Көпен Әмірбек. Өзiм туралы эпиграмма

Бөлісу:

29.03.2020 7745

Əдебиеттен қыз алған

Бəрiмiз де бажамыз.

Бажалықты байқатып

Əзiл-қалжың жазамыз.

Қортындылап сөзiмдi

Таныстырсам өзiмдi:

Мен – Көпен,

Əкем – Əмiрбек.

Туған жылым – 1950.

Яғни, Барыспын.

Алпысқа да кеп қалдым

Артын жауып əр iстiң.

Толық салмағым –

90 мың грамм.

Қасиетiм – осылай

Қалжыңдасып тұрам.

Бойым – 167 см.

Ауылым Алматыдан 900 км.

Руым?..

Руыммен у iштiм.

Қожанасырмен

(«Қо» деген жерiне дейiн) туыспын.

Қожекеңнiң руы

«Қо»-дан басталады.

Менiң руым да

«Қо»-дан басталады.

Мiне, «қарға тамырлы қазақ»

Содан басталады.

«Өзiңдi-өзiң мақта!» деп

Түлен түртiп, жұлқынды ой.

Мақтамасам өзiмдi,

Мақталмауым мүмкiн ғой.

Мен – маладеспiн!

Не жас, не кəрi емеспiн.

Баяғыда қыздарға «Атың кiм?» деп,

Ұстараның жүзiндей қылпылдайтынбыз.

Қазiр ше?

«Кiмнiң қызысың?» деп тымпыңдаймыз.

Сонда да бiр тынбаймыз.

Əйтеуiр тыртыңдаймыз!..

«Үмiтсiз – сайтан ғана» деген екен,

Қиялдап, ой түбiне неге кетем?

Құдай ғұмыр берсе,

2030-жыл болғанда,

Бақбақ басы толғанда

Президент – 90-ға,

Мен 80-ге келедi екем.

Бiр-бiрiмiзден бұқпай,

Түкiрiгiмiздi жұтпай

Сол жылы кездескенше –

Сау бол!

До свидания!!

Гуд бай!!!

2009 жыл

Бөлісу:

Көп оқылғандар