдың құдіреті-ай... Осынша мінсіз жаратармысың? Мылтықтың теміріндей түзу, сұңғақ, қыздың білегіндей... Өн бойында бір без жоқ. Жарадың, Жағыпарым. Еңбегің еш кетпепті.

Жағыпар: Көке, мұны қайтпексің... Иіп доға қыла ма десем, жіңішке. Жетекке де келмейді. Сойылға да жарамайды-ау. Әлде найза сапқа ма?

Әбдіғапар: Найза мен сойылдың заманы өткелі қашан?! Қазір мылтықтың дәурені жүріп тұр. Әйтсе де, от қаруды да жеңер күш бар, Жағыпар.

Жағыпар: Ол қандай күш?

Әбдіғапар: Ең мықты қару – жүректегі рух пен сенім.

Сырықты Жағыпарға беріп, қойнынан шұбар ала туды алады.

Әбдіғапар (күнге жайып көрсетіп): Мына қасиетті шұбар ала ту – бабамыз Тілеуліден қалған мұра. Осы байрақты көтеріп Тілеулі батыр Әбілқайыр, Абылай хандардың қол астында жауға шапқан екен. Жорықтардың бәрінен жеңіспен оралыпты.

Жағыпар: Батыр бабамызға Қыдыр ата:

«Қанжығаның қанынан бердім,

Тебінгінің терінен бердім.

Бет алған тұсыңнан бердім,

Ақ найзаның ұшынан бердім» деп бата берген ғой. Қыдырдың тілегі қабыл болғаны да...

Әбдіғапар: Әй, Жағыпар-ай. Аңызды да заманы тудырады. Ол қазақтың бір тудың астында, Абылайдың ақбурасындай жауына қарсы шабынып тұрған кезі еді ғой. (Туды бүктеп қойнына салып) Ал, қазір қазақ та - бір, бұйдалы тайлақ та - бір. Бұйданы үзбей бақыт жоқ. Бірақ, бұғау бұлқынбасаң бұзылмайды. Мына қайыңды бапта. Бір қыс қар астында, бір жаз күн астында қақталып, әбден жарасын. Сонда ғана туға лайық болмақ.

Қамшысын білемдей ұстаған ашулы Досан би желке тұстан шыға келеді.

Досан би. Хан Нияздың тұқымы, үйірден бөлінген саяқтай шеттеп, тағы нені ойға алдыңдар?

Әбдіғапар мен Жағыпар «ассалаумағалейкум» деп сәлем береді.

Досан би (жерді қамшыменен бір ұрып).Есендік сұрасып, езіп тұрар жайым жоқ, Әбдіғапар. Өзің айтшы, жеңген ит жеңілген итті неше жыл талайды?

Әбдіғапар (кері бұрылып): Босада бастағасын көңілде кірне қалдырма...

Досан би. Айдың күні аманда, арысымды алдырып, елге емес, жерге қараған жайым бар. Қынына сыймаған семсеріңнің балдағы басқаның қолында кетті. Сырт айналсаң «сүйіншім» осы, кегіңді ұлық қайтарды. Енді жерің кеңіді. Інің істі болып, айдалып барады.

Әбдіғапар (жалт бұрылып): Көне жараның бетін тырнаспайық, Досеке. Амангелді тағы не бүлдірді?

Досан би. Торғайда үлкен жанжал шығып, отыз жігіт қамауға алыныпты. Орайын пайдаланып, бақай есебі барлар домалақ арызды қарша боратып жатса керек...

Әбдіғапар. Отыз жігітті қамауға алды деймісің? Түрмесіне қойша тоғытуға көшкен екен де.

Досан би (жүрелеп отыра кетеді). Ер екеніңе сенейін - «өкпеге қисаң да, өлімге қимайтын» мәрттігіңді бір көрсет. Осы төңіректе ояз бен күбірнатырға сөзі өтетін бір адам болса, ол - өзің. «Жексең жетегің бар, ұстасаң етегің бар» деп, алдыңа келдім.

Әбдіғапар (дүр сілкініп). Айтқаның болсын, Досеке. Бұл сапарға барымды салайын.

Досан би. Жаным қысылғанда жағаңнан алып өктемдеп едім. Ұсақ кикілжіңді ұмытып, кеңдік танытқаныңа разымын, Хан Нияздың тұқымы.

Әбдіғапар: Қотанға қасқыр шапқанда ит те бірікпей ме, биеке?!

Досан би (орынан шапшаң тұрып қызына сөйлеп). Соны ұғарлық жан қайда? Бас басына би болған анау патшаның қарғыбаулы төбеттері арсылдағанын қойып, ауыз сала бастады. Балтырымды қанатты. Ішіме ірің толды, көкейіме жегі құрт түсті. Ескекпен ұрған балықтай қашанғы мәңгірейміз? Келешегің көк тұман... Адасқан қойды бастар айшық мүйіз ақ серкем емес пе едің? Не бел кетер, не белбеу кетер, баста! Көрсет бір жолын.

Әбдіғапар. Ту түбінде серт айтар күн де алыс емес. Ақкөздік жасап арандау оңай. Алдымен қаруымызды қамдайық.

Досан би. Қайраулы бір қанжарың Амангелдің емес пе? Сілтей алмасаң саған серт. Қиып түспесе оған серт. Бодауына берме басқаның. Жаттың дүресін соқтырғанша, өзің жазала.

Әбдіғапар. Жағыпар, би ағаңды жақсылап шығарып сал да, атты әзірле. Дуанға аттанам.

Досан би мен Жағыпар шығып кетеді. Ортада ойға шомған Әбдіғапар.

Әбдіғапар. «Жеңген ит жеңілген итті қанша жыл талайды?» дей ме? Тілің ащы биім-ай, тіліп айтасың-ау. Алауыз елдің бір итаяқтан ас іше алмас иттен несі артық? Болмашы билік үшін туған халқын талаған болыстарды асыранды төбет демей көр. Бірақ, дүрегейлерін айтақтап, қаныңды ағызған үлкен ит - ақ патша емес пе?! Ендеше, империядан ірге бөлмей, елдің басындағы қайғы бұлты ашылмайды. Бірақ, ондай күш қайда? Орманды балтамен отап тауыса алмайсың, орайын тауып от қойсам, оның жалыны жайлауымды ұйпап өтсе қайтпекпін?

Ентелеп жүгіріп келген Жағыпар.

Жағыпар. Көке, түнде жылқыға ұры тиіпті. Барымташылар үш адам екен. Жігіттер сойылдасып, үшеуін де түсіріп алыпты.

Арқандаулы үш ұрыны әкеліп тізерлеткен Әбдіғапардың жігіттері.

Әбдіғапар (әр қайсысына жеке-жеке үңіліп). Кім бұлар?

Жағыпар.Аттарының таңбасы, киім киісі Арал жақты нұсқайды. Тіл алып үлгіргеніміз жоқ.

Әбдіғапар: Тым шалғайдан келгеніне қарағанда, мені мұқатпақ біреу болды ғой. Үшеуін де тірідей көміп, тек басын шығарып қойыңдар... Жанына ешкім жуымасын. Соңынан іздеуші келсе, кісі басына күміс ерлі қара арғымақ, бір-бір мылтық болсын қайтарымы.

Жағыпар.Тірідей көм дейсің... Көке тым қатал жаза емес пе?...

Әбдіғапар шығып бара жатып нұқып: Мұның да мәнісі бар. Бұлжытпай орында. Барша жұрт хабардар болсын.

1 Ұры. Мейманаң әбден тасыған екен, Әбдіғапар.

2 Ұры. Сен бізді бұлай жазалай алмайсың. Сенің сүйенгенің қай шариғат? Үкім шығаратын қазы емессің. Көп қазақтың бірісің.

3 Ұры. Астамсыма, орыстың заңынан бәрібір аттай алмайсың.

Әбдіғапар. (жалт бұрылып) Шариғатты қаласаң – дарға асыласың. Ал, ұлыққа жүгінсең – ит жеккен айдалып, итке жем боласың. Жоғалған мал құрлы қадірлерің болса, көрелік. Кім іздеп келер екен?

Жағыпар мен жігіттері қарсыласқан ұрыларды желкелер алып кетеді.

Екінші көрініс

Торғай. Ояздың кеңсесі. Төрде ІІ Николайдың портреті. Құжат толы шкаф. Ұзынша үстел. Ортада графин. Телефон.

Ояз: Төрлет, Абдулғапар Жанбосынович.

Әбдіғапар: Алда разы болсын, ояз мырза, құрметіңізге ризамын.

Ояз: Ех, Абдулғапар, Абдулғапар. Үстіңізден түскен арыздар том-том болып қалыңдаған сайын, Сіз бен біздің арақатынасымыз да ауырлай түскендей ме, қалай? Танысам десеңіз мархабат.

Үстел үстіне қалың томды тастайды.

Әбдіғапар: Арыз жазу сахара салтында жоқ еді, қалайша тез арада сүйекке сіңген кеселге айналғанына таңым бар. Сірә, адал бәсекеге тәуекелі бармайтын бишаралар, бақталасудың оңай жолын тапқан сияқты ғой.

Ояз (графиннен стақанға арақ құйып): Мәселе бақталастықта болмай тұр ғой, Абдулғапар Жанбосынович. Сіз екі жыл бұрын болыстықты өз еркіңізбен тапсырдыңыз емес пе?

Әбдіғапар: Иә...

Ояз: Неге? Осыны түсіндіріп бере аласыз ба? Сол мансапқа қолы жетпей құсада жүргендер қаншама?

Әбдіғапар: Мен әуелден мансап көксеп, болыстыққа таласқан адам емеспін. Өздеріңізге белгілі, үкіметтің түтін басына салған салығын «байлар төлесін, кедейлерге маза беріңдер» деп мен болыстарға талап қойдым. Бұл қара халықтың көңіліне қонғанмен, билеушілерге жақпады. Ақыры, үстімнен арыз көбейіп, Қараторғай болысын екіге бөліп, жаңа ашылған Көртоғай болысының екі тізгін, бір шылбырын маған ұстатты.

Ояз: Иә, Сіз енгізген «бай салық» бұқарадан қолдау тапты. Алайда, осы бір «әсіре әлеуметшіл идея» қандай пайда болды? Бұл саяси кереғар көзқарасы үшін жер аударылған Михаил Васильев пен Василий Бондарчуктардың кеңесі емес пе? Әлде жасырынып келіп, үгіт жүргізіп жүрген Жангелдиннің ақылы ма?

Әбдіғапар: Жұтағанға жылу жинап, қысылғанға қол ұшын созу - даланың салты. Байлар мың бас малының жүзін сатып, салық төлесе де қылшығы қисаймайды. Ал, он-он бес қарасына күні қарап, қалт-құлт екен бишара шаруаға бір бастың өзі ауыр салмақ. Ауқаттылар кедейлер үшін төлесін деп «бай салықты» енгізгенім рас. Дәулеттен зекет беру діннің парызы, шариғатта да бар сауапты іс.

Ояз (стақандағы арақты ішіп жіберіп): Жарайды, бұл уәжіңізге илануға тырысайын. Біз Сізге осы арманыңызды жүзеге асыру үшін арнайы болыс ашып бердік. Қолыңызды қаққанымыз жоқ. Бұл біле білсеңіз, өлшеусіз құрмет. Сол сенімді ақтаудың орнына, қысылтаяң шақта қызметтен бас тартқаныңызды опасыздық деуге аузым бармай отыр.

Әбдіғапар: Өмірде биліктен де биік мұрат бар. Жиһан соғысына байланысты салықтың түрі мен мөлшері көбеюі халықты әбден титықтатты. Ішкі жақтан ығыстырылған рулар саны үдемесе кемімек емес. Жер тарыла бастады. Торғай көлеміне халық сыймай барады. «Азғана асқа бақауыл болма» деп, халықтың мүддесіне қайшы келетін абыройсыз мансаптан, аш жүргенді артық санадым.

Ояз. Солай де... Ал, мына арызға не дейсіз? «Үкіметке қарсы наразылығы өршіген шонжар Әбдіғапар, ел ішінде патша ағзамға қарсы үгітке белсенді кірісті. Маңайына топтап жігіт жинап, ұры ұстап, болыстарға сес көрсетуін қояр емес. Көкшетау жағынан Жұдырық, Сыздық сияқты қарақшылар соның аулын паналап отыр. Кезінде араздасқан белгілі баукеспе Амангелді Үдербайұлымен қайтадан ауыз жаласты». Осыған сенейін бе, сенбейін бе?

Әбдіғапар (мырс етіп). Әрі қарай жалғай беріңіз...

Осы сәтте ояздың көмекшісі үстел үстіне тағы бір арызды әкеліп қойып, құлағына сыбырлайды.

Ояз. Айтып ауыз жиғанша тағы бір арыз түсті. Оқиық. «Әбден астамсыған Әбдіғапар Жанбосынұлы, дала дәстүрі мен үкімет заңына да пысқырмай, жеке дара билік жүргізуге көшті. Жөнімен кетіп бара жатқан Кіші жүздің үш жігітін ұстап алып, жерге тірідей көміп, құн орнына мылтық сұратып отыр». Сізге қару не үшін керек, Абдулғапар мырза?

Сыртта гүрсілдеген мылтық дауысы.

Әбдіғапар орнынан тұрып сыртқа көз салып: Бұл дуанда шіркеу мен мешіт, мектептен бұрын анау казарма салынды емес пе? Мылтық – жеті қазынаның бірі, «жаяу жүрсең таяғың, қарның ашса тамағың». Менің жалғыз қаруымнан күманданасыз, ал, күні-түні нысана көздеп, соғыс өнеріне машықтанып жатқан анау топты әскер сізге не үшін керек, Ояз?

Ояз (ашуланып үстелді бір ұрып). Бұл киргиздар тұмсығын тығатын мәселе емес, доғар тәжікелесуді. Қолға түскен үш адам, мейлі, олар ұры болсын, тергеп, тексермей қатаң жазалауға қақың жоқ. Үкіметтің заңы бар тезге салатын.

Әбдіғапар. (баяу үнмен) Үкіметтің заңы болса, даланың да өз дәстүрі бар. Қазір елдің жағдайы мәз емес. Ұрлық-қарлық өршіп тұр. Үкімет заңы мұны тиюға қауқарсыз. «Ұрылар ұлықтармен ауыз жаласып отыр» деп ойлайды ашынған халық. Бұлай кете берсе, бір күні бұлғақ басталары хақ. Сол үшін қатал жаза қолдануыма тура келді. Ал, сіз тұтқындаған отыз жігіттің қылмысын түгел тексердіңіз бе?

Ояз. Оларды тергеп, тексеруге уақыт та жоқ, құлқым да жоқ. Бәрі де баскесер, баукеспелер. Ех, бұл қанішерлерден құтылар күн қашан туады екен?

Әбдіғапар. (дауысын жұмсартып) Менің келу себебім де осы жағдайға байланысты еді, ояз мырза. Маған сеніңіз, қарақшыларды өзім жазалаймын. Қашқан-пысқан қандықолдарды көзімнен таса қылмай, шектен шыққандарды ел алдында қара бет қылуымның себебі енді түсінікті шығар? Торғай түрмесіне қамалған отыз жігіттің ішінде менің туыстарым да отыр. Арасында Амангелді де бар. Қылмыскерлерді қолыма берсеңіз, өмірі ел бетіне қарай алмайтын етіп өзім жазалайын. Орыс билігі соттаса, қыр қазағының наразылығы өрши бермек. Әр жігіттің артында рулы елі тұр. Мұның арты жақсылыққа апармайды.

Ояз. Сіз әрқашан тереңнен ойлайсыз, Абдулғапар. Бірақ, империяға деген мұншалықты қамқор ниетіңізге илана алмай отырғаным. Оның үстіне Амангелді Үдербайұлы - саяси қылмыскер. «Торғай жәрмеңкесіндегі қанды қақтығыста орыс мұғалімін тап сол қарақшы мерт етті» деген көрсетінді бар. Бұл - губерния соты қарайтын іс.

Әбдіғапар қалтасынан алып тайтұяқ алтын салынған дорбаны қояды.

Әбдіғапар. Амангелді осыған дейін де үш рет істі болды. Көшімбек би бастаған туыстары, қайынжұрты оны Көкшетау сотынан да алып шықты. Қазақтың барымтаға түсер жылқысы бітпей бұл жалғаса бермек. Тентекті тек даланың соты ғана тоқтата алады. Амангелді - арлы жігіт. Сіз мені түсіндіңіз деп ойлаймын, мырза.

Ояз. (қолын бір сілтеп «осымен бұл әңгімені тоқтатайық» деген ишарамен) Сізге қояр маңызды бір сұрағым бар еді, Абдулғапар Жанбосынович. Қазір жаһан соғысы жүріп жатқанын білесіз. Орыс халқы қару алып шайқаста жүр. Мейірбан патша ағзам сонда да бұратана халықтардан әскер алған жоқ. Әгараки, қазақтан солдат ала қалса, Сіз оған келісер ме едіңіз?

Әбдіғапар. Бұны қазақтың оқығандары қостап, үнемі газетте жазып келеді. Қазақ - тумысынан қабілетті халық. Жақсыны да, жаманды да тез меңгереді. Ат үстінде сойыл сілтескен адам, мылтық алып шайқасқа да түсе алады. Тек соғыс өнерін, қару жасаудың тетігін үйретсе болғаны.

Ояз. (мырс етіп) Тетігін үйретсе деңіз... тетігін үйрету. Миға сыймайды... Рахмет Сізге, Абдулғапар мырза. Шыға беріңіз.

Әбдіғапар қоштасқан ишара жасап шығып кетеді. Ортада ойға батқан ояз тайтұяқ алтынды салмақтап тұрады.

Ояз. Дааа, оңай шағылар жаңғақ емес. Саудаласа біледі. Дегенмен, оның қарақшыларының жазасын жеңілдету керек болды енді... Жабайылар Сібірге барып не қарық қылар дейсің. /Ойға батып/ Құдай ұмыт қалдырған қу медиен. Бір қарасаң түк қызығы жоқ сұрқай дала. Сол далада қандай тартыс, тіршілік үшін майдан жүріп жатыр. Бұларда болашақ жоқ. Бейне шұңқырда қалып қойған балық сияқты. Сүзекіңді сал да, шүпірлетіп ала бер. Империя үшін мен кіммін? Жәй бір құлмын. Ал, мына жұрт үшін қаһарым ханнан бетер. Ендеше, киргиздар өздері айтпақшы, «барында батып іш». «Дают беру, бьют бегу. /Қызметкерлеріне бұйырып/ Жиналыңдар, жолға шығамыз.

Ояз қолын сілтеп, тез-тез басып шығып кетеді.

Үшінші көрініс

Торғай дуан. Даурыққан жұрт. Ортада ұзын мінбер.

Дүкенбай. Әскерге адам бермейміз!

Қайырбек. Малымызды, жерімізді алғаны аздай, енді жанымызға қол салайын деді ме?

Қоянбай. Патшаның қызыл иттің терісіне мөр басып, «қазақтан әскер алмаймыз» деген анты бар.

Ділдәбек. Ит емес, бұзаудың терісіне.

Дүкенбай. Ақ патша антынан таймасын...

Нәрікбай. Онсыз да сіңіріміз шыққаны аздай, енді солдаттың інін қазу қалып еді.

Қоянбай. Бала өлгенше шал өлсін, мені жібер, балам қалсын.

Сүлеймен. Қаулаған көк құрақтай өрендерімізді отқа салып қалайша шыдап отырмақпыз?

Дауылбай. Дабырламаңдар, губернатор келе жатыр...

Нәрікбай. Күбернатырдың өзімен сөйлесейік...

Қайырбек. Ойбай-ау, оған қарсы сөз айтар кімің бар?

Ояз, губернатор және Ахмет Байтұрсынов, күзетшілері, бірер бай-болыстар мінберге шығады.

Ояз. Құрметті киргиз мырзалары! Патша ағзамның 1916 жылғы маусымдағы жарлығын түсіндіру үшін бізге губернатор Эверсманның өзі келіп отыр. Бұл Михаил Михаиловичтің сендерге көрсеткен құрметі. Мұны ескерулерің керек. Қазір империяда жағдай күрделі. Киргиздар бұған дейін жомарттық танытып, Ресей-Герман соғысына шикізат, ет, жылқы өткізіп, қолдан келген көмегін көрсетті. Мархабатты патша-ағзам бұл жақсылықтарыңызды ұмытпайды.

Амангелді. Ей, сұрқылтай, сенің не айтарың белгілі. Біз губернаторды тыңдауға келіп тұрмыз. Патша жарлығын өз аузымен айтсын.

«Дұрыс айтады, губернатор сөйлесін» деп қостаған халық.

Губернатор. (Амангелді жаққа ашулы көзбен қарап) Кім бұл?

Ояз. Амангелді деген бунтарь осы. Сіздің сөйлеуіңізді талап етеді.

Губернатор. Талапшылын бұлардың... Не түсіндіретіні бар. Ұлы мәртебелімнің жарлығы бойынша соғысқа Орта Азиядан, ішінара Сібір халықтарынан 19 бен 43 жас аралығындағы 400 мың ер адам реквизицияланады. Жоспар бойынша киргиздардан 240 мың адам тыл жұмысына алынады. Бірінші кезеңде 19-31 жас аралығында, екінші кезеңде 32-43 жас аралығындағылар жөнелтіледі. Торғай облысынан 60 мың адам жіберіледі. Бұл – міндет! Патша жарлығы талқыланбайды.

Сеңдей соғылып, мең-зең күйге түскен халық.

Қоянбай. Астапыралла.

Қайырбек. Ақ патшадан ынсап кеткен екен.

Дүкенбай. Сұмдық ғой мынау.

Нәрікбай. Қырылмаған неміз қалды.

Қоянбай. Гүбернатыр қатты кетті ғой.

Ояз. (жұлқынып) Неменеге бұлданасыңдар. Жақсылықты білмейтін өңшең оңбағандар. Сендер не, зиялы қауымнан ақылдысыңдар ма? Әлде ұлы орыс халқынан жандарың артық па?

Ояз «түсіндір» дегендей Ахмет Байтұрсыновқа ым қағады.

Ахмет Байтұрсынов. Ағайындар, бекерге даурықпайық. Сөзге қонақ беріңдер. Майданға шақырғаннан қорқудың қажеті жоқ. Жалғыз қазақтар ғана емес, өзге миллаттар да алынып жатыр. Тыл жұмысы деген тек ғана соғысу емес, майдан өңірі маңайында жол салу, құрылыс тұрғызу сияқты жұмыстарға жегілу. Барсаңдар өнер үйренесіңдер, заманның қалай өзгеріп жатқанын білесіңдер. Көздерің ашылады әрі түрлі салықтан босатыласыңдар. Жалақы аласыңдар. Біздер, Алаш азаматтары, майданға алынғандарға тілмаштық көмек көрсетіп, қақын қорғайтын еріктілер ұйымдастырмақпыз...

Әбдірахман. (топтың ортасынан шығып) Айтқаныңның бәрі жөн, Ахметжан. Ұлықсат болса, менің бір сауалым бар.

Губернатор. (зіркілдеп) Бұл қайсы тағы, не айтпақ?

Ахмет Байтұрсынов. Бұл - Иманқұлдың Әбдірахманы деген кісі. Діндар, қажы. Майқараудың болысы. Елге сыйлы, әскерге көп жылқы берген жомарт адам.

Губернатор. Онда сөйлесін...

Әбдірахман: Біздің қазақ патшаны Құдайдың жердегі көлеңкесі деп, бұйрығына қарсы келмеген жұрт едік. Үкімет не сұраса да, бүлк етпей көндік. Одан тұрмысымыз оңалып, жанымыз қалар түрі көрінбейді. Кешегі халық иесі хандарымызбен «қазақтан әскер алмаймыз» деп анттасқан ақ патша сертінен тайып, низамын өзгертті. «Уәде - Құдай сөзі» деген қайда қалады? Сөзінен бір тайқыған ағзам, ертең жаны қысылғанда жастарымызды оқтың алдына айдап салмасына кім кепіл?

«Дұрыс айтады» деп қостаған халық.

Амангелді. (атып шығып қолын сермеп) Әбекеңдікі жөн сөз. Бір адам да бермейміз. Патшаның қиянаты шектен шықты. Губернатор түгілі, Николайдың өзі келсе де айтарымыз осы. Орысқа қалқан боламыз деп жат жерде басымыз қалғанша, атамекенімізде алысып өлейік!

Нәрікбай. Бауыздарда лақ та бақырады. Бізді аяйтын үкімет жоқ, өзекті жанға бір өлім.

Дүкенбай.Ақ патша бүйтіп «жарылқамай-ақ» қойсын.

Сүлеймен. Бармаймын майданға.

Қайырбек. Бермеймін баламды әскерге.

Халық толқуы күшейіп, мінбердегілер сасқалақтап, абыр-сабыр күйде.

Ояз жанұшырған күйде көмек күткен кейіппен: Абдулғапар Жанбосынович, Абдулғапар Жанбосынович. Сіз не дейсіз, басу айтыңыз мынау елге.

Халық қалт тынып, Әбдіғапар мінбердің алдына келіп, губернаторға көзін тіктеп, қамшысын созады.

Әбдіғапар. (күрт өзгерген жалынды үнмен) Менен жаныңды сүйінтер сөз шықпас, ояз. «Халық қаласа хан түйесін сояды». Жолайыраққа келгенде жәдігөйленіп, жұртымнан бөліне алмаспын. Елді әбден ашынтқан өздерің. «Қарға да болса халық едік», құрметің қайда, губернатор мырза? Киргиз емес, қазақ десең, тілің қырқылып қала ма? Шірене-шірене ақыры шідерді үздіңдер. Мен келіспеймін патшаның жарлығына. Сендер бізді адам ғұрлы көріп тұрған жоқсыңдар. Мал сияқты тіркетіп жатырсыңдар. Оқығандар «қазақты әскерге алыңдар, соғыс өнерін үйретіңдер» деп жалынғанда қайда қалдыңдар? Енді жан алқымға келгенде, жанашырсисыңдар. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар!». Алла деп атқа қонайық, ағайын!!!

Ұрандап, ереуілдеген халық. Губернатор мен оязды қоршаған солдаттар, соңына ерген болыстар сақтана қорғанып, бір бүйірге ығысып, шығып кетеді. Амангелді бастаған топ олар да желпініп, бір бөлек кетеді. Ортада бір-бірінен көз алмай жақын келген Ахмет Байтұрсынов пен Әбдіғапар. Оларды аңдып, тың-тыңдап қалған Дауылбай.

Ахмет Байтұрсынов. (күйзеле) Мұншалықты ақкөз емес едің ғой, Әбдіғапар. Көпе-көренеу отқа айдағаның қалай? Ереуілді емес, ел болуды ойласаң нетті?

Әбдіғапар. /тебіреніп/) Кемел ақыл қисынын келтіре алмаған нәрсенің, албырт ашумен шешілетін тұсы бар. Қазір халық ашыққан қырандай. Иесіне түсуден тайынбай тұр. Темірді қызып тұрғанда соғып қалсам деймін. Менің мақсатым – дүрбелеңді пайдаланып, озбыр патшадан іргемді бөлу, бұйдамды үзу.

Ахмет Байтұрсынов. Орыс - патшалы ел. Оңайлықпен алдыртпайды. Ертең әскер шығарып, қынадай қырады ғой. Басқа өңірде қанға бөктіріп жатыр қарсыласқанды. Соны түсінсеңші. Арыстанмен арпалысар шамаң бар ма? Қолыңда қаруың да жоқ.

Әбдіғапар.Ұясына қатер төнгенде жұдырықтай торғай әбжыланға қарсы тұрмай ма? Торғай құрлы болмағанымыз ба? «Күшім тең емес» деп бұға берсең, сұға береді. Қазір ең орайлы сәт. Мына соғыс патшаны әбден шатқаяқтатты. Көпке ұзамай өзінің де аяғы көктен келер.

Ахмет Байтұрсынов. Жұрт біткенмен жауласып, экономикасы тұралаған империяның күні таяу да шығар. Бірақ, жыланды үш кессең де кесірткідей қауқары бар ғой. Жағасы сенің қолың жетер жерде емес.

Әбдіғапар. (мінберге көтеріліп) Маған салса, жеті басты айдаһар болып кетсін. Құлдыққа мәңгілік төз дейсің бе енді? «Қазақтардың өмір сүруінің өзі проблемаға айналды» деп газетіңе жазған өзің емес пе едің? /Қонышынан газетті алып Ахметке ұстата салады/ Құлын етіне кекірік атып, қымызға мас болса, одан арғыны ойламайтын мешкейлерге ел тізгінін ұстатты. Билігіңнің биігі болыстық. Әділдік іздеп жүгінсең, туралық қылар төре жоқ. Ұлығыңның жемсауы – құрдымнан бетер. Аттап бассаң – пара. Қыл арқаны қылтамағымды қысып барады. Бүйтіп қорлыққа төзгенше, ақырып майданға шығайын.

Ахмет Байтұрсынов. Біздің де көксегеніміз - дербес ел болу. Оның да көкжиегі көрінгендей. Мен «соңына ерген тәмам жанды қанға бөктіріп аласың ба» деп қорқам.

Әбдіғапар. (Мінберден түсіп) Менің күресім - әділет күресі. Жеңсем - ғазы, өлсем - шейітпін. Өкінер түгім жоқ. Бақытқа барар жол қашан жеңіл болыпты?

Ахмет Байтұрсынов. Түбі қайда соғары белгісіз тәуекелдің қайығына міндің, Әбдіғапар. Тағдыр дауылынан сақтасын, артыңа ерген халықты жарға ұрындырмасаң жарады. Қазақтың қайраты ақылына бағынбаса не шара?

Әбдіғапар. (Ахмет Байтұрсыновты құшақтап) «Қабанға ерген қанға боялады» деуші еді. Ең қатерлі сапарда жүрсің, Өзің де сақ бол, Ахмет. Өз әкең Байтұрсын мен Ақтасты итжеккенге байлап берген бұл ел саған опа бере қоймас. Бауырларын ойлап, қайғыдан қан жұтқан анамның наласын ойласам, көкірегімді кернеген кек жаныма маза бермейді.

Ахмет Байтұрсынов. Оқ тиіп он үшімде ой түсірген, жүректегі жарамды қозғадың-ау. Әкемді соттатқан орыстан опа күтпеймін. Бірақ, шен үшін емес, ел үшін төзіп жүргенімді түсін.

Әбдіғапар. Тәуекелдің өткелінен аман өтсек, жолымыз тоғысар. Көріскенше қайыр, қош, нағашы!

Ахмет: Алуа апама дұғай сәлем, жиен...

Екеуі құшақтасып қоштасып, Әбдіғапар жалт бұрылып, жылдам басып шығып кетеді. Өз-өзімен ойға шомған Ахаң күбірлеп өлең оқиды.

Ахмет Байтұрсынов:

Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,

Теңізде жүрміз қалқып кешпесі жоқ.

Жел соқса, құйын қуса жылжи беру,

Болғандай табан тірер ешнәрсе жоқ.

Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік,

Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік.

Шығармай бір жерден бас, бір жеңнен қол,

Алалық алты бақан дертпен кірдік.

...Ее, сахарада өрт шықты. Жалыны қаздай қалқыған қазақтың қанатын шарпымаса нетті!

Ашулы ояз бен губернатор Ахаңның үстіне жетіп келеді. Соңдарында ләпбайшыл тобыр.

Губернатор. Бұл не масқара, жабайы киргиздарға желік бітті деген не сұмдық? Ахмет мырза, осы уақытқа дейін жүргізген агитацияларыңның нәтижесі қайда?

Ахмет Байтұрсынов. (газетті ұсынып) Біз жазудай жаздық. Халық қазір ашуға ерік беріп отыр. Мұның бәрі Столыпин реформасының кесірі. Сабасына түсу үшін қазынаға өткен құнарлы жерлерін қайтарып, салықтан босатарсыздар, бәлкім...

Губернатор. Аңсапсың, қайта бас көтермес үшін салықты еселеу керек бұларға. Жерін тағы аламын. Құтырған екен бәлемдер. Сен, ояз, (жағасынан алып жұлқылап) мына болыстарың неге сөйлемеді мана. Берген пұлына қызығып өңшең топас, боққарындарды қаптатқансыңдар билікке. (Кебеже қарын болыстарды нұқып). Елді ерте алар бірі жоқ. Анау Әбдіғапарларды шыжымдап, атақ-мансап беріп, өз жағыңда ұстау керек еді. Амангелді неге сотталмаған осы уақытқа дейін? «Бүлікшілердің орны түрме» деп қашанғы айтамын?

Ояз. Кешіріңіз губернатор мырза. Ол өткенде басқаша...

Губернатор. Былшылдама. Тез Орынборға хабар жібер. Ткаченко қолдағы бар солдатты алып , аттансын Торғайға. Ол аз десең, Тургенов пен Лаврентевтің әскері шықсын. Бірін қалдырмай қырыңдар бас көтергендердің.

Ахмет Байтұрсынов. Михаил Михаилович... Олай етуге болмайды.

Губернатор. Еще как болады. Ұлы Россия үшін тер төгуге арланса, онда мен олардың қанын төгейін.

Дауылбай. Мырза, Ахмет Байтұрсыновқа сенуге болмайды. Ол Әбдіғапармен ым-жымы бір адам. Жаңа ғана екеуі әскерге адам бермеу жайлы сөйлесті. Бұлар бір-бірімен нағашылы жиенді кісілер.

Губернатор Ахмет Байтұрсыновқа өшіге қарап. Ах, солай ма? Так, сен кімсің?

Дауылбай. Мен Қарақоға болысының старшыны Естайлақұлы Дауылбай.

Губернатор. Сен болыс болғың келе ме?

Дауылбай. Ойбай-ау, мырза, енді оған...

Губернатор. Сен бүгіннен бастап Әбдіғапардың жанына барасың. Бунтарлардың әрбір басқан қадамын бізге баяндап тұрасың. Шама келсе, Әбдіғапарды өлтір. Алдағы сайлауда тікелей өзім басшылыққа алып, сені болыс сайлатам. Ұқтың ба?

Дауылбай. (иіліп) Сіз үшін бәріне даярмын, мырза.

Төртінші көрініс.

Хан сайлау рәсімі.

Амангелді. (қылышын суырып алып) Ағайын, он үш болыстың игі жақсылары түгел жиналдық. Бұл - тағдырымыз талқыға түскен жиын. Алаш баласы атқа қонып, антын бұзған ақпатшаға қарсы шықты. Мына іргеңдегі Ырғызда Айжарқын хан бастап ел ереуілге шықты. Қостанай, Ақмола, Қарқаралы, Семейде де толқу бар. Орал, Сағыз бойы, Жетісу жұрты да жанын шүберекке түйіп отыр. Не ерлікпен өлеміз, не жеңеміз! Ақпатшаны құлатпай, қылышты қынға салмаймыз! Кім не дейді?

Әбдірахман. Алла алдында қақымыз бір үмбет едік. Ақ патша тең көрмеді, кем көрді. Өздерің куә, елдігімізді көрсетіп, мына Смағұл бар, төрт адам елші болып Петерборға дейін барып қайттық. Адам екен, ит екен деген бірі жоқ. Мәміленің жолы кесілді. Енді қалған жалғыз таңдау - әділет майданы. Серттен тайған патшаның өзі, енді оған қарсы шықсаң да шариғат айыптамайды. Ел мүддесінен аянарым жоқ, қалың жылқымды сарбазға атадым. Міне, мен басқаратын Майқарау болысындағы әскерге алынатындардың тізімі.

Ортаға алып шығып, тізімді дар-дар етіп айырады.

«Барлық жерде списокты тартып алып, өртеу керек. Көнбеген болыстарды өлтіреміз» деп елеуреген Кейкі, Жағыпарлар.

Смағұл қамшы көтеріп. Ұлықтың қамшысы көп батқан бір жан болса, ол мен шығармын. Іргесін де көрдім, түрмесін де көрдім. Іштен іріген патшаны сырттан шалып, қашан құлағанша діңкелете берейік. Құдайға шүкір, даламыз кең. Қимайтындай, қирайтындай қаламыз жоқ. Шаңырағымызды арқалап, зеңбірегін сүйреткен солдатын ит әуреге салсақ деймін. Бұл тоқсаннан асқан әкем Төкенің де кеңесі.

Әбдіғапар. Біздей емес, ішкі ахуалдан хабарың мол. Саған бәрі айқын, сен не дейсің, Әли?

Әліби Жангелдин. (ортаға шығып) Ресейдің барлық өндірісті қалаларында жұмысшылар наразылығы өршіп тұр. Еңбекші таптың мүддесін қорғайтын большевиктер күш алып келеді. Көп өтпей-ақ не сарай төңкерісі, не жалпыхалықтық революция болары анық. Патша құлайды, ал жаңа үкімет сендерді жазаламайды. Жаңа дәуір орнайтын күн жақын. Маған сеніңіздер.

Әбдіғапар. Менің де ойым осыған иланып тұр. Жапонмен соғыс кезінде патша жаны қысылғанда билікті госдумаға беріп қойған. Мына соғыс одан бәлен есе ауыр. Қару қағысар күн туса, Төке қарттың айтқанындай, қаша ұрыс салармыз. Қалай да енді орыспен одақ болмаймыз. Әттең, күшіміз кем. Әліби, сен жаныңа Зияутденді ертіп жолға шықсаң қайтеді? Бұқара, Тәшкеннен оқ-дәрі, қару сатып алу керек. Бірәлі бай бастаған дәулетті адамдар қаржы шығарып отыр. Түбі ұрыс созылып кетсе, қандастарымызға қарай жылыстайтын да күн тумасына кім кепіл? Пана болар мекен шолып қайт.

Әліби Жангелдин. Мен қазірден бастап аттанайын. Қайткенде де берілмеңдер!

Әліби Жангелдин жиыннан қол қусырып, шығып кетеді.

Амангелді. (зілді дауыспен) Соғыс – ойыншық емес. Татырдағы шайқаста бет алды шауып, қаншама боздақ қырылды. Торғайға шабуылда алауыздықтан күшіміз әлсіреді. Бұлай болмайды, ағайын. Арғын, Қыпшақ, Найман деп емес, бостандық деп атқа қондық әуелде. Сол үшін бізге ортақ тәртіп керек. Ру-руға хан сайлап, шекеміздің қызғаны шамалы. Оны кешегі Торғай шайқасы көрсетті. Бұдан былай бір адамның дәргейіне бағынайық!

«Жөн сөз», «Ортақ хан сайлайық» деп қостаған халық.

Досан би. Алыстан болжар арысым, Әбдіғапардан кемел кімің бар? Тегін сұрасаң, арғы атасы хан Нияз!

Әбдірахман. Бәрекелді, хандықтың жолы Әбдіғапарға тиесілі.

Смағұл. Атасы Иман Кенесарыға еріп, орыспен өле өлгенше соғысып өтті. Тасқа салсаң майрылмас асыл болат Амангелді бас сардар болсын. Тар жолда түрменің дәмін бірге татып едік. Озбырлыққа ашынған арыстаным, айқаста алдыртпас деп сенемін.

Қостаған халық. Әбдіғапар ортаға шұбар туын алып шығып, сөз сөйлейді.

Әбдіғапар. «Атқа міндің, ажалға міндің». Бұл тек езгіге қарсылық емес, елдік жолындағы күрес. Мұсылманның белгісі – атам Тілеулінің шұбар ала туынды көтердім. Ақ патша құлағанша аттан түспеуге ант бердім!

«Ант бердік, ант бердік» «Алла жар», «иә, әурақ, Құдай, өзің қолда» деп шуылдаған жұрт.

Досай қажы. Әй, Әбдіғапар, Амангелді! Көзіміздің ағы мен қарасын алдарыңа салып бердік. Орынсыз отқа салып, обалымызға қалмаңдар!

Әбдірахман. Ал, кәне, Досай қажы. Бер батаңды!

Досай қажы қолын көтеріп алдыға шығады.

Уа, барша әлеумет,

Сұрасаң бата берейік.

Патшаға қарсы аттанып,

Ер қаруы - бес қару,

Бойымызға ілейік.

Бостандық үшін ту ұстап,

Алладан медет тілейік.

Қаһарман қол, сарбаздар,

Көк тілгендей жарқылдап,

Найзағайдай төнейік.

Алтын жапқан ақ жебе,

Дәлдеп түйреп найзаны,

Жау көбесін сөгейік.

Қайырлы болсын бағыңыз,

Құтты болсын тағыңыз.

Ғаділдік қылып халқыңа,

Жаққан сайын жағыңыз.

Патшадан көрдік зәбірді,

Қайғылы тұрған шағымыз.

Қайғыдан халық арылсын,

Алтын ерлі ақ боз ат,

Астыңызда арысын.

Он бес мың сарбаз, қолыңа,

Қаһарман ерлік дарысын.

А, Құдайым, оңдасын,

Барша әулие қолдасын,

Ғайып ерен, қырық шілтен,

Жан-жағыңнан қорғасын, әумин.

«Әумин» деп қол жайып, тізерлеген топ.

Әбдіғапар. Бұл майданның жолы ауыр. Қаруымыз кемшін, білігіміз төмен. Бізді жеңіске алып шығар қайрат – ауызбірлік пен сенім. Сондықтан, он үш болыста Хан кеңесі сайлаған елбегілер билікті алсын. Ұлықтың жансыздарына аяушылық жоқ. Әр жерде ұстаханалар ашылып, қару соғылсын. «Құс қанатты пошта» қалпына келтірілсін. Әзірге көрші уездерді қоса алмаймыз. Олардың желкесінде ұлықтың ұңғысы төніп тұр. Бекер мерт етерміз. Мінер ат, ішер асты айтпағанда, киіміміз де ала-құла. Мен өзім бастап, Қарсақпай, Жездідегі ағылшын шахталарының мата, қайла-күректерін бопсалаймын. Берсе қолынан, бермесе жолынан!

Амангелді. Әр он адамға - бір қос, онбасы - жүзбасыға, жүзбасы - мыңбасыға қалтқысыз бағынады. Мергендер жасағы мен шолғыншы топты Кейкі басқарады. Ақтөбе жақтан келер қатерге, баһадүр Шақшақ Жәнібектің ақ туын көтерген Оспан ханның сардары Қасымхан тосқауыл қойсын. Осы сертте тұрайық.

Досан би. Әр қырық қойдан бір қой, әр бес қарадан бір бас зекет алынып, азық-түлік қоры жасалсын. Ұры-қарылар қатаң жазалансын.

Әбдіғапар. Сосын, мені «хан» деп дәсердей қылмай, «әмір» деп атасаңдар екен.

Досан би. Қабырғадан қар жауса,

атан сүйрер дөңбекті.

Ел шетіне жау келсе,

Ерлер көрер бейнетті. Енді аянып қалмайық, қара қазан, сары баланың қамы үшін, қарындастың ары үшін отқа да, суға да түсуге әзірміз!

«Сөз түйіні осы», «бұдан басқа жол жоқ», «тайынбаймыз» деп дуылдасқан хан кеңесі.

Босағадан аттаған үш ұры тізерлеп келіп отыра қалады.

Жағыпар. Мынау баяғы ұрылар ғой.

1 Ұры. Кезінде тура жолдан тайып, арам кәсіппен жан баққанымыз рас еді!

2 Ұры. Сол шақта бізді қатаң жазалап, өмірлік сабақ бердіңіз.

3 Ұры. Енді күнәмізді жуып, қалың қолға қосылуға рұхсат беріңіз, алдияр! Сізді «ақ патшаға қарсы көтерілді» деп естіп, арнайы ат сабылтып келіп тұрмыз.

Досан би. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң».

Амангелді. (ұрының беліндегі арқанды нұсқап). Үшеуің де сарбазға қосыласыңдар. Кезінде асау жылқыға құрық салған қусыңдар ғой. Енді сол ептіліктеріңді соғыста көрсетіңдер. Бұғалықтарыңды патшаның зеңбірегіне салып, көкпар тартқандай сүйретесіңдер, солай ма, Кейкі?

Кейкі. Маған салса, темірін сүйретіп атты қара тер қылғанша, оқтаушысын қасқа маңдайдан ата салар едім.

1 Ұры. Кейкі аға, осы майдан басталғалы неше солдатты өлтірдіңіз?

Кейкі. Санап жүрген кім бар, әйтеуір, Амангелдіден көп өлтіргенім хақ. Әй, бір отыз-қырқын жер жастандырған шығармын-ақ. Алдияр?

Әбдіғапар. Құлағым сенде, ер Кейкім?

Кейкі. Құдайға шүкір, қол астыңа «ұры-қары» көп жиналып жатыр. Осыны пайдаланып, ақ патшаның жылқысын барымталап алсаң қайтеді?

Қарқылдаған күлкі.

Әбдіғапар. Басқа-басқа, мен тап осы азаматтардың сарбазға қосылуын жақсы нышанға балап отырмын. Бұл - халықтың санасының өсуі. Ел біріксе, алынбайтын асу жоқ.

Хан кеңесі рухтанып тарайды. Ту түбінде толғанған Әбдіғапар. Есебін тауып жылыстап, қолына семсер ұстай кірген Дауылбай. Семсер салмаққа ыңғайлана бергенге, «мырзам» деп шар еткен Тынышбаланың дауысы шығады. Жалт қараған Әбдіғапар Дауылбайды шалып түсіреді. Оны бүктеп астына салып, семсерін иегіне тақатқан Әбдіғапар.

Әбдіғапар. Кімсің, кім жіберді? Сені мұнда жұмсаған кім деймін?

Дауылбай. Губернатордың өзі...

Әбдіғапар. (Дауылбайды алқымынан алып) Губернатор саған қандай тапсырма берді?

Дауылбай . Көтерілісшілердің әр қадамын аңдып отыр, Әбдіғапардың көзін жой деді, ал, не дейсің?

Әбдіғапар. Өзің әке-шеше, қатын-балаң бар немесің бе?

Дауылбай. (ызалана) Немене, қатынды топтап алып, топырлатып бала сүюді Құдай сенің тұқымыңа ғана жазып қойды деп пе едің?

Әбдіғапар. (таңғалып) Сен, сілімтік, затсыз неме, сонда шынымен қазақтың даласын қан қақсатып, әйел-баласын қырып, елді тонап жатқан патша әскерінің жағына шыққаның ба?

Дауылбай. Қазақты қан қақсатқан патша ғана ма екен? Қолындағы билігі бардың бәрі тізесін батырады. Сен, Әбдіғапар, әділетшіл болсаң, баяғыда, анау ұрдажық ағайындарың, менің қалыңдығымды тартып алып, өзімді соққыға жыққанда қайда қалдың?

Әбдіғапар. Қиянатым жоқ демеймін. Мен де пендемін. Бірақ, халық қара бурадай шабынып, қаһарына мінген шақта қара бастың кегін қоя тұрсаң да болар еді ғой...

Дауылбай. Алдаусыратам де. Жоооқ! Сенің де көксегенің - билік. Өтірік деші? Кеше ғана орыстың ұлығымен ауыз жаласып, даланы уысыңда тырп еткізбей бүріп ұстап отыр едің. Халық толқығанда, бір-ақ, күнде жалт бұрылып, «хан» болып шыға келдің. Орайлы сәтте сен «хан» атансаң, маған неге болыс болмасқа?

Әбдіғапар. Мен билікті аярлықпен алғам жоқ. Бабадан үлгі жол, басыма қонған бақ.

Дауылбай. Көрдің бе, сенің басың шабылмай, басқаға бақ қонбайды. Бақ дегенің – Тақ! Тақ -біреу. Сол үшін қандай жолмен болса да, мен билікке жетуден арланбаймын. Бір басыңда үш қатын, төрт құбылаң сай. Мен де сендей шалқып өмір сүргім келеді.

Әбдіғапар. Үүніңді өшіре салсам болар еді. Бірақ, сенің арам қаныңа қол былғап қайтем. Орыс ойындағысын қылып болған екен. Мансапқұмарлық, сатқындық сүйегіне дейін сіңген екен бұл қазақтың. Солдатымен айқасармын-ау, қанына енген бұл қасіретімен қайтіп күресем?

Дауылбайды сылқ еткізіп босатып, жібере салады. Төрт аяқтап қаша жөнелген Дауылбай.

Тынышбала: Басыңды бәйгеге тіккен екенсің, қапа болма... Енді әр күнің қауіп пен қатерге толы болмақ.

Әбдіғапар. Басқа түскенін көріп алдым.

Тынышбала. Ту түбіне топ жинадың, сұлтаным. Ақыры қайырлы болғай...

Әбдіғапар. Әлгі жетесіз айтқандай, көксегенім хандық мансап емес, Тынышбала. Ел тығырыққа тірелгенде, тығылып қала алмадым.

Тынышбала. Мұратың - биік, мақсатың - айқын. Бірақ, ұшсаң қанат, қонсаң құйрық болар, ойыңды ұғар жұртың бар ма?

Әбдіғапар (баяу, тебіренген үнмен) Бар азаматты баптамасам, мінсіз ерді қайдан табармын?! Өткелі қылкөпірден тар көштің бұйдасын қолыма алдым. Аман өтудің амалын айт, Тынышбала?

Тынышбала. Хандықтың буына піссең, қылкөпірден құлағаның. Онда түсер жерің - тозақ. Өтсең - ұжымақ. Бастаған екенсің, тастама. Жасығаныңды көрсетпе жұртыңа. Әлің келгенше әділ бол, сонда аймағың айтқаныңа иланар, айдағаныңа көнер. Ақыреттік бөзіңді беліңе байлап, алдында жүр. Ажалың жетпей өлмейсің. Қатын-бала, мал-мүлікке бас қатырма.

Әбдіғапар. Қиянатқа көнбедім. Қалғанын қияметте көрермін. Құдайдың сендей жар бұйыртқанына разымын, пенделік арман жоқ менде. Жұртқа тұлға болар Жағыпардай жан бауырым, үш-төрт тұяғым ізімді басып келеді.

Тынышбала. Астана жұртын меңгерер ақылың бар. Алыстан болжап іс қыл. Қанша қаруы мықты дегенмен, патша әскері де адам баласы. Жігіт қамал алмайды, қамалды амалы алады. Атамекеннің әр жықпылы қорғаның.

Әбдіғапар. Ту ұстадым ба, жоқ болмаса у ұстадым ба, өзім де білмеймін, Тынышбала. Туым құласа, бұйырғаны у болсын. Менің сертім осы.

Бесінші көрініс.

Губернатор Эверсман мен Ояз. Астан кестен кеңсе іші. Қисайып қалған Николайдың портреті. Құлағы жерге түскен телефон.

Эверман. (шашын жұлып елеріп) Бұл не сұмдық. «Айбынды орыс армиясы айырмен қаруланған жабайы киргиздардан қорқып, кейін шегінді» дегенге кім сенеді?

Ояз: Қолдан келгенше күресіп жатырмыз. Олар да аянар емес.

Губернатор. (үстелді ұрғылап) Басқа өлкедегі бұлғақтың бәрі жаншылды. Басшыларының басы қағылды. Ал, алақандай Торғай беріспей жатыр. Ұлы мәртебелім ІІ Николай патшаның тікелей бұйрығымен Торғай облысында соғыс жағдайы жарияланды. Позор. Позор! Осыған тікелей сен кінәлісің? Қайда болыстарың, неге хабар бермей жатыр?

Ояз шыр-пыр болып безіреп. Әбдіғапардың басбұзарлары біздің агенттердің көзін құртып, орнына өз адамдарын қойды. Тіл ала алмай қалдық. Телеграф бағандары түгел үзілген. Бұл стихиялы көтеріліске мүлдем ұқсамайды. Барлық жағынан ұйымдасқан. Қырғыздар тобының әскери сапы бар, лап беріп шабуылдайды. 25 шақырымға дейін барлаушылар жібереді. Түгел дала көтерілісшілердің тыңшысы...

Губернатор. (ызалана күліп) Олардың қолында білтелі шиті мылтық. Соған қарамастан барлаушыларды атып түсіреді. Арғын мен Қыпшақ, Найманы бір тудың астында. Тіпті миыма сияр емес.

(Графиннен бір стакан арақты сіміріп салады)

Ояз. Кейкі атты мергені...

Губернатор. Қысқарт. Бізде зеңбірек, пулемет, винтовка, арнайы әскери дайындықтан өткен жасақ. Соған қарамай үнемі құйрығын бұтына тыққан ұры иттей кейін шегінумен келесіңдер.

Ояз. Біз оларды аямай қырамыз...Тек...

Губернатор. Қашан қырасың, жеті айдан асты әлі нәтиже жоқ. Кеше ғана подполковник Кислов Қостанайдан алты жүз әскермен шығып, Шолақсайдан бері қайта оралды. Әскерінде шығын бар. О, сужүрек, сүмелек. Анау есаул Лощилинің ол. Жүздіктің жартысын үсік шалдырып, киргиздардың жұртын да таба алмай келді. Сонда Әбдіғапарға ерген елу мың адам қайда? Көкке ұшып кетті ме?

Ояз. Бір адамды ұстадық.

Губернатор. Әкеліңдер, кәне...

Ояз. Тұтқынды кіргіңіздер...

Шашы жалбыраған, аузы таңулы, аяғы ауыр, бет-аузы көкала қойдай Қазиманы әкеліп, губернатордың алдына тізерлетеді. Губернатор еңкейіп, аузына байлаған орамалды ала бергенде Қазима бетіне түкіріп жібереді. Бүйірден ыңқ еткізіп бір тепкен ояз.

Губернатор. Тфю, түйе неме.

Қазима. Әй, көріңде өкіргір, өңмеңдеген кәрі қабан. Менің не жазығым бар еді?

Ояз. Тарт, тіліңді, оңбаған.

Қазима. Басымды қазір кесіп алсаң да тілімді тарта алмаймын. Жазаңды Құдай берсін, қанқұйлылар.

Тағы да бір тепкен ояз.

Губернатор. Сен, Әбдіғапардың қолы қайда екенін білесің бе? Айтсаң тірі қалдырамыз?

Қазима. Қу жан үшін елін сататын адамды тапқан екенсіңдер. Текке уақыт созып әуре болмаңдар. Менен тіл ала алмайсыңдар. Орыстың оғынан өлген күйеуімнен жаным артық емес.

Губернатор тапаншасын алып Қазиманы ата салады.

Ояз. Дұрыс істедіңіз. Әкетіңдер мынаның өлексесін.

Губернатор. Бұл киргиздар шынымен де өліспей-беріспейтін қарсылыққа көшкен екен. Бұларды енді аямай қыру керек. Жаз, кәне. Бұйырамын!

Ояз үстелге отырып жаза бастайды.

Губернатор. Құрамында алты пулемет, төрт зеңбірегі бар Тургенов бастаған алты казак жүздігі, бір жаяу әскер взводы шұғыл жолға шықсын. Көтерілісшілердің қатын-бала, кәрі-жасына қарамай түгел қырсын де. Түсінесің бе, қырсын. Жолай кездескендерді аямасын! Және дуандағы барлық жүздікпен бір бүйірден қысыңдар.

Ояз. Тап солай істейміз. Аяушылық болмайды, жусатып саламыз.

Губернатор. Жаз, одан әрі. Қазан соғыс округі штабына. «Қыр қазағын қырып-жою үшін 10 жүк көлік пен жылдам жүріп-тұратын бірнеше жеңіл машина, телеграфтың жұмыс істемеуіне байланысты екі аэроплан, бірнеше радио-телеграф станцияларымен жабдықтауды сұраймыз» . Тез, телеграмма жібер. Тез.

Ояз (мүләйімсіп). Байланыс істемей тұр, Михаил Михайлович...

Губернатор (оязды жұлқылап). Онда атаңның басына жаздың ба, сайтанның сапалағы...

Ояз. Таптым...

Губернатор. Не таптың?

Ояз. Әбдіғапардың сеніміне кіре алатын бір адам бар. Көтерілісшілердің ішіне соны жіберемін.

Губернатор. Мынауың табылған ақыл. Алдымен, рулардың арасына жік салу керек. Бұл олардың жанды жері! Біз, қаруға сеніп, тізеге салып жібердік. Қателігіміз осында. Бұларды тек қара күшпен жеңе алмайды екенбіз. Қанша жерден ұмыттырғымыз келгенмен, ежелгі мемлекеттік тәртібі хандықты қайта келтірді. Енді оған оқығандары қосылса, нағыз қауіп сол. Тез, Орынборға жетіп, Алаш зиялыларын алдаусырату керек. Көрсетейін мен сендерге!

Алтыншы көрініс

Хан шатыры. Төрде Әбдіғапар. Жағалай Хан Кеңесінің мүшелері. Бөтен бір адам бар.

Әбдіғапар. Ақтөбеден шыққан машиналы әскер жолсызда қарға малтығып, суыққа шыдамай үсіп, қайтадан ініне тығылды.

Досай қажы. Алла жар болсын біз бейбаққа.

Әбдіғапар. Торғайдан шыққан үш жүз атты әскерді Жағыпар бастаған мергендер Тоқанайдан кері қайтарды.

Жағыпар. Біраз сарбаз мерт болды. Жан аямай соғыстық. Қанышерлер Қарақоға болысын шауып үлгіріпті. Бір ауылды бала-шағасымен қосып қырып тастапты.

Әбдірахман. Астапыралла....

Амангелді. Қостанайдан шыққан жазалаушы әскер тым жақын қалды. Алдынан шығу керек. Әйтпесе жолдағы жұрт та Қарақоғаның кебін киеді.

Кейкі. Амангелді дұрыс айтады.

Смағұл. Бәлкім шегінгеніміз жөн шығар.

Әбдіғапар. Бұдан әрі ығыссақ тұтыламыз. Біз шегінгенмен, жау өкшелеуін қоймайды. Жыланшықта қар қалың, ол жер соғысуға ыңғайсыз. Доғал мен Үрпек бойының қамысын паналап, өзен бойына тосқауыл қою керек.

Бет-аузы қанға бөккен сарбаз гүрс етіп құлайды. Атып тұрып сүйеген Жапығар, Кейкі.

Сарбаз. Жау Құмкөшуді қырып кетті. Ағекем аулын тып-типыл өртеді. Тірі адам қалған жоқ. Мен бір солдатты өлтіріп, әрең аман шықтым.

Досан би. Зәлім туған иттер-ай.

Әбдірахман. (бетін сыйпап) Есіл Ағекем, марқұмдар иманды болғай.

Амангелді. Кейкі, Жағыпар, Өмен, Әлжан, Қосжан, Қияқбай, қайдасыңдар? Сарбаздар, атқа қон! Алдияр, батаңды бер!

Тізерлей қалған батырлар.

Әбдіғапар. Жаудың оғы жауырындарыңа тимесін!

«Әумин» деген батырлар атып-атып шығады. Жаралы сарбаз да «Елім үшін жан пида» деп ыңырана сөйлеп, қылышын алып соларға ерді. Гүрс-гүрс атылған мылтық, зеңбірек. Шыңғырған ат дауысы. «Алла, өзің жар бол» деп күбірлейді бәрі. Сыртқа атып шыққан Досан би. «Әп, бәлем, сол керек», «Жарайсың, Кейкі», «Өлтір, Өмен», «Аяма, Амангелді» деген айғайлар үздіксіз естіледі. Кескілескен шайқас үдеген дауысы.

Жүгіріп жеткен Досан Би. Алдияр, мына кәпірлердің қарқыны қатты. Шегінесің бе, қайтесің.

Әбдірахман. Ғарасат майданы басталып кеткеннен сау ма? Харап болмасақ жарады.

Әбдіғапар. Қазақ салтында хан қашпайды! Сарбаздардан жаным артық емес. Алла өзі жар болсын. Амангелдіге шұғыл хабар беріңдер. Кейкі бастаған мергендерді жарқабақты жағалай орналастырсын. Арасы ашылған сәтте ұшқыр атты жеңіл жасақ желкесінен ұрсын. Майданды тастай қашпаңдар. Түгел қоршаңдар.

«Құп болады» деп жүгіріп кеткен хабаршы. Міз бақпаған Әбдіғапар. Бөгде адамға оқты көзін қадап, «ал, сен, тұп-тура мына тақтың түбінде тапжылмай отыр» деп бұйырады. Дірілдеп-қалшылдаған бөгде айтқанын орындайды.

Хабаршы. Алдияр, Алдияр, мұздай қаруланған екі жүз солдат тұп-тура ордаға қарай салып келеді. Жолын жайпап, шыдатар емес. Қашпасаңыз болмас. Күш тең емес.

Әбдіғапар. Жағыпар бастаған мергендер алдынан шықсын. Кейкінің жасағы оң бүйірден соқсын. Амангелді желкесінен орай соғып, ес жиғызбасын. «Қоян қашты» жасап қамысқа кіргізіп, жел жағынан өрт салыңдар.

Хабаршы. Құп!

Әбдіғапар. Әбеке, Досеке?

«Тыңдап тұрмыз, алдияр» дескен қажылар. Әбдіғапар бір қолында ту, білегіне қалқан ілген, қолында у құйылған құты.

Әбдіғапар. Құдай алдында осы қырғынның сұрауы қалай болмақ?

Әбдірахман. Отан қорғау – ең қасиетті парыз. Жаттың жерін жаулаған жоқпыз, өз атамекенімізді, қарындастың арын қорғаудан асқан киелі борыш бар ма?

Әбдіғапар. Мына пәнидегі маңызы қандай?

Досай қажы. Сен шалқар көлдің ішінде, ел сиярлық кеме едің, Әбдіғапар. Бұл ерлігің біле білгенге, топаннан құтқарған Нұқ пайғамбардан кем емес.

Әбдіғапар. Бұл қырғыннан жан қалар-ау. Кеменің түбін ақырында тышқан тесе ме деп қорқам.

Сырттан «бозқасқа», «бозқасқа», «сүйінші», «кәпірдің десі қайтты, жеңдік, жеңдік» деген көңілді дауыстар. Хан алдына ентелеп келген бет-жүзін қан басқан Амангелді. Кейкі бастаған батырлар. Үш ұрының екеуі жоқ. Бәрі түнеріңкі. Бір-біріне көз алмай арбасқан Амангелді мен Әбдіғапар.

Амангелді. Алдияр, айтқаныңда тұрдық. Зеңбіректен доп жауды, жаңбырдай борап оқ жауды. Әйтсе де, жауға желкемізді көрсеткеніміз жоқ. Тең жартысынан айрылған жендеттер, төрт жүздей солдаттың өлігін шанаға тиеп кері қайтты. Жеңдік!

Батырлардың жүзін барлап, бәріне үңіліп Жағыпарды іздеген үрейлі жүзді Әбдіғапар.

Әбдіғапар. Бізден шығын қанша?

Амангелді. Тұлпар мініп, ту көтеріп, елді еркіндікке бастағанда, басымызды ажалға тікпеп пе едік, Әбдіпағар? Жеңіс шығынсыз келмейді.

Әбдіғапар. Тек «Жағыпардай жампозыңнан айрылдың» дей көрмеші.

Амангелді. Қылкөпірден құрбандықсыз өту жоқ екенін білмеп пе едің, Әбдіғапар! Алтын сақаңнан айрылдың! «Қайғыға жақсы қасқарар, ойбайлап жаман бас салар». Хан басыңмен көз жасыңды көрсетпе!

Әбдіғапар /бір сәтке сыр беріп, ызалы үнмен/ Мен сені бар алтынымды салып, соттан алып қалмап па едім, ей, Амангелді?

Амангелді. Енді алтыннан да бағалыңды беріп, халқыңды оттан аман алып қалдың! Бір Жағыпардың қазасы - бүкіл елдің бостандығынан қымбат емес. Қазақтың тағы бір қатыны батыр ұл туар.

Досай қажы. Ажалға сабыр, алдияр. Жағыпар ел үшін шейіт болды.

Амангелді. Бозқасқаның орнына, боздағыңды шалдың. Білсең, бұл да бақытың.

Әбдіғапар. Қасымдағы қорған-қалқаным еді ғой. Осылай боларын біле тұра, оққа айдаған өзім едім. Анама қалай естіртем бұл қазаны? Ізіме ерген інім еді ғой... Бар-жоғы 22 жаста. Оны жібергенше, неге өзім бармадым?

Кейкі /тымағын алып, көз жасын сүртіп/. Жастығын ала кетті, ер Жәкем. Талай жауды жер жастандырды. Арманы жоқ!

Әбдірахман. Елдің туы қолыңда екенін ұмытпа, алдияр. Бекем бол!

Әбдіғапар. Туралап келген тағдыр жебесін ешкім кері қайтара алмақ емес.. Жат жерде окоп қазып жүріп, қаңғыған оққа тап болса қайтер едім. Алды жарық ақ өлім! Шыдадым...

Әбдіғапар. (Туын биік көтеріп көңілді үнмен) Неге түнере қалдыңдар, жауды жеңдік емес пе?! Бозқасқа шалыңдар, той, той жасаңдар!

Ту бұлғаған Әбдіғапар. Дүркіреген той, көңілашар музыка. Алыстан, «сүйінші, жеңдік! Жеңдік!» деп шуылдаған халық. Қолына қызыл ту ұстаған Әліби Жангелдин мен Дауылбай кіріп келеді.

Әліби Жангелдин. Сүйінші, халқым. Патша тақтан құлады. Ресейде ақпан төңкерісі болды. Енді бізді ешкім жазаламайды. Жеңді деген осы. Ояз әскерімен дуанды тастай қашты. Ал, Әбеке, атаның туын емес, күллі адамзаттың қызыл жалауын көтеретін күн де жетті. Қазір большевиктер үлкен күш. Ресейде белсенді күрес жүріп жатыр.

Әбдіғапар. Орманда өрт басталды де. Менің қызыл ту көтергенімнен қазаққа не пайда?

Әліби Жангелдин. Большевизмнің көксегені - езілген еңбекші таптың бостандағы. Адамзатқа әлеуметтік, рухани теңдік орнату. Енді бұл далада бай мен кедей деген ұғым болмайды. Феодалдардың бәрін тап ретінде жоямыз!

Әбдіғапар. Жою, жою. Одан басқа не білесіңдер сендер. Мен өз парызымды өткерген адаммын, қинама.

Әліби Жангелдин. Әбеке, қалай түсінбейсіз? Байларға сенуге болмайды. Кешегі хан кеңесінде де губернаторға мәлімет беріп отырған патшаның шпиондары болыпты. Бұл сенімді ақпарат. Тілмәш Байқадам Қаралдиннің өз аузынан естідім.

Әбдіғапар. Мен мұны білгем. Әліби, саздан адам соға алмайсың. Аз қазақты қырам-жоям деме, ретін тауып тәрбиеле. Жөнімен жұмсай білсең, ұрыдан – батыр, қорқақтан - қаһарман шығады. Бір-ақ, анау қасыңдағы серігіңнің сұрқы жаман... Опасызды тәрбиелей алмайсың...

Дауылбай /Әлібиге сыбырлап/. Ойбай-ау, Әлеке, Әбдіғапардың нағыз шонжардың өзі емес пе? Қара табан кедейдің хәлін қайдан түсінсін.

Әліби Жангелдин. Дауылбай Естайлақович – нағыз пролетариат. Жаңа үкіметке керек адам.

Әбдіғапар. Мұндай нәсілсіздермен құрған үкіметің баянды бола қоймас...

Дауылбай. Әне, көрдіңіз ғой. Бұлар биліктен өлсе айрылмайды.

Беймәлім тәуекелге бел буған Әбдіғапар кездігіне қол созып, қару жұмсамаққа оқтала бастайды. Секем алып шегіншектеген Әліби. Басын шайқап қарсы болған Тынышбала. Шегіншектеп шығып кеткен Әліби мен Дауылбай.

Әбдіғапар /күйзеле басын шайқап/. Бекер бөгедің. Енді бұлар бой бермейтін болды. Тар қыспақтан алып шыққан көштің ноқтасын өз қолыммен ұстата салдым-ау...

Тынышбала. Бұлардың бірін өлтірсең, мыңы келеді. Ұрпағыңа зияны тиер дедім.

Әбдіғапар /өкініп/. Басшысының басын қақсам, басқасы уысымнан шықпас еді. Мыңның амандығы үшін, біреуді құрбандыққа шалуға болады. /Санын соғып/ Орайлы сәтті жіберім алдым. Әйелдігіңді көрсетіп қойдың ғой. Мен оларды аяғанмен, олар мені тыныш қояр ма? Ахметтер де үнсіз жатып алды. Мұндай шақта әбжілдік , қатал шешім керек.

Тынышбала: Бұлшығын кессе былқ етпес, бекпатша қызыл нар ең ғой. Алапатың патшадан асты. Бауырыңды бергенмен, баурайыңды өртке ұшыратпадың. Еліңді тар өткелден есен өткіздің, тәуба. Жүгіңді тиесілі жеріне жеткіздің. Арманың жоқ, сұлтаным.

Әбдіғапар: Арманың жоқ дейсің бе? Қателестің, Тынышбала. Мендегі ұлы арман – халқымның азат, еркін ел болғаны. Бабадан мирас жеріне өзі иелік еткенін көрсем, шіркін. Арғын, Қыпшақ, Найманның бір бөлігін топтастырғанда қаншама күш болдық. Ал, түгел қазақ біріксе, ол жойқын қуат емес пе?! Көкірегімде құрсаққа жаңа біткен нәрестедей, «бар қазақтың басын бір тудың түбіне біріктірсем, ешкімге бағынбайтын ел құрсам» деген ұлы мақсатым бар еді. Оған қуатым жете ме?

Тынышбала: Туысыңда кемдік жоқ... Ғаділдікпен жұрт меңгердің. Кеңдікпенен ел бақтың, ерлікпенен ту көтердің. Бабаң заманында туғанда бұл қолыңнан келер еді. Арыстан туған сұлтаным...

Әбдіғапар. Иә, Тынышбала...

Тынышбала (ішін ұстап). Арыстан екенің хақ, айға шабам демеші. Құрсаққа біткен нәресте, күні толмай тумайды. Толғағы келмеген шарана түсікке айналмасын десең, күтуден басқа шараң жоқ.

Әбдіғапар (Тынышбаланың кіндік тұсына сырттай қол тигізіп). Енді қайтпекпін? Қайыс ноқтаны үзіп, темір жүген тақпақпын ба?

Тынышбала. Ең бастысы, сен Алаш баласына басы біріксе қандай жауды да жеңуге болатынын көрсеттің. Көкірегіне бостандықтың дәнегін ектің. Ол дарақ көктеп, түбі бір жеміс береді. Сенің басың еш ноқтаға сыймайды. Атой салар айқас емес, алакей-түлекей шақта лас саясатқа кірісіп қайтесің. Ешкімді мойындама, азат қалпыңда қал!

Қолын созып кейін шешінген Тынышбала. Сырт киімін сыпырып, ақ жейдемен ғана қалған Әбдіғапар:

Әбдіғапар. Жүрегімді байлағаным бір ұлы СЕНІМ! Ол Жаратушыға, халқымның нұрлы келешегіне деген иланым. У ішер күннен аман өттік, лайым, елімнің бал татар күні де келер. Сол күнге рухымды аман жеткізгейсің!

Әмин!

Беліне ораған ақтығын шешіп, жайнамаз қылып, намазға жығылған Әбдіғапар. Тарс еткен мылтық дауысы. Қара фон.

Сахна сыртындағы дауыс:

Әбдіғапар Жанбосынұлы - 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің басты көсемдерінің бірі. Аласапыран жылдары Торғайдағы алты болыс арғын, алты болыс қыпшақ, бір болыс найман оны орталарынан сайлап хан көтерді. Әбдіғапар ел билігін соғыс жағдайына бейімделген дала демократиясы негізінде қайта құрды. Сол уақыттарда оның иелегіндегі қару ұстай алатын азаматтар саны елу мыңға дейін жеткен. Сарбаздармен қақтығыстың бәрінде патша әскері кейін шегініп отырды. Көтерілістен кейін Әбдіғапар Жанбосынұлы хандықты таратып, қоғамдық-саяси өмірге сирек те болса араласып тұрды. Торғай уезінде жер жөніндегі райыс қызметін атқарды. 1918 жылы Орынборда өткен Торғай кеңестерінің І сьезіне делегат ретінде шақырылды. Алаш партиясының көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтармен жақсы қарым-қатынаста болды. Алайда, ол екі үкіметті де мойындаған жоқ. Дербес саясат ұстанды.

Әбдіғапар Жанбосынұлы 1870 жылы туып, 1919 жылы қарашада намаз үстінде қызыл әскерлер қолынан қаза тапты. Кеңестік саясат оны мүлдем айтқызған жоқ. Тәуелсіздікпен бірге Әбдіғапар есімі халқымен қайта қауышты.

Соңы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар