Өлең салыстыру ойынынан туған ой
Бөлісу:
Әлқисса, осыдан аз ғана уақыт бұрын ақын Ардақ Нұрғазының «Қараңғылық» атты өлеңі Қытай қазақтарының сайт беттерінде жарияланған болатын. Көп өтпей арадағы талқының қызуын өршіткендей болған бір қызықты жайт орын алды: арғы беттегі жас ақын Мықтыбек Сексенбайұлы тілге тиек еткелі отырған «Қараңғылық» атты ақ өлеңді өз бетімен ұйқасқа түсіріп «нәзира» жасады. Бұл «ойынға» да жұрттың білдірген аңысы ерекше болды деуге болады. Әртүрлі пікірлер, ойлар жан-жақтан төбе көрсетіп жатты, осылардың ішінде «сегіз қызым бір төбе, Кенжекейім бір төбе» дегендей тізгінді еріксіз тартқызатын пікір Бектұрған Әубәкірұлы есімді жас сыншыдан шықты. Пікір деу аз, еш күмәнсіз, жақсы һәм қысқа да нұсқа мақала!
Төменде аталмыш мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.
Әдебиет адам рухының тіл арқылы жасалған бейнесі. Поэзияның адам рухын бейнелеудегі орнын еш өнер баса алмайды. Бүгінгі ғасырдағы адамзат рухының өзегі жасампаздық рух, жаңалық жарату рухы. Ұлт ретінде біз дәуірдің осы талабымен бетпе-бет келіп отырмыз. Біз заман талабына сай ұлттық ой-санамызды жаңалауымыз керек-ті. Бірақ әлі де жаңашыл, заманауи ұлтқа айнала алған жоқпыз. Ұлттық жасампаздық рухымыз әлі де ұйқылы-ояу күйде. Ұлттық ой-санамыздың жаңаланбауының ең басты бір себебі: дәстүрлі әдеби санамыздың жаңаланбауы. Бүгінгі әдеби санамыздың жаңаланбауының басты себебі: дәстүрлі өлеңге, өнерімізге деген көзқарасымызды жаңалай алмағандығымыз.
Ұлт ретінде біз бүгін дүниенің күн сайын жаңаланғандығын материалдық дүниенің өзгерісінен көріп отырсақ та, сан ғасырлық ұлттық әдеби ойлау формамыздың белгілі себептері, қара өлең формасының әдеби сана кеңістігіміздегі тұлғалық орны бізге дүниедегі өзгерісті дәуірлік сана төңкерісі деңгейінде сезінуге бөгет болып, жаңа дәуір тынысын рухымызға сіңдірмей тұр.
Әдеби санадағы жаңалық басы бүтін терістеуден ғана туылады. Өзара үнемі терістелу әдеби сана әлеміне жаңалық жарату рухын себеді (әдебиеттің өзі тумысынан сөз өнерінің жасампаздығы). Қара өлеңнің ұлтымыздың поэзия тарихындағы өзгермес ғұмыры, ұлттық поэзиямыздың белгісі ретінде мызғымас орны бүгінгі күні әдеби санамызды бір шеңбердің ішінде айналсоқтап, тоқтап қалғандай сезіндіруде. Әсіресе, қара өлеңнің ұйқас, буын сынды өлеңдік тұрақты факторлары тұрақтылық сезім бағыштайды. Тұрақтылық түйсігін қалыптастырады. Осы тұрақтылық тасасында анықтық, жинақылық (типтілік), яғни ұғым, түсінік, көлем, тұрғысының анықтығы, жинақылығы менмұндалайды. Сосын да анық нәрселерден ақылдылық қалып қана тұлғаланады. Анық өлшемдердің ұзақ уақыт өзгермеуі тұрақтылықты қалыптастырады. Тұрақтылық анықтық арқылы өмір сүріп отыр. Бүгінгі ақ өлең, қара өлеңнің осы тұрақтылық түсінік қалыптастырған факторларына яғни қара өлеңнің өлеңдік сипаты анық тұрақты белгісі болған ұйқасқа қарсы майданмен менмұндалайды. Өлеңнің мазмұнындағы көзге ұрып тұратын анықтылық жойылады, көмескіленеді. Ой айту, тәлім-тәрбие құралы болып, өлеңді ақылдық эстетиканың құрсауында болуымен келіспейді. Бұл жаңа көзқарастарға ақ өлеңнің, қазақ тілінің жаңа мүмкіндіктерін ашуға, жаңа өлең эстетикасын қалыптастыруға, дәстүрлі әдеби көзқарастарды бас бүтін жаңалауға мәжбүр етеді. Біз ақ өлеңнің ұстанған бұл жаңа әдеби көзқарасын Ардақ Нұрғазыұлының посмодернистік мәтінде жазған «Қараңғы» атты өлеңін Мықтыбек Сейсенбайұлының қара өлең формасымен қайталай жазып шыққанын өзара салыстыру арқылы түйсіне түстік. Ардақ айтады:
Сұрапыл қиратудан кейін
Тәнім қаңырап бос қалды
Тас тастасаң
Қыңсылаған ғасырлардың дауысы шығады.
Тереңінен шөліркеп құс қанаты талатын қақ жатқандай,
Тілім тасқа тиіп, тасқа айналды
Ешкім жоқ көшеде құжынап парша көбелектер ғана ұшып келеді.
Кеше шағып тастаған қыш құмырадан өріп шыққан жәндіктер сияқты,
Атызда соқадан босап кеткен хайуандар тарихтың бетінде шимай салып жүр.
Даңғаза дауыс құлақтың құрышын қандырады.
Шырақтың тілі әр рет жалт еткен сайын бір жынды көбелек отқа оранып өледі.
Мықтыбек былай айтады:
Ол менің моп-момақан мойыл шағым...
Сұрапыл соққылардан кейін тәнім.
Қазықтай қырға қаққан қаңсып қалып,
Ғасырға сүйреп қашты сойыншағын.
Көше толы күл парша көбелектер,
Көмулі күйде бүкіл кереметтер.
Шындықтың нілі тұнған қызыл тілім,
Тілемес, тасқа айналған бөлек еттер.
Қыштар қирап, аяқтап атты жылдар,
Тарих бетін жәндіктей жапты құлдар.
Даңғаза...
Шырақ тілі бір жылт етсе,
Бір жынды көбелектің шаттығы улар.
Мықтыбек Ардақтың 16 жолдық бір шумақ өлеңін екі шумақ 8 тармаққа жинақтаған. Шашылып, бір сөз кейде бір жол болған өлеңнің бас аяғы жинақы сөйлемдермен анық шумаққа бөлініп, 8 тармақ өлеңге айналуынан-ақ адам сезіміне жинақылық ұғымы қалыптаса бастайды. Сегіз тармақтық қара өлеңге мұндай жинақылық түптеп келгенде Мықтыбектің ақ өлең жолындағы әр сөз айқындыққа, жинақылыққа ұмтылыс жасап тұр. «Сұрапыл қиратудан кейін, тәнім қаңырап бос қалды»,-делінген жол «Ол менің моп-момақан мойыл шағым, Сұрапыл соққылардан кейін тәнім» болып жазылды. Ардақтың өлең жолында «мен» бар. Бірақ ол жеке бір адамға тұрақтап тұратын түсінікте тұрған жоқ. Ал Мықтыбектің: «Ол моп-момақан мойыл шағым» деуінде «мен»-нің көлемі тарылып, бір адамның ғұмыры ғана менмұндалайды. Мұндай ұғымның тарылуы «ғасыр» ұғымынан да анық байқалады. Ардақ өлеңіндегі «Ғасыр»- уақыт ұғымы жағынан да Мықтыбек өлеңіндегі «Ғасырдан» тым ұзақ. Ардақ өлеңіндегі «Ғасырдың» бойынан құлазулы үн шықса, бұл үн Мықтыбек өлеңінде жоғалып кеткен. Дәл осы өлең жолдарынан бастап-ақ Ардақтың «мені» жеке бір нақты тұлғаның «менінен» ажырап, адамзаттың жан дүниесіндегі қараңдаған дүниеге айналуға ұмтылыс жасаса, Мықтыбектің өлеңіндегі «мен» жинақталып, нақты «менді», нақты «мен»-нің жан дүниесін ашуға ұмтылыс жасайды. Өлең соңында жеке «мен»-нің құлазулы, жалғызсыраулы көңіл-күйін бейнелеуге, жан парағын ашуға ұмтылады. Тіпті, «мен»-нің нені сағынып, нені аңсайтыны да ортаға анық шығады. Бұл Мықтыбектің анық тұрғыда ой айтуға ұмтылуының нәтижесі. Бұл жерде басты шешуші рөл ойнап тұрған нәрсе автордың өлең жөніндегі танымы.
Ардақ өлеңінің тақырыбынан-ақ («Қараңғы» ұғымынан) біртүрлі түсініксіздік, күңгірттікті сезінесіз. Өлең жолында бейнеленген дүние орасан кеңдікте шашыраулы қалпы тұлғаланады. Қараңғы ұғымынан тіпті де түсініксіздікті, көмескіленуді үстей түседі. Бұл Ардақтың өлең арқылы анық ой айтуға ұмтылыс жасамай отырған өлең жөніндегі жаңа ұстанымының нәтижесі. Өлеңде сөздің жаңа мүмкіндіктерін ашып, ұғым көлемін кеңейте білген ақындық өресінің дәлелі. Ал Мықтыбек керісінше...түйсікпен тұлғалауға, сезінуге болатын ой жеткізгісіз кең дүниені ақылдың қалыбына салып, нақтылауға, анықтауға, жинақылауға, ақылдық қорытынды шығаруға тырысады. Бұл Мықтыбектің өлеңінің барлығын (кемінде қазақ поэзиясын) өзінің өлең жөніндегі түсініктемесі бойынша жазылады, жазыла береді деп қарап, өз түсінігіне сыймаған дүниені Ардақтың жеткізіп айта алмағандығы деп таныған. Жеткізіп айту үшін аударған. Бұл Мықтыбектің аспанды тек өз көзінің көру көлемімен өлшегендей хал еді. Сондықтан да Ардақтың өлеңі мүлдем өзгеріп, түсініксіз қара өлеңге айналды. Мен арамыздағы танымал, сыншы ағаларымыздың бірінен Мықтыбектің осынау өлеңінің ойын, өзекті идеясын талдап беруді талап еттім. «Талдай алмадым» деді. Бұған біздің дәстүрлі түсінігіміздегі ақылдық қорытындымен келетін ойдың өлеңде салыстырмалы түрде жоқтығы себеп. Ардақ өлеңінің алғашқы шумағында құлазыған, беймазалыққа толы көрініс жарыққа шығады. Бұл қараңғылықтың бет-пердесі сияқты. Екінші шумақта мүлдем қараңғыланған дүние анық ортаға шығады. Бір жарқыл қараңғылыққа қарсы (ізгіліктің) адамилықтың бейнесі ретінде көрініс береді. Қараңғылыққа жұтылады. Үшінші шумақта қараңғылық ішінен жарық іздеген адами үн шығады, адами түйсіктері көрініс береді. Төртінші шумақта адамның жан әлеміне сұрақтар қойылып, қарама-қарсылықтар жарыққа шығады. Бесінші шумақта санадағы уақыттың бейнелерінен адам жанының жаралмыш негізін іздейді. Алтыншы шумақта жаралмыш жанның тәнмен біріккеннен кейінгі тарихы көрініс табады. Күңгірттенген қараңғылықтан айықпаған адамзаттың жан дүниесі тұлғаланады. Меніңше, бұл өлең жай өлең емес. Өлеңнің көлемі өте кең. Адамзаттың жаралмыш тарихынан бергі тарихы тұтас қылаң береді. Мұндай кеңдік ақ өлең табиғатына ғана сияды. Мұндай кеңдіктегі дүниені ақын тек түйсікпен ғана тұтастырып, қағаз бетіне сиятын өлеңге айналдыра алады. Түйсікпен сезінуге болатын дүниелерді сөзге айналдырғанда да түйсікте тоғысады. Сонан соң да әр сөзге үлкен салмақ түседі сөздің жаңа беттері ашылады. Түйсікте сөз арқылы қылаң берген дүниені сөз, сөйлем арқылы байланыстыруға, дүниенің тегін тектеуге жететін мол білім, ақындық дарын, шалқар шабыт, қиялдау мен абстрактілі ойлаудың шыңына жеткен ойлампаздық қана мүмкіндік береді. Маған бұл өлеңді адамзаттың жаралмышы мен болашағына сәт сайын ғасырдан озып, үңіліп, толғаныста жүрген адам ғана жаза алатын сияқты сезіледі. Ал өзі өмір сүрген өлкенің әлеуметтік мұң-мұқтажына, адами қалпына ғана үңіліп, тәлім беруді міндет санайтын ақын-пенделер бұлайша қалай толғана алсын!
Өлең бүгінгі ғасырдың сұрағы бар, жауабы жоқ тұмшалана бастаған азалы күйінің алғашқы пердесі сияқты сезілді. Мықтыбектің «аудармасының» ұйқасы әдемі жымдасқан. Ашық көңіл-күй, сезім бар. Тілі орамды. Мағыналы ойдан жұрдай өлең болған. Өлең назалы көңіл күйде басталып, жеке адамның құлазулы көңіл күйі, жалғызсырауы, өкпелеуімен аяқталады. Біздің өлкеміздегі көп оқырман «өлеңде жасырынған ой болуы мүмкін» деп ойлап, күрделі сезінеді, мақтайды (оқырмандардан болған аңысқа негізделіп айтып отырмын). Бірақ, өлең өз сиқынан айырылып, ақ өлең мен қара өлеңнің ортасындағы өлең болған.
Ақын айтқандай:
Қара түннің ішінде қарманамын,
Ақ таңға да аяусыз алданамын.
Ең алғашқы жарықпен сол үнді іздеп таба алмадым...
Ал сенің бар ма амалың?
Бұл өлең жолдары қарапайым тірліктегі адами адасулар, бұлқыныстар ғана, әрі кесімді жауап айтады (ұйқастыру қара өлеңнің талабы, ұйқасы үшін айтылған). Өзгеге сұрақ қояды (мұң шағады). Бұл жерде өлеңдегі «мен» де айқындалып шыға келеді. Бұл өлеңдегі тұрғының анық болғандығының нәтижесі. Соңында ақын:
Мәнін жойса маңырап адамдығың,
Шырақ ұстап жусам да санамды мың.
Менің ізім бұлыңғыр, күңгірт бұдыр,
Мен де саған дәл сондай қараңғымын,-дейді. Ардақ өлеңінде мен, сен ұғымдарының көлемі айқын емес. Бірде адам, бірде қараңғы, жарық абстракт ұғымдарымен де байланысып кетеді. Ал, Мықтыбектің өлеңінде «мен», «сен»-дер барған сайын айқындалып, соңында диалог жасаумен айқындалады. Ардақ өлеңінде адамзаттық мәселені қозғаса, Мықтыбек өлеңі жеке бір тұлғаға тұрақтандырып айтуға болатын меннің (автордың) көңіл-күйі болып қалады.
Мықтыбек Сексенбайұлы қара өлеңнің қас шеберінің бірі. Бірақ бүгінгі әдеби әлеміміздегі жаңалықты жанымен сезеді (тереңдеп пікірлесуден білемін). Бұл жерде ол «Ардақтың ақ өлеңін қара өлең қалпына салып айтып көрейін, не шығады екен? Сынап көрейін, ойын бөліссін» деген оймен жазды. Бүгінгі әдебиетіміздегі бұл жаңашыл үрдіс жаңадан тұтанды, қозданып тұр. Ол әлі-ақ лаулап жанады.
Қазақстанның «Қазақ әдебиеті» газеті Ардақ Нұрғазыұлының өлеңдерін баспайды (Мұны өзінің сұхбаттарынан білеміз). Мықтыбек Сексенбайұлының өлеңдерін басады (2019 жылғы сандарды ақтарыстырыңыз). Ардақтың өлеңдерін Батыс Еуропа елдерінің бірі мектеп оқулығында талдаған. Қытай қазағының «Шұғыла» журналы Ардақ өлеңін баспайды. Қытайдың «Поэзия» журналы (қытайша) Ардақ өлеңін басады. Мықтыбектер Ардақ өлеңін қара өлеңге аударып, ойынға айналдыруға батылдық етеді. Демек бұл да біздің қазіргі ұлттық әдебиетіміздің деңгейін һәм бір қырын аңғартса керек...
Бектұрған ӘУБӘКІРҰЛЫ
Бөлісу: