Маржан Ершу. Фариза апайдың телефоны

Бөлісу:

21.12.2019 4674

2001 жылдың қараша айының ортасы болатын. Астанада өткен Халықаралық Шығармашыл Жастар фестивалінен Гран-При алып, Алматыға келдім. «Таң-Шолпан» журналына бір топ өлеңдерімді беріп кетпек боп, редакцияға, бас редактор Мереке Құлкенов ағаға келдім.

Қабылдау бөлмесіне келгенімде, хатшы қыз маған іште жиналыс өтіп жатқанын айтты. Күтіп біраз отырдым. Бір кезде кабинетінен Мереке ағай шықты да, «Шай әкелші» деді хатшы қызға. Сосын маған қарады да: «Сен ішке кірсеңші, өзіміз ғой», - деді.

Мен кабинетке кірсем, үлкен үстелдің жан жағында шашырай Фариза апай, Темірхан Медетбеков, Ермек Аманшаев, Айгүл Үлкенбаева және тағы басқа өнер адамдары отыр екен. Мен жиналыс екен деп ойлап қалдым. Амандастым да, есік алдындағы орындыққа отыра кеттім. Фариза апай: «Маржан, босағаға отырма, жоғарырақ отыр», - дегесін, қайда отырсам екен деп ойладым да, Айгүлден асыңқырай, Фариза апайға жақындай отырдым. Айгүл ол кезде мені танымайтын еді. «Бұл кім өзі?» - дегендей, жақтырыңқырамай қарады. Сол кезде Ермек Аманшаев: «Айгүл, сенің папаң домбырашы, сен де домбыра тартасың. Маржанның папасы Аманқос Ершуов белгілі ақын, Маржанның өзі де ақын. Жақында Шабыттан бас жүлде алды», - деп мені таныстыра бастады. Айгүл: «Мен түсінем, домбыраны былай нотамен үйретеді, ал әкесі ақын болса, өлең жазып үйрете ме?» - деп қызықтау сұрақ қойды. Бөлме ішінде үнсіздік орнады. Мен өзім Алматыда, ҚазМУ-де аспирантурада оқып жүргенімде, кейбір ақын-жазушылар мен ғалымдардың сөзінен әбден жүрегім шайлыққан адам ем. Әзіл-шыны аралас ол кісілер маған «Тұманбайдың баласы ақын емес, Қадырдың баласы ақын емес. Анау ауылда жатқан Аманқостың қызы қалай ақын болады? Поэзияға бір Ершуов та жетер», - деп үнемі айтатын. Ал өлеңдерімді газет-журналға апарсам, көбіне «Әкеңнің өлеңдерін әкел, сенің өлеңдеріңді оқымаймыз. Лұқпан хакімнің баласы да ақын болам деп өлең жазып, онысы нашар боп, әкесіне ұят келтіргенін білесің бе?» деп ақыл айтып жіберетін. Намысым мен өкпе-ызам қатар жүретін менің содан соң, тілім шығып, біраз адамдарды қызартып не өкпелетіп тынатын едім. Мына үнсіздікте не деуге болады?! Ортамызға қызылкүрең шай да келді. Мен төбеге қарадым да, үнсіздікті үзіп: «Құдайдан болады», - деп айқайлап жібердім. Әр жерден мырс-мырс еткен дыбыстар естілді. Айгүл бірдеңе демекші болды ма, иығын қозғай бастап еді, Фариза апай: «Шайларыңды ішіңдер», - деді қатқыл дауыспен. Бәріміз жым болдық. Жиын Мереке ағамыздың мерейтойына арналған банкетке дайындық екен. Кімдер шақырылады, кімдер сөйлейді, қалай өтеді, сол мәселелер талқыланып жатты. Ол кезде ұялы телефонның жаңа шығып жатқан кезі еді. Әркімнің қолында «Эрикссон» деген алақандай телефон. Телефон жарықтық та тірлігін білдіргісі келгендей, арасында шырылдап қояды. Сол жерде отырғандардың ішінде Фариза апайда ғана телефон жоқ екен. Телефонмен сөйлесіп жатқандарға қарап отырды да, бір кезде ашулана бастады. «Бәріңнің қолыңдағы мынау не?» - деді. Ол кезде телефон ұстаған да қызық көрініс еді. «Ұялы телефон ғой», - деп айтып жатты бәрі де. Фариза апай Мереке Құлкеновке бұрылды да: «Ең қымбаты қанша тұрады?» деп сұрап еді, Мереке аға қысылып кетті ме, қайдам, «Мың доллар шығар, арзанын да табуға болады ғой», - деді мұрнының астынан. Фариза апай үндемеді. Сонымен банкетке дайындық мәселесі талқыланып бітер уақытқа таяды. Бәріміз де қуанышты едік. Тек Мереке ағаның көзінде бір қиналыс, Фариза апайдың жанарында не қуанған не ренжіген емес бір түсініксіз күй тұрды. Бәрі де әлгі ұялы телефонның қырсығы ма, кім білсін?!

Арада біраз уақыт өткенде Фариза апамызға сол жерде болған және болмаған жақын інілері жабылып, ең қымбат жаңа модельді ұялы телефон сыйлапты деп естідік. Содан інілері ат жетектегендей, Фариза апайдың үйіне телефонды алақандарында аялай ұстап жеткізген ғой. Фариза апай да ұялы телефонды көріп қуаныпты. Содан мұны қалай қолданады деп сұраса, жанашыр інілері жамырап, былай хабарлама жазады, былай қоңырау шалады деп таныстырыпты. Бір кезде апамыз «ал енді қайсысыңа телефон соғайын» деп нөмірді терсе, қоңырау бармайды. «Неге бұлай» дегенде, інілері «бірлік жоқ ішінде, қоңырау сосын бармай тұр» депті. « Бірлік деген не?» деп сұрайды екен апамыз. «Бірлік деген ақша ғой, ақша салса, телефон сөйлейді» десе керек бірі. Фариза апай қатты ашуланып: «Ақшасы жоқ телефонды несіне әкеліп тұрсыңдар!» - деп қолындағы телефонды лақтырып жіберіпті. Содан інілері жабылып жүгіріп жүріп телефонды бірлікке толтырады.

Сол оқиғадан соң, «Ойпырмай, Фариза апайға сатып алып берген телефонымыздан, салған бірлігіміз қымбатқа шықты ғой», - деген бір әңгіме қалған екен. Бұл да бір қызық оқиға, Фариза апамыздың өзіне тән «фирменный мінезін» паш ететін. Фариза апайдың күнделікті өзгермейтін режимі болатын. Түнгі сағат онда ұйықтап, таңғы сағат бесте тұрып бауырсақ пісіретін. Бұл да ерекшелік. Қызығы сол, Фариза апай екеуміз бетпе бет келіп қалғанда, сөзіміз аса жараса қоймайтын. Ал телефонда керемет сөйлесетін едік. Өзі таңғы сағат бесте тұрып алатын да, таңертеңгі сағат сегізде маған қоңырау шалатын. Фариза апай таңғы сағат бесте ұйқыдан тұрғанда, мен сағат бесте ұйқыға жататын ем. Түнімен кітап-қағаз қарап, жазғанды ұнататын ем, мүмкін бала кезімде ақындар түнде жазу керек ұғымға сеніп кеткенімнен шығар. Күндіз жазу – қиының қиыны сияқтанады. Түс ауа өзім телефон шалып, «апай сіз таңертең 8-де телефон шалыпсыз ғой, ұйықтап жатып естімей қалдым» десем, «осы сен түнімен не істейсің ұйықтамай» деп сұрақ қояр еді. «Жазып жатырмын деймін. Қазір жазғым келеді, кім біледі, менің де жаза алмай суалатын кезім келер алда» деймін ғой. «Жаза береді екенсің. Баяғыда Блокты аударам деп ауырып қалғам. Денсаулықты күту керек» деп ақыл айтып қоятын да, «осы телефон соққанда неге телефоныңды өшіріп қоясың, мен телефон соққанда көтермеген адамды ұнатпаймын» деп шынын да айтатын. Ұялы телефон бүгінде сегізінші қазынаға айналып кеткен заман болды ғой. Фариза апайдың ұялы телефоны ғана емес, нөмірі де қазіргінің тілімен айтқанда, «крутой» болатын. Телефонның нөмірі де ұмытылар. Жүректерде жатталған жырлар ғана ұмытылмас. Жыр сонысымен де жыр ғой...

Бөлісу:

Көп оқылғандар