Теннеси Уильямс. Айтулы ойын (аударған Әлібек Байбол)
Бөлісу:
Аударма Қазақстан Республикасы Авторлар қоғамының қорғауында
Ағылшын тілінен Алексей СЕДОВ ©, орысшадан Әлібек БАЙБОЛ © аударды. (бір актілі пьеса)
Теннесси УИЛЬЯМС (Томас Ланир Уильямс III) – Чехов, Шоу, Брехт, Ануй, Жироду, Беккет, Миллер, Вампиловтармен қатар тұрған Американың ұлы драмашысы, Пулицер сыйлығының иегері. Өзі Уильям Шекспир, Эмили Дикинсон, Август Стриндберг, Жеймс Жойс, Харт Крейн, Антон Чехов, Уильям Фолкнер, Дэвид Герберт Лоуренс, Томас Вулф, Эрнест Хемингуэй секілді қалам иелерін ерекше қадір тұтқан-ды. Оның шығармаларын аудару қиындау. Қиындығы сонда, Константин Паустовскийдың: «Қарасөз өлеңше өрілу керек!» – дегеніндей, Теннесси – ақынжанды, әрі өте нәзік драматург. Автордың поэтикалық қуаты бөлекше, һәм психоанализге арқа тіреген драмаларында ішкі айқай бар. Өмірден өздігінше мән-мағына іздеген әр қаһарман тұрмыс-тіршіліктің бірыңғай ағысына қаны қас. Т.Уильямс тағдыр уын ішкен жаны жаралы кейіпкерлерін қоғамдағы қилы-қилы жағдаяттарға оппозит ретінде қояды, сол арқылы төзімін, ерік-жігерін, сабырын сынайды.
ҚАТЫСУШЫЛАР:
ТОНИ ЭЛЬСОН – колледж талапкері, американ футболының жарық жұлдызы, жиырма жаста.
ДЭЙВ – ауруы асқынған жан, жиырмада.
УОЛТОН – науқас, қырық тоғызда.
ЖО – мейірие.
МИСС АЛЬБЕРС – жас медбике.
*КЕНЕ – аға медбике мисс Стюарттың лақап аты.
ДӘРІГЕР НОРД – аурухананың жас дәрігері.
ДӘРІГЕР ХАЙНС – Дэйвты емдеп жүрген дәрігер.
Қалалық емхананың еркектерге арналған көлемі ықшам палатасы. Онда кемінде үш төсектің біреуі ғана бос. Әртістердің қимыл-қозғалысына кедергі келтірмес үшін кереуеттердің орналасу тәртібі әртүрлі болуы мүмкін, бірақ Дэйвтікі терезелерге қаратылу қажет. Тони төсегі қасындағы тумба үстінде көптеген сыйлық, жеміс-жидек толы себет, конфет қорабы, кітап, жорнал, гүл жатыр. Қара күз. Сенбілік таң. Күн аппақ палата ішіне шуағын шашып тұр.
ТОНИ (Дэйвқа). Қалың қалай, ояндың ба? Таңғы астан қағылдың.
ДЭЙВ (немқұрайды). Бопты. Есесіне, ұйқы қанды.
ТОНИ. Түнімен қиналып шықтың ғой деймін?
ДЭЙВ. Одан да нашар. Дем ала алмай, жаным көзіме көрінді. Он жарымда қоңырау шалып, укол салсын деп ем, он екіде бір-ақ келгені.
ТОНИ. Доғдырлар әдейі көп еккісі келмеген-ау...
ДЭЙВ (аласұрып). Екпесіз күнім қараң. Олар мұны жақсы біледі. Сұрағанда, бере салу қиын ба екен, сонша?
ТОНИ. Әлгілер әзірге дәрі қолданбасаң дейді.
ДЭЙВ. Жә! Олар халімнің мүшкіл екенін біледі емес пе?!
ТОНИ. Жоқ, Дэйв. Олай емес, обалы не керек, бізге жақсы қарап жүр.
ДЭЙВ (кідірістен соң). Ұйқыңды бұзған жоқпын ба? Кедергі келтіргеніме қысылдым. Жөтел бәле болды. Көкірегіме жүн-жұрқа толып қалғандай, тура.
ТОНИ. Он бомбы түссе де оянбаймын. Расында да дәрі беру керек екен, саған... күркілдеуің жаман.
ДЭЙВ. О жағына алаңдама. Ертемен қайда жиналдың?
ТОНИ. Айым оңынан туды, бауырым.
ДЭЙВ. Е-е-е, бүгін шықпаушы ма ең?
ТОНИ. Дәл солай! Рұқсат етсе, әрине. Аяғым қалай? (Оралған аяғын көрсетіп).
ДЭЙВ. Ісіп тұр, әлі. Жалпы, жаман емес.
ТОНИ. Тәлейің бар екен, қайта.
ДЭЙВ. Иә.
ТОНИ. Мүгедек боп қалуым да мүмкін еді. Өмірбақи балдаққа сүйенгенше – өлген артық!
ДЭЙВ. Қой, қайдағыны айтпа.
ТОНИ. Мені жақсы танымайсың ғой, еһ. Қозғалысты қол көрем. Оқтай ұшып... Қап! Мені шығармаса, онда... Жібере ме? Қалай ойлайсың?
ДЭЙВ. Асығыссың ғой?
ТОНИ. Е-е-е, енеңді ұрайын! Бүгін – сенбі!
ДЭЙВ. А-а, футбол бар еді ғой!
ТОНИ. Маусымның басты ойыны. Миссуриға қарсы ойнаймыз. Көрмесем, арманда кетем, шын! Қатардан шығып қалғанымды қарашы! Ойлашы, осы маусымда екі-ақ жарысқа қатысыппын! Сәтсіздік қой, иә?
ДЭЙВ. Иә. Нағыз сәтсіздік.
ТОНИ. Қосалқы құрамда отырсам да ойынды көріп, жанкүйер болам. Бәстесуге әзірмін. Дэйв, келесіде сені де стадионға алып барамыз.
ДЭЙВ. Рас па?
ТОНИ. Рас! Кім келгенін қара! Грета Гарбо!
Палатаға бойы ұзын, мисс Альберс есімді ақсары медбике енеді.
МИСС АЛЬБЕРС (әзілі қалың қатқылдау дауыспен). Кларк Гейбл, байқауымша әлі жатпаған секілдісіз?
ТОНИ. Қымбаттым, екеуміз махаббат сахнасын тағы қайталасақ қайтеді?
МИСС АЛЬБЕРС (дене қызуын өлшейтін құралды аузына салып). Сол өрттаңға шейін өшіп қалған жоқ па екен, тексерелік.
Тони қабағында күлкі жоқ, жүзі суық қалпы төсекке сылқ етіп отыра кетеді. Медбике Дэйвтың жанына жақындайды.
МИСС АЛЬБЕРС. Сені азанғы ас кезінде әдейі оятпадым, ерке бала. Мұны Кене білсе, мені жұмыстан қуады.
ДЭЙВ. Солай де. Рақмет, Грета. Шынында да, ұйқымды қандырғым келді. Жарым түнге дейін уколды күттім.
МИСС АЛЬБЕРС. Бүгін кешіктірмейміз. (Салмақты сөйлеген сары қыз температураны өлшейтін құралды оның аузына салып, тамыр соғысын есептейді. Содан соң Тонидың қасына барып, градусникті алады). Дене қызуың – қалыпты.
ТОНИ. Демек, кетуге рұқсат қой?
МИСС АЛЬБЕРС. Жоқ, мистер Гэйбл, бүйтіп жүрегімді жараламаңызшы!
ТОНИ (американ футболындағыдай еңкейіңкіреп, бас салады). Алдыңғы шептегі айқас деген – осы, Грета!
МИСС АЛЬБЕРС. Қой, қой деймін жынды!
ТОНИ. Тосқауылда! Тосқауылда!
МИСС АЛЬБЕРС (қарқылдап күліп, шыңғырып). Доғар, жайыма қалдыр, жарымес! (Тони оны жібере салады) Онсыз да тамам жұрт тартымды екенімді айтып жүр. Бұндай нәрсе жүрегі әлсіз шалдарға жақпайтын ұқсайды.
ТОНИ (алаңғасарлықпен). Мен жазылып шыққан соң Дэйвқа жабысып жүрме.
МИСС АЛЬБЕРС. Ол – қыздарға қырсыз. Жасырма. Солай емес пе?
Аузындағы градусникты алады.
ДЭЙВ. Иә! Әсіресе, сары қыздарға.
МИСС АЛЬБЕРС. Айттым ғой. Оны өзіме ғашық қылуға зәредей де мүмкіндік жоқ. Ой, Құдай-ай, Кене келе жатыр!
Есік сыртынан аға медбикенің даусы естіледі. Содан кейін, бет-бедері – қырлы, көзілдірік таққан кексе қатынның өзі де көрінеді. Жас медбике бойын лезде-ақ жиып ап, жұмысбасты да байсалды жанның кейпіне енеді.
КЕНЕ (мұрнынан міңгірлеп). Қайырлы таң. Оған ешкім жауап қатпады.
КЕНЕ. Мистер Эльсон, сіздің орныңызда болсам, аяққа салмақ салмас ем. Одан айырылып қалудың сәл-ақ алдында жүргеніңізді білсеңіз етті. Және... ол толығымен жазылған жоқ. Дәрігер міндетін атқарсам... кемінде апта бойы төсектен тұрмауға кеңес берер ем... алайда... (мұрнын тартып) бар-жоғы емхана медбикесімін! (Жас медбикеге бұрыла қарап) Мына жерге жатқызайық. (Екі бос төсектің бірін нұсқап).
МИСС АЛЬБЕРС. Кімді?
КЕНЕ (жұлып алғандай). Таңертең басында ісігі бар науқасты осында ауыстырамыз деп едім ғой?
МИСС АЛЬБЕРС. Басында ісігі бар? Жоқ.
КЕНЕ. Солай де. Есіңнен шығып кеткен-ау. Таң қалатын нәрсе емес, бірақ та. Жауапкершілікті өзіңе алмасаң – осы. (Төсекті реттеп). Жағдайы ауыр... дәрігер Мозер қарайды. Ондайларды ортақ палатаға орналастырғанын ешқашан естімеппін. Көпшіл, өзінше. Жалғыз жатуға – қарсы. Мінезі де аса... сондықтан осы жерге алып келуге тиіспіз, дейтұрсақ та ойында не барын бір Құдай...
МИСС АЛЬБЕРС. Қай деңгейде, мисс Стюарт?
КЕНЕ. Ота жасау керек. Өте қиын. Маңдайдың сол бөлігіндегі ісікті кесіп алуға дәрігер Мозер ғана келісті.
Ол есікке арқасын берген күйі сөйлеп тұрғанда, ішке дәрігер Нордтың көмегімен жүріп келе жатқан орта жастағы Уолтон атты жаңа науқас кіреді. Екеуінің ақырын басып, ішке енгенін байқамаған Кене төсекті жинастыруда.
КЕНЕ (даусы жарқын-жарқын шығып). ...аман шықпасына бәс тігем.
Дәрігер Норд асыға жөткірінеді. Кене есі шыға жалт қарайды. Әсілі, еркек жаңағы сөз өзіне қарата айтылғанын түсінген сияқты. Бір сәтке үрейлі үнсіздік орнайды.
КЕНЕ. А-а-а... қазір ғана... қазір ғана көрпе төсеп...
ДӘРІГЕР НОРД (салқынқанды). Иә. Иә. (Уолтонға ерекше ықыластанып) Міне, достым. Ендігәрі, бұл палата «стадион» деп аталады. Мұнда сенбі сайын дәлізде футболдан жолдастық кездесу өтеді.
ТОНИ (әңгімеге араласып). Тек бүгін емес! Кетіп барам!
ДӘРІГЕР НОРД. Шын ба? О, жағын көре жатармыз.
Мисс Альберс Кененің артынан жылыстап есікке барады-дағы, ешкімге білдірмей Тониға көз қысып, палатадан шыға жөнеледі.
ДӘРІГЕР НОРД. Мистер Уолтон, мына бозбала – вашингтондық «Аюлардың» жартылай қорғаушысы, Американың мақтанышы – Тони Эльсон. Тони, бұл – мистер Уолтон, сенің палаталас көршің.
Екеуі амандасады. Уолтон бет-әлпетінен алаңдаушылықтың нышан-белгісі білініп тұр. Қимыл-қолғалысы – тым ширақ. Асығыс-үсігіс. Өзін батылдау көрсеткісі бар.
УОЛТОН. Танысқаныма қуаныштымын, Эльсон. Сені ойын алаңында көргем... (Дәрігерге). Қазір не істейін? Жатайын ба? (Күлкісі үзіліп-үзіліп естіліп). Өзіңді сергек сезінгенде, төсекке таңылу – ақымақтық!
ДӘРІГЕР НОРД. Мына жердегі... керме артына киім ауыстырсаңыз болады. Мисс Стюарт, әзірге оның картасын толтыра беріңіз.
Уолтонның төсегі алдында ақ керме керіліп тұр. Кене керменің арғы бетіне жайғасып, қарандаш пен медициналық картаны алады. Уолтон киініп, төсекке жайғасқанша медбике оған бірқыдыру үйреншікті сұрақ қояды.
ДӘРІГЕР НОРД (Тонидың аяғын тексеріп). Тізең әлі ісіп тұр ғой.
ТОНИ. Жазылып кетті.
ДӘРІГЕР НОРД (Саусақтарымен сәл басып). Рас па?
ТОНИ. Ай!
ДӘРІГЕР НОРД. Осы ма, жазылғаны? Дәрігер Хайнс не дер екен, әліптің артын бағайық.
ТОНИ. Адам күні – адаммен. Мені жіберсін деңізші. Бүгінгі айтулы ойыннан қалмауым қажет.
КЕНЕ (Уолтонның картасын толтырып отырып). Туған жылыңыз?
УОЛТОН (керме артынан қарлыққан даусы естіледі). 1887-нің үшінші желтоқсаны.
КЕНЕ. Ата-анаңыз бар ма?
УОЛТОН. Жоқ.
КЕНЕ. Қашан қайтыс болды?
Үнсіздік. Жас дәрігер Дэйвтың кереуетіне жақындайды. Ол теріс қарап жатыр.
ДӘРІГЕР НОРД. Неге көңілің төмен, өңің сынық?
ДЭЙВ. Түнімен жаным қиналып шықты.
ДӘРІГЕР НОРД (байыпты). Түсінем, достым. (Дэйвтың тамыр соғысын есептеп).
УОЛТОН. Шешемнің өмір шамы елу екісінде сөнді. Әкем мендей жаста...
КЕНЕ. Анаңыз неден қайтыс болды?
УОЛТОН (қырылдаңқы дауыспен). Жаман ауру.
КЕНЕ. Қай мүшесінен?
ДӘРІГЕР НОРД (Дэйвтың білегін жіберіп, сағатты алады). Не жағдай?
ДЭЙВ. Жарым түнге шейін укол салғысы келмеді. Ауыз жаппай жөтелдім. Күндіз тыныш. Түнде ғана. Тақ бір ауа жұта алмай қалатын сияқтысың. Не дем жетпейді, не ұйықтай алмайсың. Сұрағанда дәрі егіп тұрсыншы, өтінем.
КЕНЕ (қатыбастанып). Қай мүшесі екенін анықтап айтыңызшы... айып етпесеңіз!
УОЛТОН (ызалы). Дәрігер, мұндай анайы сауалдардың қажеті қанша. Басым ауырып кетті!
ДӘРІГЕР НОРД (сарабдал). Осы да жетер, мисс Стюарт.
Кене орындықтан тұрып, қыр көрсете шығып кетеді.
ДӘРІГЕР НОРД (Дэйвқа). Саған дәріні мейлінше әсер ететін кезде ғана саламыз.
ДЭЙВ (ашуға булығып). Шаршап кеттім. Адам ұқсап ұйықтай алмай жүрмін, түсініңізші. Шалқалап жатып, төбеге қарағанымда көкірегім құс қауырсынына толып қалғандай күй кешем!
ДӘРІГЕР НОРД (бір нәрсені қойын дәптеріне жанталаса жазып). Шыдағын, бауырым. Амал нешік, уақыт керек. Қазір тағы бір рет іш құрылысыңды түсірейік. (Қоңыраулатып, медбикені шақырады).
ДЭЙВ. Рентгенге ме? Пайда жоқ. Қуатты дүниеге ділгірмін. Түнде алаңсыз жату үшін...
ДӘРІГЕР НОРД. Саған тыныштандырғыш дәрі береміз, Дэйв.
ДЭЙВ. Оның да әсері – әлсіз. Түнұзаққа жөтелем. Әл-дәрмен қалмады, бойда. Күндегідей дөңбекшіп, Көкке қарап... және... және күтіп...
ДӘРІГЕР НОРД. Нені?
ДЭЙВ. Жай әншейін. (Бұрылып, бетіне қарап). Ашуланғаным үшін айып етпеңіз. Әдейі емес.
ДӘРІГЕР НОРД. Уайым жеме, достым. Өзің білетіндей, бәріміз сені қолдауға дайынбыз.
ТОНИ (толық киініп). Әрине, Дэйв. Алғыс айту күніне шейін оңалып, «Көктерге» қарсы қалай ойнайтынымды көресің, әлі-ақ.
ДӘРІГЕР НОРД (құрал-саймандарын шетке ысырып). Саған жартылай қорғаушы есепті қатысудан гөрі, Дэйвтың сол ойынды тамашалауына мүмкіндік зор.
ТОНИ. Алаңда жүрем, ал ол трибунада отырып, жанкүйер болады! Қалай ойлайсың, Дэйв? (Пауза).
ДЭЙВ. Нағыз футболшыны өмірімде көрмеппін. Сенбі сайын ауладағы балалар доп қуатын. Керемет еді, алайда арты ұрыс-төбелеске ұласатын.
ТОНИ. Ешқашан да ойнамап па ең?
ДЭЙВ (асықпай-аптықпай). Жоқ. Қатар ойнағандар көп қателесетін. Бәрін ұрып тастағым келетін, тура!
ТОНИ (күліп). Дұрыс, рух деп осыны айт.
Мисс Альберс кіреді.
ДӘРІГЕР НОРД. Арба керек. Дэйвты тағы да рентгенге түсірейік, мисс Альберс.
МИСС АЛЬБЕРС. Жарайды, дәрігер.
УОЛТОН (кереуетте жатып). Медбике, мына кермені алып тастауға болмас па екен? Оқшауланып қалдым.
Әйел кермені керегеге қарай итереді. Пижама киген Уолтон төсек жиегінде отыр.
УОЛТОН. Дәрігер Мозер қаншада келеді?
ДӘРІГЕР НОРД. Бір жарымдар шамасында.
УОЛТОН. Бірден іске кірісе ме? Ертерек емделсем жақсы еді.
ДӘРІГЕР НОРД. Сізге отаны екіде жасайды, мистер Уолтон. Жедел болғанын қалаймысыз?
УОЛТОН. Иә, созудың қажеті шамалы!
ДӘРІГЕР НОРД. Дұрыс.
Палатаға арба итерген **интерн кіреді. Дэйвты орнынан тұрғызып, соған жайғастырады.
ДЭЙВ. Іш құрылысымның көп сүгіреті жиналғаны соншалық, мұражай ашуға болар. Басқалардікінен ерекше шығар, менікі? Ұстамашы-ей! Өзім-ақ көтеріле алам. (Қалбалақтап, орнынан әзер тұрады. Оны арбаға отырғызады. Сәл-пәл жымиып). Ха! Атлантик Сити жағалауымен жүргенмен бірдей! Өмір – өткінші, жігіттер!
Оны палатадан алып шығып кетеді.
УОЛТОН. Қай жері ауырады?
ДӘРІГЕР НОРД (басын шайқап, блокнотына сүйкектетіп жазып). Туа біткен жүрек ақауы.
УОЛТОН. Емделе ме?
ДӘРІГЕР НОРД. Бәрі уақыт еншісінде.
ТОНИ. Айтқыңыз келгені...
ДӘРІГЕР НОРД. Оған қарағанда тәлейлі екенсің, бірнеше ойынға ғана қатыспассың!
ТОНИ (ойға шомып). Солай шығар... мәс-саған... жағдайы соншалықты нашар деп ойламаппын. Байқұс, Дэйв! (Ол бір сәтке сең соққан балықтай сенделіп, төсек қырына отырып қалады да, бауын байлайды).
УОЛТОН. Бұ туралы өзі біле ме?
ДӘРІГЕР НОРД. Негізі, ердің сойы екен. Бүйтіп қалжырағанын алғаш көруім. Бірақ, амал нешік! (Қойын дәптерін шетке қойып). Жағдай қиын! (Мейірленіп). Жақсы, жігіттер!
ТОНИ ПЕН УОЛТОН. Жақсы.
Пауза.
ТОНИ. Ауруханадағы ахуалдан зәрең ұшады.
УОЛТОН. Айтпа!
ТОНИ. Бұ туралы бұрындары ойланбаппын. Білетінмін, бірақ та. Елдер емі жоқ кеселге шалдығып, қайтыс болатынын естігем. Көзбен көрген басқаша екен!
УОЛТОН. Иә, көзбен көріп, көмектесе алмайтының қиын-ақ.
ТОНИ. Дэйвтей азаматқа осындай дерт-дербезе жабысқанына қынжыласың.
УОЛТОН. Өмірде өзді-өзіңнен: «Осы қажет пе?» – деп сұрайтын кездер көп болады.
ТОНИ. Мұның еш мәні жоқ. Солай емес пе?
УОЛТОН. Иә. (Пауза). Еш мәні жоқ.
ТОНИ. Ол туралы ойлансаң... қызық сезім – үрейленесің, рас па?
УОЛТОН. Рас.
ТОНИ. Қай себеппен ауруханаға түстің?
УОЛТОН. Ота жасайды. Мына (маңдайын ұрғылап) жерден... сылып алып тастайтын нәрсе бар.
ТОНИ. Шын, мен естігем.
УОЛТОН (ерекше екпінмен). Ішке енгенімде, мен де оның айтқанын естігем!
ТОНИ. А-а, сіз анау туралы...
УОЛТОН. Иә.
ТОНИ. Құлағым шалып қалды.
УОЛТОН. «Аман шықпасына бәс тігем». Ха! Қара да тұр...
ТОНИ. Ол қатынның ниеті – қара!
УОЛТОН (паузадан соң). Миға ота жасау қауіпті.
ТОНИ. Жұқпалы ауру жұқтырып, түнде қағынып, дәрігерлер аяғымды кесіп тастағысы келген.
УОЛТОН. Мәссаған.
ТОНИ. Иә, дене қызуым көтерілді. Қырық тоғыз жарым. Сандырақтадым! Доғдырларға: «Аяғымнан айырылғанша арғы өмірге аттанғаным абзал», – дедім! (Күліп). Әлгі қақпас әзір тұрған шығар. Бірақ, мен оны алдап соқтым. (Төсектеп тұрып). Айтпақшы... бүгінгі доданы стадионнан... қосалқы құрам ойыншыларымен бірге көрем. Бапкер тактикасы – тастай... кейін ол жөнінде оқулықтарда жазады. Біз оны жаттығу кезінде қайталадық. Ойын соңына комбинация әзірледік, керемет, енді. Былай болады... оң жақтағы жартылай қорғаушы айналып өтіп, қарсыласты жабады, оп! Енді, ол жабық, дәл осы сәтте Джо Крамер... қап! (Саусағымен сырт еткізіп). Ойласам, ұйқым қашады.
УОЛТОН (немкетті). Не туралы?
ТОНИ. Қосалқы құрамда отыратынымды да! (Жымиып) Бірақ, шүкір. Екі аяғыңмен жүре алсаң, соның өзі – жеңіс емес пе?! (Қайта орнынан отырып) А, иә, біздің комбинация... куотербэк допты қақшып алды да, Джо Крамерге жеткізді... Джо жылдам Крис Ланжға артқа береді. Білесіз бе, менің орнымдағы Крис пас берген сыңай танытады да... дәл осы сәтте... Джо...
Дәл осы сәтте мейірие Жо Дэйвты палатаға кіргізеді. Түрі – сұп-сұр, әрі әлсіз. Дэйв еріксіз езу тартып, арбаның арқасына басын тірейді.
ТОНИ (достық пейілмен). Кім келді десеңізші?!
ДЭЙВ. Қалдарың қалай? Сені айтулы ойынға кетіп қалды екен десем.
ТОНИ. Кету керек, рас!
ЖО (Тониға). Сені дәлізде бір кісі күтіп тұр.
ТОНИ. Дәрігер Хайнс? Ей, дәрігер, дәрігер!
Ол балдаққа сүйеніп, еңкеңдеп кетіп барады. Әуелі, дәрігердің Тониды ұрысқан, артынша күлген даусы естіледі.
ЖО (Дэйвты төсекке отырғызып). Осы-лай-й-й.
ДЭЙВ. Құрысыншы, бәрі. Шылым бер, Жо.
ЖО (темекісін енжарлау ұсынып). Хайнс кетпейінше шекпегін.
ДЭЙВ. Рақмет.
ЖО. Тартпағаның дұрыс еді.
ДЭЙВ. Неге?
ЖО (ұстамды). Денсаулығыңды күт.
ДЭЙВ. Неге деймін?
УОЛТОН. Ол дұрыс айтады.
ДЭЙВ (бірден). Келістік, Жо. Кешкі астан соң, онда.
Тони жадыраңқы қалпы, балдаққа сүйеніп қайта палатаға енеді. Артынша дәрігер Хайнс келеді.
ТОНИ. Болды, мен кеттім!
ДӘРІГЕР ХАЙНС. Тоқта, жартылай қорғаушым. Бәрін алдың ба?
ТОНИ. Әрине!
Дәрігер Хайнс Тониға күртешесін киюге көмектеседі.
ДӘРІГЕР ХАЙНС. Әкеңнің көлігі аурухананың артқы жағында. Былай барсаң жақындау. Аяққа салмақ салма, балдақпен аз дегенде апта жүр!
ТОНИ (сабырсызданып). Жақсы, жақсы! Кеттім! Алғашқы кезеңді өткізіп алармын, тағы! Әлем көрмеген, әуемен берілген ең ғажап пас! Сағат қанша болды, дәрігер? Мәссаған... Еһ... (Ол бұрылып, Дэйвтың төсегіне барады да, қолын созады) Қош бол, бауырым!
ДЭЙВ. Қош бол, Тони.
ТОНИ (ыңғайсызданып). Жорнал, конфет, тағы басқасын өзіңе қалдыр, мақұл ма? Бұлар енді, сенікі!
ДЭЙВ. Жоқ, Тони. Өзіңмен бірге ала кет.
ТОНИ (күліп). Қойшы! Керек емес! Міне... (Үлкен себет толы жеміс-жидекті Дэйвтың төсегі жанындағы тумбаға қояды) Өзің жегін. Ұнамайды. Рас айтам!
ДЭЙВ. Жүзімнің бір үзімін ғана алайын. Рақмет, Тони.
ДӘРІГЕР ХАЙНС (есік сыртынан). Ей, жартылай қорғаушы, болсаңшы!
ТОНИ (есікке бет алып). Қазір! (Дэйвқа) Ойын барысын радиодан тыңдайсың ба?
ДЭЙВ. Әрине.
ТОНИ. Жарайды, онда. (Кетеді).
ДЭЙВ (өзімен-өзі сөйлескендей боп). Иә. Қош бол...
УОЛТОН (ұзақ паузадан соң жөтеліп). Жақсы жігіт, а?..
ДЭЙВ. Иә.
ТОНИ. Мен оны ойын алаңынан көргем.
ДЭЙВ. Рас па?
УОЛТОН. «Аюлар» сапындағы ең мықты жартылай қорғаушы.
ДЭЙВ. Солай де.
УОЛТОН. Екеуің дос боп кеткен шығарсыңдар, а?
ДЭЙВ. Иә. (Пауза). Енді, екі ай бойы бір палатада...
УОЛТОН. Сағынасың ба?
ДЭЙВ. Әрине. (Тумба үстіндегі жорналды парақтап, лақтыра салады). Қасыңда жүрсе күлкіге қарық боласың. Түсінесің бе? Жаныңда алуан тақырыпта сөйлесе алатын адам барда, өзіңді еркін сезінетінің рас.
УОЛТОН. Әлбетте, түсінем. Екеумізге қолдау тобын құру ғана қалды. (Уолтон мен Дэйв осы әзілге күлуге талпынады, алайда нәтижесіз. Уолтон қолсағатына қарайлай береді). Әлі жарты сағат бар!
ДЭЙВ. Отаға шейін бе?
УОЛТОН. Иә. Дәрігерлер: «Созбағаның дұрыс», – дейді.
ДЭЙВ. Маған да қажет-ау, сол. Керексіз нәрсені кесіп алып тастаса ғой, шіркін. «Жатқанға жан жуымайды» дегендей, ақырындап, ақырындап...
УОЛТОН (үнсіздіктен соң). Миға операция істеу қатерлі. (Темекесін тұтатады. Қолы дірілдеп). Медбикенің не деп айтқанын білесің ғой. Аман қалмасыма бәс тігеді екен!
ДЭЙВ. Ой, соны да сөз деп тұрсың ба?!
УОЛТОН (ашуланып). Аман қалмасыма бәс тігеді екен, өзінше. Естідің бе? Мен оған көрсетем. Не көрмеген бас, бұл. Жауынгер ұқсап соғыстым. Бес ай бойына қан майданда болдым. Оқ қарша борағанда да шабуылға шыққам. Енді, қорықпаймын. (Күледі, даусында діріл бар). Аман қалмайды дейді. (Түрі сұрланып, сұсты боп). Дегенмен, онда да кінә жоқ. Миға жасалар ота... (Даусы жұмсарып, дірілдеп). Рулетка секілді нәрсе ғой, тірі шығу, шықпау, неғайбыл. Иә, рулетка секілді. (Қайта күліп). Иә. Ойласам болды... жаттым, ұйықтай алмай. Бір сәтке де көз ілмедім... Мүмкін, бұл соңғы түнім шығар? Қимайды екенсің. Траншеяларда өзгеше. Жарылыс... бомбы... бабах! Бум!.. сол нәрсе қаңға сіңіп кетеді екен... ақылдан адасқандай боп, қорқудан қаласың. Түнде... жалғыз қалғаныңда... әлгі нәрсе ойыңнан кетпейді... мүмкін бұл соңғы түнім шығар? Екінші рет қайталанбас. Азды-көпті елу жыл өмір сүрерсің... алайда... ажал құшасың! Осыны ойласаң бар ғой... (Темекісін асығыс шегіп). Өткен түнде қайткенімді білесің бе? Тұрдым-дағы... пердені мүмкін болғанша... жоғары көтердім.
ДЭЙВ (қызығып). Не үшін?
УОЛТОН (аз-кем үзілістен кейін қарлығыңқы дауыспен). Жұлдыздарды көру үшін!
ДЭЙВ. Шын ба? Жеңілдедің бе?
УОЛТОН. Әрине. Пайдасы орасан. Қорыққаныңда жоғарыға, жұлдыздарға қарасаң болғаны. Мұны Францияда жүргенде түсінгем. Әлі есімде... бірде... кешкі атыстан соң блиндаждан шығып... қатты қорықтым... масаң адамша жүрдім... мылтықты әзер ұстап... Көк аспанды көрдім, сол кезде. Бұлт ішінен. Күлдім... көп екен... жұлдыздар... ішіндегі біреуі ғана менікі... ұқтың ба?
ДЭЙВ. Иә, бірақ қарағаннан не пайда?
УОЛТОН. Білмеймін, өзімді әлсіз, кіп-кішкентай, елеусіз сезінем, сондайда. Олар болса, асқақ... алыс... қарайсың да: «Мені жаратқандағы мақсат не?» деп ойлайсың. Мендейлер күнде миллиондап туып жатыр. Ал, жұлдыздар бізге дейін, бізден кейін де жана беретінін ұғасың! Олар – мәңгілік. Ал, мәңгілік туралы ойлансаң... (Қос қолын сермеп).
ДЭЙВ (ақырын ғана). Иә... иә...
УОЛТОН (шаттанып). Түсінесің ғой?
ДЭЙВ (Уолтонның сөзіне ойланып). Иә, түсінем.
Жарық сөнеді. Бұл – алты сағаттай уақыт өтті дегеннің белгісі. Жарық қайта жанғанда кеш батқаны байқалады. Уолтонның төсегі – бос, жинаулы. Дэйв артқы жағына айқастырған екі қолына басын тіреген күйі тік отыр. Жорнал оқымаққа бекінгенімен дүркін-дүркін Уолтон мен Тони жатқан кереуетке қарай береді. Жалғызсырап отырғанға ұқсайды.
Палатаға Жо атты мейірие кіреді. Қолында тамақ салынған жайпақ табақ бар. Ол асқан мейірбандықпен сөйлеп.
ЖО. Ауқаттанып ала ғой.
ДЭЙВ. Зауқым жоқ.
ЖО. Әлденіп алғаның жөн. Басшылар сөйтіп айтты. (Дэйвқа сәл көтерілуге көмектесіп, шағын үстелге тамағын қояды). ***Шпинат. Тауысқаның дұрыс. Екі кісілік тамақ берсін дегем!
ДЭЙВ. О! Бұл қандай ****гуляш?
ЖО. Қозы етінен әзірленген!
ДЭЙВ. Тәбетім шаппай тұр. Ана кісі қашан келеді?
ЖО (сұрақтан қашқақтап). Қай?
ДЭЙВ. Білмеймін демеші. Уолтон!
ЖО (Дэйвтың көзіне қарамауға тырысып). О. (Пауза). Оған қам жеме. Тамағыңды же.
ДЭЙВ (Жодан көз алмай). Аяқталған шығар, операция?
ЖО. Иә. (қолына жорналды алып) Бітті.
ДЭЙВ (алаңдап). Қайда, ол?
ЖО (ұзақ үнсіздіктен соң). Ол... оралмайды.
ДЭЙВ. Демек...
ЖО. Иә...
ДЭЙВ (үнсіз отырып). Қызық-ей! Келемін деп еді. Сенімді сөйлеп.
ЖО. Миға жасалар ота рулетка секілді ғой.
ДЭЙВ. Өзі де білген. Үмітсіз – шайтан.
ЖО. Соңына дейін сенгені де дұрыс болған. Же, тамағыңды.
ДЭЙВ. Қарным – тоқ. Шылымыңнан бер, Жо.
ЖО. Рұқсат жоқ.
ДЭЙВ. Жо!
ЖО. Заңға қайшы.
ДЭЙВ. Сен де қоймайды екенсің.
ЖО. Жоқ, деймін. Темекі шегуге болмайды, саған. Денсаулығыңа зиян.
ДЭЙВ. Берші-ей, найсап! Жақындашы!
ЖО. Недеген қырсық немесің, а? Мә! (Темекі қорабын ұсынып). Бәрін ал. Өлгенше шек, ештеңем кетпес!
ДЭЙВ (асыға алып). Рақмет!
ЖО (күңкілдеп). Бұл әдетіңді қой.
ДЭЙВ. Неге?
ЖО. Пайдасы тимейтінін өзің де білесің ғой.
ДЭЙВ (миығынан күліп). Маған еш нәрсе әсер етпейді, Жо.
ЖО. Қайдағыны айтпа. (Дэйвтың темекісін тұтатып).
ДЭЙВ. Қайтыс болған соң не істедіңдер, онымен?
Жо бұл жайсыз сауалға жауап бергісі келмейтіні анық. Жорналды парақтап.
ДЭЙВ. Төменге сүйрелеп, әлгі жертөлеге кіргіздіңдер ғой, иә?
ЖО. Иә.
ДЭЙВ. Содан соң ішек-қарнын ақтардыңдыр? (Еріксіз езу тартып) Менікін қайтпексіңдер, Жо? Қанденіңе тастаймысың?
ЖО (долданып) Жап, аузыңды!
ДЭЙВ. Ашуланбашы-ей, енеңді! Әзіл ғой! Тонидың айтулы ойыны қалай аяқталғанын айтсаңшы, одан да.
ЖО. «Аюлар» аямапты: отыз алты да – нөл.
ДЭЙВ. Отыз алты да – нөл дейді! Бір қақпаға соға берген бе, сонда? Солай ғой, өзі... біреу – жеңеді, біреу – жеңіледі... Иә... Тони қатты қуанған шығар?..
ЖО. Енді ше? Командасына жан-тәнімен берілген ғой.
ДЭЙВ. Қазір той тойлап... «Грикста» гүжілдетіп жатыр-ау, сірә.
ЖО. «Грикс?».
ДЭЙВ. Көбіне ойыннан соң сонда тартады. Сыраға сылқия тойып. Тони түкпірдегі шағын бөлмені жалдайтындарын айтқан. Сыра дегенің өзен боп ағады деді ғой, әйтеуір. Ішімдік бойға тараған соң ойыншылар ешкімге бағынбайтын ұқсайды. Сол жерде Тониға ғашық сап-сары даяшы қыз бар. Кейде, тізесіне кеп отырады екен. (Жымиып). Ол – қыз-қырқын қызығарлықтай өңді жігіт қой.
ЖО. Е-е-е, футбол жұлдыздары...
ДЭЙВ. Мәселе тек онда емес, Жо. Тони – өмірге құштар жан.
ЖО. Мүмкін. Тойдың ба?
ДЭЙВ. Иә. Алдымдағы үстелді алшы, Жо. «Мына быламықты енді жей алмаймын», – дегін, аспазға.
Жо оның алдындағы үстелді алады. Дэйв бір нәрседен қауіп қылғандай дір қағып, естілер-естілмес қана.
ДЭЙВ. Бері келші! Бүгін тыныштандырғыш дәрі екпесеңдер ентігіп, демалуым қиындап барады.
ЖО. Дәл қазір ма?
ДЭЙВ. Кейіндеу. Жақсы ұйықтау үшін.
ЖО. Сағат ондар шамасында медбикені жіберем, жарай ма?
ДЭЙВ. Жарайды.
Жо кетуге ыңғай танытып.
Тоқта, Жо. Пердені түрші, сәл ғана.
Жо оған жақын орналасқан пердені ашады.
ДЭЙВ. Жо, жоқ, басқасын.
Дэйв шеткерірек тұстағысын нұсқап.
ЖО (дегбірсізденіп). Емхананың шығыс қанатындағы ана кемпірден асқан бапшыл боп барасың. Мынаны ма?
ДЭЙВ. Иә.
Жо пердені жарты метрдей көтеріп.
ДЭЙВ. Тағы.
ЖО. Жоғары ма?
ДЭЙВ. Иә!
ЖО (қамқорсып). Осыншалық жете ме?
ДЭЙВ. Тағы көтере аласың ба, өтініш?
ЖО. А-а-а! Үстіңгі бөлмедегі сары қызды көргің кеп жүр ғой... (Тағы да бірнеше сантимертке түріп). Жете ме?
ДЭЙВ (тағаты таусылып). Жоқ. Жоғары. Жоғары! Толық аш... (Пауза). ...жұлдыздарға қарағым келеді!
ЖО (таң қалып). Жұлдыздарға? Таппайтының жоқ, осы. Бар болғаны сол ма?
ДЭЙВ. Иә. (Пауза). Манағы дәрі қажет емес!
ЖО. Рас па?
ДЭЙВ. Рас. Жақсы, Жо.
ЖО (палатадан шығып бара жатып, ақырын сөйлеп). Жақсы жатып, жайлы тұр.
Жо есікті жауып, кете салысымен-ақ Дэйв жанындағы шамды сөндіреді. Ауыр тыныстағаны естіледі. Қап-қараңғы палатаны қақ жара жағылған сіріңке жарығынан Дэйвтың қиналған жүзі көрінеді. Көзі оттай жанады. Шылымын тұтатады. Жарық өшеді. Алға ұмсынған ол жұдырығын түйіп, жоғары қарауда. Қатты алқынады. Көтеріліп, тағы да терезеге қарай ілгері талпынады. Темекісін шегіп, жұлдыздарға қарайды.
ШЫМЫЛДЫҚ
*Мисс Стюарт – кенедей жабысып, қадалған жерден қан алатын адам.
**Интерн – оқуын тамамдап, интернатурада оқып жүрген жас дәрігер.
***Шпинат – асты дәмдендіретін жасыл жапырақты өсімдік.
****Гуляш – дәмдеуіштер қосып бұқтырылған ет тағамы, мажар халқының ұлттық асы.
Бөлісу: