Айзат Рақыш. Әдебиеттегі жалаңаштарға кім тұсау салады?

Бөлісу:

21.11.2019 11625

Қазақтың әдебиеті – қазақтың өзі, оның жан-дүниесінің айнасы. Әдебиеттің деңгейіне қарап, ұлтты тануға болады. Сол себептен де Ғабит Мүсіреповтің: «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алмайды», - деген даналық сөзі уақыт өткен сайын жаңғыра түсуде. «ХХІ ғасыр – технология заманы» деп қанша есірсек те, әдебиеттің мән-маңызын жоятын құдірет жоқ екені даусыз. Бұл сөзіме Сағатхан Әшімбаевтың: «Әдебиеттің атқаратын орасан зор қызметімен ештеңе де теңесе алмайды», - деген өткір пікірі мәйек болады. Иә, қай қоғамда да, қай заманда да әдебиет Адам тұлғасын қалыптастырушы тәрбие құралы. Осы ретте бүгінгінің әдебиеті аталған тәрбиелік-эстетикалық рөлді қалай атқарып отыр деген сұрақ туындайды.

Бүгінгідей өлара шақта ұлт әдебиетіне жүктелген жауапкершілік тым зор. М.Әуезовтың «Ұл тәрбиелей отырып халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып ұлт тәрбиелейміз», - деген ұлағат сөзін әдебиет айдынында жүзген қаламгерлер бір сәт те естен шығаруға хақылары жоқ. Алайда әдебиетті биік тәрбие құралы емес, жұпыны әрі дарақы тірлікті әспеттеуден арыға аса алмаған төмен деңгейде ғана көрсетіп жүргендер жетерлік. Айтылар сын найзасына ілінген ол авторлардың жеке бастары емес, шығармашылық тұстары екенін баса атағым келеді.

Сонымен, жаңа ғасыр кезеңіндегі әдебиетке «тың серпін, жаңа үн болып қосылды» деп атағын айға асырып, жаманын мейлінше жасырып, жанр деп айдар тағып, желіктіріп жүрген бір термин – эротикалық жанр. Жалпы, әдебиет теориясына сүйенсек, жанр басты-басты үш түрге ғана бөлінеді. Ал эротикалық жанр деп айрықша атап, төртінші бір әдеби түр ойлап табу дақпыртшыл, жарнамашыл топтың құрғақ айғайы деп қана білемін. Жаңа дәуір әдебиетінің жаңалығы анау айтқан «эротикалық жанр» емес екендігі бесенеден белгілі. Ал эротика элементтері қазақ әдебиетінде бұрыннан бар. Мақтамен бауыздағандай тереңнен толғап, жұмбағы оқырман жүрегінде шешілетін астарлы иірімдер бар еді. Мәселен, ұлы Абайдың «Айттым сәлем, қалам қас» өлеңіндегі эротикалық элементтер оқырман көңілін нәзік тербеумен келеді.

...Тар төсекте төсіңді,

Иіскер ме едім жалаңаш?

Бұдан арғысын хакім Абай қазбалап жатпайды. Сонысымен де ұлы, асқақ бейнеде қалып отыр. Эротикалық жанр қалыптастырмақ ниеттегі бүгінгінің әдеби деңгейі қандай? Қазір ар-ұятты белге түйіп, «барды бар, жоқты жоқ деп жазамын» деушілер көбейіп кетті. Өмір шындығын айна-қатесіз, қаз-қалпында берсе, оның несі көркем әдебиет? Өмір шындығынан негіз алатын көркем шындықты ұмыт қалдырып, қарадүрсін «шынайылықтың» соңынан кеткендей төменшік күй байқалады. Тіпті ұлттық болмысты бейнелеуді ниет ететін туындылардың өзінде де ең құрығанда жануарлар «эротикасын» қыстырмаса, «сән кірмейтін» болып кетті. Әңгіменің тұздығы да, өлеңнің «өрелісі де» құдды бір сол «алқынудан» нәр алатындай. Мысал келтірсем. Есболат Айдабосынның «Тұлпар серті» хикаятында мынадай бір сөйлемдер ұшырасады: «Жайлаудағы қойшылардың айтуынша, қасқа айғыр басқаларды үйіріп қойып, қарагер биені бір апта қуалаған. Яғни, арқадан келген айғырдың бойына сыймай тұрған алғашқы ұрығы осының құрсағына құйылып, қалғандарына сарқындысы бұйырды деген сөз...» Айғыр мен биенің «жанасқан сәтіне» куә болған қойшылар, бір апта айғырға «берілмеген» бие, алғашқы ұрық, биенің құрсағы, ұрықтың сарқындысы – тұнып тұрған эротика. Осылайша төрт аяқтылардың арасындағы «арпалысты» құбылта суреттеу әдебиетімізге дендеп еніп, енді нағыз белең алған шағына жетті. Әдебиетке соны үнмен келгісі келгендер осы тақырыпта талмай жазумен келеді. Төсек қатынасының әрбір сәтін жіпке тізіп, ұлт әдебиетінің тұнығын лайлады. Тағы да ұлы М. Әуезовтың даналығына жүгінейік: «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?» Иә, ел болғанымыз қайсы? Бәлкім, нәзік жанды аруларымыз «түнгі әрекеттерді» «тылсым» күйінде суреттеген болар деп ғаламторға көз жүгірттім. Бұл жолы кездестірген сойқандарымның қасында «ұрығы бойына сыймаған айғыр» абыройлы болып шықты. Себебі, қолыма түскен ақын Асылзат Арыстанбектің бір топ эротикалық өлеңдері болатын. Қазақ әдебиетіндегі «жабық тақырып» болып саналатын эротикалық иірімдерге тым терең құлаш ұрған автордың жазбаларын оқып отырып, қазақ қызының қолтаңбасын көре алмадым. Енді ақын Асылзаттың түрлі өлеңдеріндегі эротикалық реңдердің «сонылығына» куә болайық. «Ең бастысы ес жия алмай...» өлеңінде автор ләззатты сәтін тым анайы сипаттайды:

...Балтасына көрік болып жатырмын,

Бермесімді беріп тынып жатырмын...

«Балтасы» мен «бермесім» деген сөздер бұл ретте ешбір көркемдік айшықсыз, қарабайыр, тым жабайы қолданылған. Төсек қатынасы – ерлі-зайыптылардың тек ләззатқа кенелу кезі емес, ол – қасиетті ұрпақ өрбіту үрдісі. Ал автордың «бермесімді беріп тынып жатырмын» деген сөзіне қарағанда, бұл өлеңде ақ некелі ғашық жардың махаббаты суреттелмеген-ау, сірә! Қазіргідей жеткіншек кезінен түсік жасату мен қоқысқа сәбиін лақтырып кету оқиғалары бір тыйылмай тұрған тұста мұндай өлеңдер оқырманын зинақорлыққа шақырып тұр. Ал атам қазақ үшін зинақорлық, яғни некесіз адамдардың жыныстық қатынаста болуы аса ауыр күнә болып саналғанын кешегі тарих дәлелдей алады. Оқырманын адамгершіліктің асыл қайнарына бастай алмаса, оның несі поэзия? «Күрең атың шөлдесе...» деген өлеңінде осындай алас ұрған алқынулар мен тән рахатына ғана шөлдеу бейнеленген:

...Жағасында көлімнің,

Жай жатпайсың, жырғайсың,

Күрең атың шөлдесе,

Күнде келіп тұрғайсың...

«Балтаны» «күрең атқа» айналдырған ақын ару кіші жастағы оқырмандардың да бар екенін, олардың ғаламтордан қалаған туындыларын оқу мүмкіндігіне ие екендігін естен шығарып алған тәрізді. Осы тұста М.Горькийдің: «Балалардың тәрбиесін үлкендерден бастау керек», - деген ғибрат сөзі еріксіз тіл ұшына келеді...

Асқынып кеткен эротиканың ызғары шалып өткен ұлт поэзиясының ахуалы осы. Әрине, махаббатты нәзік етіп, жүрекке жеткізе тебірене жазатын ақындар, бар. Бірақ нәпсіқұмарлықтың қараңғы түнегіне шақыратын, «түнгі қимыл» деп алқынатын өлеңдер бір қарын майды шіріткен бір құмалақтай болып тұр. Прозадағы күй нешік? Мұнда да көркемдіктен ада, кестелі тілден алыс дүниелер толып жатыр. Әсіресе, соңғы жылдары жезөкшелер тақырыбына жазу дәстүрге айналды. Онда да тағдырларды емес, «төсек дірілін» бүге-шігесіне дейін сипаттайтындар өздерін «осы тақырыптың жілігін шағып, майын ішкенбіз» деп жүр. Бірі жеңіл жүрісті әйелдің күнтимесін «банканың аузына» теңеп алжасса (сөзбе-сөз беріп отырмын), енді бірі «төсек қызметтерінің» түрлерін жабайы, бейпіл тілмен оқырмандарына ұсынды. Бұған керісінше жезөкше туралы жазып тұрып, астарлы, терең мағыналы суреттермен оқырманның көңіл көкжиегіне таразы тартқызатын шебер суреткерлер де бар. Нақтырақ айтқанда, Нұрлан Қабдайдың «Жынойнақ» әңгімесі осы сөзіме мығым дәлел. Автор жезөкшенің арсыз тірлігін рет-ретімен баяндап, оқырманына бәрін дайын күйінде тарту етпейді. Қазақтың бай тілінің құдіретін орынды қолдана отырып, нанымды, әрі көркем сурет тудырады. Мысал келтірейін: «Күн көзінен жүзін тайдыра аунап түскенде, күнәдан белі қайысқан ескі төсек ойбай салған». Түні бойына созылған жын ойнақты қазбалап суреттемей, «күнәдан белі қайысқан ескі төсектің ойбайы» деген бір ауыз сөзге байлап беру – аз сөзбен көп әрі терең мағына беретін нағыз қазақ қаламгеріне тән асыл қасиет. Қазақ тілінің қаймағын қанып ішкен, нағыз қазақы болмысқа ие қаламгерлер осындай көркем, ойлы туындылар жаза алады. Жезөкшелердің өмірін, яғни лас тақырыпты жазып отырса да, саф алтындай тіліне кіршік жұқтырмайды. Бұдан шығатын қорытынды – әдебиетте жаңалық ашқандай бейәдеп жазбай, көркем, ұлағатты сөз саптауға әбден болады.

Жастар жағы жастықпен, не болмаса қызу қандылықпен қалам ұшында дөрекі тіркестер мен төсек қатынасын тым ашық бейнелейтін анайы сөздер сорғалатса, аға буын өкілдері оларға үлгі боларлықтай биік қасиет танытып отыр ма? Осы мақсатпен соңғы шыққан үлкен жазушылардың әңгімелерін жіті шолып шықтым. Алдымен назарыма ілінгені – Қуандық Түменбайдың «Еркек» деген әңгімесі болды. Алпыстан асқан асқаралы ағамыздан тұғырлы туынды күткенімді жасырмаймын. Бірақ мына бір сөйлемдер оқырман ретінде көңілімдегі әдемі күйді бұзып жіберді: «Ол бәрін жиып қойып, бір тамшы сідігі Тұрлыбекті көргенше асықты». Дөрекілікпен салдыр-сұлдыр еткен осы тектес сөйлем тек бұл ғана емес: «Торыбай тоқалын емес, он алты жасынан бірге түтін түтеткен бәйбішесі мен тұла бойынан шым-м етіп түскен бір тамшы сідігін сағынып кеп тұр». Эротикалық өрнектерге «тым бай» әңгіме оқырманына не береді? Еркектің еркектік бейнесі «тұла бойынан шым-м етіп түскен бір тамшы сідік» туралы жазбаса олқы соғып қала ма? Әдебиетте «бір тамшы көз жасы» деп көп әрі әркім өз биігінен жазатын еді. Ендігі сөздің сірағасы «сідікке» ауысқан-ау, сірә?! Әлде осыншалықты дарақы жазатындай қазақ тілі кедей болғаны ма? Жоқ! Олай болса, бұл сұраққа жауап мынадай: қаламгердің жеке тілі орашолақ, немесе қасақана шолтыраңдап жазу ниетінен туындап отырған құбылыс. Дөрекі сөз оқырман мәдениетіне де нұқсан келтіретінін Қуандық ағамыз ескерусіз қалдырған сыңайлы.

Сонымен, алдыңғы толқын ағаларымыздың қайсыбірі жан жадырата алмады. Тағы да шұрайлы тілмен әдемі әдіптелген әдеби туынды іздей бастадым. Ақыры таптым. Жазушы Әлібек Асқаровтың «Задаш пен Балғаным» атты әңгімесіндегі ерлі-зайыптылардың арасындағы кикілжіңді суреттеуі хас шебердің қолынан жасалған мүсіндей мінсіз қалыпта. Балғаным күйеуі Задаштың «жастық күнәларын» білгендегі айтқан сөзі тек мынау ғана: «...сыртқа кеткен бір тамшы арам теріңді де пәлендей қызғаныш етпейтінмін». Кейіпкердің аузынан айтылған «бір тамшы арам тер» сөзін оқырман айқын түсінері сөзсіз. Қазақ сөзінің киесі де, құдіреті де осында. Қазақтың қасиетті тілінде осындай биік әдеби туындылар жазатын қаламгерлер бар болғандықтан, бүгінгі ұлт әдебиеті өмір сүріп келеді. Әйтпесе Әлібек аға шынайы өмірде ерлі-зайыптылардың мұндай «ұрлық ашылған» жағдайда қалай бет жыртысатынын білмей қалды дейсіз бе? Суреткер шеберлігінің шыңы - өмір шындығын мейлінше көркем шындыққа айналдырып, оқырманына мөлдір, тұнық деңгейде жеткізіп отырғандығы.

Ұлт әдебиетінің ғажабы мен азабын қатар термеледім. Енді осы тақырып төңірегінде ақын-жазушылардың пікірін білмекке тырыстым. Алайда өзім күтпеген жайтқа тап болдым. Аталмыш тақырып туралы жеке пікірін білмекке кеңсесіне бас сұққанымда, ақын ағаның жасқаншақ күйін көріп таң қалдым. Сын айтуға, шын айтуға именіп отыр. Маған «жазба, бұл мақаланы қойын дәптеріңде сақта» деп ақыл айтты. Әділін айтудан несіне қорқамын? Сондықтан қоғамдық пікірді білу үшін, әлеуметтік желілерде сауалнама жүргіздім. Тек бірді-екілі оқырмандар ғана эротикалық поэзияны қолдап жазса, өзгелері толықтай қарсы шықты. Сол пікірлердің ең салмақтысын төменде ұсынып отырмын.

Мырзан Кенжебай, ақын: «Кеңес заманынан қалған сасық саясаттың бірі – әйел жынысты біреу түкке тұрғысыз бір нәрсе жазса, соны қолпаштай жөнелу. Онысын қыз баланы, әйелді құрметтеу деген жәдігөйлікпен жуып-шаяды. Қазір де өлеңдері ортақолдан да төмен сондай екі-үш әйел жыныстыны есіртіп қойдық. Олардың есінен айрылып, есірік күйге түскені сондай, қазақтар оқымайтын өлексе өлеңдерін «испандар оқуда» деп сандырақтайтын болыпты. Қазір ақша төлеп, шетелде кітап шығарып: «Менің кітабым пәленбай шет тіліне аударылған», - деп мақтанатын парықсыздар көбейіп кетті. Иә, экономикасы құлдыраған ел біртіндеп әжептәуір ел болып кете алады. Ал ұлттық әдебиеті құлдыраған, озығы мен тозығын неше шет тілде шыққанына қарап бағалайтын, поэзиясына Падрон деген испан баға беретін, азды-көпті кемшілігіне сын, ескертпе айтудың орнына бірін-бірі «ақиық ақын», «дарабоз ақын» деп аузынан су тамшылап отырып мақтайтын біз сияқты елдің алдында не күтіп тұрғанын ойлаудың өзі... Осындайда марқұм Хамит Ерғалиевтің «Ай, не знаю, не знаю», - дегені еске түседі.

Абдумалик Абдуллаев, ұстаз: Біз, қазақ деген өлімнен ұятты жоғары қойған халықпыз. Ал бүгін ұятты «ұмытып» не көрінді? Батыстан келген «рухани жалаңаштану» үрдісіне еліктеп, жыныстық қатынасты «тамырлы тақырып» етіп алғандарды ардан безгендер деп білемін. Қазір Қазақстанда жыныстық төңкеріс кезеңіндей аумалы-төкпелі шақ. Оны одан сайын құтыртып, делебесін қоздыру – қазаққа жаны ашитын азаматтың ісі емес. Қазақтың әдебиеті қоғамға, мемлекетке қызмет етуі тиіс. Хакім Абайдың сөзімен айтсам, қазаққа «жүректен қозғайтын, әдептен озбайтын» қаламгерлер ауадай қажет.

Тойлыбай Қуаныш, ақын: Жеке-дара жанр деп атап жүргендері – жаңсақтық. Кез келген әдеби шығарманы жазу барысында автор өзіне тәрбиелік мақсат қояды. Ал қазіргілердің «түнгі тырбың» туралы жырларында (жыр деп атауға лайық болса) ешқандай биік тәрбиелік мақсат, адамгершілік идея жоқ. Сондықтан тұлдыр дүниенің өмірі қысқа болады.

Қарлығаш Ноғаева, оқырман: Осындай анайылыққа лирика деп айдар тағатындарға таңым бар.

Алтынбек Сейтбеков, оқырман: Қазіргі әдебиеттегі тақырыптардың бәрі емшек, төсек, етектің асты болып кетті. Өткір сөздер, есті әндер қалмай барады. Соңының қайырын тілейміз.

Гүлбан Мұқажан, оқырман: Әр ұлттың өз ерекшелігі бар ғой. Бұл біздің ұлт үшін ұят дүние.

Клара Ауелбекова, ұстаз: Біз ондайға үйренбегенбіз. Бұлай жазғанды поэзияның құлдырағаны деп білемін.

Хамбар Адиятұлы, ұстаз: Мұндай ақындарға ұлттық тәрбие мен ұят жетіспей ме деп ойлаймын. Егер сол ақындарда иман күшті болса, жалаңаш тақырыптарға бармайтын еді.

Міне, ғаламторда жүргізілген сауалнаманың негізгі нәтижесі осындай. Көтеріліп отырған мәселе турасындағы қоғамдық пікірді және бір тексермек мақсатта желіге эротикалық өлеңнен үзінді жүктеп көрдім. Сол-ақ екен, оны менің өлеңім деп түсінген көпшіліктің айыптап-жазғыруы қарша борады. Бұл жайт мені қуантты. Демек, қазақ оқырмандары төл менталитенттен, о баста Алладан берілген ұлттық тамырдан ажырап кете қоймаған. Бірақ бұл текті тамырды порнопоэзия деген құбыжық үзіп кетуі әбден мүмкін. Бүгін: «анарымды ай сәулесіне сүйдірдім» деп жазғандар ертең: «күнтимесін күнге сүйдіргенін» дастанға айналдырмасына кім кепіл? Ол құбыжық жеңіп кетсе, баламызға «кітап оқыма» деп жалынатын болармыз. Немесе «14 жасқа толмаған балаларға ата-анасымен отырып оқуға рұқсат етілген әдебиет» деген «алданыш» ұғым енгізерміз. Қазақ үшін ондай қасіретті күн тумасын! Ол үшін әдебиеттегі жалаңаштарды тыю қажет. Айжан Байзақова шешінгенде күллі қазақ өре түрегелді ғой. Ал қайсыбір қаламгерлеріміздің шешінгеннен бетер болып жазғанына бей-жай қалып танытпайық. Ұлы Абай «Арсыз болмай, атақ жоқ» деп биік мансапқа жеңіл, еңбексіз жолмен жетуді көксейтіндерді шенеп айтқан ғой. Ал әдебиетке «жалаңаш» келгендер ең үлкен мансап оқырман махаббаты екенін білсе игі еді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар