Өмірі ауыр, тағдыры дауыл қаламгер
Бөлісу:
Максим Горькийдің автобиографиялық шығармасы жөнінде бірер сөз
Нобель сыйлығына бес рет ұсынылған орыс жазушысы Максим Горькийдің «Детсво», «В людях», «Мои университеты» деген 3 повестен тұратын автобиографиялық шығармасын оқып шықтым. Жақсы туынды. Оқып отырып, «бұл кісінің көрмегені жоқ екен ғой» деген ойға келесің.
Алдымен оның 1868 жылы Төменгі Новгород (Нижний Новгород) қаласында туғанын айта кетейік. Әкесі ерте қайтыс болған Алексей Максимович Пешков (Максим Горькийдің шын аты-жөні) ата-әжесінің қолында өседі. Өте қатал болған атасы кішкентай Алексейді сотқарлығы үшін жиі-жиі шықпыртып сабап, жазалауды әдетке айналдырған. Ал әжесі керісінше өте мейірімді кісі болыпты. Максим Горький бала кезінде ізгілік пен мейірімділікке тәрбиелеген ғазиз әжесін қатты жақсы көріп, айналшықтап жанынан шықпай жүреді екен.
Автобиографиялық туындының көптеген эпизоды Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожасын» еске түсіреді. Мысалы, бала Максим Горькийдің де, Қожаның да әкелері өмірден ерте қайтқан; екеуінің де әкелері жөнінде де жұрт жақсы естеліктер айтады. Қожа анасының Қаратайға тұрмысқа шығуына қарсы болғаны секілді, Алексей де (Максим Горькийдің шын аты) шешесінің екінші рет күйеуге тигенін ұнатпайды. Тіпті, бала Максим өгей әкесі мен өгей әкесінің анасы отырған отырғышқа желім жағып қойып, кейін екеу орындарынан тұра алмай әуреге түскенде, мәз болып, рахаттана күледі. Әйтсе де, осы үшін атасынан таяқ жейді. Ал анасы оны құшақтап, көздері жасқа толып, «Неге ашуланып жүрсің? Бұл менің жаныма батып, жүрегімді ауыртатынын білесің бе?!» дегенде, ақылды баланың жүрегі елжіреп кетіп, шешесі жыламау үшін бұдан кейін ондай тентектік жасамауға бел буады. Қожа мен Алексейдің арасындағы ұқсастықтарды жазуды жалғастырайық. Бірі мұғалімнің сөмкесіне бақа салып қойса, ал бірі сынып есігінің жоғарғы жағына жіппен қарбыздың кесілген жартысын іліп қойып, есік ашылып-жабылғанда, ұстаздың тақыр басына қарбыздың жартысы киіле қалғанын қызық көреді. Осы секілді талай сотқарлығы үшін екеуі де мектептен қуыла жаздайды. Өзге балалармен сыйыспай, жиі-жиі төбелесіп қалатындары және бар. Алайда екеуі де – өте зерек, зейінді балалар, яғни ақылды тентектер. Мұғалімдері екеуінің де қабілеттеріне таңғалады.
Қожадан айырмашылығы – Алексейдің анасы екінші рет тұрмыс құрып, енді олар бірге тұра бастайды. Көп ұзамай өгей әкесі жат мінез шығарып, өзге әйелдерге барып, жиі-жиі ішіп келіп, үйдегі ұрыс-жанжал көбейеді. Тіпті, баланың көзінше анасына қол көтеретін болады. Осының бәрі кішкентай Алексейдің жадында өшпестей сақталып қалыпты. Бірде шешесінің кеудесінен аямай теуіп жібергеніне шыдай алмай, ызаланып кеткен бала өгей әкесіне пышақ ала жүгіріп, өлтірмекке ұмтылады. Бірақ анасы қолын қағып жіберіп, ойлағаны жүзеге аспайды. Бала да болса, шешесін қорғамақ болған әрекетін көрмейсіз бе! Бұл ісі оның жастайынан шөлге біткен сексеуілдей мінезді, өжет болғанын көрсететіндей. Жоғарыда жазылған жәйттар «Дество» повесінде сөз болса, ал келесі бөлім «В людях» шығармасында не жазылғанына төменде тоқталдық.
Максим Горькийдің өмірі қасірет пен қайғыға толы. Әкесі ерте көз жұмғаны аздай, шешесі өгей әкесінен туған кішкентай інісі және көп ұзамай анасының өзі де ауырып, ажал құшады. Қартайып, алжи бастаған атасы дүние-мүлкін өз немересінен қызғанып, оны 11 жасынан бастап өз нанын өзі табуға мәжбүрлейді. Сол кезден бері бала Алексейдің істемеген жұмысы жоқ! Даладан жүн-жұрқа, темір-терсек жинап, өткізеді; әжесімен бірге орманнан саңырауқұлақ, жеміс-жидек тереді және оның қасында жүріп жұрттан қайыр да сұрайды; тоғайдағы құстарға тор құрып, ұстағандарын сатады; кемеде ыдыс жуушы болады; алыс туысына үй шаруасын істейтін малай болып жалданады; наубайханада, шеберханада, дүкенде де жұмыс істейді! Бірақ қанша таң атқаннан күн батқанға дейін тыным таппай, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрсе де, оның еш қол үзбеген, тіпті түнде ұйықтамаса да, қоя алмаған бір сүйікті ісі болды. Бұл – кітап оқу еді. Айналасындағы кей надан адамдар «кітап оқып, қайбір жетісем дейсің, таста мұны» деп келеке қылғанмен, жолында жолыққан көзі ашық, көкірегі ояу жандар баланың білімге деген құштарлығын құптап, дұрыс бағыт-бағдар береді. Сондай қамқор кісілерден Алексей жақсы кітаптарды сұрап алып, оқып жүреді.
Кітап оқуға құмарлықтан бөлек Жаратушы жетім баланың бойына мейірімділік, парасаттылық, тазалық, намысқойлық, арлылық секілді қасиеттерді де дарытыпты. Ол айналасына әрдайым ойлы көзбен қарап, күштінің әлсізге істеген қиянатын, алаяқтың иттігін, пасықтың қараулығын, опасыздың сатқындығын, суайттың өтірігін, өсекшінің жаласын көріп, жаны түршігеді. Адамдар мұндай лас істерге не үшін баратындығын түсіне алмай дал болады, қанша ойланса да, ақылы жетпейді. Шынайы өмірде пенделер әдеби шығармалардағы қаһармандармен салыстырғанда, қаншалықты төмен деңгейде екеніне көз жеткізіп, қоғамнан жерінеді. Дүние боқ үшін бір-бірін жұлып жеп, қасқырдай талап жатқан кісілердің қылығын ұға алмайды. Өйткені, ол үшін кітаптан асқан байлық, білімнен жоғары құндылық жоқ еді.
Сол білімқұмарлығы Алексейді 16 жасында, яғни 1884 жылы Қазан университетіне түсемін деген үмітпен Қазан қаласына жетектеп әкелгені үшінші бөлім «Мои университеты» повесінде жазылады. Жас талапкерді әжесі бір қолымен шоқынып, бір қолымен орамалының шетімен көзінің жасын сүртіп тұрып, шығарып салады. «Алыс өлкеге кетіп барасың, жақын арада келмейсің. Енді көріспейтін шығармыз. Менің ғұмырым аз қалды» деген сөзді естіген Алексей де жанындай жақсы көретін әжесін расында да ең соңғы рет көріп тұрғанын сезіп, жүрегі өртенеді. Әйтсе де, оқимын деген арманмен аттанып кете барады. Алайда орта білімі бар жөніндегі аттестаты болмағандықтан (ол бала кезінде сырқатына байланысты мектептен оқудан шығып кеткен), сондай-ақ, кедей отбасынан шыққандарға арналған орын саны қысқартылғандықтан, оқуға түсе алмайды. Мұнда да тұрмыс ауыртпашылығы қинап, күн көру үшін әртүрлі жерде жұмыс істейді. Қазанда революциялық көзқарастағы жастармен, студенттермен танысып, олардың құпия жиындарына қатыса бастайды. Сөйтіп жүргенде, 1887 жылы бірінен соң бірі атасы мен әжесі қайтыс болады. Әсіресе, әжесінің қазасы Алексейге ауыр тиген еді. Ол мейірімді де парасатты жанның санасындағы жарқын бейнесі жөнінде естеліктер айтып, іштегі зілдей запыран мен қорғасындай құсаны сәл де болса шығарғысы келгенмен, сырласарға жан таппай, аласұрады. Қайғы-қасірет оны іштей мүжи береді. Арада көп жыл өткен соң, ұлы өлгені жайлы атына мұң шаққан адам туралы Антон Чеховтың шығармасын оқып, сол кезде өзі жұмыс істеген наубайханада қаптап жүрген егеуқұйрықтарға ақтарыла сыр ашпағанына өкінеді. Жалғыздық пен жоқшылық әбден жанына батқан Алексей күйзеліске түсіп, өз-өзін өлтірмекке бел буады. Тапанша сатып алып, жүрегін көздеп, кеуде тұсын атқанмен, оқ өкпесіне тиіп, ол аман қалады. Бірақ кейін осы әрекеті жазушының өкпе ауруына шалдығуына себеп болыпты.
Үшінші повесть «Мои университеты» туындысында мені сүйсінткен әрі тебіренткен бір эпизод бар. Алексей бұрын айдауда болған революционер Ромасьқа еріп, Қазанға жуық маңдағы ауылға көшіп келген соң, ондағы надан мұжықтар бұларға қастық қылып, үйлеріне өрт қояды. Сонда қызыл жалынға оранып, жанып жатқан тұрғынжайдың шатырындағы кітаптарын шығарып алу үшін Алексей өмірін қатерге тігіп, өрттің құшағына қойып кетеді. Ойлағаны болып, біраз кітабын тілсіз жаудың отты аранынан аман алып қалғанмен, өзінің денесін де күйік шалып, жарақат алады. Міне, кітапқа деген құрмет! Міне, білімге деген құштарлық! Бұл кітаптары келешекте күллі әлемге тарайтын болашақ классик қаламгердің әрекеті емес пе?! Төтенше жағдайда мұндай қауіпті әрекетке бар деп ешкімге кеңес бермейміз. Бірақ жазушының бозбала кезіндегі ісіне еріксіз қайран қаласың.
Максим Горькийдің «Детсво», «В людях», «Мои университеты» деген үш повестен тұратын шығармасында осындай жәйттар сөз болады. Әрине, 700 беттен асатын туындыны шағын мақалада толықтай талдау мүмкін емес. Дегенмен, шамамыз жеткенше, әсерімізбен бөлісуге тырыстық. Біз кітаптың мазмұнын ғана жеткізгенімізді айта кетейік. Негізі, шығарманың көркемдігін қарастыратын болсақ, оның өзі бөлек көлемді мақалаға айналар еді! Яғни, М. Горькийдің аталған кітабында әдемі теңеулер мен көркем суреттеулер өте көп. Маған ұнаған бұл туындыны оқыған өзге жандар пікір білдіремін десе, мархабат.
Алпамыс Файзолла
Бөлісу: