Абайтану ғылымы және Қайым Мұхамедханов

Бөлісу:

12.02.2020 9254

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай "Абайтану ғылымы және Қайым Мұхамедханов" атты дөңгелек үстел өтті. Шараның модераторы Қ.Мұхамедхановтың 10 томдық шығармасының құрастырушысы, қайымтанушы ғалым Ербол Іргебай болды.

Қайымның шәкірті, абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай: «Қайымның аруағы разы болмай Әуезовтың, Әуезовтың аруағы разы болмай Абайдың аруағы разы болмайды! Бұл үш тұлғаны тұтас алып зерттеп, танығанда ғана олардың құпиясы ашылмақ» - деп ұстаз өмірінің әр кезеңдеріне шолу жасады. Осы шараның өтуіне тікелей ұйытқы болып отырған ғалымның қызы, «Қайым Мұхамедханов атын­дағы білім және мәдениет ор­та­лығы» қоғамдық қорының дирек­торы, профессор Дина Мұхамедханға алғыс білдірді. Қайымның ұстаз, ғалым, қайраткер ретіндегі қырларына ерекше тоқталды. Абайға деген жанкешті еңбегін, ұстаз аманатына деген адалдығын жан-жақты талдап айтып өтті.

Дөңгелек үстелде абайтанушы ғалымдар, педагогтар және қоғам қайраткерлері қазақ әдебиеті саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайсар ғалым Қайым Мұхамедхановтың өнегелі өмір жолын, ғибратты ғұмырын, ұлтжандылығы мен әдебиетке деген адалдығын, ғалымның артында қалған баға жетпес мол мұрасы туралы сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.

Абайтану ғылымын індете зерттеп, дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер ғалым Қайым атамыз алғашқы Абай мұражайының негізін қалаушы ретінде де белгілі тұлға. Көп жылдар Абайдың түпнұсқалық сөзінің тазалығына тексталогиялық талдау жасап, зерттеп-зерделей келе толағай табыстарға жетті. Қазақ ғылымындағы тексталогия саласын толыққанды, жан-жақты зерттеген ғалым.

Қарт Семейде дүние есігін ашқан тұлғаның әкесі Мұхамедхан өз заманының көзіқарақты зиялысы болған. Әдебиетке өткен ғасырдың отызыншы жылдары келген. Бастапқыда, өлеңдер, драмалық шығармалар жазып, белгілі шетел жазушыларын аударады. Кейін Семейдегі Абай мұражайын ашқан, және алғашқы директорларының бірі болды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Көрнекті тұлғаның өмірлік мұраты – Хакім бабамыздың шығармаларымен, соның айналасындағы ақындық дәстүрмен қатар өрілген. Көкбай, Мағауия, Ақылбай туралы сүбелі мақалалар жазды. 1951 жылы «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. Осы еңбегі үшін тұтқынға алынып, ауыр азап көреді. Сонда да мойымай, лагерьден келгеннен кейін сол тақырыпты қайта жалғастырады. Шәкәрім ақталғанда ақын мұраларын зерттеп, әдеби айналымға енгізеді. «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітаптан тұратын жинақ құрастырып шығарды.

Руханияттың өзегі болып табылатын әдеби-мәдени-саяси құбылыстар Қайымға бала күннен етене жақын болған. Әкесі Мұхаметхан ұлт зиялыларымен қатар жүріп елге танылған болатын. Абай шығармашылығын өте жоғары бағалаған. "Айқап”, "Абай”, "Қазақ”, "Шолпан”, "Сана”, "Сарыарқа”, "Таң” сияқты газет-журналдарды үй кітапханасына алғызып, оқып отырған. Шаңырағында өзі ерекше құрметтейтін Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Халел Ғаббасов, Мұхтар Әуезов сан мәрте қонақ болған. Осындай ортада өскен зерек, зейінді бала Қайымның ұлтшыл, ойшыл болып ер жетуі табиғи құбылыс еді.

Ақын ретінде қырқыншы жылдардың басында Қазақ КСР гимнінің мәтінін жазды. Қорыта айтқанда, айшықты ғалым абайтану ғылымының негізін салып, оны үлкен арнаға айналдырып, тынбай еңбек етті. Саналы ғұмырын Абайға, Мұхтарға арнап, ақыры тоқсан жасқа жақындап, 2004 жылы өмірден өткен болатын.

Жиын барысында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорынан ғалымның ғылыми еңбектерімен ғалымның жеке мұрағаттық қорынан фото-құжаттық көрме ұйымдастырылды.

Ғалым өзінің ғылыми-зерттеушілік қызметінің алғашқы күндерінен бастап Абай және оның ізбасарлары туралы материялдар жинап, Абай мектебі туралы өмірі мен шығармашылығы туралы тексталогиялық талдау жасап, ғылыми-шығармашылық өмірбаяндар жазды.

Абай мектебі – қазақ әдебиетіндегі үлкен мектеп, ол үшін ғалым 1951 жылы қуғынға ұшырып, 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Ғалым Абай бейнесін мүсіндеу өнерінде ақынның образын тазалығын сақтау үшін күресіп, Абайдың алғашқы баспасы – И. Бораганскийдің есімін қайтарып, «Абай» журналын қайта жандандырды. Абай және оның әдеби ортасы бойынша бірегей мұрағаттық құжаттарды сақтап, шежіре құрастырды. Абай және оның замандастары туралы естеліктерін жазып, Абай ұрпақтарымен жақын араласты.

Қайым Мұхамедханов – Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері.

Қайым Мұхамедханов еңбектерін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының қорынан табуға болады.

Арман Шеризат

Суреттер "Әдебиет порталының" меншігі болып табылады

Бөлісу:

Көп оқылғандар