Әбіл-Серік Әліәкбар. Кейігқұрылымшылдықтың бағын жандырған зерттеу

Бөлісу:

11.12.2019 4986

(Әсем Өскеннің “«Гүлдер мен кітаптар» романы және постструктуралистік бағыт” мақаласын оқығаннан кейінгі ой)

Әсемнің анау-мынау әдебиеттанушының тісі батпайтын Дидар Амантай ағасының бітімі бөлек шығармашылығына қатысты ғылыми зерттеу мақаласын «Абай кз» сайтынан ден қоя оқып шықтық. Қазақ әдебиеттануында өзіндік ойы, ғылыми жеке концепциясы бар зерделі зерттеушінің өзін гуманитарлық ортаға таныта алғанына куә болдық. Сонымен, Ә.Өскенбай қазақ әдебиеттануының ғылыми қия жолдағы көпшілік аяқ аттап баспайтын дейіг және кейігқұрылымшылдықтың төл әдебиетіміздегі табиғатын танып білуге көзсіз зерттеушілік ерлік жасап, тұңғыш рет бел шеше ден қойғаны қуантады. Әрі бұл болашақ іргелі монографиялық зерттеудің «түңілік ашары ма?» деген де ойға қалдық.

Және «Бүгінгі қазақ әдебиетінде өзіндік жазылу стилімен, қалыптасқан әдеби үрдіске қайшы келетіндігімен ерекшеленетін шығармалар көбеюде. Солардың бірі жазушы Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы. Бұл роман жайында түрлі пікірлер айтылуда. Бұрын соңды мұндай бағытта жазылған туындыны кездестірмеген қазақ оқырмандары бұл романды бірден қабылдап кете алмады» деген автор ОА әдебиеттану пірлерінің посткеңестік мәдени әдеби процеске қатысты, өзіндік жазу машығы еректенетін авторлар турасындағы кесірлі ойларына өз қарсылығын: «Қазақ оқырмандандары арасында модернистік бағытта жазылған шығарма қатарына «Гүлдер мен кітаптар» романын жатқызатынын бірнеше рет естідім. Бірақ, өзім қолыма алып оқымаған соң келісуге де, келіспеуге де батылым бармады»,- деп білдіреді.

Иә, түрлі пікірлер айтылуда бірақ осы шығарманы модерн емес, мүлдем басқа әдеби құбылыс екендігін танытуға өзінің ғалым ретінде қалай қадам басқанын былайша пайымдайды: «Бірнеше күн бұрын осы романды оқып шығу сәті бұйырды. Алғашқы бетін ашып оқи бастағаннан-ақ, расымен де модернистік, нақтырақ айтсақ, «постмодернистік» бағытта жазылған туынды екен-ау,- деген ойға келдім. Жазушы Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы «Қарқаралы басында» атты жинағына енгізіліпті.». Әсем бұрын әдебиеттану ғылымында болмағанды болдыру үшін осы шығармадағы басты кейіпкер Әлішердің «түс көруінің» маңына топтасқан өзіндік әдебиеттанушылық пайымдауларын топтастырады. Енді Әсемнің есік ашар пікірінен үзінді берейік: «Шығарманың негізгі идеясын автор бас кейіпкерінің түс көруі арқылы береді. Бұл романның ерекшелігі – автор шығарманың стилінен гөрі идеясына және оның қабылдануына баса назар аударады. Олай дейтініміз, Әлішердің түс көру арқылы берілген «аспанның салбырап жерге түсіп, шаң-тозаңға айналу» поцесі шығарманың соңында да қайталанады. Әуелі бұл көрініс Әлішердің түсінде бейнеленсе, кейін Әлішер ақиқатты іздеу жолында өзіне-өзі қол жұмсап, көз жұмған соң автор тағы да жоғарыдағы абзацты сол күйінше береді. Алайда, шығарма басында «аласапыран» деп түсінген дүние, шығарма соңында «ақырзаманға» айналып кетеді.

«Аспан мен жер». «Аспан салбырап жерге түседі». Автор аспан мен жерді, яғни биіктік пен төмендікті, пәлсапалық жағынан мағынасы соншалықты терең сөздерді неге алып отыр? Мифологияда дүние, тіршілік құдайлар арқылы пайда болды делінеді. Яғни ер мен әйелді аспан мен жер құдайларына теңестіріп, солардың бірігуінің салдарынан дүние жаратылды,- деп беріледі. Ең әуелі, Мысыр мифологиясында жер, аталық бастау – Геб, аспан, аналық бастау – Нут. Қытай мифологиясында керісінше, әйел, жер, қара түсті – Инь, еркек, аспан, ақ түсті – Ян. Грек мифологиясында биіктік пен аспан құдайы – Зевс, ал, жер мен құнарлылық құдайы – Артемида болып саналады. Ізгілік пен зұлымдықтың, яғни ақ пен қараның арасы қанша алшақ болғанымен, кейде солардың аражігін айыру сонша қиын болатыны рас. Дүниеде зұлымдық болмаса, мейірімділіктің бар екенін, жамандық болмаса жақсылықтың бар екенін адамзат білмес еді. Тиісінше, адам қанша биіктеп, жоғары көтерілгенмен оның баратын орны – жер. Осы идея романның өн бойынан көрініп тұрады. Шығарманың «жер мен аспанның» бірігуінен басталып, «жер мен аспанның» түйісуінен аяқталуы осындай ойға алып келеді.

Әлем пайда болғаннан бастап, адамзат ақиқатты іздей бастады».

Батыс гуманитарлық ғылымында қалыптасқан теориялар мен ұстанымдарды Д.Амантайдың романын бір мақала аясына сыйдырып, жан-жақты талдай білуі арқылы өзінің көздеген мақсатына жете алғандығы бес енеден белгілі екендігі шығарма тінін індете тәпсірлеген шағында айқындала түседі. Әрі айтар ойын одан ары кесектей, тереңдей түсіп: «Әлем пайда болғаннан бастап, адамзат ақиқатты іздей бастады. Сол ақиқатты іздеу барысында әр түрлі ғылым салалары пайда болды. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ғылым зерттелу объектісіне қарай гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары, - деп екіге бөлінгені белгілі. Алайда, қандай ғылымды алып қарасақ та, оның бір ғана миссиясы бар – ол ақиқатты тану. Сол ақиқатты тануда «ретроспекция» деген әдістің атқарар рөлі ерекше. «Ретроспекция – «өткенге назар аудару» («өткеннің тірілуі», «өткенді іздеу») [Меркулова М.Г. Ретроспекция: Шекспировская модель ретроспекции в «Гамлете» http://www.world-shake.ru/ru/Encyclopaedia/3770.html]. «Гүлдер мен кітаптардағы» басты кейіпкер Әлішер атты жазушы ретроспекциялық әдіс арқылы үлкен үш томнан тұратын кітабын жазады. Онда түркілердің пайда болуы, пайғамбарлардың дүниеге келуі, адамзаттың жаратушы Тәңірдің бар екеніне сенімі, пайғамбарлар мен философтардың тарихтағы рөлі, әр кезеңдегі қоғамдық өзгерістер тарихи аспектілік тұрғыда баяндалады. Кейіпкер Әлішердің өмірі мен әрекеті «Гүлдер мен кітаптар» ұғымымен үйлесін тапқан. Яғни, Әлішер кітабында «Әлем қалай пайда болы? Адамзат қалай пайда болды? Алғашқы жазу, сызу, тіл қалай және қашан пайда болды? Біз оқып жүрген тарих дұрыс тарих па?» деген сұрақтардың жауабын іздеп, «артқа шегініс» жасады. Сондай-ақ, ол шынайы өмірінде де «Құдай бар ма, жоқ па?» деген сауалдың жауабын, яғни «ақиқатты» табу мақсатымен «артқа шегініс» жасап, өз-өзіне қол жұмсайды»,- деп жеріне жеткізе алады.

Әсемнің әдебиттану ғылымының сандығының қақпағын ашуға өзіндік кілтімен келгендігі дау тудырмайды. Оның Ролан Барт, Жак Деррида және Мишель Фуко сынды әлем мойындаған ойшылдардың туындыларымен жақсы таныстығы әм солардың ақылмандық пікірлерін төл гуманитарлық ғылымызда қазақи жосықта ұлттық ділімізге бейімдеп қолдануы да Д.Амантай романын талғандаған шақтағы үлкен жетістігі болды.

Сондай-ақ, кейігқұрылымшылдықтың негізін салысушылар Жак Деррида және Мишель Фуко еңбектерінен ой өрбіте келе, өзінің: «Бұл арқылы Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романын құрылымдық антропологиялық, оның ішінде постструктуралистік бағытта жазылған туынды деп айтуымызға әбден болады. Себебі, роман эпилогынан бастап, соңына дейін тұнып тұрған идеялық, пәлсапалық дүниелерден тұратын постструктуралистік шығарма. Бүгінде жаңашылдыққа жаны құмар қазақ оқырманы үшін жазу стилі өзгешерек, айтар ойы түсініксіздеу, яки пәлсапалық ойлары басымырақ туындылар үлкен жаңалық болып көрінуі мүмкін. Алайда, жоғарыда айтқандай, поструктуралистік бағыт ХХ ғасырдың басында Америка және Батыс Еуропа елдерінде біршама зерттелінген сала болатын. Жазушы Дидар Амантай осы постструктуралистік бағытты ұлттық негізде, көркем әдеби стилімен бере білген. Романның негізгі ерекшелігі де осында» деген өзіндік қорытынды ойын алға тартады.

Бұл шағын мақаланың ғылыми құдіреті – қазақ кейігқұрылымшылдық әдебиеттанушылық мектебінің жастар тарапынан өмірге келгендігі. Және осы бағытта «М.Жұмабаев («Қойлыбайдың қобызы»), Оралхан Бөкей («Қар қызы», «Атау кере», «Сайтан көпір») Ә.Кекілбай («Аңыздың ақыры», «Ханша-дария, «Күй», «Шыңырау»), М.Мағауин («Қара қыз»), Т.Әбдік («Парасат майданы», «Тозақ оттары жымыңдайды, «Ақиқат», «Оң қол»)» сынды бітімі бөлек туындыларды «метамәтін», мимикалық реализм (сана ағымы), интермәтінділік және «жетпеген жерін жеткізу тәсілі» (Әсемде бұл «оқырманға ой тастау арқылы шешімді оның өзіне қалдыру тәсілі» деп аталады – Ә.Ә.Ә.) арқылы танып білуге ғалымның өз тұстастарын шақыруы құптауға тұрады.

Сонымен қазақ кейігқұрылымшылдығы бағытына өзін танытқан әдебиеттанушы өзін гуманитарлық ортаға мәлімдеген тарихи сәттің күні туды. Біз әдебиеттанушы ретінде ортамызға ерек ойымен, соны пікірмен дүбірлете қосылған Әсем Өскеннен мақаладағы шағын ойы шоқтықты ойларға айналған іргелі зерттеулер күтеміз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар