Бабақұмар Хинаят. Парыздың өтелуі

Бөлісу:

10.12.2019 5495

Суретте: Атақты түрколог Мандоки Қоңыр Аққамалда (қытай қорғанында). 1986 ж. Файл - Коныр Ак камалда

Түрколог Қоңыр мен құмық ақыны Бадрутдин туралы үзік сыр

Өзiнiң саналы ғұмырын мадияр және күллi түркi халықтарының ынтымақтастығы жолына құрбан еткен доктор Мандоки Қоңыр Иштван тірі болса 75-ке толар еді. Небәрі төрт мүшелінде бақилық болған Қоңыр қазақ топырағына жерлеудi өсиет еткенi бойынша оның ақтық демі таусыларда қасында болған досы, ақын Бадрутдин Магомедов аманатын орындады. Өзі айтатын Ақтеңіздің бойынша Мақачқаладан көз жұмған тұлға Алматыда Кеңсайда жерленді. Сол кезден кейінгі ауыр күйзелісі туралы Бадрутдин ақын өз күнделігінде былай деген (ақынның құмық тіліндегі толғанысын аударудың өзі артық, тек қ орнына къ, ғ –гъ, ө-оь): «Топуракъ басылгъан сайын юрек де басыла, - дейген тюз тюгюл экен. Мени юрегим басылмай, янгыдан къайтып-къайтып къутура, гююп-гююп авруй. Дюньяны уьстюнде мен тыныш алагъан чакьы басылар йимик де тюгюл. Къурдашлыкъдан оьтип, къардашым, эркъадашым болып къалгъан адамымны о дюньягъа узатып, бу дюньяда магъанэнни магъан рагъатлык болур десе, инанмайман… »

Қоңырдың 65 жылдығана арналған халықаралық

конференцияға қатысушылардың бір тобы.

2009, ақпанның 10-ы. ҚЖО залында.

Расында, ақын жүрегі әзіз досының қазасын әзер көтергеніне мұраттас досы Иран-Ғайып куә. Осыдан он жыл бұрын Қоңырдың 65 жылдығына арналған шараға келген Бадрутдин ақын өзімен бірге 2008 ж. Мақашқалада шығарған «Уьзюлген оьзенги» (Үзілген үзеңгі) атты көлемді еңбегін ала келіпті. Бұл ТМД аумағында Қоңыр туралы жарық көрген алғашқы кітап болатын.

2009 ж. ақпанда Халықаралық Түркология орталығының басшысы Ерден Қажыбек Алматыда ұйымдастырған конференциядан соң екі бірдей еңбектің - Бадрутдин ақынның аталмыш кітабының және өзім он жыл уақытымды сарп еткен Қоңырға арналған «Ұлы даланың біртуар ұланы» атты жинақтың тұсауы кесілді. Соңғысы Алматыдағы Академиялық Орталық Ғылыми кітапхана тарапынан шығарылған «Ұлы тұлғалар» сериясымен жарық көрген-ді. Ол - Қоңырдың ғылым еңбектерінің аудармасы, комментарийі, толық библиографиялық көрсеткіш қамтылған жинақ еді. Бұл да Қоңырдың ТМД аумағында жарық көрген алғашқы толымды ғылыми мұрасы болды. 500 данамен басылған қазір раритет қатарында.

Қоңырдың 65 жылдық конференциясына оншақты елден ғалымдар келді, араларында кешегі Әбдуәли Қайдаров пен Көбей Құсайыновтан бастап, бүгінгі қазақ тілбілімінің бассардарының бірі Өмірзақ Айтбаев, Әлімхан Жүнісбек, Ерден Қажыбек бастаған бір қауым түркологтар Қоңыр мұрасын талқылады, ғылыми бағасын берген еді. Араларында сөз берілген тұста Бадрутдин досы Қоңырдың көпке беймәлім қырларын баяндап, құмықша жырларымен айшықтай түсті. Әсіресе, Ғылыми кітапханада өткен кездесу ұзаққа созылды, жиналғандар қаумалап, сауалдың астына алып, жібергісі келмеді. Ақынның күткені де осы дегендей, Бадрутдин да көсілді, шабыттана сөйледі. Қоңырмен түркі мұраты туралы кітап жазуды 1987 жылдан жоспарлап едік деді (ол туралы «Үзілген үзеңгіде 268-бетте жазыпты). Қоңырмен бірге бастаған «Құманнама» атты еңбек жазылмай қалды.

Қос ақын, дос ақын құмық ақыны Бардрутдин мен Иранғайып ҚЖО ғимараты алдында.

Қоңырдың 65 жылдығана арналған конференция қарсаңында 2009, ақпанның 10-ы.

Осылайща Бадрутдин ақын досының, ал өз басым ұстазым Қоңырдың аруағы алдындағы парызымның бір парасын өтегендей болдық. Шараның сіргежиярынан соң Иран-Ғайып ақын-драматургтың шаңырағындағы басқосуда Мәскеудегі әдебиет институтында бірге оқыған кездерінен бергі естеліктер, шығармашылық туралы сырласу толастамады. Сөз кезегі келгенде қос ақынға ілтипатымды білдіріп, Жұмекен ақынның «Өтелмеген бір парызым бар анық» деп басталатын өлеңімен тұздықтап, шүкіршілік еттім, екі ақын Қоңырға арнаған жырларын оқыды. Бадрутдин ағаның өтініші бойынша жіберген Қоңырдың мақалаларынан жасаған аудармаларым мен естелік жазбаларым үшін зор алғысының белгісі ретінде Бадрутдин аға кітабына «Июрметли къардашым Бабакъумар! Уллу Элну къавшалмайгъан уланы, Къонгурну къарчыгъасы өзъенгинг узъюлмесин! Бадрутдин. 9.02.2009» деген жүрекжерды лебізін жазып тарту етті.

Автордың жүрекжарды лебізімен ұсынылған кітап

Қоңырды аруағын ардақтап отырған қазақ халқына шексіз алғысын жаудырды, Алматыдағы Қоңыр Иштван көшесін, оның атындағы №154 мектепті, мұражайды асықпай аралады, конференцияда, тұсаукесерде ұзақ сөйледі. Сол кездегі мәдениет министрі Дүйсен Қорабайұлы бастап зират басына барғанда, ақын досына аят бағыштады. Риза болып аттанды, ол туралы Дағыстанда бірнеше мақала жазды. Қайта оралып соғуды оған нәсіп етіп бұйыртпады.

Өмір дариясы Иран-Ғайып ақынды, дәлірегі оның «Қорқыттың көрі» туындысын биыл көктемде Мадияр Ұлттық театры сахнасының төрінен бір-ақ шығарды. Арнайы ұйымдастырылған кездесуде Қоңыр мен Бадуртдин арнайы тоқталған Ирағаң жырларын, тебіреністен туындаған «Қобыз күңірену» атты өлеңін оқыды. Қоңырдың жұбайы Оңайша Мақсұмқызы апам егілді, ал бұл пақырыңыз тілі жеткен жерге дейін аударды. Зал түрегеліп қол соқты. Бұл да қос тұлғаға арналған мерейтойлық шараның бірі ретінде алдын ала жоспарланғанын лық толған қалға сценарист Саас Жолт ескертті. Ол Қоңырдың мәңгілік мекенінен Әуезов Әкемтеатрынан отыздан астам санатшыға, ең бастысы Ирағаңдай тұраншыл тұлғаның мажарстандықтармен етене достығына жасалған құрмет деді (Бұл туралы Ұлттық театрдың Szcenárium журналының 3 және 5 санында толық баяндалған)...

«Қорқыттың көріне» арналған дөңгелек үстел. Будапешт, Мадияр Ұлттық театры, 2019 көкектің 28-і.

Өмір дауылы екі жыл бұрын құмық ақынын одүниеге алып кетті. Дегенмен, биыл Бадрутдин ақынның досы Қоңырдың рухы алдындағы парызының өтеуі ретінде жазған тамаша еңбекті ТҮРКСОЙ ұйымының басшысы Дүйсен Қорабайұлы тікелей бастамасымен түрік тілінде шығарды. «Kopan üzengi» атпен шыққан кітаптың тәржімасының үш ай бұрын Түркиядағы тұсаукесері айтулы шараға ұласты. Ендігі кезекте қос алыптың мерейтойларының құрметіне «Үзілген үзеңгінің» таныстырылуы Будапешт қаласында өтті. «Түркітанушы мен түркітекті санатшының достығы» атты шараға Түркі Кеңесінің Еуропадағы кеңсесінде (оны басқарушы да Қоңырдың досы, дипломат Ховари Янош) жол берілді. Бұл да осы іспетті шараның алғашқысы, әрі Қоңырдың мерейтойының сіргежияры болды.

* * *

Сонымен қос алып туралы әңгімеге көшсек, шараға мұрындық болып отырған Қоңыр да, Бадрутдин де түркі әлеміндегі рухани көпірдің бірегей екені айтпаса де түсінікті.1997 жылы сол кездегі Мажарстан Президенті Гөнц Арпадтың қазақ тілінде жарық көрген «Белгісіз мажар бейнесі» атты әдеби кітабына жазған алғысөзінде Қазақ Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы былай деп толғаған еді «Қоңыр екi халықтың арасындағы ұлы тарихи қандастықты жан-жақты дәлелдеп қана қоймай, ел мен елдiң бiрлiгi, ортақ мәдениеттiң гүлденуi, өзара қатынастардың кемелденуi жолында аянбай еңбек еткенiн қазақ халқы мақтанышпен жадында сақтайды, үлгi өнеге тұтады». Өлiмiнен кейiн де түркi халықтары арасында мифологиялық заңғарға көтерiлiп, сүйiспеншiлiктiң үлгiсiне айналған Қоңыр түркi-мадьяр халықтарының арпасындағы алтын көпiр болып асқақтай береді деген Елбасы уәжі айнымай келді. Оған бүгін барша жұрт куә болып отыр.

Қысқа ғұмырында Қоңыр жүздеген экспедицияға шығып, Еуропа мен Азияны тынбай аралады, зерттеу жүргізді, құман-қышпақтардың тарихын зерттеді, ұмыт болған тіліне реконструкция жасады. Елуді еңсерген соң өндіре жазуға біржола отыруды жоспарлаған Қоңырдың арманын сұм ажал кілт үзді. Қоңырдың қоғамдық белсенділігі, саяси күресі, тұлғалермен араластығы (Ш.Айтматов, Ә.Қайдаров, Т.Кәкішев, Р.Сыздықова, О.Сүлейменов және т.с.с. жүздеген жандармен) өз алдына бөлек әңгіме, арнайы персоналистикалық зерттеуді талап ететін дүние. Қоңырдың эпистолярлық мұрасын зерттеу көп жайттың бетін ашары хақ. Ал, ғылыми мұрасының қолжазбалары, жинақтаған материалдары ел болып, мемлекет қолдауымен ғана игерілетін жатқан бір телегей теңіз. Бұл - елімізді жүзеге асырылып жатқан «Мұрағат-2025» бағдарламасына енгізілуге лайықты істің бірі.

Ал, Бадрутдин Магомедов (1943-2017) Дағыстан әдебиетінің алыбы, ақын, драматург, аудармашы, оншықты жинақтың авторы, мемлекеттік сыйлықтың иегері. Шекспирдің «Гамлет», «Макбет» туындыларын құмық тілінде сөйлеткен. Қоңырдың етене сырлас жандостарының бірегейі Бадрутдин досының портретін көркем, әрі эмоционалды пафоспен өрнектеп жазған. «Ұзілген үзеңгіде» Қоңырмен арадағы сұхбат, достық сырлары, ғалым туралы репортаждар, жолсапар очерктері ғалымның арман-мұраты, ішкі жан-дүниесі, толғанысы, Қап тауында жүріп өткен ізі тарқатыла баяндалады. Шайырдың Қоңырға арналған өлеңдері, оның атынан жырлағандары да бар.

Бадрутдин ақын құмық қаламгерлері топтастырылған плакатты

Алматыдағы Мандоки Қоңыр атындағы №154 мектеп-гимназиясына ұсынды.

Бір қызығы құмық поэзиясының алыбы Иыршы Қазақтан бастау алады екен.

Небәрі 23 жасында 1913 жы құмықтар арасына барып, нәтижесін құмықша және немісше Мюнхеньде басып шығарумен ғылыми бағытын айқындағын қыпшақтекті Немет Дьюла туралы да толғаныстары бар. Ол Қоңырдың ұстазы, әрі жерлес туысы екенін біреу білсе, біреу білмейді. Әлемдік түркологиядағы классикалық ірі тұлғаға айналған Неметтің ісін онан бетер шыңдау үшін Қоңыр да кейінгі кезеңде Кавказға жиі баратын.

Замана ағымы Қоңырдың мұраттастарының қатарын сирете түсуде: мадияр түріктанушы мадияр Д-р Торма Иожеф, мүсінші қазақ Саламат Өтемісов, мадияр әдебиетшісі Көрменді Лайош, құмық ақыны Бадрутдин Магомедов. Сондықтан Будапештегі бұл шара баршасына ортақ еске алу, құрмет деп те санауға болады.

Қоңыр мадияр-түркі-тұран әлемінде айырықша көпір болып қалды дедік. Оның мұраты өз ырғағымен іске асып жатыр. Қоңырдың мұраттас тұстарынан отандастары саясаткер Келемен Андраш пен Лежак Шандор, мүсінші Дьөрфи Иштван, ғалымдар Вашари Иштван, Барта Юлия және толып жатқан шоғыр мадияр-түркі байланыстырын онан ары гүлдендіруге барынша атсалысып жүргені қуантады, көңілге медеу. Әсіресе, Лакителек университеті, сондай-ақ баспагер Молнар Адам мен дарынды ғалым Шомфай Қара Дәуіттің Қоңыр мұрасын игеру, насихаттау саласындағы ісі құрметке лайық. Халықаралық Түркі академиясы да барынша қолдау жасауда, Қоңыр кітапханасын сақтап, кәдеге жаратып отыр, мұраларын игеруді, еңбектерін басып насихаттауды жүргізуде.

Мажарстанның үкімет ұйымдары, муницпалитетер, дипломаттары, сондай-ақ «Мадияр-Тұран» қауымдастығы, Қыпшақ одағы, қазақ-мадияр «Барыс» қоры сияқты сан ондаған үкіметтік емес ұйымдар қазақ-мадияр ынтымақтастығын одан бетер дамытуға үлестірін барынша қосып отыр. Нәтижелері де анық, жемісін беріп отыр. Мұндай көңілкөншітер уәжді қазақтарға ғана қатысты емес, соңғы мадиярлардың шығыстағы бауырластарына қатысты айтуға болады. Бакуде өткен Түркі Саммитінде Мажарстан үкімет басы Орбан Виктор айтқандай, түркі елдерімен арадағы 4 млрд сыртқы экономикалық байланыс соңғы онжылдықтың еншісінде. Бүгін Мажарстан жылына 700 түркі өрендеріне өз оқу орындарында тегін стипендия бөліп отыр. Екі жылда бір мәрте Мадияр-Тұран қоры өткізіліп тұратын, әлемдік рекордтар қатарына енген ғұн-түрік-мадияр жұрттарының Тұран Құрылтайының соңғы шарасына 27 жұрттың өкілі қатысты. Осыдан-ақ мадиярлардың шығысқа деген мұраттың өз ырғағымен өміршең құбылысқа айналып бара жатқанын байқаймыз!

Қоңыр жолы туралы достарының көп естеліктерінде оның талай істің басында негізгі қозғалтқыш мотор іспетті болғанына қайран қалады. Мажар саясатындағы Лежак Шандор, Келемен Андраш, өнер мен мәдениет саласындағы тұлғалар Мажар Өнер академиясының мүшелері Семадам Дьөрдь, Видак Иштван сынды жандардың естеліктері соны қуаттай түседі. Бір ғана мысал айтсақ, көшпелілердің киіз өнерін әлемдік деңгейде тура 40 жыл бойы насихаттап жүрген жұбайлар Видак Иштван мен Нойд Маридың бұл ізгі құлшынысын тікелей Қоңырдың бастауымен қолға алғанын ілтипатпен еске алады.

Мандоки Қоңырдың шәкірті Бабақұмар Хинаят Қоңырдың мұраттас достары

Мажарстан Парламентінің вице-спикері, ақын Лежак Шандор,

саясаткер, түркітанушы, ұзақ жылдар Мажарстан Сыртқы істер министрлігінің

жауапты хатшысы болған Келемен Андраш мырзалармен. 2019 ақпан.

Осы орайда тілге оралған бір жайт тағы бар. 2014 жылы Мажарстанның Алматыдағы бас консулы Блауман Ференцтің шақырумен арнайы келген композитор Кобзош Киш Тамаш ағасы Қоңырдың басына зиярат етті. Ұйымдастырылған кеште құман-қыпшақтардың тiлдiк ескерткiштерiнiң бiрі – «Жаратушы Иеге мінажат» (орысшасы - Отче наш) атты дұғаның Қоңыр Иштван тарихи-лингвистикалық тұрғыдан талдап ұсынған реконструкциясына Кобзош өзі жазған сазын «Қыпшақ гимні» деген атпен орындаған еді. Бұл күнде Кобзош та жоқ арамызда.

Дегенмен, тәуелсіз Қазақстанның мәдени-рухани даму саясатының сан салалы құлшыныстары өткен ғасырлардағы түркі-тұран дүниесінің тарихи-мәдени ынтымақтастығы саласындағы көптеген ұмыт қалған, ескерілмеген, я болмаса өткізіп алған олқылықтардың орнын толтыруға барынша күш-жігерін жұмылдыруда. Соңғы он бес жылда Қазақстанда жүрзігілген «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры», «Мұрағат-2025» сияқты мемлекеттік стратегиялық қадамдар игі, тиімді нәтиже беріп жатқандығын ерекше мақтаныш сезіммен айтамыз. Шағын жазбамызда қайталай берген Тұрандық мұраттың іске асуы жайына бір ғана мысал келтірудің реті дөп келгендей. Ол - Құман-қыпшақ Кодескінде жазылған гимннің әлемдік премьерасы 2018 жылы Астана Операда өтуі. Осыдан жеті ғасыр бұрынғы төртсызықты шаршы нота жүйесіндегі мәліметті қалпына келтірген - ағылшын маманы Карл Дженкинс. Оданы Алан Бөрібаевтың дирижерлігімен мың адам орындап шықты. Бұл да ұлы Мандоки Қоңырдың арманының орындалғанының бір көрінісі еді. Расында да, «Qypčaq Quman Toqsaba Qulan Mandoki Qoŋir Yštuan. Kök Täŋri türk ĵurty qypčaq eli kün batysudaγy ulu birligi qulbas. Ordasy Qarsaq» деген руникалақы таңбамен жазылған мәтін Қоңырдың зат мүліктерінде жазулы болатын (мәтінді оқып хатқа түсірген Қоңырдың достарының бірі түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы).

Демек, мадияр-түркі-тұран ынтымақтастығы кемелдену үстінде. Осы салада Қоңыр мен Бадрутдин сынды алтын көпірлердің сабақтастығы қарыштай түсетініне кәміл сенеміз. Лайым солай болғай, Тәңір баршамызды желеп-жебей берсін деген ортақ тілегімізбен әркез толастамасын!

* * *

Төменде Бадрутдин Могамедовтың досы Қоңырды Кеңсайда жер қойнына тапсырған күні 1992 ж. 4 қыркүйегінде құмық тілінде жазған жоқтау жыры. Мадиярларда да жоқтау дәстүрі үзілген жоқ.

КЬОНГУРУМ ГЕТДИ

Ярыкъ сувума яр яавду...,

Гъормек гёзюме къан савду...,

Чилле ёлунда чанг тоньган...,

Байракъ башына кьүч къонгъан

Йылкъы табунум бёлюнген....

Къыпчакъ айгъырым сюрюнген,

Агъач къомүзүм кюйленмей...

Ез къонгуравум сёйлеймей

Хан кёпюрюмню сув алды...

Хаш тишлерим увалды...

Аркъадашымдан айырылдым...

Аркъа сюегим майрылды –

Къонгурум гетди, Къонгурум

Жан иабати гелдин сен,

Жан тамурум тартылды.

Дунайда тувган гюнанг,

Акъ денизде тартылды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар