Ясыны іздеу... (Аллегориялық әм метафизикалық драма)
Бөлісу:
Пьеса Қазақстан Республикасы Авторлар қоғамының қорғауында
Бұл драмамды Түбі бір Түркі жұртына мәшһүр ғұлама –
Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамның рухына арнаймын.
Әлібек БАЙБОЛ.
КЕЙІПКЕРЛЕР:
Соқыр.
Иіссезбес.
Керең.
Сезімсіз.
Мылқау.
Қара тас.
Қасқыр.
Аю.
Қабан.
Түлкі.
Қыз.
Бала.
Көкті көтеріп тұрған адам.
Жердің жыртығын жамаған адам.
Ағаш басындағы адам.
Қайықшы.
Топырақ сатушы.
Желге айналған адам.
Бір топ бала.
Құмдалаға су құятын адам.
Отты өшіре алмай жатқан адам.
Соқыр: Жеттік пе?
Иіссезбес: (Маңдайындағы терін сүртіп) Білмеймін. (Айналаға қарап, жерге отыра кетеді) Басқасында шаруам жоқ, бірақ мен шаршадым... Ясыны ешқашан таппайтын сияқтымыз...
Соқыр: Табамыз, Иіссезбес, табамыз. (Кеңістікке айқайлап) Ясыны кім көрді, қалайық. Табуға көмектесіңдерші!..
Иіссезбес: Бос айқайдан пайда жоқ, ақыры таппаймыз. Одан да отырып кітап оқығаным артық.
Соқыр: Өмір бойы бір кітапты тауыса алмай келесің.
Иіссезбес: «Күмән кітабын» оқымасам Күн шықпайтындай көрінеді.
Соқыр: Жақсы нәрсе емес...
Иіссезбес: «Ясыны табу үшін ана бұлттан адаспауымыз керек», – дедің. Бопты, делік. Адаспаймыз. Бірақ ол мекенді таба алатыныма күмәнім бар. «Әке өсиетін орындауымыз керек», – деп бәрімізді дедектеттің. Мүмкін жерде алтын бар шығар...
Соқыр: Көмейіңді ұқтым. Ол жақта ешқандай алтын жоқ. Әкем: «Ясыны тауып, барлық адамды сол құтты мекенге көшір...», – деп аманаттаған еді.
Иіссезбес: Сенбеймін. Ағалығыңды пайдаланып бізді басынғың келеді.
Соқыр: Зағип сендерді қалай басынбақ, Иіссезбес?!
Иіссезбес: Мені қайдам, бірақ мына үшеуін бала да алдап соғады.
Соқыр: Иіссезбес!
Иіссезбес: Тыңдап тұрмын!
Соқыр: Құдай үшін, әлгі кітабыңды оқымай-ақ қойшы.
Иіссезбес: Құдай үшін?! Құдай үшін! (Екпінмен) Сен үшін емес?
Соқыр: Иә, мен үшін емес, Құдай үшін.
Иіссезбес: Ойланатын нәрсе екен.
Сезімсіз: (Бейсаналы түрде) Ойланатын нәрсе екен.
Соқыр: Біз қайдамыз, өзі? (Терең тыныстап) Иістер әлеміндеміз бе? Рахат-ай.
Иіссезбес: Иістің не екенін ұмытқалы қашан... (Танауын желге тосып) түк өнбейді!
Соқыр: Ашуға ерік берме! Құдайым бұйыртса, бәрі... бәрі орнына келеді.
Иіссезбес: Өтірік!
Сезімсіз: (Естілер-естілмес) Жалған, өтірік.
Иіссезбес: (Сезімсіздің бетінен шапалақтап жібереді) Қайталама!
Сезімсіз: (Естілер-естілмес) Қайталама.
Иіссезбес: (Одан қатты ұрып) Қайталама дедім.
Соқыр: Ұрма, оны.
Иіссезбес: Ұрамын!
Сезімсіз: Не істеп жатырсың?
Иіссезбес: Ұрып жатырмын, ақымақ.
Сезімсіз: Ақымақ деген не?
Иіссезбес: Қайдағы бір сезімі жоқ мақұлықты қалай інім деймін.
Сезімсіз: Мақұлық? А, мақұлық деген не?
Иіссезбес: (Кеудесінен нұқып) Мақұлықы деген – сен.
Соқыр: Туғаныңды мақұлық деуге қалай ғана аузың барады... Ұрма оны.
Иіссезбес: Ұру мен нұқудың арасы Жер мен Көктей. А, кешір, сен соқыр едің ғой.
Соқыр: Бұндай сөздерге етім үйренген. Ренжімеймін.
Иіссезбес: Сен – Кереңсің, түк естімейсің, түк... (Мазақтап) Ал, сен – Соқырсың, Со-қыр-сың. (Даусында бір өзгешелік бар) Сен – мақұлықсың, ал сен – Мылқаусың. Балық сияқтысың... Жоқ, балық емес, темірсің. Иә, темірсің. Темір.
Соқыр: Иіссезбес!
Иіссезбес: Құлағыма үш рет айқайлап, азан шақырып қойған атым екені рас. Иіс сезу қабілетінен айырылғандығымды бетіме басу керек пе?
Соқыр: Ашу – дұшпан.
Керең: (Баяу сөйлеп) Шу? Қандай шу?
Иіссезбес: Ары қарай өздерің барыңдер. Мен үйге қайтамын. Барыңдар, барыңдар.
Керең: (Өзімен-өзі) Мен... қазір ғана не деп айттым?
Соқыр: Ойлан.
Иіссезбес: Одан пайда жоқ.
Соқыр: Сенсіз қалай бармақпыз?
Иіссезбес: Міне – жалғызаяқ жол, әне – бұлттарың. Жолдарың болсын, мүгедектер! (Біраз жер жүрген соң алдынан Қара тас шығады)
Қара тас: Мен Қара таспын!
Иіссезбес: Көріп тұрмын. Бірақ жолымды бөгеме.
Қара тас: (Аналық махаббатпен) Бауырларыңнан ұзама, Иіссезбес. Өйткені, әлі мақсатыңа жете қоймадың. Ясыны тап.
Иіссезбес: Мені қайдан танисың?
Қара тас: Сен туралы бәрін білемін. Жаныңдағы бауырларыңды жақтырмайсың... әкеңді... анаңды сағынасың.
Иіссезбес: Ата-анасын кім сағынбайды, Қара тас?
Қара тас: Кезінде біз де біреудің анасы болғанмын. Өмірде үлкен күнә жасап, қара тасқа айналдым.
Иіссезбес: Ол қандай күнә?
Қара тас: Балаларымды өлтіргенмін.
Иіссезбес: Иә, Медея! Жаратқан жазаңды оңдырмай беріпті.
Қара тас: Күлкің де тиылар, сен де қара тасқа айналарсың.
Иіссезбес: Ха-ха-ха. Өмірімде бүйтіп рахаттанып күліп көрген емеспін. Тағы күлдірші.
Қара тас: Артымда жатқан ана тастарды көрдің бе?
Иіссезбес: Көрдік, не бопты?
Қара тас: Сөзімді елемегендердің бәрі тасқа айналды.
Иіссезбес: Сенбеймін.
Қара тас: Сенбесең, өтіп көр. Қане, өт.
Иіссезбес: (Артқа шегіншектеп) Ясы бар ма Қара тас?
Қара тас: Ол мекен туралы көп естигенмін. Ондағы табиғат ғажап. Жеміс-жидектерінің тәттілі сондай, балмен тең. Аузыңда ериді. Адамдары мейірімді, өте бауырмашыл. Ол елде кедей, бай деген ұғым жоқ. Бәрі тең дәрежеде. Қой – қасқырдың, аңшы – аңның, қоян – арыстанның жанында жүре береді екен. Қылмыс, ауру-сырқау, ұрлық-қарлық деген атауымен жоқ. Енді сөзбен жеткізу мүмкін емес...
Иіссезбес: Ясы деген недеген керемет мекен. Ғажап!
Қара тас: Мен де іздегенмін, бірақ таппадым. Таңда! Не бауырларыңа барып сол жерді іздесуге көмектесесің, не тасқа айналасың.
Иіссезбес: Қара тасқа айналғанша, адам болып жүргенім артық.
Қара тас: (Артынан айқайлап) Ең қиын нәрсе – адам болу, Иіссезбес.
Соқыр: Бұлтты кім көріп тұр?
Керең: Ұлтты?
Соқыр: Бұлтты, бұлтты...
Керең: Бұлт? Қандай бұлт?
Соқыр: Сезімсіз!
Сезімсіз: Иә?
Керең: Мен қазір ғана не дедім?
Соқыр: Бұлт қай жерде?
Сезімсіз: Бұлт деген не?
Соқыр: Мылқау! Бұлт қайда? Біз дұрыс келе жатырмыз ба? Жалғызаяқ жол қайда?
Мылқау: (Көкті көрсетіп) М-м-м...
Соқыр: Енді қайттік?.
Керең: Кімге айттық?
Соқыр: Біз қайдамыз?
Иіссезебс: Менсіз қайда бармақсыңдар мүгедектер?
Соқыр: Кім бұл?
Иіссезбес: Мен ғой... Иіссезбес!
Соқыр: Келдің ба?
Иіссезбес: Келдік!
Соқыр: Бұлтты таппай тұрмыз.
Иіссезбес: Бұлттарың ешқайда қашпайды. Мен енді түсіндім, Ясыны табуымыз керек.
Соқыр: Асығудың қажеті жоқ.
Иіссезбес: Біз бірінші табуымыз қажет.
Соқыр: Мылқау қайда?
Иіссезбес: Артта келе жатқан.
Соқыр: Бірге жүрейік. Тапа нан мен су кімде?
Иіссезбес: Сонда. Тығылып, бір нәрсе жеп жүр, әйтеуір.
Соқыр: Жаныңнан қалдырма.
Иіссезбес: (Қолындағы дорбасын тартып алады) Бұндай сенімсіздерден көз айырмау керек. Мылқау дегенің болмаса, нағыз қудың өзі.
Соқыр: Біз қайдамыз Иіссезбес?
Иіссезбес: Бір орманға кірдік.
Соқыр: Қандай орман, сипаттап берші!
Иіссезбес: Кәдуілгі орман... (Пауза. Жан-жағына бажайлап қарап) сияқты. Ағаштар жерге иіліп адамға тағзым етіп тұрғандай. Ол ағаштарға қарасаң... (Басы айналып) ойлаудан қаласың... (Күліп) Ештеңе ойлап тұрған жоқпын. Ойсызбын. Бұл бір ғажап нәрсе ғой! Ойдан азатпын!
Соқыр: Ағаштарға қарамаңдар. Бұл Ойсыздар орманы. Бұндағы ойсыздық алдымен рахат сезімін сыйлайды, кейін адам ойланудан қалады. Аңға айналып, осы орманда тіршілік ететін болады. (А-у-у-у деген дауыс шығады) Тығылыңдар. (Дәу ағаш артына жасырынады)
Иіссезбес: Жіберіңдер мені, ойсыз болып орманда қалғым келеді.
Соқыр: Тыныш!
Әлгі жерге Қасқыр, Аю, Қабан келеді.
Аю: (Жақ-жақты иіскеп тұрған Қасқырға) Не болды?
Қасқыр: Артқы сол аяғымды қақпан қапқаннан кейін, адам иісін ешқашанда ұмытпайтын болдым.
Қабан: Бұл орманнан адам өтпегелі қашан.
Қасқыр: (Иіскеп) Жақында жүрген сияқты.
Аю: Адам деген сөзді айта көрме.
Қасқыр: Адамша сөйлейсің...
Қабан: Адамша ойлайсың...
Қасқыр: Біз де кезінде адам едік қой...
Аю: Мүмкін сондықтан шығар адам деген атты естігім келмейтіні... Уақытында сен (Қасқырға) шарап пен нашаның қызығына баттың. Ал сен (Қабанға) зинадан көз ашпаушы едің.
Қасқыр: (Басын қасып) Білмеймін.
Қабан: Болсақ болған шығармыз. Қазір кім сау дейсің.
Қасқыр: Е-е-е, есіме енді түсті. Аю (қорқасоқтап) сен... сен... Сен балалар мен әйелдерді құлдыққа сатып, аңқауларды азғырғансың...
Аю: Қазір төбеңді оямын...
Түлкі: (Дуалағандай сөйлеп) Шындықтан қашпаңдар, шындықтан қашпаңдар.
Қасқыр: Жезөкше келді.
Түлкі: Не дедің Қасқыр?
Қасқыр: «Бұрын кім едік?» деген тақырыптың қызығына кіріп жатырмыз. Бөтен еркекпен төсектес болып, талайдың отбасын ойрандағаның ойымнан кетер емес...
Түлкі: Рас, рас... Ал, көзіңді ағызсам қалай қарайсың, Қасқыр-екем?..
Соқыр бұтақты басады.
Қасқыр: Бұл жерде біреу бар деп айттым ғой.
Түлкі: (Айналаны тінтіп шығып, бесеуін көреді) А! Ұсталдыңдар ма?
Аңдар бесеуіне жақындап келе жатады.
Қасқыр: Әлемдегі ең тәтті ет адамдікі ғой...
Соқыр: Жәрдемдесе гөр Жаратқан! Егер мыналар бізді жесе, онда біз Ясыны таба алмай қаламыз ғой Құдай!
Қасқыр: Құдайың, сені мына орманда ұмытып кеткен сияқты.
Түлкі: (Аю күркірей күледі) Ол мекенді біз де іздегенбіз... Жоқ, далбаса.
Иіссезбес: Өйтіп айтпа.
Түлкі: Айтамын! (Найзағай түседі)
Бесеуі қаша жөнеледі. Келе жатқанда алдынан кішкентай ағаш шығады. Соқыр шалына жаздайды.
Соқыр: Бұл не?
Иіссезбес: Кіп-кішкентай ағаш. Алтын тиындар өседі екен. Сенбеске лажың жоқ...
Сезімсіз: Алтын.
Соқыр: Ағашты сілкіңдер.
Иіссезбес: (Сілкілейді) Тағы бер!
Соқыр: Қанша тиын түсті?
Иіссезбес: Жеті!
Соқыр: Жетеді.
Иіссезбес: Жетпейді.
Соқыр: Жетпесе көктемді күт.
Иіссезбес: Мүмкін маған күз ұнайтын шығар, а?..
Бесеуі келе жатып бойы ұзын қыз бен бәкене бойлы баланы кезіктіреді.
Қыз (Үстінде – жасыл киім, бетінде – күліп тұрған бетсірі. Дауысы сондай нәзік!): Сәлеметсіздерме! Алланың нұры жаусын!
Соқыр: Рахмет қарындасым, сағанда!
Бала: (Үстінде – қап-қара киім, бетінде – қабағы қатыңқы бетсірі) Әлемді топан су бассын!
Иіссезбес: (Саспастан) Нұх өмірге екі рет келмейтінін ұмытпа, балақай.
Бала: Мен балақай емеспін, жасым сенен үлкен.
Иіссезбес: Сонда ергежейлімісің?
Қыз: Бұл менің ағам. Жасы жетпісте, ал мен жетідемін.
Керең: Кімнің еті?
Бала: (Немесе еркек) Бұларға біздің өміріміз аса қызық емес.
Иіссезбес: Оны қайдан білдің?
Бала: Сезіп тұрмын.
Қыз: Қайда жол тарттыңыздар?
Соқыр: Махаббат гүлін іздеуге шыққанбыз.
Қыз: Ол гүлді табу талайдың арманына айналған. Менің арманым мына әлемнің барлық бұрышына гүл егу болған. Ал қазір жай ғана сатушымын. Сіздің арманыңыз қандай еді аға?
Соқыр: Менің бе?
Қыз: Иә, иә сіздің?
Соқыр: Менің арманым – Ясыны тауып, адамдарға шексіз қуаныш сыйлау.
Иіссезбес: Менікі де.
Қыз: Қандай ғажап арман. Ол жерді менің атам іздеген.
Иіссезбес: Тапты ма?
Қыз: Хабарсыз кетті.
Соқыр: Кешір!
Қыз: Ал менің арманым...
Бала: Арман деген – алжығандардың тірлігі.
Қыз: Жоқ олай емес, ол тәтті. Ол қиялдың жандосы...
Соқыр: (Дауыс шыққан жаққа қарап сөйлеп) Сенің атың кім?
Қыз: Сенім.
Иіссезбес: Сенікіші?
Бала: Сенікі емес, сіздікі десең дұрыс болар.
Қыз: Ағамның аты – Үрей.
Соқыр: Бірінші рет естуім.
Қыз: Бәрі сөйтіп айтады.
Соқыр: Сонда бұл жерден көп адам өтті ме?
Қыз: Өте көп, (ерекше) өте!
Соқыр: Ата-аналарың қайда?
Қыз: Біз алтын жұмыртқадан туғанбыз.
Қыз: Су алыңыздар.
Соқыр: Бізде бар.
Иіссезбес: Жоқ, Мылқау бәрін ішіп қойыпты.
Қыз: (Соқырға) Сізге тегін беремін.
Иіссезбес: Қажет емес, басқаларды мүсірке.
Қыз: Сіз дұрыс түсінбедіңіз...
Иіссезбес: Керек емес дедім.
Бала: Жұтқан ауа үшін төлеңдер.
Иіссезбес: Ол заңды кім шығарды?
Бала: Мен үшін заң шығару қиын емес.
Иіссезбес: Төлемесекші.
Бала: Ана екі адамды көрдің бе?
Соқыр: Олар кімдер?
Қыз: Олар...
Бала: Сөзімді бөлме. Біреуі Жердің жыртығын жамап жүр, екіншісі Көк аспанды көтеріп тұр.
Иіссезбес: Ха! Сонымен?
Бала: Бұлардың төлейтін ақшасы болмағандықтан, осындай жаза ойлап таптым. Олардың өмірі – менің қолымда.
Иіссезбес: Сен өзіңді кіммін деп жүрсің?
Бала: Мен саған ескерттім...
Соқыр: Қасарыспа, Иіссезбес.
Иіссезбес: Қолынан келгенін істесін.
Бала: (Көзін жұмып, дұға оқығандай) Ауа тарылсын, ауа тарылсын, ауа тарылсын...
Соқыр: Тынысым тарылып барады... Айтқанын істе, Иіссезбес, айтқанын істе.
Бала: (Соқырдың қолынан ұстап) Ақша төлеңдер.
Соқыр: Менде арманымнан басқа ештеңе жоқ. (Бала оны жібере салады)
Иіссезбес: Тоқта, тоқта.
Бала: Қалай, өмір тәтті ме екен?
Иіссезбес: Қарғыс атсын, сені. (Бір алтын тиын береді)
Бала: Садақаңды өзіңе қалдыр. Сонда өмірді бір алтынға бағаладың ба?
Иіссезбес: Енді қанша керек?
Бала: Жеті.
Соқыр: Бер Иіссезбес, бере сал.
Қыз: Ренжімеңіздерші, ағамның айыбын қалай жусам екен. Менде өмір суы бар. Оны ішкендер мәңгі өмір сүреді.
Иіссезбес: Мәңгі өмір деген болушы ма еді?! Өтірік.
Қыз: Шын! Ағам екеуміздің осы жерде тұрғанымызға бес жүз жыл болды.
Иіссезбес: Мүмкін емес. Біз кеттік. (Баладан көзін алмай) Маһшар алаңында жолыққанша.
Қыз: Ағама ренжімеңіздерші. Ясыны табуға тілектеспін!
Бала: Таппайсыңдар!
Иіссезбес: (Бала құл қылған екі адамның жанынан өтіп бара жатады) Ей, адамдар, ояныңдар!
Сезімсіз: Ояныңдар.
Соқыр: Олар бізді естімейді.
Керең: Бауырлар! Мен бұрыннан айта алмай жүрген бір сырым бар еді.
Иіссезбес: Ол қандай сыр?
Керең: Күлмейсіңдер ме?
Иіссезбес: Жоқ.
Керең: (Жақындап) А-а-а?
Иіссезбес: Жоқ, жоқ.
Керең: (Күш-жігерін жинап) Мен – ұлымын.
Иіссезбес: Бұл бір күтпеген жағдай болды ғой, а?!
Керең: Осыны он жыл жасырдым. (Сыбырлап) Бірақ бұны ешкімге айтпаңдар.
Соқыр: Айтпаймыз.
Иіссезбес: Сырыңды аштың, енді?
Керең: (Сыбырлап) Ұлы (даусын зорайтып) адамға тағзым етіңдер.
Соқыр: Не істейік?
Керең: А?
Иіссезбес: Не істейік деймін?
Керең: М... Арқаларыңа көтересіңдер.
Соқыр: Керең-ау, өзіміз жолдан қиналып келе жатқанда салмақ салмауыңды өтінемін.
Керең: Көтермесеңдер, осында қаламын.
Иіссезбес: Бармасаң одан ары.
Соқыр: Мен-ақ көтерейін.
Иіссезбес: Сезімсіз бен Мылқау арқаласын.
Керең: Мен кіммін?
Иіссезбес: Сен ұлы адамсың.
Керең: Атым кім?
Иіссезбес: Ұлы.
Керең: Тыныш. (Сыбырлап) Сендер кімсіңдер? Біз қайда бара жатырмыз? Мыналар мені не үшін көтеріп жүр? Түсіріңдер мені. Тез.
Иіссезбес: Саған не болды?
Керең: Сен кімсің?
Иіссезбес: Иіссезбеспін.
Керең: Танымаймын.
Иіссезбес: Бұндай қалжыңыңды доғар. Жүр, бол.
Керең: Маған бүйтіп сөйлеуге қандай қақың бар?
Иіссезбес: Ашуыма тиме.
Соқыр: Доғарыңдар.
Иіссезбес: Ал сен араласпа.
Керең: Ал сен кімсің?
Соқыр: Кім?
Керең: Сен, сен?
Соқыр: Ағаңмын.
Керең: Мен осында қаламын.
Иіссезбес: Ей, екеуің, ананы көтеріңдер.
Керең: Жіберіңдер мені, жібер деймін.
Соқыр: Мына суды бетіне бүрк. (Иіссезбес бүркеді, Керең талып қалады)
Иіссезбес: Бәрін өтірік істеп жатыр. Өтірік...
Соқыр: Өтірік емес...
Иіссезбес: Сен де өтірікшісің, бәрің өтірікшісіңдер...
Соқыр: Білемін, маған сенбейсің, ал өзіңе-өзің сенемісің?
Иіссезбес: Білмеймін.
Соқыр: Ал сенім деген нәрсеге сенесің бе?
Иіссезбес: Сенімнің бар екеніне өзің сенесің бе?
Соқыр: Құдайға сенесің бе?
Иіссезбес: Бұдан басқа сұрақ жоқ па?!
Соқыр: Сенесің бе, сенбейсің бе? Білемін ауруың уақыт өткен сайын асқынып барады. Бірақ менің бар қалайтыным, жүрегіңдегі сенімді жоғалтпа.
Иіссезбес: Мен... (Елеусіздеу жердегі ағаш басындағы адамды көріп) Анау кім? Ол жерге қалай шықтың?
Ағаш басындағы адам: (Тәкәппарлана) Қ-қ-қ-қайтесің?
Иіссезбес: Кімсің? Қайдан келдің?
Ағаш басындағы адам: (Өзіне-өзі сенімді) К-к-к-к-ім екенімді, қ-қ-қ-айдан ке-ке-келгенімді бі-бі-бі-білмеймін.
Иіссезбес: Өтірік айтпа.
Соқыр: Кім ол?
Иіссезбес: Бір байқұс, ағаш басына шығып алып түсе алмай тұр. Құдайға сене ме екен сұрап көрші.
Иіссезбес: Құдайға сенесің бе?
Ағаш басындағы: Са-са-са-санамнан сұ-сұ-сұ-сұрайын... (Маңғаздана) Ты-ты-ты-тыныштық! Жү-жү-жү-жүрегімнен сұ-сұ-сұ-сұрап кө-кө-көрейін... Жа-жа-жауап жо-жо-жоқ!
Иіссезбес: (Соқырға) Көрдің бе, өтірік айтып тұр. Жаныма жалған сөйлейтіндер жиналған. (Даусын зорайтып) Енді не істемексің?
Ағаш басындағы адам: Ме-ме-мекенім о-осы жер. Осында ту-ту-дым, осында ө-ө-өлемін.
Соқыр: Өмірден өз еншіңді алдың ба?
Ағаш басындағы адам: Ә-ә-әрине. Ме-ме-мен жа-жа-жалғыздықты а-а-аңсадым. Е-е-е-енді мен ж-ж-жалғызбын!
Иіссезбес: Бізден не көмек? Мүмкін жерге түскің келетін шығар.
Ағаш басындағы адам: Же-же-жер ба-ба-басып жү-жү-жүргенді тұ-тұ-тұқымын тұ-тұздай құ-құрту ке-ке-керек. (Бұл сөзін ешкім естімейді) Е-е-егер се-се-сендер де жа-жа-жалғыздықты а-а-аңсасаңдар о-о-осы же-же-же-жерге ке-ке-келіңдер. А-а-а-ағаш ба-ба-басында о-о-о-орын кө-кө-кө-көп!..
Иіссезбес: Е, байқұс! Өзіңе жақсы болса, сонда тұр. Анау не?
Соқыр: Неге ұқсайды?
Иіссезбес: Қап-қара ескерткіш...
Соқыр: Бұл Ясыға тіл тигізгендерге қойылған ескерткіш.
Иіссезбес: Оны қайдан білесің?
Соқыр: Әкем айтқан! Ескерткішке топырақ шашыңдар.
Иіссезбестен басқасы топырақ шашады.
Иіссезбес: Соқыр, сен өтірікшісің. Сен сияқты жалған сөйлейтін адамды көрсем көзім шықсын. Төртеумізді алдап, жоқ дүниені іздетіп қойдың.
Соқыр: Бағана ғана ол мекенді іздеп табуымыз керек деген кім?
Иіссезбес: адамның ойы ауысып тұрады ғой.
Соқыр: Егер бізбен барғың келмесе осында қал. Біз ол жерді тауып дертімізден айығамыз. Мен – көремін, Керең – естиді, Сезімсіз – сезімін табады, Мылқау – сөйлейді.
Иіссезбес: Менші?
Соқыр: Сен осында қал.
Сезімсіз: (Қайталап) Қал.
Иіссезбес: Қайталама, ашуыма тимеңдер. Бәрің. Сен, сен, сен, сен де... Мен Иіссезбеспін, мен Тәуелсізбін. Мен... Құдайға ғана тәуелдімін...
Соқыр: Онда біз үшін емес, Құдай үшін табайықшы. (Иіссезбес үнсіз)
Керең: (Оянып) А-а-а...
Иіссезбес: Ұлы оянды.
Керең: Түсіріңдер, мені. Ары қарай өзім барамын.
Иіссезбес: Ай, суайт-ай, суайт. Ей, Керең. Енді көтер десең менен жақсылық күтпе. Өтіріктеріңе тойдым.
Соқыр: Иіссезбес, қолымнан ұста. «Қылыштың жүзіндей қыл көпірден жүрегінде бидайдай болса да иманы барлар өтеді», – деуші еді үлкендер. (Бәрінің бойынан елеусіз бір діріл жүріп өтеді) Бірінші кім бастайды?
Иіссезбес: Ұлылар бастасын!
Керең: А?
Иіссезбес: Ұлылар деймін.
Керең: Кім ұлы?
Иіссезбес: (Соқырға) Сен баста, біз артыңнан жүріп отырамыз.
Соқыр: Соқырға жол бастатқандарың қалай?!
Иіссезбес: Керең! Онда сен баста. (Алдыда жүріп келе жатады. Иіссезбес оны итеріп жібереді)
Керең: Құтқарыңдар.
Иіссезбес: Ұлылығыңнан белгі де қалған жоқ қой, а?!
Соқыр: Не болды? Бұл Кереңнің дауысы ғой.
Керең: Құтқарыңдар.
Сезімсіз: Құтқару деген не?
Иіссезбес: (Мылқау қолын созады) Араласпа. (Бәрі көпірдің ортасына келіп тоқтап қалады) Ұлы болсаң шығып көр. Шық, шық.
Керең: Құлап барамын.
Соқыр: (Жерді сипалап жүріп Кереңнің қолын табады) Шық, бар күш-жігеріңді жи.
Иіссезбес: Өлсең де ұлыларша өлмейсің бе?!
Сезімсіз: Өлу деген не?
Иіссезбес: Өлімнің не екенін көргің келе ме?
Сезімсіз: Оны көруге бола ма?
Соқыр: Иіссезбес, доғар, жетер.
Иіссезбес: Не істей аласыңдар? Қолдарыңнан түк келмейді. Анау – ұлы, мынау өлімнің не екенін көргісі келеді. Мүмкін саған да бір нәрсе керек шығар. А, Соқыр?! Мықты болсаң мына өзеннен өтіп көріңдер.
Қайықшы: Маған сенсендер өтесіңдер.
Иіссезбес: Сен кімсің?
Қайықшы: Қайықшы.
Керең: Айықшы? Кімге айығу керек?
Қайықшы: Бұл Өлім өзені! Кеше ғана екі қыз бен екі бала қолұстасқан күйі суға кетті.
Иіссезбес: Жанымызды Әзірейіл алмайынша, өздігімізше өлу қайдан. Егер Өлім өзені бар болса, онда Өмір өзенінің де бар болғаны ғой?
Қайықшы: Бар, бірақ оның ешкімге керегі жоқ.
Соқыр: Құдайға сенесіз бе?
Қайықшы: Сенемін, Өйткені, Құдай деген мен.
Керең: Кіммін дедің?
Қайықшы: Құдай, Құдай!
Сезімсіз: Құдай деген сіз ба?
Қайықшы: Иә, Құдай деген мен.
Иіссезбес: Құдай! Ха-ха-ха. Құдайдың түріне қара. Бұты жыртық құдайды бірінші рет көруім...
Қайықшы: Қайық төңкерілсе қалай күлетініңді көрер едім.
Соқыр: Жүзіп шығамын.
Иіссезбес: Оған күмәнім бар.
Соқыр: Құдайым бұйыртса, жүзіп шығуға тырысамын.
Иіссезбес: Сенбеймін.
Соқыр: Өмірдегі басты мақсатым – Құдайды тану...
Сезімсіз: Сонда Құдай деген кім?
Мылқау: М-м-м... (Жер мен Көкті көрсетіп. Тығылып қоржынның ішіндегі нанды жеп).
Иіссезбес: Бәрің өтірікшісіңдер, ал мен жалған сөйлейтіндерді суқаным сүймейді.
Керең: Мен (сыбырлап) ұлымын.
Қайықшы: «Ұлымын» деген кім?
Иіссезбес: Тағы бір рет айтсаң, менен жақсылық күтпе дегенім қайсы? (Кереңді суға тұншықтырады)
Соқыр: Не болды?
Қайықшы: (Қарқылдап күледі) Не болушы еді?! Бір ақымақ екінші ақымақты өлтіргелі жатыр. Өлтір, аяма.
Соқыр: Ажыратыңдар, ажыратыңдар.
Иіссезбес: Мыналар болмағанда жаныңды жаһаннамға жіберер едім.
Керең: Кім жаһаннамға, кім жұмаққа баратынын шешетін сен емессің. (Орнынан тұрып) Мен – ұлымын.
Иіссезбес: Жаңағы аз болды ма?
Қайықшы: Өзен қаһарлана бастады. Сендерді білмеймін, бірақ құдай өлмейді.
Қайық төңкеріліп бәрі суға құлайды.
Соқыр: Құтқарыңдар. Құт... құт құтқар... құтқарыңдар!
Иіссезбес: (Жанына жүзіп барады) Соқыр болсаң осы... кім құтқарып жатқанын да көрмейсің.
Соқыр: Кім бұл?
Иіссезбес: Иіссезбес.
Соқыр: (Жағаға шығады) Жер, Жер!
Сезімсіз: (Суық) Жер.
Соқыр: Жер! Жер! (Айқайлап) Ж-е-е-е-е-р! (Жерді сүйеді) Сені сағындым ғой, Жер...
Сезімсіз: Жер деген не?
Соқыр: Жер дегеніміз міне, мынау...
Сезімсіз: Жер дегеніміз мынау...
Соқыр: (Топырақты шаша бастайды) Недеген ғажап.
Сезімсіз: Ғажап деген не?
Соқыр: Ғажап дегеніміз – мына ғалам.
Топырақ сатушы: (Соқырдың арқасынан түртіп) Кешіріңіз. Топырақты оңды-солды шаша бермеңіз. Оның бәрі ақша тұрады. Топырақ керек болса, сатып алыңыз.
Иіссезбес: (Таң қалып) Кімнен?
Топырақ сатушы: Менен.
Соқыр: Кім бұл?
Топырақ сатушы: Мен топырақ сатушымын. Достарым жай ғана Топырақ дейді.
Иіссезбес: Сені Топырақ емес, Бүкір десе дұрыс болар еді...
Соқыр: Топырақ деген тегін емес пе?
Топырақ сатушы: (Немесе жай ғана Топырақ) Мына жерде тұруға болмайды, бәрі сатылған.
Иіссезбес: Сенбеймін... Мына жерші?
Топырақ сатушы: Ол жерде.
Керең: Мына кісі не дейді?
Иіссезбес: Бәрі сатылған дейді.
Керең: Атылған?
Иіссезбес: (Аспанды көрсетіп) Ана жерші?
Топырақ сатушы: Бір күні ол жерді де сатамыз. Тұрмаңыздар бұнда.
Соқыр: Қанша тұрады?
Топырақ сатушы: Ақшаларың жетпейді.
Иіссезбес: Ақшаларың жетпейді дегенше, баяғыда біреу сатып алған десеңші!..
Соқыр: Кетейік. Егер Ясыны тапсақ, барлық қиындық ұмытылады.
Топырақ сатушы: Егер жер керек болса, осындамын.
Иіссезбес: Өлген кезде, амалсыздан көмесіңдер.
Ағайынды бесеу келе жатқанда жарық сөнеді. Бәрі бір-бірін іздеп дал болады.
Соқыр: Не болды?
Иіссезбес: Күн сөнді.
Соқыр: Күн? Күн сөнуші ма еді?
Иіссезбес: Сөнді деймін.
Соқыр: Күнсіз өмір сүру мүмкін емес қой.
Иіссезбес: Мына түнектен қалай шығамыз?
Соқыр: Күн сөнген жоқ. «Түнек елі» деген осы болғаны ғой. Аяғыңнын астына қарай жүр. Жіп болу керек... Бұлт көрінбей ме?
Иіссезбес: Қайдағы бұлт. Айнала қараңғы. Қандай жіп?
Соқыр: Жіпті тапсақ, содан ұстаймыз да жарыққа шығамыз.
Иіссезбес: (Шалынып) Тапқан сияқтымын. Аяғым. Аяғымды ауыртып алдым.
Соқыр: Бәрің ұстаңдар. Ал кеттік.
Иіссезбес: Мына жіп үзілген ғой.
Соқыр: Енді қайттік?
Иіссезбес: (У-у-у-у деген дауыс шығады) Бұл не?
Соқыр: (Ақырын сөйлеп) Білмедім.
Керең: (Айқайлап) А?
Иіссезбес: Тыныш!
Керең: Кім бұл?
Иіссезбес: (Сыбырлап) Тыныш.
У-у-у-у-у...
Желге айналған адам: У-у-у! Бұл мен! Желге айналған адаммын. «Түнек елінің» патшасымын.
Иіссезбес: Желге айналған адам екеніңе сенімсізбін.
Желге айналған адам: (Үрлейді) У-у-у-у. (Иіссезбес қаңбақша домалайды) Мен амандасқанды жақсы көремін. (Оны жерден көтеріп, бәрімен амандасып шығады) Атың кім?
Иіссезбес: (Үстін қағып) Иіссезбес.
Желге айналған адам: Аналаршы?
Иіссезбес: Анау – Керең, анау – Сезімсіз, анау – Мылқау, ал мынау – Соқыр.
Желге айналған адам: Сендерді көргеніме қуаныштымын. Тағы бір рет амандасайықшы.
Иіссезбес: Мынау бір керемет нәрсе болды ғой.
Желге айналған адам: Адамдарды көргеніме қатты қуанып тұрмын.
Соқыр: Мүмкін біз адам емес шығармыз.
Иіссезбес: Мүмкін біз мүлде адам емес шығармыз.
Желге айналған адам: Ол маған аса қызық емес. Дос болайық!
Иіссезбес: Достыққа сенбеймін.
Желге айналған адам: Ал мен сенемін.
Иіссезбес: Сенгім де келмейді.
Желге айналған адам: У-у-у... Өйтіп, айтпа.
Иіссезбес: Жарайды, дос болсақ дос болайық. Мен де досқа зар болып жүргенмін.
Желге айналған адам: Рахмет! Қатты қуанып тұрмын. Тағы бір амандасайықшы.
Иіссезбес: Кел!
Желге айналған адам: Досым!
Иіссезбес: Ау?
Желге айналған адам: Саған не істейін, айтшы? Айтқаныңды орындайын.
Иіссезбес: Ойланатын сұрақ екен.
Желге айналған адам: Ойланатын түгі жоқ. Айтшы, не қалайсың?
Иіссезбес: (Ойланып) М-м-м... Не айтсам екен. Қызық. Қалайтын нәрсе өте көп, бірақ қайсысын айтсам екен. Су ішкім келіп тұр.
Желге айналған адам: Қазір! Міне!
Иіссезбес: Тағы не сұрасам екен. А! Ақша керек, ақша.
Желге айналған адам: Күте тұр! Міне! Кел амандасайық.
Иісезбес: Кел!
Желге айналған адам: Қиындау нәрсе айтшы.
Иіссезбес: Ясыны табуға көмектесші.
Желге айналған адам: Оған дәрменсізбін. Одан да біреуді өлтірейін бе? Сені кім ренжітті досым.
Иіссезбес: Ешкім!
Желге айналған адам: Өтірік айтпа.
Соқыр: Кетуіміз керек.
Желге айналған адам: Ешқайда кетпейсіңдер. Кел амандасайық.
Иіссезбес: Кел.
Желге айналған адам: Кімді өлтірейін? Айтшы. Кімді?
Иіссезбес: Ешкімді өлтірмей-ақ қой досым.
Желге айналған адам: Мен көп адамды өлтіргенмін. Өлтіре беремін де. Саған кім ұнамай жүр? Айтшы, досым...
Иіссезбес: Ешкім.
Желге айналған адам: Өтірік айтпа деймін. Көзіме қара.
Иіссезбес: Шын айтамын.
Желге айналған адам: (Ашуланып, айналаны борандатып) Өтірік айтпа деймін.
Иіссезбес: Сенбейтін адамды қалай сендіруге болады?
Соқыр: (Сыбырлап) Қашу керек.
Желге айналған адам: Сонымен не қалайсың досым? Егер өтірік айтсаң бәріңді өлтіремін. Сені де, досым...
Иіссезбес: Не қалайтынымды сұрасаң, айтайын. Топырақ сатушы адамды алдыма алып кел.
Желге айналған адам: Қазір.
Бәрі қаша жөнеледі.
Бір топ бала: (Жанынан өтіп барады) Үш, үш, үш, екі, бір. Үш, үш, үш, екі, бір. (Дауыстары алыстан естіліп) Үш, үш, үш, екі...
Соқыр: Жаңағы кімдер?
Иіссезбес: Білмеймін. Бірақ бәрі кері кетіп барады. Егер ол жерді тапсақ мына жынданған адамдарды сонда алып барамыз. Бәрін құтқарамыз. Уф, демалып алайықшы. Болды, енді ол бізді таппайды. Ештеңеге сенбейтін адам қауыпты болады екен. Мына түнектен қалай шығамыз?
Соқыр: Жолдан қалмайық, тез, тез. Неғұрлым тез жүгірсек соғұрлым тез шығамыз.
Иіссезбес: Мына жер адамға өзгеше әсер етеді екен. Басым айналып барады.
Соқыр: Менікі де. (Ағашқа соғылып) Мынау не?
Иіссезбес: Ағаштың діңі?
Соқыр: «Дінсіздер діңі» деген осы болды ғой, онда. Иіссезбес! Дінсіздік де – сенім. Дінсіздік те – діннің бір түрі, Иіссезбес.
Иіссезбес: Өтірік. Өйтіп, адаспа.
Соқыр: Бұл адасқандық емес, тыңдашы. Дінсіздік те – дін, Иіссезбес.
Иіссезбес: (Бетінен шапаттап) Есіңді жи. Мына жерден тезірек шығу керек.
Соқыр: (Сандырақтап) Дінсіздіек те – дін, дінсіздік те – дін...
Иіссезбес: Сезімсіз бен Мылқау! Жоқ, Керең. Екеуің екі жақтан ұстаңдар.
Керең: Мен...
Иіссезбес: Тыңдап тұрмын!
Керең: Ештеңе...
Соқыр: (Сандырақтап) Егер сен дінсіздікті мойындамасаң, менің бауырым емессің.
Иіссезбес: Есіңді жи. Ясы, Ясы...
Соқыр: Ясы? Ясы, Ясы!
Иіссезбес: Ясы. Біз осыны іздеп жүр едік қой Соқыр.
Соқыр: (Рухани ләззат алған адамша) Ясы.
Иіссезбес: Тезірек жарыққа шығайық. Өйткені, бұндай түнекте өмір сүру мүмкін емес. Жарық! Күн!
Иіссезбес: Осында отырып демалайық.
Керең: Мен ұлымын екенімді ешкімнен жасырғым келмейді...
Иіссезбес: Тыныш. На-на-на-на... Тыңдашы.
Соқыр: (Бәрі тып-тыныш тұра қалады) Құмдала құйқылжыта ән салып тұр. На-на-на-на...
Иіссесбес: Бұрындары құмнан үй салғанды жақсы көретінмін.
Соқыр: Мен оларды байқамай бұзып қоятынмын. Есіңде ме?
Иіссезбес: Есімде. Бір қызық күй кешіп тұрмын.
Соқыр: Қандай?
Иіссезбес: Сенің сөздеріңде бір ұлы шындық бар сияқты. Ертерек әлгі елді табайықшы, мен мына мағынасыз өмірден шаршадым... Саған құм ұнай ма?
Соқыр: Ұнайды. Бірақ ол Уақыт сияқты сусымалы.
Сезімсіз: Уақыт деген не?
Иіссезбес: Мүмкін, Құдай құмды уақытқа ұқсатып жаратқан шығар.
Соқыр: Уақыт та құм сияқты уысыңда тұрмайды.
Керең: Құм қорқынышты.
Жаңбыр жауады.
Иіссезбес: Біз де өткінші жаңбырша өмірден өте шығамыз. Аяғымның ізін көрдің бе? Із қалдыру керек.
Соқыр: Осылай ма?
Иіссезбес: Иә.
Соқыр: Мына құмдаламен өтеміз. Ізіміз қалады. Бізден кейінгілер бұл таңбаны көріп мына жерден адамдар өтіпті дер.
Иіссезбес: Осы, күнтізбеде Құм жылы деген жоқ, иә?
Соқыр: Қуанышымызға қарай, жоқ.
Керең: Мен ұлы болса тұра, құмнан қорқамын.
Соқыр: (Үнсіздіктен соң) Су бар ма?
Иіссезбес: Мылқау ішіп бітірді.
Соқыр: Наншы?
Иіссезбес: Оны да тауысыпты. Өлдік деген осы жігіттер. Құм – арсыз...
Құмдалада су құятын адам: Оны кім айтты?
Иіссезбес: Сіз кім боласыз?
Құмдалаға су құятын адам: Күніне үш рет құмға су құйып тұрамын.
Иіссезбес: Сондағы мақсат не?
Құмдалаға су құятын адам: Құмды аялау керек, өйткені ол да адам сияқты. Оған да су керек. Онда құмдала өледі.
Иіссезбес: (Қарқылдап күледі) Өледі? Оны саған кім айтты ақымақ?
Құмдалаға су құятын адам: Ешкім айтқан жоқ. Бұл шындыққа өзім жеттім.
Соқыр: Кім ол?
Иіссезбес: «Құмға су құямын», – дейді.
Соқыр: Түсінбедім.
Иіссезбес: Көрдің бе, адамдар бұндайды түсінбейді. Түсінікті іспен айналыссаңшы.
Құмдалаға су құятын адам: Мен су құюшы болып тудым, су құюшы болып өлемін.
Иіссезбес: Мынандай жанкештіні бірінші рет көріп тұрмын. Адамсың ба, өзі?
Құмдалаға су құятын адам: Ұқсамаймын ба?
Иіссезбес: Күйеуің қайда?
Құмдалаға су құятын адам: Менің күйеуім де, балам да – мына құм.
Соқыр: Уақыт жоғалтпайық. Жолға шығайық.
Иіссезбес: Сау бол! Мына жынданған Әлемді құтқару керек...
Құмдалаға су құятын адам: Сен де... (Пауза) құм бол!
Соқыр: Мұрныма түсініксіз бір иіс келіп тұр. (Рахаттанып) А-а-а...! Рахатын-ай!
Иісезбес: Ненің иісіне ұқсайды?
Соқыр: (Иіске елтіп) Айтсам да түсінбейсің ғой.
Иіссезбес: Айтшы, қандай иіс?
Соқыр: (Өзімен-өзі, бәсең дауыспен) Тозақтың иісіне ұқсамайды...
Иіссезбес: (Қуана сөйлеп) Тозақтың иісіне ұқсамайды!
Соқыр: (Ойға шомып) То-зақ! (Шошып) Тозақ? Ол жақсы жер емес.
Иіссезбес: Тозақтың иісіне ұқсамайды екен, жалғастыршы. Бізді жақсы жаңалықпен сүйіншілейін деп отырсың. Сезіп тұрмын.
Соқыр: (Қайтадан иіске елтіп, естілер-естілмес қана) Жұмақ... (Жанарынан жас ағады) Жұмақтың иісі. (Алабұртқан көңілін ұстамдылыққа жеңдіргісі келіп) Иіскеңдерші. Ғажап!
Сезімсіз: Иіскедім... (Иығын қиқаң еткізіп) Иіс деге не?
Соқыр: Әкем марқұм: «Ғашық дертке ем сұраса, әсте, тегі, Ойран қылып кетеді оның дауасы жоқ. Жан қиналып, жасың ағып, ес кетеді, Ол бір дерт қой ей, достарым, шарасы жоқ!», – деуші еді.
Иіссезбес: Соқыр, сен бізді алдап жүрсің. Сені буындырып өлтіре салсам ғой...
Соқыр: Иә, мені өлтіре салуға болады. Өйткені, адаммын. Бірақ өмір бізден ұлы, бізден әлдеқайда ақылды екенін мойындауымыз керек. Маған су беріңдерші... Шөлдеп барамын.
Иіссезбес: Су бітті. (Қоржынның ішін қарап) А, бар екен. Түбінде ғана. Оны мен іше салайын.
Соқыр: Ішпеші.
Иіссезбес: Шөлдеп тұрмын.
Соқыр: Құдай үшін!
Иіссезбес: ...ал!
Соқыр: (Бетін жуады) Рахат-ай.
Отты өшіре алмай жатқан адам: (Темірмен ұрады) Мына отты қалай өшіруге болады? (Су құяды) Мына от өшпейді ғой. (Үрлейді. Ол одан сайын жанады).
Соқыр: Кім ол?
Отты өшіре алмай жатқан адам: Отты өшіре алмай жатырмын.
Соқыр: Үміт отын өшіру мүмкін емес.
Отты өшіргісі келетін адам: Мүмкін.
Соқыр: Не үшін өшіргің келеді?
Отты өшіре алмай жатқан адам: Бұл менің күнделікті жұмысым.
Соқыр: Ондай жұмысты қой.
Отты өшіре алмай жатқан адам: Қоймасамшы.
Иіссезбес: (Оны отқа итеріп жібереді) Адамның жанғанын бірінші рет көріп тұрмын. Керемет жанады екен.
Соқыр: Ол адам емес, ол... ол көңіліміздегі күмән.
Иіссезбес: Ол мекенді ешкім таппаған. Біз де таппаймыз.
Соқыр: Бұлт көріне ме?
Иіссезбес: Бұлт дөңнің басына тұрақтады.
Соқыр: Соған шығайық.
Иіссезбес: Енді қалмаған сол еді.
Мылқау Соқырды жетектеп кетеді. Екеуі дөңге шығады.
Мылқау: (Жүгіріп келеді) М-м-м...
Иіссезбес: (Орнынан қозғайды) Қойшы.
Мылқау: М-м-м...
Соқыр: (Жүгіріп келеді) Таптық, таптық.
Иіссезбес: Аға... Көзің. Көзің көреді ғой.
Соқыр: Ясыны таптық. Әне, әне...
Иіссезбес: Нұрға малынып тұрғандай. Айнала жап-жарық болып кетті. Ғажап! Сендім... Ясы бар екен, бар екен. (Сол жерде өскен гүлдерді иіскеп дерттерінен айығады).
Мылқау: Енді мен мылқау емеспін! Мылқау емеспін.
Сезімсіз: (Иіскеп) Мен барлық сұраққа жауап таптым. Барлық!
Иіссезбес: Біз сияқты күнәһарларға бола ма екен?
Мылқау: Болады, неге болмасқа?!.
Иісезбес: (Иіскеп, естен танып) Ғажап! (Таңданып) Мен иіс сеземін, иіс сеземін.
Керең: (Иіскеп) Енді менен сыр жасырамын деп ойламаңдар.
Соқыр: Енді барлық адамды осы жерге көшіруіміз керек.
Иіссезбес: Иә, көшіруіміз керек. Ал, кеттік. Жолға шығайық.
Мылқау: Жолға шығайық, жолға!..
Шымылдық.
Бөлісу: