Өмірін өлеңменен өрнектеген...
Бөлісу:
(Ақын Тойлыбай Құрмандолдаұлы жайлы естелік-эссе)
Өткен ғасырдың 70-жылдары Моңғолияның қазақ поэзиясына бір топ жас ақындар толқыны іркес-тіркес кіріп келді. Олар: :Имашхан Байбатырұлы, Солдатхан Орайханұлы, Қабдай Мысаханұлы, Шынай Рахметұлы, Шабдарбай Қатшанұлы, Қауия Арысбайұлы, Зухай Шәріпақынұлы, Дайын Қалаубайұлы... қатарлы алдыңғы буын өкілдерінің жыр жолындағы ұлағатты ісін жалғастырып, аз уақыттың ішінде әрбірі өз қырынан, өз үнімен, өзіндік шеберлігімен оқырман қауымның ыстық ілебізіне бөлене бастады. Ең бастысы олар поэзияға адал болып, қайсыбірі күні бүгінге дейін өлеңнен қол үзбей жыр жолында талмай еңбектеніп келе жатса, қайсыбірі өмірінің соңғы күніне дейін жыр жазумен болды. Бүгін дәл сол топтың алдыңғы қатарында болған Кәкей Жаңжұнұлы, Тойлыбай Құрмандолдаұлы, Қуанған Жұмаханұлы, Бодаухан Тоқанұлы, Баман Құрманханұлы, Жақсыбай Шәпешұлы... сынды ақын ағаларымыздың өлеңдерінсіз аймағымыздың поэзия әлемін елестету қиын. Себебі олар бір буынның белді де беделді өкілдері...
Солардың ішінде басқаларынан сәл шоқтығы биік, сазды да салиқалы жырларымен өлеңсүйер қауымның көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленгендердің бірі - халық арасында Тойлан ақын атанған Тойлыбай Құрмандолдаұлы десек артық айтпаған болар едік. Ол сонау Монғолия мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезінен-ақ айшықты өрнек, соны теңеу, ажарлы ұйқас, алғыр ойға толы лирикаларымен көпшілікті елең еткізді. “Шұғыла” журналына басылған бірнеше топтамаларымен-ақ өзінің болашақтан үлкен үміт күттірер талантты ақын екенін таныта бастады. Кешікпей:
...Қызықты боп басымдағы дәуренім,
Қызықты бір жыр жазсам, деп әуремін.
Мен әйтеуір, мазасызбын тірлікте,
Тыншытпайтын бір арманым бар менің, -
деп өзінің асқақ арман, ақындық кредосын айқындаған "Мұхит тамшысы” (1971) атты тырнақалды жыр кітабын ұсынды. Иә, егер жалпы қазақ поэзиясы емес, аймағымызды жыр әлемін мұхитың бір кішкентай бөлігі деп көрсек, Тойлан ақынның бұл кітабы тамшы емес, асқар таудан тасқындай аққан асау өзен болып қосылғаны ақиқат. Жинақтың көлемі шағын болса да берері де, айтары да мол дегенді өлең сүйер қауым да, жыр жолындағы қанжығалас ақындар да бірден мойындады.
Оның ет-жүрегінен елжіреп, еріксіз ағылып жазатын тақырыбы, өзі айтқандай:
“...Тентек нөсер-бұршағы түндік тескен,
Терең суын тізеден сүңгіп кешкен.
Туған жерім бұл менің ет жүрегім,
Тойлыбай деп ат беріп, кіндік кескен”
туған жері, ес кіріп, етек-жеңін жинаған қарайпайым қойшы ауылы. Оны ақын өңменіңнен өткізе, жан-жүрегіңе жеткізе жырлайды. Оның жырлары өскен өлкесінің “Жел аймалап, жаңбыр сүйген гүлдеріне”, “Арғымақтың ер сап қойып беліне” әңгіме-дүкен құратын ақсақалдарға, “Кәусар суы арасанға бергісіз” мөлдір бұлақтарға, “Ару қыздар бетін жуған көлдеріне”, “Ақ сүт беріп, ақыл айтқан анасына”, “Арғымағын ойқастатқан әкесіне”, “Ақ сеңсең бөрік киген жоталарына”, “Құр асауды құрықтаған сұлуына” деген саумал сағынышқа, ыстық махаббатқа, ізгі ниетке толы. Мұны оның жыр жинақтарының өзегі деуге болады. Сонан да болар, ақын Тойлан университетін бітіре сала тура өзінің туған ауылына оралды. Табан аумай қырық жыл өзі бітірген онжылдық орта мектебінде ұстаздық етті. Оны аймағымыздың әдеби-көркем “Шұғыла” журналы, “Жаңа өмір” газеті, аймақтың қазақ радиосы, тағы басқа да ұйымдықтар қызметке шақырды. Бірақ ол қай-қайсысына бармады. Себебі туған өлкесі, тума ауылы бәрінен артық, бәрінен ыстық сезілді. Ол мұның себебін:
“...Соқтым да айдай бір алшыны,
Аңғал деп, жазғырмай аңшыны.
Шалғайға, жат жерге бармадым,
Жалған деп түсінбе, дәл шыным”,
немесе
Сен болмасаң,
Тентіреп кетер ме едім, Дэлүүн,
Мәңгі шөлдеп өтер ме едім, Дэлүүн.
Бал емізіп, шекер бердің, Дэлүүн,
Көк адырлар сауып жатыр,
Көкше бұлттың желінін.
Кел, кел, кұрбым, кел туғандар, кел інім,
Жырла, далам, нөсер маршын, жел үнін.
Сыбызғы әнім,
Уыз дәмім.
Сезім қылым,
Көзім, нұрым,
Дэлүүн, -
деген өлең жолдарымен түсіндіреді. Иә, осындай шын жүректен жарып шыққан шынайы сырға толы жыр шумақтарының иесі ауылынан алыстамайтынына көзің жетеді.
Өл өзінің ешкімнен кем емес мықты ақын екенін өзі де жақсы біледі. Өзіне сенеді. Сондықтан:
“Жаман болса жазған жыры авторы оның бөлтірік,
Жырдың туын көтермесем жығылғанша мертігіп,
Болғанымша елтірі,
Сынаңыздар өлтіріп!!”, -
деп ең алғашқы жинағында да батылдықпен айта алды. Мұндай батылдық екінің бірінің қолынан келмейтіні ақиқат. Тек талантты, дарынды, өзгеден дараланатын ерекшелігі, өзіндік шеберлігі, жыр жазудың құпиясын терең меңгерген қаламгер ғана айтатыны шындық. Ақын осындай даралылығын келесі жыр жинақтары “Жұлдыз жамыраған жазира”, “Моңғолия - миуа бағым”, “Жүрегімдегі меруерттер” атты кітаптарында да әр қырынан көрсете алды. Әрбір жинақтан ақынның тақырып аясы кеңейіп, талғам таразысына қоятын талап деңгейі жоғарлап, өлең жазу шеберлігі онан әрі арта түскенін, айтар ой түйіні тереңдеп, сөз саптауы тіптен шыңдала түскенін аңғарасыз. Мұны соңында жарық көрген “Жүрегімдегі меруерттер” атты көлемді жинағынан айқын да толық байқауға болады. Автор тек ауылы, туған жері ғана емес Моңғолияның Хангай, Говьсынан бастап Сібірдің Байкал, Ангарасынан бірақ шығады. Қай-қайсысын тебірене, төгіле жырлайды. Әр шумақтан шалқар шабыттың, тарқамас таланттың жұпар иісі аңқиды.
Осы кітаптың сарапшысы, талантты ақын Кәкей Жаңжұңұлы: “Жүрегімдегі меруерттер” - толысып, кемелдене түскен ақынның төртінші жыр жинағы. Өлеңді әуенді саз, әсем суретке құратын, өзіндік үн-ерекшелігі бар Қ.Тойлыбай қаламы ең әуелі, тұмса табиғат, толықсыған ауыл бейнесін жасауға, ойтұнығы, сезім иріміне сүңгіп сыр шертуге жүрдек. Жинақ- соны да тапқыр фразалар мен жан пернесін дір еткізіп басар жылы жырларға бай. Жүректен туған меруерт жырлар-жүрекке жетеріне кәміл сенеміз”, - деп кітап ерекшелігін аз сөзбен толық жеткізгені тегін емес. Сарапшы кітап ерекшелігін дөп басып айтқан.
Тойлыбай ақын аз жазады, аз жазса да саз жазады. Ол басқаларша дүрілдетіп жыл сайын бір жинақ шығармайды. Асықпайды. Он ойланып, мың толғанып, иі қанып, игілікке жарар кезде ғана ұсынады. Сондықтан ақынның өлеңдері дерлік біркелкі сапалы да сәтті шығады. Ақынның артында қалдырған үлкенді-кішілі төрт жинағы мазмұн мен пішін тұрғысынан қарасақ кейбір ақындарымыздың ондаған томына татиды. Ол осы кітаптары арқылы артында өшпестей із, ұмытылмас асыл мұра қалтырды. Бұл тек нағыз ақынға ғана тән қасиет. Сөзіміз нанымды болу үшін бірнеше шумақты мысал ретінде ұсынайық.
...Шүйке есіп... зыр қакпайды ұршығы енді,
Жүрегім әжемді ойлап күрсінеді.
Әкемнің маңдайдағы бүршігі еді-
Әпкемнің тігіп кеткен кестесі тұр,
Ағамнын бес қаруы тұр сүйеулі (”Қараша үй”).
Бозғыл сүттей бояу жағып сай жаққа,
Ай мінгенде өрмелеп кеп мойнаққа,
Анам менің омырауын искетіп,
“Бесік жырын” әндететін бейуақта (”Бесік жыры”) немесе
Селдір-селдір тоғайда бір сел кешем,
Сеңгір-сеңгір серекпен де сөйлесем.
Сұра, сәулем, жүрегімнен сенбесең,
Сыңсытамын нәзік муза сен десем... (“Көңіл шоғын маздатамын сен десем...”).
Бұл ақынның кез келген өлеңінен ала салған шумақ. Қандай әдемі теңеу, қандай ғажап ұйқас, қандай тамаша сурет! Осындай тамаша жолдарды Тойлан ақынның әрбір өлеңінен кездестіруге болады.
Жалпы ақын Тойлыбай Құрмандолдаұлының өлеңдерінде тек өзіне ғана тән бірнеше ерекшеліктер еріксіз көзге түсіп, сезіміңді баурайды. Ол қиысын тапқан көркемдік, жалғыз сөз үшін қажымай-талмай құлшынатын ізденіс, кез келген оқырманды еріксіз мойындататын ой түйіні. Оның тіл байлығы шексіз. Қазақтың небір ұмытылып бара жатқан, бүгіндер тым сирек қолданылатын көне сөздердің орын тауып, нақышына келтіре қолдана алады. “Шомбал таулар шоқтықты, шүйделірек”, “Айшықтайын арқар мүйіз әріппен”, “Шөке түскен тауымды, Жіберейін тұрғызып”, “Сары үлектің боздауын естідің бе!”, “Соқталы ой жетегінде соны арманым”, “Сылқым еді, сарбаз еді, пай-пай түн! Су бетінде үркер ұзақ малтайтын”, “Сырнай бұлақ, сыбызғы орман, сеңсең бел”, “Айдай етіп алшы үйірген мұратты”... Иә, осындай сәтті де, тәтті жолдарды шексіз жалғастыруға болады. Бүгін біздің жас ақындарымыз “шомбал тау, шүйде, шөке түскен, арқар мүйіз әріп, сары үлек, сеңсең бел, сылқым түн, сарбаз түн, үркер малтау, айдай алшы үйірген” деген сияқты сөз, сөз тіркестерін пайдаланбақ тұрғой мағынасын да жеттік білмейді десек артық кетпеген болар едік. Жас ақындарымыздың өлеңдерінің сөз байлығы шөктеулі, ұйқасы солғын, шиыр болған бірнеше сөз, сөз тіркестерінің төңірегінен арқандаулы ат сынды айналсоқтап шығалмай жүргенін күнде көріп жүрміз. Сондай талапкер жастарымыз Қ.Тойлыбай ақынның жырларын оқыса нұр үстіне нұр, қазақ тілінің қандай да оқулығынан артық болмаса кем болмас еді.
Сонау сексенінші жылдарыдың ортасында Тойлан ақынның өлеңдерінің бір топтамасы “Қазақ әдебиеті” газетінде жарық көрді. Осы топтамаға шағын алғысөз жазған ақиық ақын Әбділда Тәжібаев ақынның өлең жазу шеберлігін аса жоғары бағалап: “Біз білмейтін сиқырылы сөздің сыры мен қырын жете меңгерген талантты ақын” екендігін мойындағаны бар. Әбділда сынды асқақ ақыннан осындай баға алған қаламгер дәл Моңғолия қазақтарынан Қ.Тойлыбайдан басқа ешкім жоқ бегенді батыл айтуға болады.
Тойлыбай Құрмандолдаұлы күнделікті күйкі тірлікте көп қолданылатын, шиыр болған сөз тіркестерін де нақышына келтіріп қолдана алатын шебер қаламгер. “Қоңыр желмен ырғалып қоңыр өлең, Мама сиыр өрісте мөңіреген...”, “Итаяқтан сорпа-суын сімірген, Қора бағып, қой күзеткен іңірден”, “Жердің шарын селк еткізген ұраным, Өкпе-қолқам, бойымдағы тұмарым”, “Туған жердің батпағы, балдыры бар, Шыңдарының бөркі – мұз, жаулығы –қар”, “Бір гүжілдек әулекіден құтылсаң, Бір боқмұрын әкіреңдер тағы да”... Жоғарыда айқындалған сөздер ақындардың өлеңдерінде кездесе бермейтінін бәріміз білеміз. Өзіміздің от басы, ошақ қасында күнделікті қолданатын қарапайым сөздер. Осы сөздер ақынның өлеңінде өз орнын тауып, жыр жолдарын нақышына келтіріп тұр. Бұл шеберлікпен сөз саптау қаншалықты күрделі өнер екенінің нақты дәлелі.
Ақынның тағы да бір ерекшелігі тек өлеңнің ұйқасына ғана емес әрбір жолдың алғашқы сөзін бір әріппен бастап, ырғағын үйлестіріп, оқығанда “тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюіне” ерекше назар салады. Мысалы, 30 жолдан тұратын “Естідің бе?” өлеңі тек “С” әрпімен, 60 жолдан тұратын “Тозбас күйін перненің басып біліп...” өлеңі “Т” әрпімен, 25 жолдан тұратын “Арасанды асқар таулар, шалқар дала шалқайған...” өлеңін “А” әрпімен, әрбірі төрт шумақтан тұратын “Ақ іңгеннің аппақ сүті сел болып...”, “Анам менің аққуменен егіз деп...”, “Арқаласа азапты күрсінбеген...” өлеңдері “А” әрпімен, тағы да төрт шумақ “Жанбасынан қарашада сыз өткен...” өлеңі “Ж” әрпімен басталғаны осының куәсі. “Етікшінің азабын етікші ғана біледі” деген сөз бар. Өлең жолдарының басымен аяғын қатар ұйқастырып, үйлестіріп жазу қаншалықты қиын екенін қырық жылдай өлеңмен айналысып келе жатқан өз басым жақсы білемін. Бұл “инемен құдық қазғандай” аса күрделі де ауыр еңбек. Ол екінің бірінің қолынан келмейді. Тек Тойлан секілді туадан біткен хас талант, нағыз дарын иелері ғана жазалады.
Ақын Тойлыбайдың өлеңдері аса жеңіл оқылады. Оқырманды еріксіз жетелеп, жалғыз тебінмен алға сүйрейді. Оқыған сайын бір ғажайып лаззат аласың. Оқыған сайын өлеңнің жоқ дегенде бір шумағы жатталып қалады. Иә, бұл тек жаныңды баурап, ет-жүрегіңе жететін жақсы өлеңге ғана тән қасиет. Абайдың, Мұқағалидың, Төлегеннің... өлеңдерін халық неге жатқа біледі? Жауабы айқын және жалғыз. Қазақтың қара өлеңінен нәр алған, халықтың жыр талғамын дөп басқан нағыз өлең. Міне осындай қайталанбас қасиетті біз Тойлан ақынның жырларынан табаламыз.
Өз басым, Тойлан ақынмен көп жылдар дәмдес болып, талай әңгіме-дүкен құрып, өлең жайлы пікір алмасып, ақыл-кеңес алғаным бар. Осы тұрғыда ақынның тағы бір ерекшелігін әдейі айта кетуді жөн көрдім. Ақын аға өзінің көлемді толғау, поэмаларынан басқа барлық өлеңін дерлік жатқа біледі. Бірнеше сағат еш жаңылмай, еш мүдірмей сыдыртып оқи алады. Бұл - тек өлең жазуға көп еңбек жұмсап, сан қайта ой тарамынан өткізіп, сансыз сарапқа салатын ақында ғана болатын қасиет. Сонда ғана жатталып, ой-санаңда қалады. Бұл Тойлан ақын өлеңге қаншама жоғары талап қойып, асықпай, он ойланып, мың толғанып жазатынының белгісі.
Университеттің 5-курсының күзінде аймақтық “Жаңа өмір” газетінде журналистикалық кезекті практиканы өткізіп жүрген кезім. Бір сенбі күні “Шұғыла” журналының редакциясында Тойлан ақын кезігіп қалды. Әңгімелесіп мән-жайымызды сұрастырғаннан кейін аймақ орталығынан бес шақырым жердегі Бугат сұмыны 10 жылдық орта мектебінің әкімі, ақын жерлесіміз Шынасыл Шотпақұлының үйіне барып келейік деп қолқа салды. Мүмкін жұмыс-шаруасы да болған шығар. Бір жағынан аға болып кеткен, екінші менің ақын болуыма әсерін тигізген қаламгер болған соң бас тарта алмадым. Ол кезде такси сынды жалдамалы көлік болмайтын кез. Екеуіміз тура жаяу тарттық. Барғанда да, келгенде де екі сағаттан астам жол жүрдік. Тойлан жеткенше өз өлеңдерін ешбір қағазға, белгілеуге қарамай, жайлы қоңыр даусымен, тынық өзеннің байсалды ағысы сынды екпінмен оқыды. Өз өлеңдерін осылай оқитынын бұрын да білетін болғандықтан, осы жолы көп таңдана қойған жоқпын. Бірақ ... Бірақ дейтінім Шынасыл ақындікінен шығып Өлгий шәріне қайтар жолда “мен де аң таң, апам да аң таңның“ өзі болды. Ол екі жарым сағат бойы басқа ақындардың, соның ішінде Төлеген Айбергенов, Фариза Оңғарсынова, Мұқағали Мақатаев (есімде қалғандары осылар) сынды бір топ ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Әсіресе, Төлеген Айбергеновтың “Мен саған ғашық едім” жинағындағы өлеңдерді дерлік айтып шықты десем артық болмас. Сонда ғана мен осы ақынның ойына сақтау, тоқтату қабілеті қандай ғаламат екеніне көзім жетті. Біз біреудің өлеңін жатқа оқымақ тұрғой, өзіміздің өлеңдерімізді жырғатып білмейміз. Сол сәтте нағыз ақын деген осындай болады-ау дегенді еріксіз мойындағаным бар.
Моңғолия қазақ поэзиясының бір жарық жұлдызы, талантты ақын ағамыз өткен жылы ортамыздан мезгілсіз бақиға аттанды. Төрт жыр жинағының сыртында, өлең топтамалары аймағымыздан шыққан ондаған өлеңдер жинағында, “Шұғыла” журналы, Қазақстанның “Жұлдыз”, “Жалын” журналы, “Қазақ әдебиеті”, “Лениншіл жас” газеттерінде басылды. Біршама өлеңдері моңғол тілінде Моңғолияның белгілі әдеби журналдары мен Моңғолия әдебиетінің антологиясынан орын алды. Соңғы жылдары кітап шығарып, өлеңдерін журналдарға бастырмаса да өлеңнен қол үзген жоқ. Жазумен болды. Әлі жарық көрмеген көптеген жаңа өлеңдері барын да жақсы білемін. Әңгіме арасында: “Жазып қоя берейін, күндердің бірінде жарыққа шығып, көпшіліктің игілігіне жарар”,- деп айтқанын бірнеше рет естігенім бар. Артында қалған бауырлары ақынның төрт аяғын тең басқан төкпе жырларын халық кәдесіне жаратар деген ізгі ниетпен асыға күтудеміз. Сірә, ол күндер де алыс емес шығар...
Өмірін өлеңмен өрнектеп өткен талантты ақын, біртуар азаматтың салиқалы сыр, сиқырлы саз, сезімді селк еткізер сыршыл ойға толы сәтті де тәтті жырлары өлең сүйер қауымның жүрегінде мәңгі сақталары шындық. Бұған өз басым ешбір шүбә келтірмеймін.
Зүлкәпіл Мәулетұлы
Ұлан-Батыр қаласы
Бөлісу: