Бекет Нұржанов және қазақ постмодернизмі
Бөлісу:
(Алаштық ойшыл-философ ғалымның көзқарасы)
Бастау
Екі мың он екінші (2012) жылы Алматыда “Өнер” баспасында Бекет Нұржановтың “Модерн. Постмодерн. Культура” атты таңғажайып кітабы басылып шықты.
Сол жылы, Әлмира Наурызбаева мерейтойы өтіп жатқан күні, ұстаз-философ бізге жарық көрген жаңа кітабын сыйлады. Содан кейін, біз, қазақ елі, көп уақыт өтпей, ауыр қазаға ұшырадық: күтпеген жерден, аяқастынан Бекет Ғалымжанұлы дүние салды.
Артынан “Модерн. Постмодерн. Культура” атты мазмұнды кітабы қалды. Тамаша туынды, құнды еңбек, алтын қазына. Біз үш қайтара оқыдық. Сөзін белгілеп, сөйлемінің астын сызып... бірден айтайын: іргелі жұмыс – заманауи классика.
Бекет Нұржанов философиялық туындысына үлкен дайындықпен келген екен. Көп ізденген, түпнұсқадан қараған, жан-жақты пысықтаған, тосын, батыл тұжырымдар жасаған, әйтеуір қолға алған күрделі сан-салалы тақырыптың түбіне жеткен.
Жалпы, қазақы ортада, алаш қоғамында модернизм/постмодернизм туралы негізсіз дау көп. Бұл мәселе бойынша бір кітап оқымағандардан бастап, бір кітап оқыса да, ештеңе түсінбегендер – аса белсенді, айрықша ынталы, беделі де зор.
Қазақстан, қазақ көзімен қараған деуге де әбден негіз бар. Орыс тілді әлемнің о бастан постмодернизмді жатсынғаны, жатырқағаны белгілі, әрі аса заманауи табиғатына таңырқап, ғаламдық масштабтағы салтанатынан шошып, қабылдай алмағаны да рас еді. Ресей теріс пейіл танытты. Зұлымдық пен жақсылық туралы кешеден қалыптасқан, бір тараптан, ескірген төл түсініктеріне постмодернизм идеологиясының қазіргі күнгі күрделі образы қайшы болды.
Біз “Жылдам қоғам” деген түсінік енгіздік. Ол – процесс емес, нәтиже қоғамы.
.
Бекет Нұржанов
Кітап мазмұны
Бұл кітап – кіріспесі мен күрмеуін қоспағанда, сегіз тараудан тұратын қомақты дүние: (1) “XX ғасырдың үшінші бөлігінде мәдениеттің қатты өзгерістерге ұшырауы постмодерн шарттары ретінде”, (2) “Постмодерннің пәнаралық шарттары”, (3) “Постмодерн түсінігі мен тарихы”, (4) “Постмодернизм теориясының басты мәндік қағидалары”, (5) “Модерн мен постмодерн”, (6) “Постмодернизм, сезімталдық, кеңістік пен уақыт”, (7) “Постмодернизм және қазіргі таңдағы қоғам теориялары”, (8) “Постмодерн және мәдениет”.
Кітап орыс тілінде жарық көргендіктен, кейбір цитаталарды орысшадан өзіміз аударып отырдық (кейін білдік, кітап қазақ тіліне тәржімеленген екен).
Қызықты, тартымды, мазмұнды. Автордың ұзақ ізденгені, мәселені терең білетіні аңғарылады. Мәтіндері басында түсінуге күрделі көрінуі мүмкін, бірақ, шын мәнісінде, ақылгөйлік жоқ, тілі жатық, құнарлы, терминологиясы анық.
Көп материалды зерттегені, жан-жақты пайымдағаны, қисынды қорытындылар жасай білгені бұл кітаптың құндылығын, сапасын, мәнділігін, танымдық маңыздылығын еселей, арттыра түскен секілді.
Асықпай оқитын кітап. Деңгейі жағынан әлемдік өзі тектес философиялық шығармалардан еш кемдігі жоқ.
Автор – интеллектуал, эрудит, кәсіби. Тақырыпқа шығарылған құбылыс туралы түсінігіңіз кеңейген сайын оқу рақатына бөленесіз.
Еш өкінбейсіз. Өкіндірмейтін еңбек.
XX ҒАСЫРДЫҢ ҮШІНШІ БӨЛІГІНДЕ МӘДЕНИЕТТІҢ ҚАТТЫ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ҰШЫРАУЫ ПОСТМОДЕРН ШАРТТАРЫН ТУҒЫЗҒАНЫ ЖӨНІНДЕГІ БІРІНШІ ТАРАУҒА ШОЛУ
Аталмыш шарттар құрамына, автор ойынша,гуманитарлық білім кеңістігіндегі лингвистикалық революция, де Соссюрдің лингвистикалық теориясы, тілдің шығу тегі туралы семиотикалық теория, гуманитарлық танымда пәнаралық шекаралардың жойылуы және модерн институттарының қазаға ұшырауы жатады.
Автор қазіргі заман ба, әлде қазіргі заманнан кейінгі дәуір ме, социология ғана емес, философия, культурология, әдебиеттану, лингвосемиотика, теориялық тарих, өнертану салаларында аталған қабырғалы тақырып бойынша қызу айтыстар, пікірталастар жүріп жатқанын алға тартады.
Бұл пәндер ішінен тек социология ғана постмодернизмге қарсы табандылық көрсетіп отыр. Алайда, мәселе жақ па, қарсы ма, ұстанған көзқараста емес, бүгінгі мәдениет пен қоғам қаншалықты өзгерді, жаңа дәуір туралы айтуға қандай негіз бар, әлде, ешқандай себеп жоқ па, ойымыз дәйекті ме, орнықты ма, тиянақты ма, осында.
Біздің қоғам технология үстемдік құрған, өндіріс талаптарына бағынған, ақпарат ағымына тәуелденген, өнеге-өнері ғаламданған, күн тәртібіндегі мәселелері тұтастанған алып ортаға айналды.
Әйдік әлеуметтік трансформациялар табиғатын танып-білуге ұмтылған ойшылдардың бір тобы экономикалық табыстардың ықпалына жүгінеді, тұтыну саласындағы өзгерістердің маңыздылығына сүйенетіндер де бар, техника-технологиялық бастамалар мен жетістіктерге назар аударуды жақтайтындар да көп.
Бірақ, бұқаралық коммуникациялар әсері бәрінен үстем тәрізді, дейді автор. Карл Маркс кезінде қоғам дамуын өндіріс әдіс-тәсілі деңгейінен көруге болатыны жөнінде ой қозғап еді, енді Юрген Хабермас оны байланыс құралдары күрделенуінен тануға болатынын айтып отыр.
Бұл құбылыстар өмір сүріп отырған ортаның антуражын ғана емес, әлеуметтік процестердің ұшқырлығын, кеңістік/уақыт түсінігін өзгертіп, сезімталдық, сезіну түрлерін тереңдетті әрі көбейтті, өзіндік тектестіктің қалыбын жаңартты.
Модернистік ойшылдар аталмыш өзгерістерді ақырзаман келе жатқандай қабылдады.
Әдетте, мәдениет пен қоғам өзгергенде, құндылықтардың да ауысатыны белгілі. Автор Ульрих Бектің тәуекел қоғамы туралы ойларын ортаға салады: рыноктар құлайды, молшылық дәуірінде қат нәрсе қатары көбейеді, ел тегіс арыздана бастайды, құқықтық жүйе-институттар түскен арыздарды қарап үлгермейді, өткір мәселелер шешімін таппайды, дәрігерлік көмек өз деңгейінде емес, ақыл-ой мен білім-парасатқа арқа сүйеген ғылыми зерттеулерден береке кетеді, үкіметтер шайқалады, сайлаушылар сенімсіздік танытады. Ең қиыны, бұл қаптаған нәубет кісі қолының кесірінен не арқасында емес, еркімізден тыс жүреді, бір қызығы, біздің түсінігіміздегі қоршаған орта сол күйінде қалады. Бұл әлі күнге шейін XIX ғасыр мен оның құндылық-қасиеттерінің билеп-төстеп келе жатқан салтанатының ақырын білдіреді. Енді классикалық өндірістік қоғам және ұлттық-мемлекеттік егемендік туралы кешегі түсінік, прогрестің автоматты дамуы, тап бөлінісі, табыс кілті, табиғат, реалды ғұмыр, ғылыми ізденістер жайлы танымдар жаңа орныққан кескін-сурет, басқа жағдай, өзге ереже-тәртіптермен қайшылыққа түседі.
Бұл жағдайларды Лиотар, Бодрийар немесе Деррида, Делездер ойлап тапқан жоқ. Постмодерн – қалыптасып отырған ситуация.
Гуманитарлық білім кеңістігіндегі лингвистикалық революция
Жан-Франсуа Лиотар 1979 жылы “Постмодерн шарты” атты кітабында алғы шептегі ғылым мен техника соңғы жылдары тіл табиғатына қатты көңіл бөліп отыр, деп жазды.
Фонология, лингвистикалық теория, кибернетика мен коммуникация мәселелері, қазіргі алгебра мен информатика, есептеу машиналары мен оның қолданыс тілдері, тіл аудармаларының мәселелері, заманауи машиналар тілдерін зерттеу, қолда бар аталымдардың жинақ қоры, жадта сақтау мәселелері, телематика, ойлау қабілетіне ие терминалдары жасап шығару, парадоксология – Лиотардың тізім ұзақ. Таусылмайтындай.
Тіл мәдениет өлшемінің іргелі таным жолына айналды. Мәні мынада: бүкіл адами нәрсенің бәрі тілдің арқасында дүниеге келеді, тілдің арқасында жүзеге асады.
Дәстүрлі философияда тіл дегеніміз өмірді, идеяны, түп мәнді, ақыл-ойды, мағынаны білдіретін, жеткізетін, адам мен адам емес арасындағықұрал еді.
Ал, тілдік мәдениет аясында аталған ұғым-түсініктердің өзі тілдің өнімі, нәтижесі, табысы саналады.
Тілдің көрнекті орны туралы кезінде Фридрих Ницше, Эдмунд Гуссерль, Зигмунд Фрейд, Эрнст Кассирер, Мартин Хайдеггер, ЛюдвигВитгенштейн қалам тартты.
Бірақ, тіл проблемаларын басты зерттеу пәні есептейтін бір ғылым саласы бар: ол – лингвистика.
Тілді мәдениет тәні көрсек, онда барлық мәдениинституттар (саясат, құқық, экономика, дін, идеялар, теориялар) осы тән идеологиясы болса, онда біз осы тәннің қалай қызмет атқаратынын білуіміз керек. Тіл қалай өмір сүреді?
Структурализм – мәдениет тіліне анализ жасайтын сала. Табиғи тіл мәселесімен құрылымдық лингвистика шұғылданады. Бірақ, символдық тілмен қатар ол да структуралистік ағым аясында қарастырылады.
Бұл ізденістер, бір тараптан, дәстүрлі философияның лингвистикалық табиғатын ашады. Ол өз алдына постмодернизмнің белгілеуші/белгіленуші немесе белгілейтін/белгіленетін (означающее/означаемое), денотация, коннотация, мәтін, ая (контекст), интермәтін, дискурс тәрізді ұғым-түсініктерін тудырады.
Бұл дәстүрдің негізін қалаушылар – америкалық философ Чарльз Пирс пен швецариялық тілтанушы Фердинанд де Соссюр.
Пирс лингвистикамен айналысқан жоқ, логикаға көп көңіл бөлді. Сондықтан, ол логикаға сүйене отырып, қайталанбас тіл теориясы – семиотиканы ойлап тапты. Бірақ, оның атын шығарған өзінің шәкірті – Чарльз Моррис.
Моррис белгі жайлы теорияны төл ілімінің негізгі тақырыбына айналдырды. Пирс – белгіге тұңғыш анықтама берген тұлға. Белгі заттың өзі жоқта орнын ауыстыратын әрі оның атынан сөйлеп тұратын нәрсе. Ол үш белгіні алға тартты. Икондық белгілер, индекстер және символдар. Біріншісі – заттық түпнұсқаға жақын көшірмелер (живопись, фотографиялар, суреттер, штамптар), екіншісі – затқа емес, іс-әрекетке бағдар береді немесе хат-хабар, ақпар-мәлімет жеткізеді (жол белгілері, сілтемелер, сигналдар), үшіншіге ол аса қатты назар аударады, өнер-мәдениет тарихында пәнаралық қозғалысқа айналған “символизм” ағымының қалыптасуына жол ашады.
Символ икон мен индекс арасындағы белгі: индекс тәрізді еркін де емес, икон секілді қатты талап та жоқ. тегі, символизм – семиотика арқылы постмодернизмнің бір табысына, ал символ мәдениеттің постмодернистік теориясы аясындағы басты түсініктердің біріне айналады.
Де Соссюрдің лингвистикалық теориясы
Алайда, де Соссюрдің белгі туралы ойы басқаша еді. Ол тілді белгілер жүйесі деп түсінді. Бұл түсінік тіл туралы қалыптасқан ойды тас-талқан еттті.
Ол біз белгі деп түсінік пен акустикалық образдың комбинациялық тығыз байланысын айтамыз, деді.
Акустикалық образ – дыбыстың өзі емес, адам сөйлеген кезде естіген сөзден алған әсері, демек, ол – психикалық құрылым. Дыбысты акустикалық образ ретінде психикалық планға ауыстыруы Соссюрге дыбыс пен түсінікті біріктіруге мүмкіндік береді, өйткені түсініктің өзі әу бастан психикалық планда жатыр. Сонда, белгі – қос қатынасты психикалық түп мән (сущность).
Белгінің лингвистикалық табиғатын сақтап қалу мақсатында ол екі жаңа термин енгізеді: белгілеуші/белгіленуші немесе ашып айтқанда: түсінік – “означаемое”, акустикалық образ – “означающее”.
Соссюр “означающее” (план выражения – айтылу жөні) мен “означаемое” (план содержания – мазмұндық жөні) екеуін біртұтас бірлік ретінде қарастырады.
Ол классикалық саяси экономиядан тұтыну құны мен айырбастау құны арасын айыру идеясын пайдаланды. Тұтыну құны – тауардың нақты материалдық игілігін немесе пайдалығығын көрсетеді, ал айырбастау құны тауардың басқа тауарларға деген қатынасын білдіреді. Соссюр белгінің нақтылы және абстрактілік мәндері туралы мәселе қозғайды.
Өз теориясын қалыптастыру жолында Соссюр тағы бір жаңалық енгізеді. Классикалық лингвистикада тіл деп, негізінен, сөзді айтып келді. Ол сөзді бөлшектей отырып әрі сөздің сөзге жатпайтын майда түрлерін қарастыра отырып, белгі туралы түсінікті өзгертті.
Тіл бірлігін сөзден іздеудің қажеті жоқ деген ойға келеді. Белгіден табамыз. Сондықтан да табиғи тілдерді зерттейтін лингвистика абстрактілі белгілерді қарастыратын семиология құрамына кіреді.
Енді бір жаңалығы – белгінің бостан екендігі, мүддесіздігі. Рационалистік философия белгіні мазмұн мен түсінікке тәуелді тіл элементі ретінде санады.
Осы байланысты іздеді. Белгі екінші орында тұр еді. Белгі түп мәндердің көрінісі болды. Соссюр белгіні азат етті. Мазмұн мен түсініктен босаған белгі еркіндікке шықты. Кейін бұл азаттық постструктуралистердің жолын ашты. Фуко мен Кристева затты сөздің проекциясына айналдырады. Барт пен Деррида шығарма мен мәтін дербестігін, мәдениеттің де мәтін екендігін жариялайды.
Соссюр ойлау мен тілдің теңдігін күн тәртібіне қойды. Ертеде ойлау жоғарырақ еді, тіл оған бағынышты болатын. Ол, керісінше, субъект тілге бағынады, деп шешті ол. Демек, субъектке дейін тіл бар екендігін, өмір сүргендігін әйгіледі.
Тілдің шығу тегі туралы семиотикалық теория
Сонымен қатар, тілді белгілер жүйесі деп түсіну оның шығу тегіне деген көзқарасты өзгертуге алып келді. Егер белгіні тілдің түп мәні деп анықтасақ, онда оның генезисін, бастауын сөйлеу қабілеті мен фонетикалық жүйеден емес, сол белгілерден іздегеніміз жөн. Қолмен немесе саусақпен, тіпті, бар денесімен көрсеткен түрлі белгілер тілге дейінгі таңбалар еді. Бұл кезде дыбыс та сөз емес, белгілердің бір бөлігі еді. Белгілер табиғатын зерттеу символдардың заттың өзі жоқта оны алмастыра алатын қасиетін ашты.
Мәселе мынада: символ өзіне емес, өзге затқа сілтеп тұрады. Үшінші, бұл жағдайлар тілдің негізгі екі формасын: ауыз екі тіл мен жазбаның арақатынасын қайта қарастыруға тура келеді. Ауызша және фонетикалық формаларға қарағанда, графикалық және грамматикалық формалар – таза белгі формалары.
Ауызша оралымдар анық белгілер емес, олар, әдетте, белгі бермейді, мағына, мән айтады, белгілік қасиет төмен. Сондықтан, семиотикада хаттық форма алдыңғы орынға шығады. Фонология үстемдігін жоғалтады. Белгілер, таңбалар жүйесі тілге айналады, дыбысты бейнелеуге қатысқан, сөзге қызмет еткен қаріп құлдықтан босайды.
Мәтін проблемасы күн тәртібіне көтеріледі. Ол жалғыз өзі жеке-дара онтологиялық болмыс тұрғысында түсініле бастайды. Мәтіннен тыс ештеңе жоқ, деп жазады Жак Деррида.
Гуманитарлық танымда пәнаралық шекаралардың жойылуы
XX ғасырдың екінші жартысынан бастап гуманитарлық пәндердің жақындасуы, тіпті, бірігуі байқала бастады: этнолингвистика, әлеуметтік психология, кино семиотикасы. Салалас немесе мақсаты бір пәндер төл мәселелерін шешуде бір-бірінің танымдық методтарын қолдануға көшті. Әдебиет философияны түсіндірді, саяси экономия лингвистиканы зерттеді, мәдени антропологияны социология талқылауға талпынды.
Мұндай бірлестіктер қызық-қызық теорияны, идеяларды тудырды. Бірақ, көптеген ғалымдардың сынына ұшырады.
Алайда, үстірттік, жалпыламалық, біліксіздік постмодернистік ғылымның көріністері еді.
Модерн институттарының қазасы
Постмодерн – XX ғасырдағы модерннің заңды жалғасы ғана емес, сонымен бірге, оның қазасынан соң, дүниеге келетін құбылыс.
Модерн институттары бірінен соң бірі қазаға ұшырады. Ең әуелі Ницше XIX жүзжылдықта “Құдай өлді” деп жариялады. Бұл жерде неміс ойшылы адамзат жүрегінде Тәңірге деген иман-сенімнің өлгенін айтып отыр.
Содан кейін, философия өлімі (ұлы катеогриялары бұрынғы басты орындарынан айрылады), әдебиет ажалы (“жаңа роман” тууы), тарих ақыры (бүкіл елдің бір сатыға көтерілуі),театр соңы (перфоманстың пайда болуы), музыка қазасы (Джон Кейдждің “4’33” шығармасы).
ПОСТМОДЕРННІҢ ПӘНАРАЛЫҚ ШАРТТАРЫ ТУРАЛЫ ЕКІНШІ ТАРАУҒА ШОЛУ
Постмодерннің экономикалық шарттары
Қазір, экономикалық терминге сүйеніп айтсақ, постиндустриалды қоғам орнап отыр. Модернистік кезеңде индустриалды қоғам қалыптасқан еді. XVII-XVIII ғасырлардағы капитализмнің мұраты елді индустрияландыру болатын. Яғни тауарларын кең көлемде көпшілік тұтынатын өнеркәсіптік өндірісті аяққа тұрғызу.
Капиталистік өндірістің бүкіл мүмкіндігін сарқа тауысқан, қарым-қабілетінше табысқа қол жеткізген ндустриализм фордизмнен жақсы байқалып еді. Фордизм аса озық, ұтқыр, үздік өндіріс үлгісін жасады. Кіші операцияларға бөлінген өндіріс жұмыскерлерді ұсақ мамандықтарға жіктей отырып, еңбек өнімділігін арттырды. Әр операцияның ең тиімді жолы шығынды азайтып, пайданы көбейтті.
Тэйлор жүйесі арқылы зиянды да, табысты да жоспарлап отырды. Форд америкалық кәсіпорындардың эталонына айналды. Басқа капиталистер қарап бой түзеген өнегелі өндіріс болды.
Ол өндірістің озық үлгісін ғана емес, капиталистік тұтыну моделін де дүниеге әкелді. Елді байытты, кірісті арттырды. Жаңа қоғам қалыптастырды. Тұрақты, орнықты, тиянақты. Пролетарлық көтерілістерге бастайтын қайшылықтарды жойды, алдын алды. Түптің түбінде, америкалық өмір салтын орнатты.
Бірақ, 1960-шы жылдары кәсіпорын мен өндірістен саналы түрде қол үзген банктер жеке экономикалық сала ретінде қалыптаса бастады. Ақша үлгілері, Карл Маркс айырбастау теориясында болжағандай, белгіленетін қызметінен айрылған симулякрге айналды.
Құнды, енді, тауарды өндіруге жұмсалған абстрактілі еңбек көлемі анықтамайтын болды, оны сыртқы экономикалық факторлар шешті.
Постиндустриалды қоғамда алдыңғы орынға білім, білік және ақпараттық технологиялар өндірісі шығады. Тауарды емес, білімді өндіру күшейеді. Ақ жағалы офис қызметкерлері көбейеді. Жұмысшы табы гегемониясынан айрылады. Таптық ұғым жойылады.
Постмодерннің социологиялық шарттары
Бір ғалымдардың айтуынша, постмодернистік өзгерістер, негізінен, әлеуметтік ортада жүрді. Бірақ, социология постмодерн терминін мойындамайды. Жоғары немесе кейінгі модерн деген ұғымды қолдануға тырысады. Бірақ та, десек те, автор ұсынған үш заманауи социолог ілімі арқылы бұл өзгерістерді анықтап көрейік: Энтони Гидденс, Ульрих Бек және Юрген Хабермас.
Гидденс концепциясы
Оның сөзінше, кейінгі заманауи қоғам классикалық заманауи қоғамнан басқа, бірақ айырмашылықтары парадигмалық тұрғыда емес, ол модерндік қоғам ретінде қала береді, бірақ, шырқау шегіне жетеді.
Ол еңбектерінде үш түрлі пікір айтады, бір пікірінде төрт сипатын келтіреді: капитализм, индустриализм, қадағалау және әскери қуаттылық.
Гидденс кеңістік/уақытты онтологиялық реал дүние ғана емес, адамның бұл әлемді қабылдау қалыбы, тәртіппен орналастыруы деп қарастырады. Ертеде ел кеңістікті белгілі бір орын, жағрафиялық локус деп түсінді. Уақытқа аса қатты көңіл бөлген жоқ. Модерн заманында, орын (жергілікті жер, аймақ) мен кеңістік бір-бірінен ажырайды. Уақыттың маңызы артады. Кеңістік/уақыт біртұтастанады. Абстрактілі уақыт/кеңістік пайда болады. Кейін уақыт кеңістікті жұтып қояды.
Бектің тәуекел қоғамы
Ол постмодернизмді жасанды термин санайды. “Тәуекел қоғамы: басқа модерн жолында” атты атақты кітабында, әр көтерген тақырып “пост” деген сөзге жалғанады деп қадап айтады.
Бұрын мақсат әлеуметтік теңдік еді, қазір қауіпсіздік алдыңғы орынға шығып отыр. Қоғамды біріктіретін екі түрлі күрес жолы.
Ульрих Бек бүгінгі күні адамзат басына төніп отырған бес қауіпті жіктейді: (1) аса жоғары технологиялар тудыратан қауіптер (радиация, зиянды және улы қалдықтар), (2) қауіпті әлеуметтік жағдайлар қалыптастыратын ситуациялар (экологиялық проблемалар, бай және кедей елдер арасындағы қайшылықтар), (3) ірі бизнестер қызметінің салдарлары, нәтижелері, (4) білім тереңдеп, саяси мәнге ие болуы, бұрын сананы болмыс қалыптастыратын-ды, енді қазір сана болмысты басқарып отыр, (5) бүкіл сала саяси сипат алады.
Хабермастің модернистік жобасы
Тегінде, ол модернити процесін аяқталмаған жоба есептейді. Ақыл-ойға жақтаушы ретінде сөйлейді. Тиімділік – ақыл-ойдың тікелей нәтижесі. Демек, логикалық тұрғыда Ағарту заманы Холокостқа жетеледі, катастрофаға алып келді. Хабермас жаңа ақыл-ой тұжырымдамасы еңбек парадигмасына емес, коммуникация парадигмасына құрылуы керек дейді. Кезінде Маркс еңбекті асқақтатты, бұл көзқарас кейінгі теорияларға қатты әсерін тигізді.
Субъективтік философия ескіргенін, енді күн тәртібінде тіл философиясы тұрғанын мәлімдейді. Ол герменевтикалық шеңбер ұғымын қолданады, оны өзінше мазмұнға толтырады: мәдени қайта өндіріс, әлеуметтік жол және әлеуметтену.
Постмодерннің коммуникациялық шарттары
Бұл тарауда масс медиа рөлі туралы кеңінен әңгімеленеді. Әрине, аталмыш процесс Гутенберг дәуірінен басталады. Автор БАҚ дамуының бірнеше кезеңі бар екендігін алға тартады: (1) кітап басып шығару мен мерзімді басылымдар заманы, (2) электронды медиа мен коммуникациялардың пайда болу мезгілі (телеграф, телефон, радио), (3) телевидение дәуірі, (4) бүгінгі жоғары технологиялар уақыты.
АТАУДЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ ТУРАЛЫ ҮШІНШІ ТАРАУҒА ҚЫСҚАША ШОЛУ
Постмодерн термині алғаш рет 1917 жылы жарық көрді. Кім ашты? Бұл сөзді тұңғыш рет неміс ойшылы әрі қаламгері – Рудольф Панвиц – “Еуропа мәдениетінің күйреуі” атты кітабында келтіреді. Тағы басқа кім? Сосын, 1934 жылы Ф. де Ониз модернизмге деген реакция тұрғысында, “Испан және латынамерикалық поэзия” атты еңбегінде пайдаланады. Тойнби ше? Арнольд Тойнби 1947-шы жылдары назар аударады.
Негізі, ағылшын суретшісі Дж. У. Чапман 1870-жылдары импрессионизм кезеңінен кейінгі живопись атауы ретінде қолданған. Бірақ, басқа мағынада. Иә. Модерн ше? Ал, модернизм 1863 жылы Парижде ашылған “Аласталғандар салоны” атты көрмеден басталады. Көрмеге Париж салоны қазылар алқасы кері қайтарған шығармалар қойылады.
Жан-Франсуа Лиотардың 1979 жылы “Постмодерн шарты” деген кітабы шыққанда, аталмыш термин Еуропа рухани кеңістігінде кеңінен танымал еді. 1966 жылы Мишель Фуко “Сөздер мен заттарын” жариялайды. Жан Бодрийар көп еңбектенеді. Жиль Делез, Жак Дерриданың іргелі туындылары жарық көреді.
Бекет Нұржанов кітабында постмодернизмнің ірі тұлғалары жайында жеке-жеке сөз қозғалады. Сосын, жалпы, аталған ойшылдардың басын құрап, төмендегідей постмодерндік авторлар тізімін жасауға болады: Ролан Барт, Мишель Фуко, Жиль Делез, Феликс Гваттари, Жак Деррида, Жан-Франсуа Лиотар, Жан Бодриар, Фредрик Джеймисон, Ричард Рорти, сонымен қатар, постмодерн ойшылдарына барабар Фридрих Ницше, Жорж Батай, Морис Мерло-Понти, Морис Бланшо, Пьер Клоссовски, Жак Лакан, Хорхе Луис Борхес, Мишель Серр, Ги Дебор, Пол Фейерабенд, Джанни Ваттимо, Зигмунт Бауман, Умберто Эко, Филипп Лаку-Лабарт, Жан-Люк Нанси, Юлия Кристева, Элен Сиксу, Люси Иригаре, Джудит Батлер,Линда Хатчин, Сара Коффман, Винсент Декомб, Дэвид Харви, Дуглас Келлнер, Марк Постер, Вольфганг Ширмахер, Стюарт Холл, Чарьлз Дженкс, Мишель Мафессоли, Славой Жижек, Дэниел Белл, Юрген Хабермас, Энтони Гидденс, Ульрих Бек, Сэмюэль Хантингтон, Элвин Тоффлер, Фрэнсис Фукиямо.
Постмодернистік философияның шыққан тегі, негізінде, Франция елі. Бұл құбылыс – теориялық ағым тұрғысында – оқымысты француздардың жетістігі. Ізгі Париждің ойлап тапқаны. Бейнетқор, ізденімпаз ұлт табысы. Бірте-бірте әлемдік ой-сананы озық үлгі ретінде, жаппай жаулап, бүгінде Еуропа, Азия және Сотүстік Америка құрлықтарына кеңінен таралып отыр.
Постмодернизм – философия, постмодерн – өнер-мәдениеттегі нақты көрінісі: роман формасы, пьеса қойылымы, кинофильм, сурет.
Біз төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші тарауларына тоқталып жатуды артық санадық: себебі кітаптың кейінгі бөлімдерін талқылай бастасақ, жазып отырған эссеміз қалыңдап кетер еді. Әрі оқырман аса маңызды алғашқы қос бөлімнен алған әсерінен айырылып, іргелі екі тараудан оқып-түйгенін басқа оқып-тоқығанымен шатастыруы кәдік-түғын.
Кітаптың негізгі, мәнді бөлігі – осы екі тарау, оны түсінген, қабылдаған сергек оқырман қалған алты бөлігін де оңай ұғары сөзсіз.
Сондықтан, (4) “Постмодернизм теориясының басты мәндік қағидалары”, (5) “Модерн мен постмодерн”, (6) “Постмодернизм, сезімталдық, кеңістік пен уақыт”, (7) “Постмодернизм және қазіргі таңдағы қоғам теориялары”, (8) “Постмодерн және мәдениет” атты тарауларын оқуды зейінді оқырманның өзіне қалдырдық.
Дидар Амантай.
13.12-20.12.2019
Көрнекі сурет: Сезоны года
Бөлісу: