«Бұлыңғыр түн хикаясына» пікір
Бөлісу:
Тоқтарәлі Таңжарық бауырымыздың әңгімесін оқып, жалпы қаламы төселген, тілі жатық, стилі қалыптасқанын аңғарамыз. Тақырыпқа өзек болып отырған жайт та санадан тым жырақ емес, өмірде болған, болатын дүниелер. Қай тұлғаның сөзі екені есімде жоқ. Мүмкін менің интерпретациям ба: «Қаламгерлер – тағдырлар суретшісі. Әрқайсысы өз уақытында жазса да, салатындары сол бір сурет», - деген бір сөз ойға оралады. Көптеген әңгімеде адамдар тағдыры, қыз бен жігіт сезімі, жалпы адамдар әлемі жазылуда, жазыла да бермек. Шындығында адамдар қоғамында пенделер болмысынан қызық дүние аз ғой.
Әңгіменің композициясы қатар жүріп отыратын екі уақыт кеңістігіне жіктеледі. Біреуі – қалаға жігіттің он жылдан кейін келген сәті, екіншісі – өткен уақыт кеңістігі. Шығарманы бұлай беру жалпы оқырманды оқиғаның ізіне бірден түсіріп жібермейтіндей авторлық баяндауды күрделендіретін тәсіл деуге болады. Бір айтатын мәселе – әңгімедегі екінші уақыт кезеңін бірден түсіне қою оңай емес. Себебі, екінші параллель мекеншақта: «Мен кеш түсе «Никольский» базарының жанындағы «Нигара» кафесіне ендім», - деп басталады. Оқиға ә дегеннен ностальгияға құрылған соң, оқырман өткен шақтағы әңгімені естуге даяр. Десек те, көп жыл бұрынғы параллель кеңістікті «кеше» деп бастау әңгіме өзегінде отырған адамға бірден оң түсінік қалыптастыра қоймайды. Мүмкін үшінші жақта немесе «сол күні» деп айтылғаны дұрыс болар ма еді?!
Шығармада қою оқиға жоқ. Образын ашуда автор кейіпкерлердің іс-әрекеті мен ішкі толғанысына ден қойған. Шеберлікті талап ететін ішкі монологтардың да ұтымды тұстары мол. Портрет пен суреттеу тілі де жатық. «Қаңсырық иіс қолқаны қабады. Қабырғалары шимай-шатпақ жазуға толы. Бойымды пәтерге емес, тура бір жындыханаға кіріп бара жатқандай сумақы үрей билеп алды. Төртінші қабатқа көтерілгенше әзер шыдадым. Ол 17-ші пәтерді ашты. Көзім қарауытып, көлеңкелер үймелеген пәтерге енуге дәрменім жетпей, табалдырықта кідірген қалпы тұрып қалдым, квартирант бибінің сұқтана қараған таңғалысқа толы ишарасынан кейін шарасыз ішке ендім. Кіреберістегі киім ілгіш, асүйдегі тоңазытқыш, шағын үстел, жатын бөлмедегі ескі төсек, бозғылт тыспен қапталған көрпе-жастық, қызыл-ала көрпе, қоңыр шкаф, терезедегі сұрғылт перде, тіпті теледидарға дейін бәз-баяғыдай, еш өзгеріс жоқ». Интеръердің сипаты мен адам сезімі өте нанымды суреттелген. Бибінің «сұқтана» қарағанынан басқасы (секем алған адам сұқтана қарамаса керек) жымдасып жатыр. Әсіресе «бозғылт тыс», «сұрғылт перде», «көлеңкелер үймелеген» пәтердің бояуын дәл тапқан. Портрет беруде діттеген мақсатқа дөп түсетін тұстары бар. Мәселен, «Бажырая қарады. Көкшіл жанарының тереңіне шөккен беймәлім ыза кірпігінде дір еткендей болды». Кейіпкердің ішкі ой арпалысын беруде ұтымдылық та айтарлықтай. Шығарманың соңындағы мистикалық көріністер де сабылған сарсаң ойдың нанымды нәтижесі дерлік.
«Тек трамвай жоқ, – деп ойладым мен. – Олар болса, менің көкірегімнің мұң кеулеген кеңістігін естелікке толтырып, жаныма медеу болар ма еді?». «Бұл ойдың да түк мәні жоқ, – деймін тағы тықыршып. – Бірақ... неге ойламауым керек? Трамвайлар...», «Әлденені ыңылдап, ескі бір әуенді іздегендей болам. Көрпелерді ақтарыстырып, арасынан бірдеңе кезігердей аласұрамын. Мұнымның есі дұрыс жанның тірлігі емес екенін білсем де, ақ жайманы сыпырып, шкафқа тығып тастадым...», «Ол қамырықты мұңымды еселеп, одан арман қараңғы түкпірге сүйреп, әлдебір елестер кезген тылсым да үрейлі мекенге жетелеп, иіріміне енген сайын шыңырауды нұсқап, қалықтап ұш дейтіндей...» Әйтсе де оқырманда сұрақ туады. Осынша арпалысқа бір сәтте қалай түсе қалған? Жанына соншалық ардақты жаннан жырақ он жыл қайда жүрген?
Кафедегі жастардың, онда да ақындардың кейпін беруде бірір сөзбен аға буын өкілдерінің ойын, мүмкін кейіпкеріміздің ішкі «қыжылын» салатындай. «– Біздің буын қазақ поэзиясына төңкеріс әкеледі. Біз бәрін өзгертеміз!» Бүгінгі даурықпа ақындарға тән, шынайы сөздер. «Шайыр махаббат жайлы әлдебір ұзақ өлеңін бастады. Ғашықтықтан өртенген, жолы болмаған, күйзелген, ақыры ішіп кеткен «кейіпкердің» образына еніп, көзін жұмып, тебірене төкті. Оқып болған соң не дер екен деп екеуіне алма-кезек зер салған. «Рахмет». Басқа қолпаш болмаған соң, сыртқа тайды». Жастықтың, мастықтың, боскеуде мақтанның айқын картинасы.
Жалпы образдың міні ме, жоқ қазіргі жастардың міні ме, кейбір тұстарда көңіл қоңылтақситын тұстары кездеседі. Мәселен қызбен танысуы оп-оңай. Бірер қабақ қатысады, үстеліне шақырады. Қыздар ауысып отыра қояды. Диалогтардан да нысанаға дөп тиер бұлтартпас өткір сөз көре алмаған оқырманның қалайша бәрі оп-оңай деуі (басқаны қайдам, біздер үшін) түсінікті. Жігітімізде де «Емінер «әй» дегізер, дайын қылар» қарым көрінбейді. Өз-өзімен отырған тұйық жан. Бар кінәні Мағжанның «Сүй, жан сәулемінен» көрмесек, «Асықпай ырғақпен оқыдым», - дегеніне қарағанда солай болған шығар, дегенмен әңгіме байланысы шолақ, шолтаң. Екіншісіне Мұқағали ұнайды екен. Сонымен: «Нигара» кафесінен сыртқа шығарда телефон нөмірін сұрадым. – Өз нөміріңізді айтыңыз, – деді ол. – Хабарласам...» Сыңғырлай күлді. «Көктем түні жанарыма ұйып, қарауытқан түйсігім әзер қалпына келді». Бұл сөйлемді қалай түсінуге болады? Күлкінің әсері ме, шараптың әсері ме? «Түйсік қарауыта ма?» Бұл сөйлем қандай ойға қызмет етіп тұр? «Ай сәулесі бозғылт мұнардан өтіп, асфальтқа көңілсіз шашырайды». Ай сәулесі көңілсіз шашырай ма? Мұны кейіптеу дейік пе? Келесі кездесуде де ерекшелік жоқ Телефон шалады, кафеде кездеседі. Төсекпен аяқталады. Автор бүгінгі жастардың ойсыз тірліктерін жеткізгісі келді дегеннің өзінде пәк қыздың қылығынан жырақ әрекетке түсіру үшін әңгімеге ессіз махаббатты не аңғалдықты айғақтайтындай мотивтер жетіспей тұрғанын аңғару қиын емес.
Жалпы автор интимді сәттерге көбірек барған. Бұл шығарманың идеялық мақсатынан туып тұрған болар. Десек те көрші бөлменің іс-әрекеті тіпті бұлардың алғашқы түнінің де ырғағына қосылып кеткенін тым артықтау ма дейсің. Оқырман романтика мен порноның арасында «қиналып» қалмай ма? Қыз сипатын жігіттің құмар көзімен суреттеу де нанымды болар, бәлкім. «Бетінен сүйдім. Сып-сидам тұлғасына аңсарым ауып барады. Аппақ мойнын, жымиғанда бетіне өрнектеле кететін оймақтай шұқырын, жіп-жіңішке қасын, кең маңдайын мейірлене көзбен өптім». Әңгіменің негізгі тақырыбын ашуға қызмет етіп тұрған штрих болар. Әңгіменің басынан аяғына дейінгі қызға деген сезімі мен көзқарасында құмарлық басым кейіпкеріміздің ойсыз-күйсіз қалпы нанымды деуге келеді. Он жылдан кейін де қыз туралы ойларында интимді суреттер басым. Мүмкін, ер мен әйелдің сүйіктісі туралы ой картинасының екі түрлі болатынынан берілген хабар болар. Әйел адамның ойында нәзік сәттер мен әдемі сөз қалатыны жасырын емес.
Шығарманың әр тұсында кейбір сөз қолданыстарында селкем бар деуге болады. «Студент шақтағы әлдебір көмескі естеліктерді қалпына келтіруге жұлын-жүйкем қанша ұмтылғанымен, шытынаған әйнек секілді бұлыңғыр тарта берді, ненің өзгеріп, ненің бұрынғы қалпында екенін түсіне алар емеспін»... «Шытынаған әйнек» деген тіркестегі шытынау сөзі бұлыңғырлықты көрсетуден гөрі, әлдеқайда ішкі әрекетті беруге лайық. «Менің мұндай сәттерде, щаршаған кездерімде ұнататын әдетім – жеке қалу, өзіммен өзім сырласып, әңгіме-дүкен құру». Әдетте «әңгіме-дүкен» жалғыз адаммен құрылмайды. Мүмкін, өзі-өзімен сырласып, ішкі ойды олжалау шығар.
Әңгіме соңындағы екі жігіттің диалогі қыз басындағы қорқынышты жайды берудің ұтымды жолы деуге болады. Кейіпкеріміздің өз басындағы күйді сипаттауы да ұтымды. Оның ішімдікті тым көп ішуі, ұйқылы-ояу сәті – психологиялық күйді нанымды көрсетудің бір жолы іспетті: «Кенет... көрші пәтерден жылаған дауыс шықты. Бірде ышқына, бірде боздай, бірде зар еңіреп... Кейде жоқтау айтқандай сұңқылдайды. Үйдің керегелерін төпештейді. Дүрс-дүрс. Дегбірім қашып, үрей биледі, қайта сыртқа беттедім. Мақатаевқа жеткенімде, Байтұрсынұлы жаққа жүздеген, әлде, мыңдаған ба екен, анығын білмеймін, тобыр бір бағытта ағылып бара жатқанын көрдім. Сілейіп тұрмын. Көзімді уқалап, ұйықтап кетпеген болармын деп, өз қалпымды табуға тырыстым. Екінші жағалауға өтіп, Наурызбайға жете бергенімде адамдар нөпірі маған қарсы келе жатты. «Жол жабық» дедім іштей. Шошығанымнан артқа шегіндім. Безілдеп келе жатып, құлап түстім, ары қарай күңгірт дүниеге малтығып қала бердім. Мұздап жатыр екем, сүйретіле орнымнан тұрдым. Қайда жатқанымды нақтылай алмай, жол жиегінде оң-солыма ұзақ телмірдім. Бұлыңғыр дүние айқындала түсті. Көшеде қаптаған машина. Ию-қию, ызың-шу. Зытқан бойы пәтерге тығылдым. Тек мысықтың тоқтамай мияулағаны болмаса, көршім тыншыпты».
Автор әңгімеде уақытты ғана егіздемей мотивтерді беруде де қосастар тігуге талаптанған. Ол кейіпкеріміздің бала күндерден айтылатын естелігінде кездеседі. Бүгінгі ессіздіктің елесі мен қара сұлбасын бала күндерге де салады: «Үлкендерге «клеттен дауысын естідім» десем: «Іздеме. Елес буып жүр ме сені. Әлдеқашан жемтікке айналды, клетте болса шығар еді көзі бозарып», – деп жекитін». Кейіпкеріміздің мұңды әңгімелері, мысық пен иттің қиналып өлуі, сол оқиғаны еміне тыңдайтын қыздың да қатігездікке ұрынатынынан сыналап хабар береді.
Автордың нанымды суреттелетін балалық шағы, Аспантаудың аясындағы пейжаз, балғын күндердің сүйсінерлік сәттері, әсіресе жас баланың ит пен мысыққа деген нәзік көңілі ұтымды берілген. Үлкендер қатыгездігінің жігіт болмысына әсері де шығарма соңында көрініп тұр. Тек қыз бен жігіттің ажырап кетуі дүдәмалдау. Бар болғаны суысуы ғана дегенге саяды. Тығырыққа тірелген қалпына мойымай, жігітіне қайта қайрылмауға күші жеткен қыздың жаман жолға түсіп кетуі де күмәнді. Оның себеп-салдары әңгімеде көрінбейді. Әңгімеде бірер сирек лексика қолданылған. Кейбір шашлик (кәуап) сияқты сөздер аудармасыз берілген. Әңгімені оқу барысында ұтымды-ұтымсыз дерлік таразының екі басына түсетін ойлар аралас берілді. Кәнігі сыншы емес, оқырман болған соң, оқи отырып жарыса жазылған пікір екенін ескерерсіздер.
Береке ЖҰМАҚАЕВА,
Сүлеймен Демирел университетінің профессоры
Бөлісу: