Сәтжан Кәріпбаев. Әкемнің әңгімесі немесе болашағы жоқ ауылға барғанда

Бөлісу:

29.10.2019 5503

Жаз деп еді...
Жазың өтіп келді күз...
Көшеміз бе?
Көшпейміз бе? Белгісіз.
Жеті қырдың астындағы жетім жұрт,
Не боламыз енді біз?...

Барған сайын сұрағы осы әкемнің,
Уайымын арқалаған бар елдің.
Ауасына у тараған ауылда,
Жүре алатын табылмайды жан еркін.

Сайран салып өскенімен далада,
Қайран қалып бұл қалай деп қарама.
Бауырынан сау жаралған бала жоқ,
Бауыр басар кімге барып қалада?!

Бүтін деп те айта алмаймын бүйрегін,
Санап саған бере алмас та түйреуін.
Шаншитыны тағы да бар жүректің,
Түбі содан болар деймін күйреуі...

Тізе берсең дірілдетер тізеңді,
Қатерлі дерт қақпанында біз енді...
Өмір сүріп жүрер дейсің қашанғы,
Арманымның құйрық-жалы күзелді.

Дастарханы босамайтын тостардан,
Айырылдым бірте-бірте достардан.
Тірегі мен деп жүретін үйінің,
Төрін енді көрмейсің бе бос қалған?!

Жайсаңдықтан жайнап тұрар маңайы,
Тепсе темір үзетіннің талайы,
Қатерлі дерт қақпанынан шыға алмай,
Қаншасы өлді... санайын...

Сай-сүйекті сырқыратқан сырды айтып,
Отырғанмен құлақ бар ма тыңдайтын?
Жұртың жылап жатқан шақта қаперсіз,
Шімірікпей шенділерің жүр қайтіп?!

Айтқаныңмен мысал толы жайларды,
Біздің кіндік енді осында байланды.
Болашағы жоқ ауылдан көшірер,
Атқамінер ұлықтарың қайда әлгі?!

...Жасырмастан жайып салған өкпесін,
Әкемді де білем ешкім сөкпесін.
Қайың-арман қурап қалған далада,
Үміт талы енді қалай көктесін?!

ЖАР ЖЫЛУЫ

Арман жолы жетелеп бiрден iзгi,

Үмiт еттiк ғашықтар жүрген iздi.

Тәңiр өзi жаратып бiрге бiздi,

Өмiр өзi бекiткен iргемiздi!

Сондықтан да сен үшiн аяулым-ау,

Жүрегiмнiң жан сыры даяр мынау.

Менi сүйген кiршiксiз көңiлiңе,

Түсiрмесiм өзiме аян қылау.

Айта алмайды ешкiм де iсiңе сын,

Сен бәрiн де айтқызбай түсiнесiң.

Сынай қарап қалсаң-ақ сырт айналар,

Бұл бақыттың ғажайып күшi ме шын?!

«Болса-дағы тағдырдың мысы басым,

Сен несіне, қиналып, қысыласың?»

Дейсің-дағы ойыма қуат беріп,

Жар жылуын жымиып ұсынасың.

***

Теріп саған бермесем де қырдан гүл,
Жазып саған жүрмесем де жырдан-жыр.
Ессіз сүю не екенін ұктырып,
Екеумізді табыстырған бұл тағдыр.


Қабағыма түсе қалса сәл кірбің,
Мені бағып... Өзіңді ұмыт қалдырдың.
"Жолыңда өлем..." деген жалғыз сөзіңмен,
Сынағына қарсы тұрдың тағдырдың.


Ағайынға, кейде досқа, бауырға,
Күйінгенде сен шақырдың сабырға.
Тізгін бермей кеткеніме төздің де,
Әзір тұрдың тірліктегі ауырға...


Елемейтін сынақ- бұлттың күркірін,
Шаңыраққа шуақ шашып тұр күнім.
Сен бар жерде жалғасады бар ісім,
Сен бар жерде берекелі тірлігім.

БІР МІНЕЗ

Жүрегімнің көздеріне кек толып,

Өз-өзімді кетем кейде жек көріп.

Өлең болып өрілетін сан ойлар,

Өз ішімде кеткен талай текке өліп.

Біреулерге жағынбадым жалбаңдап,

Жазғаным да жазған өлең таңға арнап!

Бәлкім содан,бір басыма бұйырмай

Қонар сәтте алдап қашты алдан бақ.

Түскендіктен көңіліме кірбің көп,

Сыйластығым бір күн бар да, бір күн жоқ.

Күштілерге есік қағып кірмедім,

«Елеусіздеу еңбектеніп жүрмін» деп.

Амалсыздан тіршілікке құл болып,

Ел қатарлы бәрі жүрер күн көріп.

Арпалысам адалдығым ішімде,

Кетпеу үшін өзімменен бірге өліп!..

***

Көрік біткеннің көркемі,

Көргеннен тілім байланған.

Көңілдің ғажап көктемі,

Өзіңе болдым қайран жан.

Ажарың асқан Айдан да,

Назарым түсіп арбалған.

Мынау өмір мәңгі майданда,

Жаралған сұлу арманнан.

Талғамың таудан асқар-ау,

Тағдырым бірақ тосқауыл.

Өмірде жолың басқалау,

Айтқаным емес босқа бұл.

Айта алмас ойлар көп іште,

Десем де "Мейлі, құр қиял".

Мен үшін өзің періште,

Оңайлықпенен кім қияр?..

Арада жатыр жыл қанша,

Санауға менде жоқ ерік.

Махаббат әнін тыңдатса,

Кетердей бізді көтеріп!..

Бейкүнә жанар мөлдіреп,

Іздесе табар қорғанын.

Нәп нәзік жаның жыр тілеп,

аңғарса сезім жолдарын.

Қалқам-ай, саған не дейін,

Әрқалай ақын тағдыры.

Шертсе де сезім мың күйін,

білінер дүние тарлығы...

***

Сұрқылтайлы, сұрқай қоғам сұмдығын,
Ұғына алмай күйін кешем жындының.
Шығарса деп шыр айналып әлі жүр,
Шыңыраудың түбіндегі шындығым.

Дүниеге, құл болғандар мансапқа,
Елдің ойын жүгіртеді әр саққа.
Бірін-бірі итше талап жүргендер,
Дегеніңді түсіне ме: "Ар сатпа! "

Өз-өзіңнен сұрап көрші алдымен,
"Сатылмаған, сата алмаған қалды нең?!"
Биік қойып жүргендерден билігін,
Өткен бар ма шынайы адам қалпымен?!

Басшы көрсе басын шұлғу - білгені,
Бағынумен қадам басқан ілгері.
Жағынумен "жақсы" атанған "жайсаңды",
Сүйретіп жүр құр өзінің сүлдері.

Өтірікпен өтіп жатқан ғұмыр бұл,
Ұрпағыма ұлттың жайы бұлыңғыр.
Көппен бірге көз байлаулы күйімде,
Ішіне еніп баратырмын бір үңгір...

***

Топырағын, туған жердің киесін,

Туған сәттен тылсым күшпен сүйесің.

Сүйген сәттен тек қадірлей біл оны,

Сен өйткені атажұртқа иесің!

Тал ағашын, өзен –көлін, тау -тасын,

Cүйіп бабаң айтып өткен тәубасын.

Сайын дала саған берген сақтауға,

Абайсызда көтермесін жау басын...

Сен осыны еске сақта намысты ұл,

Сатқындықтан, аярлықтан, алыс тұр.

Құт дарыған қойнауды емес сырт көзге,

Ұлы дала ұландарын таныстыр!

Ерік -жігер табан тіреп төзімге,

Рухтың оты алауласын көзіңде.

Жауға көздің құрты болған жерімнің,

Қорғаны да, қамқоры да өзім де!..

КӨЗЕ

Жинай алмай жүрген жанмын тез есін,

Жасырғанмен сен бәрін де сезесің.

«Көлденеңнің көзі түспеу үшін» деп,

Күлге көмдім көңілімнің көзесін.

Күлге көмдім көңілімнің көзесін,

Көрсеткім де келмейді оны…

Төзесің!

Ғашықгүлдер кездеспеген ғасырда,

Кей аруға махаббаттың өзі есім.

Жалын еді көзе көмген күл бұрын,

Алау-сезім өзек еткен күн нұрын.

Өр көңілім таба алмайтын бір тыным,

Хас сұлулар қағып өтсе кірпігін.

Ал бүгін ше?

Кешір, қалқам, бәрі –тұл!

Тағдырымның тезіне алған сәті бұл.

Қайран жүрек махаббатқа тағы құл

Бола алмайды…

Оған енді бәрібір!

ОДА МЕН ДОДА

Тек билiктi мадақтаудан тұратын,

Мүшәйраның өтетiнiн бiр ақын

Естiгеннен есi кетiп жүрдi де,

«Содан ғана табам» дедi мұратын.

«Көкейiнде жатқан ойды халықтың,

Iздеуден де, жырлаудан да жалықтым.

Қоғамының ақтарғандар қоясын,

Қалтарыста қалатынын сан ұқтым.

Мен одан да қолпаштайын билiктi,

Бәлкiм көлiк, бәлкiм берер үй, тiптi»

Деген ақын санасына осылай,

Саясаттың сайқал ойы килiктi.

Сөйттi-дағы қалам алып қолына,

Жалғандықтың түстi демде жолына.

Жемқорларды жанашыр ғып жырлады,

О бастан-ақ бiткен елдiң сорына.

Қалай жазам дейтiн емес кiмге ода,

Қызықтырып бара жатыр жыр-дода.

«Туралықтың тұғыры» екен бiр ұлық,

Ол парақор болатұғын…

О, тоба!

Басқалардан кетуi үшiн бағы асып,

Бас бәйгеге мiне, тағы жол ашық:

Елiн қанап, жерiн тонап жатқанды,

Атымтайдан артық көрдi қолы ашық.

Хақ шындықты жұрт көзiнен жасырып,

Абыройын қалмақ оймен асырып.

«Ұлтым үшiн Қыдыр баба» дедi ол,

Келiмсектi жүрген күнде басынып.

Толғанысы көрмегесiн тосылтып,

Жырын тағы жазып жатыр жосылтып,

Туған тiлде бiр сөз бiлмес пақырың,

«Жаһандану жаршысы» екен…

О, сұмдық!

Тағы не бар?

Жалған оймен шолатын,

Билiгiнiң көңiлi өсiп, толатын.

«Отаным бай» деп көпiрдi

Бiрақ та ел,

Қымбатшылық қыспағында болатын.

«Шықпауы да мүмкiн емес ендi атым»

Деп осылай «шабыттана» бердi ақын.

Ақырында шыға келдi дарын боп,

Елiне емес, билiгiне ең жақын.

* * *

Таппасаң да бұл қоғамнан ұнар түк,

Құлқыныңның құлы болма құмартып.

Ода жазып, оза шауып жүргенше,

Өлең жазбай өлiп кеткен мың артық!

СЫНЫПТАС ҚЫЗ

Әдептен бір сәт аттамай,
Көңілге кірбің сақтамай.
Сыныптас қызға ұрлана,
Қараумен жүрген шақтар-ай.

Айтуға батпай ойымды,
Қайтуға қимай сабақты.
Тұнық көз, алма мойынды,
Құдай-ау кімге жаратты?..

Шыға алмай шексіз қиялдан,
Ұға алмай жұмбақ сезім бе?..
Сыныптас қыздан ұялғам,
"Ғашықпын" дейтін кезімде.

Алдағы оқу жылында,
Айтамын дедім қалайда.
Алаңсыз балаң ғұмырда,
Өзгеріс болды алайда.

Жүргенде "Сол қыз... шіркін" деп,
Сағыныш сырын шертіп күз...
Күтпеген жерден бір күнде,
Ауылдан көшіп кеттік біз...

КӨКТЕМДЕГІ КӨРКЕМ ГҮЛ

Көктемде өскен көркемі гүлдің,

Мұңымның сұрғылт серпеді бұлтын.

Үріккен үміт оралды кері,

Тосыннан сені көргелі, құрбым.

Ізіне-ізін жалғап іңірдің,

Сезді ме барын алда дүбірдің.

Ой-санамдағы бейнеңе қарап,

Сезімім тыным алмады бір күн.

Аңғардың ба екен мұндай халымды:

Кездерім безген сұрқай қалыпты.

Ақша бұлт-арман…

Аруға зер сап,

Қиялым асқар шыңға айналыпты.

Өзіме жұмбақ күйге еніп тылсым,

Ішіме сырды түйгенім- бір сын.

Көңілдің басар нәзік пернесін,

Әсері ғажап күй ме кім білсін…

Әйтеуір, сені көргелі құрбым-

Көктемде өскен көркемі гүлдің.

Еркімді алып дертіме айналдың,

Есімнен кетпес ертегі- бұл күн!

ЖҮРЕККЕ СЫР

Басылар емес тіптен өр екпінің,

Білмеймін, нені сезіп өрекпідің?

Мазамды жиі аласың…

Бұл өмірге,

Сезіле түскен сайын керектігім.

Әр дүрсіл оятады иманым боп,

Өзімді оймен іштей қинадым көп.

О, жүрек!

Сәл де болса сабырға кел,

Жүргенде жанға бақыт сыйлағым кеп.

Күшейіп тәулік сайын құлшынысым,

Күлімсірей күтеді күншығысым.

О, жүрек!

Үдеп соқпай сабаңа түс,

Азайсын тым құрмаса қынжылысым…

Бал асап жүргенім жоқ мен де кілең,

Талай шер тұнып жатыр сенде білем.

О, жүрек!

Білесің ғой тіршілікте,

Сен менің арқасүйер сенгенім ең…

Сабырға кел…

ҮЗДІККЕН ҮЗІКТЕР

І

Вокзал басы…

Түн салқын.

Ой түбіне мұң салдым.

Қызығы кеткен қол бұлғап

Азабы қиын бұл шақтың. ..

Барамын міне, жол үсті,

Санамда бейнең сол ыстық.

Жанарың және ойымда,

Жан-дүниең ғой ол ішкі…

Тәтті үнің қалып тек есте,

Айналдың мөлдір елеске.

Білмедім, неткен бұл күйім,

Ғашық боп қалу емес пе?..

ІІ

Сезіміңнің сиқырына сүйсінсем,

Сұлулықтың тылсым сырын аңғарып.

«Маған ешкім жыр жазбапты,-дейсің сен-

жанарымнан жанымды ұға арбалып…»

Алаң көңіл қалай тыным таба алмақ?..

Көкейімде тулап жатыр сыр талай.

Түн ортасы…

Тағы жаздым саған хат…

(Ғашық жүрек тұра ала ма жырламай?).

Маған жұмбақ: жүрегіңнің иесі-

Біле алмадым…

Бар ма, әлде?

Сезіміңнің сезінер жан киесін,

Дәл мен болсам… Арман не?!

ІІІ

Тынышымды түн ұрлады- сен емес,

Бірақ, ойға оралғаның рас-ты.

Менен өзге ешкім мұны елемес,

Армандарым Айға қарап сыр ашты.

Көтерілмей жүрген кезде бір еңсем,

Көк жүзінен сені көріп серпілдім.

Дедім-дағы: Сезіміне гүл ексем»,

Ғашықтықтың күйі болып шертілдім.

Көк төсінде көз қысады сан жұлдыз,

Ал олардың мысын басар бір-ақ Ай.

Жүрегімнің төрінде атың қалдырды із,

Ешкім оны жүрсе екен-ау сұрамай...

* * *

Теріп саған бермесем де қырдан гүл,
Жазып саған жүрмесем де жырдан-жыр.
Ессіз сүю не екенін ұктырып,
Екеумізді табыстырған бұл тағдыр.


Қабағыма түсе қалса сәл кірбің,
Мені бағып... Өзіңді ұмыт қалдырдың.
"Жолыңда өлем..." деген жалғыз сөзіңмен,
Сынағына қарсы тұрдың тағдырдың.


Ағайынға, кейде досқа, бауырға,
Күйінгенде сен шақырдың сабырға.
Тізгін бермей кеткеніме төздің де,
Әзір тұрдың тірліктегі ауырға...


Елемейтін сынақ- бұлттың күркүрін,
Шаңыраққа шуақ шашып тұр күнім.
Сен бар жерде жалғасады бар ісім,
Сен бар жерде берекелі тірлігім.

АДАСҚАНҒА

Кімге кінә таға алам кімді айыптай,

Жүрек болса ескексіз бір қайықтай,

Көңілімнің қабарып көк аспаны,

Қайғы- мұңның қойды- ау бір бұлты айықпай.

Басынан өткен талай бірден сынақ,

Қайран қалам қазаққа жүрген шыдап?!

Басынған жау жоқ еді...

Құрбаныңның,

Құнын даулай аларсың кімнен сұрап?!

Сынақ етіп берді Алла өмірді бұл,

Қаққанымен санаңда өлім діріл.

Бұйырып шын ажалың келмеп еді,

Қиылып неге кеттің өрім ғұмыр?!

Осы ма еді күткенің, ұғынғаның,

Адасқаның, сүрініп, жығылғаның...

Түк емес ау... бәрінен ең ауыры,

Көрмеуің ғой шын асыл дінің барын,

Сезбеуің ғой өзіңнің мына өмірде,

Аз қазаққа білінбес құның барын...

Бекер жазды дейсің бе мұның бәрін?!

* * *

Талдың басын жұлқылайды долы жел,

Тағдырының тауысардай тұз-дәмін.

Күн қарайды…

Көкірегі толы шер,

Қайтқан құспен жаз да, міне, үзді әнін.

Тал кейпінен көрдім-дағы өзімді,

Долы желді өміріме ұқсаттым.

Күн бетінен оқыдым да сөзімді,

Қайтқан құстың қанатына мұң шақтым…

Аспан жүзін бүркемелеп алыпты,

(Жаманатын жасыруға бұлт үйір).

Жайып тастап жамау-жамау жанымды,

Жақсылықты іздеп кеттім бір түйір…

ТОРЫҒУ

Кейде сырт көз сынайды екен бекер тым,

Оны бірақ өзім талай көтердім.

Жағаласып жаға жыртқан кезім жоқ,

Арбасумен әлі талай өтер күн.

Мен сынасам... «Тілің ащы» деп көбі,

Жаласының жалын шарпып жетті оты.

Қалжыңдасам мысқылдады деп ұғып,

Енді қайтып жүздеспестей жек көрді.

Үндемесем... «Сескенді» деп мін терді,

Не десе де мейлі деймін жұрт еркі.

Жымиса да жылылығын байқатпас,

Жылан түр деп айтсам екен кімдерді?..

Жақыныма балағандар жат санап,

Ту сыртымнан тартып тұрған сан садақ.

Маймөңкелеп құлдық ұру жоқ менде,

Бәлкім сонда жатқан шығар

Бар шатақ!

ШАБЫТЫМНЫҢ ШЫРАЙЫ

Арпалысар сезiм атты толқынмен,

Ақ арманға жетеледi жол бiрден.

Қайта-қайта ұшқын атып қарайтын

Жанарыңнан жан дауасын көрдiм мен.

Арасынан дараланып сан қыздың

Көрiнсең де…

Оңашада жалғыздың

Күйiн кешiп жүр ме екенсiң, аяулым,

Қуат берер қиялыңа сап тiзгiн.

Сезiм- нәзiк, о бастан-ақ, ой -тұнық,

Сынағына неге байлап қойды үмiт?!.

Сенi көрiп жүргенiммен

Ал тағдыр,

Сәтсiздiкке келедi әлi тойдырып…

Сенi ұнату… ғашық болу ол деген-,

Бiр бақытқа қол созу ғой көлденең.

Жан-дүние жарасымын iздеген,

Менiң көзiм сенi қайдан көрдi екен?..

Шабытыма шырай енiп тұрады,

Сен отырған бөлмеден…

АЙ КӨРIКТI АРУҒА

Құдай-ау, көз арбаған көрiк қандай,

Қоймайсың ойымдағы ерiктi алмай.

Құлпырып тәулiк сайын көрiнесiң,

Көктемде бүршiк жарған керiм талдай.

Жүзiңнен ғажайып бiр нұр алаулап,

Сақтаулы сабырымды тұрады аулап.

Шiркiн-ай, сезiм деген қызыл түлкi,

Қарды шашып қашқандай бiр-ақ аунап!

Мөлдiрлiк қос жанарға ұялаған,

Байқаса оңайлықпен қия ма адам?!

Қырандай томағасы сыпырылып,

Қанатын жайып ұшты қиял -арман.

Кей тәулiк түндерiнде ұйқы ұрлаған,

Сұлулық болмас мұндай сиқырлаған.

Бiрақ та бiр шындық бар мойындайтын,

Жазбапты-ай дәл өзiңнен бұйрық маған…

Көкейден бiр ғажайып ғазал термей,

Ақыннан кiм өтпеген азап көрмей?!

Ажарың айдың өзiн жаңылдырған,

Өзiңдi жан бар ма екен жазар мендей?!

СЕН КҮТКЕН ЖЫР

Кетер емес кешегі сапар естен,

Құшақтап сендей қызды қалада өскен

Суретке түскен сәтте сезіндің бе,

Біз үшін қырдан ғажап самал ескен.

Даладан дарыған сол тыныс қандай,

Тынысында таусылмас ырыс бардай.

Менің сол сәт сезімім білесің бе,

Сенің нәзік жаныңмен ұғысқандай.

Өмір мәні өлең бұл бір ғажайып,

Жан екенсің жазылар жырға лайық.

Әлдебір жылу көрдім жанарыңнан,

Кеткендей күндегіден мұң да азайып.

Гүл десе... гүл екенсің бап тілеген,

Бабында өскен гүлмен бақ түлеген.

Жеткізсем деп тұрғанда өлең туды,

Сұлулық сыр ұқтырған сәтті немен?!

Қасиеттей көрінген ең бағалы,

Аралап қайтқан қандай кең даланы.

Бұлақ басы аялдап тұрған шақта,

Шашыңды менен бұрын жел тарады.

Сол-ақ екен құлпырып шыға келдің,

«Құдыретін-ай,-дедім мына желдің»...

Басқаның бағы болып бұйырған соң,

Тек қана іштен тынып тұра бердім...

Айыптама ғашық боп мен құласам,

(Арман бар ма өзіңе мен де ұнасам?..)

Бір Алла білері анық біздер емес,

Жалғасарын бұл сапар енді қашан?..

***

Көрік біткеннің көркемі,

Көргеннен тілім байланған.

Көңілдің ғажап көктемі,

Өзіңе болдым қайран жан.

Ажарың асқан Айдан да,

Назарым түсіп арбалған.

Мынау өмір мәңгі майданда,

Жаралған сұлу арманнан.

Талғамың таудан асқар-ау,

Тағдырым бірақ тосқауыл.

Өмірде жолың басқалау,

Айтқаным емес босқа бұл.

Арада жатыр жыл қанша,

Санауға менде жоқ ерік.

Махаббат әнін тыңдатса,

Кетердей бізді көтеріп!..

Айта алмас ойлар көп іште,

Десем де "Мейлі, құр қиял".

Мен үшін өзің періште,

Оңайлықпенен кім қияр?..

Бейкүнә жанар мөлдіреп,

Іздесе табар қорғанын.

Нәп нәзік жаның жыр тілеп,

аңғарса сезім жолдарын.

Қалқам-ай саған не дейін,

Әрқалай ақын тағдыры.

Шертсе де сезім мың күйін,

білінер дүние тарлығы...

ӨЗІҢ ЕДІҢ…

Тал әдемі көрінбейді бүршіксіз,

Бүршік жарған өзің едің жас талым.

Сол бір тәтті сезіміммен кіршіксіз,

Келер менің жаңа өмір бастағым.

Түн әдемі көрінбейді ай тумай,

Өзің едің жаңа туған айым да.

Сан сырларым іште жатыр айтылмай,

Ал жырларым және өзің жайында.

Бақ әдемі көрінбейді гүл толмай,

Гүлге толы өзің едің бағым да.

Кім біледі тағдыр жолы бір болмай,

Мүмкін сен де айналарсың сағымға…

Көк әдемі көрінбейді күн күлмей,

Өзің едің күлімдеген күнім де.

«Сүйемін» деп айтар едім іркілмей,

Оным қалсын ғашықтықтың тілінде…

ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ ЖАҢБЫР

Желтоқсанда жаңбыр жауды,

Көше бойы көктайғақ,

Көлік біткен өтіп жатыр көздеріне от байлап...

Рөлдегі таксистерің тас мүсінге айналған,

Жайшылықта қол көтерсең

жөн сұрайтын тоқтай қап...

Желтоқсанда жаңбыр жауды,

Жаңбыр жауды. Кім көрген?!

Аспан шіркін ашылар деп жүрген кезде күнде ертең...

Тәубелерін айтар бірден бас сұққаннан мұндайда,

бай-кедейің үйлеріне аман жетіп үлгерген.

Аялдама...

Аялдамай «Газель» кетті сырғанап...

Шопыр мойын бұрып өтті...

Шағым жоқ па? Бір қарап.

Қалт-құлт етіп жан атаулы жалтақтайды жан-жаққа,

Тоқтай алмай ішіп жүрген адамдайын күнде арақ...

Желтоқсанда жаңбыр жауды,

Жаңбыр жауды сұмдық, ә?..

Бой қарыған аяз қайда?

Боран қайда?

Жынды ма?!

Желтоқсанда жылап-жылап жас төгеді көк аспан,

Жұбату жырын жазам десем...

Жылап жүрген жұртыма.

КҮЗ БЕН ЖҰРТ

Көктің жүзін көлегейлеп сұрқай мұң,

Жер бетінен мың жылаңқы тыңдайды үн.

Ызаң солғын шығады екен ызғарда,

Қабағы бір ашылмаған күнді-ай бұл...

Дүниенің тірлік көші дүрбелең,

Дүрбелеңде керек еді кімге нең?!

Пұл табуға құл болатын ел жайлы,

Көкейіме кептеледі күнде өлең.

Анадан да, мынадан да еститін,

Бұл қоғамның бейшаралау кеш кейпін.

Жетім бала секілденіп жұртым жүр.

Жыртығынан сығалаған ескі үйдің...

АЛМАТЫҒА МҰҢ ШАҒУ

Беу Алматы!

Мен Семеймін, мен де сендей көненің,

Көзі болып сайрап тұрсам –деп едім.

Қалтарыста қалып қойған қартпын мен,

Бар ма саған керегім?!

Беу Алматы!

Мен Семеймін, таусылмайтын шері бір,

Сәтке ғана мойыныңды бері бұр!

Абай оқып кеткен менің көшемнен,

Ұғынғанға ұлылықтың төрі бұл!

Беу, Алматы!

Мың жылдықтан тұрсың әлі көз арбап,

Ақын біткен жырлап жатыр сөз арнап.

Ал мен кіммін?

Жыртық шапан киген шал -

Бұл Семейге қашан қолын созар бақ?!

Беу Алматы!

Менде сендей белгісі көп ескінің,

Бірақ, оны білдірмейді кескінім.

Жылылықтан тамшы да жоқ жүзімде,

Ұлылық бар. Құны бірақ, бес тиын!

Алжығандай бір айтқанды қайта айтам...

Құлақ тұнар мендегі жанайқайдан.

Ахау, Семей!

Ән салса ғой біреулер,

Әрім тайған... Әй, қайдам?!

Ұлық келсе; мінеки! деп төр бердім,

(Өзім іштен талай өксіп, өртендім).

Ойы түпсіз Шәкәрімнің даңғылын,

Ойық асфальт, жамау жолмен «көмкердім».

...Қариямын қайғы басқан кеудесін,

(Шапанымды жел кеулесе, кеулесін).

Саған қарап ұяламын Алматы,

«Алты алаштың бесігімін»,-деуге шын.

***

Жалғасып Мұқағали, Төлегенмен,

Жол түсіп барған ақын өлең өрген.

Алматы ару қызы Алатаудың,

Асыл сөз неге аяйын сенен еркем?!

Біреуге алып шаһар мың жасаған,

Көп мұнда сыйлас іні, сырлас ағам.

Көшесінде тірліктің оты алаулап,

Көліктерден кезі жоқ бір босаған.

Басылмай құмартқаным, аңсағаным,

Мен саған келген сайын тамсанамын.

Аттану сенен қимай қандай ауыр,

Ал қалу бұйырмапты...

Қанша амалым?!

Жесе де сағынышпен ішімнен мұң,

Қалуға қақым жоғын түсінгенмін.

Ал бүгін саған арнап төрге шығып,

Дүбірлеп өлең оқу үшін келдім!

ҚҰЛАЗУ

Менiң жаным адамдардан бөлiндi,

Ал тағдырым тасбауырдай көрiндi.

Өмiрiмде шалыс басқан бiр қадам,

Өкiнiштiң iзiн салып өрiлдi.

«Мейлi, мейлi, сен боласың ақымақ»

деп дiр еттi байғұс жүрек-жапырақ.

Дүрсiлiне құлақ түрген мендегi

Көңiл-ауыл елi көшкен қаңырап.

Көк жүзiнен қараса да күн күлiп,

Көкейiмде көмiлмедi гүлге үмiт.

Сыртқа сырын бiлдiрместен iшiмде,

Салмағы ауыр салып жатыр мұң бүлiк…

САҒЫНЫШ СЫРЫ

Ойлама қалсаң оңаша,

«-Ұмытты,-деп ендi ол менi».

Болғанмен бәрi тамаша,

Өзiңсiз сәнiм жоқ тегi.

Жабырқап қалам кешкiлiк,

Жалғыз аққудай көлдегi.

Алыстан даусың естiлiп,

Сағыныш көмдi бөлменi.

Тынымсыз тiрлiк бiр бiтпес,

Тыныш па, қалқам, түн ұйқың?

Көре алмай жүрсе көп күндес,

Тек өрлеу маған тiлейтiн.

Өзiңдi тағы сағындым.

Аңсадым нәзiк даусыңды.

Қасыңнан келiп табылғым,

Тағатым тiптен таусылды.

«Не iстеп жүр менiң қылықтым,

Хош исi ғажап гүлiм?!» деп.

Сұрадым да түннен сыр ұқтым,

Жүр екенсiң ғой күтiп тек…

«ЕКІЛІК»

Сезімімнің жаралдың ба лебінен,

Неге көрдім, неге көрдім сені мен?

Сол бір қыздың ойладым ба екен деп,

Сырқат шалған жүрегіме сенімі-ем.

Қоңыр күздің мынау мұңлы кешінде,

Неге, неге шықпай қойдың есімнен?

Салмағы ауыр сағынышқа бағынып,

Көп отырам көңілсіз күй кешіп мен.

«Ол да сені ойлар бәлкім» деп үміт,

Көкейімде ұя салды бекініп.

Бірақ, бірақ жасыра алман әзірге…

Махаббаттан алған бағам- «екілік».

Сондықтан да соқпағына өмірдің,

Сор жүректің жасын келем төгіп мың.

Күн ұзаққа күрсінбейін күз болып,

Көктемімді қайта әкелші, көріктім!

* * *

Ойласам сыр-сандығым толар мұңға,

Құдай-ау, мұнша ғашық болармын ба?

Кездескен қапияда қаракөз-ай,

Қандай ғана күтедi жол алдыңда?

Қасында арзан түсер сом алтын да,

Бағымды алғандай ем жоғалтып та.

Қол бұлғап әлдеқашан қош айтысқан,

Сол бағым өзiң болып оралдың ба?!

Тұр-ау деп арамызда жас алшақтап,

Қарай көрме, өтiнем жасқаншақтап.

Қимастық күйiн шертсем…

Мөлдiреген

Жанарыңнан кетедi-ау жас моншақтап.

Сондықтан жолықтырмай сорға бөтен,

Шыққасын тәуекел деп жолға бекем.

Аялап алақанда аяулымды,

Қолымнан келгенiнше қорғап өтем!

* * *

Тізбелесе нетейін жұрт мінімді,

Торласа да тосыннан бұлт күнімді.

Жыр ғып айтып кетеді кейбіреулер,

Сыр ғып айтып шығарсам сыртқа үнімді.

Түсіндіре алар-ау кім себебін,

Азайыпты адамдар шын сенетін.

Есепқорлық есегін ерттегенше,

Тектіліктің тұлпарын мінсең еді!

Қолпаштаулы айтатын сөзді өтірік,

Кездескенде сөйлейді көзге күліп.

Қиналғанда қасыңнан табылардай,

Танытады өзінше өзге қылық.

***

Бөрі арығын білдірмейтін қу тірлік,

Көкейіме кептелетін мұңды іркіп.

Көше ортасы...

Тұра қалып кенеттен,

Қарқылдап бір күлгім келді...

Жын түртіп.

Шыныменен жын билеген күй ме бұл,

Мен осылай күлсем деймін кейде бір.

Ызғар шашып ызаланып кеткенде,

Талауына түсіргенде ит өмір!

Жырға құмар нәзік жаным шетте қап,

Сайқал қоғам табалайды беттен ап.

Сансыз екен жылпың қағып өздерін,

Санайтындар судан таза, сүттен-ақ.

Есік ашып есінеген таңдарға,

Қарқылдасам түсінетін жан бар ма?!

Ей, танысым, кездескенде қасыңнан,

Қарқылдап бір күліп өтсем... Таң қалма...

ЫЗА

Қайратын мүжіп жеген төзімдінің,

Беті жара қоғамның көзінде – ірің.

Құбылатын қуы көп қалада бұл,

Дерімді де білмеймін өзімді кім.

Жүдеу тірлік ойға шер түнетеді,

Жігерімді кей арсыз құм етеді.

Ақылға емес, айлаға жүгінгендер,

Пайда көзін іздеумен күні өтеді.

Бекерден кімге кінә таға аларсың,

Жақсылар да азайды бағалар шын.

Ерден қадір қашқасын әйелден құт,

Жақынды емес жатыңды жағаларсың.

Тура айтатын болғалы ер бұғатын,

Шенді біткен меңіреу елді ұғатын.

Өз жеріңде өзгелер төрге озып жүр,

Қайран қазақ жөнің жоқ кем тұратын.

Безбүйректер жетерлік биліктегі,

Байқалмас басын иіп иліккені.

Қарызға қаңтарылды қалың қазақ,

Халыққа кедейшілік күй біткелі...

CЕН ҮЙЛЕНДІҢ

(досым Әділеттің үйлену тойына)

Сен үйлендің,

Басқа қонды бақ бүгін,

«Көңілімнің көрсетем,-деп-ақтығын»

Дархандықпен дастарханды жайып сап,

Тойлап жатсың шаңырақтың шаттығын!

Сен үйлендің,

Күтті осыны қанша адам,

Шаруамды тастай сала шаршаған.

Дос тойына мен де жеттім асыға,

Артық көрген ақын сөзін ақшадан!..

Бала кезден бірге өскесін көз көріп,

Дос дегенде қашаннан да сөз берік.

Мен білетін достың көбі бірақ та,

Әйел алса кетеді екен өзгеріп...

Қосылмайсың ондайларға білем сен,

Сен үйлендің,

Көтерілді шын еңсем!.

Дос тойында дүбірлеген несі айып,

Жүрегімнен жыр ағытып жіберсем?!.

Сен үйлендің,

Біз де доспыз үйленген,

Тіршілігі тұрса-дағы күйбеңнен,

Бірін- бірі көрген сәтке мәз болып,

Кезіміз жоқ қиындықтан именген.

Сен үйлендің,

Демек, досым, сен де енді,

Қоясың да бойдақ күнді, селтеңді.

Сыңарыңа қазақ саны жайлы айтып,

Күнге жоспар құрасыңдар ертеңгі!

Көрінсең де сен бақытты кейпіңмен,

Бұл өмірде бұйырмайды сый бірден.

Неде болса қадамыңды нық басып,

Сен үйлендің...

Бәрекелді!-деймін мен!..

29.01.2010

ҚАРАУЫЛДАҒЫ ҚАРАКӨЗ

Жанарында жазылғандай ақ тілек,
Қабағынан қанат қаққан бақ түлеп.
Қайтар сәтте қайта оралғым кеп тұрды,
Қарауылда бір қаракөз қалды деп...

Шыңғыстаудың көрінсе де көп гүлі,
Ойларымнан өлең өріп сол күні.
Көз алдымда жылыұшырап сен жүрдің,
Қарауылдың секілденіп толқыны.

Толғаныстан шын тағатым қалмастан,
Бір күй кештім сезім-ақыл арбасқан.
Өмір осы өзгешелеу екен шын,
Қимастықтан сыйластықтар жалғасқан.

Мұндай күйді ақын кешпей кім кешер,
Жүрегімде толасы жоқ жыр-нөсер.
Шыңғыстаудың шырайы деп сені ұқтым,
Туған жердің жас талымен бірге өсер.

Билеп алып өлең сол сәт еркімді,
Жансарайым қоңыр мұңнан серпілді.
Қарауылда бір қаракөз қалды деп,
Қайтар сәтте қайта оралғым кеп тұрды...

ҚОҢЫР КҮЗДЕГІ КӨКТЕМ-ҚЫЗ

Талқан етіп күздегі өктемдікті,

Көздеріңе қарап ем... Көктем күлді.

Ойымда мың сезімім арпалысып,

Мойындадым сендегі көркемдікті.

Бағына балайды деп ертең кімді,

Болып едім сен күткен ерден күпті.

Бұлқынып-ақ қалды ғой өлең-жүрек,

Құлпырып-ақ кетіпсің еркем тіпті.

Уақыт зырғып білемін тоқтамасын,

(Кедергісін көз мейлі көп қадасын).

Жанарыңнан қуаныш оты ұшқындап,

Табарыңа бағыңды жоқ таласым.

Ізетіңнен білініп ізгілігің,

Жымиғанда сездім мен қыз қылығын.

«Ағалаған» қалқатай сен көрініп,

Көктем болып кетті ғой күзгі күнім.

Жаймен келе жатқаннан қадам басып,

Күйімді сездің бе екен саған ғашық?..

Алақанда аялар ару көрдім,

Құйын ойлар санамда сан арбасып.

Өлеңімді қойсам ба өткел етіп,

Алсам кешір абайсыз өкпелетіп.

Тәңір шебер жаратқан тек өзіңді,

Қоңыр күзді жіберер Көктем етіп

ҚАРАШАДАҒЫ КӨКТЕМ

Мазасыз ой жанымды шымшылайды,

Неге сезім бірауық тыншымайды?

Менің мұндай халімді тылсым кеште,

Сен түсініп сұрамай кім сұрайды?

Бұл ғұмырдың ұқтырып келтелігін,

Есімді алған елігім ертелі күн.

Көктем болып көріндің қарашада,

Көркеміндей көз арбап жер бетінің!

Өмір жолы болмайды тегіс тегі,

Махаббаттың түп мәні жеңіс пе еді?

Тағдыр тасы тисе де маңдайыма,

Іңкәр едім іздеуге періштені!..

Періште қыз…

Жанымның нұры ма едің?

Сұлулықтың сезінер құдіретін.

Тіл үйірген қылығың

Ай туғанда,

Айналарын жырыма біліп едім.

ЖАЛҒЫЗ ЕКЕМ…

Жалғыз екем,

Сезіндім бүгін анық,

«Түңілермін,-демеуші ем -түбі налып»

Үңілер кім?

Жайыңды ұғар келіп,

Қапылыста кеткенде жүгің ауып.

Жалғыз екем,

Мұңайған шақта білдім.

Арманымның кір шалды ақша бұлтын.

Көңілімнің түнеріп көкжиегі,

Күнұзаққа жырыммен жан шақырдым.

Жалғыз екем,

Амалсыз мойындадым.

Сезімімде –уайым, ойымда-мұң.

Шыжығына жалғанның шырмалсам да,

Қызығына өмірдің тойынбадым.

Жалғыз екем,

Ақыры көзім жетті,

Жібін үзіп сабыр мен төзім кетті.

Тәуба! Тәуба!

Сонда да адамдығым,

Адалдығым өзімнен безінбепті.

30. 07.2005 ж

Бөлісу:

Көп оқылғандар